Ұлы даланың – ұлық тұлғасы!

ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілетін Ұлы ойшыл Әбу Насыр Әл – Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы бастау алғаны белгілі. Осыған орай, Әл – Фараби туралы біраз деректерге тоқтала кетсек.

Толық аты – жөні: Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед Тархан ибн Ұзлағ Әл – Фараби.

Білім алып, зертеумен айналысқан қалалары: Бұхара, Самарқан, Хамадан, Бағдат, Шам, Каир, Дамаск, Александрия, Мәдина, Мекке.

Еңбектері:150 – ге жуық философиялық және ғылыми трактаттар жазған.

Зерттеген ғылыми салалары: философия мен логика, саясат пен этика, музыка мен астрономия, математика мен жаратылыстану ғылымы.

Шығыс еліндегі тұңғыш сындарлы педагогикалық жүйе жасаған ағартушы.

Аристотельден кейінгі Екінші ұстаз.

Есімі дүние жүзіне мәлім болып, ғылыми және мәдени мұралары ғасырлар бойы ардақталып, ұрпактан-ұрпаққа өтіп келе жатқан ардагер азаматтар тарихта аса көп емес. Тарих жазбасында, халықтың рухани қазынасында айтулылардың айтулысы, жүйріктердің жүйрігі ғана мәңгілік. Мың жылдан артық уақыт өтсе де, аты ауыздан-ауызға жатталып, еңбектері уақыттың, мезгілдің катыгез сынынан мүдірмей өткен, сол адамзат ұлдарының, тарих перзенттерінің бірі Әбу Насыр Әл – Фараби.

Әбу Насыр Әл – Фараби  қазақ топырағында, Отырар қаласында 870 жылы дүниеге келген. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан. Отырардың сол кездегі аты Фараб болған екен. Бұл шаһар қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысында.  Әбу Насыр Әл – Фараби дәулетті отбасынан шыққан, ал әкесі әскербасы болған екен. Фараби қазіргі қазақ ұлтын құрған байырғы рулардың бірі қаңлы-қыпшақтан шыққан деп айтуға толық негіз бар.

Әбунасыр оқуды өте ерте бастаған. Бастапқы білімді ол туған қаласы Отырарда алады, одан соң Хорасанға барады. Кейінірек білімін онан сайын толықтыру мақсатында араб мәдениетінің орталығы Бағдатқа кетеді. Ғылым-білімге өте құмартқан зерек Әбунасыр мұсылман бола тұра, тіпті кәпірлерден сабақ алудан тайсалмайды. Мәселен, тәуіптік өнер (медицина) мен логиканы христиан оқымыстысы Юханна ибн Хайланнан, ал жаратылыстану ғылымдары мен грек тілін атақты аудармашы Әбу Башар Маттадан (ол да христиан) үйренеді. Бір нұсқада Фараби осы шәкірт шағында атақты оқымысты Абубәкір ибн Сиражбен жақын араласып, оған логиканы үйретіп, одан астрономияны үйренген деп айтылған. Фараби түркі, араб, парсы, грек және басқа тілдерді жетік білген. Кейбір деректер бойынша тіпті ол 70 тіл білген деп те айтылады.

Фараби ғылымды көбінесе өз бетінше меңгеріп, аса зор табандылық көрсеткен, орасан мол табыстарға жеткен адам. Ол, әсіресе, грек ғылымы мен философиясын, ең әуелі Аристотельдің бай мұрасын игеруді қолға алған. Мұнда ол аса үлкен шыдамдылық пен ыждаһаттылық көрсетеді. Бір аңыз бойынша, ол Аристотельдің “Жан туралы” дейтін еңбегін жүз рет, “Табиғи гармониясын” қырық рет, “Риторикасын” екі жүз рет оқыған көрінеді.

Міне осылай Фараби жұртқа мәлім оқымысты болып, дүние жүзінің ұстазы деген дәрежеге көтерілді.

Фарабидің Аристотель философиясына мұнша зейін қоюында үлкен мән бар. Аристотель дүниені материалистік тұрғыдан дұрыс түсіндіруші, жан-жақты білім иесі, данышпан адам.

Фараби Аристотельдің материалистік идеяларын дамыта отырып, өз тарапынан да “Кемеңгерлік меруерті”, “Ізгі кала тұрғындарының көзқарасы”, “Мәселелердің түп мазмұны”, “Ғылымдардың шығуы”, “Бақытқа жету” сияқты көптеген сындарлы философиялық еңбектер жазған.

Фараби Аристотель еңбектерін барлық қырынан зерттей отырып, өзі де жаратылыстану ғылымдарымен көп айналысқан. Ол ғылым күшін барынша насихаттап, адам ақыл-ойының дүние танудағы құдіретін дәріптейді. Кер-тартпа мұсылман діншілдері ғылымды дүние тануды тұншықтыруға күш салып баққан түнек заманда білім мен өнерді паш етудің өзі Фарабидің ғылым мен мәдениет тарихындағы кесек үлестерінің бірі. Ол ғылымның көп салаларын меңгеріп, тамаша табыстарға жеткен. Фараби ғылымының философиялық-логикалық ірге тасын дұрыстап қайта қалап шықты, ғылымды оку және оқыту ретін белгіледі, әрқайсысының пәнін анықтап, мазмұнын ажыратып беруге тырысты. Ол музыка жайлы күрделі зерттеулер жүргізді, математикада үлкен жаңалыктар ашты, астрономия жайлы кесек еңбектер қалдырды, физика ғылымын жаңа идеялармен байытты, медицина, химия, минерология тәрізді жаратылыстану ғылымының маңызды салалары бойынша еңбектер жазды, ертедегі дүние оқымыстыларының пікірлеріндегі озық және тозық қағидаларды талдады. Фарабидің метафизика, тіл ғылымы, логика, психология, география, этика т.б. ғылымдар жайлы жазғандары өз алдына бір тебе.

Міне,осыдан да, Әл – Фарабидің мұрасы ғылымның әр саласына қатысты еңбектерден тұратынын көруге болады. Сонымен қатар орта ғасырларда адамзат ілімінің молайып, ақыл парасатының жетілуін, оқу ағартудың қажеттілігін, білім алудың, тәлім – тәрбиенің маңызын анықтауда орасан зор еңбек сіңірген Әл – Фараби екені мәлім. Әл – Фараби тәрбиенің оның ішінде, еңбек тәрбиесінің теориясы ғылымға негізделуі қажет деп санады. Ол ғылымды тарихи үрдіс деп түсініп, ғылым жүйелі түрде құрылған білімнің жоғарғы формасы деп анықтама берген. Әл – Фараби өмір сүрген дәуірде педагогика ұғымы болмағаны белгілі, алайда ол оқу – ағарту мен тәрбие туралы, еңбек мәдниеті туралы ілім жасады. Еңбектің өзі өнер, ал еңбек тәрбиесі сол өнерден туындайды. Әрбір адамды еңбекке баулиды, еңбек шеберлігіне үйретеді, дағдысын қалыптастырады- деп тұжырымдайды.

Педагогикалық тұрғыда қарасақ, бұл тұжырым – оқушыларға саналы тәртіп, сапалы білім беру, пайдалы қоғамдық еңбекке баулу деген сөз. Ақыл – парасат – адамның ойлауына, пайымдауына, ғылым мен өнердің қыр сырын ұғуына, жақсы қылық пен жаман  қылықтың ара жігін ашуына көмектесетін күш.

» Адамға біліммен қатар, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы, ол келешекте адамның өміріне қауіп әкеледі. Ата – ана алдындағы әдептілік баланың бармақтай кезінен бойына дарыған қасиет болуы тиіс. Ата – ананы сыйлау – елді сыйлау. Ата – әжесін құрметтеу өмірді құрметтеу мен пара – пар» – деген өзінің тәлім – тәрбиелік көзқарасын зерттеу еңбектерінде.

Әл – Фараби жас ұрпаққа тәлім тәрбие беріп, еңбекке үйретіп, жақсылыққа тәрбиелейтін адамды өте жоғары бағалаған. Оның ойынша, тәрбиеші, ұстаз адам – «мәңгі нұрдың қызметшісі!».

Осы ұстаз өнегесінің, озат үлгісі жөнінде ғұлама ғалым – нағыз ұстаз ғана айтқанын екі еткізбейтін, ешкім шағым жасауға батылы бармайтын, білімі телегей теңіздей, ерік жігеріне де ешкім тең келе алмайтын адам. Осындай қасиеттері  бар ұстаз ғана шәкіртке үлгі – өнеге көрсетеді, ол халықты соңына ертіп, оның мұң – мұқтажын, талап – тілегін орындай алады.

«Ұстаз өз шәкірттерінен адалдық, сыпайылық, ізгілік, әділдік сияқты қасиеттерді көргісі келсе, онда оның өзінде де осы қасиеттер  болуы қажет».

Әл – Фараби түсінігінде ұстаз – ел жетекшісі , халық қадірлісі.

Ұлы адамдардың шығармашылығына зейін салып қарасақ, олар өз заманының перзенті ретінде өздері өмір сүрген дәуірдің айқындаушы бейнесі болып табылады. Қазақ даласы Отрарда дүниеге келіп, түркілік дүниетанымның мүмкіндігін әлемге паш еткен Әбу Насыр Әл – Фараби адамзаттың кемелдікке деген үздіксіз ұмтылысын бейнелейді. Әлемдік өркениетте өз орнын ойып алған ұлы жерлесіміз Әл – Фараби іліміне қайта оралу, танып білу, ұлт мүддесіне жарату – таусылмас рухани азық, баға жетпес құндылық.

Елбасының » Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры «- атты мақалаларында өз еліміздің ұлы тұлғаларын насихаттау арқылы Қазақстанды әлемге таныту мәселесі нақты айтылған. Сондықтан да мектептерде оқыту үдерісінде, пәндерді оқытуда ұлы ғалымның мұраларын ұлттық құндылық ретінде тақырыптармен тиімді байланыстырған дұрыс.  Жоғарғы оқу орындарында да арнайы курстар жүргізген жөн деп ойлаймын. Мұндағы негізгі мақсат – ұлы тұлғалардың тағылымын жастардың санасына сіңіру, ой талғамдарын кеңінен дәріптеу. Қай  кезеңде болмасын рухани тұрғыдан- жаңғыру – ұлттық болашағы үшін өте маңызды. Бұл ұлттың өткен өміріне мән беру арқылы қоғамдық сананы жаңғыртып қана қоймай, болашағына да байыпты бағыт ұсынады.

Осы асыл мұраларды жас ұрпақ бойына дарытып, қоғамның барлық саласына енгізген сайын егеменді еліміздің ертеңі айқын, болашағы жарқын болары сөзсіз.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

You May Also Like

Бауырсақ салаты. Дайындау тәсілі

Қажетті өнімдер: – 2 тұздалмаған ңияр; – 2 қайнатылған картоп; – аздап…

Сары Айдаровтың өмір баяны

Сары Айдаровтың өмір баяны С.Айдаров 1919 жылы » Келес» ауданы Ғани Мұратбаев…

Механикалық легирлеуге арналған жабдықтар

№ 14 дәріс. Механикалық легирлеуге арналған жабдықтар Механикалық легирлеу шарлар көмегімен ұнтақталуға…

Балам – менің баға жетпес байлығым, Тренинг

Тақырыбы: «Балам – менің баға жетпес байлығым» Мақсаты: Бала тәрбиесі дамуындағы басты рөл атқарушы…