“Мен мамандық таңдаймын”

Әсемпаз болма әрнеге,

Өнерпаз болсаң арқалан.

Сен де бір кірпіш дүниеге,

Кетігін тапта бар қалан.

-Деп, ұлы ақын Абай Құнанбаев айтып кеткендей әр адам өмірден өз орнын тауып,өзінің сүйікті ісімен айналысса сол адамның еліне әкелер пайдасы зор деп ойлаймын.Сондықтан мен осы шығармамды «Мен мамандық таңдаймын» деп алып отырмын.Мен сәби кезімнен тәрбиеші болуды армандаймын, мұғалім “Мен мамандық таңдаймын”  тақырыбына шығарма жазуға тапсырма бергенде ойыма бірден өзімнің бала-бақшадағы Ляззат апайым есіме түсіп кетті. Мүмкін, ес білгелі алғаш рет бала-бақша табалдырығын аттағанда апайымның үнемі жадырап, жылы жүзбен қарсы алғандығы ма, жоқ әлде сол кісінің шынайы мейірімі ме, кім білсін, әйтеуір сол апайым менің пәк жүрегімді баурап алғаны анық. Бірде анам екеуміз бала-бақшадан келе жатқанда анамның “Өскенде кім боласың?” деген сұрағына ойланбастан “Ляззат апай боламын!” деп жауап бергенім де есіме орала кетті! Ол кезде мен үш жаста болатынмын.

Мен  өзімнің алғашқы тәрбиешім – Ляззат апайға ұқсағым келеді. Мен болашақ мамандығыма осы кезден бастап дайындалуым керек. Менің қазіргі басты міндетім – оқу. Ол үшін, сабағымды әрқашан тек жақсы бағамен оқуым керек. Ата-анам маған үлкен үміт артып отыр. Ата-анамның үмітін ақтау үшін сабағымды жақсы оқуға барымша тырысып жүрмін. Мен сабағымды жақсы оқысам, болашақта қалаған оқу орныма түсіп, өз ісімнің нағыз маманы болып шығарым сөзсіз. Сол арманыма жету үшін ұлағатты ұстаздардан жақсы білім алып, алға қарай ұмтылуым керек.

Менің борышым – халыққа адал еңбек ету, жаман қылықтардан аулақ болу, білім мен өнер үйрену, келешекке жол көрсету және үлгі алатындай із қалдыру. Ендеше, үлкендерге ізет, кішілерге қамқор болып жүретін Ляззат апайымды үнемі үлгі тұтамын.

Үйдегі кішкентай сіңілім екеуіміз ойнағанда да мен үнемі тәрбиеші болуға ұмтыламын. Себебі, мен өзімнің қуыршақ – балаларымды өте қатты жақсы көремін, өзімнің алғашқы апайымның іс-әрекеттерін түрлі кейіпкерлер бейнесінде көрсетуді өте қатты ұнатамын.

Әлі есімде, біз үшін ол кісі, тек қана Ляззат апай емес, онымен қатар Аяз ата, Ақшақар, Алтын күз, Қызыл телпекті қыз, керек десеңіз, тіпті Жалмауыз кемпірдің өзі де бола алатын. Сол сәтте, менің кеудемде тек қана балалық қана емес, сонымен қатар таңғажайып сиқыр әлемі де орын алған. Мерекелік ертеңгіліктерде апайымның ертегілер әлеміндегі таңғажайып кейіпкерлер рөлін сомдағаны көз алдымнан кетер емес. Түрлі ойындар ойнатып, әрдайым балалардың тілін, ой-өрісін, тіл байлығын дамыту мақсатында ертегілерден көріністер де ұйымдастыра білетін. Әрбір өткізген сабағы жігерімізді ынталандырғаны сөзсіз.

Әлемде мамандықтың түрі көп қой, ал солардың ішіндегі ең ерекшесі, мен үшін – тәрбиеші мамандығы. Бала алғашқы тәлім-тәрбиесін алдымен, ата-анасынан, содан кейін тәрбиешіден алатындығына еш күмәнім жоқ.

Шынымен де, Ляззат апайымның ұстаздық жолы – қызығы мен қиындығы қатар жүретін өте қасиетті жол екенін мойындаймын. Осынау қасиетті жолмен білім әлемінің тылсымына бойлай отырып, бала жүрегімнен жол таба білген Ляззат апайыма алғысым шексіз! Бала жүрегі – кішкентай күй сандық демекші, сол сандықтың кілтін табу – оңай шаруа емес екенін түсінемін.

Болашақта бұл мамандық мені түрлі ізденістерге итермелеп, үнемі алға ұмтылуыма, шығармашылық қасиеттерімнің дамуына септігін тигізеді, тіпті балалық шағыма қайта – қайта саяхат жасауыма көмектеседі.

Ендеше, тәрбиешінің әр күні ізденіспен, ертеңгі азаматты қалыптастыру жауапкершілігімен ұштасып жатады. Тәуелсіз елдің жас ұрпағын лайықты түрде тәрбиелеу – тәрбиешіге артылған аса жоғары міндет екенін ұмытпауымыз керек. Осы міндетті орындау үшін әрбір тәрбиеші жанын салады. Ендеше, олардың әрқайсысының еңбегі қашанда құрметке лайық деп білемін.

Тәрбиеші мамандығы – кез келген мамандықтың бастауы. Тәрбиеші болу – мен үшін тек мамандық қана емес, ол менің сәби жүрегімнің бір бөлшегі десем артық болмас!

Мен  болашақта тәрбиеші болатыныма сенімдімін. Ендеше, заман талабына сай, жан-жақты, білім мен тәрбиені ұштастыра білу – менің алға қойған мақсатым!

You May Also Like

Сары Айдаровтың өмір баяны

Сары Айдаровтың өмір баяны С.Айдаров 1919 жылы » Келес» ауданы Ғани Мұратбаев…

Алаш зиялыларының өмірі, қызметі, шығармашылығы

Кіріспе Оян, қазақ! Ойлан, қазақ! бол қазақ! Шын бақытқа жеткізетін жолда ұзақ, …

Балабақшада жаңа технологияларды қолдану әдістері

«Балабақшада жаңа технологияларды қолдану әдістері» Әдістемелік құралдабалабақшадағы жаңа технологиялар сипаттамасы және тиімділігі…

Тосқауыл қою: Шабуылдаушы соққыға жалаң тосқауыл қою,төзімділікке тосқауыл қою.

Тосқауыл қою: Шабуылдаушы соққыға жалаң тосқауыл қою,төзімділікке тосқауыл қою. Ойын техникасы – жарыс…