1. Кәсіпорындағы басқаруды ұйымдастыру 

2.1. Басқарудың ұйымдық құрылымы 

Кәсіпорындағы өндірісті басқару процесі басқару аппаратына ұйымдастырылған жұмысшылар ұжымымен жүзеге асырылады. Басқару аппаратының маңызды сипаттамасы оның құрылымы болып табылады. Әрбір кәсіпорын үшін басқару аппаратының құрылымы мен саны былайша топтастыруға болатын көптеген факторларға тәуелді болады:

  • техникалық (өндіріс масштабы, технологиялық процестер мен жабдықтардың күрделілігі, өндіріс пен басқаруды автоматтандыру деңгейі);
  • ұйымдық – экономикалық (функцияларды орталықтандыру дәрежесі, басқарушы жүйенің әртүрлі сатылары мен звенолары арасындағы байланыстар сипаты);
  • сыртқы байланыстар мен жағдайлар (жабдықтау және өткізу жүйесі, климаттық және табиғи жағдайлар);
  • ұйымдық – құқықтық қатынастар (ЖШС, АҚ).

Кәсіпорынды басқарудың ұйымдық құрылымы – бұл басқару функциялары мен міндеттерінің орындалуын қамтамасыз ететін басқару звеноларының жиынтығы. Басқару құрылымы сатылар мен звенолардан тұрады.

Басқару звеносы – бұл белгілі бір басқару функциясын (жоспарлау, есепке алу, реттеу және т.б.), оның бір бөлігін немесе бірнеше функциялардың жиынтығын орындайтын дербес құрылымдық бөлімше.

Басқару сатысы – бұл басқару деңгейі, белгілі бір деңгей звеноларының біртұтастығы, басқару иерархиясы (кәсіпорынды басқару, цехты басқару, өндірістік учаскелерді басқару және т.б.).

Басқарудың ұйымдық құрылымын құру негізінде бағынудың сызықтық құрылымы мен басқару функцияларынан тұратын өндірістік – аумақтық принцип жатыр.

Өндірістік – аумақтық принцип басқару органдарын кәсіпорынның өндірістік құрылымына қатысты құруды білдіреді, яғни өндірістік құрылымда қанша болса, сонша басқару сатысы бөлінеді.

Бағынудың сызықтық құрылымы әрбір өндірістік бөлімше (басқарма, цех, қондырғы, учаске) басында осы бөлімшенің барлық жұмысшылары бағынатын басшы тұратынын білдіреді. Әрбір жұмысшы тек бір басшыға бағынады. Басқарудың мұндай құрылымында дара басшылық принципі сақталып, басқарудың екі жақтылығы болмайды.

Басқарудың жекелеген функцияларын орындау үшін әрбір басқару сатысы бірнеше звенолардан құралады. Олардың саны басқару деңгейіне, қандай да бір функцияны орындау бойынша жұмыстар көлемі мен сипатына тәуелді болады. Тәртіп бойынша, кәсіпорында үш звенолы өндірістік құрылым болады, оған сәйкес үш звенолы басқару құрылымы құрылады.

Басқарудың төменгі деңгейі өндірістік процесті жүзеге асырады. Оған объектінің жағдайы туралы барлық ақпараттар келіп түседі, ол ақпараттарды өңдеуді және тікелей сызықтық басқаруды жүзеге асырады.

Ортаңғы деңгей жұмыстар ағымын бағыттайды және қызмет көрсетуді ұйымдастырады. Мұнда өндіріс пен оған қызмет көрсетуді жедел басқару үлкен мәнге ие, бірақ бұл жерде аз көлемде болса да сызықтық басқару функциялары сақталады. Цех бастығына ақпарат барынша кеңейтілген түрде, көбінесе берілген параметрлерден ауытқулар түрінде келіп түседі.

Цех басшысының аппараты бастапқы құжаттамаларды өңдейді және оны аса кеңейтілген түрде жоғарғы деңгейге ұсынады (тәуләктәк өнім өндірісі, өндірістік қуаттар, материалдық – техникалық құралдардың шығындары, шикізат пен өнімнің сапасы және т.б. туралы рапорттар).

Жоғарғы деңгей техникалық – экономикалық жоспарлауды, жедел басқаруды, бухгалтерлік есепті, еңбекті ұйымдастыруды, техниканы жетілдіруді және т.б. жүзеге асырады. Ол барлық жұмысқа басшылық етеді, өндірістің барлық элементтерінің алдын – ала дайындығын қамтамасыз етеді және бақылайды. Директорлар Кеңесімен және басқармамен ұсынылған кәсіпорынның жоғарғы басшылығы функциялардың былайша бөлінуінен тұрады: директорлар кеңесі жалпы саясатты өңдейді, ал басқарма оны жүзеге асырады. Директорлар кеңесі ұйымдастырушы және бағыттаушы звено ретінде орын алады, ал қабылданатын шешімдер жедел қызметтің негізі болып саналады. Директорлар кеңесі әртүрлі деңгейлердегі әртектес басқару қызметтерінің қызметін өзара үйлестіреді және кәсіпорынға басшылық етуде біртұтас сызықты жүргізуді қамтамасыз етеді.

Функциялардың орындалуы жекелеген басқару деңгейлерінің басшыларымен құрылған арнайы бөлімшелерге (функционалды бөлімдерге) жүктеледі. Басқару аппаратының бөлімдері белгілі міндеттермен қатаң түрде айналысады, олар звено басшысына шешімдер дайындайды және басқаруға құқығы жоқ. Осылайша, кәсіпорынды басқару құрылымы сызықтық – штабтық сипатқа ие.

Ұйымдық құрылым

Кәсіпорындардағы сатылар мен звенолар саны әртүрлі және оның түріне, мөлшеріне, өндірістік құрылымына, аумақтық орналасуына тәуелді болады.

Кәсіпорындағы басқаруды ұйымдастырудың ортақ принциптеріне мыналар жатады:

  • рынок қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталуы, кәсіпорын мақсаттарына жету;
  • басқаруды орталықтандыру мен децентрализациялаудың ұтымды ара-қатынасын қамтамасыз ету;
  • жұмыстарды басқару деңгейлері мен орындаушылар бойынша бөлістірудің біркелкілігі;
  • басқару жүйесін қажетті ақпараттармен уақытылы қамтамасыз ету;
  • кәсіпорындағы басқару жүйесін жеңілдету;
  • кәсіпорынды басқару тиімділігін арттыруға тұрақты ұмтылу.

2.2. Цехты басқару құрылымы және басқару функциялары

Басқару жүйесінің әрекет ету тиімділігі көбінесе ортаңғы және төменгі звеноларды – цехтар мен жекелеген өндірістік учаскелерді, технологиялық қондырғыларды, станцияларды басқаруды ұйымдастыруға тәуелді болады.

Басқарудың цехтық құрылымы ірі және орташа кәсіпорындарда кеңінен таралған және келесі негізгі элементтерден тұрады: басшы – цех бастығы – учаске бастығы. Басқарудың цехтық ұйымдық құрылымында функционалды басқару аппаратының айтарлықтай дифференциациялануы орын алады, яғни кәсіпорында әкімшілік – басқару қызметтерінің, бөлімшелер мен жекелеген лауазымдардың үлкен саны ұйымдастырылады.

Басқару функциясы дегенде басқару аппаратындағы еңбек бөлінісінен туындаған басқару қызметінің мақсатқа бағытталған нақты түрін түсінеді. Басқарудың келесі функцияларын ажыратады: кәсіпорын басшысы (компания президенті) жүзеге асыратын жалпы басшылық; өндірістік – техникалық басшылық – орынбасарлар (вице – президенттер); экономикалық басшылық – қаржылар бойынша вице – президент. Осы аталған басшылардың әрқайсысы өз міндеттерін жауапты орындауы үшін кәсіпорында бірнеше маманданған функционалды органдар жұмыс жасайды (схема №2).

Цехтар аппаратын құрудың негізгі принциптері жалпы кәсіпорын аппаратын құру принциптермен бірдей. Әрбір цехтың басында барлық өндірістік – шаруашылық қызметке тікелей жауап беретін басшы бөлім бастығы тұрады. Цех бастығы цехтағы өндірістік процесті ұйымдастырады. Оған осы цехтың жұмысшылар ұжымы бағынады. Бастық жұмысты өндірістің тұрақты жетілуін, техникалық – экономикалық көрсеткіштердің тұрақты жақсаруын қамтамасыз ететіндей етіп ұйымдастыруға міндетті болып саналады.  Цех бастығының басшылығымен цех жұмысын талдау және жоспарлау жүргізіледі.

Цех бастығы кәсіпорын басшылығына бағынады. Кәсіпорынды басқару аппаратының бөлімдері цехты тек жұмыстарды жүргізудің ортақ принциптері мен әдістерін өңдеу және ұсыну жолымен ғана басқарады.Ал бұл диспетчерлік қызметке қатысты емес. Диспетчер өнімдерді дайындау, жұмыстарды жүргізу мерзімдері мен тәртібі туралы тікелей нұсқаулар бере алады.

Цехтар құрылымы әртүрлі және ол цехта жүргізілетін өндірістік процестің сипатына да тәуелді болады.

Цех бастығының орынбасары – технолог (аға инженер) берілген технологиялық тәртіпті, қондырғылар жұмысын, өнім сапасын талдауды, технологиялық регламенттерді жетілдіруді қамтамасыз етеді, өндірістік қуат резервтерін, шикізаттарды ұтымды пайдалану және көмекші материалдарды, отынды, энергияны үнемдеу резервтерін іздейді, өндірістік нұсқауларды өңдейді және өндірістік – техникалық есептерді құрастырады.

Механик жабдықтардың үздіксіз жұмыс жасауын қамтамасыз етеді, цехтың жөндеу жұмыстарына басшылық етеді, шағын жөндеулер жүргізуді және жабдықтар жұмысын тұрақты бақылауды ұйымдастырады, цех жұмысшыларының орташа және күрделі жөндеулерге қатысуын қамтамасыз етеді. Экономист өндірістің ағымдық есебін жүргізеді, статистикалық есепті құрастырады, өндіріс көрсеткіштеріне техникалық – экономикалық талдау жүргізеді.

Бас есепші бөлімі жұмысшылар еңбегін ескереді, олардың еңбек ақысын есептейді.

Шаруашылық меңгерушісі цехты көмекші материалдармен, құрал – жабдықтармен, ыдыстармен, арнайы киімдермен қамтамасыз етеді, цех ғимараттары мен жабдықтарын ағымдық қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды басқарады.

Басқару аппаратының құрылымы жұмыстардың көлемімен және әр түрлілігімен анықталады. Бірақ олардың кез – келгенінде сызықтық басшылық функциялары, өндірістік қызметті ұйымдастыру, жоспарлау, есеп және бақылау орын алады.

Негізгі түсініктер 

  1. Кәсіпорынды басқарудың ұйымдық құрылымы – бұл басқару функциялары мен міндеттерінің орындалуын қамтамасыз ететін басқару звеноларының жиынтығы. Басқару құрылымы сатылар мен звенолардан тұрады.
  2. Басқарудың ұйымдық құрылымын құру негізінде бағынудың сызықтық құрылымы мен басқару функцияларынан тұратын өндірістік – аумақтық принцип жатыр.
  3. Бағынудың сызықтық құрылымы әрбір өндірістік бөлімше (басқарма, цех, қондырғы, учаске) басында осы бөлімшенің барлық жұмысшылары бағынатын басшы тұратынын білдіреді.
  4. Басқару жүйесінің әрекет ету тиімділігі көбінесе ортаңғы және төменгі звеноларды – цехтар мен жекелеген өндірістік учаскелерді, технологиялық қондырғыларды, станцияларды басқаруды ұйымдастыруға тәуелді болады.

Талқылауға арналған сұрақтар 

  1. Басқарудың ұйымдық құрылымы нені білдіреді?
  2. Басқаруды ұйымдастыру принциптерін атаңыз және оларға сипаттама бріңіз.
  3. МГӨК-ғы цехты басқару функциялары қандай?

№2 – ші тақырыпқа практикум 

  1. Алты адамнан тұратын өндірістік бригаданың жұмысшылар мен бригадирдің толық өзара алмасуы орын алатын құрылымын құрың.
  2. Келесі белгілер бойынша кәсіпорынның өндірістік құрылымын құрастыр:
  • кәсіпорын мұнай мен газ өндіру саласына маманданған;
  • кәсіпорын дербес түрде сығылған ауа мен ыссы су өндіреді. Отын – энергетикалық ресурстардың басқа түрлерін сатып алады;
  • сатып алынатын құралдар мен жабдықтардың үлес салмағы шамамен 45℅ құрайды.
You May Also Like

Таза қиынбалқитын металдарды алу технологиясының ерекшеліктері, дәріс

№ 1 дәріс. Кіріспе. Таза қиынбалқитын металдарды алу технологиясының ерекшеліктері. Көптеген жүз…

Көздің жасаурағанын емдеу

Жұмыртқаны суға пісіріп, сыртқы қабығымен бөліп, ортасындағы сары уызын алып, орнына құмшекер…

Қаржылық есеп гос шпор

№1 Қаржылық есептілік мақсаты мен құрамдас бөліктері (ХҚЕС 1) ХҚЕС1 мақсаты ұйымның…

Жаңғақ қосылған кекс

Жаңғақ қосылған кекс Қажетті өнімдер: 450 г ұн, 350 г құмшекер, 1…