«…Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,

Жоқ,барды ертегіден термек үшін.

Көкірегі сезімді, тілі орамды,

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін…»

Абай Құнанбаев

Ең алдымен біздің басты кейіпкеріміз, яғни «Абай Құнанбаев кім?» соған тоқталып өтсек. Абай Құнанбайұлы – сөз, ой және рух алыптарының бірі, оның туындылары қазақ халқының рухани байлығы мен мақтанышы ретінде қабылданып, бүкіл адамзаттың мәдени құндылықтарының қазынасында мәңгілікке ие болды. Абайдың ұлылығының бір қыры – оның поэзиясында, проза мен аудармаларындағы құрылым мен мазмұнның үйлесімділікке жетуінде. Осындай гармонияға ұдайы талпыну жолында ол замандастары мен келешек ұрпақтар оны түсінсін деп өзінің поэтикалық тілін жетілдірді. Оның шығармашылық жұмысы көпқырлы: ақын, ойшыл, ағартушы, рухани ұстаз және композитор. Ол әлі күнге дейін халықтың санасын оятып, қазақтарды рухани жетілуге жетелейді.

Қазіргі кездегі ән өнеріміздің алғашқы мәні бұрмаланып, ұлттық дәстүрдің құлдырау шағында әркімге де бақытты өмір жолынан адастырмайтын тұрақты нысана керек. Біз ол нысананы Абай ілімінен таба аламыз. Бұл туралы президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың ұлы ақынның 1995 жылы болып өткен 150 жылдық мерейтойында сөйлеген сөзінде айтқан мына салихалы ойы кімге  болса да бағыт бергендей болады: «…Абай әлемі бізді жеті түнде адастырмас темірқазық іспетті. Соған қарап, тірлігіміздің дұрыс-бұрысын сараптай аламыз. Ойткені, жанды жегідей жеп жүрген көп сауалдың жауабын Абай әлдеқашан айтып кеткен. Абайды оқып отырып-ақ, көштің басын баяғыда-ақ жөнге салып алуға болатын еді. Сорлатқанда, біреудің уақыты жетпейді, біреудің ұғымы жетпейді, біреудің атымен зауқы жоқ. Қазіргідей заманда Абай жырларын айына емес, аптасына емес, күніне бір үңіліп қоймай болмайды. Сонда ғана жан қинап жүрген қай күмәннің де бәріне жауап таба аласың.»

Көргені , білгені көп, рухани аса бай Абай тек ән шығарып қана қойған жоқ. Ол сол мезгілге қарай үлкен сыншы, біліп баға беретін адал төреші болды. Ол тек өз әндері туралы емес, жалпы музыка жайлы, ән,күй айналасында орындаушылық мәселесінде терең, философиялық пікірлер айтып кетті. Өмір шымылдығының музыкамен ашылып, музыкамен жабылатындығын, дүниеде музыкасыз ешбір кезең жоқ екенін айтып кетті:

Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойына кірер денең,-

деп, бесіктен көрге шейін музыканың жолдас болып жүретінін дәл көрсетті.

Поэзияның тілі жетпеген жерде Абай өлеңге ән қосты. «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деген Абай музыкасының да адам өміріндегі орнын, оның поэзиямен қосылғанда күші арта түсетінін сезген.Абай әнді ермек үшін де, қосымша кәсіп болсын деп те шығармаған. Ол жан сырын халыққа тек поэзия тілі арқылы ғана жеткізуді місе тұтпай, сонымен бірге халқымен музыка арқылы да тілдесуді жөн көрген.

Абай Құнанбаев бала кезінде қазақтың шексіз даласы, халықтың рухани Меккесіне айналған Семейдің медресесі мен орыс мектебінде орыс тілі мен әдебиетін, шығыс тілдері мен философиясын шыңдап оқиды. Әкесі медреседен алғаннан кейін Абай дала өмірін, байлардың бір-бірімен қарым-қатынасын, олардың арасындағы қайшылық, ұрыс, сатқындық атмосферасын көреді.

Абай шығармашылығындағы сын

Абай шығармаларында өмірдің әр алуан жақтары қамтылады.  Ақынның көтерген негізгі мәселесінің бірі, өз тұсындағы жұртшылық кемшілігін сынға алу болды. Бұл жөнінде өз көзімен көрген, өз басынан кешірген жағдайларды да сөз етті ол. Ел есіне, қоғамдық мәсеелерге тікелей араласа келіп, Абай әділетсіздікті көрді. Бай-феодалдардың қулық-сұмдығын, зұлылымдығын әшкереледі., би-болыстардың бүлдіргіштік әрекетін ашты.

«Ояз шықты, сыяз бар…»

«Ылау» деп, «үй» деп дікілдеп.

Сасып қалдым, күн тығыз…

Қарбаңдадым өкімдеп,

Старшын, биді жыйғыздым:

«Береке қыл» деп, «бекін» деп,

« Ат жарамды, үй жақсы

Болсын, бәрің күтін» деп.

Қайраттанып халқыма,

Сөз айтып жүрмін күпілдеп:

«Құдай қосса жұртымның

Ақтармын осы жол сүтін» деп.

Қайраттысып, қамқорсып,

Сайманымды бүтіндеп,

Оңашада оязға

Мақтаймын елімді,

Өз еліме айтамын:

«Бергемін жоқ», – деп, – белімді.

Бұл өлеңде би-болыстардың зымияндық әрекеттерін ақын ашып көрсетеді. Пара мен байлық арқылы ел билеуді қолына алған би, болыстардың ар-ұяттан айрылып, халық мүддесін, ел мұңын, шен-шекпенге сатушы жебірлер екендігін шенейді. «Болыс болдым мінекей» деген өлеңінде Абай шен-шекпенге сатылғандарды ғана емес, көз бояушы екіжүзді ел әкімдерінің ішкі сырын ақтарып, сол кездегі әлеуметтік өмір жайын елестетеді. Ояз оязға жағымпазданса, жұрт көзінше елдің қамын, халықтың мұңын жоқтап жүрген тәрізді болып көрінеді де, өтірік уәде, жалған сөздермен ел үшін бүлдірген парақор болыстың бейнесін береді:

Күн батқанша шабамын

Әрлі-берлі далпылдап…

Оязға жетсін деген боп,

Боқтап жүрмін барқылдап…

Пысықтың көбі бұғып жүр,

Беттесе алмай шаңқылдап,

Ашылып омырау, күн ыстық,

Қойын кетті алқылдап…

Кәкір-шүкір, көр-жерді

Пайда көріп ептеймін…

Бұзақының бүлігін

«Жақсы ақыл» деп «құп» деймін, –

деп, олардың күні бітіп бара жатқан үрейлі түрін сықақ етеді де, халыққа жексұрын етіп көрсетіп, мысқылдап күледі. Халық басындағы ауыртпалықтарды көріп Абай қатты күйзелді. Ізгілікті аңсаған Абай, құлаш ұрып, қарманып, шығар жолды іздеді. Өнер де ізгілік те, болашақ та орыс халқында деп түсінді. Сондықтан Пушкин, Лерментов шығармаларын қазақ тілінде аударып, қазақ даласына кең таратып, халықты рухани жағынан азықтандырып отыруға күш салды. Крыловтың мысалдарын (басняларын) аударып қазақтың бай-феодалдарын мазақ етіп, күлкіге айналдыруға құрал етіп пайдаланады.

Сонымен бірге, Абай сол қоғамдағы адамдардың өзара қатынасын, типтік жақтарын өз шығармаларында ашып көрсетіп, оларға тән мінез-құлықтарды жинақтап шебер суреттеп отырады.

Арын сатқан мал үшін ант ұрғанның

Айтқан сөзі құрысын шыққан үні…

Алыс жақын қазақтың бәрі қаңғып,

Аямай бірін-бірі жүр ғой аңдып…

Абай заманына наразы бола тұрса да, өмірден торықпайды. Сары уайымға салынбайды. Болашаққа үмітпен қарап, алдағы өмірге сенеді.

Бұқара халықтың үнін шығармай тежеп ұстауда, патша чиновниктері қазақтың би-болыстарын әрқашан қолдап отырды. Оларға дем беріп, ел ішінде дау-жанжалды өршіте түсті де, Абай сияқты халық қамын ойлаушыларды бас көтерпей тұқыртып ұстауға бар күшін салды. Осындай жағдайды терең ұғынып, өз көзімен көрген ақын, ел басқару істеріндегі әртүрлі зұлымдықтардың бетін аша отырып, құрып бара жатқан таптың дәрменсіз әрекеттерін әшкерелейді:

Барып келсе Ертістің суын татып,

Барып келсе бір арыз бұтып-шатып,

Елді алып, Еділді алып есіреді,

Ісіп-кеуіп, қабарып келе жатып.

Әрі-бері айналса аты арықтап,

Шығынға белшесінен әбден батып,

Сұм-сұрқия, қу, білгіш атанбаққа

Құдай құмар қылыпты деп қоймаған соң,

Шаптырады қалаға бай да андатып.

Күшті жықпақ, бай жеңбек әуел бастан

Қолға түсер сілесі әбден қатып.

Жаны аяулы жақсыға қосамын деп,

Әркім бір ит сақтап жүр ырыцлдатып.

Міне осылай бай-феодалдардың өзара әкімдікке таласып, өтірік , жала, жалған куәлік өткізіп, ар-ұяттан айрылған жат мінездерін әшкерелейді.

Н.Г.Чернышевский өнер жөнінде айта келіп былай дейді: «Өмірді айнытпай суреттеп, көзге елестету деген – өнердің жалпы ерекше белгісінің бірі. Өнердің мәні де осында. Кейде өнердегі шығармалардың басқаша да мәні бар. Ол өмірді жай ғана түсіндірушілік: олар көбінесе өмір құбылыстары туралы үкім мағынасында болады». Абай өз шығармаларында өмір картинасын көркемдікпен суреттеп бере отырып, қоғамдық өмірдің ішкі жағдайын қатты сынға алады да, зілді күлкімен мінеп, сөгеді. Ол кезде ұлыққа жағыну, өтірік шағым беріп, ел ішін бірін – біріне өшіктіріп отыру, қазақ даласында етек алып, үстем таптардың негізгі әдетіне айналған құбылыс еді. Осыны дер кезінде көре білген ақын, ел ішін бүлдіріп, қыян-кескі дау-жанжалды тудырушылар тек – феодалдар, олардың сойылын соғушы атқамінерлер екенін шығармаларында ақиқаттылықпен суреттейді. «Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып» де пулы сөзбен бүреді.

Ұлы ақын өмір шындығын айтуда әлеуметтік қоғам құрылысындағы ел билеу тәртібінде болған зұлымдықтарды ғана сөз етіп қойған жоқ. Ел ішінде етек алған қоғам құрылысының ішкі жағдайларында бай-феодал, әкім-төрелердің мал-мүлкі ұрлық, қарлықтан жиналғандығын да ашып көрсетті.

Абай өмір сүрген дәуірде, әрбір ел билеуші әкімдер төңірегінде содыр-сотқарды жинап, қолтықтарына су бүркіп отырды. Сөйтіп, кімді қырына алса, соның малын айдатып алып, момындарға теңдік бермей, ұрыларын қолтығының астынан шығармай келді. Сондықтан, ел ішінде ұрлық көбейіп, момын шаруаларды зар қақтырып, малдарын берсе қолынан, бермесе жолынан алып, теңдік бермей теріс айналып кетіп отыру, үстем таптың озбырлық әрекеттерінің бір түрі болған еді. Абайдың:

Ұрлықпен мал табам деп,

Егессе ауыл шабам деп,

Сүйтіп Құдай атады –

дейтіні де осындай себептерден туған өмір шындығы.

Сонымен бірге Абай бұл сияқты жағдайларды сынай отырып, оның түпкі түйіні неде жатқандығын, әсіресе, қара сөздерінде айқындай түседі. «Осылай біріне бірі достық ойлай ала ма? Кедей көп болса, ақысы кем болар еді деп, мен ананы кедей болса екен деп, әуелде ішімізбен қас сағындық. Әрі-беріден соң сыртымызға шықты, жауластық-дауластық, партияластық. Осындай қастарға сөзім өтімді болсын, және де ептеп мал жиюға күшім жетімді болсын деп, қызметке, болыстыққа, билікке таластық… Ұрылар тыйылмайды. Ел тыныш болса, оның ұрлығын ешкім сүймес еді. Ел екі жар болған соң, кім ант ішіп ақтап, арамдығын жақтап сүймеймін десе, соған жақ болып сүйеніп, бұрынғыдан ұрлығын әлденеше есе асырады». Абай кекті ызамен әкім-төрелердің қылмысты істерін ақтармалап, өткір тілмен мінеп, сөгеді. «Осы елдің үнем қылым жүргені немене? Екі нәрсе: әуелі-ұрлық, ұры ұрлықпен мал табады деп жүр; мал иесі, артылтып  алып тағы да баимын деп жүр, ұлықтар «алып берем» деп, даугерді жеп, «құтқарам» деп, ұрыны жеп жүр.

…Ұлықтар «пәлі-пәлі!» бұл табылған ақыл екен деп, мен сені бүйтіп сүйеймін деп, ананы жеп, сені бүйтіп сүйеймін деп, мынаны жеп жүр».

Қоғам құрылысындағы бұл сияқты ар-ұят, адамгершіліктен безген қанаушы таптың азғындаған кейпін, халық басындағы ауыртпалықты Абай дұрыс және шебер көрсете алды.

Қазақ ауылындағы осы сияқты қымқиғаш , дау-шар мен ұры-қарыны, содыр-сотқарды, екіжүзді, зымиян ар-ұяттан безгендерді сынап, олардың мінін көрсете отырып, Абай жұртты көбінесе адамгешілікке шақырады. Адал достық, шын махаббатты аңсайды. Абай келешекке қол созып жаңа адамдарды, жаңа дүнеиені арман етеді. Соны таппақшы болып шарқ ұрып ізденеді. Ол үшін, жақсылық пен жамандықтың, ізгілік пен зұлымдықтың арасына шек қоя отырып, феодалдық салт-сана, әдет-ғұрыпқа жиіркене қарап, халықты ізгілікке, адамгершілікке үндейді.

Жақынның сөзі тәтті деп,

Жақыным айтты дей көрме.

Надандықпен кім айтса,кім айтса,

Ондай түпсіз сөзге ерме,

Сізге айтамын, қаупім – бұл.

Мінез-құлықты түзеуде Абайдың данышпандықпен айтылған бұл тәрізді пікірлері шығармаларында үнемі желі тартып, әлеуметтік қоғамдық мәселелермен ұштасып келеді.

«Болмашы кекшіл,

Болсайшы көпшіл

Жан аямай кәсіп қыл» –

дей келе, бір жағын еңбек мәселесіне әкеліп тірейді.Сөйтіп, жақыным деп жалған істі жақтаушы  болма деген пікірін дамытып айқындай түседі де, түпкі түйіні неде жатқанын ашып көрсетеді.

Біреудің жақсылық істерін көре алмай, соның жағасынан алып,  аяғынан шалып, кедергі келтіруге тырысатындар үстем таптардың арасында аз болған жоқ. Бірін-бірі күндеуден басқаны білмейтін кертартпалардың етек алып, қанат жайғанын көрген ақын, халық мүддесіне жат істерден кейінгі жастарды сақтандырып отырды.

Өткен өмірдің кертартпалары жақтарын қазбалап суреттеген Абай:

Өзіңде бармен көзге ұрып,

Артылам деме өзгеден.

Күндестігін қоздырып,

Азапқа қалма езбеден –

дейді.

Мұнда ақын екі түрлі нәрсені аңғартады. Біріншіден, өнерімен көзге түсен біреудің соңына түсіп, соны жоқ етіп барып, зұлымдықпен елдің алдына түсем деп ойлама деп ескертсе, екіншіден , пәлелі жанға жолама, жармасудан жалықпас дегенді түйеді. Әрине, Абай өмірдің әр қилы жақтарына көз жібере отырып, бір жағынан ақыл айтып, халық мүддесіне қайшы келетін жат мінездерден сақтандырып отыруға әруақыт күш салады.

Мұны Абайдың тұстас-замандасы Ыбырай Алтынсарин да көтерген еді:

Әй, жігіттер, үлгі алмаңыз

Азғын елдің ішінен.

Алыс-алыс қашыңыздар

Зияндысы кісіден .

Жақсыны көзден салмаңыздар,

Жақсыдан қапыл қалмаңыздар,

Өзі болған ерлердің

Аяғынан алмаңыздар.

Бұл Ыбырай мен Абай өмір сүрген дәуірдегі қоғамдық құрылысты, адамдардың өзара қарым-қатынасын сипаттайтын шығарма. Мұнда ақын феодалдық қоғамдағы азғындаған адамдардың қулық-сұмдығынан сақтан  дей отырып, халықтың қамын ойлайтын ерлердің аяғынан алма, көре алмаушылықты қоздырма, жақсының жақсылық ісінен ғибрат ал дейді.

Алтынсариннің бұл пікірі Абай шығармаларында көтерілген демократиялық идеямен үндес келеді де, адам мінездерін сипаттауда Абай көтерген афоризмдермен өзектесіп жатады.

Абай шығармаларында өмірді жан-жақты қамтып, терең топшылаудан туған кең пікірлер, жинақты ойлар,афоризмдер мейлінше көп. Абай «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңінде:

Ақыл сенбей сенбеңіз,

Бір іске кез келсеңіз.

Ақсақал айтты, бай айтты

Кім болса мейлі сол айтты –

Ақылменен жеңсеңіз.

Надандарға бой бермей,

Шын сөзбенен өлсеңіз –

деп шындықты шыңға көтереді. Мал-мүлікке семіріп, күш көрсетіп, көкірек керген бақ құмарлардың бет-пердесін ашады. Шындыққа сүйену, адалдық, әділеттікке таласу – адамдықтың борышы деген пікірін үлгі етіп ұсынады.

Абай адамдардың өзара қарым-қатынастарында болған мінез-құлықтарды ашып көрсетуде, көбінесе, афоризм – нақыл сөздер арқылы береді. Өмірдің әр алуан жақтарына көз жіберген Абай:

Сөзіне қарай кісіні ал,

Кісіге қарап сөз алма.

Шын сөз қайсы біле алмай,

Әр нәрседен құр қалма! –

деп, қорытынды пікірін түйеді, халық мүддесіне қайшы келетін істерден қашықтатып, сақтандырады. Осы сияқты өмір тәжірибесіне негіделгендіктен Абай афоризмі әрі айқын, әрі өткір болып келеді, оқушыны өзіне тартып қызықтырып, үнемі рухтандырып отырады.

Ұлы гуманист Абай, арам пиғыл зымыяндарды сөге отырып, бір жағынан түзетіп жөнге салмақшы болады.

Құйрығы шаян, беті адам,

Байқамай сенбе құрбыға!

Жылмаңы сыртта, іші арам

Кез болар қайда сорлыға .

Ары кеткен алдағыш,

Мені-ақ алда сөкпейін,

Балы тамған жас қамыс

Ормасаңшы көктейін.

Мұнда Абайдың ашынған үні, кекті наразылығы жатыр. Өйткені, бұл – өмірдің ақиқаттық шындығынан туған зілді үкім.  Сондықтан да ақыл ащы тілімен мінеп сөгеді. Екіжүзділердің айқын бейнесін береді. Орға жығып, түк көрмегендей болып қарап тұратын кейбір адамдардың зұлымдық әрекетін көріп, ондай арам ниетті адамдардан жастарды сақтандырады да, достыққа, адалдыққа үндейді.

Данышпан ақын әйелдердің негізгі мәселесінің бірі етіп бас бостандығын шығармаларында негізгі мәселенің бірі етіп көтеріп, отырады. Абай өз шығармасында ескі әдет-ғұрыпқа өлтіре соққы беріп, әйел теңдігі мәселесін қазақ әдебиетінде бірінші рет көтереді:

Сән-салтанат жұбантпас жас жүректі,

Кім де болса тұрғысын көксемекті

Мезгіл өткен дәуренді қуалаған

Неғылсын бір қартайған қу сүйекті…

Кінәсіз бәбішемен болады араз…

Біреуі – көк балдырған, бірі – қурай,

Бір жерге қосыла ма қыс пенен жаз?

Әйел басында болған бұл сияқты ауыр трагедияны көрген Абай, мал-мүлік, байлық, салтанатқа мастанған кәрі шалдарды ажуалайды. Әйел басын допша домалатып, азаматтық арына дақ салмақшы болғандарды мінеп сөгеді.

Есерлер жас қатынды тұтады екен,

Жас қайғысын білдірмей жұтады екен –

деп, әйел мұңын, олардың ізгілік тілегін, аңсаған арманын үнемі жоғары қойып отырады.

«Етімді шал сипаған құрт жесін» деп,

Жартастан құлапты терең суға –

деп, жастың азат басын, озбырлыққа көндіргісі келмейді.

Абай әйел теңдігін сөз ете келіп, лирикалық шығармаларында сүйіспеншілік, махаббат мәселесіне де ерекше көңіл аударады. Азаматтық бостандықты сөз еткенде: жастардың тауып сүйгеніне қосылу мәселелерін көтеріп отырады да, мұны шығарманың арқауы етіп алады.

Шын көңілмен сүйсе екен кімді сүйсе,

Бір мінезбен тұрса екен жанса, күйсе –

деп, айнымас махаббат, шын достықты аңсайды.

Абай лирикасында сүйіспеншілік махаббат мәселелері шығыс әдебиетінің стилі бойынша жүрген адамдардың өмірінен алынады. Сол сияқты Абай сипаттайтын сүйіспеншілік мәселелерінде қыз бен жігіт бір-бірлерін көзген кезде күйреп түсіп, махаббат отының құрбаны болып кетпейді. Бұл жағынан алғанда да Абай лирикалары шындықтың айқын айғағы болып отырады. Әйел теңдігін Абай жоғары қояды да, олардың азаматтық еркіндігін үнемі қорғап отырады.

Абай өмірдің әр алуан жақтарына көз жіберіп, қазақ аулындағы тап теңсіздігін, кедей мен байдың арасыгдағы үзілмей келе жатқан қайшылықтардың бетін ашады. Бұл жөнінде Абай ең алдымен бай мен кедей арасындағы шиеленіскен тартысты көреді де үстем таптың кедей-жалшыларды аяусыз қанап отырғандығын сипаттайды, олардың қолына жиналған байлық кісі еңбегін аяусыз қанаудан туғандығын көрсетуге күш салады. Кедей-жалшылардың ауыр халін, қайыршылыққа айналған аянышты тұрмысын ақиқатпен өте шебер сипаттайды.

Абай қанаушы тап пен еңбекші бұқараның арасындағы қайшылықты сипаттағанда пейзажды көбірек пайдаланып, қазақтың әлеуметтік өмір тіршілігі мен табиғат құбылысын байланыстырып көркем образды жасап отыруға өте шебер. Бұл Абай шығармаларында айрықша орын алып, табиғат құбылысын адам әрекеттерімен байланыстырып кейіптеу арқылы беріледі. Күздің ызғарлы желін, көк майса шалғын, гүл жапырағынан айырылған өңсіз қарлы-жаңбырлы кезді көздің алдынан өткізе келе, күз күзетте отырғандай кедей, жалшылардың киімсіз, үйсіз ауыр тұрмысын суреттеуге күш салады. Көшпелі өмір тұрмысы қалың бұқараға қаншалықты ауыр болғандығын үнемі елестетіп отырады.

Кедейдің өзі жүрер малды бағып,

Отыруға үзбей жоқ отын жағып.

Тоңған иін жылытып, тонын илеп,

Шекпен тігер қатыны бүрсең қағып.

 

Жас балаға от та жоқ жүрген маздап,

Талтайып қақтана алмай, өле жаздап,

Кемпір-шалы бар болса, қандай қиын,

Бір жағынан қысқанда жел де азынап.

 

Кәрі қой ептеп сойған байдың үйі,

Қар жерінде кедейдің тұрсын күйі.

Қара қидан орта қап ұрыспай берсе,

Ол да – қылған кедейге үлкен сыйы.

 

Қар жауса да тоңбайды бай баласы

Үй жылы, киіз тұтқан айналасы.

Бай ұлына жалшы ұлы жалцынышты,

Ағып жүріп ойнатар көздің жасы.

Еңбекші бұқараның ауыр тұрмысы, кедей, жалшылардың аянышты халі бұл өлеңде өте айқын суреттелген. Қазақ ауылындағы тап теңсіздігінің негізгі түйіні үстем таптың кедей , жалшылардың еңбегін аяусыз пайдаланып, үнемі қынап отырғандығын ақын терең сипаттайды. Бай үйінің отымен кіріп, күлімен шығатын кедей өмірі, аяз бен боранға ұры мен бөріге қарсы тұрып, мал соңында жүрген жалшының ауыр тұрмысы Абай шығармаларында айрықша орын алып отырады.  Қазақ халқының көшпелі тұрмысында кедей, жалшылардың ауыр халін көрген ақын, кедей отбасының бірде-бірі қалмай, әкесі де, баласы да, анасы да түгелдей дерлік байдың қызметшісі болғандығын образдылықпен суреттейді. Кедей, жалшылардың ауыр тұрмысына жаны ашып, күйзеледі.

Жалшы үйіне жаны ашып ас бермес бай,

Артық қайыр артықша қызметке орай –

деп, кедей, жалшылардың еңбегін қанап отырған бай, феодалдарды қатты сөгіп, қазақ ауылындағы тап теңсіздігінің бетін ашады. Абай дін мәсілесіне келгенде де, дін иелерінің халықты алдап, келгендігін нағыз  реалистікпен көрсетті.

Наданның көңілін басып тұр

Қараңғылық пердесі….

Кітапты молда теріс оқыр

Дағарадай болып сәлдесі,

Малқұмар, көңілі бек соқыр,

Бүркіттен кем бе жем жесі?!

Міне, бұл – дін иелерінің қараңғы халықты тұншықтырып ұстап, амал-айла мен мал жинап, бұқара халықты үнемі езіп отырғандығын сипаттайтын өткір сатира. Демократиялық идеяны көтере отырып, патриархалдық – феодалдық қоғам құрылысына қарсы күрес ашып, үстем таптарды батыл сынап, жауыздық әрекеттерін үнемі әшкерелеп отырды

Жүрегіңнің түбіне бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла,

Соқтықпалы соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!

Міне, бұл өмір шындығы. Адал ойдан шыққан асқақ сөз. Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өскен Абай өз заманын түзетпекші болады. Алысады, күреседі, әділеттік іздейді. Содыр-сотқар қисық-қыңырды, озбыр зұлымдарды, топас әкімдерді міней отырып, тіл найзасын түйреген ақын, творчествосын күрес құралы етіп пайдаланады. Абай, бұқара халықтың мұңын жоқтап, қараңғылықтан жол іздейді. Ұлы ақын келешегіне үміттене қарайды. Ұлы орыс халқын құрмет етіп, аға тұтады. Сондықтан да ұлттар достығын шығармасының арқауы етіп алады. Ұлт араздығын қоздырушыларға қарсы аттанады. Орыс халқының мәдениетінен үйренуге шақырады. Пушкин, Лерментов, Л.Толстой, С.Щедринді қазақ жастарына үлгі етіп ұсынады. Орыстың классикалық әдебиетінен нәр тауып, әлеуметтік ой-пікірінен азықтанып отырады. Халықты оқу, өнерге үндейді, еңбекке шақырып, отырықшы мәдениетті елдің кәсібімен шұғылдануды ұсынады да әлеуметтік өмірге көзқарасын ашық айтып отырады.Өнер де, білім де, бәрі орыста, орыс тілін үйрен, көзің ашылады, орыс мәдениетіне ұмтыл децй отырып, болашаққа зор сеніммен қарап, қазақ халқының арасында орыс халқының мәдени мұрасын кең таратуға барлық күшін сала кіріседі.

Абай – осы сияқты  озық идеяларымен ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінде айрықша орын алған қазақ халқының классик ақыны, өз заманының шындығын ақиқаттықпен шебер суреттеген суретші, кейінгілерге өшпес мұра, асыл қазына қалдырған сыншыл реалист.

Ұлы ақын өзінің тамаша шығармаларында сол кездегі дәуір шындығын реалистік түрде бейнеледі; қараңғылыққа, кертартпалыққа қарсы аянбай күресті. Халқын өнер-білімге жетілуге, орыс халқымен достық қатынасты нығайта беруге және оның озық ойынан нәр алуға шақырды. Абай мұрасының бағалылығы мен мәңгі жасайтындығының негізгі түйіні осында.

You May Also Like

Түстердің адам психологиясына әсері, ғылыми жоба

Тақырыбы:Түстердің адам психологиясына әсері І. Кіріспе …………………………………………………………………………………………….. ІІ. Негізгі бөлім  2. 1…

Әке – тірегің, ана – жүрегің, сабақ жоспары

Пәні: Қазақ тілі                  …

Дұрыс тамақтану-денсаулық кепілі, ғылыми жоба

Дұрыс тамақтану- денсаулық кепілі Біздің тамағымыздың пайдасы мен зияны Мазмұны: Кіріспе І.…

Отанын сүйген ұлтжанды ақын, ғылыми жоба

Ғылыми – зерттеу жұмысы Тақырыбы: «Отанын сүйген ұлтжанды ақын» Ғылыми жұмысты жазған:…