КІРІСПЕ

Жұмбақтар – қазақ халық ауыз әдебиеті ішінде атадан балаға мұра ретінде беріліп, ерте заманнан бастап бүгінгі күнге дейін даму, өсу, толығу үстінде келе жатқан асыл мұра. Жұмбақтардың асылдық қасиеті, оның дүниеге келуі сонау ерте заман болса да, бүгінгі біздің дәуірімізде қажеттілігі күшейіп мән – мағынасының артып отырғандығында. Бұл пайдасы мол асыл мұра арнайы зерттеу мен тиімді пайдалануды қажет етеді.

Зерттеудің мақсаты:

          Жұмбақтардың халқымыздың асыл мұрасы ретінде пайдасының зор екендігін зерттеп, олардың қазіргі заманға сай етіп пайдаланудың әдістерін ойлап табу.

Зерттеудің міндеттері:

  • Тақырып бойынша теориялық мәліметтерді зерделеп, жинақтау;
  • Ізденіс жұмыс жасап, жұмбақтың түрлері мен ерекшеліктерін анықтау;
  • Қазіргі заманда жұмбақтардың ұмытылып, жоғалып бара жатқандығын ескере отырып, ауыз әдебиетінің асыл мұрасына лайықты деңгейде көңіл бөлу керектігін дәріптеу;
  • Жұмбақтарды жүйелі және заманауи пайдаланудың тиімділігін зерделеп, келешек ұрпаққа насихаттау.

Зерттеудің   өзектілігі:

Біз балалар  ойын ойнағанды жақсы көреміз. Ойынның қызығына салынып кетсек, ойыншықтар қалып, планшет, ноутбук, сенсорлы ұялы телефондар, жалпақ тілмен айтқанда виртуалды ойын ойнағанды жақсы көріп барамыз. Басқа ойындарды ысырып қоямыз, тіпті көбін білмейміз де. Ауыз екі сөйлеу аясы қысылып, біраз зияны тиіп жатқаны сөзсіз. Осы орайда сөйлеу мәдениетімен қоса, ойлау өрісін де дамытатын ауыз әдебиетінің мұрасы жұмбақ шешудің анағұрлы пайдасы мол. Оларды жүйелі пайдалансақ, құндылығымыз жойылмас еді.

Зерттеудің  болжамы:

Егер, балалар жұмбақтарды жиі шешіп жаттықса, күнделікті өмірге молынан енгізсе, онда олардың сөздік қоры байып, ой өрісі дамиды.

Зерттеудің жаңашылдығы:

Жинақталған мәліметтерді ескеріп, зерттеу жұмыстарына жасалған талдауды негізге алып, үш тілде «Жұмбақтар әлемі» атты ойын әзірленді. Ойынды сабақ барысында, сабақтан тыс, жұпта, топта ойнауға болады.

Зерттеу әдістері: сұрақ-жауап, сауалнама, талдау, салыстыру, өңдеу, интербелсенді әдістер.

1.1. Халық ауыз әдебиеті – халқымыздың асыл мұрасы

Қазақ халқының ерте заманда жасаған мәдени мұрасының бір түрі – халықтың ауыз әдебиеті. Жазу – сызу өнері болмаған ерте кезде-ақ қазақ халқы өзінің тұрмыс-тіршілігі, қоғамдық өмірі, шаруашылығы мен кәсібі, қуанышы мен күйініші, дүние танудағы көзқарасы т.б. жайында неше түрлі өлең-жыр, ертегі-әңгіме, мақал-мәтел, аңыздар ойлап шығарған және оларды ауызекі айту күйінде тудырған. Сондықтан да бұларды халықтың ауызша шығарған көркем шығармасы, даналық сөзі, яғни ауыз әдебиеті деп атаймыз. Бұдан, әрине, ауыз әдебиетін көп адам бірлесіп отырып шығарған деген ұғым тумайды. Ауыз әдебиетінің қандай үлгілерін болса да әуел баста жеке адамдар шығарған. Бірақ ерте кезде, жазу өнері болмағандықтан, ауыз әдебиетін шығарушылардың аттары хатқа түспеген, сақталмаған. Халық олардың шығармаларын ғана сақтаған және оларды ауызша айтып, ұрпақтан ұрпаққа жеткізген, сөйтіп, алғашқысында жеке авторлар шығарған шығармалар кейіннен өңделіп, сұрыпталған.

Орыс халқының ұлы сыншысы В.Г. Белинский «Әдебиет деген сөздің жалпы мағынасы» туралы жазған еңбегінде ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің арасындағы айырмашылықтарды айта келіп, ауыз әдебиеті халықтың ерте замандағы ой-санасының жемісі деп көрсетеді. «Халық немесе тайпа жазу өнерін білмеуі мүмкін, бірақ оның поэзиясы болмауы мүмкін емес», – деп Белинский ауыз әдебиетінің тым ерте кезде, халықтың жазу- сызу өнері болмаған заманда, туғандығын дәлелдейді. Бұл  расында да солай. Қай халықты алсақ та, оның көркем әдебиеті ауыз әдебиетінен басталады.

Ауыз әдебиеті — халқымыздың асыл мұрасы. Ол — төгілген сөз маржандарына бай. Онда халқымыздың ғасырлар бойғы басынан кешірген тарихи белестері, елінің тәуелсіздігі жолындағы ерлік, батырлық қимылдары, халықтың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, арман-мүддесі, қиялы, жастардың кіршіксіз пәк махаббаты сөз өнерімен кестеленген.

Бұл тарауға тұрмыс-салт жырлары, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, аңыз- әңгімелер, батырлық дастан мен лиро-эпостық жырлар, шешендік сөздер үлгілері сияқты ауыз әдебиетінің әр түрі енген. Оларды оқып-үйрену үстінде әдебиеттің көркемдік әлемінің талай сырларын үйренеді. Асыл сөз өрнектерімен сусыңдап, рухани жан дүниелері байи түседі. Ауыз әдебиетінен сусындамаған, нәр алмаған бірде-бір шынайы суреткер болған емес. Ауыз әдебиеті — олардың құнарлы топырағы. Ауыз әдебиеті — талай ғасырлар жемісі. Халық жыраулары, жыршылары, ертегішілері оны сонау ықылым заманнан рухани асыл қазына ретінде сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп, бүгінгі біздің дәуірімізге жеткізген.

Қазақ  халқында «Баланы ойын өсіреді» деген даналық сөз бар. Иә, бала ойнап жүріп ойланады, жүйкесі тынығады. Көңілі өсіп, ойы сергиді, денесі шымырланады. Ойын арқылы әдет-ғұрып, ұлттық ерекшелік, дәстүр жайлытаным-түйсігі қалыптасады.

Сан алуан ұлттық ойындар ерте дәуірден бастап-ақ қоғамдық құбылыс ретінде баланың ақыл-ойын дамытуда, жас жеткіншектердің бойына адамгершілік, сүйіспеншілік, кішіге көмек, үлкенге құрмет көрсету секілді жақсы қасиеттерді тәрбиелеуде мәні, орны ерекше.

Соның ішінде атадан балаға мұра боп келе жатқан  асыл мұраның бірі –жұмбақтар, себебі жұмбақтардың түпкі тамыры халықтық педагогикамен  байланысып  жатыр.

          1.2 Жұмбақ – ой ұшқырлығына баулитын жанр

Жұмбақтар – қазақ халық ауыз әдебиеті ішінде атадан балаға мұра ретінде беріліп, ерте заманнан бастап бүгінгі күнге дейін даму, өсу, толығу үстінде келе жатқан асыл мұра. Жұмбақтардың асылдық қасиеті, оның дүниеге келуі сонау ерте заман болса да, бүгінгі біздің дәуірімізде қажеттілігі күшейіп, мән-мағынасының артып отырғандығында.

Жұмбақтар халық ауыз әдебиеті ішінде ұсақ жанрлар қатарына жатады. Жаңылтпаштар, мақал-мәтелдер, т.б. сияқты ұсақ жанрлар деп аталғанымен, жұмбақтар – халық ауыз әдебиетінің күрделі бір саласы.

Жұмбақтар жас ұрпақты тәрбиелеумен қатар, олардың бойына өз халқының игілігін дарытып, ана тілінде ойлау және мәдениетті сөйлеуіне, сауатты жазу дағдыларына барынша мол әсерін тигізеді. Сонымен қатар, жұмбақтарды пайдалану оқушыларды қызықтырады, дұрыс сөйлеуге үйретеді, логикалық ойын жетілдіреді.

Жұмбақ – адамның ой-өрісін, алғырлығын, білімін сынау мақсатында нақты бір зат немесе құбылыс тұспалдап сипатталатын шағын әдеби жанр. Ол халық шығармаларының ішіндегі ең ескі түрі және барлық жұрттың фольклорына ортақ дүние саналады. Жұмбақ – халық шығармаларының ең ескі түрінің бірі және барлық жұрттың фольклорының ортақ түрі. Әуелгі туысы арғы, ерте заманда болғанымен, жұмбақ бертін келе, тіпті бүгінгі біздің дәуірімізде де өз керекті қасиетін жойған жоқ.

Қай кезде алсақ та, жұмбақ өткір, ұшқыр сөз есебінде халық арасында бағалы болған. Жұмбақты халықтың өзге тапқырлық сөздері қатарында саяси құрал есебінде тап жауына қарсы қолданған орындар да аз емес. Жұмбақ қазақ халқының арасында да және басқа халықтарда да әлі күнге тыңнан туып, молайып дамып келеді. Олай болса, халықтың жұмбақ секілді фольклор қорын жинап басып, тексеріп тану ғылымдық зор міндет болады.

«Алғашқы кезде адам баласына дүниедегі заттардың, құбылыстардың барлығы, олардың сыры, неден жасалатындығы мәлім болмаған, жұмбақ болған. Бірақ адам баласы сол жұмбақты шешуге тырысқан. Ол үшін айналаны қоршаған жаратылысты, еңбек, кәсіп құралын, әр түрлі хайуанаттар жайын, бір затты екінші бір бейтаныс затқа салыстыра отырып, ұқсас белгілеріне қарап, неден шыққанын, қандай зат екенін анықтаған. Жұмбақтардың алғаш үлгілері осылай шыққан», – деп жазыпты Мәлік Ғабдуллин.

Ғалымдар жұмбақтың әуелгі тегі тыйым сөздермен және табумен төркіндес деп есептейді. Бағзы дәуірде адамдар айналадағы өктем күштерден сақтағандықтан, өзара шартты сөздермен, астарлы тіркестермен тілдескен. Кейін жұмбақ табу мен тыйым сөздерден бөлініп шыққан.

Қазақ жұмбақтарының алғаш жиналып, баспа бетіне түсуі XIX ғасырдың екінші жартысынан басталады. 1842 жылы «Татар хрестоматиясын» құрастырып бастырған М. Иванов оған қазақ жұмбақтарында енгізген.

Жұмбақ жанырына тән ерекшелік – көлемі шағын, құрылымы жұп-жұмыр, шымыр болып, аз сөзбен көп нәрсені айта білуге бейімділік. Жұмбақ сөйлемдері көбіне қысқа, жинақы келеді.

Қазақ жалпы жұмбақты адамдардың білім деңгейін, парасатын аңғартатын үлкен өнер деп есептеген, сондықтан ақындар, ел ішіндегі шешен, би, т.б. данагөй, қадірменді адамдар бір-біріне жұмбақ жолдап, ақыл-ой сынасып, таным салыстырған. Жұмбақ қара сөз түрінде де, өлең түрінде де, ақындық айтыс түрінде де кездеседі. Осы жұмбақтардың қай-қайсысы болса да халықтың ғасырлар бойы жинаған тәжірибесіне негізделіп, оның тіршілік тынысымен, шаруашылық кәсібімен, ұлттық дәстүрімен тығыз байланысты туып, дамып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отырған.

Жұмбақпен толғап жыр айту Асанқайғы, Бұқар жырау, Базар жырау, Шортанбай, Әубәкір сияқты қазақ ақындарының жырында, Сырым, Төле би, Жиренше, т.б. шешендік сөздерінде жиі кездеседі. Шешендік сөзге құрылған жұмбақтардағы ақыл-парасат, тапқырлық, терең логика жазу-сызу болмады, сауатсыз еді деп күстәналап келген халқымыздың асқан даналығының көрінісіндей көзге ұрады.

1.3 Жұмбақтың түрлері мен тәрбиелік мәні

Қазақ жұмбақтарын өзінің құрылысы, айтылуы, мазмұны жағынан іріктеп алғанда, негізінен жеті түрге бөлінеді:

  • Қара сөз түрінде айтылатын жұмбақтар алғашқы айтылатын жұмбақтар алғашқы кезде қарапайым сөздерден басталған, соның өзінде де ақыл ойды дамытуда зор рөл атқарған. Мысалы: «Жастық астында жарты күлше» (Бұл айдың жартылаған кезі).

Қара сөзбен айтылатын жұмбақтар бірте-бірте күрделене түскен. Мысалы: «Бір қыз бен жігіт жолаушы жүріп келе жатып, бір ауылдың тұсынан өтіп бара жатқанда, алдынан біреу шығып:

– Мына жігіттің астындағы жорғасын-ай, қасындағы жолдасын-ай! – депті.

Сонда жігіттің қасындағы қыз:

– Бұл жігіттің шешесі менің шешемнің қайын енесі. Мен сонда бұл жігіттің кімі боламын? – депті. Сонда қыз бен жігіттің жақындығы қандай болады?»

Міне, бұнда туыстықты жұмбақ еткен. Сөйтіп, қара сөзбен айтылған жұмбақтар ғана жай сөйлем, күрделі құрмалас сөйлем, тіпті қысқа әңгіме түрінде де кездеседі. Оған мысал ретінде «Ел аузында» кітабынан «Жұмбақтың шешілуі» деген әңгімені алуға болады.

  • Жұмбақ ертегілер. Қара сөзбен айтылатын жұмбақтардың тағы бір түрі – жұмбақты ертегілер. Жұмбақты ертегілер қызықты келеді. Оқиғасы қою, әрбір айтылған сөздерінде үлкен мән-мағына жатады. Тыңдаушысын үлкен ойға жетектейді. Өзінің барлық мазмұны жұмбаққа ғана құрылған ертегілер қазақта аз емес. Оған «Жұмбақшыл патша», «Қыз бен қара құл», «Қарт пен тапқыр жігіт», «Қарттың ұлына айтқан өсиеті», «Аяз би», тағы басқа ертегілер жатады.

Бұрын қазақта күйеу таңдаған дана қыз жұмбағын шешкен кісіге тием деп серт беретін. Оның мысалы ретінде «Аяз би» ертегісіндегі Меңді қыздың сертінен айқын танылады.

Бір қарт өзімен бірге жүріп келген жас жігіт туралы: «Сөзінде кесапаты зор жігіт», – дейді. Қызы: «Қандай кесапат көрдіңіз?» – дегенде, қарт: «Ойбай, шырағым, оның күні бойы сөйлеген сөзінде кесапатсыз бір сөз жоқ. Әуелі ол: «Жол қысқартайық», – деді. Мен: «Жол қалай қысқарады?» – деп едім. Ол: «Бір-бірімізді кезек арқалап отырайық», – деді. Мен оған: «Біз бір-бірімізді қалай арқаламақшымыз?» – дедім.

Мұнысы былай тұрсын. Бір кезде пісіп тұрған егінге кез келіп едік: «Ата, мына егін желініп қойған ба, желінбеген бе?» – деп сұрады. «Орылмай тұрған егінді кім жеп қояды?» – дедім мен. Бұл мұнымен тұрсын. Бір кісі өліп, оны табытқа салып қойғалы апара жатыр екен, соны көре сала: «Ата, мына адам шын өлген бе, өтірік өлген бе?» – дейді. Онан шығып келе жатыр едік: «Ата, жаңағы адам өлмеген екен», – дейді. Міне, мен оның осындай төрт кесапатты сөзін естідім», – дейді.

«Әке, бұл сөздерге түсінбеген екенсіз. Оның бірінші: «Кезек арқаласып отыралық», – дегені: «Кезекпе-кезек әңгіме айтып отырайық, жол қысқарғандай болып, тез жетіп қаламыз», – дегені. Екінші: «Мына егін желінген бе?» – дегені: «Байдікі ме, кедейдікі ме?» – дегені екен. Байдікі болса, кісі жалдап, өз көлігімен жыртып, өз тұқымын себеді, өнімін ертең өзі алады. Ал бұл желінбеген болып саналады. Кедейдікі болса, ол сорлы тұқымды несиеге сатып алады, жерді көлік жалдап жыртады да, түскен өнімі борыштан аспайды. Сондықтан ол шикідей жеп қойғанмен бір есеп болады. Үшінші, ана өлікті: «Өтірік өлген бе, шын өлген бе?» – деп сұрағаны: «Баласы бар ма?» – дегені. Ол адамды қабірге салғанда, оның балалары қабірдің басында барлығы білініп, жылап тұрған шығар, «Өлмеген адам екен» дегені – сол болу керек. Артында қалған баласы бар адамның аты жойылмайды, сондықтан ол өлмеген», – деген екен. Сіз сол арасының жұмбағын шеше алмаған екенсіз», – деген соң, қарт өзінің қате ойлағанын сезеді де, жігіттің қолын алып: «Мен сенің айтқан сөздеріңе түсіне алмай, ішімнен соған қатты ренжіп едім. Олай емес, сен ақылды жігіт екенсің, мына менің қызыммен екеуіңнің ақылың тең, екеуің бірге өмір сүріңдер», – деп қызын соған беріпті.

Міне, бұдан біз жұмбақ ертегілер даналыққа құралғанын байқаймыз. Жұмбақ ертегілер жай ертегілерден гөрі анағұрлым кең толғаныста болатын ерекшеліктерімен танылады.

  • Өлеңмен айтылатын жұмбақтар. Жұмбақтың көпшілігі өлеңмен айтылады. Мұндай жұмбақтарды жаттап алуға қолайлы. Бұл жұмбақтардың шешімдері кейде өлеңмен, кейде жай сөзбен шешіледі. Жұмбақ өлеңдердің көркемдік шеберлігі – терең мазмұнды мен аллегориялық суреттеуінде. Қара сөзбен айтылатын жұмбақтарға қарағанда, өлеңмен айтылатын жұмбақтар жаттауға жеңіл, көркем де, әуенді болып келеді. Мысалы:

Күнде есебін жаттайды,

Ешбір тыным таппайды.

Алмайды бір тағат,

Оның аты … (сағат).

Үрлесең іші кебеді,

Босатсаң ұшып кетеді.

Жұп-жұқа қарын домалақ,

Оны жару оңай-ақ. (Шар).

Көк жүзінде көк доға,

Жер жүзінде жоқ доға.

Көзбен көріп болжайды,

Қолмен ұстауға болмайды. (Бұлт).

  • Жұмбақ айтыстар. Өлеңмен айтылып, өлеңмен шешілетін жұмбақтардың қамтыған тақырыптары біріне-бірі байланыс жоқ жеке заттар төңірегінде ғана болса, жұмбақ айтыстардың қамтитын тақырыптары біріне бірі жалғасып, байланысып жатқан, өресі кең, мол дүниеге айналып кетеді.

Жұмбақ айтыстарда бірнеше жұмбақтарды төгіліп бірден айтады да, соның шешімін табанда тауып, өлеңмен қайтаруды талап етеді. «Жұмбақ – ақындықтың ұрығы, дәні тәрізді», – деген М. Әуезов. Айтыс – аяқ астынан жауап беру үшін өте ұшқырлықты, шеберлікті, зеректікті қажет етеді. Жұмбақ қазақ ақындарының айтыс өлеңінен ерекше орын алатын болған. Мәселен, Әсет пен Рысжанның, Нұржан мен Сапарғалидың айтыстары жұмбақтау түрінде жырланған.

  • Жұмбақпен айтылатын шешендік сөздер. Қаз дауысты Қазыбек ел аралап жүріп, бір үйге түсіпті. Ерінің үйде жоғына қарамастан, әйелі қонақтарды жақсы күтіпті. Сонда Қазыбек: «Әйелі мұндай, мұның ері қандай екен?» – деп тамашалап, жүре қоймай отырғанда үйіне ері келеді. Қараса, ері ұя бөріктеу ғана адам екен.

Қазыбек әзілдеп, жолдастарына қарап былай депті:

Жарандар, бұл сөзімнің мәнісі бар,

Мәнсіздің мәндіменен не ісі бар?

Құданың құдіретіне қарап тұрсам,

Жапалақ үйрек алған бір ісі бар.

Сонда әйел Қазыбектің сөзіне түсініп қалып:

Биеке, ол сөзіңнің мәнісі бар,

Мәнсіздің мәндіменен көп ісі бар.

Жапалақ ілген құсын місе тұтпай,

Ол да қоңыр қаздан дәмесі бар, – депті.

Сонда Қазыбек әйелге риза болып:

Балаң жаман болса,

Көрінгеннің мазағы емес пе!

Атың жаман болса,

Шыбын жанның азабы емес пе!

Қатын жаман болса,

Бұл жалғанның тозағы емес пе!

Туған балаң жақсы болса,

Тән мен жанның шырағы емес пе!

Мінген атың жақсы болса,

Бұл дүниенің пырағы емес пе!

Алған жарың жақсы болса,

Жиғаның мен мейманыңның тұрағы емес пе! – депті.

  • Есеп жұмбақтар. Қанша жаңғақ?

Портфелімде әуелі он үш жаңғақ бар еді.

Науат пен Маратқа,

Самат пен Сағатқа,

Апасына Қанаттың,

Екі-екіден тараттым.

Қанша жаңғақ қалғанын,

Айта қойшы ал, жаным! (С. Қалиев). 

Неше алма?

«Бес» алған Асанға – бес алма,

«Төрт» алған Досанға – төрт алма.

«Үш» алған Хасанға – үш алма,

«Екі» алған Бошанға – неше алма? (Қ. Жұмағалиев).

  • Диалогқа құрылған сұрақ-жауап жұмбақтар. Мұндай жұмбақтарды көргені мен, білгені мол, білімді, зерек адамдар ғана тез шеше алады. Мысал ретінде Шоқан мен Саққұлақ шешеннің әңгімесін алуға болады.

«Дидарласа отырып Шоқан Саққұлақ шешенге тосын  сұрақ қойып:

– Ақсақал, біреу жолдан адасса, кімнен ақыл сұрайды? – дейді.

– Шырағым, көнеден сұрайды, – дейді шешен.

– Көне адасса, кімнен сұрайды?

– Көне адасса, көргендіден сұрайды.

– Көргенді адасса, кімнен сұрайды?

– Көргенді адасса, көптен сұрайды.

– Көп адасса, кімнен сұрайды?

– Көп адасса, көп оқығаннан сұрайды.

– Көп оқыған, кімнен сұрайды?

– Көп оқыған неге адассын! Әлгінде ғана Сатыбалдының Жаманқұлына күдіктеніп, оның Үмбеталы жырау туралы дастанын өзің де менен сұрап анықтап алған жоқпысың? – дейді шешен».

Жұмбақтарды адамның жас ерекшеліктеріне байланысты саралайтын болсақ, оны мектепке дейінгі кезең, мектептегі кезең, жалпы ересек жандарға арналған кезең деп бөлуге болады.

Жұмбақтар мен жұмбақ айтыстар баланың ойын, қиялын шарықтатып, қисындық пайымдау қабілетін дамытады, оны тапқырлыққа баулиды. Академик М.Әуезов: «Жұмбақ – өткір, ұшқыр ой түйінін топшылаған, поэтикалық қасиеті күшті, тәрбиенің тамаша құралы. Ол бүгінгі біздің дәуірімізде де өзінің керектілік қасиетін жойған жоқ», – деген болатын. Жұмбақ адам баласы санасының даму процесінде әр алуан құбылыстарды түсініп, білуге жетектеу, талпындыру, баланың ой-өрісін, қиялын кеңейтуді көздеу мақсатынан туған. Жұмбақтардың әсемдік дүниесі көзге бірден шалынады. Олардың сыртқы құрылысы ойнақы, тілге жеңіл, оңтайлы, оқушылардың рухани қабілеттерін, бәрінен бұрын эстетикалық сезімін дамытады. Сөйтіп, адамдардың эстетикалық қажеттілік, яғни шындыққа, жақсылыққа және әділеттілікке ұмтылу сияқты ең биік рухани қажеттілік пайда болады. Мысалы, «Ақ сандығым ашылды, ішінен жібек шашылды» /күннің көзі/ – деген жұмбақтағы басты мағына – күн шапағын жұқа жібек матамен салыстыру, өрнектелген сандықтың әшекейлігін насихаттау ғана, олардың адам өміріне қажеттілігін түсіндіру.

ІІ Тәжірбиелік бөлім

2.1 Жұмбақтардың қолдану аясын анықтау

Тақырып бойынша тиісті мәліметтер жинақталған соң, біз тәжірибе бөліміне көштік. Жоғарыдағы барлық мәліметтер кітапханадағы және ғаламтор желісіндегі арнайы мағлұматтардан құралды. Сонымен қоса, мектептің тіл мамандарынан да қажетті ақпарат жинақталды. Біз тек қазақ тіліндегі жұмбақтарға ғана тоқталмай, орыс және ағылшын тілі пән мұғалімдеріне де көмекке жүгіндік. Себебі, біріншіден өкінішке орай, қазіргі таңда оқушылардың көбі қазақ тілін білгенімен, ойын орысша жетік жеткізетіндері көп. Екіншіден, заманауи оқушы тұрғысынан алып қарағанда, қазіргі оқушы үш тілде де сөйлеуге тиіс деген ел саясаты тағы бар. Сондықтан тәжірибе бөлімінде 3 тілдегі жұмбақтармен жұмыс жасалынды.

Енді бізге осы жұмбақтардың қазіргі таңда пайдалану аясы, нақтылап айтсақ, қайда және қаншалықты жиі кездесетіндігін анықтау міндеті туындады. Ол үшін біз алдымен 1-4 сыныптардың оқулықтарына шолу жасадық. Сауат ашу, қазақ тілі және әдебиеттік оқу оқулықтарынан жұмбақтарды іздеп, сараптама жасауға кірістік. Ізденіс барысында жұмбақтардың көбіне қазақ тілі оқулықтарында кездесетіні, ал әдебиеттік оқу оқулықтарында өте аз не мүлде кездеспейтіндігі бізді алаңдатты. Анықтаған мәліметті төмендегі сызбада анық көруге болады.

Мысалы, 2 сыныптың қазақ тілі оқулығында 5 жерде ғана кездессе, әдебиеттік оқуда тек екі тақырыпта ғана табылды.

3 сыныпта: қазақ тілі оқулығында 8 түрлі жаттығуда, ал әдебиеттік оқуда екі ғана жұмбақ кездесті.

Тек 4 сыныптың қазақ тілінде ғана әртүрлі бөлімдерінде 15-тен астам жұмбақ табылғанымен, әдебиеттік оқу оқулығында мүлде жұмбақ жоқ екеніне көзімізді жеткіздік.

Ағылшын тілі оқулықтарында жұмбақтар мүлде жасырынбаса, орыс тілінде әр сыныпта бірнеше ғана жұмбақтар табуға болады екен.

Бұдан мынадай қорытынды жасауға болады: бүгінгі күні мектеп пәндерінің оқулықтарында тек қазақ тілінде сауатты жазу мақсатында көшіру тапсырмасы ретінде жұмбақтар берілгенімен, өте аз кездеседі. Яғни, қосымша әдебиеттермен жұмыс істемейтін заманауи оқушы сонда жұмбақтарды мүлде шешіп, жасырмайтыны абзал.    

2.2 Оқушылардың жұмбақты қаншалықты білетіңдерін анықтау 

Жоғарыдағы қорытындыны негізге ала отырып, біз сыныптастарымыздан келесі сауалнаманы алуды жөн көрдік:

  1. Жұмбақ не екенін білесің бе?
  2. Қанша жұмбақ білесің?
  3. Жұмбақ жасырып, ойнағанды ұнатасың ба?

Сауалнаманың бірінші сұрағына әртүрлі жауаптар берілді: бір нәрсені жұмбақтап айту, бір нәрсені жасыру, аталарымыздан келе жатқан ауыз әдебиет т.б.

Екінші сұрақ нәтижесі:

Үшінші сұрақ:

Сауалнама нәтижесінде біз оқушылардың көбі тек бірнеше жұмбақ білгеніне қарамастан, жұмбақ жасырып ойнағанды зерттеуге қатысқан оқушылардың барлығы ұнататынына көзімізді жеткіздік. Себебі, «жоқ» деп жауап берген 2 оқушы жұмбақтың қазақ тілінде мазмұнын дұрыс түсінбегендіктен деп жауап бергені дәлел болды.

2.3. Тиімді әдістерді анықтап оларды жүйелі пайдалану

Оқушылардың өкінішке орай аз жұмбақ білетінің, бірақ білгісі келетінің ескере отырып, біз мұғалім көмегімен сынып сағатында «Жұмбақ-жарыс» ойының ұйымдастырдық. Бұл жерде біз бір оқпен, екі қоянды аттық десек, артық болмас. Себебі, алдын-ала хабарлама жасап, оқушылардың жұмбақ қорын байытып, ал ойын барысында аса қызығушылық танытқан оқушылардың ой өрісінің дамуына септігін тигізді деп ойлаймыз. Нәтижесінде 3 кезеңнен тұрған бұл ойын барысында 30-дан астам жұмбақ жасырылып, топ ішінде әртүрлі тақырыпта оқушылар өздері жұмбақ құрастырып, шешуші кезеңде үйге берілген тапсырма бойынша 3 тілде жұмбақтар қарсы топқа жасырылды. Ойын балалар көңілінен шығып, мақсатымыз орындалғанына күмәніміз жоқ. Көңілден шыққан бұл ойын, өз жалғасын тапсын деген ұсыныстар айтылды.

Енді осы жұмбақ жасыру ойының жалғастыру және оқушылардың көңілің ескеру мақсатында бізге келесі ой келді. Неге жұмбақ жасыру ойының әдетке айналдырмасқа? Тек сынып сағатында ғана емес, үлкен үзілістерді де ұтымды пайдалану ойға келді. Нәтижесінде біз заманауи оқушы көңілінен шығатын, қазіргі заман ойынына негізделген «Жұмбақтар әлемі» атты үстел ойының ойлап табуды жөн көрдік. Ол үшін біз сыныптың оқушылар саның, жұмбақтардың әртүрлі тақырыпта болуын ескере отырып 4 түрлі тақырыпта 3 тілде жұмбақтарды жинақтадық. Ойынның эскизін жасап, дизайының       ойластырып, арнайы мамандарға жолықтық. Нәтижесінде жұмбақтарды шешу арқылы ойналатын ойын жасалынды. Енді біз бұл ойынды сыныпта үлкен үзілістерде немесе сабақтан соң аса бір қызығушылықпен ойнаймыз. Соңғы 2 аптада байқағанымыз ойынды бірнеше оқушылар бастаса, басқалары да кірісіп, бос отырмайды. Оқушылар ойын барысында жұмбақтардың жауабын естеріңе сақтап, тіпті жұмбақтың өзің де жаттап алғандарың аңғарудамыз. Осылай біртіндеп жылдам ойлау, көзге елестету, сөздік қорды көбейту мен алғырлықтың дамуына ойынның берері мол екендігі біздің көңілімізден шықты. Ойынды құрастыру мақсаты жүзеге асты деуге болады.

Енді тек өз сыныптастарымызды ғана емес, басқа сынып оқушыларына да жұмбақтарды шешуге қалай ынталандырса? деген ой мазалай бастады. Бүгінгі таңда көп оқушылардың бос уақыттарын көбінесе ғаламторда өткізетінің ескере отырып, оларды «Жұмбақ-челленджге» жұмылдыруды ойластырдық. Ол үшін «Асыл мұра» арнасын ашып, арнайы түсірілген бейнематериалды жүктедік.

Челленджді қабылдаушыларға түсінікті және қызықты болуы үшін алдын-ала челлендж шарттарын және тапсырма тақырыбын нақтылап алдық. Мысалы бастапқыда өзімізбен қатарлас 2а сынып оқушыларына жұмбақтарды «Жануарлар» тақырыбында жасырып, челленджді «Мектеп» тақырыбында жалғастыруға шақырдық. Ал олар челлендж шарттары бойынша жұмбақтарды келесі сыныпқа жасырып, сөйтіп челлендж жалғаса береді деген сенімдеміз. Жоспарымыз бойынша бұл челленджді жылдың соныңда тіл мамандарына жүгініп, қорытындысын жасауды ойластырудамыз.

Ғаламтор арқылы жүзеге асқан бұл игі бастама біртіндеп өз жалғасын табуда. Ал үштілділікті көздеген заманауи ойын – бос уақытты пайдалы өткізудің тиімді құралына айналғаны айдан анық.  Жұмбақ іздеп, кітапханаға жүгірген басқа сынып оқушыларына, үлкен үзілісте таласып ойнап отырған  достарымызға қарап көңіліміз толады. Ендеше заманауи оқушының бүгінгі күнгі талғамдарын ескерсек, мақсатымыз орындалғанына еш күмәніміз жоқ.

Қорытынды

Қай кезде алсақ та жұмбақ өткір, ұшқыр сөз есебінде халық арасында бағалы болған. Жұмбақ қазақ халқының арасында да және басқа халықтарда да әлі күнге тыңнан туып, молайып дамып келеді Олай болса халықтың жұмбақ секілді фольклор қорын жинап басып, тексеру    зор  міндет болады. Жұмбақты  шешу  ұрпақты ұлағатты зерделі етіп тәрбиелейді. Біздің уақытымызда жұмбақ өз бағасын жойған жоқ. Жұмбақты мектеп балалары тілге ұста болу мақсатымен оқиды, жаттайды. Баланың ойын тапқырлыққа баулу үшін де жұмбақтың көп пайдасы бар.

«Жалпы алғанда, жұмбақ – адамның дүниетану жолындағы ойының, қиялының шамасын білдіреді», – дейді Мұхтар Әуезов. Сонымен қатар, жұмбақ – адамның дүниетану жолындағы ой – өрісін, қиялының белгілі бір сатысын көрсететін ұшқыр ойдың бір түрі. Жұмбақты шешу адамның зеректігін, ақыл – парасатын, білімін байқатады. Ал оны жасырып балалық шақта барынша молынан ойнау осы аталған дағдылардың дамып, шыңдай түсуіне тигізер әсері мол деген қорытындыға келеміз.

You May Also Like

Гүлдің күнделікті өмірдегі маңызы, ғылыми жоба

Ғылыми жоба тақырыбы: «Гүлдің күнделікті өмірдегі маңызы» Зерттеудің мақсаты: Бөлме гүлдердің пайдасы…

«Алтын адам» бейнесін маржандап кестелеу

Ғылыми  жобаның  тақырыбы: «Алтын адам» бейнесін маржандап кестелеу. Түсінік  хат Қазақстан  халқына …

Телефонның адам ағзасына тигізетін зияны мен қоғамдағы пайдасы, ғылыми жоба

Т А Қ Ы Р Ы Б Ы: «Телефонның адам ағзасына тигізетін…

Қан топтары сіз туралы не айтады, ғылыми жоба

Қан топтары сіз туралы не айтады… Айболатқызы Альбина Гипотеза (болжамы) Қан құю…