КІРІСПЕ

ХХ ғасырдың басында қазақ халқы аса ірі қоғамдық-саяси өзгерістермен қатар ауқымды рухани жаңғыруларды да бастан кешті. Ұлттық мәдениет пен әдебиеттің, білім мен ғылымның туын көтерген, жұртшылықтың санасына демократиялық ойлар сіңіріп, алға жетелеуге ұмтылған зиялы топ қалыптасты. Халықтың зердесіне сәуле түсіріп, санасын оятқан осы топтың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынов. Қазақ халқының рухани көсемі болып, болашақтың жарық, тыныш, көк аспан астында өмір сүруіне өзінің ақылын арқау еткен.

Жұмыстың өзектілігі: А.Байтұрсыновтың туған халқының теңдігі үшін отаршылдыққа қарсы тұрған қажырлы қайратын сезініп, білімге ұмтыл деген даналы сөзі мен ойын жадымызда ұстап жаһандық мәдениетке ұмтылуымыз керек.

Негізгі мақсаты: Қасиетті Торғай топырағынан шыққан тарихи тұлғаның өмірі мен  шығармашылығымен танысу. Ғибратқа толы туындыларынан рухани қорек алып, елжандылық, адамгершілік құндылықтармен сусындау.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

                                          Торғайдан шыққан төл басы.

Адамдық диқаншысы қырға шықтым;

Көлі жоқ, көгалы жоқ- қорға шықтым.

Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім,

Көңілін көгертуге құл халықтың.

                                                                                 А. Байтұрсынов

А. Байтұрсынұлының осы өлең жолдары оның бүкіл өмірінің эпиграфы іспеттес.Ахмет  Байтұрсыновтың  ата-тегі: Аманжол —Шақшақ — Көмей — Қалқаман — Байсейіт — Үмбетей — Аралбай — Таңбай — Шошақ — Байтұрсын. Ахмет Байтұрсынұлы 1873 жылы 18 қаңтарда қазіргі Қостанай облысының Торғай өңіріндегі Сартүбек деген жерде дүниеге келеді. А.Байтұрсыновтың атасы Шошақ мінезі салмақты, шындықты бетке айтатын, ақылды, ел-жұртына беделді адам болған. Ол немересі Ахмет өмірге келгенде сүйінші сұрап барған кісілерге бір ат, бір түйеден мінгізіп, ауыл ақсақалдарынан бата алып, азан шақырып атын қойған. Шошақтың Ақтас, Байтұрсын, Ерғазы атты ұлдары өнерлі әрі намысты қолдан бермейтін азаматтар болып өскен. Олар 1885 ж. уезд бастығы полковник Яковлевтің елге жасаған зорлығына қарсылық білдіріп, оның өзіне қол жұмсап, жауапқа тартылған. Байтұрсын мен Ақтас 15 жылға Сібірге каторгаға жіберілсе, Ерғазы 4 ай мерзімге абақтыға жабылған. А. Байтұрсыновтың шешесі Күңіш ел өміріне қызу араласқан сергек кісі ретінде танылған. Әкесі мен туыстарының Ресей өкіметі тарапынан жапа шегуі Ахметке азаттық жолындағы күреске түсуіне ой салды. Бұл жөнінде кейін, яғни 23 жылдан соң әкесінің ізімен отарлық билікке қарсы күреске шығып, абақтыға жабылған А.Байтұрсынов анасына жолдаған хатында: “Оқ тиіп, он үшімде ой түсірген Бітпейтін жүрегімде бар бір жарам…”, — деп жазады. Ахметті Ерғазы Торғайдағы 2 сыныптық орыс-қазақ мектебіне береді. Оны 1891 ж. бітіріп, Орынбордағы 4 жылдық мектепке оқуға түседі. 1895 жылдан 1909 жылға дейін Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездеріндегі орыс-қазақ мектептерінде оқытушы, Қарқаралы қалалық уч-щесінде меңгеруші қызметін атқарады.

Жанын сала ұмтылды.

Болашақтың таңына

Қиялдап қана қойған жоқ.

Май тамызып, от берді.

Ой-сананың шамына.

Иә, қиялдап қана қоймай, жанын салып ұмытылған болашақтың таңы мен ой-сананың шамына май тамызып от берген Ұлттың рухани ұстазы,Торғай қырандарының бірі – Ахмет Байтұрсынұлы.

Қазақ халқының тағдыры, бүгіні мен ертеңгісі Ахмет атамыздың поэзиясының өзегі болды. Ол өзінің ағартушылық, демократтық, гуманистік идеяларын халқына поэзия тілімен жеткізді. 1913 жылы Орынборда «Қазақ» газеті шыға бастады.1917 жылға дейін шығып тұрған бұл газет халық қамын ойлаған, прогресшіл бағытта болды, қазақ халқының санасын оятуда теңдеусіз роль атқарды. Ақын арманы- «адамдық диханшысы» болып халқына қызмет ету. Ахмет атамыз бұл арманын орындады. Ол туған халқы үшін қасықтай қаны қалғанша қалтықсыз қызмет етті. Халқының, елінің қалаулы, сәулелі жұлдызына айналды. Шын мәнінде «адамдық диханшысы» атанды. Туған жылға қатысты қазақ жыл қайыруы бойынша, атамыз мешін 1873жылға келеді. Мынадай қорытынды жасауға болады: ең алдымен, баласының дүниеге келгені туралы куәлік алмайтын қазақ оны жыл мезгілімен не бала дүниеге келген жылғы ерекше оқиғамен есте сақтап, жыл қайыру бойынша шығарып отырған.

А.Байтұрсынов М.Дулатовпен бiрiгiп 1913-1917 ж.ж. Орынборда “Қазақ” газетiн шығарды. Онда мектеп, оқу-ағарту iсi, отырықшылық, сауда, ел билеу iсi мәселелерiн сөз еттi. Алдыңғы қатарлы елдердi үлгi еттi. Надандықтан құтылудың жолы оқу-ағарту iсi деп қарады. Мектептерге бiлiмдi мұғалiм кадрларын даярлауды көтердi. Қазақ алфавитiн жаңартып араб әрпiне жаңа әлiппе жасады.

Оқыту әдiстерiн жетiлдiрудi, оқытудың әдiс-тәсiлдерiн жаңартуды көредi. “Оқыту жайында” атты мақаласында “Оқу жұмысының үш жағы үш нәрсеге тiреледi. Бiрi ақшаға, бiрi құралға, бiрi мұғалiмге. Осы үш тiреуi бiрдей тең болса, оқу қисаймайды, ауытқымайды, түзу жүредi… дейдi.

Оқу iсiн жолға қою үшiн ғылыми жүйелiлiк жасалған оқу бағдарламасы болуы керек. Сол бағдарламаға негiздей жазылған оқулық болуы тиiс. Оқулықтағы бiлiмдi оқушы бойына дарыта бiлетiн әдiскер мұғалiм керек дегендердi көтередi. Сондай-ақ А.Байтұрсынов бiлiм негiзi бастауыш сыныпта салынады деп қарады. Бастауыш мектептерде қандай пәндер оқытылуы керек дегенге арнайы тоқталып, ол пәндердi: оқу, жазу, дiн, ұлт тiлi, тарихы, есеп, шаруа-кәсiп, қолөнерi, жағрафия, жаратылыс деп саралап көрсетiп бердi. Байтұрсынлв осы пәндердiң оқулықтарын шығаруды қолға алды. Өзi бастауыш мектепке арнап “әлiппе” кiтабын жазды.  Сондай-ақ оның “Тiл жұмсар” деген атпен екi бөлiмдi грамматикасы кiтабы (1925) шықты.  Ал М.Дулатов бастауыш мектепке арнап “есеп” кiтабы мен  қирағат ( ана тiлi оқу) кiтабын жазды.

Ол сауаттылықты негiзгi жазуға жаттықтыру деп қарады. Жазу дегенiмiз – әрiптердiң суретiн салу, ал оқу дегенiмiз – суретi салынған әрiптердiң дыбысын дұрыс айту. Балалар дыбысты ажыратып үйренген соң, сол дыбыстың таңбасы – қәрiптi көрсету керек. Оны меңгергеннен кейiн оқу, жазу жұмыстарының бәрiне сол тiреу болады деп балаларды оқуға, жазуға үйретудiң әдiс-тәсiлдерiн сөз еттi. 1920 ж. Қазанда “Баяншы” деген атпен тiлдi оқытудың методикасына арналған әдiстемелiк құрал шығарды.

А.Байтұрсынов оқытудың бiлiмдiлiк-танымдық жағымен бiрге тәлiмгерлiк қызметiне де баса көңiл бөлдi. Әрбiр оқылатын тақырыптардың  бiлiм бере отырып, тәрби де беруiн қарастыруды талап еттi.

А.Байтұрсынов өзінің барлық саналы өмірін қазақ қоғамныда білім-ғылымның дамуына, мектеп ағартушылық ісінің жанданып кемелденуіне бағыштады. Ол ауыл мектептерінде, семинарияларда бала оқытты, оқу тәрбие жұмысын жетілдіру саласында көп ізденді, «Әліпби», «Тіл құралы», «Әдебиет танытқыш» атты кітаптарды қазақ тілінің табиғаты, өзгешеліктері, араб алфавитінің жайы, терминдер, қазақ тілін оқытудың әдістемесі туралы көптеген мақалалар жазады. Байтұрсынов алғаш ағартушылық ой-пікірлері сонау 1913-17 жылдары Орынборда шыққан «Қазақ» газетінде жарияланған мақалаларынан айқын көрінеді. Ол туған халықының білім-ғылымға ұмтылуын әр қазақтың ең болмаса бастауыш білім алуын аңсады. «Адамға тіл, құлақ қандай керек болса, бастауыш мектепте үйренетін білім де сондай керек»-деп жазды. Байтұрсынов мұғалімдерді педучилищелер ашып арнаулы оқу орындары арқылы даярлаудың тиімділігін айта келе, ондай оқу орындары қазақ даласында жоқтығын ескеріп, орыс мектептерінен де қазақ медреселерін оқып бітірген жастардың талаптыларын мұғалімдік жұмысқа қоса пайдаланайық деген ұсыныс жасайды. Медреседе оқығандардың педагогика, әдістемеден хабарсыз, ал орыс мектептерінде оқығандардың мұсылманша хат білмейтіндігін қынжыла сөз етеді. Олардың білімін жетілдіру үшін жаз айларында 1-2 айлық қысқа мерзімді курс ашуды ұсынады. Сонымен қатар ол бастауыш мектептерінде қандай пәндер оқытытлу керек дегенге арнайы тоқталып, ол пәндерді оқу, жазу, ұлт, дін, ұлт тарихы, есеп, қолөнер, жағрафия, жаратылыс болу керек екендігін нақтылап көрсетті. Байтұрсынов осы пәндердің оқулықтарын шығарудың қолға алынғанын, алайда арнайы баспахана болмағандықтан кейбір оқулықтарды шығару ісіндегі қиыншылықтарды қынжыла баяндайды. Ол қазақ мектептеріне ең зәру ісі – оқулық жазумен айналысады. Ол үшін ең алдымен қазақ тілінің фонетикалық жүйесін зерттеумен айналысты. «Тіл құралын» жазбас бұрын ең алдымен жазу графикасын жөндеп алудан бастаудың қажеттігін сезінген Байтұрсынов 1912 жылдан бастап, «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің беттеріне араб таңбаларын жетілдіру, лингвистикалық терминдерді тілге енгізу (дыбыс, әріп, жуан, жіңішке, т.б.) туралы ой-пікір қозғады. Оның араб жазуын қаза тіліне икемдеген нұсқасын қазақ жұртышылығы, әсіресе мұғалімдер жылы лебізбен қабылдады. Себебі, бұл реформа қазақ тілінің табиғатына, яғни сингармонизм заңдылығына сүйеніп, ғылыми түрде жасалған еді. Сондай-ақ Байтұрсынов ұсынған емле 1913 жылдан бастап мұсылман медреселерінде де, орыс-қазақ мектептерінде де қолданыла бастады. А.Байтұрсынов 1926 жылы «Әліпбидің» жаңа түрін осы күнгідей суреттерімен берілген Әлеппе кітабын жазды. Ал бұл «Әліпбидің»1928 жылы Қызылордада шыққан 3-басылымы қазақ тілінде басылған кітаптар арасында былай бағаланды: «Жаңа құрал қазақ тұрмысына үйлесімді суреттері бар… Ахметтің 7 рет басылған бұрынғы «Әліпбиі» қазақ жұртына орасан зор пайда келтірген еді…

Ахмет Байтұрсынұлының әдебиет майданындағы есімі әр жас ұрпақ жүрегінде Ахмет Байтұрсынұлы мұрасы, тарихтағы орны ғалымдық, ақындық, публицистік, қайраткерлік істері аса жоғары бағаланған. Өз уақытының аласапыран құбылыстарын бағалау болашақ алыс өрістерді көруге келгенде алмағайып ағыстарға малтығып, қалың тұманда адаспай Ахмет Байтұрсынұлының әуелі тарихтағы орнына тоқталып өткен жөн. Ақан ашқан қазақ мектебі, Ақан түрлеген ана тілі, Ақан салған әдебиеттегі елшілдік ұраны, «Қырық мысал», «Маса» еңбегі, «Қазақ газетінің» 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытқанда да, тарих ұмытпайтын істер болатын. Оны жұрттың бәрі де біледі. Бұның шындығына ешкім дауласпайды деп ұлы данышпанымыз Абай есімін бар әлемге таныстырған Мұхтар Омарханұлы Әуезов айтқан болатын. Ахмет атамыздың тарихтағы орнын, әлеуметтік-қоғамдық істерін, дүниетанымдағы кейбір қайшылықтарын өз кезінде дұрыс көрсетіп, әділін айтқан адамдардың бірі – Сәкен Сейфуллин. Ол «Еңбекші қазақ» газетіндегі өз мақаласында былай деген екен: «А.Байтұрсынұлы қарапайым кісі емес, оқыған кісі. Оқығандардың арасынан шыққан өз заманында патша арам қулықты атарман-шабармандарының қорлығына, мазағына түскен халықтың намысын жыртып, дауысын шығарған кісі. Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттың арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді.

Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары губернатор, соттарға күшін сатып, тілмаш болып, арларын сатып, ұлықтық істеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай, қызметтерін қылды. Қалай болса да, жазушысы аз ғана, әдебиеті нашар қазақ жарлыларына оқу хәм тіл құралдарымен қылған қызметі таудай». Ахмет атамыздың әдебиет майданында есімін асқақтатар болсақ, қалайда халықты ояту, оның санасына, жүрегіне, сезіміне әсер ету жолдарын іздеген ақын ұлы Абай тапқан аударма жасау дәстүріне мойын ұсынады.

Бұрынғы ескі ертегі, хикая үлгілері емес, енді жаңа өлеңдік форма – мысал арқылы көшпелі елдің жақсы білетін стихиясы – жан-жануар өмірінен алынған шығармалар арқылы әлеуметтік ойға ықпал ету мақсатымен Иван Андреевич Крыловтың туындыларын аударып, «Қырық мысал» деген атпен 1909 жылы Петербургте бастырып шығарды. Бір жағынан қызықты форма, екінші жағынан ұғымды идея, үшінші жағынан қазақ тұрмысына ет-жақын суреттер ұласа келіп, бұл өлеңдерді төл дүниесіндей етіп жіберді. Әртүрлі аңдар, әртүрлі адамдар кейпінен хабар беріп, ишара тұжырым жасалады. Адамдардың мінезі, өмір ағысы, тағдыр сабағы, заман қабағына қатысты көптеген жайттарды әсіресе патша отаршылардың зорлық-зомбылығы, байлардың, жуандардың тепкісі, елдің азып-тозуына байланысты сарындарды А.Байтұрсынұлы жұмбақтап, тұспалдап жеткізеді, кейде ашық дәл айтылатын ойлары да кездеседі. Алуан-алуан ойға жетелейтін «Қайырымды түлкі», «Ала қойлар», «Үлес», «Қартайған арыстан», «Өгіз бен бақа», «Ат пен есек» мысалдарында әлеуметтік-қоғамдық жағдайларды меңзейтін оқиғалар, адамдар психологиясымен сарындас әуездер, тағылымды, ғибратты тұжырымдар мол орын алады. Аудармашы негізгі түп нұсқа мәтініне орайластырып, көркем ойға ой, суретке сурет қосып, пікірді ұштап, жаңа сарын-әуез қосып отырады.

Досыма хат

Қырағы қия жазбас сұңқарым-ай!

Қажымас қашық жолға тұлпарым-ай!

Үйілген өлексені өрге сүйреп,

Шығармақ қыр басына іңкәрім-ай!

деген жолдардағы «сұңқар», «тұлпарға» теңелгендер –бостандық пен тәуелсіздіктің жоқшысы, қиын-қыстау  күндерде мақсат пен тілек біріктірген серіктестердің қайраткерлік тұлғасының бедерлі бейнесі  еді. Ол қазақ поэзиясының өзегіне күрескерлік рух сеуіп, өн бойына азаттық сарынның дәнегін екті

Ахмет Байтұрсынұлының бүкіл тірлік-тынысы, адамдық болмысы, ең алдымен, азаттық ұғымымен астасып жататындығы. Ол – жеке бас, жеке адам бостандығының жоқтаушысы емес, түгел жұрт, тұтас ел азаттығының ту ұстаушысы.

«Аш көзіңді оянып!» деп,«Қырық мысал», «Маса» кітаптары арқылы елге салмақты ой тастаған – Ахаң болатын. «Қырық мысалда» бүкпелей жеткізілген көп жайлар «Масада» өзгеше өрнек тауып, ашық та анық айтылып, қоғамдық санаға ықпал етуге жаңаша жол ашты:

Қазағым, елім,

Қайқайып белің,

Сынуға тұр таянып.

Қамауда жаның,

Талауда малың,

Аш көзіңді оянып!

Бұл – қазақ поэзиясына Ахаң әкелген өнегесі мол, өрісі кең өзгеше сарын. Ақын аудармаларында сюжет сақталғанмен еркіндік басым, қазақ тұрмысына жақын идеялар, заман тынысын таңытатын жаңа ойлар айтылады. Түп негізі қысқа болғанымен аудармашының аудармасы ұзақ болып келеді. Мысалы, «Өгіз бен бақа» орысшада-17, қазақшада-36 жол, «Қасқыр мен тырна» орысшада-19, қазақшада-76 жол, «Қасқыр мен қозы» орысшада — 37, қазақшада-68 жол. Бұдан біз Ахмет атамыздың жаңа, ұлттық төл туынды жасағанын көреміз. 1911 жылы Орынбор қаласында «Маса» жинағы жарыққа шығады. Мұнда Ахметтің өз басынан кешкен қиын-қыстау күндер, ауыр жолдар, қуғын-сүргін, жетімдік-жоқтық бір талай өлеңдерге арқау болады. Ел тағдыры, халық қамы, бостандық арманы басты сарын.

«Маса» кітабына енген өлеңдерде жеке бастың мұң-шері, тұрмыс-салт суреті емес, негізінен әлеуметтік, қоғамдық ойлар, азаматтық идеялар айтылады. Өзін-өзі күйттеген, байлық үшін, мансап үшін ар-абыройын сатқан, «жақсылығы өз басынан артылмаған», «бос белбеу, босаң туған боз бала», «бір тойғанын ар қылмаған шалдар», «қайырсыз кеще сараң байлар» сыналады. «Туысыма», «Досыма хат», «Қазақ қалпы», «Жұртыма» өлеңдерінде ұлы Абай сатирасын еске түсіретін сарындар, ойлар, образдар бар. «Анама хат», «Жауға түскен жөн сөзі» — қорлық-зорлыққа мойымаған, бостандық, еркіндік жолында бәріне көнген қайратты ерлер тұлғасын мүсіндеген жырлар. Қарқаралы тұтқынынан Семейге айдалған А.Байтұрсынұлы «Қарқаралы қаласына» деген өлеңін жазады: Қош, сау бол, Қарқаралы, жуылмаған, Айдай бер қалса адамың қуылмаған. Әдепті, сыпайы елдің қалпында жоқ, Жасырын дыбыс шықты шуылдаған. Бүркеніп арсыздардың шайнауына, Жем тапты пісірмеген, қуырмаған. Шыққан соң талғамайтын доңыздардың Қасыңа қиын болар жуу маған.Екі жинақ – «Қырық мысал», «Маса» қазақ әдебиетін жаңа тақырыптармен, идеялармен, ойлармен өрнектеп байытты .«Ахметтің Қазан төңкерісіне шейін қазақ халқын ояту ретінде көп еңбегі сіңді. Қазақ мектебі, қазақ тілі сықылды орындарда оның еңбегі мол… Әр тілдің айдауында жүрген қазақ балаларына қазақ тілінен кітап жазған, қазақ тілінің негізін жасап, қазақ мектебінің іргесін қалаған алғашқы адам – Ахмет. Ахметтің бұл тарихи еңбегі бағаланбай қалмақ емес. Мұны пролетариат та бағалайды», — деп жазды Сәбит Мұқанов. Хаббас Тоғжанов пікірі де осымен сабақтас: «Бір кезде сары маса боп ызыңдап оятқан Ахметті қазақ еңбекшілері де қадірлей біледі, сөзін оқып сүйсінеді».Ірі ғалым-тілші, әдебиет зерттеуші, тюрколог, дарынды ақын-аудармашы Ахмет Байтұрсынұлының есімі бүгінгі таңда әр жас ұрпақ жүрегінде жатталып, мәңгі есте қалары хақ.

ҚОРЫТЫНДЫ

Қазақ әдебиеті тарихында Абайдың орны қандай болса, қазақ тіл білімі мен мәдениеті тарихында Ахмет Байтұрсыновтың орны сондай. Оның өмірбаяны, бар тірлік-тынысы, ой-арманы туған халқына деген қалтқысыз қызметтен тұрады. Оның өмірін сондықтан да жеке адамның, жеке бір маманның өмірі деп қарауға болмайды. Ол халықпен біртұтас, қалың елмен тамырлас, ел жүгін қайыспай көтерер нағыз халық перзенті.

Ахмет Байтұрсыновтың ақын, публицист, ғалым, қоғам қайраткері санатында жасаған барлық еңбегі, тартқан қорлық, көрген азабы, болашаққа сенген үміт-арманы – баршасы осы ұлы миссияны орындауға, туған халқы үшін қасықтай қаны қалғанша қалтқысыз қызмет етуге арналған.Өз жобамда мен түйген түйінім  А.Байтұрсыновтың өмірі мен шығармалары ұрпақтары үшін рухани адамгершілікке тәрбиелейтін мол мұра. Осындай зор құрметке ие рухы асқақ атаның атындағы гимназияда білім алатынымды  мақтанышпен  айта аламын. Өзіме үлкен жауапкершілік жүктеймін осы міндетті абыройлы орындасам деп армандаймын. Әсіресе, оқуымды  жақсы оқып, тәрбие мен қоғамдық іс-шараларға  белсене ат салысуды  қалаймын. Бұл да болса ата арманының орындалғаны, өзі аңсаған сауатты ұрпақтың өсіп жатқанының куәсі болармын деп ойлаймын.

«Ұлтын керек қылып, халыққа қызмет қылатын деген қазақ балалары қазақ жұмысына қолынан келгенше қарап тұрмай кірісіп істей білсе – ұлт жұмысы ұлғайып, толықпақшы»

Ахмет Байтұрсынов

You May Also Like

Робо күшік, ғылыми жоба слайд

Adobe Photoshope бағдарламасы, ғылыми жоба

Adobe Photoshope бағдарламасы  Міндеттері: Adobe Photoshope бағдарламасы туралы жалпылама ақпарат беру; Adobe…

Алатаудың ерекшеліктері, ғылыми жоба

Ғылыми жоба тақырыбы: Алатаудың ерекшеліктері  Бұл Жетісу Алатауы Зерттеудің мақсаты:Алатаумен  жақынырақ танысу,зерттеу,қосымша…

ДЕНЕЛЕР ЗАТТАР, ғылыми жоба