МАЗМҰНЫ 

І. КІРІСПЕ 

ІІ. НЕГІЗГІ БӨЛІМ 

2.1. А.Байтұрсынов ұлы тұлға

2.2. А. Байтұрсынов  шығармаларындағы адамгершілік тәрбиенің көрініс табуы

ІІІ ҚОРЫТЫНДЫ 

 Кіріспе

Қазақ  әдебиеті тарихында Абайдың орны қандай болса, қазақ тіл білімі мен мәдениеті тарихында Ахмет Байтұрсыновтың орны сондай. Оның өмірбаяны, бар тірлік-тынысы, ой-арманы туған халқына деген қалтқысыз қызметтен тұрады. Оның өмірін сондықтан да жеке адамның, жеке бір маманның өмірі деп қарауға болмайды. Ол халықпен біртұтас, қалың елмен тамырлас, ел жүгін қайыспай көтерер нағыз халық перзенті.

Мақсаты:А.Байтұрсынұлының өмір жолы  мен  мол  шығармашылық мұрасын талдап, бағыт-бағдар алып, рухани- адамгершілік қағидаларын ұғыну.

Өзектілігі:   А.Байтұрсынов шығармаларынан үлгі алу арқылы адамгершілік, достық, жанашырлық, сабырлық қасиеттерін танып, жүрегімізге, ой- санамсызға мейірім сезімін ұялатуға ықпал жасаймыз.

А.Байтұрсынов ұлы тұлға

Әдебиет  зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам және мемлекет қайраткері. Қазақ халқының 20 ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, ұлттық жазудың реформаторы,ағартушы, Алаш-Орда өкіметінің мүшесі. Қазақтың біртуар азаматы Ахмет Байтұрсынұлы  1873  жылы 5 – қыркүйекте  қазіргі Қостанай облысы, Жангелдин ауданындағы Сартүбек елді мекенін де дүниеге келген. Сүйегі – арғын, оның ішінде – үмбетей.  Ал әріден таратсақ, Ахаң тарихта есімі мәшһүр тұңғыш тархан Жәнібекпен  тусады.  Жәнібек батыр Шақшақтың шобересі болса, Ахмет – Шақшақ бабаның тоғызыншы тармақтағы ұрпағы.  Әкесі Байтұрсын Шошақұлы еті тірі, сергек, намысқой адам болған. Содан  да ол руластарына әлімжеттілік жасаған Торғай уеезінің бастығы, полковник Яковлевті соққыға жығып 15 жылға сібірге айдалады.

Оқ тиіп он үшімде ой түсіріп,

Бітбейтін жүрегімде бар бір жарам.

Алданып жегенімде оны ұмытсам,

Болғандай жегенімнің бәрі қарам. – кейіннен өзі жырлағандай.  Қайран әке итжеккенге айдалып бара жатып: «Балам, қандай қиыншылыққа ұшырасаң да, аш қалсаң да, мейлі жалаңаш, жалаңаяқ жүрсеңде, жататын орның болмаса да, қанша қорлық көрсең де, оқы » деп тапсырған екен.   Анасы Күңші – арғынның сүгір руының Шеру атасынан шыққан Құлыбек деген байдың қызы. Өте келбетті, ұзын бойлы,  ақсары, толық денелі, қолөнер шебері аздап ақындығы да бар, топ жарып ән де салады екен. мінезі елден ерекше батыл болыпты.   Жары – татар қызы (Александра Ивановна) Бадрисафа Мұхаметсатыққызы.   Атасы Шошақ немересі Ахмет өмірге келгенде ауыл ақсақалдарынан бата алып, азан шақырып атын қойған. Әкесінің інісі Ерғазы Ахметті Торғайдағы 2 сыныптық орыс-қазақ мектебіне береді. Оны 1891 жылы бітіріп, Орынбордағы 4 жылдық мектепке оқуға түседі. 1895–1909 жылы Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездеріндегі орыс-қазақ мектептерінде оқытушы, Қарқаралы қалалық училищесінде меңгеруші қызметін атқарады.   Ахмет Байтұрсынұлының  саяси қызмет жолына түсуі 1905 жылға тұс келеді. 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде жазылып, 14500 адам қол қойған Қарқаралы петициясы (арыз-тілегі) авторларының бірі Байтұрсынұлы болды. Қарқаралы петициясында жергілікті басқару, халыққа

білім беру істеріне қазақ елінің мүддесіне сәйкес өзгерістер енгізу, ар-ождан бостандығы, дін ұстану еркіндігі, цензурасыз газет шығару және баспахана ашуға рұқсат беру, күні өткен Дала ережесін қазақ елінің мүддесіне сай заңмен ауыстыру мәселелері көтерілді. Онда қазақ даласына орыс шаруаларын қоныс аударуды үзілді-кесілді тоқтату талап етілген болатын. Сол кезеңнен бастап жандармдық бақылауға алынған Байтұрсынұлы 1909 жылы 1 шілдеде губернатор Тройницкийдің бұйрығымен тұтқындалып, Семей түрмесіне жабылды.  Одан соң көп өтпей Ресей ІІМ-нің Ерекше Кеңесі 1910 жылы 19 ақпанда Ахаңды қазақ облыстарынан тыс жерге жер аудару жөнінде шешім қабылдады. Осы шешімге сәйкес Байтұрсынұлы Орынборға 1910 жылы 9 наурызда келіп, 1917 жылдың соңына дейін сонда тұрды. Байтұрсынұлы өмірінің Орынбор кезеңі оның қоғамдық-саяси қызметінің аса құнарлы шағы болды. Ол осы қалада 1913–1918 жылы өзінің ең жақын сенімді достары Ә.Бөкейханов, М.Дулатовпен бірігіп, сондай-ақ қалың қазақ зиялыларының қолдауына сүйеніп, тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығарып тұрды. Газет қазақ халқын өнер, білімді игеруге шақырды.   Сол «Қазақ» газеті қазақ даласынан асып,Петербург, Варшава, Ташкент, Шәуешекке дейінгі аралықта 8 мыңға жуық данамен таратылып тұрған.      Ахмет Байтұрсынұлының   Орынбордағы өмірі мен қызметі Ресей үкіметінің қатаң жандармдық бақылауында болды. Ол «Қазаққа» жабылған негізсіз жала салдарынан абақтыға отырып шықты.Алаш қозғалысы тұсында  соны өріс іздеген Ахаң ұлт азаттығы жолындағы күрес басшыларының  сапынан табылды. Әлихан, Ахмет, Мыржақып бастаған қазақ зиялылары Қазақ автономиясын құруға қам жасап, 1 жалпықазақ сьезін шақырады. Сьез шешімімен «Алаш» ұлттық – саяси партиясы құрылады. Ахаңның басшылығымен «Алаш» партиясының бағдарламасы даярланып, қабылданады.     Алаш Орда құрамын бекіткен 2-жалпықазақ съезі Оқу-ағарту комиссиясын құрып, оның төрағасы етіп Байтұрсынұлын  бекітті. 1919 жылы наурызға дейін Алашорда үкіметінің Торғай облысы бөлімінің мүшесі болды. Байтұрсынұлы 1919 жылы наурызда Алашорда үкіметі атынан Мәскеуге Кеңес үкіметімен келіссөзге аттанды, осы жылғы шілдеде РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесі мен Қазақ әскери-революция комитеті   төрағасының орынбасары болып тағайындалды.

Ахмет Байтұрсынұлының ықпалымен сәуірде Алашорда басшылары мен мүшелеріне Кеңес үкіметінің кешірімі жарияланды. Байтұрсынұлы бұл тарихи кезеңде «Патшалардың төрінде отырғаннан, социалистердің босағасында өлгенім артық» деген пікірде болды (ҚР ҰҚК архиві, 78754-іс, 6-т., 44-п). 1920 жылы В.И.Ленинге үкіметінің Қазақстанды басқару ісіндегі алғашқы қадамын қатал сынға алған хатын жолдады. Қазревком мүшесі ретінде Қазақстанның Ресеймен шекарасының қалыптасу ісіне белсенді түрде

араласты.    Ахмет Байтұрсынұлы  бүкілресейлік  ОАК-нің 1919 ж. 27 тамызда Қостанай уезін Челябинск облысына қосу туралы шешіміне қарсы  жазған саяси наразылығы Қостанай уезін Қазақстан құрамына қайтаруға негіз болды.    Ахмет Байтұрсынұлы   1920 ж. тамызда құрылған Қазақ АКСР-і үкіметінің құрамына еніп, 1920–1921 жылы Қазақ АКСР-і халық ағарту комиссары қызметінде болды.    1922 жылы Өлкелік халық комиссариаты жанындағы Академиялық орталықтың, 1922–1925 жылы Халық ағарту комиссариаты ғылыми-әдеби комиссиясының, Қазақ өлкесін зерттеу қоғамының төрағасы болып қызмет атқарды. Байтұрсынұлы түрлі мемлекеттік қызметке ат салыса жүріп, сонымен бір мезгілде өзінің жаны сүйген оқытушылық-ұстаздық жұмысынан да қол үзбеген.

1921–1925 жылы Орынбордағы, 1926–1928 жылы Ташкенттегі Қазақ халық ағарту институттарында қазақ тілі мен әдебиеті, мәдениет тарихы пәндерінен сабақ берді. 1928 жылы Алматыда Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының ашылуына байланысты ректордың шақыруымен осы оқу орнына профессор қызметіне ауысты. 1929 жылы 2 маусымда 43 Алаш қозғалысы қайраткерлерімен бірге ол Алматыда тұтқынға алынып, осы жылдың соңына қарай тергеу үшін Мәскеудегі Бутырка абақтысына жөнелтілді. КСРО Халық комиссарлар кеңесі жанындағы ОГПУ «үштігінің» 1930 ж. 4 сәуірдегі шешіміне сәйкес Байтұрсынұлы ату жазасына кесілді. Бұл шешім бірнеше рет өзгерістерге ұшырады: 1931 жылы қаңтарда 10 жылға концлагерьге ауыстырылса, 1932 ж. қарашада 3 жылға Архангельскіге жер аударылсын деп ұйғарылды.

1933 жылы мамырда денсаулығы нашарлап кетуіне байланысты қалған мерзімді Батыс Сібірде айдауда жүрген отбасымен (әйелі мен қызы) бірге өткізуге рұқсат беріледі. 1934 жылы М.Горькийдің жұбайы Е.П.Пешкованың көмегімен Байтұрсынұлы отбасымен мерзімінен бұрын босатылып, Алматыға оралады. Бұл жерде тұрақты жұмысқа қабылданбай, түрлі мекемелерде қысқа мерзімдік қызметтер атқарады. 1937 жылы 8 тамыза тағы да қамауға алынып, екі айдан соң, яғни 8 желтоқсанда атылды.

Ахмет Байтұрсынов шығармаларының тәрбиелік мәні

Қалайда халықты ояту, оның санасына, жүрегіне, сезіміне әсер ету жолдарын іздеген ақын айналып келгенде, ұлы Абай тапқан соқпақ, орыс әдебиеті үлгілерін пайдалану, аударма жасау дәстүріне мойынсынады. Байтұрсынұлы шығармашылық жұмысын өлең жазудан бастаған. Онда ол еңбекші халықтың ауыр халін, арман-тілегін, мұң-мұқтажын көрсетіп, жұртшылықты оқуға, білім-ғылымға, рухани биіктікке, адамгершілікке, мәдениетті көтеруге, еңбек етуге шақырады. Патшалық Ресейдің қанаушылық-отаршылдық саясатын, шенді-шекпендінің алдында құлдық ұрған шенеуніктердің опасыздығын сынады.   Ақынның алғашқы өлеңдері «Қырық мысал» атты аударма жинағында 1909 ж. Санкт-Петербургте жарық көрді. Бұл кітабы арқылы қалың ұйқыда жатқан қараңғы елге жар салып, олардың ой-санасын оятуға бар жігер-қайратын, білімін жұмсайды. Ақын әрбір аудармасының соңына өзінің негізгі ойын, айтайын деген түйінді мәселесін халқымыздың сол кездегі тұрмыс-тіршілігіне, мінезіне, психологиясына сәйкес қосып отырған.  Сонымен бірге А. Байтұрсынұлының ел арасына кеңнен тараған бірнеше әндері де бар: «Аққұм», «Қаракөз», «»Екі жирен», «Қараторғай»т.б.  «Қырық мысал» ұлы ағартушының түбірлі, түбегейлі тәрбиелік мақсаты мен мұратынан туған өлеңді шығармалар топтамасы. Кітапқа енген қырық мысал түгелдей атақты орыс ақыны М.АКрыловтан аударылған:

Орыстың тәржіме еттім мысалдарын,

Әзірге  қолдан келген осы барым.

Қанағат азға деген, жоққа сабыр,

Қомсынып, қоңырайма, құрбыларым,- дей тұрғанмен, осы қырық өлеңнің  бәрі  де түгелімен тіпті аударма секілді емес.

Байтұрсынұлының екінші кітабы — «Маса» (1911). Бұл кітапқа енген өлеңдерінде ақын қараңғылық, надандық, шаруаға енжарлық, кәсіпке марғаулық сияқты кемшіліктерді сынады. «Масада» өзінің өміріндегі ең басты мақсаты ұйқыдағы халқын оятуға жұмсайды.

Ұйқысын азда болса бөлмес пе екен,

Қоймастан құлағына ызыңдаса, десе

Қазағым, елім,

Қайқайған белің,

Сынуға тұр таянып,

Талауда малың,

Қанауда жаның,

Аш көзіңді оянып,

Қанған жоқпа әлі ұйқың

Ұйықтайтын бар не сиқың!- деп қазақтарды тағы  да «оянуға» шақырады

«Егіннің бастары» мысалында:

«Елде көп бұл бидайдай адам, – дейді,
Тәкаппар, оны халық, жаман, – дейді.
– Қалпы емес тәккапарлық данышпанның,
Тұтынба бұл мінезді, балам», – дейді. – деп санасы таяз тәкәппар надандардың болатынына қынжылып, сондай адамдардан бойын аулақ ұстауға ақыл – кеңес береді.

«Маймыл мен көзілдірік» мысалында:

Алғанға бұл кеңесте ғибрат бар,
Маймылша іс ететін көп надандар.
Пайдалы затты орнына жұмсай алмай,
Сөгетін пайдасыз деп жоқ па адамдар?!

Ахмет Байтұрсынов ғылымның жетістігін пайдалана алмағандықтарын, өздерінің білімсіздіктерін, ебедейсіз, икемсіздіктерінен көрмей кінәні басқалардан іздейтіндерді шебер суреттеген.

Бұл мысалда автор тыңдаушылардың жетесіне қазақ «бөлінгенді бөрі жеді» деп бекер айтпағандығын, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» болатындығын өсиет етіп айтады.

Ат пен есек

Мысалдың соңында:

Бұл сөзден қандай ғибрат алмақ керек?
Мысалы, еткен қайыр бір бәйтерек.
Қайырың біреуге еткен болып терек,
Көрерсің рақатын көлеңкелеп.

Қайырдың ең абзалы бұл дүниеде

-Біреуге қысылғанда жәрдем бермек

Кейбіреу зор бейнетке тап болады,
Кей уақыт аз бейнеттен қашамын деп.

– деп аяқтайды. Мұнда не нәрсе болса да ақылға салып, ой елегінен өткізіп сабырмен істе, өткен іске өкінгенмен еш нәрсе өзгермейді деп бір ой тастаса, екіншіден біреу сенен қиналып көмек сұрағанда көмектес, ондай күй сенің басыңа түскенде тым кеш болып, «аһ» ұрарсың деп жанашырлыққа, жаныңдағы жолдасыңның жайын ұғуға шақырады

Көптеген өлеңдері сол кездегі ағартушылық бағытпен үндес болды. Ол Шоқан, Абай, Ыбырай қалыптастырған дәстүрлерді, гуманистік, демократиялық бағыттағы өрісті ойларды өзінше жалғастырушы ретінде көрінді. Қоршаған ортаға ойлана, сын көзімен қарайды, қоғам қалпына көңілі толмайды. «Қазақ салты», «Қазақ, қалпы», «Досыма хат», «Жиған-терген», «Тілек батам», «Жауға түскен жан сөзі», «Бақ» т.б. өлеңдерінің мазмұны осыны танытады. Кітаптың ішкі сазы мен ой өрнек, сөз орамы қазақ поэзиясына тән өзіндік жаңалық, ерекше өзгеріс әкелді.   Сондай – ақ  Байтұрсынұлы қазақ тіліне А.С.Пушкин,   М.Ю.Лермонтов, Ф.Вольтер, С.Я.Надсон өлеңдерін аударды. Бұл аудармалардың  тақырыбы, идеялық-көркемдік деңгейі жоғары.   ақын әрбір аудармасының соңына өзінің негізгі ойын, айтайын деген түйінді мәселесін халқымыздың сол кездегі тұрмыс-тіршілігіне, мінезіне, психологиясына сәйкес қосып отырған    туындылар.    Ел тағдырының келешегіне алаңдаулы ақын көп қырлы ісімен, даналық саясатымен қазақ жастарының рухани көсемі болды.     Әдебиет саласындағы алғашқы зерттеуі деп оның «Қазақ» газетінің 1913 жылғы үшнші санында шыққан «Қазақтың бас ақыны» деген көлемді мақаласын атауға болады. Онда қазақ халқының рухани өмірінде Абайдың аса ірі тұлға екені, өмірбаяны, шығармаларының мазмұн тереңдігі, ақындық шеберлігі, поэтикасы, орыс әдебиеттерімен байланысы туралы ойлы пікірлер айтылып,  ақын мұрасының эстетикалық қадір-қасиеттерін  ашып көрсеткен. Мақалада ұлы ақын Абайдың тарихи миссиясы, рухани болмысы, өлеңдерінің ұлттық сөз өнеріндегі маңызы, көркемдік-эстетикалық сипаты баяндалды. Ол Абай өлеңдерінің даралығын, «сөзі аз, мағынасы көп, тереңдігін», сыншылдығын ұғындырды. Абайдың ақындық шеберлігі, поэзияға деген көзқарасы туралы ғылыми тұжырымдары қазақ әдебиеттану ғылымында жалғасын тапты. Оның

«Әдебиет танытқыш» деген зерттеуі (1926) қазақ тіліндегі тұңғыш іргелі ғылыми-теориялық еңбек болмақ Байтұрсынұлы әдебиет тарихының теориясы мен сынына, методологиясына тұңғыш рет тиянақты анықтама беріп, қазақ әдебиеттану ғылымының жүйесін жасады. Халық тілінің бай қоры көзінен мағынасы терең, ұғымдық аясы кең сөздерді термин етіп алып, соның негізінде қазақ әдебиетінің барлық жанрлық формаларын топтап, жіктеп берді. Мысалы, сөз өнері, шығарма, ауыз әдебиеті, толғау, т.б. ғылыми-теориялық еңбекке қазақ әдебиетінің ең бейнелі, мазмұны мен мағынасы терең шығармаларын мысал ретінде пайдаланды. Сөз өнері жайында жазылған әлемдік ғылымның ең үздік үлгілерін пайдалана отырып, әдебиеттанудағы ұғым, термин, категориялардың соны ұлттық үлгілерін жасады. Мысалы, меңзеу, теңеу, ауыстыру, кейіптеу, әсірелеу, алмастыру, шендестіру, үдету, түйдектеу, кекесіндеу, т.б. «Әдебиет танытқышта» ақындық дарын табиғаты, шығарм. психологиясы, шабыт стихиясына ғылыми тұжырым берілді. Өлеңге жан-жақты зерттеу жасап, шумақ, тармақ, бунақ, буын, ұйқас, т.б. ұғымдарға анықтама берді.Байтұрсынұлы қалдырған бай мұраның тағы бір саласы — көркем аударма. Ол орыс классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударып, көркем қазынаның бұл саласын байытуға мол үлес қосты. И.А. Крылов мысалдарының бір тобын қазақ тіліне аударып, «Қырық мысал» деген атпен жеке жинақ қылып бастырды. И.И. Хемницердің «Атпен есек»,А. Пушкиннің «Балықшы мен балық», «Алтын әтеш», «Ат», «Данышпан Аликтің ажалы» шығармаларын, орыстың белгілі лирик ақыны С.Я. Надсонның өлеңін қазақ тіліне аударды.

Қорытынды.

Ахмет Байтұрсыновтың шығармаларының негізі идеясы жастарды бүгінгі күнде құр сөз, «таусылмайтын» ақыл – кеңеспен тәрбиелегеннен гөрі, жеке бастың өнегесіне, ғибраттылыққа, қоғамда орын алып жатқан әр қилы құбылыстарға сын көзбен қарап, өзіндік баға бере білуге баулу.

Өз жобамда менің түйген түйінім алға басып, жұрт қатарына кіру керек. Басқадан кем болмау үшін біз білімді, күшті болуымыз керек. А.Байтұрсынұлы аңсаған егемендіктің құны мен қадірін бағалауымыз, ары қарай дамытуымыз керек! . Осындай зор құрметке ие рухы асқақ атаның атындағы гимназияда білім алатынымды  мақтанышпен  айта аламын. Өзіме үлкен жауапкершілік жүктеймін осы міндетті абыройлы орындасам деп армандаймын. Әсіресе, оқуымды  жақсы оқып,  ата –анамның  еңбегін  ақтап, тәрбие мен қоғамдық іс-шараларға  белсене ат салысуды  қалаймын. Бұл да болса ата арманының орындалғаны, өзі аңсаған сауатты ұрпақтың өсіп жатқанының куәсі болармын деп ойлаймын.

You May Also Like

Қазақтың көне жәдігері-қамшы, ғылыми жоба

Баға жетпес ұлттық құндылығымыздың бірі – қамшы. Бұл бүгінде әр қазақтың шаңырағына…

Жұмбақтар және оның түрлері, ғылыми жоба

КІРІСПЕ Жұмбақтар – қазақ халық ауыз әдебиеті ішінде атадан балаға мұра ретінде…

Ғаламдық және аймақтық экологиялық проблемалар, ғылыми жоба

Ғылыми жоба Тақырыбы:  Ұрпаққа аманат: Ғаламдық және аймақтық экологиялық проблемалар Жоспар Ғаламдық…

Неліктен Александр Македонский скифтерді бағындыра алмады? ғылыми жоба слайд