Мазмұны

Пікір

І.Кіріспе

ІІ. Негізгі  бөлімі

2.1. Адыраспанға биологиялық сипаттама…………………………..7

2.2. Халық наным-сеніміндегі адыраспан……………………………8

2.3.Адыраспанның емдік,химиялық және фармакологиялық

қасиеттері……………..10

2.4.Зерттеу материалдары.

Адыраспанды жинау,тұнбасын дайындау және пайдалану………….15

Пікір

Қазақстан табиғи жағдайлары әр түрлі болып келетін орманды, далалы, таулы ,шөлді аймақтардан тұрады. Республика аймағында 6000-ға жуық өсімдік түрлерін кездестіруге болады.Соның 500 түрінен дәрілік заттар алынады. Осынша байлықты игерумен бірге дәрілік өсімдіктерді зерттеудің , оны танып білудің маңызы зор.

Мына «Адыраспанның емдік қасиеттері» деген жұмыстың алдына қойған мақсаты да осы өз өлкеміздің өсімдіктерінің қасиеттерін танып,білу,оны көпшілікке жеткізу,жалпы алғанда табиғатты қорғау екендігі даусыз.Осы жұмыста _________________________________________ жергілікті жерде өсетін адыраспанның емдік,фармакологиялық,химиялық қасиеттерін ашып көрсету үшін көп ізденгені байқалады.Оның ғылыми,танымдық және халық медицинасы жайлы көп  еңбектерді пайдаланғаны көрініп тұр.Бұған қоса осы мәліметтерді тәжірибе тұрғысынан дәлелдеп көргені-де мақтауға тұрарлық.

Табиғатты танып-білу  арқылы оқушылар бойында эстетикалық,экологиялық  тәрбие қалыптасады десек,осы жұмыстың авторында өз өлкесінің табиғатына деген сүйіспеншілігі арқылы патриоттық сезімінің де жоғары екені де байқалады.

Оқу мен тәрбие егіз ұғым-десек,оқушыларды іздену жұмыстарымен айналысу арқылы тәрбиелеуге де болатынын көріп отырмыз.

Жұмыстың орындалуы ғылыми зерттеу  талаптарына  сай және алдына қойған  мақсатына  жеткен .  Қорыта айтқанда____________ өзінің  ғылыми   деректермен ,қосымша әдебиеттермен  жұмыс істей  алатындығын  жан-жақты көрсеткен.

Мен ___________________________________________ болашақта

өз  елінің жақсы патриоты болатынына сенемін.

Пікір иесі:____________________________(аты,жөні)

Кіріспе

Қоршаған ортаны-«Жер-ана»,«Табиғат-ана»деп атап жатамыз.Бұл бір кездейсоқтық емес,себебі табиғат компоненттері адам қажеттіліктерінің барлығына дерлігін өтейді.

Сол табиғаттың негізгі компоненті-өсімдіктер. Адам баласы ежелден–ақ өсімдіктердің қадір-қасиетін ажыратып,қажетіне жарата білді.

Өсімдіктерді адамның дәрілік мақсатқа пайдаланғаны жөнінде мәліметтерді ертедегі қытай, орта азиялық, латын тіліндегі мәдени естеліктерінен табуға болады.

Халық медицинасы дегеніміз – ғасырлар бойы жинақталған тәжірибені қолдана отырып, ауруды дәрілік шөптермен  емдеу, ол- ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатыр.

Дәрілік өсімдіктер Қазақстанда 1932 – 1947 жылдардан бастап зерттеле

бастады.1926 жылы ғалым П.С.Массагетов түкті эрва шөбінің дәрілік

қасиетін алғаш рет анықтады.

1938 жылы Қазақстанда дәрілік  өсімдіктерді зерттеу мақсатымен  арнаулы

экспедиция шығарылды.

Цивилизацияның дамуына байланысты дәрігерлер  химиялық препараттарға бет бұрды, өйткені, синтезделген  препарат белгілі бір мүшеге ғана әсер етеді және емдеудегі мақсатқа бірден қол жеткізуге болады. Бірақ та мұндай күшті препараттар көптеген жанама әсерлер көрсетеді. Жанама әсер көрсетпейтін бірде–бір синтездік жолмен алынған препарат жоқ. Мұндай жанама әсерлер дәрігерлерден ем тағайындау кезінде мұқият болуды талап етеді.

Бұл тұрғыдан алғанда дәрілік  өсімдіктер ағзаға бейім, өйткені олардың  құрамында ағзаға әсер ететін және жанама әсерлерді төмендететін биологиялық белсенді заттар бар.

Дәрілік өсімдіктің емдік қасиеттері олардың құрамында кездесетін алкалоид, амин қышқылдары, антибиотиктер, дәрумендер, гликозидтер, илегіш заттар, органикалық  қышқылдар, майлар, микроэлементтер, пигменттер, смолалар, фитонцидтер, эфир майларының болуына байланысты.Кей жағдайларда көптеген өсімдіктердің толық зерттелмеуіне байланысты олардың негізгі фармакологиялық әсерін ашып көрсету мүмкін болмайды. Халық медицинасында қолданылып жүрген кейбір дәрілік өсімдіктер  көптеген ауруларды емдеуде нәтижелі қолданылуда.Қазақстан медициналық тәжірибесінде дәрілік өсімдіктердің алуан түрлері қолданылады. Дәріханаларда түрлі ауруларды емдеуде мүмкіндігінше қолданылатын  дайын жиынтықтар сатылады. Соңғы жылдарда дәрілік өсімдіктерден жаңадан препараттар алу бойынша ғылыми жұмыстар көптеп жүргізіліп жатқандығын атап кеткен жөн.

Қазақстанның флорасы сан-алуан.Сол  өсімдіктердің 60%-ке жуығы дәрілік  өсімдіктер десек,олардың қасиеттерін  зерттеп білу қазіргі биология мен  медицинаның алдындағы басты  мақсат.

Жұмыстың мақсаты:

Оңтүстік Қазақстан облысының дәрілік өсімдіктерін,олардың морфологиясы мен емдік қасиеттерін білу,жергілікті жердің өсімдіктері жайлы айта отырып жас ұрпақ бойындағы экологиялық тәрбие мен эстетикалық көзқарастың қалыптасуына ықпал ету.Туған өлкенің өсімдіктерімен таныстыра отырып,осы өлкеге,елге деген патриоттық сезімінің қалыптасуына назар аудару.

Соның ішінде қазақ халқы қасиетті деп санайтын-адыраспанның  таралуы, биологиялық сипаттамасы, ботаникалық ерекшелігі мен  емдік қасиеттерін зерттеу,оның халық медицинасында қолданылуын зерттеу арқылы оқушыларға қазақ халқының ертеден келе жатқан наным-сенімдері мен әдет-ғұрыптары жайлы түсінік беру.Адыраспанның тұнбасын дайындап,оның емдік қасиеттерінің халық арасындағы жай сөз емес екендігіне көз жеткізу.Мал денесіндегі жараларға адыраспан тұнбасының қалай әсер ететінін тәжірибе жүзінде көрсету.

Қазіргі уақытта цивилизацияның артуынан денсаулық сақтау саласында қалыптасқан шиеленіскен мәселелердің мәнімен таныстыру.

Сонымен қатар  жас ұрпақтың бойына қоршаған ортаға деген  жауапкершілік қатынасын қалыптастыру, өсімдік әлеміне қызығушылығын арттыру.

Адыраспанның дәрілік қасиетін  зерттеуде мына бағыттарда жұмыс жасау:

1.Адыраспаннның  емдік қасиеттерімен танысу

2.Оның химиялық  құрамымен танысу

3.Фармакологиялық  қасиеттерімен танысу

4.Адыраспанды  жинау ережелері

5.Адыраспан тұнбасын,ваннасын және майын дайындау,оны

пайдалану

6.Дайындалған тұнбаны мал жарасын  емдеуде қолдану

7.Бұлау ванналарын пайдаланудың әсері

8.Адыраспан тұнбасын тіс пародонтозына  пайдалану

9.Адыраспан тұнбасын сиыр жарасына  пайдалану

10.Нәтижелерін талдау

Жұмыстың міндеті:

Туған өлкеміздің дәрілік өсімдіктерімен таныса отырып,олардың қандай ауруларға емдік мақсатта қолданылатынын атап көрсету.Халқымыздың «Ауырып,ем іздегенше,ауырмайтын жол жол ізде» деген мақаланың мысалында салауаттылықтың қарапайым ережелерін үйрету.

Зерттеу  нәтижелерін,жиналған мәліметтерді  толықтырып,халық медицинасындағы  адыраспанның қолданылу мақсаттарын  көпшілікке тарату.

2.1.Адыраспанға биологиялық сипаттама

Адыраспа  (Harmal немесе Peganum harmala)

Тұқымдасы: Түйетабандар

Биологиялық сипаттама: Көп жылдық, шөптектес түйетабандар тұқымдасына жататын жабайы өсімдік. Сабағы бұтақшалы. Тамыры діңгекті 2-3 м–ге дейін жетеді, жердің су қабатына тік орналасқан.
Сабағының ұзындығы 30-80 см, жалаңаш жасыл түсті. Жапырақтары тілімделген, кезектесіп орналасқан, қысқа сырғалы терең 3-5 бөлікке

бөлінген, етті өсімдік.

Гүлі ақ және сары түсті, ірі жалғыз не үш гүлі сабаққа гүл табаны арқылы  бекітілген.Тостағаншасы – бес, күлтесі бес бөлімді сары түсті, ұзындығы 1,5 – 2 см аталығы 15. Жемісі қоңыр түсті, құрғақ, диаметрі 6-10 мм шар тәріздес, үш жеміс қалтасынан тұрады. Тұқымының түсі қоңыр немесе сарғыш қоңыр , ұзындығы 3 – 4 мм, .үш ұшты төбешік тәрізді. Мамыр , шілде айында гүлдейді, шілде – тамыз да піседі. Қатты хош исі бар. Топтанып өседі . Жеке ірі бұтақтарында 150 – ге дейін сабақтары болады. Өсімдіктің жер бетіне өсіп өнуі наурыз айының аяғы мен сәуір айында болады.Бүршіктенуі сәуір айында басталады, мүшелердің шығуы тамыз айында басталып, күзге үсік болғанда аяқталады.

Адыраспан  батпақты,құмшауытты және сор  топырақта,құдықтардың маңайында,шөлді  аймақтағы жайылымдарда,тастақты  жерлерде,жолдың

жағасы мен  шөлейттерде өседі. Қазақстанда адыраспанның бір ғана түрі – ақ адыраспан өседі. Топтанып өсетін өскін шілде айында гүлдегенде оның хош иісі төңіректі алып кетеді. Бір ғажабы, адыраспан өсіп тұрған маңайға шыбын-шіркей жоламайды. Оған тек «ханның қызы» сияқты қасиетті қоңыздар ғана қонады.Адыраспан атауы -мың ауруға ем деген мағынаны білдіреді.

2.2. Халық наным-сеніміндегі адыраспан

Халқымыз дәрулік шипасынан бөлек әулиелік қасиеті мол санаған шөптерінің бірі «адыраспан» деп аталады. Біздің ата-бабаларымыз сондықтан оны үйдің босағасына іліп қойып, осы арқылы отбасын алуан түрлі бәле-жәлелерден сақтауға тырысқан.

Адыраспан қазақ үшін қасиетті шөп  болғандықтан жаңа үйге кірерде босағаға жын-шайтан мүлдем жоламасын деп, адыраспанмен аластаған. Сонымен қатар, бұл өсімдікті иесіз үйді иесі жоқ кезде жайлап алған беймәлім жын-шайтандардан тазарту үшін адыраспанның бір бұтағын отқа салып тұтатып, аластайтын болған.

Сондай-ақ, ауыл әйелдері бірігіп текемет басқанда, әзірленіп жатқан текемет, киіздің қасына көз тимесін деп адыраспан және қызыл түсті мата төсейді. Өйткені, ондайда текеметке немесе киізге көз тисе, салынған өрнектер қиғаш немесе қисық түседі-мыс.

«Адыраспан, адыраспан шыққан жерді, сірә, баспан» деп келетін магиялық формула-тіркес адыраспанның дәстүрлі түсінікке сәйкес айырықша қасиетіне  байланысты қалыптасса керек.Адыраспанның магиялық киелі қасиетімен бірге, емдік  шипалығы да бар. Атам қазақ өзі аса киелі деп білген бұл өсімдікті өсіп тұрған жерінен жұлып аларда да оның әдеп-ибасын қатаң сақтаған. Біріншіден, оны қауызы толып, тұқымы толық піскен кезде ғана жұлған. Екіншіден, ер адамның ғана жұлуына рұқсат етілген. Үшіншіден, сол жұлатын адамның жаны ғана емес, үсті-басы таза, дәреті бар екеніне мән берілген. Төртіншіден, жұлушы кісі міндетті түрде Аллаға құлшылық етіп:

«Бисмиллаһи-ир-рахман-ир-рахим!

Мен келдім әр нәрсеге, адыраспан,

Атыңды қойған екен Омар, Оспан.

Бисмиллаһи-ир-рахман-ир-рахим!» –

деп барып, өсімдіктің сағағына қолын  тигізген.

Бұл жердегі Омар мен Оспанның пайғамбарымыз Мұхаммед ғалаһауи-с-саламның әйгілі төрт сахабасының екеуі екенін мүмкін жұрт білетін шығар

деп ойлаймыз.Осыдан-ақ халқымыздың адыраспанды қалай қадір тұтқанын көруге болады.

Облысымыздың Шардара,Мақтарал,Арыс,Отырар,Ордабасы

аудандарында  осы киелі шөп жақсы таралған. Құдды газон тәрізденіп тұтасып тұрған сол қалың қау шөптің арасымен жүргенде, олар аттап өтуге жол бере қоймайды.

«Адыраспан» атты қасиетті өсімдіктің бар екенін, оған тиюге болмайтынын еңбектеген баладан,еңкейген кәріге дейін бүкіл санасымен түйсінген.

Адыраспанның қасиетіне өзбек,тәжік,түркмен,үнді халықтары да сеніп,оны өз ұрпағына қалдырған.Оны қасиетті санап,бесіктің басына адыраспан тұқымы салынған тұмарды қадап қойған.

Адыраспанның  тұқымын жас жұбайлардың көрпе-төсегіне мақтамен бірге салып,олардың ұзақ,тату өмір сүруіне тілектес болып,тіл-көзден сақтайтынына көп адамдар бүгінге дейін сенеді.

Тәжікстан мен Өзбекстанда үйді аластауға арналған адыраспанды белгілі бір формада қысып(пресстеп),арнайы дайындап,дәріханаларда сатады.

Қазіргі  ғалымдар адыраспанның отаны-Үндістан  деп жорамалдайды.Сол елде адыраспаннан жасалған сусын-сома-«адам өмірін ұзартады» деген наным күні бүгінге дейін сақталған.

Қазақ  халқы адыраспан түтінімен жаңа туған әйелді,жас төлдерді аластаған

Қорыта  айтқанда,қазақ халқы ілім-білім  дамымай-ақ адыраспанның қасиеттерін  толық біліп,оны өзінің қажетіне  жарата білген.

2.3.Адыраспанның емдік ,химиялық және фармакологиялық қасиеттері

Өсімдіктерді дәрілік мақсатқа пайдаланғаны жөнінде мәліметтерді–еуропалық, қытай, грек, орта азиялық, латын тіліндегі ертедегі мәдени естеліктерінен табуға болады.

Өсімдіктердің дәрілік қасиеті  жөніндегі алғашқы қытай кітабы б.э. дейін 2600 жылы  «Фармакология  негіздері» атты кітапты дәрігер  Ли Ши-Чжень (1522-1596) жазды. Онда 1500-нан  астам өсімдіктерден алынған  дәрілік құрылымдарға сипаттама  берілген. Бес томдық «Дәрігерлік  ғылымның каноны» атты кітапты араб медицина мектебінің көрнекті өкілдері тәжік ғалымдары және дәрігер Абу Али Ибн Сина жазды, әлемнің көптеген тілдеріне аударылды және өзінің уақытында арабтардың кітабы болып қана қойған жоқ, еуропалық дәрігерлерде бағалады. Кітапта  шамамен 900 дәрілік өсімдік және оларды пайдалану әдістері сипатталған.  Көптеген өсімдіктердің мүшелерінде дәрілік ғана емес және улы заттарда кездеседі, яғни олардың азғантай мөлшері жануар немесе адам ағзасына түссе, оларда ауру белгілерін байқалады.

Адамзаттың  тіршілік етуі барысында өсімдіктер әлемінің алатын орны ерекше зор. Қазіргі  медицинада қолданыста жүрген дәрі-дәрмектердің 40 пайыздай бөлігі тап өсімдіктер дүниесінен жасалады екен. Қоршаған орта өскіндерінің адам ағзаларын жақсартуға осындай  өлшеусіз көмегі барын біздің ата-бабаларымыз  бағзы замандардан бері жақсы  білген. Сонау алты ғасыр бұрын  өмір сүрген халықтық емші Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының (1388-1478 жж.) «Шипагерлік баяны» соның бергі кезеңдердегі өнегесі ғана. Тарбағатай өңірінде 1787 жылы өмірге келіп,1850 жылы қайтыс болған атақты Ырғызбай Досқанұлы емші дәрілік өсімдіктерді жақсы білгендіктен, онымен жанды да, малды да емдеп, жаза алатын дәрежеге жеткен. Ол кезінде ұлы Абайдың әкесі Құнанбайды дәрілік шөптерімен ауыр дерттен жазып шығарған деген сөз бар. Емші шипалы өсімдіктердің гүлінен, жапырағы мен тамырынан дәрі-дәрмек жасағанда, олардың қандай науқастарға ем болатынын табиғи түйсігімен дөп біліп, білігін одан ары дамытқан. Сол емшінің көп ауруға қолданатын дәрілік шөптерінің қатарында біз сөз етіп отырған адыраспан да болған.

Жасыратыны жоқ, адыраспан – барынша улы өсімдік. Оның мұндай қасиеті барын аталмыш өскінді ыстау үшін отқа тигізген кезінде ұшатын ащы түтінінің өзі байқатады. Өсімдіктің химиялық құрамына көз жүгіртсек, бұл сөзіміздің дәлелді екенін анық аңғара түсер едік. Адыраспанның тұқымында 3,5-6 пайыз алкалойд, 60 пайыз гармалин, 30 гармин және шамалы ғана мөлшерде гармалол, пеганин (вазицин) мен дезоксивицинон шөбінің құрамында 1,5-3 пайыз алкалойд, 60 пайыз пеганин мен вазицинон бар. Бұдан басқа аздау көлемде пеганидин, пегамин, дезоксипеганидин, пеганол табылған. Тамырында -1,7-3,3 пайыз, сабағында -0,23-3,57 пайыз, жапырағында – 1,07-4,96 пайыз, гүлінде – 2,82 пайыз, жемісінде – 1,08 пайыз, тұқымында 2,38-4,59 пайыз алкалоидты заттар, хинализин мен индол бар. Ал жас өсімдіктің тамырындағы алкалоидты заттың мөлшері 2 есе көп келеді.

Адыраспанның құрамындағы химиялық заттар:

– гармин (банистерин) – C13H12ON2
– гармалин (гармидин) – C13H15ON2
– гармалол – C12H10ON2
– гарман – C12H10N2
– пеганин (вазицин) – C11H15ON2
– вазицинон – C11H10O2N2
– дезоксивазицинон, дезоксипеганин, пеганидин, пеганол, пегамин, дипегин, хинолин, хинальдин.

Жоғарыда көрсетілген заттардың ішіндегі негізгілері:

Гармалин (C13H15ON2) – өсімдік құрамындағы негізгі алкалоид. Ол жүректің ерекше  бұлшықеті мен жүрек ритмін қалпына келтіреді.Бірақ гармалинді жүкті әйелдергетағайындауңа болмайды,ол жатыр бұлшықетінің жиырылуын күшейтуі мүмкін. Гармалинді мөлшерден тыс қабылдау ағзаны улауы мүмкін.

Гармин (C13H12ON2) –гармалинмен салыстарғанда ағзаның улану қаупі төмендеу,жүйке жүйесін тыныштандыратын қасиеті бар,ағзада серотонинннің жинақталуына әсер етеді. Қазіргі уақытта гармин дәрілік заттар номенклатурасынан алынып тасталған,алайда гармин гидрохлориді туберкулез қоздырғыштарына (Mycobacterium tuberculosis),эпидемиялық энцефалитке,сал және Паркинсон ауруына қарсы жақсы әсер етеді.Бұл алколоид ағзаның психикалық сезімталдығын жоғарылататындықтан «телепатин» деген атқа ие болған.Леонардо да Винчи мен Микеланджело өздерінің шығармашылық қабілетін дамыту үшін адыраспанның осы қасиеттерін қолданған деседі.

Гарман (C12H10N2) – бұл алколоид аз мөлшерде адам мен кей жануарлардың эпифиз үсті безінің құрамынан табылған. Кейбір көріпкелдер гарманның метаболизмі адамның маңдайында,эпифиз бен бір қабатта орналасқан «үшінші көздің» пайда болуына көмектеседі деген жорамалдар айтқан.

Пеганин немесе Вазицин (C11H15ON2) – астма ауруында  бронходилятатор ретінде жақсы әсер етеді.Қазіргі медицинада дезоксипеганин гидрохлоридін шеткі жүйке жүйесінің неврит, миастения, миопатия сияқты аурулары мен тоқ ішек жұмысын емдеуде қолданады.

Пеганидин – микробтар мен стафиллакокқа қарсы белсенді қасиетімен сипатталады.

Осыдан екі мың жыл бұрын  атақты грек дәрігері Диоскорид  адыраспанды алыстан көрмейтіндерге  жасалған дәрілердің құрамына  қосса,жақсы әсер ететінін сипаттап  жазған.

Шамамен мың жылдай бұрын  өмір сүрген ұлы ғұлама ,дәрігер  Әбу Әли Ибн Сина өз еңбегінде адыраспанды буын аурулары мен буын жүйкелерінің(ауырған жерді адыраспан майымен майлау) қабынуында,зәр айдайтын дәрі ретінде қолданғанын жазған.

Қазіргі күнде халық арасында тұмау эпидемиясы кезінде адыраспан түтінімен бөлмені аластап ,тіс парадонтозы кезінде тұнбасымен ауыз қуысын шайып, ішек құрттарды түсіреді деп тұқымын аз мөлшерде пайдаланып,адыраспанның емдік қасиеттеріне сенеді.

Фармакологияда адыраспанды 1928 жылдан бері дәрі – дәрмекке пайдаланып келеді.Адыраспан шөбінен жасалған дәрілер қабыну ауруын, бас, зәр айдауды жақсарту, тер шығару, ішек құрттарын өлтіру, орталық жүйке жүйесін қоздыру үшін қолданылады. Гармин мен пеганин қан қысымын көтереді, тыныс алуды жиілетеді, асқазан мен жүректің жұмысын баяулатады.

Халық емшілері адыраспанды  адамның құяңын, сегізкөздің жүйке  ауруын емдеуге пайдаланған.  Халық медицинасында  адыраспанды буын ауруын емдеуге пайдаланады, қайнатылған суын безгекпен ауырған адамға ішкізеді. Сондай-ақ емшілікте адамның буынын сырқыраудан, аяқ-қолын қақсаудан емдеу үшін адыраспанды қайнатып, сол сумен ауырған мүшені үш мәрте булайды. Жел-құздан қозған буын ауруын емдеу үшін адыраспанның жас сабағын қиып алып, жаншып буынға тарту керек. Суықтан болған ауруға, терісі бөрткен кезде адамды адыраспан суына шомылдырған. Құяңмен ауырған адам адыраспанның сабақ, жапырақтарын қайнатып, күніне ұдайы екі жеті қатарынан ішуі керек. Tic қақсап ауырғанда, адыраспанның шөбімен ыстағаннан кейін басылады. Ұмытшақтық меңдетсе адыраспанды сабағы мен жапырағын бірге қайнатып ішеді.Адыраспан шөбінен қолдан дайындалған тұнбаларды емшілер бұдан да басқа алуан түрлі науқастарды жазу үшін пайдаланады. Айталық, адыраспан тұнбасымен ішкі мүшелерге суық тигенін, малярия, безгек, мерез ауруларын жазған. Сол сияқты емшілер шөптің тұнбасымен ірі қара малдарының қотырын емдеген. Шөптің қайнатпасын невростения және қояншық ауруларына қарсы ішкізеді. Ауыздың қызыл иегі ауырғанда оны сол қайнатпамен шаяды. Бұдан бөлек, адыраспанды іш ауруын алғашқы кезеңінде жазуға жаратады. Адыраспан түтінімен сал ауруын емдейтін де емшілер бар. Оның жапырағын ісікке таңып, булама жасаса, ол тез қайтады. Тағы бір елдерде адыраспанды ішек құртқа қарсы инсекцидтік құрал ретінде қолданады. Көзі нашар көретін кісілерді адыраспанды бал мен шарапқа араластырып емдейді.

Адыраспанды жануарлардың тері ауруларын  қолданғанХалқымыз малдың қотыр,қышыма ауруларына жақсы көмек көрсететінін ежелден-ақ байқаған.

Адыраспанның емдік қасиеттері бұдан да көп. Адыраспан ерітіндісінің ауыл шаруашылығындағы зиянкестермен күресте де орны ерекше.

Ол сонымен қатар ертеден бояғыш зат ретінде кәдеге асады. Оның тұқымынан негізінен жүннен тоқылған бұйымдарды бояйтын бояу алынады. Мәселен, ши тоқымасында әлі күнге дейін адыраспаннан жасалған бояуды пайдаланады.

Көшпелілер кесіртке тәрізді жәндіктер  жараланғанда адыраспанға аунап  жазылатынын байқаған. Малдың қотырын адыраспанды қайнатып жуған.                                         Жүн мен қолөнерде қолдананылатын түрлі жіптерді бояу үшін адыраспанды көп мәрте қайнатып, қызылкүрең түсті бояу алады.

Түркияда  ерте кезеңдерден-ақ адыраспаннан қызыл бояу алып, онымен өздерінің ұлттық бас киімдері–фесканы бояған.

Зерттеу материалдары

2.4.Адыраспанды жинау

Адыраспанды емшілер дәрілік шикізат ретінде шілде айында гүлдеген кезінде жинап алады екен. Алғанда да, сол тұрған бойы бәрін ала бермейді, оның енді пісіп-жетілген бұтақшаларын, жапырағы мен гүлін бір қиқымын жерге түсірмей көлдей орамалға түйеді. Осыдан соң тамырдан жоғары жағынан ұқыпты кесіледі. Кептірер кезде темір шатыр астындағы көлеңкелі, ауа өтіп тұратын жерге қойылады. Осылайша ол екі ай сақталуы керек. Ал тұқымын өскіннің қауашағы ашыла бастаған кезде теріп алады. Оны да төбесі жабық болғанымен, ауа өтіп тұратын бастырма астында кептіреді. Астына мата төсеп, сосын тұқымын шөбі мен қауызынан ажыратады. Осындай жолмен дайындалған өнімдер жыл бойы емдік мақсатта қолданылады.

2.4. Адыраспан тұнбасын дайындау және пайдалану

1.Тұндырма жасау.
1 ас қасық үгітілген құрғақ шөпті 1 стакан ыстық қайнап тұрған суға 1-5 минут салып жабық ыдыста тұндырады. Оны 45 минут суытып сүзіп алған соң пайдаланады. 1 ас қасықты 3-4 рет тамақ алдында ішеді. Ал, халық ішінде дәріні таң атарда ішеді. Бұл  дайындалған тұнбаны күніне 2 – 3 рет суық тигенде және малярия ауруына қолданылады.
2. Қайнатпа жасау.
1 ас қасық үгітілген құрғақ шөпті 1 стакан салқын суға 1-3 сағат ұстап сонан – соң шамалы отқа 30 минут жабық сырлы ыдыста бұқтырып қайнатады. 10 минут суығаннан кейін дәке арқылы сүзеді де 1 ас қасықпен күніне 3-4 рет тамақ алдында ішеді.
3.Адыраспан майын алу

Адыраспанды  ерте көктемде  ескі тесік,жарылған қазанмен  жауып қойған,бір ай шамасында  оны ашып,қазан қабырғасындағы  майлы қабатты қырнап,жинап алған. Бұл майлы зат буын ауруларында қолданғанда жақсы әсер берген.

4.Бұлау   ванналары

Адыраспанның сулы ваннасын  дайындау үшін 100 грамм кептірілген,майдаланған адыраспан шөбін алып,оның үстіне шамамен 15-20 литрдей қайнаған ыстық су құямыз.10-15 минуттан қайнатып, сүзгішпен сүзіп,тазалап,су температурасын реттеп осы ваннада 10 минуттай отыруға болады.Бұлау ванналары бел құяңын,сегізкөз,омыртқа ауруларына,денені суық қысып ауырғанда,ревматизмде жақсы көмектеседі.

Басты ем болатын түрі және әзірлеу тәсілі.

  1. Сабағы  мен жапырағын қайнатып өлшем  бойынша ішсе талма, сал ауруы,  ұмытшақтық, суықтан ми қабыну, тарамыс  ауруына ем болады.
    2. Құстыруға, сабағымен жапырағынан 30 грамм шаншып, 120 мг суға қайнатып шырынын сүзіп алып 90 грамм бал, 60 грамм күнжіт майымен

араластырып ішкізсе дереу құстырады.
3. Бастың созылмалы ауруына талмаға, 50 грамм шөбін 05 литр қызыл араққа қайнатып күніне 30 грамм нан бір ай ішсе жақсы нәтиже береді.
4. Ревматизм ауруларына, күніне 4-6 грамм 15 күн ішсе ауруды басады. Оған зығыр тұқымын қосып жалғастырып ішсе демікпені басады.
5. Тіс ауруына, адыраспанның шөбімен ыстаса, тістің қақсап ауырғаны басылады.
6. Буынның қабынуына жас сабағын жапырағымен лайықты мөлшерде

жаншып,буынға тартады.
Дайындау мөлшері. Сабағы жапырағынан қажетіне қарай 4-8 грамм тұқымынан 01-03 грамм дайындалады.
7. Адыраспан тұнбасымен ауыз қуысын күніне 2 рет шайса  тіс пародонтозында жақсы көмектеседі.

Осы ғылыми жұмыспен айналысу барысында адыраспанның тұнбасын,бұлау ванналарын,адыраспанның майын,қайнатпасын әзірлеудің әдістерін үйрене отырып,оны тәжірибе жүзінде тексердім

1.Адыраспан тұнбасы

а)Қолданылуы-өте аз мөлшерде қабылдағанда(күніне 3-рет 1-шәй қасық) суық тию симптомдарын жазады.Тұмаумен ауырғанда да осындай мөлшерде қолдануға болады.

б)Қолданылуы- сиыр терісіндегі жараны осы қайнатпамен күніне 3 рет жуу арқылы мен оның тез қайта бастағанын байқадым(5 күн)

2.Адыраспан қайнатпасы

Қолданылуы-аз мөлшерде қабылдаса ұмытшақтық,сіңір созылуына ем.Жылы қайнатпаға дәкені малып,тамақ ауруларына компресс жасауға да болады.

3.Адыраспанның бұлау ванналары

Қолданылуы-осы процедураны қолданған жақын туыстарым бел ауруының жеңілдеп қалғанын айтып отыр.

4.Адыраспанның майы

Қолданылуы-таптырмайтын шипалы дәрі,оны буын ауруларына қолданған,-ата-әжелеріміз осы күнге дейін айтып отырады.

5.Адыраспан түтінімен аластау

Қолданылуы- үйді бәле-жаладан,аурудан тазалайды.Мысалы тұмаумен ауырып жатқан адамды адыраспанмен аластаса,ауруы жеңілдейді,себебі адыраспанның ащы түтіні бөлмедегі микробтарды азайтады.

Қорыта айтқанда,ғылыми жұмыстағы келтірілген мәліметтердің бір бөлігі дәлелденген материалдар болса,келесі бірін мен тәжірибе жүзінде дәлелдеп,зерттеулер жүргіздім.Соның нәтижесінде адыраспанның кейбір беймәлім қырларын көрсете алдым,-деп сенемін.

6.Адыраспанның ыстық қайнатпасы

Қолданылуы-осы қайнатпамен тамақты күніне үш рет булау арқылы тамақтың созылмалы ауруларын емдейді.

7.Адыраспан майдаланған  тұқымының зәйтүн майымен араластырылған шипалы қоспасы қоспасы

Осы қоспамен терідегі жараларды емдеуге болады.

Осы  жұмыста жоғарыда көрсетілген  адыраспанды  жинап,кептіру,одан  тұнба,қайнатпа,бұлау ванналары,адыраспан  майын алу,адыраспан тұқымы мен  зәйтүн майының қоспасын алу  т.б.зерттеу жұмыстар жүргізілді.Осы  мақсатта көттеген ғылыми,медициналық  әдебиеттер,ғаламтор ақпараттары  да қолданылды.

Қорытынды

Ертедегі рецептер мен емдеу тәсілдері біздің заманымыздың ғалымдары мен дәрігерлерін таңдандырады, өйткені олар өзінің тиімділігі жағынан заманауи  фармакологиялық препараттар мен емдеу процедураларынан еш қалыспайды.

Әбу Әли Ибн Сина-бұл аса дарынды емші, өз тәжірибесінде мыңдаған емдік шөптерді қолданған, бірақ өкінішке орай, уақыт өте келе ұрпақтар арасында ұмытылып бара жатыр.

Емдік қасиеті  бар өсімдіктер ауруды емдеу мен  оның алдын алуда қолданылады. Сондықтан  да олар ағзаны қолдау және денсаулықты  жақсарту мақсатында  қолданылады. Дәрілік өсімдіктерді қолдану шаң-тозаң, темекі, ауаның ластануы сияқты зиянды факторларды азайтып, жүйке жүйесінің, күш түсуден болған бұлшық еттің шаршауын басады, табиғаттың әсерлерін нейтралдайды.

Атап  айту керек, әрбір жеке жағдайда фитотерапияны  қолдануда маманмен кеңесу қажет. Қазақстан медициналық тәжірибесінде дәрілік өсімдіктердің алуан түрлері қолданылады. Дәріханаларда түрлі ауруларды емдеуде мүмкіндігінше қолданылатын  дайын жиынтықтар сатылады. Соңғы жылдарда дәрілік өсімдіктерден жаңадан препараттар алу бойынша ғылыми жұмыстар жасалынуын атап кеткен жөн.

Адамзат ұшырайтын аурудың  түрі де көп, олардың шығу табиғаты да, емдеу тәсілі де әртүрлі, бірақ жазылу үшін ең бастысы – аурудан айығудағы   науқастың  өзінің ішкі сенімін күшейту. Бұл үшін фитотерапия таптырмас серік бола алады.

Заманауи фитотерапияның ерекшелігіне тоқталсақ, ол ғасырлар бойы жинақталынып, екшеленіп, нәтижесінде дәрілік өсімдіктермен емдеудің түрлі әдістерінің қалыптасуы болып табылады. Науқастың ішкі сезімі мен фитотерапияны бірге қолдана отырып, ауруды емдеуде үлкен нәтижеге қол жеткізуге болады.

Ерте заманнан бері мал  бағумен айналысқан көшпелі қазақ  халқы шөптердің, жалпы өсімдіктердің  емдік қасиеттерін ертеден білген. Әбу Насыр-Әл Фараби,Әбу-Әли Ибн-Сина, Беруни,Әл-Джуржани қазақ халық медицинасының  дамуына әсіресе дәрілік өсімдіктерді тауып пайдалануына зор ықпал  етті. Жер жүзіндегі дәрілердің 40%-ы  өсімдіктен дайындалады екен Қазіргі  кезде шөппен емдеу фитотерапия, үй жағдайында кеңінен қолдануға  мүмкіндік жеткілікті. Ол үшін “дәрісіз ем-домды” дәрілік өсімдіктен іздеуіміз  керек. Бұған дәлел халық нақылы “ Дана көптен шығады, дәрі шөптен шығады,”  “Сенің денеңнің қуаты-өсімдіктің шырынында” -деген медицинасы ілгері дамыған Қытай елінің дәрігері Шин Нон.

Шындығында өзіміз табиғат  берген байлыққа көңіл аудара бермейміз.
Емдік шөптер-үйіміздің жанында, бау-бақшамызда, жол бойларында кездесетін арам шөптер.Өсімдіктер сарқылмайтын қазына емес, сондықтан оларды орынды пайдаланып, қорғай білудің өмірдік маңызы зор.

Соның ішінде ежелден  «қасиетті» деп саналған адыраспанның  шипасы жайлы,оның биологиялық  сипаттамасы,химиялық құрамы,фармаколо-

гиялық қасиеттері жайлы  білу бүгінгі  биологияның  алдындағы  міндет екені даусыз.

Табиғатпен біте қайнасқан  халқымыздың әдет-ғұрпы мен салт-санасында  адыраспанның өзіндік орын алатыны  да кездейсоқтық емес.

«Салтын сүймеген,халқын-сүймес» дегендей,халқымыз қадірлеген дәрілік шөптің қасиетін білу-парызымыз!

Айқындама

Цивилизация дамыған XXI ғасырда  ауру түрлері көбеюіне байланысты,адам  денсаулығын сақтау,қоршаған ортаны  қорғап,оның тылсым   сырларын танып-білу  білімді ұрпақ алдындағы міндет.

Осы еңбектің  де мақсаты шипалы ,қасиетті өсімдік  адыраспанның емдік,фармакологиялық,химиялық  қасиеттерін ашып көрсету.Халқымыздың  адыраспан жайлы наным-сенімдеріне  түсінік беру.

 

You May Also Like

Бала құқығының сақталуы-бақытты балалық шақтың кепілі, ғылыми жоба

Ғылыми жоба тақырыбы: «Бала құқығының сақталуы-бақытты балалық шақтың кепілі» Жобаның бағыты: гуманитарлық…

Баскетбол, ғылыми жоба

Баскетбол ойыны Зерттеу жұмысының тақырыбы: Баскетбол ойыны Бағыты: Этномәдени  Пәні: Денешынықтыру Мазмұны…

Аймақтағы тұрмыстық қалдықтарды тиімді өңдеу жолдары, ғылыми жоба

Аймақтағы тұрмыстық  қалдықтарды тиімді  өңдеу жолдары Жұмысты орындаушы: Нугурбек Тоқтар Қазбекұлы Жобаның…

Иррационал теңдеулер мен теңсіздіктерді шешудегі ерекшеліктері, ғылыми жоба

Жұмыстың  тақырыбы:  «ИРРАЦИОНАЛ ТЕҢДЕУЛЕР МЕН ТЕҢСІЗДІКТЕРДІ ШЕШУДЕГІ ЕРЕКШЕЛІКТЕР» МАЗМҰНЫ КІРІСПЕ………………………………………………………………………………………………………….3 1        ИРРАЦИОНАЛ…