Мектеп – кеме, білім – теңіз

Адамның адамшылдығы..

жақсы ұстаздан болады.

Абай Құнанбаев

«Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет» -деп Бауыржан атамыз айтқандай-ақ, ұстаздық ету ұлағатты іс. Ұстаз болу балаға тек білім беру ғана емес, оны адамгершілікке де тәрбиелеу деп түсінемін. Сондай-ақ ұстаз боламын дегендердің бәрінде осындай түсінік қалыптасу керек деп білемін. Дәл осы мамандықты таңдағанда, адам білімді болып қана қоймай, баланы түсіне алатындай болуы керек екенін аңғаруы тиіс. «Ұстазы жақсының, ұстамы жақсы» дегендей, бала ұстаздан үлгі алады, сондықтан осы мамандық иесінде адамшылық қасиеттерінің болуы маңызды. Ұстаз – ұлы да аяулы тұлға екеніне дәлелдің де қажеті жоқ, себебі ол бала үшін бәрін білетін, мейірімді жан.

Міне, осындай мейірімді жандардың бірі, Шығыс Қазақстан облысынан шыққан әйгілі педагог, қазақтың Хан-апасы – Қанипа Бітібаева. Қазақтың Хан-апасы атанған мерейлі ұстаз туралы пікірлер аз емес, әрі одан үлгі алатындар да жетерлік. «Бітібаева Қанипа Омарғалиқызы – әдебиетті оқытудың өрісі кең, өзгеше жүйесін қалыптастырып жүрген шын мағынасындағы ұстаз, санаулы тұлғаларымыздың бірі» дейді педагогика ғылымдарының докторы, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры Құрманбаева. Және ол қателеспеді де, Ұлы ұстаз туралы ойын нақты жеткізді. Сонымен қатар Қанипа Бітібаева сіңлісі Бақытгүл Ауғанбаеваға: «Бақытгүл, ұстаздық жүрекпен істейтін жұмыс, біреудің баласын өз балаңдай жақсы көріп, сүйетін болсаң ғана, жұмысың жемісті болады» деп жиі айтыпты. Бақытгүл Ауғанбаева да апайы сияқты ұстаз болып жұмыс істейді екен. Содан болар Қанипа Омарғалиқызы сіңлісіне ылғи да ұстаздың қандай болуы керектігін айтып отырыпты. «Тағы бір жолы сіңлісі әрі әріптесі ретінде маған: «Бақытгүл, сен мені жақсы көрсін деп қызмет істеме, сені жақсы көрудің қажеті жоқ. Сен ұстаздық мамандықты таңдағаннан кейін баланың жүрегіне ғана жол табуың керек» деп еді» деп айтқаны да бар. Осы сөздерді Бақытгүл Ауғанбаева төрт жыл бұрынғы сұхбатында айтып беріпті. Осыдан кейін Қанипа апамызды «Қазақтың Хан-апасы» деп бекерден бекер атамағанына шүбәм жоқ. Сол атқа лайық екені сөзсіз, оған ешкім де күмән келтіре алмайды. Осындай ұлағатты ұстазды тіпті «Ұстаздардың ұстазы» деу ешқашан да артықтық етпейді және асыра сілтеу де емес. Қанипа Омарғалиқызы: «Мен өзі негізінен Тарбағатай өлкесінің перзентімін ғой. Бала күннен-ақ әкем де, анам да «Сен мұғалім боласың, артыңдағы бауырларыңды өсіріп жеткізесің» деп айтып отыратын. Бұл мамандыққа мен аяқ астынан келе қалған жоқпын. Мұғалім мамандығына жан-тәнімменен, балалық романтикалық сезімімменен мақсатты түрде келдім» деп айтқан екен кезінде бір сұхбатында.

Сонымен, «Жақсының аты өшпейді» демекші, «Әдебиетті оқыту әдістемесі», «Әдебиетті тереңдетіп оқыту» сынды тағы 29 әдістемелік құрал мен оқулық жазған және 70-тен аса мақаланың авторы Қанипа Бітібаева көңілімізде мәңгілікке қалады деп сенемін. Қазіргі кезде Өскемен қаласындағы көшелердің біріне Қанипа Бітібаева апамыздың аты берілген. Қазақтың Хан-апасы – жадымызда өмір бойына сақталатын дара әрі дана тұлға. Біз үлгі-өнегені осындай біртуар, дана адамдардан алуымыз керек екендігі айдан анық. «Қазақтың Қанипасы» туралы қаншама мақала, қаншама эссе жазсаң да айтып тауыса алмайтындай көрінеді.

You May Also Like

Ұлы Отан соғысы батыры, эссе

“Ұлы Отан соғысы батыры” тақырыбына эссе «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын…

Уильям Ригли, эссе

Эссе Уильям Ригли – Америка Құрама Штаттарындағы сағыз нарығындағы көшбасшылардың бірі болған…

Тәуелсіздікке 30 жыл! эссе

Тәуелсіздікке 30 жыл! Әр адамның өз Отаны бар. Туған жер -адамның кіндік…

Өмірімнің өзгеруіне әсер еткен эссе

Өмірімнің өзгеруіне әсер еткен…  (эссе) Біз осы бес кундік өмірге келгеннен кейін…