ТҰЩЫ СУ ЖӘНЕ ЖЫЛУМЕН ЕМДЕУ 

            Тұщы сумен емдеуде (гидротерапия) су құбыры, өзен, көл сулары қолданылады.

Су емдеу мақсатында ежелгі Рим және Грецияда қолдана басталған. Бірақ сумен емдеу XІX ғасырда ғылыми дәлелденіп, физиотерапияда мықты орынға ие боды.

Судың емдік әсерін оның жылулық (термиялық) және механикалық (гидростатикалық) факторлары қамтамасыз етеді.

Сумен емдеу процедураларының температуралық әсері маңызды болғандықтан оның әсер ету механизмін дұрыс түсіну үшін жылудың физиклық механизмінің негізгі ережелері мен жылу алмасудың физиологиясын қысқаша қарастырайық.

Әртүрлі температуралы денелер өзара әсер еткенде олардың арасында жылу қуаты алмасады және де денелер қызады немесе, керісінше, салқындайды. Жылу мөлшері джоуль немесе калориямен өлшенеді (1 кал= 4,2 Дж). Әртүрлі денелердің жылу қабылдау қабілеті олардың жылу сыйымдылығына байланысты, яғни белгілі дененің температурасын 1 С қа көтеру үшін қажет жылу мөлшері. Жылу алмасу бұл физикалық процесс және ол жылу өткізу, конвекция, жылу сәулелендіру, булану арқылы іске асады. Адам организміндегі орталар мен ұлпалардың жылу өткізгіштігі әртүрлі.  Сұйық орталар жылу өткізгіштігіне қарай суға жақын, тығыз ұлпалар жылуды жақсы өткізбейді. Сондықтан тері мен тері асты клетчаткалары жылу изоляциялық қасиетке ие болуына байланысты жылу организмнің ішкі орталарында сақталуын қамтамасыз етеді. Адам денесінің әр бөлігінің жылу беру жағдайы әртүрлі болғандықтан температуралары бірдей болмайды. Конвективті жылу беру сұйық және газды орталарға тән. Жылудың конвекция жолымен жоғалуы ауаның қоршаған қабықтары немесе судың организммен қозғалу нәтижесінде болуады.

Булану арқылы жылу тек қана теріден емес, тыныс арқылы өкпе альвеолаларында да  жоғалады.

Өзінің физикалық қасиеттерінің күштілігіне байланысты су температуралық тітіркендіруді тарататын қолайлы өткізгіш болып табылады. Су барлық қатты және сұйық денелерге қарағанда ең жоғары жылу сыйымдылыққа ие, яғни көп мөлшерде жылу топталады. Судың жылу өткізгіштігі өте жоғары, ауамен салыстырғанда  28-30 есе жоғары.

Су ең жоғары конвекциялық қасиетке ие, сондықтан  тез салқындап өзіне батырылған денеге жылу қуатын өткізеді.

Жылу қуаты биологиялық белсенділікке ие физикалық фактор. Жылу организмнің энергетикалық балансына әсер етеді және соған әртүрлі биологиялық жауапты реакциялар пайда болады. Организмдегі жылу алмасу жылу өндіру мен жылу беру процестерінің бірлігі. Жылу беру – физикалық процесс болса, жылу өндіру ұлпалардағы тотығу реакцияларына байланысты химиялық процесс. Адам жылы қанды организмге жатады, яғни өзінің ішкі ортасында тұрақты температураны сақтайды. Сондықтан сыртқы ортадан алынатын артық жылу дененің жылу беруін жоғарылатады және керісінше, жылу төмендесе дененің жылу өндіруі күшейеді. Организмге жылу процедураларымен әсер етудің мәні осында.

Судың жылу әсері дәрежесі оның температурасына байланысты. Осы көрсеткіш бойынша тәжірибеде сумен емдеу процедуралары суық (200С тан төмен), салқын (20-330С), индифферентті (талғаусыз) (34-360С), жылы (37-390С) және ыстық (400С тан жоғары)болып бөлінеді. Мұндай температуралық градация (басқыштаушылық) шартты болады. Себебі ол қоршаған ортаның жағдайына, организмнің жеке сезімталдығы мен ішкі ағзалардың температурасына қарағанда әрқашан төмен тері  температурасына байланысты.

Сонымен, су процедуралары суық және жылы болуы мүмкін. Суық су процедураылар аэротерапия мен талассотерапияда да (емдік шомылу) қолданылады. Суық процедуралар организмде үш фазалы жауапты реакция туады. Бірінші фазада суық сезіледі және капиллярлар тарылып тері бозарады. Тері температурасының төмендеуіне қарай рефлекторлы түрде жылу өнімі жоғарылайды, теріде қан ағысы күшееді және екінші фаза басталады – жағымды жылу сезіледі, тері қызара бастайды. Ұзақ уақыт және қатты салқындатқанда жылу өнімі жеткіліксіз болады да үшінші фаза басталады. Үшінші фазаның белгілері: екіншілік қалтырау, тері бозару, суықтау қаупі туралы белгі беретін “қаз терісі” түрінде пиломоторлы реакция. Сондықтан суық процедураларды үшінші фаза басталмастан аяқтау керек.

Суық процедуралар рефлекторлы механизмі бойынша вегетативті жүйке жүйесіне әсер етіп зат алмасу қарқындылығының өзгеруіне септігін тигізеді, ішкі ағзалар қызметін реттейді. Жалпы суық процедуралар организмді шынықтырады, оның температуралық тербелістерге тұрақтылығын жоғарылатады, организмді сергітеді. Жергілікті суық процедуралар ауырсынуды басу әсерін тигізеді.

Индифферентті су процедуралары жылы да, суық та болмайды. Олар жалпы тыныштандырады, қан қысымын төмендетеді, жүрек соғуын баяулатады.

Жылы, әсіресе ыстық су алдымен терідегі қан тамырларын қысқа уақытқа тарылтады, соңынан олар кеңейіп гиперемия пайда болады, жылу сезіледі, тер бөлінуі күшейеді, тамыр соғу мен тыныс алу жылдамдайды, қан қысымы төмендейді. Ішкі ағзалардың тегіс бұлшық еттері тырысуына және ауырсынуына қарсы әсер етеді, бездердің секреторлы қызметін жоғарылатады. Орталық жүйке жүйесін тыныштандырады.

Әрбір сумен емдеу процедураларында температуралық тітіркендіру механикалық тітіркендірумен бірге әсер етеді.  Процедураның механикалық әсеріне судың қозғалысы себепші болады. Душ, құйын ағымды қозғалысы, су асты душ-массаж механикалық әсер етеді. Мұндай тітіркендіру шомылғанда теңіздер мен өзендерде болады.

Механикалық әсердің басқа түрі суға батырылған денеге сумен гидростатикалық қысым жасау. Мұндай жағдайлар ашық суаттар мен ванналарда болады. Толы ванналарда аяқ немесе қолға 40-60 см су бағ., іш пен көкірекке 5-15 см су бағ. қысым жасалады. Гидростатикалық қысым қан тамырлары мен көкірек қуысын тарылтады, тыныс алу және қан айналысына оң әсер етеді. Жүрек – қан тамыр ауруы бар адамдарға мұндай құбылыстарды жеңілдету үшін арнайы 2 немесе 4 камералы ванналар қолданылады.

Газды көмірсутекті, радонды, оттекті, “маржан” ванналарда суға батырылған денеге газ көпіршіктері қосымша механикалық әсер етеді. Олар теріні қаптап, соңынан теріден ажырап микромассаж жасайды және тері микроциркуляциясын жақсартады.

Сонымен бірге механикалық факторларға суға батырылған дене ауырлығының төмендеуі де жатады (Архимед заңы бойынша). Бұл құбылыс емдеу тәжірибесінде бұлшық ет тонусы әлсіз ауруларда суда емдік жаттығулар орындау үшін қолданылады.

Сумен емдеу процедуралары 

Тұщы сумен емдеу әдістері өте көп. Жергілікті процедуралармен қатар (ыстық басу, булау,компресс) жалпы процедуралар да қолданылады – су құю, орау, ванналар, душтар. Процедуралар әртүрлі жағдайларда – үйде, аурухана бөлмелерінде жүргізілуі мүмкін. Бірақ сумен емдеу үшін қолайлы мүмкіншіліктер арнайы су емханаларында жасалады.

Қазіргі заманғы су емханалары бұл тұщы су, және де жасанды минералды сулармен емдеу процедураларын жүргізуге арналған емдік-профилактикалық мекеме. Су емханаларында қолданылатын тәсіліне қарай ванна, душ, орау процедураларына арналған бөлмелер болуы тиіс. Газды ванналар үшін арналған көмірсутек, оттегі және азот баллондары ванна бөлмелерінен тыс жерлерде, ал маржан ванналар үшін қолданылатын компрессорлар үй астында (төледе) сақталу керек. Су емханалары ауа тартқыш вентиляциямен жабдықталу керек. Жасанды газды ванналармен жұмыс істеу қауіпсіздік техника ережелерін сақтауды талап етеді.

Су емханалары душ-массаж, ішек жуғыш аспаптар, субаквалды ванналар, суды газбен қанықтыруға арналған аспаптармен жабдықталу керек. Судың температурасы мен қысымын реттеу үшін гидротехникалық жабдықтар қажет.

Көп кездесетін сумен емдеу процедураларына су құю, ысқылау, ылғалды орау, душтар және ванналар жатады.

Су құю

Су құю процедурасы жергілікті және жалпы болады. Жалпы су құю процедурасында жалаңаш науқастың үстіне шелектен (2-3 шелек) су құйылады. Алғашқыда судың температурасы 34-330С болу керек. Кейінгі процедураларда 1-20С-қа төмендеп, ең соңғы процедурада судың температурасы 22-200С болады. Процедура аяқталған соң ннауқас денесін шүберекпен ысқылап терісі қызарғанша қыздыру керек. Кейін науқас 30-40 минут дем алады. Процедура күнде немсес күнара жүргізіледі. Емдеу курсы 15-30 процедура.

Жергілікті процедурада резина шлангыдан, қумырадан немесе  басқа ыдыстан су құйылады. Судың температурасы жалпы процедурадағы суға қарағанда төмен (16-200С) болу керек. Су құю процедурасы организмді сергітеді. Ол жүйке және жүрек-қан тамыр жүйелері ауруларында, сонымен бірге шынықтыру үшін қолданылады.

Ысқылау

Ысқылау жалпы және жергілікті тәсілімен жүргізіледі. Бұл күрделі және белсенді процедура. Ысқылау процедурасында жалаңаштанған науқасты ағаш тордың үстіне тұрғызып оның денесін температурасы 20-280С суда сығылған шүберекпен орайды. Науқастың қалпы – екі көтеріп тұру керек. Шүберекті қолтық астынан бір орап, кейін қолын түсіріп екінші рет иықтың үстінен орайды. Шүберек денені тығыз  орап тұру керек. Денені шүберектің үстінен қолмен 1-2 минут жылдам ысқылау керек. Кейін ылғал шүберекті құрғақ шүберекке алмастырып оның үстінен де ысқылау керек. Процедура аяқталған соң науқас жылы оранып 20-30 минут кушеткаға жатып дем алады.

Процедура науқасқа жағымда болған жағдайда оны күшейтуге болады – науқас денесін ысқылап болған соң ылғал шүберекті алмай тұрып оның үстінен салқын су құю керек (судың температурасы алдыңғыдан 1-20С төмен болу керек).

Ысқылау процедурасы организмді сергітеді, қуаттандырады. Ол неврастенияда, зат алмасуы төмендеген ауруларда, және де шынықтыру үшін қолданылады. Процедураның ұзақтығы 3-5 минут, күнде немесе күнара. Емдеу курсы 20-30 процедура.

Жергілікті ысқылау тәсілі әлсіз ауруларға, әдетте үйде немесе аурухана бөлмелерінде жасалады. Науқас денесі бөліп-бөліп ысқыланады, мысалы, алдымен қолдары, кейін арқасы мен көкірегі, соңында аяқтары ысқыланады. Дене бөліктері ылғал шүберекпен қызарғанша ысқыланады. Судың алғашқы температурасы 30-320С, біртіндеп 18-200С -қа дейін төмендейді. Процедура ұзақтығы 3-5 минут. Емдеу курсы 20-30 процедура.

Ылғалды орау

Ылғалды орау салқын және жылы тітіркендіргіштермен әсер ететін күрделі термиялық процедура және ысқылау процедурасына қарағанда ұзақтығы үлкен. Бұл процедура негізінен су емханаларында, кейбір жағдайларда аурухана бөлмелері мен үйде де жүргізуге болады. Процедура жалпы және жергілікті тәсілімен жүргізіледі. Процедураның маңызы науқасты ылғал шүберек және көрпемен орауда. Процедура орындалу әдісі мынадай: кушеткаға немесе кереуетке екі жүн көрпе жайылады. Олардың үстінен температурасы 20-250С сумен ылғалданып сығылған шүберек жайылады. Жалаңаш науқасты шалқасынан кушеткаға (екі қолы жоғары қаратылады) жатқызып, шүберектің бір шетін қолтық астынан, екінші шетін науқастың қолын түсіріп орайды. Шүберектің үстінен көрпемен орайды, мойнына алдынан құрғақ сүлгі, маңдайына суық компресс қойылады.

Процедураның ұзақтығы емдеу мақсатына байланысты: организмді сергіту және дене ыстықты түсіру үшін 10-15 минут, науқасты терлету үшін 40-60 минут.

Процедурадан кейін науқас су температурасы 34-350С ванна немесе душ қабылдап, 30-40 минут дем алу керек. Процедура күнде жүргізіледі. Емдеу курсы 15-20 процедура.

Процедураның басында науқас денесі аз уақыт салқындайды. Кейін шүберек жаймен жылынып, науқастың денесі бір тегіс жылы сезеді, тыныштанып ұйықтайды. Нақуас денесі біртіндеп қызып терлей бастайды. Бұл процедура семіздікте, подаграда, бұлшық ет пен буындардың созылмалы ауруларында қолданылады.

Жергілікті орау әсері компресске ұқсайды, бірақ  одан айырмашылығы жылуды айыру қабаты болмайды. Жергілікті орау көкіректі, ішті, белді, денені, аяқтарды, мойынды салқан, жылы және ыстық орау түрінде қолданылады. Бұл процедура әртүрлі әсер етеді: тері және ішкі ағзалардың қан айналысына әсер етеді, қабыну процестерінің қалдықтарын сорытады, ауырсынуды басады.

Душтар

Душтар денеге белгілі бір температуралы және қысымды су ағысының әр түрімен әсер етуге негізделген сумен емдеу процедуралары. Душ организмге механикалық және термиялық әсер етеді. Барлық сумен емдеу процедураларының ішінде ең күшті механикалық  фактор душқа тән.

Медициналық душтар емдік душтар және душ кафедраларымен – белгілі температурадағы және қысымдағы су беретін арнайы құрылғылармен  жабдықталған су емханаларында қолданылады.

Емдік душ кафераларында суды беретін және ағызып алып кететін түтікше жүйелері мен суық (су құбырынан) және ыстық (су ысытатын ыдыстан) суларды араластырғыш аспап  болады. Судың температурасы мен қысымы термометр және монометрлермен қадағаланады. Кафедра панелінде әрбір су араластырғыш аспап пен суды алып кететін түтік үшін арналған вентиль орналасқан. Вентильді айналдырып қажет душ түрінің құбырын ашады.

Душтардың мынадай түрлері бар: а) пішіні мен су ағу бағытына қарай, және де судың механикалық әсерінің күшеюіне байланысты – жаңбыр тәрізді, шаң тәрізді, ине тәрізді, жоғары көтерілуші, айналмалы, шапшып ағатын (Шарко душы), желпуіш тәрізді және шотланд душы; б) судың температурасына қарай – суық 8-180С, салқын 25-320С, индифферентті 33-350С, жылы 36-380С; в) су қысымының дәрежесіне қарай – төмен қысымды (1 ат-ға дейін), орта (1,5-2 ат.) және жоғары қысымды (2,5-4 ат.); г) әсер ету жеріне қарай – жалпы және жергілікті.

            Шаң тәрізді душ адам денесіне майда тесіктері бар шар тәрізді арнайы шаңдатқыш арқылы берілетін су шаңымен әсер етеді. Су науқас денесіне ауырлық күшінің әсерімен тамшылайды. Бұл душ түрінің механикалық әсеріне қарағанда температуралық әсер көп.

            Жаңбыр тәрізді душта су арнайы тор арқылы ағып науқас денесіне жаңбыр тәрізді тамады, механикалық әсер етеді. Су ағысының бағыты тік болады.

            Ине тәрізді душ жаңбырлы душтың бір түрі. Онда диаметрі жаңбырлы душтан майда  (0,5-1 мм)  тесіктері бар құрылғы қолданылады.  Душтың бұл түрінде денеге көптеген инелермен шаншып жатқан тәрізді болады. Су ағысы тік.

Жаңбырлы және ине тәрізді душта  су қысымы 1-1,5 ат, температурасы 25-360С, процедура ұзақтығы 2-5 минут, күнде немесе күнара. Емдеу курсы 10-12 процедура.

Айналмалы (циркулярлы) душта су көлденеңінен ағып науқас денесіне біріңғай әсер етеді. Су айналмалы түтік тесіктерінен жоғары қысыммен ағып, денеге шаншып күшті механикалық әсер етеді, организмді сергітеді және қуаттандырады.  Судың температурасы процедура барысында біртіндеп 360С -тан 250С -қа төмендейді, су қысымы 1-1,5 ат. Процедура уақыты 2-5 минут, күнде немесе күнара. Емдеу курсы 15-20 процедура.

            Шапшып ағу душында (Шарко душы) су душ кафедрасынан шлангы арқылы беріледі.  Шлангының көмегімен тығыз су ағысы жасалып, ол кафедрадан 3-3,5 м ара қашықтықта тұрған науқас денесіне бағытталады.  Су қысымы жоғары (2,5-3,5 ат), температурасы процедура барысында 360С -тан 15-200С-қа төмендейді, процедура уақыты 1 минуттан 3-5 минутқа дейін, күнде. Емдеу курсы 12-15 процедура.

Су қысымы мен ағу түрін өзгертуге болады, шлангының ұшына арнайы ұштық кигізіп немесе  саусақпен басып желпуіш тәрізді душ жасауға болады. Процедура уақытында судың күшті ағысымен науқас денесінің бұлшық ет қабаттары мен сүйекті жерлеріне (аяқ пен қолдар, арқа, көкірек қуысынң жаны) біртіндеп әсер етеміз және дененің сезімтал жерлеріне әсер (бет, мойын, сүт бездері,  жүрек аймағы, омыртқа, жыныс ағзалары) етуге болмайды.

Науқас денесіне мына тізбек бойынша әсер ету керек: 1) желпуіш тәрізді су ағысымен бастан аяққа дейін 1-2 рет; 2) тығыз су ағысымен аяқтың артқы жағына белге дейін 2-3 рет; 3) жеңіл шаңдатылған су ағысымен арқаға; 4) тығыз су ағысымен қолға 1-2 рет; 5) дененің жанынан белден қолтыққа дейін (қолдарды жоғары көтеріп); 6) аяқтың алдыңғы жағынан  төменнен жоғары қарай 2-3 рет; 7) ішке; 8) жалпы денеге (алды мен артына) жеңіл желпуіш тәрізді су ағысымен әсер ету.

Дұрыс жүргізілген душ процедурасы науқас денесін қызартады.

Желпуіш тәрізді душ шапшып ағу душының бір түрі. Шлангының ұшына арнайы ұштық кигізіп немесе  саусақпен басып желпуіш тәрізді су ағысын жасауға болады. Желпуіш тәрізді су ағысымен кафедрадан 3,5-4 м аралықта тұрған науқастың денесінің алдына, артына және жанына  төменнен жоғары қарайсу себеді. Процедура кезінде науқас 2-3 рет айналады. Судың температурасы 32-200С, процедура ұзақтығы 1,5 минут, күнде.

Шотланд душы суық және ыстық су ағысының қосындысы. Бұл процедурада күшті механикалық әсер жоғары қарқынды термиялық тітіркендірумен бірге әсер етеді. Ыстық және суық су кезектестіреді. Судың екі түрінің қысымдары бірдей және тұрақты (2-3 ат).

Процедура жүргізу әдісі Шарко душы сияқты. Алдымен ыстық сумен (37-450С) 30-40 сек, кейін суық сумен (25-100С) 15-20 сек әсер етеді. Осылау су температурасы 1-3 минут ішінде 4-6 рет алмастырылады.  Емдеу курсының басында су температурасының айырмашылығы 2-30С болады, кейін бұл айырмашылық біртіндеп өседі, курстың соңында 30-350С болу керек. Процедура күнде немесе күнара жүргізіледі. Емдеу курсы 15-20 процедура.

Шотланд душын жергілікті процедура ретінде де қолдануға болады. Бұл жағдайда емдеу курсы 30 процедураға дейін.

Су асты душ-массажда суға батырылған науқас денесіне шланг көмегімен массаж жасалады. Процедура  үлкен көлемі 400-600 л ваннада немесе арнайы микробассейнде жүргізіледі.  Су асты душ –массаж аппараты насостың көмегімен ванна ішіндегі суды тартып қайтадан қажет қысыммен (1-4 ат) жіберіледі.

Ваннадағы жылы су науқастың бұлшық еттерін босаңсытып, ауырсынуды басады. Процедура тері мен тері асты ұлпалардың қан және лимфа айналысын жақсартады, қалдық қабыну процестерін жояды.

Ваннадағы судың температурасы 350С болу керек. Массажды науқас ваннаға жатқаннан кейін 5 минуттан соң бастау керек. Негізінен массаж науқастың аяқ және қолдарына жасалады. Процедура уақыты 5-20 минут, күнде немесе күнара. Емдеу курсы 15-30 процедура.

Емдеудің бұл түрі тірек-қимыл аппараты, перифериялық жүйке жүйесі аурулары мен травмалары зардаптарында, перифериялық қан айналу бұзылғанда қолданылады.           

Жоғары көтерілуші немесе шат аралық душы су ағысы төменнен жоғары қарай бағыттылған душ (жаңбырлы душ тәрізді). Душтың үстінде арнайы үшаяқты отырғыш орнатылған. Суық процедураның уақыты қысқа, ал жылы процедураның уақыты ұзағырақ болады. Процедураның уақыты 2-5 минут күнде. Емдеу курсы 15-20 процедура. Душтың бұл түрі простата безі мен тік ішектің созылмалы қабыну ауруларында (простатит, проктит) және геморройда, ал суық душ процедурасы жыныс белсіздігінің кейбір түрлерінде қолданылады.

Сонымен қатар белге, иыққа және басқа жерлерге әсер ету үшін жергілікті процедуралар болуы мүмкін.

Тік ішекті душ процедурасы резина шлангының ұшына тік ішекке кіргізілетін ұштық кигізіп орындалады. Ұштық арнайы унитазға орнатылады. Су унитаздың ұстінде 120-150 см биіктікте тұрған резервуардан жіберіледі. Бұл процедура науқасты унитазға отырғызып жүргізіледі, оған ұштықты тік ішекке 10-20 см тереңдікке қалай кіргізу керек екені түсіндіріледі. Ұштықты алдын ала зарарсыздандырып, вазелин жағу керек. Тік ішек суға толғанда науқаста үлкен дәретке сезімі пайда болады. Бұл кезде суды тоқтатып, ұштықты тік ішектен шығару керек. Процедура барысында науқас тік ішегін 5-6 рет толтырып, босату керек. Судың температурасы 38С, процедура аптасына 2 рет жүргізіледі. Емдеу курсы 6-8 процедура.

Тік ішекті жуу процедурасы да осы принциппен жүргізіледі. Бұл процедура созылмалы колиттерде, спастикалық іш қатуда, организмде құрттар болғанда (дегельминтизациядан кейін) көрсетіледі.

Тік ішекті жуу процедурасы жедел және жаралы колиттерде, іш қуысының улкен жабысуында (спайка), барлық ауыр ауруларда қолданылмайды.

Душ процедурасын жүргізуде мейірбикенің іс әрекеттері: 1) дәрігердің белгілеген қағазы және науқастың жағдайымен танысу керек; 2) науқасты процедура кезінде өзін қалай ұстау керек екендігін, процедура кезінде және одан кейін пайда болатын сезімдер туралы түсіндіру, процедурадан кейін дем алу керектігін айту; 3) душ құрылғыларын дайындау, судың қажет температурасы мен қысымын таңдау; 4) процедура жүргізу; 5) науқастың  жағдайын бақылау; 6) науқасқа дем алуды қамтамасыз ету.

Егер науқас процедура алдында көңіл-күйі бұзылғаны туралы шағым жасаса оны дәрігерге жолдау керек, ал процедура кезінде науқаста ерекше сезімдер пайда болса, процедураны тоқтатып дәрігерге хабарлау керек. 

Ванналар

Ванналар ең көп кездесетін сумен емдеу процедураларынң бірі. Әсер етуіне қарай ванналар мынадай түрлерге бөлінеді:

  1. Жалпы (толы) ванналар – науқас денесі мойнына дейін батырылады. Ванна көлемі 200-250 л.
  2. Белдік немесе жартылай ванналар – науқас денесі беліне дейін суға батырылады. Ванна көлемі 120-150л.
  3. Жергілікті ванналар – аяқ немесе қолдар үшін арналған.

Олар камералы ванналар (2 немесе 4 камералы) деп те аталады. Олардың көлемі 30-40 л

Тұщы ванналар. Тұщы ванналар организмге негізінен термиялық әсер етеді, механикалық әсер аз.

Жалпы және жергілікті тұщы ванналардың ұзақиығы судың температурасына байланысты. Суық және ыстық ванналар ұзақтығы 2-5 минут. Жылы және индифферентті ванналардың ұзақтығы 10-15 минуттан 20-30 минутқа дейін. Процедура күнде немесе күнара жүргізіледі. Емдеу курсы 15-20 процедура.

Термиялық әсерін күшейту үшін температуралары қарама-қарсы ванналар (контрастты ванналар) қолданылады. Бұл үшін үлкен екі көршілес ванналар пайдаланылады. Оның біреуіне жылы су (38-390С), екіншісіне суық су (15-240С) толтырылады. Науқас алдымен жылы ваннаға түсіп, 2-3 минуттан кейін суық ваннада 1-2 минут болады. Одан кейін қайтадан жылы ваннаға түседі. Осылай 4-6 рет қайталанады. Процедура суық ваннамен аяқталып, науқас денесі құрғақ шүберекпен ысқыланады. Екі ваннадағы бастапқы су температураларының айырмашылығы 5-100С, соңғы процедурада бұл айырмашылық 12-250С дейін көтерілу керек. Емдеу курсы 10-12 ванна.

Контрастты ванна жүрек-қан тамыр және жүйке жүйелерін шынықтырады. Процедура вегетоқантамыр дистонияларында және шынықтыру мақсатында көрсетіледі.

Термиялық фактор Гауффе ваннасында (жергілікті 2 немесе 4-камералы ванналарда судың температурасы процедура барысында біртіндеп жоғарылайды) күшті әсерін көрсетеді. Науқас су температурасы 36-370С камера-ваннашаларына аяқ-қолдарын салады. 10-15 минут аралығында камереларға біртіндеп ыстық су қосылып отырады да судың температурасы 420С -қа дейін көтеріледі. Осы температура 10-15 минут сақталады. Процедура уақытында науқас денесі көрпемен оралады және терлеу керек. Бұл процедура қан айналысын, әсіресе ми қан айналысын жақсартады. Процедурадан кейін науқас денесін құрғақ сүртіп, орап, 20-30 минут дем алдыру керек. Процедура аптасына 2-3 рет жүргізіледі. Емдеу курсы 10-15 ванна.

Хош иісті (ароматталған) және дәрілік заттар қосылған ванналар. Тұщы ванналардың емдік жылу және механикалык әсері суға әртүрлі хош иісті және дәрілік заттар қосылған химиялық факторлармен күшееді. Олар тері рецепторларының тітіркендіруін жоғарылатады, ал кейбіреулері тері арқылы денеге еніп спецификалық әсер етеді. Мұндай заттар көру және иіскеу анализаторларына да әсер етеді.

Қылқанды ванналар (хвойные) қылқан экстрактының ұнтағын (50-70 г) немесе сұйықтығын (100 мл) қосу арқылы жасалады.  Сонымен қатар өндірістер ваннаға қосуға (1-2 таблетка) қылқан таблеткаларын да шығарады. Хош иісті қылқан организмді тыныштандырады, сондықтан невроздарда қолданылады. Судың температурасы индифферентті, 35-370С, процедура ұзақтығы 10-15 минут. Емдеу курсы 10-15 процедура.

Шалфей ванналары суда 250-300 мл қоюланған мускат шалфейінің конденсаты ерітілу жолымен жасалады. Мұндай ванналар ауырсынуды басып тыныштандырады. Процедура ұзақтығы 8-15 минут, судың температурасы 35-370С, аптасына 2-3 рет. Емдеу курсы 12-15 процедура. Шалфей ванналары сүйек-бұлшық ет және жүйке жүйесі травмалары мен ауруларында қолданылады.

Қыша ванналары (горчичные) жергілікті және жалпы болады.  Ваннаға алдын ала жылы суда ерітілген 150-250 г құрғақ қыша қосылады. Ваннадағы судың температурасы  37-390С. Жалпы ваннаның ұзақтығы 5-8 минут, жергілікті ванна – 10 минут. Ваннадан кейін науқасты жылы сумен жуындырып, 30-60 минут орап дем алдырады. Қыша ванналары теріні тітіркендіріп қызартады, тыныс алу ағзаларының жедел ауруларында (жедел респираторлы аурулар (ОРЗ), жедел бронхит, пневмония), көбінесе балаларда қолданылады.

Скипидар ванналары А.С.Залмановтың рецепті бойынша дайындалған скипидардың “ақ эмульсиясы” немесе “сары сұйықтығы” тұщы суда ерітіліп дайындалады.

Процедураның алдында  науқас 20-30 минут дем алу керек.  Ваннаны дайындау үшін “ақ эмульсия” немесе ”сары сұйықтықтың” белгіленген мөлшері ыстық суы бар ыдыста жақсылап ерітіліп, су температурасы 36-380С ваннаға араластырылады. Науқасты ваннаға түсірместен бұрын оның шатаралығы мен жыныс ағзаларына вазелин жағылады. Науқасты суға түсіріп ваннаға ыстық су құйып судың температурасы жаймен 38-390С -қа дейін көтереледі. Процедура ұзақтығы 8-15 минут.

Скипидар ванналарының күшті тітіркендіру және ауырсынуды басу әсері бар. Олар тірек-қимыл аппаратының, перифериялық жүйке жүйесінің  аурулары мен травмаларында қолданылады. Сонымен қатар бел-жамбас радикулитінде, аяқтың артериялары ауруларында әсері жақсы.

Газды ванналар. Газды ванналар – бұл көпіршіктер пайда ететін газға қанықтырылған тұщы су ваннасы. Газды ванналардың температуралық және механикалық әсерінен басқа микромассаж жасайтын газдың тура әсері бар. Газ организмге зақымдалмаған тері арқылы еніп химиялық әсер етеді. Әрбір газдың өзіне тән қасиеті бар және олар организмнің ағзалары мен жүйелеріне әртүрлі әсер етеді. Жасанды жолмен дайындалған газды ванналар  курорттан тыс жағдайларда қолданылады.

Соңғы жылдары құрғақ газды ванналар (көмірқышқыл) қолданылады. Бұл процедурада науқас денесі суға емес, ал ылғалданған газ ортасына батырылады.

Маржан ванналары (жемчужные) – сумен бірге ванна астында орнатылған тесіктері бар түтікшелерден шығатын ауа көпіршіктер әсер етеді. Бұл кезде  “қайнаған” су науқас терісіне механикалық әсер етеді. Сонымен қатар науқасқа су (35-360С) мен ауаның (15-200С) қарама-қарсы температуралары әсер етеді. Мұндай ванналар жүйке жүйесінің қызметі бұзылғанда, шаршағанда, гипертониялық аурудың 1 дәрежесінде қолданылады. Процедура ұзақтығы 10-15 минут, күнде немесе күнара. Емдеу курсы 12-15 процедура.

Жасанды көмірқышқылды ванналар – табиғи немесе жасанды жолмен жасалған көмірқышқыл минералды сулармен әсер ету ваннасы. Суды көмірқышқылмен қанықтыру физикалық немесе химиялық жолмен іске асырылады.  Су емханаларында әдетте  физикалық әдіс қолданылады.  Бұл үшін баллоннан 2 ат қысыммен көмірқышқыл және суық тұщы су “Ан-9” аппаратына беріледі. Аппаратта су газбен қанықтырылып, 1/3 бөлігіне дейін ыстық суы бар  ваннаға құйылады. Соңынан ваннаға суық су құйылады. Ваннадағы судың температурасы индифферентті (34-360С) болу керек.

Суға батырылған науқас денесі көпіршіктермен қапталады. Қапталған газ көпіршіктері денені судан шектейді. Көмірқышқылдың жылу өткізгіштігі суға қарағанда төмен, сондықтан сол температрурадағы тұщы сумен салыстырғанда жылы болып көрінеді.

Көмірқышқыл газы тері рецепторларына химиялық әсер етіп, оның қан тармырлары кеңейіп, қан айналысы жақсарады, резорбтивті әсер етеді. Көмірқышқыл газының рефлекторлы және резорбтивті әсері адам организміне жан-жақты әсер етеді.  Симпатикалық жүйке жүйесінің тонусы төмендейді, жүректің жиырылу жылдамдығы азаяды, ал күші көбееді; қан тамырларнының перифериялық қарсыласуы төмендейді, қан қысымы түседі, өкпе вентиляциясы жақсарып организм оттегімен қамтамасыз етіледі.

Көмірқышқыл ванналар жүйке жүйесінің қызметі бұзылғанда, гипертония типті нейроциркулярлы дистонияда және гипертониялық аурудың бастапқы сатыларында, жүректің ишемиялық ауруының компенсация сатысында  қолданылады. Гемодинамиканың терең бұзылуларында, әсіресе миокард инфарктынан кейін науқастар реабилитациясында төрт камералы көмірқышқыл ванналары қолданылады.

Ванна ұзақтығы 6-10 минут, күнара. Ваннадан кейін 30 минут дем алу керек. Емдеу курсы 12-14 ванна. 

Жасанды күкіртсутекті ванна – тұщы суда ерітілген күкіртсутекпен әсер ету ваннасы. Суды күкіртсутекпен қанықтыру химиялық жолмен іске асырылады: су толы ваннаға белгілі тізбек және доза бойынша қосылатын натрий гидрокарбонаты, техникалық натрий сульфиді және хлорсутекті қышқыл арасында реакция болады. Ваннадағы күкіртсутек мөлшері 50 ден 100-150 мг/л-ға дейін.  Ащы хлорсутекті қышқылын пайдалану қиыншылығына (бөлек ванна бөлмесі болу керек, арнайы вентиляция) байланысты қауіпсіздік техникасы ережелерін сақтауға талаптар өте жоғары, сондықтан бұл физиотерапиялық әдісті қолдану шектелген.

Күкіртсутекті ванна теріні қызартады, қан айналысы мен зат алмасуды жақсартады, жүректің жиырылу жылдамдығы азаяды, қан қысымы түседі, қабынуға қарсы, ауырсынуды басы, сору әсері бар.

Күкіртсутекті ваннаның қолдануға көрсетпелері көмірқышқыл ванна сияқты, сонымен қатар, ревматоидты және алмасу полиартриттары, созылмалы радикулит және невриттер, гинекологиялық созылмалы қабыну аурулары, кейбір тері аурулары (псориаз, экзема).

Ваннадағы судың температурасы 35-370С, процедура ұзақтығы 5-15 минут, күнара. Емдеу курсы 12-15 процедура.

Жасанды радон ванналары – әсер етуші фактор альфа-сәулелендіру көзі болып табылатын суда ерітілген радон. Радонның тарау өнімдері теріге отырып альфа-бөлшектермен әсер етеді. Сонымен қатар, тері арқылы сіңіріліп, радон резорбтивті әсер етеді.

Радон ваннасын дайындау үшін радий тұзы сұйықтығынан алынатын концентрацияланған радон сұйықтығы пайдаланылады. Концентрацияланған радон сұйықтығы өлшенген шыны ыдыстарға құйылады. Сұйықтықты сифон арқылы ванна түбіне құйып, жаймен араластырады.

Радон ванналары алмасу процестерін күшейтеді, тынштандырады, ауырсынуды басады, қан қысымын қалыптастырады, жүректің жиырылу қызметін жақсартады. Радон ваннасы созылмалы полиартриттерде, омыртқа остеохондрозында, невроздарда, перифериялық жүйке жүйесі ауруларында, гинекологиялық ауруларды қолданылады.

Ваннадағы су температурасы 36-370С, радон құрамы 30-80 нКи/л, процедура ұзақтығы 10-15 минут, күнде немесе күнара.  Емдек курсы 15-20 ванна.

 Оттегі ванналары тек қана жасанды болады.  Олар физикалық әдіспен суды редукторлы баллоннан оттегімен қанықтыру үшін арналған аппарат жәрдемімен дайындалады. Оттегінің ваннадағы концентрациясы 50 мг/л-ден аспау керек. Оттегі ваннаның түбінде орнатылған түтікшелер арқылы жіберіледі.  Судың температурасы 35-360С, процедура ұзақтығы 10-20 минут, күнде немесе күнара. Емдеу курсы 12-15 процедура. Оттегі көпіршіктері жеңіл механикалық әсер етеді. 

Жылумен емдеу процедуралары 

Организмге конвекциялы жылу өткізу үшін сумен қатар денеге жылу энергиясын жанама арқылы өткізетін физикалық факторлар пайдаланылады. Оларға емдік балшық, озокерит, парафин, лай, құм жатады. Олар жылу сақтағыштар немесе пелоидтар болып табылады, сондықтан оларды емдеу мақсатымен қолдану пелоидотерапия деп аталады. Емдік балшықтар пелоидтар арасында негізгі және ерекше орын иелейді. Олар жылу әсерімен бірге химиялық әсерін тигізеді. Емдік балшықтар курорттарда қолданылғандықтан, санаториялы-курортты емдеу бөлімінде қаралады.

Пелоидтардың жылу әсерінің механизмі олардың жылу сыйымдылығына және өте төмен жылу өткізгіштігіне негізделеді. Сондықтан оларды аппликация түрінде қолдану қолайлы. Пелоидтар өзінде ұзақ уақыт жылуды сақтайды және процедура барысында организмге өткізеді. Осының арқасында олар ұлпалардың тегіс жылуын қамтамасыз етеді. Пелоидотерапиялық процедуралар тек қана жергілікті қолданылады.

Парафинмен емдеу 

Емдеу мақсатында балқу температурасы 52-550С, таза ақ, жақсы сусыздандырылған парафин қолданылады. Оны арнайы электрлік парафин қыздырғышта  65-1000С -қа дейін қыздырады.

Жылу әсерімен бірге парафин теріні басу жолымен механикалық (компрессиялық) әсер еетді.

Парафинді теріге қоюдың бірнеше әдісі бар.

Қ а б а т т а у әдісі бойынша температурасы 55-600С ерітілген парафин теріге малярлы жаққышпен жағылып, үстін қағазбен жауып, көрпемен орап қояды.

П а р а ф и н  в а н н а ш а л а р ы  әдісінде науқастың аяқ немесе қол ұшы температурасы жоғары (65-700С) ерітілген парафинмен толтырылған клеенка қалтаға салынады.

С а л ф е т к а л ы – а п п л и к а ц и я л ы  әдісте науқас терісіне арасына мақта салынған 8-10 қабат суыған ерітілген парафин сіңген дәке қойылады. Оның үстіне ыстық парафин (65-700С) сіңірілген дәке қойылып, клеенка және көрпенмен жабылады.

К ю в е т а л ы – а п п л и к а ц и я л ы   әдісте ішіне медициналық клеенка төселген (клеенканың шеттері кюветадан 5 см шығып тұру керек) тереңдігі 5 см кюветаға ерітілген парафин құйылады.  Парафин температурасы 50-540С болғанда клеенкамен кюветадан алып, науқастың денесіне қойылады, үсті көрпенмен жабылады.

Әрбір әдісте терімен жанасып тұратын парафин қабығының температурасы салыстырмалы төмен болу керек (50-550С). Ол парафиннің теріні ыстық қабатарынан сақтайды. Бұл жылу сақтағыштың ұзақ әсер етуін және 30-60 минут созылатын процедура барысында ұлпалардың барлық қабаттары біртұтас қызуын қамтамасыз етеді. Суыған және қатайған парафин ұлпаларға жай қысым жасайды және қыздырады. Парафин аппликациялары күнде немесе күнара жүргізіледі. Емдеу курсы 15-20 процедураға дейін.

Парафинді жергілікті қолдану, ауырсынуды басу, қабынуға және спазмға қарсы әсер етеді. Процедураның әсерінен ұлпаларда, әсіресе теріде қан мен лимфа айналысы жақсарады.

Парафинмен емдеу жеделше және созылмалы қабыну ауруларында, буын, бұлшық ет, байламдар, перифериялық жүйке жүйесінің травма зардаптарында, холециститте, жара ауруларында, созылмалы гинекологиялық ауруларда қолданылады.

Парафинді қайта қолдану алдында 30-40 минут 90-1000С -қа дейін қыздырып, зарарсыздандырады. Оның майысқақтығын қайта қалпына келтіру үшін қайталап қыздырғанда 10%-ге дейін жаңа парафин қосу керек. Парафинде сынғыштық пайда болса оған вазелин майы қосылады. Сонымен қатар, қолданылған парафинді ерітілген түрінде фильтрация жолымен 2-3 қабат дәкеден өткізіп тазарту қажет.

Озокеритпен емдеу 

Озокерит, немесе тау балауызы, мұнай өндіріс аймақтарынан алынатын мұнай текті табиғи тау жыныстары. Ол парафин қатарындағы көмірсутек, минерал майлары, газ тәрізді көмірсутек қатарына жататын асфальт-шайыр заттарының қосындыларынан тұрады. Өзінің физикалық қасиетіне бойынша озокерит қара түсті гомогенді  балауыз тәрізді зат. Оның аппликациялары ыстық болғанменен (әртүрлі озокериттердің балқу температурасы 50-860С аралығында) науқас жақсы көтереді. Озокерит парафин сияқты жылу және механикалық әсер етеді. Бірақ одан айырмашылығы, құрамында биологиялық белсенді заттар (ацетилхолин, эстроген) болғандықтан химиялық та әсері бар. Тері арқылы сіңіп, бұл заттар организмге рефлекторлы және резорбтивті әсер етеді.

Озокерит жылуды организмге біртіндеп өткізеді, сондықтан оны жоғары температурасын қолдануға болады. Озокеритті науқас денесіне қою әдістері парафинмен емдеу сияқты болады.

Қ а б а т т а у әдісі бойынша температурасы 550С озокерит теріге малярлы жаққышпен жағылып, үстіне ыстық (70-800С) озокерит қойылады, клеенка және көрпемен оралады.

С а л ф е т к а л ы – а п п л и к а ц и я л ы  әдісте науқас терісіне озокерит сіңірілген дәке қойылады, алдымен 50-550С, кейін 60-650С. Үстінен көрпе жабылады.

Ж е р г і л і к т і   о з о к е р и т   в а н н а ш а л а р ы  әдісінде науқастың аяқ немесе қол ұшы температурасы 55-600С озокерит жағылып, озокерит толтырыған клеенка қалтаға салынады

К ю в е т а л ы – а п п л и к а ц и я л ы   әдісте алдын ала кюветада дайындалған температурасы 50-600С озокерит шелпегін клеенкаға салып, науқастың денесіне қойылады, үсті көрпенмен жабылады.

Озокерит процедурасынан кейін науқас денесі жуылады. Озокериттің қалдықтары вазелин сіңірілген мақта немесе резина губкамен (ысқыш) сүртіледі.  Процедура ұзақтығы 30-60 минут, күнде немесе күнара.

Озокерит су банясы немесе арнаый қыздырғышта қыздырылады.  Зарарсыздандырау үшін озокерит 1000С 10-15 минут қыздырылады. Қайта қолданғанда 25 % озокерит қосып зарарсыздандырылады.

Озокерит аппликациялары қабынуға және спазмға қарсы әсер етеді. Ол созылмалы қабыну ауруларында, кейбір тері ауруларында, травма зардаптарында қолданылады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

You May Also Like

Ерлі-зайыптылар мүлкінің заңды режимі

Ерлі-зайыптылар мүлкінің заңды режимі туралы Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы «Неке…

Мамандық таңдау – ертеңді ойлау, презентация

Аллергия. Аллергиядан құтылу жолдары.

Аллергияның негізгі көзі-ағаштар мен шөпптесін өсімдіктердің тозаңы. Осы тозаңдар мұрынға түскенде, біздің…

Тергеу әрекеттері

Сұрақтар Тергеу әрекеттерінің жалпы түсінігі Тергеу әрекеттерінің түрлері 1. Тергеу іс-әрекеттері —…