Бастауыш сынып оқушыларының сауаттылығын жетілдіру

Бастауыш сынып оқушыларының сауаттылығын жетілдіру

Аннотация: Баяндамада қазақ тілі сабағында жазба жұмыстары арқылы бастауыш сынып оқушыларының сауаттылығын  жетілдіру жолдары қарастырылған.

Түйінді сөз:қазақ тілі,оқыту,жазба жұмыстар,сауаттылық.

 «Өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адамды сауатты, мәдениетті деуге болмайды.»

Мұхтар Әуезов.

Қазақ тілі пәнін оқытудың сапасы мен мақсатын одан әрі жетілдіру де бүгінгі күннің  талабы. Халқымыздың біртуар азаматы, қазақтың ұлттық әдебиеті мен мәдениетінің көрнекті қайраткері Жүсіпбек Аймауытов ана тілін оқытуда мынадай тұжырымдама жасайды: «Бала оқытуды тілден бастайды. Бастауыш мектептің көбінесе  айналдыратын оқу-тілдің мүшелерін нық білдіріп, баланың тілін байыту.Орта дәрежелі мектепте үнемі тілді жаттықтыру,дағдыландыру керек.Әр сабақ,әр пән бір жағынан өзіне хас мақсұтын көздесе, екінші жағынан тіл түзетуге,тіл сабағының міндетін атқаруға тырысу керек.Бала сөйлегенде,жазғанда,тілді дұрыс қолдандыруға-әр оқытушының , әр мектептің міндеті… Баланы тілге жаттықтырудың мағынасы: баланы сөйлеуге, басқалардың сөзін ұғуға,өз бетімен жазуға, оқуға төселдіру»[1;5]Тіл үйренудегі ізеттілік – сауаттылық  қана емес, тілдік тәсілдерді, фонетикалық, орфографиялық, орфоэпиялық, грамматикалық,  синтаксистік заңдылықтар мен нормаларды  дұрыс қолдану дағдысы.  Тіл мәдениетінің негізгі арқауы-тілдік норма.Тілдік норма тілдің ішкі жүйелері негізінде дамиды.

Тіл мәдениетінің  негізгі зерттейтін объектісі-сөз,сөздің дұрыс айтылуы дұрыс жазылуы,  дұрыс қолдануы,айтайын  деген ойдың айқын,әсерлі болуы,Яғни тіл мәдениетін жете  меңгеру үшін ең алдымен оқушы өз ана тілінің фонетикасы  мен грамматикасын жете білуі шарт. Қазіргі кезде әдістемеде «жобалау»,  «құрастыру», «жаңа технология»т.с.с. жаңа сөздер шыға бастады. Мектептегі педагогикалық технологияның тез дамуына байланысты  басқа да әр түрлі бағыттар айқындалып келеді.

Мұнда көңіл аударатынымыз: теориядан шығатын технология,тәжірибеден шығатын технология. Білім заңына сәйкес мұғалімге оқытудың тиімді жақтарын қарастыру,таңдай білу еркіндігі тиіп отыр.   Қазақ халқының сыршыл ақыны,ұлы педагогі Мағжан Жұмабаев: «…ұлттың тілінде сол ұлттың жері,тарихы,тұрмысы, мінезі айнадай анық көрініп тұрады. Қазақтың қаны бір,жаны бір жолбасшысы-мұғалім. Оның табансыздығын сезсе,бала онымен сөйлесуден ,тілін алудан қалады»-деп ескерткен. [2;16]         Бүгінде білім беру ұғымының өзі өзгеруде және кеңеюде. Қазіргі заман   талабына лайық жаңа  бағдарламалар әзірленіп,соған сәйкес  оқулықтары дүниеге келгені  белгілі. Бағдарлама талабына орай оқулықта материалдардың  орналасу тәртібі өзгерді.Тілден берілетін пәндік білім мазмұны жаңартылып,толықтырылды.

Тілді қоғамдағы қарым-қатынас жасау құралы  және қоршаған ортаны танып-білу құралы    ретінде үйрету көзделді.Оқушылардың өз ойларын мазмұнды,грамматикалық тұрғыдан сауатты, стильдік жағынан жаттық,дәл бейнелеп айта білу дағдыларын қалыптастыруға бағындырылды.Оқушылардың  сөздік қорын  молайту,сөз мағыналарын дұрыс ұғынып,сөздерді орынды жұмсай білу дағдысын қалыптастыруға айрықша назар аударылды.

Коммуникативтік  құзыреттіліктің басты мақсаты-оқушыларды оқуға,сауатты   жазуға үйрету,негізгі тілдік ұғымдармен таныстыру,өз ойы мен пікірін еркін жеткізе алатын дара тұлға тәрбиелеу.Бұл мақсаты орындау үшін  міндеттер қойылады:

Сөйлеу туралы қарапайым түсінік беру ,ауызекі және  жазба тілдеқарым-қатынас жасауға қажетті сөйлеу дағдыларын қалыптастыру;оқушылардың сауатты,көркем жазу дағдыларын жетілдіру;

диалогтық және монолгтық сөйлеу (ауызекі,жазба тіл)дағдыларын,сөйлеу мәдениетін дамыту;

тілдік құбылыстарды талдап,олардың мәнін ажырата білу дағдыларын қалыптастыру,оларды өзара салыстыра, топтай және жинақтай білуге үйрету;

Қарым-қатынас жасауға,танып білуге талпыныстың пайда болуына жетелейтін коммуникативтік  ұстаным.Бұл процесс сөзді қабылдау,тыңдау,оқу, өз ойын айту сөйлеу),жазу және сөйлеу мәдениетін меңгеру,орфографиялық жаттығу,каллиграфиялық машықтану арқылы жүзеге асырылады.Бастауыш сатыда білім берудің үздіксіздігін жүзеге асыруда әр оқу пәнінің өз орны мен ролі бар.Осыған орай білім мазмұнын былай жіктеуге болады.

  • Коммуникативтік ,ақпараттық мәдениет ( ана тілі мен қазақ тілі)
  • Ақыл-ой мәдениеті ( математика,дүниетану)

Білім берудің үздіксіздігі құзыреттіліктің жоғарғы деңгейін сақтау шарты:  Алған білімін оқушы естісе құзыреттіліктің-30 %-ы,естісе және жазса -50 %; естісе, жазса, айтса -70 % ;естісе,жазса,айтса,қолданса -100 % орындалады. Ендеше оқушылардың  коммуникативтік  құзыреттілігін қалыптастыру,демек

сауаттылыққа дағдыландыру мектепке келген алғашқы күннен басталуы тиіс.Өйткені мектепке келген оқушылар арасында сөзді,дыбысты қате айтатындары кездеседі.Мысалы: екі-еті;жоқ-зоқ;бір-біл.Дұрыс айтылмаған дыбыс жазған кезде де дұрыс таңбаланбайды. Сондықтан жазу кезінде дыбысты дұрыс айтуға,дыбысталуына көңіл аудару қажет.Яғни –бірінші артикуляциямен жұмыс.Жуан дауысты дыбыстарды айтқанда ,тілдің ұшы кейін қарай тартылады да,үсті сәл көтеріледі.Ал,жіңішке дауысты дыбыстарды айтқанда,тіл ұшы сәл ілгері қарай созылып,үсті сәл төмендейді.Сауатты жазуға дағдыландыру үшін оқушылардың есту қабілетін дамытуға көңіл бөлінеді.Жаңа дыбысты өту барысында оны айтқызып,түсіндіргеннен кейін «Мен қазір бірнеше сөздер айтамын,егер өтілген дыбыс болса қол соғыңдар» -деп ескертемін.  Сонымен қатар оқушыларға дыбыстардың орнын ажыратуға тапсырма беріледі.Мысалы:«А»дыбысына байланысты қар,балық,алша.       «А»дыбысы сөздің барлық бөлігінде кездесетінін көрсетіп дәлелдеу.

     Сауатты жазуға төселдіруде каллиграфияның алатын  орны зор.Жазу-оқу әрекетінің кешенді түрі.Жазу бір қатар құрылымдық бірліктерден,бастауыш сынып оқушылары үшін күрделі,ұзақ, қиын үрдістерден тұратын ережелер мен біліктерден құралады.Оқушы жазуға үйрену  барысында негізгі үш дағдыны білуі қажет:

  • техникалық –жазу құралдарын дұрыс пайдалана білу, қол қимылын

басқара білу,гигиеналық ережелерді сақтау;

  • графикалық– әріптерді,буындарды,сөздерді дұрыс таңбалау,әріптерді

дұрыс көлбеулікте,белгіленген биіктік пен ендікте жазу,оларды дұрыс байланыстыру,

жұмыс жолында біркелкі орналастыру;

  • орфографиялық – сөздің дыбыстық және  әріптік құрамын дұрыс анықтау, жазылуын талдап    беру; Осы дағдылар сауатты және әдемі жазудың негізі болып қабылады. »[3;7]

Психологтардың зерттеулері бойынша түсініксіз жазылған сөз есте қалмайды.

Баланы жазуға үйрету дайындық кезеңінен басталады.Алдымен оқушының қолының икемділігі мен көзбен  мөлшерлеу қабілетін жетілдіріп,графикалық дағдыларын қалыптастыру қажет .Ол үшін:

  • жазу кезіндегі дұрыс отыру;
  • дәптерді дұрыс қою;
  • қаламды дұрыс ұстай білу дағдыларын қалыптастыру қажет.
  • дәптер көлбеулігі 25 градус мөлшерінде.
  • дәптердің сол жақ төменгі бұрышы оқушының кеудесінің ортасында жатып,   беті толған сайын  оқушы  қолымен солға қарай жылжытып отырады.
  • қалам үш саусақпен ұсталынып,екінші ұшы иыққа  бағытталады.
  • қалам ұстауды мұғалім мұқият үйретеді. »[3;29]

Көркем жазу жұмысы

1-сыныпта ІІ жарты жылдықтан бастап көркем жазуға  арнайы уақыт бөлінеді. Мақсаты: Әріптер мен олардың байланысын және сөздер мен сөйлемдерді таза,дұрыс,  әдемі жаза білу дағдыларын бекіту. Жазу ырғағы мен  жылдамдығын сақтай білуді жетілдіру. Ол үшін мұғалім мына жағдайларды  үнемі қадағалауы тиіс:

  1. Оқушының жазу кезіндегі отырысын.
  2. Дәптердің партада дұрыс қойылуын.
  3. Әріптердің көлбеулігі мен биіктігінің сақталуы.
  4. Сөздер мен сөйлемдердің біркелкі ара қашықтығының сақталуын.

Жазу жылдамдығын, ырғағын сақтау мақсатында  әріптерді жазу алдында арнайы жаттығулар жүргізу  де тиімді.

Көшіріп жазу

Көшіріп жазу-жазу мен каллиграфияға үйретуде жиі  қолданылатын жазбаша жаттығу түрі.Көшіріп жазудың екі    түрі бар: жай жәна күрделі.Біріншісінде дайын мәтінді қатесіз көшіріп жазу, екіншісінде көшіріп жазу грамматикалық не орфографиялық тапсырмаларды орындауға немесе  қосымша тапсырмаларды ( әріп не сөз қою,сөздерді өзгерту  орындауды мақсат етеді.Күрделі көшіріп жазу тиімді нәтиже береді,ал жай көшіріп жазу ойлануды көп қажет  етпейтіндіктен сауаттылыққа аз әсер етеді.

Сөйлемдерді   тұтас оқып,мағыналық бөліктері бойынша көшіріп жазу  қажет.Әріптеп көшірсе оқушы не жазып отырғанын   түсінбейді,сондықтан дұрыс жазылуын есте сақтай алмайды.

Көшіріп жазу тәртібін әуелі мұғалімнің басқаруымен сыныпта,сынып бойынша орындап дағдыландырған жөн.Оқушылар жақсы меңгергеннен соң ғана сол тәртіппен  көшіріп жазуды үйде орындауға беруге болады.Көшіріп жазу тәртібі сыныпта,тақта жанында  оқушыларды қатыстыра отырылып құрылады.

Көшіріп жазуға арналған естелік:

  • Сөйлемді түсіну үшін және есте сақтау үшін оқып шық.
  • Есте сақтай алғаныңды тексеру үшін мәтінге қарамай сөйлемдерді қайтала.
  • Көшіріп отырған мәтіндегі орфограммаларды айқындап  ал.
  • Сөйлемді жазылуы бойынша оқып шық.
  • Сөйлемдегі мәтінге қарамай,қалай жазасың,солай қайтала.
  • Өзіңе айта отырып жаз.
  • Жазғаныңды тексер: »[3;31]

Сауаттылықа жетудің басты жолдарының бірі қатемен жұмысты,қатені болдырмауға арналған жаттығуларды әр   сабақ сайын жүйелі жүргізу болып табылады. Жаттығулардың мазмұны да,түрі де әр түрлі болып келеді.

Ауызша жаттығулардың мақсаты:-оқушыларды дұрыс, әдеби тіл нормасында сөйлей білуге дағдыландыру. Жазбаша жаттығулардың мақсаты:-оқушылардың әлі  таныс емес,бірақ сөйлеу тілдерінде жиі қолданатын,сол  сияқты жазуға берілген жаттығуларда кездесетін ережелерге байланысты сөздерді дұрыс жазуға дағдыландыру.

     Осыған орай төмендегі жұмыстарды жүргізуге болады:Балаларға суреттегі заттың атауын дұрыс айтқызу және жазғызу.Мұғалімнің қойған сұрақтарына оқушылар ауызша (кей жағдайда жазбаша) жауап береді.Сұрақтардың жауабы айтылуы мен жазылуында көбірек мән беруге тиісті   сөздер болатындай таңдалу қажет. Сынып тақтасында сөздер жазылады. Оқушылар осы сөздерді айтылуы мен жазылуы екі басқа сөздерді тауып,теріп жазады.

Мысалы: Аю,қоян,бүгін,құлын,т.б.

Оқушылардың жазба жұмыстарындағы сауаттылығын көрсететін-пунктуация.

Сөйлем соңына қойылатын тыныс  белгілері ( нүкте, сұрау және леп белгілері)Бұл тыны   белгілерді меңгерту үшін сөйлем түрлеріне тоқталамыз.  Адам ойын хабарлау, сұрау, таңдану,бұйыру,үндеу  мағыналарында білдіреді.Сондықтан да сөйлемдерді айтылу мақсатына,дауыс ырғағына қарай хабарлы,сұраулы,лепті болатынын оқушыларға түсіндіріп,әр сөйлемнен соң  қандай тыныс белгісі қойылатындығын көрсету  қажет.

  1. Сызба бойынша сөйлемдер құрау.
  2. Хабарлы сөйлемдерді сұраулы және лепті сөйлемдерге айналдырып жазу.
  3. Тиісті тыныс белгісін қойғызу.

Жалғаулықтар сөйлемнің бірыңғай мүшелерінің  әрқайсысымен қайталанып келсе. Мысалы:Бұл жұмысқа  не сен,не мен кірісуім керек.Қаратпа және қыстырма сөздердегі үтірдің қойылуы:   Қаратпа сөз сөйлемнің басында тұрса,одан кейін  үтір қойылады.Мысалы:  Омар, бері қарашы.   Қаратпа сөз сөйлемнің ортасында келсе,оның екі  жағынан да үтір қойылады. Мысалы: Өлеңім,шарла ауылды,Тыңда,дала,Жамбылды.

Қыстырма сөздерден соң міндетті түрде үтір қойылады.Мысалы:Бәсе,өзім де солай ойлап едім.

Құрмалас сөйлемдерде екі жай сөйлемнің арасына үтір таңбасы қойылады,   Мысалы:Ол кеше елгенде,сен үйде  жоқ едің.

Құрмалас сөйлемдердің құрамындағы жай сөйлемдердің арасында бірақ,өйткені,сондықтан деген жалғаулықтар  болса, үтір бұл жалғаулықтардың алдынан қойылады .Мысалы:Қар кетіп,бірақ жер әлі көктей қойған жоқ.   Келесі бір басты назар аударатын тыныс белгісі ол-бастауыш пен баяндауыштың арасына қойылатын сызықша.Бастауыш пен баяндауыштың арасына  мынандай жағдайларда сызықша қойылады:

1.Бастауыш та,баяндауыш та атау тұлғалы зат есімнен болса.Мысалы: Оспан-мұғалім.Байлықтың атасы-еңбек,анасы-жер.

2.Бастауыш та,баяндауыш та сан есімнен болған  жағдайда. Мысалы: Бес жерде бес-жиырма бес.

3.Бастауыш зат есім мағынасында жұмсалған сын  есімнен ,сан есімнен болып баяндауыш атау тұлғалы   зат есім болған жағдайда. Мысалы: Жақсы-жаныңа  жолдас,жаман-малыңа жолдас.Екі-жүп сан,үш-тақ сан.

4.Бұл, сол, осы, мынау,анау,ол деген есімнен болған жағдайда.Мысалы: Бұл-егіндік жер.

5.Бастауыш у жұрнағы арқылы жасалған тұйық  етістіктен жасалса.

Мысалы: Оқу-әркімнің міндеті.

Бастауыш сынып оқушыларының жылдам және сауатты  жазу дағдыларын қалыптастыруда сөздерді дұрыс тасымалдатып үйретудің маңызы зор.Сөздерді дұрыс  тасымалдату үшін алдымен  сөзді дұрыс буынға бөлгізіп,буынның түрлерімен жұмыс жүргізу қажет. Оқушыларға ашық буынды о-тын,е-гін,о-жау,а-на,ә-ке т.с.с сөздердің бірінші буындарын бір жолда қалдырып,екінші буындарын келесі жолға тасымалдауға болмайтынын үйрету. Сондай-ақ бас әріптерден қысқарған сөздерді бір жолдан екінші жолға,  кісі аттарының қысқартылып алынған әріптерін фамилиядан айырып тасымалдауға болмайды. Сол сияқты сан есімдерден кейінгі қысқарған сөздерді және цифрдан кейінгі қосымшаны цифрдан айырып тасымалдауға болмайды.Мысалы: 25 см,  30 га дегендегі см,га дегендерді алдындағы сандардан   бөлуге болмайды. Екі дыбыстан және үш дыбыстан  құралған тұйық буынды сөздер от, аң ұн,ән өрт,ант,ұлт т.с.с сөздер де тасымалданбайды. Бітеу буынды жол,көл,бес,төрт,қарт,бұлт,қант сөздері де тасымалданбайтынын мысал келтіре отырып дәлелдеп беру керек.

Сөздерді дұрыс естіп, қатесіз айтып үйренгеннен кейін,жазылуы қиын сөздерді,сөйлемдерді,шағын мәтіндерді сауатты әрі каллиграфиялық талапқа сай жазу  дағдыларын жетілдіруге бағытталған жаттығулар орындалады.

Оқушылардың сауатын ашып,сөздік қорын молайта түсу мақсатында жүргізілетін диктанттың түрлері сабақтың не басында,не соңында 2-12 минутқа дейін уақыт бөлінеді.Кейде бір сабақта үйрету диктанттарының екі түрін өткізуге болады (көру,сөздік, әріп не буын диктаны т.б.)

Бірінші сынып оқушыларын диктант жазуға төселдіру ісі жеңілден басталып, күрделеніліп отырылады.Сол себепті оқушылар  бір-екі әріпті және сол әріптен құралған буындар мен сөздерді меңгерісімен біртіндеп жаздыру қажет.Яғни балалар алдыңғы сабақтарда өтілген бас әріп пен кіші әріптерді жазып дағдыланады.Сөйтіп,оқушыларға аталған диктанттарды әбден меңгергеннен кейін барып үйрету диктанттарының басқа  түрлері жаздырылады.

Әріп диктантын жаздырудағы мақсат өтілген дыбыстар мен әріптерді меңгертіп,олардың бір-бірінен айырмашылықтарын аңғарту. Сонда дауысты,

дауыссыздарды естілуінен айырып, айтылуы ұқсас дыбыстардың әріптерін қатесіз жазатын болады.

   Әріп диктанттарын өздігінен жатқа жазып  төселген оқушыларға сол әріптерден құралған буын диктантын жазу аса қиындық келтірмейді.Диктанттың бұл түрі оқушылардың буынды толық  меңгеруіне көмегін тигізеді.

Сөз диктанты-әріп пен буын диктанттарына қарағанда біраз күрделірек.Мұндағы мақсат-оқушыларға сөздің белгілі бір ұғым беретінін түсіндіру.Яғни бұл диктантта әрбір сөздің мағынасы түсіндіріліп,неше буын мен әріптен құралып тұрғаны ауызша талданады.Мұнда да оқушылар өздері естіген әрбір жеке сөздің нақтылы мағынасын түсініп, оларды буынға бөліп жазады. Сонда ғана олар жеке сөздерді,әріп тастап кетпей,артық әріп жазып қоймай,немесе әріптердің орнын алмастырмай,сөздерді қатесіз көркем жазып үйренеді.

Сөйлем диктантын жүргізудегі негізгі мақсат- оқушыларға сөйлемді танытып,оны жаңа сөздерден құрай білуге төселдіру. Мұғалім сөйлем диктантын жүргізген сайын  сөйлемнің неше сөзден құралғанын,бірінші сөздің бас әріптен басталып,сөйлемдегі сөздер бір-бірінен бөлек жазылып,соңынан нүкте,сұрақ,леп белгілерінің біреуі қойылатынын ауызша талдаттырып алған соң жаздырып үйретеді.

Көру диктантына сауаташу бойынша өтілген әріп,буын,жеке сөздермен қатар,жазылуы қиын,термин сөздер,сөз тіркестері және шағын, мәтіндер, жұмбақ,мақал-мәтелдер,жаттауға берілген өлеңдер де алынады.

Өздік диктантта оқушылар өтілген  материалдарға  байланысты өздері білетін әріптер мен буындарды, сөздерді және жаттап алған өлең жұмбақ,жаңылтпаш,мақал-мәтелдерді естеріне түсіріп,ойланып отырып жазады.Мұғалім өздік диктантын қай күні жүргізетінін,қандай материалды  қайталап келу керектігін ескертеді.

Сөздік және терме  диктантына оқушылардың жыл бойы меңгеруіне тиісті термин сөздер мен жазылуы қиын  сөздер алынады. Сөздік диктант ағымдық тексеру болып табылады.

Оқушының тақырыпты меңгеру дәрежесін тексеру мақсатында бақылау диктанты алынады. Нәтижесінде оқушы біліміндегі олқылықтар анықталып,оларды жою жолдары белгіленеді.

Қазақ тілінен жүргізілетін негізгі жазба жұмыстары көшіріп жазу,жатқа жазу,диктант,мазмұндама,шығарма.Оқушылардың өз ойын жазба тілде тиянақты түрде   жеткізуге үйрету мазмұндама, шығарма жұмыстары арқылы жүзеге асырылады. Ауызекі және жазба тілде мазмұндау, шығарма жұмыстары берілген тақырып, тірек сөздер, суреттер, саяхатта көргендері және т.б. бойынша жүргізіледі.

Мазмұндама-байланыстырып жазудың көп  қолданылатын,аса танымал түрі. Мазмұндама,негізінде, екі түрлі стильде жазылады:  біріншісі-сипаттау

( немесе суреттеу) арқылы жазу,екіншісі-сюжет оқиғаларын хабарлау арқылы баяндау. Сипаттап жазуға үйрету  мұғалім тарапынан тікелей көмекті керек етеді.

Байланыстырып сөйлеу мен байланыстырып  жазу- сөйлеудің аса қажетті компоненттері.Сөйлеуге де,  жазуға да  қойылатын талаптар бірдей және бір мезгілде орындалуды   қажет ететін оқу үрдісі.Айырмасы-сөйлеуде  ауызша баяндаса, жазбада жазбаша баяндайды.Ауызекі және жазба тілде  байланыстырып сөйлеуге оқушылар сюжетті суреттер,   оқулықтағы безендірулер,өздігінен оқығандары мен естігендерінің мазмұны бойынша әңгіме құрастырып айту. Оқушылардың сөйлеу қызметін  ұйымдастыру барысында оларды өздіктерінен сөйлетуге итермелейтіндей,өз бетімен мәтін құрастыратындай жағдай туғызу маңызды.       Оқушылардың сөйлеу қызметін  ұйымдастыру барысында оларды өздіктерінен сөйлетуге итермелейтіндей,өз бетімен мәтін құрастыратындай   жағдай туғызу маңызды.Әрбір адамның сауатты сөйлей білуі қоғам үшін де,өзі үшін де қажетті шарттың бірі.

Жалпы бастауыш сыныпта оқушылардың сауаттылығын жан-жақты жетілдіру күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселелердің бірі болып қала бермек.

You May Also Like

Бастауыш сыныпта экологиялық тәрбие беру, мақала

Бастауыш сыныпта экологиялық тәрбие беру Қазіргі кезде адамзатты қоршаған ортаның күрделі экологиялық…

Оқытудың жаңа әдіс- тәсілдерін қолдану арқылы оқушылардың коммуникативтік құзыреттілігін дамыту, мақала

Әлем өзгерcе, мен де өзгеремін! мақала

Әлем өзгерcе, мен де өзгеремін! Уақыт тез өтіп,заманымыз өзгеріске ұшырап отырады. Жыл…

Қосымша білім құралдарымен оқушылардың жеке тұлға дамуына менің көзқарасым, мақала

Мақала: «Қосымша білім құралдарымен оқушылардың жеке тұлға дамуына менің көзқарасым»  Қазіргі таңда…