Жоспар

  1. Кіріспе
  2. Негізгі бөлім
  3. Баланы бесікке бөлеудің артықшылықтары.
  4. Бесікке салу дәстүрі.
  5. Бесік – денсаулық кепілі.

Аннотация

Біздің ғылыми жобаның негізгі мазмұны –  халқымыздың сан ғасырлық тыныс-тіршілігіне байланысты ұлттық тәлім-тәрбиеге қатысты салт-дәстүрін, әдеп-ғұрыптарын – осы бесік және бесіктің пайдасы туралы зерттеу, сонымен қатар қазіргі таңда баланы бесікке салу туралы айтылған.

Рецензия

Бұл шағын ғылыми жобада оқушы өзінің жас ерекшелігіне сай тақырыпты таңдап, жан-жақты ашып, ұлттық құндылығымыз бесік жайлы біршама зерттеу жұмыстарын жүргізген. Тақырып төңірегінде мамандардың пікірлерін тыңдап, кеңестерін алып, мәліметтерді жинақтау жоспарларымен ой бөлісті. Бесікті жан-жақты зерттеп, оның бала денсаулығына жақсы әсер беретінін, таза, дені сау ұрпақ тәрбиеленетінін және де бесіктің қасиеттерін сипаттап, өз тақырыбын аша білген. Қырық жылғы бесік пен қазіргі бесікті салыстырған, сонымен қатар ауылдың ақ жаулықты әжесінен сұхбат алып, оның бала денсаулығына өте пайдалы екенін сұхбат арқылы дәлелдеген.  Мәдинаның жобасы маған ұнады. Себебі, оқушы  өз тақырыбын мұқият талдап, зерттеп, біршама жұмыстар жүргізген.

Қазақстан  Республикасының  Білім және ғылым министрлігі

Қарағанды  облысы   Қарқаралы  ауданы   Жаңатоған  ауылы

«Ел  боламын  десең,  бесігіңді   түзе»

тақырыбына

Жетекші  пікір

Бұл ғылыми жобада бесіктің құрылысы, бесікке қажетті жабдықтар, оның бала денсаулығына, тазалыққа пайдалы жақтарын оқушы жан-жақты зерттеген. Ерте замандағы бесік пен қазіргі бесіктің жасалу жолындағы ерекшеліктері, бесікке бөленген бала мен бөленбеген баланың арасында қандай өзгерістер болатындығы айқындалған. Сонымен қатар халқымыздың рухани құндылығы- «Бесік жырының» айтылуы және оның ұлттық тәрбиеге қатысы жайлы баяндалған.

Мәдина  берілген тапсырмаларды уақытында орындап, мәліметтерді мұқият жинақтай білді.

Мәдина бұл жұмысында бесік және бесіктің пайдасы жақтарын зерттеп, аша білді. Өзінің мақсатына қол жеткізді.

Зерттеу жұмысының мақсаты:

Сан ғасырлық тарихы бар,  қазақ халқының  ежелгі дәстүрін, әлеуметтік тыныс-тіршілігін, қоғамдық көзқарасы мен ойларын, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрінің бір түрі- бесік және бесіктің  пайдасын зерттеу арқылы, танып білу.

Міндеттері:

  • Кітапханалардан бесік және бесіктің пайдасы туралы мағлұматтар іздестіріп, олардың артықшылықтарын қарастыру.
  • Оқулықтардағы бесік жырының ерекшеліктерімен танысып, талдау жасау.
  • Бесік және бесік жыры туралы оқулықтар мен материалдарға сүйеніп, оларға сипаттама беру.

Ғылыми  жаңалығы:

  1. Бұрынғы бесік пен қазіргі бесіктің жасалу жолдары мен құрылысы жайлы баяндалған.
  2. Бесіктің бала денсаулығына және тазалыққа пайдалы жақтарын қарастырған.
  3. Қазіргі заманда бесікті қолданып, баланы «бесікке салу» дәстүрін жоймай, әрі қарай дамыту туралы жазылған.
  4. Оқушылардың шығармашылыққа қызығушылықтарын, сонымен қоса, қазақ халқының салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына деген құмартушылықтарын  арттыру.  Адамгершілік құндылықтары дамиды, өз-өзін алға жетелеп, алған білімін өмірде қолдана алатын, өркениетті қоғамға лайық дара тұлға деңгейіне жетеді.

І. Кіріспе бөлім

Менің бұл тақырыпты таңдаған себебім –  бесік және бесік жыры  арқылы қазақ халқының ерекше тәрбиелік танымдық мәні бар баға жетпес асыл қазынасын – әдебиет сабағынан білімді игерумен қатар білім алу іскерліктерін және дағдыларын қалыптастыру. Соған орай тұрғылықты жерімізде  баланы бесікке бөлу  және бесіктің пайдасы қазіргі заманда ұмытылып бара жатыр. Сондықтан қазақ халқының салт-дәстүрін ұмытпау – болашақ жастардың міндеті.

Ата-анамның саясында ер жетіп мен,

Аялы ақ бесікте тербетілем.

Әжемдей ақ ниетті, адал жанды,

Таппаспын айналсам да жер бетінен.

(Халық өлеңі)

Халқымыздың сан ғасырлық тыныс-тіршілігіне байланысты ұлттық тәлім-тәрбиеге қатысты салт-дәстүрі, әдеп-ғұрыптары да бар. Соның бірі – бала туылғаннан кейін баланы бесікке бөлеу дәстүрі. Адам баласы өмірінде нәрестенің дүниеге келуі үлкен қуаныш болып саналған. Отбасының арманы мен тілегі, тірек-діңгегі, ата-ананың сүйеніші мен қуанышы, ұрпақтың жалғасы бала деп есептеген. Адамның тууынан бастап, қартайғанға дейінгі өмір жолының әр кезеңін атап өту, оған арнап өлең-жыр шығару қазақ халқының ежелгі дәстүрі болған. Бала туғанда елді жинап «шілдехана» жасау, азан шақырып, ат қойғызу, бесікке салу, аяғын апыл-тапыл баса бастаған кезде «тұсаукесер», алғаш рет жолға шықса- «тоқымқағар», бес жасқа келгенде – «атқамінер»- бәрі де өлең-жырлар арқылы атқарылып отырған. Туған-туыстары жиылып, нәрестені бесікке салу дәстүрін өткізеді. «Бесік алып бару» – қазақтың бір жерге келін болып түскен қызы тұңғышын босанғанда орындалатын дәстүрі. Бесіктің жасауын қыздың анасы даярлайды. Оған қоса киетін, зергерлік бұйымдармен дастарқанға қойылатын тәттілерін салып алып барады. Алып барған китінің ішіне тоғыз түрлі заттар салады. Тоғызға бағалы киімнен бастап, ұсақ заттар да кіреді. Қазақ халқы «Бесіксіз үйде береке жоқ» деп өмірге келер сәбиді асыға күткен. Себебі бала – өмірдің гүлі, жалғасы. Жас нәрестенің өмірге келуі, отбасы мүшелеріне әкесі мен атасына, нағашы жұртына үлкен қуаныш әкелген, жас нәресте өмірге келгенде арнайы адам жіберіп сүйінші сұратқан.

ІІ.  Негізгі бөлім

Бесіктің пайдасы туралы айтпай тұрып, әуелі сол бесік туралы аздап мағлұмат бере кеткен жөн. Себебі, тіліміз бен дініміз сияқты, соңғы жетпіс жылдың ішінде «ескіліктің, қараңғылықтың қалдығы» деп, тұтынулан қалыс қалған қадірлі де қасиетті бұйымның бірі- бесік. Сондықтан біздің қазіргі көп әжелеріміз бен аналарымыздың кейбіреулері бесікті жете білмейді.

Бесіктің  қадірін білмей, оны ескіліктің қалдығы деп үрке қарау барып тұрған білімсіздік пен мәдениетсіздік деуге болады. Өйткені оны зиянды деп жүргендердің көпшілігі бесік көрмеген және бесіктің не үшін керек екендігінен мүлдем бейхабар адамдар. Олардың тілге тиек ететіні: «бесікке бөленген бала үнемі аяқ-қолы таңулы  жатқандықтан, аз қимылдайды, соның салдарынан олар нәзік және аурушаң болып өседі…» дейді. Ал шындығына келетін болсақ, бесік деген баланың денсаулығына, тәлім-тәрбиесіне, ми қыртыстары қызметінің жақсаруы мен жас нәрестенің салмақты да ұстамды болып өсуіне әрі гигиеналық жағынан да өте пайдалы. Киелі саналатын бесікті қазақ саудаласпай, керек десеңіз сатпай, алушы не берсе, соны риясыз көңілмен айырбастап алатын болған. Керегеде ілулі тұрған қасиетті бесік сол үйдегі жас келіннің бала көтеруіне немесе сол әулеттен сол бесікке жататын мұрагердің келуіне ықпал етеді деген түсінік қалыптасқан. Сол себепті киелі деп есептелген. Ұрпақтан-ұрпаққа қалатын мұра болғандықтан, өз баласының бесігін аталарымыз сұраған адамға ұстата салмаған. Себебі, бесік ұрпақ жалғасының белгісі ретінде, баланың белі бесіктен шығып,  есейіп кеткенде, киіз үйдің керегесінін басына қастерлене ілініп, болашақтағы сол шаңырақтың ұрпағының дүниеге келуін күтіп, ілулі тұрған.

Бесіктің екі басын қосып тұрған ұзыннан салынған керме ағаш арқалық деп аталады. Ол бесіктің екі басын ұштастырып, әрі әр түрлі сылдырмақ ойыншықтарын асып қоятын ашық та әдемі бояулармен боялған керме. Әр түрлі әсем керменің бояуларына көзі түсіп, мойны қатайған бала бесікте жатып, қолын созып, осы сылдырмақтармен ойнап, өзі оған қосылып үн қатып, әндетіп ойнайды. Ол психологтердің тілімен айтқанда баланың сенсомоторлық жетілуіне пайдалы әсер етеді. Ал керменің басына тіл-көзден сақтау үшін үкі қадап, қыран бүркіттей алғыр болсын деп бүркіттің тырнақтарын іліп қояды.

Бесіктің негізгі бөлшектері – төсбау, аяқбау және кішкене жастықша. Төсбаумен баланың кеуде тұсы, аяқбаумен тізенің ұршықтары бір сүйем төмен тұсы сәл қаттырақ байланады. Кеуде тұсы бала еркін тыныс алатындай (кеуде керіп) болып, бостау, қолдары екі қапталына ұзынынан созыла  байланады. Бесіктің түбегі мен шүмектерін күніне бір рет ыстық суға қайнатып, сабынмен жуып, әр түрлі сұйық заттармен (хлорамин сияқты) залалсыздандырып тұрған дұрыс. Ол нәжіс пен зәрдегі зиянды микробтардан құртады.

Бесіктің негізгі бөлшектері

Нәрестені, әдетте, кіндігінің жарасы әбден жазылған соң, яғни, туғаннан екі аптадан кейін бесікке бөлейді. Ескерте кететін жайт: сәбиді бесікке күні бойы таңып тастауға әсте болмайды. Баланы өзі оянғаннан соң шешіп алып, аяқ-қолын созып-керіп, жауырындары жабыспау үшін, гимнастика және массаж жасап, орап

алып, таза ауада серуендетіп, күннің көзіне шығарып тұрған дұрыс. Сәбиді ұйықтайтын кезінде, түнде соңғы емізуден кейін ғана бесікке бөлеп, таң атқанша немесе ұйқысынан өзі оянғанша жатқызуға болады.

Бесікке салу. «Әлди,әлди ақ бөпем, Ақ бесікке жат бөпем». Бесік- қасиетті, киелі, құтты мүлік, сәбидің алтын ұясы болып есептелінеді. Жаңа туған баланы бесікке салу да халқымыз үшін елеулі дәстүрдің бірі. Беікке салу жолы үлкен, елдегі тәрбиелі , өнегелі әжелерге, әйелдерге тапсырылады. Ол бесікті отпен аластап, тыштырма жасап алып, баланы бесікке бөлейді. Бесік үстіне жеті түрлі қадірлі таза заттар қойылады.

Бесікке салған адамға бесікке салар, яғни кәделі сый беріледі. Осындай қуаныш үстінде «Бесік жыры» айтылады.

Айыр қалпақ киісіп,

Ақырын жауға тиісіп,

Батыр болар ма екенсің?

Бармақтарын майысып,

Түрлі ою ойысып,

Шебер болар ма екенсің?

Таңдайларың тақылдап,

Сөзіңді жұрт мақұлдап,

Шешен болар ма екенсің?

Тыштырма. Сәбиді бесікке салар кезде бесіктің түбегі тұратын  тесіктен құрт, ірімшік, тәттілер өткізіп, «тышты», «тышты» деп ырым жасайды және оны тыштырма деп атайды. «Тыштырманы» әйелдер  ырымдап бөлісіп алып, бала-шағаларына үлестіріп береді. «Бесікке салу» дәстүрі бойынша ауылымыздың тұрғыны, көп балалы ана, жасы 73-те, Жаңбырбаева Бақыт әжеден сауалнама алынды.

Сауалнама сұрағы: – Әже, бесікке салу дәстүрі туралы не білесіз?

Сол туралы айтып берсеңіз.

Әженің жауабы:

Шілдехана өткеннен кейін баланың әке-шешесі бесік тойын жасайды. Ағаштан жасалған бесікті баланың нағашылары немесе жасы үлкен, қадірлі аналардың бірі әкеліп, сыйға береді. Оның себебі сәби де кейін көп балалы болсын деген тілекпен байланысты. Баланы бесікке салу рәсімін бесік сыйлаған анаға тапсырады.

Ең алдымен бесікке салушы әйел бесіктің өзін жын-шайтандарды қуу үшін, түрлі иістерден арылту үшін отпен аластап шығады. Содан кейін көрпешелер мен жастықшаларды баптап салады. Баланы жатқызып, бөлейді. Қолбау, белбеу және аяқбаумен тартып байлап қояды. Әйел тілектерін айта отырып бесіктің үстіне алдымен көрпе жабады. Бала халықшыл болсын деп тон, шапан жабады, ат жалын тартып мінсін деп қамшы іледі, көз тимесін деп тұмар тағады, қырандай көреген болсын деп бүркіттің тұяғын байлайды. Тойға келгендер шашу шашып, балаға батасын береді. «Бесік жырынан» үзінді айтып берейін.

Әлди-әлди, ақ бөпем,

Ақ бесікке жат, бөпем!

Жылама, бөпем, жылама,

Жілік шағып берейін.

Байқасқаның құйрығын,

Жіпке тағып берейін.

Әлди-әлди, ақ бөпем,

Қойдың жүні қалпағым…

Мен өзім жеті баланы бесікке бөлеп, тәрбиелеп өсірдім. Құдайға шүкір, балаларымның дені сау, аман-есен жүр. Сонымен қатар немерелерімді де бесікке бөлеп, тәрбиелеп, өсіріп жатырмын. Рақмет!

Баланы  бесікке бөлеу  қазақ халқына тән ұлттық қасиет. Бесік киелі. Бесікке бөленген баланың ұйқысы тыныш, бойы жылы, тәні таза болады. Бүгінгі таңда қазақтың қасиетті бесігі қолданыста жоқ. Ара-тұра көргеніміз болмаса, қазіргі әрбір қазақтың шаңырағында, төрінде тұр деп ауыз толтырып айта алмаймыз. Ата-баба аманатының бірі киелі бесік ғасырдан-ғасырға жетіп, тек бүгінгі ұрпақтың көзіне оғаш көрініп, қолданыстан шығып қалғаны өкінішті.

…Қазақ халқы шаңырақты, бесікті, табалдырықты қасиет тұтқан. Бұл үшеуін ешқашан аяқпен баспаған. Бұл үшеуі қашанда бірімен бірі байланысып, ұштасып жатады. Осынау қасиетті үш затты қатты тозып, тым ескірген кезде де аяқтың астына тастамай, өртеп жіберетін болған әрі күлін де аяқасты қылмай, көміп тастаған.

          Медицинада неонатология (жаңадан туылған жас нәрестелер жөніндегі ғылым) деген сала бар. Неміс пен жапон сияқты дамыған елдердің неонатологтары жаңадан туылған нәрестелерді кьювезге (темір бесікке)  жатқызады да, электр жүйесіне қосады екен, сонда ол өздігінен бесік сияқты тербетіліп тұрады. Мұның өзі қимылдамай  көп жатып қалған нәрестелерде кездесетін өкпе қабынуын болмайтынын дәлелдеп отыр. Сондықтан қазақтың бесігін гигиеналық жағынан пайдасы көп. Сонымен қатар өсіп келе жатқан ұрпақты, келешек ұрпақты көптеген қауіпті дерттерден сақтап қалады. Атап айтсақ:

  1. Бесікке бөленген бала шүмек пен түбектің арқасында құрғақ, жылы жатады.

Сондықтан ол балаға салқын тимейді. Мұның өзі жас нәрестелерде жиі кездесетін созылмалы тыныс жолдары мен өкпе ауруларының алдын алуға септігін тигізеді.

2.Үнемі құрғақ жатып үйренген сәбиде су төсекке қарсы шартты рефлекс түзеледі. Кейін баланы манежге немесе керуертке ауыстырғанның өзінде, кіші дәретке (үлкен дәретке де) отырғысы келгенде оянып, мазасызданып, белгі беріп жылай бастайды. Өсе келе ондай бала тосуға үйреніп, таза өседі. Осыдан келіп балаларда жиі кездесетін энурез (шыжың) ауруының алдын алу  мүмкіндігі туады. Ал керісінше, кейінгі жылдары жиі қолдана бастаған «памперс» киген балаларда ондай рефлекс түзелмейді, есейгенде олар бұтына жіберіп жүре береді. Оны қазір кез келген педиатр біледі.

  1. Ересек адамдарда кездесетін бүйрек, несеп жолдары ауруы бала кезінде суық тию салдарынан белгілі екені аян.
  2. Бесіктің гигиеналық жағын да манеж арба немесе керуертпен салыстыруға болмайды. Жас нәрестенің терісі өте нәзік әрі жұқа болғандықтан, зәрдің құрамында болатын әр түрлі химиялық және биологиялық факторлардан тез базданып, қабынып, бөртіп кетеді. Мұның бірден-бір себебі- баланың су төсегі, яғни, сәбидің кіші дәреті. Бір қарағанда дененің базданып бөрткені онша қауіпті де емес сияқты , ал ол асқына келе қатерлі ауру- нәрестелер флегмонасына және микробтардың қан арқылы бала ағзасына жайылуына әкеліп соқтырады. Біз тілге тиек етіп отырған бесік баланы бұл аурудан сақтайды.
  3. Ең бастысы-жаңадан босанған, әлсіз ананың едәуір қолы босап, өзін-өзі күтуге, баласына қарауға және дем алуға уақыты көбейеді, көңіл күйі жақсарады.

Бесікте жатып өскен баланың ерекшелігі- оның анасын аз мазалайтыны және ол ерекше микроклиматта, анасының иісі сіңіп өсетіні, яғни оның жадында еркінен тыс деңгейде анаға деген сүйіспеншілік пен құрмет көрсету туралы ақпарат жазылып қалады. Бесікте жатқан баланың өскеннен кейін ата-анасын құрметтемеуі, отаншыл боп өспеуі кемде-кем. Шет елдің қай жағында жүрсе де,  бала өз Отанын аңсап тұрады.

Бесік туралы мақал-мәтелдер

Тәрбие басы – тал бесік.

Баланың өскен бесігі-

Кең дүниенің есігі.

Бел астындағыдан-

Бесіктегі бала үмітті.

Бесік баласы – бес түлейді.

Болар бала бесігінде бұлқынар,

Болар құлын желісінде жұлқынар.

Бесіктен түскен бөпеге-

Есікке дейін кең дүние.

Бесіктен басталған тәрбие-

Өзіңмен бірге жасар.

Ел боламын десең, бесігіңді түзе.

Бесіксіз үйде береке жоқ.

Бесік – сәбидің алтын ұясы.

Қорытынды

Халқымыздың  тәлім-тәрбиесіз  балаларды  «бесік  көрмеген»  деп, керісінше  ұстамды да  ұқыпты  балаларды «бесік  тәрбиесі бар»  деп  айтуында  да үлкен мән  бар. Бесіктің  баланың  мінез-құлқын қалыптастыруда  және  тұла бойы  таза болуында да  атқаратын орны  зор.

Олай болса, ғасырлар бойы өзін-өзі ақтап, атадан балаға мұра  болып келген  киелі бұйым – бесікті  халық  арасында мейлінше насихаттай отырып, манеж арбалармен  бірге  дүкендерде сатып, халық  сұранысын  қамтамасыз  етуге жағдай жасау  қажет.

Көпшілік  жұрт қазір  сәби бесігін, оны  тербетіп  отырып айтылатын  әуезді  әлдиді  ұмытып барады. Бір орыннан, екінші  орынға әкеліп  қоя  салуға ыңғайлы, әрі  тазалыққа  жақсы, үстіне  құрақ  көрпе жабылған, ою-өрнекті  аяқ  және қолбаулары  бар  бесік әрбір  қазақ  үйінің  төрінде  тұрса несі  артық? Қарқаралылық  ірі  ағаш  шебері Ақыш Әубәкіров бұдан  қырық  жыл бұрын кепкен қайың ағаштан көлем  мөлшері 80х35х56 см, етіп  жасаған  бесікті  көріп  отырсыздар. Осы бесікті  орман-тоғай шаруашылығы кәсіпорнының  шеберханасында жасау қолға  алынса, нұр  үстіне  нұр болар  еді. Сонымен қатар қазақ халқының әр шаңырағында бесік ілулі тұрса, одан артық бақыт бар ма? Әжелеріміз бен аналарымыз бесік жырын айтып, күллі әлемді тербетіп отырса, болашақ ұрпағымыз қазақтың салт-дәстүрін ешқашан ұмытпас еді. Қорытындылай келе, әр үйде бесік жыры айтылса, нұр үстіне нұр болар еді. «Бесік жырынан» үзінді:

Әлди-әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат, бөпем!
Жылама, бөпем, жылама,
Жілік шағып берейін,

Байқұтанның құйрығын
Жіпке тағып берейін.

Әлди-әлди, ақ бөпем.

Ұсыныс

  1. Бесік туралы әдебиет оқулығына енгізсе, оқушылар көп мәлімет алар еді.
  2. Қарқаралы қаласында орман-тоғай шаруашылығы кәсіпорнының шеберханасында бесікті жасау қолға  алынса, нұр  үстіне  нұр болар  еді.
You May Also Like

Сабын, ғылыми жоба

«Сабын»    Қатысушы: Майрам Разия Мазмұны Абстракт (аннотация) Кіріспе………………………………………………………………6 I.Негізгі бөлім………………………………………………………………………….7 1.1. Сабынның…

Адам өміріндегі проценттің қолданылуы, ғылыми жоба

Адам өміріндегі проценттің қолданылуы 1 Бөлім . Мектеп математика курсындағы процент 1.1.…

Құрманың пайдасы, ғылыми жоба

Тақырыбы: Құрманың пайдасы МАЗМҰНЫ І. Кіріспе ……………………………………………………………………………………1 ІІ. Негізгі бөлім 1 Құрма…

Тиімді тамақтану – денсаулық кепілі, ғылыми жоба

1.Кіріспе  «Тамақтану қағидалары» Негізгі бөлім  Тиімді тамақтану – денсаулық негізі  Газды сусындардың…