«Бесік жыры» – тәрбиенің қайнар көзі»

Пікір

Оқушының «Бесік жыры – тәрбиенің қайнар көзі» тақырыбында жазған ғылыми жобасы қазіргі таңда өмірде қолданыла бермейтін тың тақырыптардың бірі.

Ол бұл ғылыми жұмысында тәлім – тәрбиенің бүгінгі көрінісі өз халұының өткені мен бүгініне байланысты екендігін түсіндіре алған. Сәбиіне баяу ырғақпен айтылған анасының әлдиі, бесік жырының тәрбиелік мәні және қазіргі таңдағы бесік жырын айта алмайтын аналар туралы айтылған.

Бесік жырының басты қызыметі мен тәрбиелік мәнін ашып көрсеткен.

Жұмысында ауыл әжелерінің айтқан бесік жырлары енгізілген. Бір-біріне сазы да, сөздері де ұқсай бермейтін , бірінен-бірі асып түсетін осы бір «Әлди әндерді» жазып алып, жинақ етіп шығару қолға алынса нұр үстіне нұр болар еді-деп қортындылаған.

Зерттеу мақсаты:

Бесік жырының сырын ашып, оның тәрбиелік мән-мағынасын түсіну. Бесік жырының сәби тәрбиесіндегі орнын көрсету.

Зерттеу міндеттері: 

  1. Қазақтың даналығы мен тапқырлығынан туындаған «Бесік жырының» тарихына зер салу
  2. Бесік жырының бала тәрбиесіндегі маңызына тоқталу
  3. Сыныптас достарыма «Бесік жыры» туралы айтып түсіндіру, іздену жұмысымызбен таныстыру.

Зерттеудің әдісі: Зерттеу, бақылау, іздені, әдебиеттермен жұмыс.

Зерттеудің жаңалығы:

Кейінгі кездерде жастардың халық әніне назар аудармауы, өлеңге әуестенбеуінің бір себебі – бесік жырының ұмытылуында. Қазақы мінезіміз бен болмысымызға қайта оралу үшін әр ана бесік жырын сәбиінің бойына сіңіре білуі.

Зерттеудің өзектілігі:

Бұрынғы ата-бабаларымыз «Бесік жырын» тәрбиенің қайнар көзі деп танып, оған үлкен мән берген. Ал, қазіргі кезде бесік жыры мүлдем айтылмай жүр.Оның үлкен тәрбие құралы екені ескерілмей барады.

1.Бесік жыры туралы не білеміз?

Бесік жыры – балаға берілетін алғашқы тәрбие. Өйткені баяу ырғақпен айтылған анасының әлдиі туғаннан баланың құлағына сіңеді. Бесіктегі баланы әннің ырғағымен тербетеді. Қазақтың музыкалық-поэтикалық фольклорындағы тұрмыс-салт әндерінің арасында кең тараған. Бесік жыры екі түрлі міндет атқарады:

1) сәбиді жұбату және оның болашағына деген ата-аналық тілегін білдіреді;

2) ананың балаға деген мейірі, махаббаты, ой-арманы, ізгі ниеті, халықтың ақыл өсиеттері айқын керінеді. Өлеңі 7-8, кейде 11 буынды ән түрінде құрылады. Бесік жырының тұрақты нұсқасы жоқ.  Баланың бойына әсерлі әуен, сұлу сөзбен айтылатын ананың әлдиі ана сүтімен қосылып осылай сіңеді. Бала тәрбиесінің ажырамас бөлігі, әрі қайнар бастауы болып табылатын бесік жырын сәбиге аналарымыз, әжелеріміз бесікті баяу тербетіп отырып айтады. Бала бесік жыры арқылы алғашқы өмір әуендерін құлағына сіңіре бастайды. Кішкентайында бесік жырының мазмұн-мәнін бірден қабылдап кете алмайтыны сөзсіз. Баланың өсу, жетілу деңгейіне қарай бесік жырының мазмұны да өзгеріп отырады. Оны орындаушы сәбидің жасына, ұл не қыз екендігіне, мінезіне, отбасының тұңғышы немес кенжесі екендігіне, т.б. ерекшеліктеріне байланысты түрлендіріп жібереді. Мысалы, ұл балаға:

Құрығыңды майырып,
Түнде жылқы қайырып,
Жаудан жылқы айырып,
Жігіт болар ма екенсің?
Айыр қалпақ киісіп,
Ақырып жауға тиісіп,
Батыр болар ма екенсің?

немесе,

Айналайын күн бөпем,
Бурыл тайға мін, бөпем!
Ақ қызы бар үйінде,
Ақылбайдың үйіне
Бұрала барып түс, бөпем,
Қымызынан іш, бөпем! –

деген жолдарды арнайды. Бұл жырлар ұл бала ештеңеден қаймықпай, батыл болып, елінің қамын ойлайтын, ат құлағында ойнайтын нағыз жігіт болып өссін деген ниетпен айтылады. Әжелеріміз бен аналарымыз оларды айналып-толғанып еркелетуден гөрі, осындай батырлыққа шақыратын сөздерді көбірек айтатынын аңғарамыз.

Ал, қыз балаға айтылатын өлең жолдары бұдан өзгешелеу болып келеді. Мысалы:

Әлди, әлди, ақ бөпем,

Ақ бесікке жат, бөпем,

Бармақтарың майысып,

Түрлі ою ойысып,

Шебер болар ма екенсің?!

немесе,

Айдай ару боларсың,

Шолпы, шашбау тағарсың.

Анаң айтар ақылды,

Шырақ қылып жағарсың.

Бұл жолдардан «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген халық мақалының жалғасын байқаймыз. Яғни, ұлдың әкеден өнеге алуын, қыздың ананы үлгі етуін үндейді. Бұның бәрі – сәбидің болашағына деген ананың үлкен үміті, сенімі, тілегі. Мұны тыңдап өскен сәби шебер болуға, шешен сөйлеуге, ата-ананың осы сенімін ақтауға талпынып өседі.

Қоғам дамуына байланысты болатын елеулі тарихи оқиғалар халық тұрмысына, әрбір шаңыраққа өзінің әсерін тигізіп отырған. Бесік жырының кейбір нұсқаларында аналарымыз сол тарихи жағдайларды бөбекті әлдилеп отырып, жырларына арқау еткен. Қазақ халқы басынан өткерген жаугершілік кезең, қиын-қыстау кеңеңдегі ел тұрмысы да айтылып қалады. Бұл өлеңдер балаға ел тұрмысы, халықтың жағдайы құлағына сіңіру үшін айтылатын болған. Сол елдің қамын жеп, тұтқасын ұстау, жаудан сескенбейтін батыр ұрпақ болып өссін деген ата-ананың тілегі осындайда сөз болған.

Мысалы, Ұлы Отан соғысы кезеңінде аналарымыз бен әжелеріміз балаларды былайша уатқан екен:

Фашистті қызыл әскер жеңер ме екен,

Әскерден әкең аман келер ме екен?

Әскерден әкең аман келер болса,

Бөпешім езу тартып күлер ме екен?

Әлди, бөпем, әлди-ай,

Көкең аман келсін-ай.

Бұл өлең жолдары баланы ерлікке үндеумен қатар, соғыста жүрген жақынына деген тілегі көрінеді.

Баланың бойына әсерлі әуен, сұлу сөзбен айтылатын ананың әлдиі ана сүтімен қосылып осылай сіңеді. Бесік жырының толып жатқан түрі бар. Сәбиінің аман өсуінен бастап, болашақ өміріне деген тілегі, сенімі, ниеті әдемі әнге шумақ болып өріліп, анасының айтуымен балаға жетеді. Тіпті алыстағы төркініне деген сағынышын да бөпесіне айтып, баласымен сырласа отырып «әй, әй, бөпем, артта қалған елімді көрер ме екем…» деп іштегі шерін бесік жырына қосқан. Анасының еліне деген сағынышы бөпеге беріліп, ол анасын аяйтын, ардақтайтын, мейірімді әрі жанашыр болып өседі екен…

  Қорытынды

Сәби тәрбиесі мен мінез-құлқын қалыптастыруда бесік жырының орны мүлде бөлек. Ол баланың көкірек көзін ашады, жан-жүйесін тербейді, сезімін сергітеді, көңіл-күйін көтереді. Есейе келе өнерге, сөз өнеріне бейімделеді. Әже мен ананың әлдиі сәбидің алғашқы өнер мектебі екені баршаға белгілі. Ұлы Абайдың «Туғанда дүние есігін ашады өлең» деуі тегін емес. Бесік жырында ұлттық тәрбиенің үздік үлгісі жатыр. Алайда соңғы жылдарда бесік тербетіп отырып бесік жырын айтатын әже, ана азайды. Бесік тербететін баланың өзі бөпесін өлең айтып ұйықтататын. Бұрын ананың бесік жырын сәби ғана емес, ауыл балалары, тіпті үлкендер де құлағын салып тыңдап отыратын. Кейінгі кездерде жастардың халық әніне назар аудармауы, өлеңге әуестенбеуінің бір себебі – осы бесік жырының ұмытылуында болса керек деп сұхбат алған әжелер айтқан болатын.

Мен осы шағын зерттеу жұмысымды жазу барысында, қазақтың даласындай дархан дәстүріміздің қайнар бастауы бесік жырын өз деңгейімде түсінуге тырыстым. Ғасырлар бойы халықпен бірге жасасып келе жатқан тәрбиенің күре тамыры болып табылатын бесік жырының тарихы өте тереңде жатыр. Жылдар ағымымен сан түрлі өзгеріске ұшырап отырса да, бүгінгі күнде әр шаңырақта шырқалып, жаңарып, жасарып келетіні қуантады.

Ауыл әжелері айтып берген біз естімеген, ешқандай жинақтарға енбеген бесік жырлары оның түрлерінің молдығын дәлелдейді. Бір-біріне сазы да, сөздері де ұқсай бермейтін, бірінен-бірі асып түсетін осы бір «әлди әндерді» жазып алып, жинақ етіп шығару қолға алынса нұр үстіне нұр болар еді.

Әжелеріміз айтқан осындай асыл сөздер тек бір шаңырақтың емес, бүкіл халықтың игілігіне жарап, тәрбие құралына айналса, біз секілді болашақ ұрпақтың ертеңінің жарқын болары анық. Сәби санасына ұлттық тәрбиені, халықтың дүниетанымы мен салт-дәстүрін сіңіртуге таптырмас құрал болып табылатын бесік жырының халыққа берері мол. Оны жаттап, айтып, таратып, түрлі нұсқаларымен танысу біздің болашағымызды нұрландыра түсері сөзсіз.

Халық мұрасының ең бір биік үлгісі болып ел жадында жүрген бесік жырлары ұмыт болмай, әр шаңырақта шырқалуы керек. Ынтымағы мен бірлігі шалқыған Отанымызда бесік жыры шаттықтың нышанындай болып шырқала берері анық. Арнасының кеңейіп, ғұмырының ұзақ боларына сенемін.

 Менің ұсынысым:

  1. «Бесік жыры» өлеңдері кітапша ретінде шығарылып, аналарға

тегін таратылса;

  1. Әр шаңырақта «Бесік жырының» үнемі айтылуы дәстүрге енсе;
  2. Өз сыныптастарымды «Бесік жырын» жатқа айтуға шақырамын.
You May Also Like

Ас содасы ғылыми жоба

Ғылыми жоба Жоба тақырыбы: АС СОДАСЫНЫҢ  ТҰРМЫСТА ҚОЛДАНЫЛУЫ МАЗМҰНЫ Аннотация І.  Кіріспе   …

Ағылшын тілін қалай тез үйренуге болады? ғылыми жоба

ҒЫЛЫМИ ЖОБА Секциясы: этномәдениеттану Тақырыбы:Ағылшын  тілін қалай тез үйренуге болады ? Мазмұны…

Қарапайым лавр жапырағының адам өміріне пайдасы, ғылыми жоба

«Қарапайым лавр жапырағының адам өміріне пайдасы» МАЗМҰНЫ Абстракт Кіріспе. Лавр жапырағының шығу…

Ахмет Байтұрсынов–тіл білімінің атасы, ғылыми жоба

Ең үздік ғылыми жоба «Ахмет Байтұрсынов – тіл білімінің атасы» Дайындаған: Жұмағали…