Ерлі-зайыптылар мүлкінің заңды режимі туралы Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 7-тарауында (32-38 баптар) көзделген.

Орнатылған ережеге сәйкес ерлі-зайыптылар мүлкінің заңды режимі олардың ортақ бірлескен меншігі болып табылады. Мұндай режим, ерлі-зайыптылардың некеде тұрған кезде жинаған кез келген мүлік олардың ортақ бірлескен меншігіне түсетінін білдіреді.

Меншік құқығында ортақ меншік иеленушілердің үлестері алдын ала анықталмайтын, ерлі-зайыптылардың некеде тұрған кезде жинаған мүлкі олардың бірлескен меншігі болып табылады. Бұл үлестер ерлі-зайыптылардың теңдігін қамтамасыз ету мақсатымен анықталмайды.

Ерлi-зайыптылардың шаруа немесе фермер қожалығы мүшелерiнiң бiрлескен ортақ меншiгi болып табылатын мүлiктi иелену, пайдалану және оған билік ету құқығы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде айқындалады.

Ерлi-зайыптылардың некеде тұрған кезінде жинаған мүлкiне ерлi-зайыптылардың әрқайсысының еңбек қызметiнен, кәсiпкерлiк қызметтен және зияткерлiк қызмет нәтижелерiнен түскен табыс сомалары, ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiнен және ерлi-зайыптылардың әрқайсысының бөлек мүлкiнен алынған табыс сомалары, олар алған зейнетақылар, жәрдемақылар, зейнетақы жинақтары, сондай-ақ арнаулы нысаналы мақсаты жоқ өзге де ақшалай төлемдер (материалдық көмек сомалары, мертігу не денсаулығының өзге де зақымдануы салдарынан еңбек қабiлетiнен айрылуына байланысты нұқсанды өтеуге төленген сомалар және басқалары) жатады. Сондай-ақ ерлi-зайыптылардың ортақ табыс сомалары есебiнен сатып алынған жылжымалы және жылжымайтын мүлiктер, бағалы қағаздар, пайлар, салымдар, кредиттік ұйымдарға немесе өзге де ұйымдарға салынған, капиталдағы үлестер және ол отбасында кімнің атына сатып алынғанына не ақша қаражаттарын ерлi-зайыптылардың қайсысы салғанына қарамастан, ерлi-зайыптылар некеде тұрған кезеңінде жинаған басқа да кез келген мүлiк ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкi болып табылады.

Ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкіне құқық некеде тұрған кезеңінде үй шаруашылығын жүргiзудi, балаларды бағып-күтудi жүзеге асырған немесе басқа да дәлелдi себептермен жеке табысы болмаған жұбайға да тиесiлi болады.

Ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн иелену, пайдалану және оған билiк ету ерлi-зайыптылардың екеуінің келiсiмi бойынша жүзеге асырылады.

Ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiне билiк ету жөнiнде ерлi-зайыптылардың бiреуi мәмiле жасасқан кезде екiншi жұбайының келiсiмi қажет болады. Екінші жұбайдың тек қана оның талап етуі бойынша оның келісімі болмаған себептері бойынша және егер басқа тарап осы мәмiленi жасасуға екінші жұбайдың келiспеуі туралы бiлгендiгi немесе бiлуге тиiс болғандығы дәлелденген жағдайларда ғана сот ерлi-зайыптылардың бiреуiнің ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiне билік ету жөнiнде жасасқан мәмiлені жарамсыз деп тануы мүмкiн.

Ерлi-зайыптылардың бiреуi жылжымайтын мүлікке иелік ету жөнінде мәміле және нотариатта куәландыруды немесе заңда белгіленген тәртіппен тіркеуді қажет ететiн мәмiле жасасуы үшiн екінші жұбайдың нотариатта куәландырылған келiсiмiн алу қажет.

Аталған мәмiлені жасасуға нотариатта куәландырылған келiсiмi алынбаған жұбай осы мәмiленiң жасалғандығы туралы өзi бiлген немесе бiлуге тиiс болған күннен бастап үш жыл iшiнде мәмiленi сот тәртiбiмен жарамсыз деп тануды талап етуге құқылы.

Ерлі-зайыптылардың некеге отыруға дейiн ерлi-зайыптылардың әрқайсысына тиесiлi болған мүлiк; ерлi-зайыптылардың некеде тұрған кезеңiнде мұрагерлiк тәртiбiмен немесе өзге де өтеусіз мәмiлелер бойынша сыйға алған мүлкi; некеде тұрған кезеңінде ерлi-зайыптылардың ортақ қаражаты есебiнен сатып алынса да, қымбат заттар мен басқа да сән-салтанат заттарын қоспағанда, жеке пайдаланатын заттары (киiм-кешек, аяқкиiм және басқалар) ерлi-зайыптылардың әрқайсысының меншiгi болып табылады.

Егер некеде тұрған кезеңінде ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкi немесе ерлі-зайыптылардың бірінің мүлкi не олардың кез келгенiнiң еңбегi есебiнен осы мүлiктiң құнын едәуiр арттырған салыным жасалғаны (күрделi жөндеу, реконструкциялау, қайта жабдықтау және басқаларды) анықталса, ерлi-зайыптылардың әрқайсысының мүлкi олардың бiрлескен ортақ меншiгi болып танылады.

Ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу ерлi-зайыптылардың кез келгенiнiң талап етуі бойынша некеде тұрған кезеңiнде де, ол бұзылғаннан кейiн де, сондай-ақ кредит берушi ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiндегi ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң үлесiнен өндiрiп алу үшiн ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу туралы талабын мәлiмдеген жағдайда да жүргiзiлуi мүмкiн.

Ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкi олардың келiсiмi бойынша ерлi-зайыптылар арасында бөлiнуi мүмкiн. Ерлi-зайыптылардың ортақ мүлiктi бөлу туралы келiсiмi нотариатта куәландырылуға тиіс.

Дау туған жағдайда, ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу, сондай-ақ ерлi-зайыптылардың осы мүлiктегi үлестерiн айқындау медиация тәртібімен немесе сот тәртiбiмен жүргiзiледi.

Егер ерлі-зайыптылардың арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу және осы мүлiктегi үлестерiн айқындау кезiнде ерлi-зайыптылардың әрқайсысының үлесi тең деп танылады.

Егер жұбайлардың бiреуi дәлелсiз себептермен табыс таппаса немесе ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн екінші жұбайдың келісімінсіз отбасының мүдделерiне нұқсан келтiрiп жұмсаса, сот кәмелетке толмаған балалардың мүдделерiн негiзге ала отырып және ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң мүдделерiн негiзге ала отырып, ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiндегi олардың үлестерiнiң теңдiгi негiзiн ескермеуге құқылы.

Ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу кезiнде сот кәмелетке толмаған баланың мүдделерін ескере отырып, ерлi-зайыптылардың талап етуi бойынша ерлi-зайыптылардың әрқайсысына қандай мүлiктің берiлуге жататынын айқындайды. Егер ерлi-зайыптылардың бiреуiне құны оған тиесiлi үлестен асатын мүлiк берiлсе, екінші жұбайға тиісті ақшалай немесе өзге өтемақы алып берiледі.

Тек қана кәмелетке толмаған балалардың қажеттерiн қанағаттандыру үшiн сатып алынған заттар (киiм-кешек, аяқкиiм, мектеп және спорт керек-жарағы, музыкалық аспаптар, балалар кiтапханасы және басқалары) бөлуге жатпайды және балалары өзімен бiрге тұратын жұбайға өтемақысыз берiледi.

Ерлi-зайыптылар өздерiнiң кәмелетке толмаған ортақ балаларының атына ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкi есебiнен салған салымдары сол балаларға тиесiлi болып есептеледi және ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлген кезде есепке алынбайды.

Ерлі-зайыптылар Қазақстан Республикасының заңымен орнатылған жалпы бірлескен меншік режимін өзгертуге, ерлі-зайыптылардың барлық мүлкіне, оның басқа бөлек түрлеріне немесе ерлі-зайыптылардың әр-қайсысының мүлкіне бірлескен, үлестік немесе жеке меншік  режимін орнатуға құқылы.

Ерлі-зайыптылардың мүлкі – ортақ өмірінің материалдық негізі болып табылады. Толық отбасы болу үшін ерлі-зайыптылардың әрқайсысы мүліктің көбейту туралы немесе бар материалдық құндылықтардың сақталуы туралы қамқорлық жасауы қажет. Мұндай әрекет ерлі-зайыптылардың өздері үшін және сәйкес материалдық қамтамасыз етілуі қажеттенетін отбасыда туратын кәмелетке толмаған балалардың мүддесі үшін қажет болып табылады.

Пайдаланылған әдебиеттер: 

  1. Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексі, 2011 жылғы 26 желтоқсандағы № 518-ІV
  2. Қазақстан Республикасының «Азаматтық Кодексі», 1999 жылғы 1 шілдедегі N 409
  3. Б.Е.Айтжан, Т.Б.Шіркінбаев «Отбасы құқығы» – Алматы, 2006ж.
You May Also Like

Асбұршақ сорпасы

Қажетті өнімдер: Өнімдер 6 порцияға арналған. – 500 г кептірілген тауық еті;…

Дәрумендердің (витамин) адам денсаулығына пайдасы!

А витамині–(ретино -латын сөзі «ретина»-көздің тор қабаты).Ас қорыту, тыныс алу процестерінде және…

Итмұрын қайнатпасының пайдасы көп

Дәрілік шөптерден жасалған шайлар жүктілік кезінде тыйым салынады, алайда мұның қатарына итмұрын…

Нарықтық экономикадағы мемлекеттің рөлі, курстық жұмыс

Экономикалық процестегі мемлекеттің рөліне толық көзқарастар Мазмұны Кіріспе……………………………………………………………………………………… 1-тарау. Экономикалық процестегі мемлекеттің…