КҮРІШ ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚАЛДЫҚТАРЫН ӨҢДЕУ

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың халыққа жолдауында: «Болашақта өркениетті елдердің алдыңғы қатарына ену бағдарламасына байланысты еліміздің шағын және орта кәсіпорындарының жаңа даму бағыттарын айқындап, шикізатты қалдықсыз тиімді өңдеу технологиясын жетілдіру мәселесін қарастыру міндеттері жүктелді»-деген болатын. Елбасының жолдаулары әдеттегідей жетістік-

терімізді саралап, келешегімізді бағдарлауға, ең бастысы

— баршамызға ортақ ұлы мақсатқа жетудің дұрыс жолын бірлесе

айқындауымызға бағытталып келеді[1]. Айқындалған мақсаттар әлеуметтік-экономикалық әлеуетті дамытудың мүмкіндіктерінің бірі деп қарастыра аламыз.

Қазақстанның күріш жармасын өндіруде 80 пайызын қамтамасыз ететін Қызылорда облысында күріш шаруа­шылығын дамытуға соңғы жылдары көптеген миллион қаржылық ресурстар көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге несие түрінде, тура инвестициялар түрінде, тұқым өндірісіне демеу қаржы беру арқылы, минералдық тыңайт­қыштарды алуға және басқаларға жұм­салуда. Қабылданған шаралар мен ішкі рыноктағы күрішке де­ген бағаның тұрақты өсуі өзі­міздің күріш ша­руашы­лы­ғының бәсе­кеге қабі­лет­тілігіне оң әсерін тигіз­ді. Дақыл толығымен шығып, өсіп-өну кезеңдері бойынша пісіп-жетілді. Бастапқы кезде күріш дақы­лы жабайы жерлерге себілді, кейін кү­ріш күрделі жерді тегістеу жұмыста­ры­нан кейін егілетін болды. Өйткені, дақыл суда тұрып өсетін болғандықтан су атызда тегіс жатуы қажет, егер ол жер тегіс болмаса күріш қалыпты жағдайда өсе алмай, өнім аз алынатын болды. Ай­тылған технологияның қал­ған түр­лері­не сүдігер жырту, дискілеу, тырмалау т.б, жұмыстар кіреді. Осы айтыл­ған технологияны қолдану нә­тиже­сін­де күріштің республика көле­мінде орташа өнімі 50-60 центнерге жетіп, кейде одан да көп өнім алынып, халқы­мыз­­дың әл-ауқатын көтеру бағы­тында игі жұмыстар атқарылып, еліміз қол жетімді табыстарға кенелді. Тамшылатып суару технологиясы негі­зінде Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерт­теу институты ғалымдары шығар­ған Ару, КазНИИР-5 және Ресейдің Янтарь сорты себілді. Бұл сорттар әр мезгілде пісіп-жетіледі. Мысалы, Ару сорты 85-90 күнде, КазНИИР-5 90-100 және Янтарь 114-117 күнде піседі және бұл сорт­тардың тұқымдастығы да әр­түр­лі болды. Атқарылған жұмыс қоры­тын­ды­­сында себілген сорттардың фи­зи­оло­гиялық кезеңдері бұзылмай, бір­қа­лып­ты тамшылатып суару негізінде же­ті­ліп, өнім берді. Бұл жаңалық рес­пуб­лика және ТМД көлемінде бол­маған жағдай. Тамшылатып суару ке­зін­де дақылдың тамыр жүйесі орналас­қан топырақ қабатындағы ылғал және жылу жеткілікті болып, соның нәтиже­сінде қоректік заттарға, дақылдың дамуына қолайлы жағдай туды. Соның нәти­жесінде күріш толық пісіп, өнім берді. Осы орайда пісіп тұрған күрішке судың аздығын көрсе­тетін, өсімдік аурулары және өсімдік­тің дамуына кері әсер ететін басқа құбылыстар болған жоқ. Сонымен қа­тар, алынған өнім табиғи қалпында сақ­талды. Қолданылған технология нәти­же­сінде жұмсалатын су мөлшері ертеден қол­данылып жүрген технологиямен са­лыстырғанда 1 гектар­ға есептегенде 10-15 есе аз жұмсалды және топырақтың тұздану, сортаңдану қаупі болмады [2]. Бұл орайда тамшылатып суарудың тиімді екені айдан анық белгілі болып отыр. Қорыта айт­қанда, тамшылатып суару технологиясы бойынша біздің дүние жүзінде ал­ғашқылардың бірі болып ғылыми нәти­желерге қол жеткізген­дігімізді атап көрсетпекпіз.

Кластерлік негізде күріш өндірісінің дамуы бірінші кезекте күріш өңдеу өнеркәсібінің қалдықтарын толық пай­далануға қайта бағдарлауды қарасты­рады: күріштің дән ұсағы, күріш ұнта­ғы, қауызы. Күріш өндірісінің бәсекеге қабілеттілігін және алынған өнімдердің сапасын арттыруда ұсақталған күріштен крахмал өнімдерін алу үшін терең өңдеу мен оның қалдықтары өндірісінің маңызы зор. Күріш салысын өңдеу ке­зінде 30%-ға дейін күріш қалдығы болады.

Бүгінгі таңда дүниежүзінде 3,5 миллиардтан астам халық күріш тұтынады. Бағалы өнімге сұраныс жылма-жыл артып келеді. Облыс диқандары елімізде дақылдың 85 пайызын қамтамасыз етеді. Сыр маржаны шетелдің 10 мемлекетіне экспортқа шығарылады. Олардың қатарында Ресей, Украина, Бе­лоруссия, Өзбекстан, Қырғызстан сынды елдер бар[3]. Крахмал өндіретін және оны сірнеге қайта өңдейтін ТМД елдерінде барлығы 16 кәсіпорын бар. Ұсақталған күріш дәнін спиртке өңдеу қымбат жабдықтарды қажет етпейді, өзіндегі бар шикізаттың көлеміне қарай әрбір фермер ондай жабдықты ала алады. Шикізаттың құрамындағы крахмал ашыт­қымен тікелей спиртке өңделмейді. Ал­дымен шикізатты солод ферменттерімен қанттандырады да қантты сусло алынады, сонан соң ашытады. Ашытылған массаны спирт алу үшін айдайды. 5% кем емес крахмалы немесе қанты бар өнімнен ғана спирт алынады. Бидай, сұлы, жүгері дәнінің құрамында 50-70% крахмал болса, арпада – 40%, күріш дәнінде — 80%-ға дейін, картопта – 20%-ға дейін, қант қызылшасында – 14-22%, жеміс-жи­дектің көпшілігінде – 4-18%, сондықтан күріштен спирт өндіру жоғары рентабельді өндіріс болып табылады.

Спирт алу үшін ұсақталған күріштен алынған ұнды және күріш салысын өңдеуде 14%-ға дейін алынатын күріштің ұнтағын пайдалануға болады. 10 литр суға крахмалдылығына байланысты 4-8 кг ұн және 1,5-3 кг арпаның немесе қара би­дай­дың солоды алынады. Солодты өнді­рілген және ұнтақталған арпаның тұқы­мынан алады. 10 кг күріш ұнынан немесе ұнтағынан 4,2 литр спирт алуға болады. Ресейден шығарылатын құны 2 мыңдай АҚШ доллары болатын РУМ-3 қондыр­ғысы тәулігіне 50 литрден артық таза спирт шығара алады. Самогон айдайтын аппа­ратты толық жүктемелегенде де күн сайын 500-600 литр ашытпа қажет. Бұл әрине өнеркәсіптік өндіріспен теңесе алмайды, бірақ шаруа қожалықтарының мүмкін­діктеріне толық жарайды және маусым­дық шикізатты өңдеу көп уақытты ал­майды. Мұндай қондырғылар ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін қажет нәрсе, себебі олар шаруашылықты тиімді және үнемді жүргізуі үшін көптеп қалатын ауыл шаруашылығы шикізат­тарын қалдықсыз өңдеуге мүдделі болады.

Күріш майы майлықышқыл құрама бойынша тәуір тамақ (салат) майлары­ның, яғни арахис, оливка және басқалары сияқты түрлеріне жатады. Тазартылған түрінде бұл май кондитер заттарын, майонез, әр түрлі салаттар мен соустар дайындауға пайдаланылады. Күріш майы­ның өндірісі АҚШ, Жапония, Индия, Пәкстан, Қытай және басқа да елдерде жолға қойылған. Бұл майды алуда шикізат есебінде күрішті сорттау өндірісінде қалдық болып есептелінетін күріш ұнтағы пайдаланылады. Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін елімізде мұндай қалдық­тарды өңдейтін кәсіпорындар жоқтың қасы. Күрішті өңдегеннен кейін алынатын күріштің ұнтағы және басқа да қосымша өнімдер мал шаруашылығында тек құрама жем есебінде пайдаланылады. Күріштің ұнтағын осылай пайдалану экономикалық жағынан тиімсіз және де оларды сақтауда тез бұзылатын болғандықтан қосымша өңдеуді қажет етеді.

Косметикалық бұйымдардың маңызды компоненттеріне мал және өсімдік өнім­дерінен алынатын балауыз жатады. Кос­метикалық бұйымдардың ассортиментінің ұлғаюына байланысты табиғи және жа­сан­ды жолмен алынатын әртүрлі балауыз­дардың өндірісі жыл сайын дамуда. Күріш ұнтағынан алынған майда 5%-ға дейін кү­ріш балауызы болады. Жалпы өсімдік­тен алынатын табиғи балауыздың аз болуы отандық косметика өнеркәсібінің ке­ңеюіне теріс ықпал етуде. Негізінен пар­­фюмерлік өнімдердің негізгі ингре­диенті болып шет елдерден әкелінетін қо­сымшалар, мысалы – карнауб балауызы қолданылады. Ал күріш балауызының сапасы жөнінен карнауб балауызынан кем түспейді. Күріш ұнтағынан май және балауыз алудың технологиясын әзірлеу және енгізу кондитер, медициналық препараттар және парфюмер өнеркәсібі үшін шикізаттың көбеюіне және нан өңдейтін кәсіпорындардың қалдықтарын тиімді пайдалануды кеңейтеді. Сонымен бірге қалдықтардан өндірілген күріш майы азықтық және техникалық мақсат­тарға да қолданылады. Осы техноло­гиялық процестегі екінші өнім (шрот) ұзақ мерзімге сақтауға жарайтын дайын мал азықтық компонент болып есепте­лінеді. Дайындалып ұсынылатын күріш балауызының технологиясы қалдықтардан тек Қызылорда нан комбинатында ғана (30 мың тонна күріш ұнтағы) 3 мың тоннадан астам күріш майы және 100 тоннадан кем емес күріш балауызы алынады.

Күріш салысын өңдеу кезінде 12-14%-ға дейін алынатын күріш қауызын пайда­лану перспективалы болып есептелінеді, себебі одан жылу өткізбейтін және құ­рылыс материалдары мен электрон өнер­кәсібінде қолданылатын кремний алы­нады. Жыл сайын өзінің құрамында 15% кремний, 80% органикасы және 5%-ға дейін калий, магний, фосфоры және калцийі бар 5,0 мың тоннаға дейін қауыз жиналады. Қауыздың құрамындағы крем­нийдің жоғары болуы оны күріш үшін тыңайтқыш ретінде кәдеге жаратуға негіз болады.

Күріш сабанының құрамында 50%-ға дейін целлюлоза, 11,7% — лигнин, минералдық заттар (көбіне кремний қышқылы) 14,6% болады.

Өңдеуші өнеркәсіптің тез дамуы үшін бірінші кезекте жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын Қызылорда облы­сында жұмыс істеп тұрған бизнес-инкубатор негізінде технологиялық бизнес пен ғылымды қажет ететін және иннова­циялық кәсіпкерлікті дамыту мақсатында кішігірім өндірістерді құру қажет. Қызылорда облы­сында күрішті инженерлік-тегістелген күріш жүй­е­сі әзірленіп, игерілгеннен бері қолда­ны­латын жалпы қабылданған технология бойынша өсіреді.

Қазіргі дүниежүзілік барлық жақсы аналогтар сияқты Арал 202 мен Арал 4 сорттарының артықшылығы олардың тегіс қауыздылығы мен қылтықсыз­дығы. Дәннің жақсы төгілуі, олардың жоғары көлемдік салмағы күрішті себетін, жинай­тын техникалардың және күріш өңдейтін кәсіпорындардың механизмдерінің тиімдірек жұмыс істеуін қамтамасыз етеді және отандық күріш өндірісінің бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Алдағы жыл­дарда күріш шаруашылығын күріштің жаңа өнім­дірек сорттарына ауыстыру жоспарла­нып отыр. Қызылорда облысы­ның кү­ріш өсіруші аймағында 5-7 жыл интер­вал­мен сорт ауыстыруды ырғақ­тылық­пен енгізуді және қазақстандық Арал өңірінде шағын аудандасты­рылған тә­жі­рибеге өту қажет. Қолайлы эколо­гиялық жағдайда да әр шаруашы­лықта 25-30% тез пісетін сорттың үлесі бар кем дегенде 2 сорт өсіру ғылыми негіз­делген болып саналады. Арал өңі­рінде эко­логиялық қолайсыз жағдайда бұл көрсет­кіш 40-45%-ға дейін өседі. Шаруашы­лықтарда өсірілетін сорттың бірнеше болуы бірден піскен күріштің көп егісін жинауда көп шығын әкеледі, себебі күріш өнімінің био­логиялық пісіп жетілуі 12-15 күнге ғана сақталады.

Қызылорда облысының күріші Қытай және Үндіқытай елде­рінің күріш­теріне қарағанда Ресей және басқа ТМД елдерінің рыногында, соны­мен бірге Шығыс Еуропада бәсекеге қабілетті болып табылады. Қызылорда облысы – елдің негізгі күріш өсіретін аймағы. Алдағы уақытта Қы­зылорда облысында күріш өндірісін тұрақты дамытуға жету үшін өндірістің қазіргі ресурс үнемдейтін технология­сын енгізу, ішкі және сыртқы рынок­тарда бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін күріш және оның қалдықтарын өңдеу; егіншіліктің экологиялық қауіпсіздігін арттыру негізінде күріш өндірісі мен өткізудің тиімді жүйесін қалыптастыру, облыстың су және жер ресурстарын сақтау және қалпына келтіру; күріш шаруашылық кешенін мемлекеттік басқаруды оңтайландыруымыз керек. Болашақта ел қамбасын алтын дәнмен толтырып отырған Сыр диқандары әле де толағай табыстарға жететініне сенімім мол.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

You May Also Like

Ою-өрнек сәніміз

Мақсатым:       Ұлттық құндылықтардың қадіріне жететін қазақтың жаңа толқын ұрпақтарын өнерлі, намысты…

Ақпараттық технологияларды қолдана отырып, студенттердің таным қызығушылығын арттыру, Баяндама

Шығыс техникалық-гуманитарлық колледжі Арнайы пәндер мұғалімі Омашова Айнур Толыбаевна Баяндама тақырыбы: «Ақпараттық…

Денсаулық және салауатты өмір салты.

Денсаулық және салауатты өмір салты. Жоспар. Денсаулық және салауатты өмір салты. 2.…

Аллергия. Аллергиядан құтылу жолдары.

Аллергияның негізгі көзі-ағаштар мен шөпптесін өсімдіктердің тозаңы. Осы тозаңдар мұрынға түскенде, біздің…