ҒЫЛЫМИ ЖОБА ТАҚЫРЫБЫ:

ЖЫЛҚЫ МАЛДЫҢ ПАТШАСЫ

Мазмұны:

І. Кіріспе

ІІ.Негізгі бөлім

2.1   Қазақы болмысымыздың басты ұлттық нышаны – жылқы

2.2   Жылқы туралы феномендік аңыздардың құндылықтары

ІІІ. Практикалық бөлім

3.1  Жылқы жайлы деректерді зерттеу практикасы

3.2  Жылқы — малдың патшасы

Аңдатпа

Жылқы адамзат өркениетіндегі, әсіресе, дала өркениетіндегі дамудың жарқын да елеулі көрсеткіштерінің бірі болады. Жылқыны қолға үйрете бастау көшпелі шаруашылық пен өркениет дамуының негізін қалады. Қолға үйретілген жылқының шаруашылықта маңызы зор. Ол – ет және қымыз өндіру, салт міну, арбаға не шанаға жегу, әскери және спорттық бағыттарда өсіріледі.

Аннотация

Лошадь станет одним из ярких и значимых показателей развития человеческой цивилизации, особенно степной. Начало одомашнивания лошадей положило начало развитию кочевого хозяйства и цивилизации. Большое значение в хозяйстве имеет одомашненная лошадь. Это производство мяса и кумыса, верховая езда, катание на колясках или санях, разведение на военных и спортивных направлениях.

Annotation

The horse will be one of the brightest and most significant indicators of development in human civilization, especially in Steppe civilization. The beginning of domestication of horses laid the foundation for the development of nomadic economy and civilization. Domesticated horses are of great importance in the economy. It is the production of meat and kumys, horse riding, riding on carts or sleds, military and sports routes.

Жобаның мақсаты: Жылқы малдың патшасы жайлы оқу мен дәріптеу және насихаттау.       

         Жобаның міндеттері:

Оқушылардың бойында жылқы малдың патшасы жайлы еңбектерін құрметтеу дағдыларын қалыптастыру;

Жылқы малдың патшасы жайлы құндылықтарын дәріптеу;

        Жоба өзектілігі: Жылқы малдың патшасын танымдық тұрғыдан зерттеу. 

Ғылыми жобаның деректік негізі: ғылыми жұмысты жазу барысында осы уақытқа дейін ғылыми айналымға тартылмай келген баспа сөз материалдары мен тарихи түрлі әдебиеттер, ғылыми зерттеулердің мәліметтері сұрыпталып алынды.

Зерттеудің болжамы: Зерттеу жұмысы жылқы малдың патшасы арқылы оқушылардың өзін өзі тәрбиелеуі және зияткер ұрпақтың қалыптасуына тарихи көмек. 

Зерттеудің кезеңдері: Зерттеу жұмысының мақсаты мен тақырып ерекшелігіне байланысты әдеби-тарихи, жүйелі-сипаттамалық, баяндау, салыстырмалы талдау мен жинақтау, жүйелеу және оны түсіндіру әдістері қолданылды.

            Ғылыми жобaның ғылыми жaңaлығы:  Жылқы малдың патшасын танымдық тұрғыдан зерттелуі.

Кіріспе

Жылқы төрт-түліктің бірі. Жылқы иесі Қамбар ата. Қазақ халқында жылқыны құрметтеп, қасиеттеп жоғары бағалаған. Жылқы туралы аңыз әңгімелер, шығармалар, өлең-жырлар, ертегілер өте көп. Жылқы баласы сүйкімді, әрі жүйрік болып келеді. Жылқы жасына қарай: құлын, тай, құнан, дөнен, айғар деп аталады. Жылқы сымбатты жануар.

2.1  Қазақы болмысымыздың басты ұлттық нышаны – жылқы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында атқа міну мәдениеті туралы басымдықты бірінші орынға қоюы тегін емес. Халқымыздың қазақы болмысын айқындайтын құндылық және ежелгі көшпелі халық болғанымызды білдіретін басты нышан – қазақ жылқысы.

Жаңа дәуірдің өрлеген уақытында осы құндылықтарымыздан айырылып қалмай, қасиетті мұра ретінде сақтап, көбейтіп, кейінгі ұрпаққа аманат етуіміз керек-ақ.

Қазақты тануда жылқының алатын орны бөлек. Дархан көңілді қазақты «астындағы жалғыз атын беретін» деп сипаттайтындығынан белгілі.

Қазақ халқының көшпенді өмір салтында, яғни, өркениетінде жылқының алатын орны айрықша. Жалпы халқымыз үшін жылқы қастерлі. Тіпті ер жігіттерге «ат жалын тартып мінген», «ат құлағында ойнайды» деп мақтау айтса – бұл шенді дәрежені білдірерліктей.

Жылқыны қолға үйрету үдерісі көшпелі өмірді едәуір жеңілдетіп, шаруашылықта маңызды рөл атқарды. Жылқы малының еті, қымызы азық болса, көлік ретінде қолдану өз алдына бөлек дүние.

Тарихта ежелден Қазақстан аумағы жылқыны қолға үйреткен мекен болғанын археологиялық қазбаларда дәлелденген. Солтүстік Қазақстандағы Ботай мәдениеті энеолит дәуірінде (б.з.д. 4-3-мыңжылдық), Арқайым ескерткіштері орта қола дәуірінде (б.з.д. 2-мыңжылдық), Қазақстанның барлық аймақтарынан кездесетін арий, сақ, ғұн кезеңдерінің ескерткіштері (б.з.д. 1-мыңжылдық – б.з. 2 ғ.) ежелгі Қазақстанда жылқының қолға үйретіліп қана қоймай, бұл малдың ерекше қастерленіп, әдет-ғұрыптық рәсімдердің ажырамас бір бөлігіне айналғанын көрсетеді.

Жылқыны түріне қарай жүк жылқысы (Владимир, Першерон жылқысы), мініс жылқысы (араб, ақалтеке), жазық дала жылқысы (Дон, Буденный, Қостанай, моңғол және қазақ жылқысы), тау жылқысы (кабардин, қарабақ, қырғыз, алтай жылқылары), солтүстік дала жылқысы (витский, эстон, якут жылқылары) болып ажыратылады. Дүние жүзінде жылқының екі жүз елудей түрі бар болса, Қазақстанда жылқының жиырмаға жуық түрі өсіріледі.

Ертеден өсіріліп келе жатқан қолтұқымның бірі – қазақ жылқысы. Оның «жабы» деп аталатын түрі де бар. Бұл тұқым көлік ретінде және еті мен сүтін пайдалануға өсіріледі. Олардың ерекше қасиеті – суық ауа райына төзімді. Жайылым, жем-шөп талғамайтын, мінуге көнбіс.

Деректерде алғашқы болып Ботай мәдениеті энеолит дәуірінде қолға үйреткен деп көрсетіледі. Қазақ жылқыларының тұқымын қалыптастыру сол дәуірде басталып, мыңдаған жылдар бойы жалғасып келеді.

Көне тұқымдарының бір түрі – жабы Алматы, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Ақмола аймақтарында өсіріледі.

Дала тұлпарлары бүгінгі күнге дейін Қазақстанның мәдени мұрасының маңызды элементі.

Қазіргі уақытта қазақ жылқысының тұқымдары жоғарыда айтылғандай, мыңдаған жылдар бұрын жетіліп, уақыт өте келе басқаша тұрпатқа ие болып, әмбебап тұқымға айналды. Мінуге, арба, шанаға жегуге, ет-сүт өніміне пайдалану үшін өсірілетін жылқы еш кінәратсыз.

Қазақ жылқысы моңғол жылқысымен қатар Орта ғасыр соңында Еуразияның барлық дала бөлігін бағындырып, Батыста Карпатқа жеткен Алтын Орда әскері жауынгерлерінің көлік сапын құрады.

Тұқымның қалыптасуының бастапқы кезеңінде оған Орта Азияның, ең алдымен моңғол, түркімен және басқа да жылқы тұқымдары үлкен әсер етті. Кейінде қазақ жылқысы ең танымал асыл тұқымды сәйгүліктермен тұқымдастырыла бастады – араб, ақалтеке жән т.б. ХХ ғасырда қазақ жылқыларын жақсарту үшін ағылшын таза қанды тұқымын, Орловтың желісті жылқысы және Дон жылқысын белсенді түрде тарта бастады.

Қазақстанның әртүрлі аймақтарының климаттық жағдайында қарай, сондай-ақ басқа тұқымдармен будандастыру және қазақ жылқысы тұқымын мақсатты ұрықтандыру нәтижесінде ішкі тұқым пайда болып, олар – жабы, Адай және т.б. болып аталды.

Қазақ жылқысы жатаған келген, бірақ тығыршықтай болады. Шоқтығының ұзындығы 131-135 см, кеуде тұсы – шамамен 142 см. Ересек жылқының салмағы 302-360 келі аралығында. Реңкі әртүрлі болып келеді, дегенмен жирен және торы түсі басым болады.

Жоғарыда айтып өткендей, аталған тұқымның бұл түрінің негізгі ерекшелігі – қазақ даласындағы қыс айының 40 градус аязына төзімділігі. Сонымен қатар қазақ тұқымының жылқылары бәйгі айналмасының жүктемелерін тамаша орындайды. Олар ұзақ қашықтыққа жүгіруге шыдамды әрі жарамды.

Қазақ жылқысының мінезі саналуан түрлі. Айтарлықтай ақылды және батылды жануарлар бірде төзімділік пен бойсұну танытса, бірде кері мінезін көрсетеді. Дегенмен шыдамдылық танытып, мінезін ауыздықтайтын болсаңыз, көнбіс болады.

Айтқандай-ақ, қазақ жылқысының бірнеше тұқым ішіндегі түрлері бар. Олардың арасында Адай жылқысы мен жабы кеңінен таралған.

Адай жылқылары басқаларына қарағанда бәйгіге төселген болып келеді. Олар бой жағынан биіктеу, базалық тұқымға қарағанда жеңіл конституцияға ие. Сондай-ақ Адай жылқылары шапшаң және ұшқыр. Бірақ олар қатты суықтарға шыдамсыз.

Жабы жылқысы – бұл ет, сүт өнімдеріне бейімделген түрі. Олардың бойы орташа, бірақ тығыршықтай. Сол себепті олардың салмағы бес жүзге дейін жетуі мүмкін. Қатал ауа райы мен ауыр жұмысты елемейтін қасиеті бар.

Қазақ халқының көнеден әдеби-тарихи мұрасынан ойып орын алған жылқы туралы мақал-мәтелдері, жұмбақ, аңыз әңгімелері жетерлік.

2.2  Жылқы туралы феномендік аңыздардың құндылықтары     Ерте заманда Шамалған өзені бойында бір адам өмір сүріпті. Оның теңдесі жоқ керемет Шұбарат атты сәйгүлігі болған екен. Шұбарат сол маңдағы бәйгінің алдын бермейтін ұшқан құстан да жүйрік тұлпар болған деседі. Аты әйгілі жүлделі сәйгүлікті айтпайтын адам болмапты. Күндердің күнінде жүлдесі бағалы аламан бәйгі болатыны туралы хабар жетеді.

Мен дегеннің бәрі жүйріктерін әкеліп қосады. Бәйгіге қосылған аттар бір күн бойы шабатын болып, таң ата бәйгі басталып кетеді. Ас пісірім уақыттан соң Шұбарат шапқан аттардың алдына түсіп, ұзап кетеді.

Шұбарат сол қарқынмен күндікке бірде шаба, бірде желе-жортып, бірде аяндап межелі жерге таянады. Оның артында шауып келе жатқан жүздеген аттың біразы құлап, мертігеді. Шабандоздар да жарақат алады.

Қызыл іңірде жиылған жұрт көкжиектен шамалы шапқан аттарды байқайды. Олардың алдында оқ бойы шауып Шұбарат келеді.

Бір мезетте бәйгі аттарының алдынан биік жартас көрініп, шаршаған аттар міне алмай тұрақтап қалады. Тек Шұбарат қана жартасқа дейін шауып келіп, жебедей тартылып, шыңына ұшып жетіп, бәйгіден бірінші келеді.

Содан бері биік жартас Шұбарат деп аталып кеткен екен.

Қазақ халқы жылқыны қастерлеп, әспеттеп ұстап, оны тіпті «жолдасына» теңеген. «Ер қанаты – ат» деген мақалдың айтылуы да осы түсініктен туған болар.

Дүниеге ұл бала келсе – «атұстар келді», қыз бала келсе – «көйлектігер келді» деп жеткізген. Айтар сөзін астарлап айтатын ата-бабаларымыздың даналығы таңдандырарлық. Тіпті ұл баланың жасын «ізбасар», «ат байлар», «әке кіндігінің жалғасы», «тұяқ», «шикі өкпе», «күл шашар», «төре», «құрық ұстар» деп атайтын болған. Яғни, ер баланың өмірі жылқымен байланыстырылып отырғанын байқаймыз. Өкінішке орай қазіргі уақытта бұл сөздер күнделікті сөз қолданысымыздан ажырап, архаизмге айналды.

Жақсы атты жүйрік ат, арғымақ, тұлпар, сәйгүлік деп атайтын халқымыздың фольклорында да жылқыға айрықша көңіл бөлгендігін батырлар жыры жырлайды. Қобыланды батырдың серігі – Тайбурыл, Алпамыстың тұлпары – Байшұбар, Қамбар батырдың арғымағы – Қарақасқа, Қабанбай батырдың сәйгүлігі – Қубас, Ер Төстік жырындағы батырдың қанаты, пырағы – Шалқұйрықты білмейтін қазақ оқырманы кемде-кем шығар.

Кемеңгер ақын-жазушыларымыз да шығармаларына арқау еткен жылқы малына арналған туындылардың ішінде Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасы өз алдына қымбат дүние:

Жақсының жақсылығын жан айтады,

Сондықтан «Құлагерді» бәрі айтады.

Егіліп әндеріне, сөзін тыңдап,

Еріңді ел қиялы дардайтады.

Қазақта Құлагерді көп айтады,

«Серінің серігі еді» деп айтады.

«Ат сыры иесіне мәлім» деп жұрт,

Тегінде мал көрмесе, неге айтады, – деп толғанған ақынның поэмасының ақырында Батыраштың қанды қолынан мертіккен Құлагерді жоқтаған Ақан серінің зарын оқығанда, сай-сүйегі сырқырамаған жан жоқ шығар…

Құлагер қорқырайды қаныменен,

Ақан да шырқырайды жаныменен…

Егіліп, төгіледі Ақан сері,

Зарлаған Құлагердің әніменен:

«Не болды-ай, бай-бай саған, Құлагерім?!

Суалдың, сорлы иеңнің бұлағы едің…

Тірегі көңілімнің, бәйтерегім,

Бұл жерге қалайынша құлап едің?!

Шыныңмен кеткенің бе, Құлагерім?!

Қасымда қасынысып тұрар едің.

Баспа бас қызға бермес жануарым,

Басылар өлгенімше қайтып шерің?!..».

Қазақтың егемендігіне бірге жеткен қазақ жылқысының бейнесі Елтаңбамызда қанатты пырақ арқылы берілген. Бұл – қазақтың кеңдігін, еркіндігін, сайын даланы мекендеген айбарлы халық екендігін байқатады.

Ендігі құндылығымызды жоғалтпау – бүгіннің еншісінде.

3.1 Жылқы жайлы деректерді зерттеу практикасы

          Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды», дейді. Сол сияқты дүлдүл ақын Ілияс Жансүгіров: «Қазақ халқы ежелден жылқы баққан, Артық көрген ат үстін алтын тақтан» десе, бұл тұрғыдан халқымыздың жылқытану қабілеті мен оның бағым-күтімі жайлы ілім-тәжірибесі жетерлік.

1-зерттеу практикасы

Жылқы үйірі

         Қолға үйретілмеген жылқы түлігі сонау бағзы заманнан бастап үйірмен өмір сүруге дағдыланған. Әрі жылдың ауыспалы маусымдарына бейімделіп, жазда жайылым, күзде соны, қыста қар-су қуалап үнемі қозғалыста болу себепті, әрбір түліктің үйірдегі орны анықталып отырған.

Үйір ішінде жүрген жылқы өзін қауіпсіз сезінеді. Өйткені үйір – жылқының бейбіт өмір сүруінің кепілі. Яғни жылқы сырттан келетін шабуылға тойтарыс беру, қиындықтан құтылу сияқты қажет дағдыларды үйірде үйренеді.

Үйірдегі әрбір жылқының орны бұлжымайтын қатаң тәртіппен сақталады. Егер тәртіп болмаса үйір өзін сыртқы жаудан қорғай алмайды. Үйірдегі тәртіпті үйлестіретін үйірдің басшысы болады. Бұл міндетті көп жағдайда сары қарын, сақа биелер атқарады. Жылқы түлігінің басты қасиеті үйір басы айғыр өзінен туған ұрғашы құлынды қайырмайды. Яғни қан жақындасып, үйірдің сапалық қуаты әлсіреуден сақтанады. Сондықтан өзінен туған құлын байтал шыққанда басқа айғырдың үйіріне қуалап апарып қосып береді де, өзі сол үйірдің байталын қайыруға алады. Алда-жалда қан жақындасқан жағдайда айғыр үйірін қайырмай таратып жібереді. Бұндай тектілік қасиет тек жылқы малында ғана бар.

Өйткені қан жақындасқан үйірден жауға мінер ат шықпайды. Сондықтан қазақ атбегілері баптаған жүйрігінің тек-тұқымын 4-5 аталығына дейін жақсы білетін болған. Жас айғырдан жақсы құлын туады. Жылқышылар көп айтатын «отты жылқы» дейтін тіркес бар. «Отты жылқы» деп үйірге тұңғыш түскен дөнен айғыр мен байталдың арасынан шыққан құлынды айтады.

2-зертеу практикасы

Үйірдің бағым-күтімі

Үйірдің бағым-күтімін ондағы тай-құнандарға қарап біледі. Жас жылқылардың іші босап қарынсал тартса, жылқы үйірін дереу ащылатады. Қыстың алғашқы айларында үйір жайылымына ішетін суы бар, ащылауға қолайлы өлкені таңдайды. Көктемде ағынды суы бар изенді далаға өрістетеді. Жылқының қасиеті бір-бірін кісінесіп иіс және дауысы арқылы таниды. Қазақтың «жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше» дейтін сөзі осы мақсатты көздеп айтылса керек.

Жылқыны қыс айларында отарлатады. Отарлатудың пайдасы: күзде қоң жинаған түліктің қоңын көктемге дейін арық­татпай жеткізу және биелерді аман-есен құлындату болып табылады. Жылқы малын бағудың ерекшелігі: ол басқа малдар сияқты емес, айдап жүріп бағуға ыңғайлы. Жылқы малын қыс бойы қар аз түскен немесе тебіндеп жайылуға мүмкіндігі бар өлкелерге айдап апарып отарлатады. Жылқыны отарға қазан айының соңына таман шығарып, көктемде биелер құлындағаннан кейін қайтарады.

Кәнігі жылқышылар үйірдің қоңын (күйін) ерекше бақылайды. Қоңы біркелкі семірген үйір сыртынан қарағанда, қозғалысы азайып, баяу үйездеп, көсіле жусап, екі-екіден қасынысып, анда-санда жер иіскеп, бас шұлғысып тұрады.

3-зертеу практикасы

Отарға ықтасын және қырат-қырқалы төбе-төбешіктері бар, табиғаты жылы райлы, жұмсақ және жазда мал жайылмаған, шөбі мол һәм шүйгін өлке таңдалады. Қыс айларында жылқы түлігінің жайылымы: бетеге, түйе­құлақ, қарақұйрық, қазтабан, сары изен, күзеген, қияқ, бунақ жусан, селеу, қан­дауыр, қылтан, бозаң, ботажусан, тарлау, теріскен, буылдырық, бұйырғын, жуа, тағы басқа шөптерге бай болуы қажет.

Күз және көктем мезгілдеріне қарағанда, жылқы қыста көп жайылады. Бір тәуліктің 20-22 сағатында жайылып, 2-3 сағат демалып ұйықтайды. Тәжірибелі жылқышылар қыста жылқы жайылымының шөбін тақырлатпай, көктемге дейін бөліп-бөліп жайып жеткізеді. Өйткені қыста бір желінген шөп қайта көктемейтіндіктен шөп аз шыққан жылдары жылқышылар түлі­гінің ашығып қалмауын қатты қадағалайды. Ол үшін жайылымды жоспарлы түрде ай-апталарға бөліп пайдаланады.

Қыс айларында жылқы су ішетін даладағы бастау-бұлақтар қатып қалатындықтан жылқышылар түлігін қарлатып жаяды. Қыста шұбар қарлы жер жылқы отарына қолайлы. Тәжірибелі жылқышылар отарды алысқа айдап қинамайды. Қыста кенет терлеген жылқы ауырып қалуы мүмкін және қатты жүріс үйірдің табанын тоздырады. Үйірді бір күнде 10-15 шақырымнан артық жүргізбеген дұрыс.

Жылқы жаңа жайылымға барғанда шөптің сонысын қуалап жайылатындықтан, оны иіріп ұстауға болмайды. Жайылым жақсы болғанда жылқылардың жаясы домаланып, жалы желбіреп, сергек қозғалады. Тай-құнандар шапқылап ойнаса, бұл да жайылымның жақсы болуының әсері.

Аязды күндері тоңбас үшін жылқы ішкі жылуын бойында жақсы сақтайды. Қарды көп жеген жылқының ішкі жылу сақтау әсері босаңсиды. Қыс бойы қарлата берудің де кемшін тұстары бар. Құнарлы шөпке жайылған жылқы іш майын жақсы сақтайды да, кездейсоқ болатын үскірік боранды күндері ығып кетпей байырқалайды. Қысқы жайылымда жоғарыдағы талаптар сақталмаса, жылқы тез ариды және ішкі қуатын жоғалтады.

4-зертеу практикасы

Жылқы суару

Жылқының дене құрылысының 63 пайызы сұйық заттан тұрады. Ағзадағы  зат алмасу процесі су арқылы іске асады. Күнделікті тұтынған суының 5-7 пайызын сыртқа шығарып отырады. Егер жылқы судан тарыққан жағдайда салмағының 10 пайызын жедел жоғалтады.

Жылқы судан тарыққан жағдайда:

– Жайылымда күнделікті қоректенетін шөп қорының 10-15 пайызын кем жейді.

– Ас қорыту ағзаларының қызметі нашарлайды.

– Жайылым кезіндегі қозғалысы мен қуаты 20 пайызға құлдырайды.

– Ауруға ұшырау ықтималдығы 15-25 пайызға артады.

– Суыққа төтеп беру мүмкіндігі төмендейді.

– Майынан тез арылады.

-Биелердің іш тастауы 25-30 пайыздық үлеске ие болады.

Күнделікті суарылып отырған жағ­дай­да:

– Күнделікті қоректенетін шөп қоры 30 пайызға дейін артады.

– Ас қорыту ағзаларының қызметі қалыпты болады.

– Жас жылқылардың өсу процесі 5 пайызға жеделдейді.

– Суыққа төзімді болады.

– Тәулігіне 178-430 грамм ет қосады.

– Бие іш тастамайды.

– Артық шығын (өлім-жітім) болмайды.

Жаз айларында жылқыны таза ағынды өзен-бұлақ суымен суарған абзал. Лай судың зияны көп. Сол сияқты тым ащы сумен суаруға болмайды. Егер судың құрамында кобальт, фтор секілді химиялық элементтер көп болса, жылқының жетілуіне кедергі келтіреді және тісі кетіледі.

Жылқы тәулігіне 25-30 литр су ішеді. Жаздың жаңбырлы күндері 15-20 литр су қажетсінеді. Тай-құлындар сақа жылқыға қарағанда суды 50 пайыз аз тұтынады. Тәжірибелі жылқышылар ыстық күндері желіде байланған жас құлынның арқасына күніне 2 дүркін су себеді. Бұл құлынды күннің өткір сәулесіне ұрынудан сақтайды.

Қысты күндері даланың табиғи сулары мұзға айналатындықтан жылқыны көп жағдайда құдық суымен суарады. Сондай-ақ жылқыны қарлатып суару деген бар. Яғни жылқы қар жеп шөлін басады. Бірақ бұл әрекет жылқының шөлін толық қандырмайды. Сол себепті қарлаған жылқыны аптасына бір дүркін қыста қатпайтын қарасу-бұлақ басына апарған тиімді.

Жылқы жаздың ыстық күндері 6-8 минутта, салқын күндері 3-4 минутта, жауынды күндері 2-3 минутта, көктем айларында 3-6 минутта, қыста 2-3 минутта суға қанып үлгереді. Жылқы түлігі басқа малдар сияқты суды бөліп-бөліп ішпейді, бір дүркін бас алмай сіміреді.

Жылқы су ішіп жатқанда ебедейсіз қылық көрсетіп үркітуге, оқыс дауыс көтеріп айғайлауға болмайды. Тек жайлап жеңіл ысқырып тұрған жөн.

5-зертеу практикасы

Жылқы семіруі 

Жайылым жағып семірген жылқы үйірін көбір жүнінің өзгерісінен тануға болады. Қара етінің шелі майланып семірген жылқының жүні жұқарады. Қазақ жылқышылары түліктің семіруін үш кезеңге бөліп қараған:

Бірінші кезең. Су семіздік немесе ескі жүнінің түсуі. Мұндай жағдайда жылқы толық семірмейді. Бірақ арқа-жаясы, сауыры, сүбенің етегі толысады. Қабырға сүйектерінің сыртқы тері жолағы кетпей, көзі былшықтанып, жалы жығылып тұрады. Күш-қуаты әлі де толыспағандықтан ықтасын беткейлерді қуалап жайылады. Үйірді қуалап айдағанда жүрісі дүбірлеп дүркіремей, тапырақтап шығады. Қара етіне май жүгірмеген жылқының аяқ тастасы әлсіз, өлімсіреу келеді. Су семіздік кезінде жылқы қою, тығыз, жасыл тезек тастайды.

Екінші кезең. Ет семіздік немесе жал майлануы. Жалы майланған жылқының көбір жүні толық түлеп түседі. Жылқы сергектеніп, үркектеп, сауыры жайпақтана жайылады. Түр сипаты жылтырап, қыстағы жығылған жалы майланып, көзге білініп тұрады. Қабырға жолағы жоғалып, сан еті толысады.

Үшінші кезең. Май семіздік немесе жауырын тұтасуы. Май семіздік кезінде жылқының қабырғасы бітеуленіп, қазысы толып, арқа-сауырына жыра салады. Қалғымалы күйге түсіп, үйездеп қасынысады. Толық семірген жылқыны жауырын астында қабырғаларының қарнына қарай ойыстануынан аңғаруға болады. Жалы бүтіндей толысып, жүргенде екі жағына ырғатыла құлайды.

6-зертеу практикасы

Жылқы күзеу

Жылқыны күземесе ұсқыны кетеді және жайылу, су ішу, құлындау барысында қиындық тудырады. Жылқы күзеудің жас ерекшелігіне қатысты дәстүрлі тәртібі бар. Қалыптасқан дәстүр бойынша, құлынды биелер мен айғырлар, жаз жайлайтын бедеу биелер, мініс аттары сыпыра күзелмейді. Сәнге мінетін жылқыларды көркем күзейді. Қазақта «жылқы көркі – жал» деген тегін айтылмаған.

Тай күзеу. Тайды еркек-ұрғашысына қарамай тегіс сыпыра күзейді де, соңында уыс толар шоқтық қалдырады. Кекілін көзіне түспейтіндей етіп қысқартады. Құйрығын шонданайына дейін жалаңаштап толық күзеп, дәл ұшына шыбын қағарлық шашақ қалдырады.

Құнан күзеу. Құнанның кекілін шырпып қана теңестіре қырқады. Ал жалы тайдікі сияқты сыпыра күзеледі де, құйрығына қайшы тигізбейді.

Байтал күзеу. Кекілі мен жалын құнан сияқты күзейді. Құйрығының жоғары тұсынан «жол көрсетер» деп аталатын екі кертік қалдырып, ұшына шыбын қағар шашақ жасайды.

Қысыр күзеу. Қысыр биенің бойын түзеу үшін кекілін төгілтіп қояды. Жалын сыпыра күзейді. Құйрығын жоғарыдан үш бунап күзеп, ұшын шырпып тегістейді.

Соғым жылқысын күзеу. Соғымға арнап жіберген жылқыны күзегенде жалын тақырлап сыпырады да, құйрығын тірсектен шорт қияды.

3.2 Жылқы — малдың патшасы

Жылқы – қазақтың кәделі, бағалы қазынасы. Қазақ үшін ең құнды, қасиетті мал – жылқы. Оның пірі – Қамбар ата. Қамбар атаға Тағы бір тілек тілейін, Шын бергенін білейін. Өңкей ала шұбардан, Жал – құйрығы шұбалған, Айғырды бер байсалды, Үйірі толған байталды Өңкей мама биемен Сауған сайын иіген, Желіні сүтін тыймасын, Көнекке саусақ сыймасын. Ұзара берсін желісі, Кеңи берсін өрісі

Қоғалы көлді жайлаған,

Қоғаның басын шайнаған.

Шыңғыртып асау құлынды, Қыл арқанмен байлаған. Жылқышы ата баласы Жылқы бассын үйіңді Бұл өлеңде жылқы жасына қарай талданған

Жылқы жасы 1. Құлын – жылқы төлі 2. Жабағы – 1 жылға дейінгі төл

  1. Тай – 2 жастағы жылқы
  1. Құнан – 3 жастағы жылқы.

Байтал – 4жастағы ұрғашысы

  1. Дөнен – 4 жастағы еркегі
  1. Бесті – 5 жасар еркек жылқы. Ат – кестірілген, мініс ат
  1. Айғыр – аталық жылқы. Сәурік – жас айғыр.
  1. Бие – аналық жылқы. а) мама бие – көп құлындаған жуас бие ә) қулық – алғаш құлындаған бие

Бұрын ел қорғаған батырлар жылқы ішіндегі таңдаулыларын ерекше дәріптеп, бағалаған. Айт, ас тойларда аттың бас бәйгесіне мол дүние тігілген. Тіпті, бас бәйгеге елу бие, ақ отау, бір бас тоғыз, тоғыз түйе, жабулы қара нарға қалы кілем иеленіп, аты озған зор олжаға ие болады. Халық жылқыны жоғары бағалап, жүрісін де жіктеген.

Ахалтеке тұқымы. Әр дәуірдің әр кезеңінде, кез келген ұлттың  өз алдына сүйікті жылқы тұқымдары болған. Бірақ олардың бәрі бірдей уақыт сының көтере алмады. Көбісі жер бетінен мүлде жоғалып кетті. Алайда, Ахалтеке тұқымына өзгеше тағдыр бұйырыпты. Бұл жылқы тұқымы түркмен халқының қазынасына жатады. Тіпті, ең ежелгі жылқы тұқымдастараның санатында. Шамамен алатын болсақ, б.ғ.д. III-IY ғасырларда пайда болған.

Ахалтеке жылқылары шапшаңдық жағынан дес бермейді.  1935 жыдары түрікмен  салт аттылары Ашхабат пен Мәскеу арасындағы 4 мың 300 км-ді еңсеріп өткен. Бар-жоғы 84 күнде желіп отырып, ең қиын өткел болып саналған Қарақұмды 3 күнде басып өткен.

Жәуміт тұқымы. Түркіменстанның оңтүстік бөлігінде пайда болған, ең ежелгі тұқым. Ахалтеке тұқымына қарағанда жәуміт тұқымы қайырымды. Бастары дәу, мойындары төмен, аяқ қолы мығым келеді. Жүрісі аса жайлы. Қиындықты талғамай-ақ,  кез келген ауа райына төтеп береді.  Олар Ашхабад-Мәскеу аралығындағы жарыста 800 шақырым жерді 7 күнде тәмәмдап отырған.

Қарабайыр тұқымы. Орталық Азиядағы  ежелгі тұқым. Отаны – Өзбекстан. Әдебиет зертеушілерінің айтуынша, Өзбекстан бір кездері «даван арғымақтарымен» алыс шалғайларға танымал болған. «Қарабайыр» сөзінің мағынасы «қолда туып өскен» дегенді білдіреді.  Екіншілердің пікірінше – «жүк артылатын көлік», үшіншілер – «қарабайыр» –  «араб жылқыларының буданы» дейді.

Қарабайыр жылқыларының болмыс бітімі бөлекше. Бас бөлігі төмен, қысқа мойынды, өнегелі жылқылар қатарынан.  Арбаға жегуде таптырмас көлік ретінде саналады.

Араб тұқымы. Бұл тұқым үлкен атақтарға ие. Жаратылу табиғатының өзі мифтермен араласып жатады. Кезінде еуропалықтар бір араб жылқысының құнының өзін өте жоғары бағалаған. Жер шарының кез келген елі жылқы шаруашылығында араб жылқысын қажет қылған. Ол таза қанды ағылшын, американ, венгер жылқыларының пайда болуында біршама үлес атқарған.

Араб жылқыларын біздің елде де жоғары бағалайды. Париж көрмелерінде  араб жылқылары ең таңдаулылар қатарында есептелген.

«Таза қанды» салт атты тұқымы. Бұл тұқымның жылқылары жүйріктік тұрғысында ешкімге дес бермейді. Сол үшін де бұл тұқымның жылқылары алтыннан да қымбат келеді.

Аталған тұқым XYII ғасырда Англияда  пайда болған.  Басқа да тұқымдардың пайда болуына үлкен ықпал жасады: Германияда – тракенен, мекленбург, ганновер, Венгрияда – фуриозо, нордстрад, нониус, АҚШ-та – салт атты, Польшада – поляк, КСРО да – қостанай тұқымдары.

Салт атты тұқымның бойлары ұзын болады.  Қозғауыш күштері аса жоғары. Өте қуатты, сезімтал саналады. Кей кезде еркеліктері шектен шығады екен. КСРО- ның, Қазақстанның, Грузияның, Өзбекстанның ат зауыттарынан табылады.   Дон тұқымы. Дон өзенінің жанындағы аудан орталығында пайда болған. Бастау тарихы осы маңға XV-XVI ғасырларда казактардың қоныс аударуынан басталады.  Казак шаруалары  Россияның оңтүстік бөлігін қорғайтын болғандықтан, салт атты тұқымға зәру болатын. Соғыс алаңындағы шешуші жеңіске аттың да қатысы барын казактар жақсы білетін. Сол себепті де олар бар жігерлерімен жақсы тұқымдар шығаруға талпынды.

Дон тұқымы өте қатаң ережелерге де құлақ асады. Олар жаздың аптабында да, қыстың суығында да  төзімділік көрсете алады. Тамақтану  жағынан қолайсыздық алып келмейді.

Буденный тұқымы. Кеңестік мамандардың арқасында 1921-1948 жылы Ростов облысындағы дүниеге келді. Сол кездерде жетекшілік еткен КСРО-ның  маршалы С. М. Буденный болатын. Дон жылқысы мен салт жүрісті жылқыларымен будандасуының арқасында, бұл тұқым бірден көзге түсті. Осы еңбегі үшін Буденный бастаған ең бірінші  Атты әскерлерлер құрмет ордендерімен марапатталды.

Аталған тұқым кез келген қашықтықта жақсы көрсеткіштерге жеткен. Олар – ұзын денелі, омыраулы, сүйекті, шапшаң болып келеді. Және төзімділіктерінде шек жоқ. 1946 жылы Сальск-Ростовтан Донға дейінгі қашықтықты 18 сағат 25 минутта басып өткен.

Украинаның ұлттық тұқымы. Соғысқа дейінгі жылдар орыстың салт атты тұқымдары жақсы тасымалданған. Біраз бөлігі фашистер құртып жіберген. Сол үшін де салт атты тұқымның жаңа үлгісі жасалуға тиісті еді. Және ол ұзақ күттірмеді. Украина,  Александрвск зауыттары  осы тұқымды ойлап тапты.

Бұл жылқылардың бойлары, мығым денелері, әдемі де еркін жүрістері, түр-түстері адам қызығушылығын тудырары сөзсіз.

Қазақ тұқымы.  Жазиралы даланың бойындағы қазақ жылқылары аласа болып жайлып жүргенмен, шабыс жағынан келгенде ешкімнен кем түспейтін. Олар күніне үзіліссіз 70 шақырымды емін-еркін еңсеріп отырады.  Ашық аспан астында, кез келген температурада көнбістік көрсетеді. Әрі шөп талғау дегенді білмейді де. Бұған қоса, жергілікті тұрғындар  арасында  ұлттық ат жарыстарында табандары қызады. Қазақ жылқылары сүт өнімін көп береді.

Қазақ жылқысы бірнеше түрге бөлінеді. Соның бірі – Адай жылқысы. Адай жылқысы түрікменнің текежәуміт арғымағымен будандасқан делінеді. Ертеде түрікменнің «теке» руы «жәуміт» руына қарсы соғысқанда, өздеріне болысқаны үшін текелер адайларға бір сұлу қыз бен жүйрік ат берсе керек. «Қыз жақсысы мен ат жақсысы теке түрікменде» деген сөз сонан қалса керек-ті.

Қорытынды

Қазақ халқы үшін төрт түліктің осалы жоқ. Дегенмен жылқының адам үшін атқаратын қызметі өте жоғары бағаланатын. Мереке-қуанышта,қайғы-қасіретте,басқа түскен не ауыр күндерде бұл түлік адамның жан серігі,айырылмас досы болған.

Менің атам жылқышы болған. Мен де жылқыны жақсы көремін. Жылқы жайлы көп білгім келеді. Осы уақытқа дейін білгендерімді айтар болсам:

Жылқы төрт-түліктің бірі. Жылқы иесі Қамбар ата. Қазақ халқында жылқыны құрметтеп, қасиеттеп жоғары бағалаған. Жылқы туралы аңыз әңгімелер, шығармалар, өлең-жырлар, ертегілер өте көп. Жылқы баласы сүйкімді, әрі жүйрік болып келеді. Жылқы жасына қарай: құлын, тай, құнан, дөнен, айғар деп аталады. Жылқы сымбатты жануар.

Мойнынан түскен жалыны жібектей сусылдайды. Сирақтары ұзын, көздері ботадай әдемі. Жылқының дене бітімі көздің жауын алады. Бұрынғы кезде батырлардың жылқыларының аты болған. Қобыланды батырдың Тайбұрылы, Алпамыс батырдың Шұбар деген аты болған. Бұл аттар жәй аттар емес, жүйрік, сұлу, әрі батырдың ең жақын досы бола білген. Жылқы қасиетті жануар. Жылқы қымызы бізге пайдалы. Ол қырық ауруға ем. Жылқы еті өте тәтті. Сондай-ақ жылқылар бізді қауіптерден қорғайды. Бұрындары ата-бабамыз жылан жоламасын деп қастарына жылқы байлап жатқан. Сонымен бірге ат үстінде көп жүрген адам буын ауруына шалдықпайды екен.

You May Also Like

Періштенің көйлегі – иткөйлек, ғылыми жоба

«Періштенің көйлегі» атты ғылыми зерттеу жұмысына  Пікір -иткөйлек туралы мол мәліметтер,тың ақпараттар…

Әке – тірегің, ана – жүрегің, сабақ жоспары

Пәні: Қазақ тілі                  …

Кітап оқу мен жылдам оқудың құпиясы, ғылыми жоба

Кітап оқу мен жылдам оқудың құпиясы. Мазмұны І. Жетекшінің пікірі         ІІ.…

Ұлы Даланың ауызша тарихы және Мәңгілік Ел идеясы: тарихи сабақтастық, ғылыми жоба

Тақырыбы: «Ұлы Даланың ауызша тарихы және Мәңгілік Ел идеясы: тарихи сабақтастық» Секциясы:…