Қазақ және ағылшын тілдеріндегі жануар атаулары бар фразеологиялық теңеулерге салыстырмалы талдау

 Фразеологиялық теңеулер фразеологизмдердің басқа түрлерінен өзінің логикалық құрылымы, жүйесі, компаративті мағынасы мен стильдік қызметі арқылы ерекшеленеді. Фразеологиялық теңеулер табиғатын зерттеу кезінде фразеологиялық теңеу мен метафораның өзара байланысы, ұқсастығы мен айырмашылықтарына мен ерекшеліктеріне тоқталу қажет. Бұл мәселеге арналған әртүрлі ғылыми еңбектерде фразеологиялық теңеулер мен метафоралар тілде қатар қолданылады, себебі олар өзара тығыз байланыста деген пікір бар делінген.

Ғалым М. Серғалиевтің есептеуінше, теңеу мен метафораның ортақтығы – олардың заттар мен құбылыстар негізінде фразеологиялық ассоциация жасауынан көрінеді [3, 42]. Алайда, оларды мазмұн жағынан ажыратып қарастырып өткен жөн. Теңеуде салыстырушы теңеу заты мен атау және оған қажетті негіз бар. Ал метафораға ондай негіз аса қажет емес. Фразеологиялық теңеулер екі затты салыстырудың нәтижесі болып табылса, метафоралар – олардың ұқсастығының нәтижесі  болып табылады. Мысалы, he is a lion – ол арыстан; he is as brave as a lion – ол арыстандай айбатты.

Орыс ғалымы А.Г. Рубайлоның «Художественные средства языка» еңбегінде теңеулер өте жақсы зерттелген. Теңеу – танымдық қызметі зор, ең көне, әрі қарапайым, тілде жиі қолданылатын логикалық теңестіру тәсілі болып табылады. Шындық әлемді танудың қисынды құралы бола отырып, теңеу мейлінше көп қырлы, мазмұнды тілдік құбылысты білдіреді. Ойлау өрісі ретінде теңеудің дүниені эмоционалды түрде қабылдауы және ондағы қайсы бір құбылысты салыстыра бағалау тұрғысынан қандай да бір нысанға мән берудегі салмағы ерекше болып келеді [4, 56].

М. Серғалиевтің көзқарасынша, теңеулер философиялық жақтан қарастырғанда, теңеу, адамның абстрактілі ойлауын дамытудың көрінісі болса, лингвистикалық тұрғыдан осы ойдың тілдік қолданыста бейнеленуі. Сонымен бірге теңеу – сипатталушы нысанның бейнелілік, көркемдік, эмоционалды-экспрессивтік сапасын күшейтетін көркемдік әдістердің бірі [5, 56].

Теңеу – ұқсас, ортақ белгілердің негізінде бір затты екінші затпен салыстыру арқылы сипатталушы нәрсенің бейнелілік, көркемдік, эмоционалды-экспрессивтік сапасын күшейтетін, сол нәрсені жаңа қырынан, поэтикалық қырынан таныстыратын әрі стильдік тәсіл, әрі таным құралы болып табылатын көркем әдіс. Басқа тілдік бірліктер секілді тұрақты теңеулер де адамның танымдық мүмкіндігін тілдік қабілетімен сабақтастырудан бастау алғандықтан, басты назар олардың когнитивтік негіздеріне аударылады [6].

Фразеологиялық теңеулер кез келген тілдің фразеологиялық қорының ең ауқымды бөлігін құрайды. Теңеу – көркем ойлаудың ұлттық ерекшеліктері жинақталған, дүниетанымның ұлттық өзгешеліктері бас қосқан логика-философиялық және лингвистикалық категориялардың санатына жататыны сөзсіз.

Теңеу лингвистикалық категория ретінде қазіргі тіл білімінің жаңа бағыттарының негізгі зерттеу нысаны ретінде бола алады. Бұл бағыттардың ішінде құрылымы әр түрлі тілдердегі фразеологиялық теңеулерді лингвомәдениеттану және когнитивтік лингвистиканың негізгі ұстанымдарына сүйене отырып салыстырмалы-салғастырмалы зерттеу жүргізудің мәні ерекше болып келеді. Себебі халықтың дүниетанымы, өмірге және қоршаған ортаға деген көзқарасы, салт-дәстүрі, мәдениеті мен көңіл-күйі әр халықтың жалпы фразеологиясынан, оның ішінде әсіресе, фразеологиялық теңеулерден көрініс табады.

Б.А. Хасанқызының зерттеуі бойынша, фразеологиялық теңеулер жекелеген өмір құбылысына нақты баға беретін, ғасырлар бойы атадан балаға мұра ретінде беріліп отыратын, әр халықтың өмірінен қызықты деректерді өз бойына жинақтаған халық мұрасы болып есептеледі [7, 12]. Сондықтан, туыстас, не туыстығы жоқ тілдердегі фразеологиялық теңеулерді лингвомәдени және лингвокогнитивтік тұрғыдан зерттеу әр тілдің өрнек бояуын, ұлттық ерекшелігін, менталитетін, қайталанбас қасиетін танып білуге, олардың мағына қалыптасуындағы және тілдік қолданыстағы қасиеттерін ашуға,оның ерекше тұстарын ашуға мүмкіндік береді. Осы тұрғыда туыстығы жоқ қазақ және ағылшын тілдерінің фразеологиялық теңеулерінің мағына қалыптасуының негізін ашу ерекше мәнге ие екенін атап өткен жөн.

Ф.А. Оспанованың зерттеулеріне сүйенсек, фразеологизмдердің уәждеме теориясына басшылыққа ала отырып, бастапқы еркін тіркестер негізінде жасалған фразеологизмдердің түп төркініне зер салып, уәжін айқындау, сол арқылы тіркестің қалыптасу түп көзін тауып, өзіндік ерекшеліктерін ажырату арқылы олардың мәні мен мазмұнын ашуға болады. Яғни, фразеологизмдердің фразеологиялық мағынасы олардың ішкі мағыналық құрылымында жатқан бейне арқылы уәжделеді [6, 4].

Мысалы, қазақ тіліндегі құмырсқадай құжынаған, аш кенедей жабысты, сүліктей жабысты, ағылшын тіліндегі dumb as a fish (балықтай тілсіз), as sly as a fox (түлкідей қу, айлакер), dance like an elephant (пілше билеу) сияқты тіркестердің фразеологиялық мағыналарының ішкі формасы айқын, яғни олардың мағыналары ішкі формалары арқылы уәжделіп қалыптасып тұр.

Р.Ә. Авакованың  «Фразеологиялық семантика» еңбегінде «Фразеологизмдердің ішкі формасы – актуалдық мағына жасай алатын толыққанды (этимологиялық) мағынаға ие» делінген [9, 406]. Фразеологизмдердің ішкі формаларының тасалануынан олардың мағыналарының күңгірттенуінен шығады. Ондай фразеологизмдердің сырын, жасалу төркінін тілдің ішкі заңдылықтарынан гөрі экстралингвистикалық факторлар мен этимологиядан іздеу қажет болып тұр.

Мысалы, кәрі қойдың жасындай жасы қалды фразеологизмі қой түлігінің тіршілік ету мерзімін (10 шақты жылдай) бақылаудан туған фразеологизм. Осы жайт ауыспалы мәнде жасы ұлғайған адамға қатысты айтылатын бейнелі тіркестің тууына негіз болып отыр. Ағылшын тіліндегі to fight like Kilkenny cats (Килкени мысықтарындай айқасу) – өлімге бас тігіп қырқысу деген мағынада қолданылатын фразеологизмнің қалыптасуына ХVII ғ. Kilkenny мен Irishtawn қалалары арасындағы қантөгістің аяғы екі қаланың да қирап бітуіне әкелген тарихи оқиға негіз болып қалыптасқан фразеологизм болып табылады.

Қазақ және ағылшын тілдеріндегі фразеологиялық теңеулердің басым көпшілігі «Адам» атты мағыналық макротопқа жатады, яғни олардың мағынасы адам мен оны қоршаған әлемнің өзара әрекетінен пайда болғандығыме байланыстырылады. Сонымен қатар, фразеологиялық теңеулердің негізінде адам өмірі мен қызметінің тұстарын бейнелейтініне байланысты екі тілде олардың төмендегідей мағыналық-тақырыптық топтары анықталды:

  1. Адамның эмоциялық жағдайын сипаттаушы фразеологиялық теңеулер: Қаз.: қарға аунаған түлкідей, найза үстінде отырғандай, тышқан алған мысықтай;Ағыл.: to shake/quake/tremble like an aspen leaf – көк теректің жапырағындай қалтырау, to sit on a powder keg – оқ-дәріге толы бөшкенің (күбінің) үстінде отырғандай.
  2. Адамның өмірі мен қызметін сипаттаушы фразеологиялық теңеулер: Қаз.: түлкі қуған тазыдай соңына түсу, ит пен мысықтай өмір сүру; Ағыл.: as thick as thieves (бір-біріне ұрылардай жақын болу) – жан дос, айырылмас дос, to live like cat and dog – мысық пен иттей өмір сүру.
  3. Адамның тамақтану процесін сипаттаушы фразеологиялық теңеулер: Қаз.: бурадай қарш-қарш шайнау, егінге түскен сиырдай жайпау; аш бөрідей. Ағыл.: to eat like a pig – шошқадай ішіп-жеу, to drink like a fish – балықша ішу.
  4. Адамның жағдай-күйіне байланысты фразеологиялық теңеулер: Қаз.: белге соққан жыландай, боз інгендей боздады, кірпідей жиырылды, сең соққан балықтай, жарасын жалаған иттей, жаралы арыстандай аласұрды; Ағыл.: as miserable as a bandicoot – (қалталы қөртышқандай) – бақытсыз, аянышты, as still as a mouse – тышқандай жасырынып тұру т.б.
  5. Адам мінезі мен ақыл-ой қабілетін сипаттаушы фразеологиялық теңеулер: Қаз.: жібек баулы қырандай, Қарабайдай қатыгез, дала бүркітіндей қырағы; Ағыл.: a memory like an elephant (сөзбе-сөз аударғанда: есі пілдей), яғни еске сақтау қабілеті өте жоғары, тамаша, as blunt as a hammer (сөзбе-сөз аударғанда: балғадай ақымақ) яғни топас, ойлау дәрежесі төмен т.б.
  6. Адамның басқа бір адамға немесе затқа қатынасын сипаттаушы фразеологиялық теңеулер: Қаз.: жыландай жек көру, құлындай шыңғырту, қойдай бауыздау; Ағыл.: to hate smb like poison – біреуді удай жек көру, throw smb aside like an old boot – біреуді қажеті жоқ ескі аяқ киімдей лақтырып тастау, яғни пайдаланып алғаннан кейін өзінен алыстату немесе жақындатпау.
  7. Құбылыстар мен заттардың сапасын сипаттаушы фразеологиялық теңеулер: Қаз.: көздің жасындай таза (мөлдір), жаман түйенің жабуындай (келіссіз). Ағыл.: fresh as a daisy – маргаритка гүліндей жас, жаңа, cold as a frog – құрбақадай суық, мұздай.
  8. Уақытты сипаттаушы фразеологиялық теңеулер: Қаз.: бие сауымдай уақыт, сүт қайнатымдай уақыт, қас қаққандай. Аталмыш топқа да ағылшын тілінің фразеологиялық теңеулері кездеспеді.
  9. Адамның сыртқы келбетін сипаттаушы фразеологиялық теңеулер: Қаз.: жүнін жұлған тырнадай, ит кемірген асықтай, қырмызыдай ажарлы, ақ маралдай әдемі; Ағыл.: as fair as a lily – лилия гүліндей сұлу, pale as death – өліктей бозарған т.б.
  10. Арақашықтықты сипаттайтын фразеологиялық теңеулер: Қаз.: есік пен төрдей, ат шаптырымдай жер, қозы/қой өрісіндей жер. Ағылшын тілінің фразеологиялық теңеулері бұл топқа жататындары кездеспеді.
  11. Заттар мен құбылыстардың көлемін сипаттаушы фразеологиялық теңеулер: Қаз.: қойдың құмалағындай, ешкінің асығындай, иненің жасуындай; Ағыл.: as light as a drum – барабандай жеңіл, thin as a lath/rake – ескектей жіңішке.
  12. Түсті сипаттаушы фразеологиялық теңеулер: Қаз.: ақ бөкеннің таңындай, орман түлкісіндей қызыл, сүттей ақ; Ағыл.: аs white as driven snow/as milk – қардай/сүттей ақ, as red as a turkey-cock – күрке тауықтың айдарындай қызыл.

Сонымен қатар фразеологиялық теңеулерді олардың негізгі құрамында теңеу сөзі бар фразеологизмдер арқылы топтастыруға болады, яғни затты немесе құбылысты салыстыру мақсатында фразеологиялық теңеулердің мынадай топтары анықталады:

  1. Аң атауларынан жасалған фразеологиялық теңеулер: Қаз.: қойға тиген қасқырдай, ақ маралдай керілу, іннен шыққан суырдай, жолбарыстай білекті, арыстандай құтыру, алтайы қызыл бөрік түлкідей, ақ бөкеннің таңындай; Ағыл.: as agile as a monkey – маймылдай икемді, as cross as a bear – аюдай ашулы, as cunning as a fox – түлкідей айлакер.
  2. Үй жануарлары атауларынан жасалған фразеологиялық теңеулер: Қаз.: тағасыз аттай тайғанау, жараған бурадай, егінге түскен сиырдай жайпау, жаман түйенің жабуындай, боз інгендей боздау; Ағыл.: stubborn as a mule – есектей қиқар, squeal like a stuck pig – шала бауыздалған шошқадай шыңғыру.
  3. Құс атауларынан жасалған фразеологиялық теңеулер: Қаз.: торға түскен қырандай, бұлбұлдай сайрау, балапан құстай оңдалды, жаураған торғайдай, жүнін жұлған тырнадай, ителгідей жұтыну, торғайдай тозу; Ағыл.: as drunk as (a boiled) an owl – жапалақтай мас, as gay as a lark – бозторғайдай көңілді, as a mild as a dove – көгершіндей жұмсақ.
  4. Жәндік атауларынан жасалған фразеологиялық теңеулер: Қаз.: құмырсқадай қайнады, қара құрттай қаптау, шыбындай қырылу, аш кенедей жабысу, бүйідей тию, қанын сүліктей сору; Ағыл.: as merry as a grig – көк шегірткедей көңілді, ants in one’s pants – шалбар киген құмырсқадай, яғни ыңғайсыз, мазасыз сезіну.
  5. Балық атауларына байланысты жасалған фразеологиялық теңеулер: Қаз.: сең соққан балықтай, ақ сазандай бұлқынды, тұмсығы тасқа тиген бекіредей, шабақтай шүпірлету; Ағыл.: as flat as a flounder – камбала балықтай теп-тегіс, жазық, close/dumb as an oyster – устрицадай үндемеу, мылқау, аузын ашпау, swim like a fish – балықтай жүзу.
  6. Күнделікті тұтыну заттар атауларынан жасалған фразеологиялық теңеулер: Қаз.: сабынша бұзылу, тозған бөздей ыдырау; Ағыл.: to fit like a glove – қолғаптай дәл), as fat as butter – сары майдай толық.
  7. Өсімдік атауларынан жасалған фразеологиялық теңеулер: Қаз.: тікендей қадалау, қызыл гүлдей құлпыру, жел соққан қамыстай жапырылу; Ағыл.: grow up like mushrooms – саңырауқұлақтай өсу, көбею, shake as a leaf – жапырақтай дірілдеу, stick to smb like a bur – біреуге ошағандай жабысу.
  8. Діни атауларға байланысты жасалған фразеологиялық теңеулер: Қаз.: жын ұрғандай жұлқыну, көктен түскен періштедей, иманындай сақтады. Ағыл.: a certain as preachig – діни уағыздай шын, айқын, as safe as a church – шіркеудей сенімді, берік, as ugly as sin – күнәдай үрейлі, қорқынышты.
  9. Тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғаларға байланысты жасалған фразеологиялық теңеулер:Қаз.: Абылай аспас асудай, Атымтайдай жомарт, Наушаруандай әділ; Ағыл.: as game as Ned Kelly – Нед Келлидей күшті (Нед Келли атақты қарақшы), as old as Methuselah – Мафусаилдай (библия кейіпкері) кәрі, ескі, as pleased as Punch – Панч сияқты (көше кезіп жүретін қуыршақ театрының кейіпкері) разы, риза.
  10. Ауру атауларына байланысты жасалған фразеологиялық теңеулер: Қаз.: сүзектен тұрғандай. Ағыл.: avoid like the leper – алапес ауруынан қашқандай, to avoid someone or smth like the plague – чума ауруынан қашқандай.
  11. Табиғат және қоршаған орта құбылыстарының атауларынан жасалған фразеологиялық теңеулер: Қаз.: бұлттай сұрлану, жауар күндей түнеру, желдей есу; Ағыл.: to look like thunder – күннің күркіреуіндей көріну, яғни ашулы, ызалы, like greased lightning – найзағайдай шапшаң, жылдам, тез.
  12. Азық-түлік атауларынан жасалған фразеологиялық теңеулер: Қаз.: айрандай ұйып отыру, бал қаймақтай, балға ашытқан қымыздай. Ағыл.: as brown as a berry – жидектей қоңыр, яғни күнге күйген, as full as an egg is of meat – етке толы жұмыртқадай толық, толы, толтырылған.

Қазақ және ағылшын тілдеріндегі фразеологиялық теңеулердің жалпы мағынасы мен фразеологиялық мағынаны жасаудағы теңеу бейнесінде қолданылатын ұйытқы сөздерді зерделей бірнеше айырмашылықтар байқалды. Мағыналық  тұрғыдан жіктеу кезінде қазақ тілінде фразеологиялық теңеулердің 12 негізгі мағыналық тобы, ал ағылшын тілінде 10 мағыналық тобы анықталды. Себебі, ағылшын тілінде арақашықтық пен уақытты сипаттайтын фразеологиялық теңеулер қатары кездеспеді.

Теңеу бейнесі қызметін атқаратын ұйытқы сөздер екі тілде де 12 тақырыптық топтың атауларынан жасалатыны байқалып отыр. Дегенмен, бір тақырыптық топқа жататын фразеологиялық теңеулер саны екі тілде бірдей емес екендігі анықталды. Мысалы, ағылшын тілінде өсімдік атаулары, діни атаулар, құс және жәндік атаулары көбірек кездессе, қазақ тілінде үй жануарлары, күнделікті тұтыну заттар атаулары саны жағынан фразеологиялық теңеулер жасауда басымырақ қолданылғандығы байқалды. Екі тілде де фразеологиялық теңеулер негізінде адамның өмірі мен қызметін, сипаты мен әртүрлі қасиеттерін, мінез-құлқын т.б. қасиеттерін сипаттайтын фразеологиялық теңеулер тең дәрежеде кездеседі.

Тілде көрініс тaбатын ұлттық ерекшеліктер фразеологизмнің құрамындағы ұлттық мәдени компонентiмен байланысты. Мәселен, үй жануарларының тақырып тобын қарасақ, қазақ тілінің фразеологиялық теңеулерінде көбіне жылқы, қой, түйе, сиыр, ит, тай, бура, нар, бөрі компоненттері, ал ағылшын тілінде шошқа, тауық, қаз, үйрек, мысық, қоян, жылан, бұқа, есек компоненттері жиі қолданылады, яғни кей атаулардың фразажасамдық белсенділігі қазақ тілінде жоғары болса, ағылшын тілінде төмен болады, ал кейбір атаулардың осы қасиеті керісінше ағылшын тілінде жоғары болып келсе, қазақ тілінде төмен болып келеді.

You May Also Like

Қаржылық есеп ІІ пәнінен лекциялық кешені

1.Бірінші лекция тақырыбының атауы:Кәсіпорындарды біріктіру. Сатып алу әдісі  (3  ( IFRS) ХҚЕС)…

ПРОЕКТ по переработке и утилизации шин

Количество автомобилей на дорогах Костанйской области постоянно увеличивается. В связи с этим…

Ұлы даланың – ұлық тұлғасы

Ұлы даланың – ұлық тұлғасы! ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілетін Ұлы ойшыл Әбу…

Темекіні тартуды бастамас бұрын

Темекінің денсаулыңқа қаншалықты зиян екені баршаға белгілі. Бұл жайында газет-журналдар мен теледидарда…