Ұлттық қауіпсіздік комитеті

Жоспар:

Кіріспе

Ұлттық қауіпсіздік түсінігі

Негізгі бөлім

1.ҚР ҰҚК құрылуы

2.ҚР ҰҚК басшылығы

3.ҚР ҰҚК мақсаты мен міндеттері

4.ҚР ҰҚК органдарының құрылымы

5.ҚР ҰҚК рәміздері

Ұлттық Қауіпсіздік– азаматтардың, қоғамның және мемлекеттің өмірлік мәнді мүдделерінің, ұлттық құндылықтарының, өмір салтының әртүрлі (саяси, экономикалық,әскери, экологиялық, психологиялық және тағы басқалар) ішкі және сыртқы қауіп-қатерлерден қорғалғандығы. Ұлттық қауіпсіздік өзара байланысты үш деңгейден тұрады: жеке адамның қауіпсіздігі, қоғамның қауіпсіздігі және мемлекеттің қауіпсіздігі. Олардың өзара байланысы қозғалмалы және қоғамдық қатынастардың сипатымен, саяси және экономикалық құрылымдармен, құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғамның даму деңгейімен анықталады. Ұлттық қауіпсіздіктің мемлекет пен қоғам қауіпсіздігі өзіндік мақсат емес, жеке адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету қызметіне айналған жағдайда толық жүзеге асырылады. Сыртқы ұлттық қауіпсіздік – ұлттық мүдделердің, ұлттық құндылықтардың, байлықтың және өмір салтының сырттан келетін қауіп-қатерден қорғалуы. Ұлттық қауіпсіздік әскери жолмен де, басқа да әдістермен бұзылуы мүмкін, мыс., шекара арқылы заңсыз шикізат, ресурстар, валюта, көркем және өзге құндылықтар- ды енгізу, алып өту, өнеркәсіптік немесе өзге де тыңшылық, рухани басакөктеу, іріткілік ақпарат тарату және тағы басқа. Қазақстанның сыртқы қауіпсіздігі халықаралық құқықтың негізгі қағидаттарын мойындап, қорғауға негізделеді және белсенді сыртқы саяси және өзге де әрекеттермен жүзеге асырылады. ішкі ұлттық қауіпсіздік жеке тұлғаның, қоғамның, мемлекеттің тұрақты қызмет етіп, дамуына эсер ететін қауіпқатерден қорғануы.

ҚР ҰҚК құрылуы

Қазақстан Республикасының егемендігі туралы декларация қабылданған соң, 1991 жылы 19 желтоқсанда «ҚР Мемлекеттік Қауіпсіздік комитеті туралы» Министрлер кабинетінің №788 бұйрығымен Қазақ КСР МҚК орнына ҚР МҚК құрылды. 1992 жылы 20 маусымда ҚР Жоғарғы Кеңесінің «ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті» туралы қаулысы шығады. 1992 жылы 13 шілдеде ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев бұл жарлыққа қол қояды және осы күн ҚР ҰҚК құрылған күні болып есептеледі. Алғашқы төрағасы болған Баекенов Болат Абдрахманұлы(1991 ж. қазан – 1993 ж. желтоқсан)

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығы

ҚР ҰҚК Төрағасы 
Мәсімов Кәрім Қажымқанұлы

Төрағаның бірінші орынбасары: генерал-майор Әбіш Самат Сатыбалдыұлы

Төрағаның орынбасарлары: Ерғожин Дәулет Еділұлы, генерал-майор Білісбеков Нұрғали Дәулетбекұлы, генерал-майор  Өсіпов Марат Сапарұлы, генерал-майор Қалқабаев Марат Өмірбекұлы,  ҚР ҰҚК «Арыстан» қызметінің бастығы Садықұлов Әнуар Төлеуханұлы, ҚР ҰҚК Шекара қызметі директоры Ділманов Дархан Айтқалиұлы

Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік комитеті туралы заңына сәйкес ҚР ҰҚК-нің мақсаты мен міндеттері

1-бап. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк
органдарының мақсаты

Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк органдары (бұдан әрi – ұлттық қауiпсiздiк органдары) – Қазақстан Республикасының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жүйесiнiң құрамдас бөлiгi болып табылатын және өздерiне берiлген өкiлеттiктер шегiнде жеке адамның және қоғамның қауiпсiздiгiн, елдiң конституциялық құрылысын, мемлекеттiк егемендiгiн, аумақтық тұтастығын, экономикалық, ғылыми-техникалық және қорғаныс әлеуетiн қорғауды қамтамасыз етуге арналған Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн арнаулы мемлекеттiк органдар.

2-бап. Ұлттық қауiпсiздiк органдарының мiндеттерi

  1. Ұлттық қауiпсiздiк органдарының мiндеттерi:
    1) жеке адамның, қоғам мен мемлекеттiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттiк саясатты әзiрлеу мен iске асыруға қатысу;
    2) «Сыртқы барлау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының мүддесi үшiн барлау ақпаратын iздеп табу;
    3) шетел мемлекеттерi арнайы қызметтерi мен ұйымдарының, сондай-ақ жекелеген адамдардың Қазақстан Республикасының қауiпсiздiгiне нұқсан келтiруге бағытталған барлау және өзге де қызметiн анықтау, алдын алу және тыю;
    4) Қазақстан Республикасының Конституциялық құрылысын күшпен өзгертуге, тұтастығын бұзуға және қауiпсiздiгiн әлсiретуге бағытталған терроризм және өзге де қызметтi анықтау, алдын алу және тыю;
    5) заңмен Ұлттық қауiпсiздiк комитетi органдарының жүргiзуiне жатқызылған қылмыстарды анықтау, тыю, ашу және тергеу;
    6) Қазақстан Республикасының Президентiн, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарын, Қарулы Күштерiн, басқа да әскерлерi мен әскери құрамаларын бейбiт кезде және соғыс уақытында үкiметтiк байланыспен қамтамасыз ету;
    7) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарында, ұйымдарында, Қарулы Күштерiнде, басқа да әскерлерi мен әскери құрамаларында шифрлау жұмысын ұйымдастыру;
    8) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасын күзетудi және қорғауды қамтамасыз ету болып табылады.
    2. Ұлттық қауiпсiздiк органдарына өзге мiндеттер тек заңмен ғана жүктелуi мүмкiн.

 Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының құрылымы

Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары – Қазақстан Республикасының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жүйенің басым бөлігі болып табылатын және оларға берілген құзыреттің шегінде тұлға және қоғамның қауіпсіздігін, конституциялық құрылысты, мемлекет егемендігін, аумақтық тұтастықты, экономикалық, ғылыми-техникалық және елдің қорғаныс әлеуетін қамтамасыз етуге арналған Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін арнайы мемлекеттік органдар.

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік органдарының біртұтас жүйесін төмендегілер құрайды:

– Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, оның құрамына кіретін департаменттер және өзге құрылымдық бөлімшелер;

– Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстардағы, республикалық деңгейдегі қаланың және Республика елордасының аумақтық органдары мен оларға бағынатын қалалық және аудандық басқармалары (бөлімдер, бөлімшелер);

– қарсы барлау органдары, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, арнайы мақсаттағы бөлімшелер, оқу орындары, ғылыми-зерттеу мекемелер және өзге ұйымдар.

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметі заңдылық, дара басшылық, бәрінің заң алдында теңдігінің, адам және азаматтың құқығы мен еркіндігін құрметтеу және сақтау, саяси партиялар және өзге қоғамдық бірлестіктердің қызметтерінен тәуелсіз болу қағидаттарында құрылады.

Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетін Республика Президентімен Республика Парламенті Сенатының келісімімен лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын төраға басқарады.

1 сурет. ҚР ұлттық қауіпсіздік органдарының құрылымы

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Терроризмге қарсы орталығы Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 29 желтоқсандағы № 435 өкіміне сәйкес құрылды.  Орталық туралы Ереже мен оның құрылымы ҰҚК, Ішкі істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Президенттің күзет қызметі және Төтенше жағдайлар министрлігінің бірлескен бұйрығымен 2004 жылғы қаңтарда бекітілді.

Ережеге сәйкес ҰҚК ТҚО республиканың мемлекеттік органдарының терроризмге және экстремизмнің өзге де белгілеріне қарсы іс-әрекет ету саласындағы қызметін үйлестіруге мақсатталған тұрақты қызмет ететін ведомствоаралық кеңес болып табылады.

Өз жұмысында Орталық ТМД Терроризмге қарсы орталығымен, ШЫҰ Өңірлік терроризмге қарсы құрылымымен, «Орталық Азия ынтымақтастығы» ұйымының және Ұжымдық қауіпсіздік туралы келісім-шарт ұйымының жұмыс топтарымен, сондай-ақ терроризмнің алдын алу және жолын кесумен айналысатын басқа да халықаралық құрылымдармен өзара әрекеттестікте.

Қазіргі уақытқа дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі өзінің қалыптасу және күрделі даму жолынан өтті. Қазақстанның тәуелсіздігіне 20 жылдан астам уақыт бойы мүлтіксіз қызмет етіп келеді. 1992 жылдың 18-тамызында Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заңына сәйкес және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы-мемлекеттер басшыларының «ТМД-ға қатысушылардың мемлекеттік шекарасын және теңіз, экономикалық зоналарын күзету туралы» келісіміне сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының шекара әскерлері туралы» жарлығы жарияланды. КСРО МХК Қызыл тулы Шекара округының құрлымдары мен бөлімдері шекара әскерлерінің құрылуының негізіне айналды. Осы уақыттан бастап 18-тамыз Шекара әскерлерінің құрылған күні болып есептеледі.

Шекарашы жауынгерлердің қазіргі ұрпағы өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқаруда, терроризмге, есірткі мен қару-жарақтың заңсыз айналымына, табиғат байлықтарын талан-таражға салуға, заңсыз миграцияға қарсы сенімді тосқауыл қоюда.

Мемлекет көмегінің арқасында шекара сақшыларының мәртебесі көтерілуде. Бүгінгі шекарашы дегеніміз – ол өз Отанының патриоты, терең білімі бар, қиын сәтте қол ұшын созып, қасыңнан табылатын мамандық иесі болып табылады. Төтенше оқиғаларды жою, қиын жағдайға тап болғандарға көмек көрсету, әскери және азаматтық міндеттерін аяғына дейін орындау деректері жарқын мысал бола алады…

Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдары туының сипаттамасы

Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының туы шеттерінің арақатынасы 2:3 (көлемі 1000х1500 мм) көктіктен (көк) түсті көк тік бұрышты жалпақ матадан тұрады. Тудың ортасында диаметрі 500 мм (тудың енінің қатынасы бойынша 1/3) алтын (сары) түсті Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдары эмблемасының негізгі трафаретті бейнесі – айшықталған жеті ұшты жұлдыз, жұлдыздың ортасында шаңырағы бар кіші қалқан орналасқан.

Тудың сол жағы диаметрі 32 мм және ұзындығы 2000 мм сапқа кигізуге ыңғайлы етіп тігіледі. Сатың ұшы найза түрінде болады және алтын-сары түсті металдан әзірленген. Ұштықтың ұзындығы 260 мм, ені 110 мм. Найзаға ұшында қос шашағы бар алтын-сары түсті өрілген бау бекітілген. Баудың ұзындығы 750 мм, шашақтардың ұзындығы – 250 мм.
Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының ТУЫ

Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдары эмблемасының сипаттамасы

Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының эмблемасы алтын (сары) түсті жиекпен (ені 250 мм) көмкерілген, көгілдір (көк) түсті орталық алаңы (диаметрі 750 мм) және көктіктен (көк) түсті сыртқы шеңбері (ені 750 мм) бар дөңгелек қалқан (диаметрі 1000 м) бейнесінен тұрады.
Көктіктен (көк) түсті қалқанның сыртқы шеңберін бойлай мемлеетітк тілде: үстіңгі жағында «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ», төменгі жағында – «ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК КОМИТЕТІ» деген жазу (қаріп биіктігі 550 мм) жазылған. Жазу күміс (ақ) түсте орындалған. Қалқанның ортасында көгілдір (көк) түсті алаңның үстінде жеті доғал шұғыласы бар, алтын (сары) негізіне күрең қызыл (қою қызыл) түсті айшықты жеті ұшты жұлдыз (сәулелердің биіктігі бойынша диаметрі – 750 мм) орналасқан.  Жақұтты жұлдыздың ортасында – кіші қалқан (диаметрі 400 мм) орналасқан.  Алтын (сары) жиектпен (ені 10 мм) көмкерілген көктіктен (көк) түсті қалқанның (ені 40 мм) шеңберін бойлай «НАМЫС: АЙБЫН. ОТАН» деген мемлекеттік тілдегі ұран жазуы (қаріп биіктігі 36 мм) жазылған. Жазулар күміс (ақ) түсте орындалған.
Қалқанның ортасында көгілдір (көк) түстің үстіне алтын (сары) түсті киіз үй күмбезінің айшықты бейнесі – шаңырақ (диаметрі 280 мм) орналасқан.
Эмблеманың негізгі бөлшектерін: кіші қалқан және шаңырағымен бірге ұран жазылған жұлдызды (орта эмблема); шаңырағы бар кіші қалқанды ұрансыз (кіші эмблема), өз алдында эмблемалар ретінде қолдануға рұқсат етіледі.
Кіші эмблеманы пайдалану кезінде кіші қалқанның сыртқы шеңберін бойлай жеті күміс (ақ) тойтарма шегенің бейнесі салынады.

Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының ЭМБЛЕМАСЫ

Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарыныңбірлескен әнұранының орындалу тәртiбi 

  1. Ұлттық қауіпсіздік органдарыныңбірлескен әнұраны ұлттық қауіпсіздік органдарыныңТуын салтанатты жағдайда алып шығу, көтеру және орналастыру, сондай-ақ ҰҚК басшылығының қатысуымен өтетін ведомство  жиналыстары мен сапқа тұру аяқталған кезде орындалады, бұл ретте қатысушылар жүздерiн ұлттық қауіпсіздік органдарыныңТуына қарай бұрады.Ұлттық қауіпсіздік органдарыныңбірлескен әнұраныныңорындалу барысында ҰҚК қызметшілері мен әскери қызметкерлері  туындыны орындарынан тұрып айтады (тыңдайды). Сапта салтанатты киінген басшылық пен командирлер бас киімінің күнқағарына қолын қойып ізет етеді.
  2. Ұлттық қауіпсіздік органдарыныңбірлескен әнұраны оркестрлік, хор, оркестрлік-хор немесе өзге вокалдық және инструменталдық орындауда айтылады,  бұл ретте дыбыс жазу құралдары қолданылуы мүмкiн.

Ұлттық қауіпсіздік органдарыныңбірлескен әнұранын ықшамдалған түрде орындауға рұқсат етіледі.

  1. Ұлттық қауіпсіздік органдарыныңбірлескен әнұраны бекiтiлген мәтiнi мен музыкалық редакциясына дәлме-дәл сәйкестiкпен мемлекеттiк тiлде орындалады.
  2. Ұлттық қауіпсіздік органдарыныңбірлескен әнұранының мәтiнi мен музыкалық редакциясын басқа музыкалық шығармалар мен өнер туындыларына негiз ретiнде қолдануға болмайды.

Ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің әнұранының

Әнін жазған Серік Дәулетов , Сөзін жазған Тоқтарбек Хамзин

Қорытындылай келе, Ұлттық қауіпсіздік органдары — Қазақстан Республикасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылатын арнаулы мемлекеттік органдар. Олардың міндеті — өздеріне берілген өкілеттіктер мен жеке адамдар мен қоғамның қауіпсіздігін, конституциялық құрылысты, мемлекеттің егемендігін, аумақтық тұтастығын; елдің экономикалық, ғылыми-техникалық және қорғаныс қуатын қорғауды қамтамасыз ету. Ұлттық қауіпсіздік органдары:

  • жеке адамдардың, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігі қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты жасап, іске асыруға қатысады;
  • Қазақстан Республикасының мүдделеріне сәйкес барлау ақпараттарын іздестіріп табады;
  • Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығынбұзуға, қауіпсіздігін әлсіретуге бағытталган терроризм сияқты қауіпті қылмыстар мен өзге де әрекеттерден сақтандырып, олардың жолдарын кеседі;
  • мемлекеттік органдарды, еліміздегі ұйымдар мен әскери құрылымдарды ақпараттық және кодталған (астыртын) байланыстармен қамтамасыз етеді.

Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, оның құрамына кіретін департаменттер мен өзге де қүрылымдық бөлімшелер, Ұлттық қауіпсіздік комитетіжанындағы үкіметтік байланыс органдары, оқу орындары, ғылыми-зерттеу мекемелері мен өзге де ұйымдар ұлттық қауіпсіздік органдарының біртүтас жүйесін құрайды.

You May Also Like

Пайдаланушы интерфейсін өңдеу кезеңдері, реферат

Пайдаланушы интерфейсін өңдеу кезеңдері. Интерфейстерді тестілеу түрлері. Жоспар: Кіріспе Пайдаланушы интерфейс түсінігі…………………………………………………. …

Еңбек құқығы негіздері, реферат

Реферат Тақырыбы: Еңбек құқығы негіздері Жоспар: а) Еңбек құқық қатынастары ә) Қолдану ерекшеліктері…

Модель реферат

Реферат Тақырыбы: Модель Кіріспе 1.Модельді таңдау және негіздеу 1.1. Сән бағыты және…

Экономикалық теорияның негізгі қалыптастыру кезеңдері, реферат

        Тақырыбы:  Экономикалық теорияның негізгі қалыптастыру кезеңдері Реферат Кіріспе———————————————–1-2…