Жасанды орман алқаптарын жетілдірудің экологиялық маңызы

СИПАТТАМА

8 «а» сынып оқушысы  Олжасқызы Мейірдің жұмысы  қолжетімді жоба. Жұмыста Мейір өзінің  Шолаққорған ауылы  аймағындағы климаттық жағдайларды жұмсарту жолдары мен экологиялық мәселелерді шешу жолдарын  » жасанды- қорғаншылықты орман алқаптарын  дамыту  арқылы  жақсы  зерттеген. Қорғаншылық-жасанды орман алқаптарының   ауаға, топыраққа, жануарлар дүниесі мен өсімдіктер әлеміне  тигізер пайдасы туралы баяндаған.

Олжасқызы Мейірдің жұмысы  болашақта аудан аймағының дамуы мен көгалдандыру жұмыстарын жетілдіруде маңызды орны болатынына сенімім мол. Сонымен бірге экологиялық өзекті мәселелердің алдын алуға  септігі болады.  Мейірмен бірге «Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеме» қызметкерлерімен жобаны таныстырып, талқыладық және мекеме қызметкерлерінің қолдауына ие болдық. Бұл жобаның  аудан және өз ауылымыздың  экологиялық мәселелерін шешуде  орны  ерекше болатынын мекеме қызметкерлері атап көрсетті.

Жұмыс құнды деп табылып, аудандық «Экология және балалар» атты аудандық оқушылардың зерттеу жұмыстары мен жобалар байқауына ұсынылды.

ПІКІР

Еліміз қазіргі таңда қорғаншылықты-жасанды орман алқаптарын отырғызуға ден қоюда. Сондықтан да, Мейірдің еңбегінің тиімді тұстары жоғары.  Біріншіден, жобаны іске асырудағы  алғашқы қадамдарына «Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеме» қызметтерлері мен  мектептегі «Жас орманшылар» тобын жұмылдыру туралы ұсынысы да көңілге қонымды. Бұл жағдай  осы бағытта шешімін табады. Екіншіден , «Казатомпром» уран өндірісі мекемелерін демеушілікке тарту мақсатындағы 4 артезиан  құдықтарын қаздыру ісі де қолжетімді мақсат. Сондықтан да, Майраның жобасы біздің мекеменің қолдауына ие болып отыр. Мейір өз жұмысында күтілетін нәтижелерді атап өткен:

1.Жасанды орман алқаптары   солтүстік-батыс бағытынан үнемі тұратын желдің жылдамдығын баяулатады.

  1. Жасыл желек атмосфераны оттегімен байытады, ауаның ластану деңгейін төмендетеді.
  2. Орман алқаптарының төменгі бөлігінде өне алмай жатқан жабайы шөптесін өсімдіктердің жайқалып, өнуіне жол ашылады.
  3. Ауданымыз шөлейт және шөл зонасында орналасқан, өз аймағымыздың жануарлар дүниесі де алуан түрлі..
  4. Аудан аумағындағы құстардың көбеюіне, түрленуіне жағдай жасалынады.

            Бұл нәтижелерге қосымша, айтарымыз –  қазіргі таңда аудан  аймағындағы аң-құстар уран шұңғымаларын қазып, зерттеу-өндіру жұмыстарына орай, аймақтан ауып барады. Аңдардың табиғи мекені азып-тозуда. Жануарларға қамқорлық қажеттігі айдан анық. Сондықтан да, қорғаншылықты-жасанды орман алқаптары  жануарларға пана, әрі  мекені болатынына сеніміміз мол.

Олжасқызы Мейірдің жобасы бойынша, мекеме қызметкерлері мен  орман аумағы есептелініп, жоспарланды. Шолаққорған мен Балдысу  ауыл аймағы 20 км шамасында. Жасанды-қорғаншылықты  орман алабының  жоба бойынша  1000 га -ды  алатынын есепке алғанда, Шолаққорғанның оңтүстік-шығысынан , солтүстік батыс аймағына дейін  3 км,    теріскей   беткейінде  15 км  болатыны жоспарланатын болады.

Бұл жоба іске асатын жағдайда, ауданымыздың экологиялық мәселелерінің  шешімі табылатыны сөзсіз. Ауданымыздың жобаны қолдауға және іске асыруға мүмкіндігі бар. «Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеме» қызметкерлері жобаның іске асуына қолдау көрсетеді.

ТҮЙІНДЕМЕ

Қазақстан аумағында  орман  алқаптары 4 пайыздық көрсеткішті береді. Негізгі орман белдеулері еліміздің солтүстік, солтүстік-шығыс  аймақтарында және оңтүстік-шығыстағы биік таулы аймақтарда қалыптасқан. Орманды дала зоналарының  табиғи  жағдайы өсімдіктер мен жануарлар әлеміне қолайлы. Топырақтың құнарлылығын арттыруға , жетілдіруге  көмегі зор.  Орман алқаптарының климат пен табиғи ортаға әсерін зерттей келе, Шолаққорған ауылының солтүстік батыс беткейіне жасанды-қорғаныштық орман алқабын  орнату  жобасы жасақталды, зерттелді. Жобаның мақсаты: Жасанды-қорғаныштық орман алқаптарын жетілдіру және өз өлкеміздің экологиялық мәселелеріне  тосқауыл қою.

Жоба  «Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі  мемлекеттік мекеме»  қызметкерлеріне таныстырылып, зерттеу толықтыру жұмыстары жүргізілді және  қолдау тапты.

Жобадан күтілетін  болжамдар:

1.Солтүстік-батыс бағытынан соғатын желдің жылдамдығын баяулатады, көктемгі үсік шалудан қорғайды;

  1. Атмосфераны оттегімен байытады, ауаның ластану деңгейін төмендетеді;
  2. Аймақтағы жабай шөптесін өсімдіктердің өсіп-өнуіне жол ашылады;
  3. Жануарлар дүниесіне пана және қорған болады;

5.Аймақтағы құстардың көбейуі мен түрленуіне жол ашады.

Жасанды-қорғаншылықтық орман алқабын орнатуға , аудан аймағында өсіп-өнуге бейім қаратал (қарағаш)  таңдалып алынды. Қаратал шөлге бейім, 3 жылда бой түзеп, 10 жылда орманды алқапқа айналады. Жоба жан-жақты зерттеліп, «Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеме қызметкерлерімен талданды және мекеме қызметкерлерінің қолдауына ие.

            Қарағаш (Ulmus) – қарағаштар тұқымдасына жататын көп жылдық жапырақ тастайтын ағаш. Солтүстік жарты шардың қоңыржай белдемдерінде кездесетін 30-дай (кейбір мәліметтерде 45) түрі белгілі. Қазақстанның далалы жерлерінде, сай-жыраларда, өзен аңғарларында, тау етегіндегі құрғақ қойнауларда өседі. 6 түрінің төртеуі қолдан өсіріледі. Көп тарағаны – жылтыр Қарағаш (U. laevіs). Биіктігі 35 м-дей. Бұтақ шоғыры қалың, жарты шар пішінді, диаметрі 60 – 80 см. Жай жапырақ жүйкелерінің ұшы жапырақ жиектеріне тіреле аяқталады. Бөбешік жапырақтары ерте қурап түсіп қалады. Жапырақтары негізінен жемістері піскеннен кейін жайылады. Топталған гүлдері қос жынысты, жапырағы шықпай тұрып гүлдейді. Гүлсерігі 4 – 8, аталық саны да осындай. Аналығының аузы қостілімді, қанатша тәрізді өсіндімен тұтасып бірігіп кеткен, жемісі піскенде де қанатша сақталады. Жемісі – жиегі жарғақ қанатшамен көмкерілген жаңғақша. 200 – 400 жылдай жасайды. Өте жеңіл болғандықтан жел арқылы алысқа ұшып таралады. Қарағаш – бағалы орман ағашы әрі дәрілік өсімдік. Жапырақтары мен жас бұталарының қабығы емдік мақсатқа пайдаланылады. Халық медицинасында қабығын суға немесе спиртке тұндырып, құлақтан ірің аққанда, жапырағының ұнтағын ішек және бүйрек шаншуларын емдеуге қолданады. Қарағаш – суыққа төзімді ағаш, көбінесе көгалдандыру мақсатында жол жиектеріне отырғызылады. Аңызақ желге тосқауыл болу үшін егістіктердің айналасына, сусымалы құмдар мен сай-жыраларды су шаймас үшін мәдени түрде егеді. Сүрегі ауыр әрі тығыз, шірімейтіндіктен, түрлі үй жиһаздарын жасау үшін, құрылыс материалы ретінде қолданылады.

Қаратал -Қарағаш

Жер планетасының ғасырлар бойғы барлық жануарлар дүниесі мен адамзат баласы үшін тіршілік негізі – таза ауа. Ол тек өсімдіктер дүниесінен бөлініп шығатын оттегі. Бізді қоршаған тропосфералық ауа қабатының 20,9% осы оттегіден тұрады, ол тұрақты ең қажетті газдың бірі. Сол оттегін бөліп шығаратын негізгі жасыл фабрика – көпжылдық ағаштар.

Қазақстан аумағының 3,8 %-ын орманды жер алып жатыр. «Қазақстан – 2030» стратегиясында бұл көрсеткішті 5,1 %-ға дейін көтеру жоспарланған.

Қазақстан солтүстігінде өзенді жағалай өскен ормандары мен оңтүстігіндегі тоғайлары жеке-жеке алқаптар болып есептеледі.

Барлық таулы жерлердегі ормандардың топырақ пен су қорғауға тигізетін әсері көп. Олардың арқасында тау бөктерлерінің шымы қалпында сақталып, су ағысы біркелкі мөлшерде реттеліп отырады.

Қазақстандағы орманның жалпы көлемі «Қазорман» шаруашылығының мәліметі бойынша 1998 жылы 24568,4 мың гектар болды.

Бақылау қызметінің қысқаруынан және қазіргі техниканың көптеген орман қорғау кәсіпорындарында іс жүзінде жоқтығынан зиянкестер ошағы мен орман аурулары көбейіп барады.

Орманның азып-тозуы антропогендік және табиғи факторлардан туындайды. Мысалы, Қызылқұм шөлейт даласын суаруға Сырдариядан су алуға байланысты жер асты суларының деңгейі төмендеп, бұталы ағаш өсімдіктерінің жағдайы нашарлап, бұл жер сексеуіл өсіруге жарамсыз болып қалды. Малды жөнсіз бағудан шөлейттегі орман едәуір зардап шекті. Далалық орман, ең алдымен аса бағалы қарағайлы орман ретсіз кесуден таусылған.

Республика ормандарында қалыптасқан экологиялық нашар ахуал және тозу процестері орман ресурстарын сақтап, ұтымды пайдалану жөнінде шұғыл және кесімді шараларды қабылдауды талап етеді.

1993 жылы қабылданған жаңа Орман кодексі Қазақстан Республикасының құқықтық және экологиялық жағынан орманды қорғауға, шаруашылықты ұтымды жүргізуге ынталандыруды белгілі шамада арттырды.

Халық шаруашылық маңызы бойынша Қазақстан ормандарын үш топқа бөлуге болады.

Бірінші топқа жататын ормандар 18,7 миллион гектарды алып жатыр. Бұларға егістік қорғауға орналған, топырақ қорғау, су қорғауға арналған орман алқаптары, қалалар мен өндіріс орындарының айналасындағы, курорттық ормандар, өзендер, тас жол, темір жол жиегіндегі және мемлекеттік қорықтардың ормандары жатады. Бұл ормандарды кесуге тыйым салынған. Тек күтіпбаптау, тазалық және орманды қалпына келтіру кезіндегі кесулер ғана жүргізіледі. Бірінші топқа жататын ормандарды қорғауда оларды тиімді пайдалану мен өсірудің маңызы зор.

Қазақстан ормандарының басым көпшілігі – Тянь-Шаньнің таулы ормандары, Ертіс маңындағы таспалы тоғай, Қазақстан қатпарлы өлкесінің қарағайлы-қайыңды ормандары, Солтүстік Қазақстанның қайыңды ормандары, тоғайлар мен сексеуіл ормандары.

Екінші топқа су қорғауына алынған ормандар, аз орманды, орташа орманды жерлердің орындары жатады. Бірақ ағашты кесу мөлшері жылдық өсімге сәйкес анықталады. Қазақстанда бұл топқа 591 мың гектар жерді алып жатқан Шығыс Қазақстан облысының жерлері жатады.

Үшінші топқа орманды жерлерде орналасқан барлық ормандар кіреді. Бұл жерлерде өндірістік орман дайындау жұмыстары жүргізіледі. Республикамызда оларға Кенді Алтайдың таулы ормандары, Шығыс Қазақстан облысында – 1,5 миллион гектар жерді алып жатқан ормандар кіреді. Сексеуілдің үлесіне барлық ормандардың аумағының 50 % сәйкес келгенмен, олардағы ағаш қоры бар болғаны 2,1 % ғана. Бағалы қылқанжапырақты ормандар Алтай мен Тянь-Шаньде, Ертіс маңындағы таспалы тоғай мен Қазақстанның қатпарлы өлкесінде өседі.

Ағаш қоры мен көлемі бойынша Шығыс Қазақстанның қылқанжапырақты ормандары бірінші орында. Олар самырсын, шырша, кедр ағаштарынан тұрады. Екінші орында шоқ қарағайлы ормандар, үшінші орында – Тянь-Шань шыршасынан тұратын таулы ормандар тұр.

            Орман шаруашылығының ғылыми-зерттеу институтының есептеулері бойынша Қазақстанның облыстарында болашақ қорғаныштық ормандар отырғызу қажет.

Солтүстік Қазақстан облысында ормандарды егістік жерлердің көлемінен 1,6 %-ға жеткізу, Павлодарда – 4,0 %, Ақмолада – 3,8 %, Ақтөбеде – 3,9 % жеткізу жобаланған.

Егістікті қорғайтын ормандардың көлемін солтүстік және батыс облыстарда 3,3 %-ға дейін көтеру керек.

Орман шаруашылығы– экономиканың бір саласы. Ормандарды зерттеу; есепке алу; ағаштар мен бұталардың тұқымынан және көшеттерден орман өсіру, орманды жаңартып отыру; орманды күту; сүрек дайындау, оны кесіп, реттеу; питомниктерде көшет өсіру; суландыру; орманды өрттен, зиянкестер мен түрлі аурулардан қорғау; саңырауқұлақ, ағаш шырынын жинау; ағашқа және орман өнімдеріне деген халық шаруашылығына қажеттерін қанағаттандыру мақсатында орманды пайдалану ісін реттеу шараларымен шұғылданады. Қазақстан жер ресурстарына бай болғанымен, орманға бай емес. Оңтүстігінде көпшілік бөлігін сексеуіл алып жатыр. Ал оңтүстік-шығысындағы орман таулы орманға жатады

Осы аймақтағы ормандарда орман жемістері мен жаңғақтары айтарлықтай көлемде дайындалады. Еліміздің батысы мен орталық бөлігінде ауа-райы құрғақ болғандықтан, орман жоқтың қасы. Сондықтан орман қорының 80%-ға жуығы солтүстік және солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан, оның тең жартысы Шығыс Қазақстан облысындағы қарағайлы және майқарағайлы орманға жатады. Мұнда негізінен орман ағаштарын дайындау жұмыстары жүргізіледі.

Қазақстан аумағының орман шаруашылығы  географиялық ерекшеліктеріне  қарай үлкен 4 өңірге бөлінеді:

  1. шығыстағы Алтай таулы ормандары (бағалы қылқан жапырақты орман);
  2. солтүстіктегі орманды дала (қайың, көктеректен тұратын шоқ ормандар және қарағайлы орман жолағы);
  3. оңтүстік-шығыстағы Тянь-Шань тауындағы және Іле Алатауындағы шыршалы орман;
  4. оңтүстіктің шөлейтті жеріндегі сексеуілді орман. Сонымен қатар ірі өзендер бойына орналасқан өзен жағалауы ормандары бар. Олар Батыс Қазақстандағы жалғыз орман типіболып саналады және суды реттеуде маңызды рөл атқарады. Егістікті қорғау үшін қолдан отырғызылған орман жолақтарының ауыл шаруашылығында атқаратын рөлі зор.

Еліміздегі  орман шаруашылығы саласын зерттеу барысында, орман ресурстарының  климатқа, жануарлар әлеміне, топырақтың құнарлылығын арттыруға және экологиялық жағдайлардың алдын алуға көмектесетіндігін аңғардым. Осы мақсатта , өзімнің  ауыл тұрғындарына  арнаған  « Жасанды орман алқаптарын жетілдірудің   экологиялық маңызы» -атты жобамды ұсынамын.

 Созақ ауданы – Түркістан  облысының солтүстігіндегі әкімшілік-аумақтық бөлік. Жерінің аумағы 41,0 мың км² (облыс жерінің 35,0%-ын қамтиды). Тұрғыны 52,1 мың адам. Халқының 99,9% қазақтар құрайды. Аудан аумағындағы 36 елді мекен 2 кенттік (Қыземшек, Таукент), 10 ауылдық округке біріктірілген. Орталығы – Шолаққорған ауылы.

Аудан жерінің көпшілік бөлігін тасты-құмды шөлді жазық (Бетпақдала, Мойынқұм) алып жатыр. Оңтүстік және оңтүстік-батысын ала Қаратау жотасы орналасқан. Солтүстік-батысында Ащыкөл ойысы, Тамғалы соры, орталық бөлігінде Тамғалынұра қонысы, шығысында Сүмбешетарал қонысы мен сор жерлер орналасқан. Созақ ауданының ең биік жері – Бессаз (Мыңжылқы) (2176 м). Климаты тым континенттіқ. Қысы солтүстігінде суық, оңтүстігінде біршама жылы. Жазы ыстық, қуаң, аңызақты. Қаңтар айының орташа жылдық температурасы -7-12°С, шілдеде 24-27°С. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 150-250 мм. Қаратаудан Үшбас, Үштөбе, Торлан, Балдысу, Жылыбұлақ, тағы басқа шағын өзендер басын алады. Батыс жағындағы Көктөбе елді мекенінің жанынан ағатын «Суындық» өзенінің мүлдем тартылып қалуына байланысты, «Суындық» су қоймасы салынуы қолға алынады. Қызылкөл, Ақжайқын, Айдын, т.б. көлдері бар. Ауданда уран кентасы, таскөмір өндіріледі. Жерінің басым бөлігі сұр топырақты, сор, сортаңды, құмды. Өсімдіктерден жусан, бұйырғын, көкпек, жыңғыл, сексеуіл; таулы өңірде киік оты, тобылғы, қызылқайың өседі. Жануарлардан қасқыр, қарсақ, түлкі, қоян, жабайы шошқа, киік, күзен, борсық, бауырымен жорғалаушылар мекендейді. Созақ ауданының тұрғындарының құрамы көп ұлтты. Халқының 90% астамы – қазақтар, қалғаны – өзбектер, орыстар және басқа ұлт өкілдері. Аудандағы ірі елді мекендер: Шолаққорған, Созақ, Теріскей, Таукент, Қыземшек, Шақырық, Қарақұр, Құмкент ауылдары. Ауылда қаракөл қойын, түйе, жылқы, биязы жүнді қой, етті-сүтті ірі қара, астық өндіруге маманданған 10 кеңшар болған. Олардың негізінде 329 шаруашылық нысаны құрылды: 8 өнеркәсіп нысаны, 321 агроқұрылым. Өнеркәсіп кәсіпорындары облыстағы тау-кен өндірісінің негізгі (87,5%) өндірушілері. Ауыл шаруашылығының жетекші саласы – ет, сүт өндіру болып табылады.

ХХІ ғасыр адамзат баласы үшін қандай ғасыр болады ? Экономиканың қарқынды дамуы, әлем елдерінің өркениетке ұмтылу жолындағы  тоқтаусыз іс-әрекеттері, бүкіл жер шары халқының қажеттіліктерімен сұраныстарын  қамтамасыз ету т.б. біздің жетістіктеріміз бен кемшіліктеріміз алдағы күнде бізді неге жетелейді ?

Орман шеберімен жобаны талқылау сәті

Табиғи орта – біз өмір сүріп отырған  қоғамның ажырамас бір бөлшегі.Табиғаттағы қандай да бір,  табиғи кешеннің, ландшафтың бұзылуы немесе оның  өзгеріске түсуі , біз өмір сүріп отырған Жер шарымыз үшін аса қауіпті болмақ. Экономикалық өрлеу заңдылықтары барысында біз көптеген  қателіктерге жол беріп жатамыз. Әлем елдерінің барығында экологиялық  дағдарыстарды болдырмау немесе алдын алу мақсатында  белгілі  экологиялық қауіпсіздік тұжырымдамалары , талаптар мен міндеттер, заңдар қызмет етеді. Алайда, біздің заңдарымыздың кейде шамасы келмей қалатын тұстары немесе заңсыз іс-әрекеттерге көз жұма қарайтын  кездеріміз кездесіп тұрады. Қазіргі таңдағы экологиялық мәселелер кезек күттірмейтін ең өзекті мәселеге айналып отырғаны бәрімізге аян. Әйтсе де,  біз экологиялық проблемаларға  қарағанда  шаруашылық  талап-тілектерімізді қанағаттандыруға ұмтыламыз.

Еліміздегі  өндіріс орындарының   қайсы бірін алсақ та, сол аймақта  гүлдендіріп  қалпына келтіру жұмыстарын  жасап жатқандығын көре алмаймыз немесе топырақтың құнарлы қабатын сақтау, өсімдік жамылғысын  жетілдіру шаралары ескерусіз  қалып  отырады.Жер шарының әрбір тұрғынында экологиялық білім мен тәрбие саналы түрде қалыптасуы  шарт.Табиғаттан керегімізді алайық, алайда қалпына келтіру  шараларын міндетті орындап, оны жетілдіріп отыру біздің парызымыз емес пе ?

Мені өз ауданымыздағы климаттық жағдайлар көп толғандырады. Менің ауылым  шөл зонасында орналасқан, сондықтан да, климатымыздың өзіндік ерекшелігі басым: ауамыз аса құрғақ, қысымыз суық, жазымыз өте ыстық, қапырық,  өсімдік жамылғысы сирек, топырағымыз құнарсыз және механикалық құрылымы бос, жел эрозиясына бейім. Жауын-шашын мөлшері 130-250 мм шамасында. Жергілікті өзен көліміз жоқтың қасы. Булану мөлшері жоғары, ылғалдану коэфиценті 1-ден төмен.

Осы мәселелерді ескере отырып,  Шолаққорған ауылының  солтүстік -батыс бөлігінен  1000 га аймаққа жасанды орман отырғызуды  жоспарладым.

Жасанды орман алқаптарына жергілікті ағаш түрлерінің  ішіндегі ең  шөлге төзімді және тез өсіп-өнетін қараталды  өсіруді қолға алған дұрыс деп болжап отырмын. Себебі, қаратал 3 жылда бойын түзеп, тез жетіледі.

Бақшадағы  ағаштардың өсімталдығын зерттеу

Орман алқаптарын отырғызу барысында, бірінші мынадай дайындық шараларын жүзеге асыру міндетті:

  1. Ауданымыздағы «Казатомпром» өндіріс орнын қайырымдылық  шарасына тарта отырып, 4 артезиан құдықтарын қаздыру.
  2. 12 сотық жерге қаратал көшеттерін себу.(Арнайы қарықтар тартып, жүйекке отырғызу.)
  3. Көшеттерді 1 жыл өсіріп, баптау.
  4. Қазылған артезиан аймақтарын орман шаруашылығы қызметкерлерін жұмылдыра отырып, жүйектеу,қоршау.(Қоршау 3 жылдан соң немесе көшеттер толық алып болған соң алынып тасталады)

Қарағаш  1 жылдық  өскін

Бұл экологиялық бизнес- жобаның мақсаты: ауданымыздың климат жағдайларын жұмсарта отырып, экологиялық  проблемалардың  алдын алу. Жоба іске асқан жағдайда:

1.Жасанды орман алқаптары   солтүстік-батыс бағытынан үнемі тұратын желдің жылдамдығын баяулатады. Желдің зиянды әсері  көктем айларында  ауа райын күрт суытып, егін шаруашылығына аса  зиянын тигізіп отырады. Арктикалық ауа массалары  аудан көлемінде еркін шарлап, өзінің үстемдігін орнатады. Ауылымыз жеміс-жидек, бақша дақылдарын өсіріп, баптайды,тұтынады. Климаттың көктемгі жайсыздығы кейбір жылдары, бау-бақшаны  гүлдеп тұрған кезінде жарамсыз етіп тастайды. Қорғаныштық-жасанды орман алқаптары осы проблемалардың алдын алуға септігі тиеді.

  1. Жасыл желек атмосфераны оттегімен байытады, ауаның ластану деңгейін төмендетеді. Атмосферадағы шаң-тозаң мөлшері шамадан тыс екені анық. Себебі, топырақтың механикалық құрамы бос, желге бейім және  ауада түрлі химиялық қосылыстардың мөлшері басым екені даусыз. Жасанды орман алқабы – бұл мәселе бойынша да тиімділігі  жоғары.
  2. Орман алқаптарының төменгі бөлігінде өне алмай жатқан жабайы шөптесін өсімдіктердің жайқалып, өнуіне жол ашылады. Ауыл тұрғындарының малына пана,әрі азық болады.   Созақ ауданы арқылы Ұлы  Жібек жолының тармағының өткендігін ескерер болсақ, біздің ауылымыздың  оңтүстік аймақтары кезінде жасыл аймақ болғаны аян. Яғни, ауыл маңындағы  түрлі өсімдік жамылғысы жетіле алмай отыр. Орман алқаптарын жетілдіре отырып, өсімдіктердің түрленуіне жол ашамыз. Бұл топырақтың құнарлылығын арттырып, жетілдіреді.
  3. Ауданымыз шөлейт және шөл зонасында орналасқан, өз аймағымыздың жануарлар дүниесі де алуан түрлі. Алайда, қазіргі таңда жануарлар әлеміне ерекше күтім қажет. Себебі, жануарлар азайып, азып-тозып және аудан аймағынан ауып барады. Бұл   олар өмір сүретін еркін аймақтар мен қауіпсіз орындардың кему салдары екені даусыз. Орман алқаптары жануарларға пана. Олар өздерін қауіпсіз сезінері анық, әрі азық болады.
  4. Аудан аумағындағы құстардың көбеюіне, түрленуіне жағдай жасалынады.Жыртқыш құстар ,кеміргіштермен қоректене отырып, ауыл шаруашылығына пайдасын тигізеді.Ал, бозторғай, шымшық, қараторғай, алақарға, қара қарға ,сауысқан т.б. бунақденелілермен коректене отырып орман шаруашылығын құрт-құмырсқадан қорғайды.

Қараталдар 10 жылда толық жетіледі, Шолаққорған ауылының климат жағдайларын жұмсартуға мүмкіндігі  болады. Солтүстік-батыс желінің күші бәсеңдеп,  ауыл маңының  географиялық қабығы арасындағы зат алмасу процестері тұрақты күйге түседі. Табиғат туындылары бір-бірімен тығыз байланысты әрі бір-біріне тәуелді.Сондықтан адам мен табиғат арасындағы тепе-теңдік бұзылған жағдайда, экологиялық мәселелер туындайды. Табиғатқа тек тұтынушылық жағынан ғана қарап қоймай, оның сақталуына және молая беруіне  нақтылы жағдай жасау адамзаттың негізгі міндеті болып табылады. Сондықтан да , аудан, ауыл аймақтарымыздың табиғи қалпын сақтап, жетілдіру біздің парызымыз, ұрпақ алдындағы қарызымыз болмақ. Экологиялық проблемаларды шешу жолында  ауыл-аймақтарды  көгалдандыру жұмыстарын  ауыл әкімшілігі мен аудандық  жануарларды қорғау  және орман шаруашылығы мекемесі басшылығының ұйымдастыруымен аудан тұрғындарын тарту мақсатында жетілдіру қажет.

You May Also Like

Туған жерім-Жылыбұлақ, ғылыми жоба

Ғылыми жобаның тақырыбы: « Туған жерім-Жылыбұлақ» Ғылыми жобаның бағыты:Тарих өлкетану Ғылыми жобаның…

Шаңның адам ағзасына зияны, ғылыми жоба

  Ғылыми жоба тақырыбы: «Шаңның адам ағзасына зияны» Мазмұны: І. Кіріспе  ІІ.Негізгі…

Векторларды геометриялық есептерді шешуде қолдану, ғылыми жоба

П І К І Р Тақырыпты егжей-тегжей зерттеп, толық аша білген. Мектепте…

Б.Момышұлының «Ұшқан ұя» повесіндегі ұлттық құндылықтардың рөлі, ғылыми жоба

Аңдатпа Халқымыз ежелден-ақ бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, оның сәби шағынан бастап…