«Он жетіде от кешкен»

Сұлтан Балхаев 1925 жылы  сиыр жылының күзінде Маңғыстаудың Оғыландысында, Ер Бекет қорымы төңірегінде дүниеге келген. 1931 жылы күнкөріс қамымен Түркменстанға көшкен ағайындарымен бұл да сонда кетеді. 1933 жылы мектеп табалдырығын аттаған Сұлтан 7 – класты үздік бітіріп, есепшілік курсқа түседі. Оны бітіргеннен кейін Красноводск ауданына қарасты Куйбышев атындағы колхозға есепші болып орналасты. Осы жұмыста жүргенде Ұлы Отан соғысы басталды. Көппен бірге соғысқа аттанған кезде Сұлтан бар болғаны он жеті ақ жаста еді. 1942 жылдың 23 қазанында атам Красноводск қаласынан майданға аттанған.

1943 жылғы тамыздың  23 – інде Украинаның ірі өндіріс орталығы Харьков қаласы жаудан азат етілді. Осы оқиғаға арналған салтанатты митингіні Харьков қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Чураев ашып, майдан қолбасшысы И.С.Коневке сөз берді. Шевченконың зәулім ескерткішінің түбінде өткен бұл салтанатты жиында осы ұлы шайқасқа қатысқан әскери құрамаларға, оның ішінде құрамында Сұлтан соғысқан 28 гвардиялық дивизияға да «Харьков» атағы берілді. Москва   224 зеңбіректен  20 дүркін салют беріп еді сонда.

Осы жылдың қазан айының  14 жұлдызы еді. Жау танкілері бұлар жатқан окопқа қарай автоматшыларын ілестіре ентелеп еді. Сұлтан санап жатыр. Бір, екі, үш… 14 «тигр». Олар белеске көтеріле бергенде, біздің әскерлер оқ жаудырып қоя берді. Фашистердің үш танкісі бірден отқа оранды. Бүкшеңдей жүгірген жау солдаттарының бірінен соң бірін қарауылға алған атам да автоматтан оқ себелеп жатыр. Гүрс – огүрс жарылыс… Құлақ тұндырарлық, жан түршіктірер дыбыстар. Кенет! Жағынан соққан ауыр соққыны сезінді. Бет – аузын қан жауып кетті. Сонда да әл қуатын жинап, үлкен гранатаны қолына алды. Ентелеп келіп қалған жаудың кезекті бір танкісіне лақтыра алмады…

1944 жылдың маусым айы.  Қайсар жауынгер Сұлтан Балқаев бұл кезде Витебск қаласы үшін кескілесіп жатқан ұрыста 97-атқыштар дивизиясының құрамындағы 136-полкте взвод командирінің көмекшісі болатын. Аласапырын ұрыста взвод командирі оққа ұшып, рота командирі Ключниченко взводтың ендігі тағдырын гвардия аға сержанты С.Балқаевқа жүктеді. Небары тоғыз-ақ жастағы Сұлтан: « Отан үшін, алға!» деп бар дауысымен айғайлап, жауға қарсы ұмтылды. Бірнеше метр жүгіріп барып, жалт бұрылды да оң жақтағы қырға құлай кетті. Ондағы ойы манадан бері бас көтертпей тұрған жау дзотының орын анықтау еді. Дереу әрекет жасамаса, аңдыған жаудың алмай қоймасын ұққан ол өзіне бас көтертпеген жау автоматшысына граната лақтырды. Автоматтың үні өшті. «Иттің баласы, өлді ме, қулық жасап жатыр ма?!» деп ойлаған Сұлтан тәуекелге бел буды. Атып тұрып, алға ұмтылған. Мұны көрген взвод өпе түрегеліп, алға жүгірді. Әзірге жігіттері аман сияқты.

Сұлтан әлгі өзіне оқ жаудырған фрицтің орнына барып бір-ақ тоқтады. Оның жайрап жатқанын көріп, өзіне өзі «Жарайсың» деп қойды. Бұл ештеңе емес, өлген жаудың қасынан бір жәшік неміс гранатасын тауып алды. Соғыстың қазіргі сәтінде бұл деген үлкен олжа еді. «Бәлем, енді соғысуға болады сендермен!» деп тістенді. Сөйтті де жеті атанды жауға жедел жытырды. «Гүрс-гүрс!» Бір сәттік тыныштықты пайдаланған Сұлтан взводты тағы көтерді. «Ура!», «Қоршаңдар!». Взвод жау бекінісіне жеткенде, қолдарын көтеріп дірілдеп тұрған 17 фрицті көрді. «Сұлап жатқандары қанша! Жатыңдар солай! Біз шақырған жоқпыз сендерді. Сендерге соғыс керек болған екен, енді…»

Сұлтанның ойын пистолет кезеліп қалтарыстан шығы келген эсэстің обер-лейтенанты бөліп жіберді. Тез қимылдаған Сұлтан оны бұрын атып түсірді. Сөйтіп обер-лейтенантың құжаттары мен тірі қолға түскен он жеті немісті штабқа әкеп тапсырды.

Сұлтан кеңестік Белоруссияның талай қалалары мен селоларын жаудан азат етуге қатысты. 1944 жылдың 19 қазаны күні Шығыс Пруссияда соғысып жатқан ол тағы да бастан жараланды. Рота командирі Ключниченконын бір көзін ағызып жіберген снаряд жарықшағы Сұлтанның басына тиіп еді. «Бір басқа бір көз жарар-ау, бас жарасы қыйын» деп ойлай бере, есінен танып түсті. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген бекер болмаса керек. Сол атам Майданнан елге аман оралды. Бір ауылдан майданға аттанғандардан Қыдырша Тәнірбергенов, Берекет Тасқараев, Қалаушан Қарабалин, Жолаиан Қазиев, Ерғазы Сәркенов және Сұлтан  елге тірі келді. Әттен, арыстардың көбі майдан даласында қалды.

Бейбіт өмірде атам метереологияны қалады. Радист-телеграфист мамандығын қоса алып, ауа райын бақылайтын стансияның инженер бастығы болып қырық жыл еңбек етті. «КСРО гидромет қызметінің үздігі» белгісімен, талай рет жоғары дәрежелі мақтау қағаздарымен  марапатталды. Соғыстан «Отан соғысы», «Даңқ» ордендерімен, бірнеше медалдармен оралған атам бейбіт өмірде де абыройлы, мақтаулы маман болды. Талай шәкірт тәрбиелеп шығарды.

Жыл сайын көктем туып, Жеңіс күні келер қарсаңында Харьковтың екі мәрте қызыл тулы 28-гвардиялық атқыштар дивизиясының және 97- ші витебсклік Кутузов және Суворов орденді атқыштар дивизиясының ардагері С.Балқаевтің атына Мәскеу, Ленинград, Куйбышев, Каунас, Таллиннен, Вильнюстан, Бакуден дейсізбе, әйтеуір бұрынғы Одақтың ұланғайыр аймағының түкпір-түкпірінен хат-хабарлар келіп жатады. Мының бәрі Сұлтанға деген құрмет, ыстық ықылас екені даусыз.

Атам  «Советтік Қарақалпақстан» газетінде «Мен сені іздеп жүрмін деген мақала жазып, өзінің қырық жыл көрмеген майдандасы Қырықбай Сабыровты тауып алды.

Оның жоғалтқан құжаттарының көшірмесін Ленинград музейінен алдырып, ардагерлігін қалпына келтірді. Анау 1937 -1938 қуғын-сүргін жылдары Ирангға ауып кеткен ағайындардың талайының Қазақстандағы бауырларын табуына, кейін елімізге оралуына ықпал етті. Сөйтіп алғысқа бөленді. Ол – шетелдегі қазақтармен байланыс жасайтын бұрынғы «Отан», қазіргі «Қазақстан» қоғамының сүйікті ардагері. Шет елге таралатын «Шалқар» газетінің щтаттан тыс тілшісі. Араб қарпімен сауатты жазады.

«Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» дегендей атам О.Тұрмағамбетұлы, О.Иманғазыұлы, Б.Домалақов, З.Қасымов сияқты ел азаматтарының халыққа қайта танылуына зор үлес қосып, көп еңбектенді. Ардагер Балхаевтың соғыс кезіндегі, одан кейінгі бейбіт өмірдегі қоғамдық қызметі мен елге сіңірген еңбегі мақала емес, бір кітапқа жүк болатындай мол. Биылғы жылды ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы деп жарияладық. Ал атам сияқты елкезек патриоттардың игі ісі өз сабақтастығын жалғастыра бермек.

Сұлтан Балқаев 1985 жылдан бері Ақтау қаласында тұрып келген. Зайыбы Кербез екеуі  он бала тәрбиелеп, олардан 40 немере 25 шөбере сүйді. Сұлтан Балқаев  2005 жылы 29 қыркүйекте өмірден озды. Өзі жоқ болса да артынан қалған ұрпақтары атамызды мақтан тұтамыз.

You May Also Like

Табиғаттағы су, баяндама

                                         «Су жоқ жерде өмір жоқ, ол ақиқат»         …

Дирижер мамандығы

Дирижер мамандығы қиын да,қызықты элиталық мамандық. Дирижер өзі педагог,өзі псхолог, өзі жетекші…

Қуырылған нан

Қажетті өнімдер: 4 тілім нан, талғамыңызға қарай тұз, 1 шай қасық дижон…

Баланы өтірік айтуға не итермелейді?

Баланың не үшін өтірік айтатындығы барлығымызды ойландыратыны белгілі. Өсіп келе жатқан балаға…