Мазмұны

  1. Кіріспе …………………………………………………………………………………………3-4 бет

ІІ. Негізгі бөлім………………………………………………………………………………..5-10 бет

2.1.Торғайдың текті ұлы……………………………………………………………………5-8 бет

2.2. Сал. Сері. Азамат. ………………………………………………………………………9-13 бет

ІІІ. Қорытынды………………………………………………………………………………….14 бет

  1. Қосымша

Кіріспе:

Жұмыстың мақсаты мен міндеттері:

Менің бұл жұмысымның мақсаты мен міндеті сазгер, белгілі өнерпаз     атам Жұмағали Сүлейменұлы Өмірбековтың  өмірі мен шығармашылығын зерттеу. Атамның еңбектерін жан-жақты ізденіп, өскелең ұрпаққа насихаттау.

Жұмыстың өзектілігі:

Тұтас Қостанай -Торғай қадірлісі, дуалы ауыз ел ағасы, өресі биік өнерпазы, тірі тарихы Жұмағали Сүлейменұлының шығармашылығы мен өмірі ұрпақтан ұрпаққа насихатталып, өз жалғасын табуы тиіс.

Қойылған мақсаттың орындалуы

Жаны жайсаң, көңілі дархан,Торғайдың текті ұлы  шығармашылығын жастарға жеткізу.

Өмір бір орында тұрмайды. Үнемі алға жылжиды. Бір толқынның орнын келесі толқын басады. Ұрпақтар сабақтастығы үзілмейді. Осыдан 30-40 жыл бұрынға дейін Торғай елінің тарихын, өнерін қазақтың ақиық ақыны Нұрқан Ахметбеков пен бір өзі бір театр атанған Ахметхан Әбіқаев, Құрманғазы атындағы консерваторияның торғайлық тұңғыш түлектері Төкен Елтебаев пен Болат Хамзин жалғап, ән-жырларымен алға оздырса, олардан кейінгі  сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаз Жұмағали Өмірбеков  ілгері дамытты. [4]

Базалық білім педагог әнші, сазгер-композитор, күйші, Өзбекәлі Жәнібековтен сабақ алған өнер жанашыры, жастар тәлімгері, комсомол мектебінде шыңдалған, іскер ұйымдастырушы, кемеңгер басшы, жақсы спортшы, алқалы топта сөз бастаған шешен, шежіреші, ақынжанды Жұмағали атамыз өте көңілді,  мейлінше кішіпейіл, ақжарқын, достыққа адал, елжанды, елге танымал тұлға. Жасы 75 –ке келсе де өзінен үлкендерге арнап,  «Аман, бол, ағаларым!» және «Неткен сүйікті ең…» әндерін тарту етіп жүрген кең сері. [5]

Ж.Өмірбеков облыстық мәдениет басқармасының бастығы болып тағайындалып, Торғай облысының өнері мен мәдениетін дамутыға зор үлесін қосты.

Баяғыда Ыбырай Алтынсарин ішкі Ресей жаққа бір құдалық рәсімге барғанда, жанына Наушабайдың Нұржанын ғана ертіп алыпты. Құдалар жағының ақсақалы: «Уа, Ыбырай, ел билеген Балғожа бидің немересі дегенатағың бар, өзіңнің де беделдің атан түйеге жүк болғандай.Жаңына он шақты жігіт ертіп келсең, біз салмағын көтере алмайдыдеп ойладың ба?» деген наз білдіреді.Ыбырай: «Асықпаңдар, құдалар, өзі әнші,өзі сері, әрі нақылшы, термеші, толғаушы, ескі назымдар мен ғақлияны жатқа айтатын балуан Нұржанның өнері он жігітке татиды» деген екен. Сол сияқты Жұмағали атамыздың бойына да талай өнер ұя салғанын жұрт біледі.[5]

Ж. Өмірбектің туған еліне адалдығы мен адамгершілік парасаты туралы әңгіме бір төбе. Оны атамыздың табанынан ес білгелі туған топырақтан таймағаны дәлелдейді. Қарағандыда оқыды, елге оралды, талай ел мен жерді аралады, ата- мекеніне асығатын, Қостанай мен Алматы, Астана шақырды, бармады. Атамыздан қалған мынадай өткір сөз бар: 90- жылдардың соңындағы қиын кезеңде үлкен шаһарда тұратын бір досы күйзелген қаланы көріп, «Жүке, Арқалығыңыз ит байласа, тұрғысыз күйге түсіпті ғой, Астанаға көшіп алыңыз» деген кеңес беріп жатса, Жүкең: «Бұл қаладан иттердің бәрі қашып, адамдар тұрып жатқан жоқпыз ба?» деген екен.Жұмағали ата  Арқалықтың, ата- жұрты Батпаққараның болашағына сенді, басқаларды да сендіре білді!

Жұмағали атаның тікелей ықпалымен күйші- композитор Айтбай Мұздаханов, әнші- композитор Қалибек Деріпсалдиндерге Қазақ КСР- інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атағы, әнші- композитор, Шертер ансамбілінің жетекшісі Ғалымжан Құрмановқа және күміс көмей әнші Ғазиза Жұмекеноваға- Қазақ КСР- інің еңбек сіңірген артисі атақтары берілді. Сол сияқты белгілі айтыскер ақын Қонысбай Әбілге- Қазақстан Республикасының халық ақыны атағының берілуі жолында да Жұмағали ата аянып қалмады. Ол 1988 жылы жабылып қалған Торғай облысының 1990 жылы екінші рет ашылуына да үлесін қосты. [5]

2.1.Торғайдың текті ұлы

Тарих  тұнған бойы сыршыл адам,

Халқының қамын ойлап тыншымаған

Жаныңды жақсы ісімен жадыратар

Осындай жақсы ағалар жүрсін  аман.

Тарихын  Торғайының  жиі  ақтарып,

Көңілден күмбірлетіп  күй  ақтарып

Халқының  көзайымы  жүрсін аман

Күлімдеп  сөнбес сәуле  сияқтанып!

Қазақстан  Республикасының  мәдениет  қайраткері, «Мәдени мұра» жөнінде  Қазақстан  Сәулетшілер  Академиясының  академигі, Арқалық  қаласының  құрметті азаматы, сазгер  Жұмағали  Сүлейменұлы  Өмірбек – сонау  сұрапыл  соғыс сүреңін қашырған 1942 жылдың  1 ақпанында  аядай ғана ауылға  азғантай да болса  қуаныш сыйлап, қос басқарманың отбасында дүние есігін ашқан екен.  Жұмағали ата/Сүлейменұлы Амангелді ауданы « Жаңатұрмыс» колхозының « Ғалым түбегі» деген жерде дүниеге келген.  Турасын  айтқанда, 1 май ауылдық кеңесіне  қарасты  Байғабыл  ауылының төл тумасы.  [3]

Әкесі Сүлеймен еңбек жолын 1930 жылы 1-май ауылдық советінде хатшылықтан бастап, «Чапаев», «Жаңатұрмыс» « Сталин» және  ірілендірілген « Андреев » колхоздарында  төрағалық  жасап, 1960 жылы « Дәмді» кеңшарында директордың орынбасары, 1961 жылдан « Амантоғай» кеңшарының « Шақпақ» бөлімше меңгерушісі қызметін атқарды.   [3]

Ал  анасы  Зейнелғарап еңбек жолын сол 1-май ауылдық кеңесінде  кітапханашы, « Қызыл Отау» меңгерушісі, сатушылықтан бастап 1949 жылы 37 жасынан « Андреев», « Каганович» колхоздарының төрағасы міндетін атқарды.

Ең қызығы 1951-54 жылдар  аралығында ерлі-зайыпты Өмірбековтер  қатар жатқан « Ақсуат», « Андреев» колхоздарында төраға болып қатар басқарды.

Ол кезде Жұмағали Өмірбеков 9-10 жастағы бала екен. Мектеп табалдырығын 1949 жылы « Жаңатұрмыста» аттаған  Жұмағали Өмірбеков екі тоқсаннан кейін оқуын « Амантоғай» колхозында жалғастырып,1959 жылы « Қайғыдағы» Мереке  орта мектебін үздік бітіреді. Сол оқушы кезінің  өзінде домбыра, сырнай тартуға қабілетті зор, «басқарманың  баласы» сүйкімділігімен көпшіліктің көзайымына айналған еді. Жұмағали Сүлейменұлы жасынан пысық, құймақұлақ болып өсті. Бір айтылған әңгімені сол қалпында баяндап беретін қасиетіне өзгелер түгіл, әке- шешесі де таңғалатын. [3]

– Бұл бала түбі тарихшы болатын шығар, – Құлахмет сияқты көпті көрген аталары. Жұмағали атаның тағы бір қасиеті- титтейінен өнерге әуес болды. Домбыра тартып,  ән салды. Мұнысын көрген Нұрхан мен Ахметжан жырау: – Сүлеймен шырақ, сенің мына балаң түбі жақсы өнер иесі болуға тиіс. Бетінен қақпай өсір! – деді. Жалпы, Жүкеңнің өнерлі болуы заңды. Өнер- анасы Зейнелғараптың сүтімен келген. Зейнелғарап анамыздың шешесі – Қаршыға, інісі Жасимбек  деген кісілер әнші, домбырашы болған. Жұмағали Сүлейменұлы домбыра тартуды туған нағашысы Жасимбектен үйренген. Табиғатынан халық музыкасынан нәр алған, өнерпаз болып жаралған Ж. Өмірбек бірнеше музыкалық аспаптарда шебер ойнайды.  [ 5]

1959 жылы Қарағанды мемлекеттік педагогикалық институтының  физика-математика факультетіне түсіп, оны 1965 жылы бітіріп шығады. Жұмағали Сүлейменұлы институтта оқып жүргенде-ақ Қарағанды қаласында өткен- аймақтық домбырашылар байқауының бірнеше мәрте жеңімпазы болған екен. 1965-1968 жылдарда  Амантоғай сегізжылдық мектебінде мұғалім болып жүргенде балаларды спорт пен  өнерге баулып, аудандық оқушылар спартакиадасы мен көркемөнерпаздар байқауында оның шәкірттері талай мәрте жүлделі орындарға ие болған. [3]

Жастық шақтың арыны басылмаған сол үш жыл ұстаздық өмірін Жұмағали Өмірбеков өзіндік орны бар ең бақытты сәттерге балайды.

Қолында аса бір аса билік-жарғысы болмаса да, өрелі өнерімен, кісілігімен, кішілігімен, туған топырақтың киесіндей, елдің иесіндей бір азаматтар болады бұл өмірде. Ұлы Жаратушы жан дүниесіне он сан өнер сыйлаған сондай азаматтардың бірі- біздің   Жұмағали Сүлейменұлы. [3]

Жұмағали  Өмірбеков 1968 жылы аудандық комсомал комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Бұл  Республика жастар ұйымы өмірінде тың бастамалардың  бой көтеріп жатқан кезі болатын. Семей облысы Шұбартау ауданы жастарының « Қой шаруашылығы-жастардың төл ісі» атты бастамасы жер-жерлерде қызу қолдау тауып, мектеп түлектері сынып партасынан бірден өндіріске лек-легімен аттанып жатқан кезі еді. Жұмағали Сүлейменұлы жастар ісі мен жастар саясатын ұйымдастыру майданының көшбасшына айналды.

Ұйымдастырушылық  қабілетімен аз уақытта назарға ілінген қоғам белсендісі 1973 жылдың шілдесінен бастап аудандық атқару комитетінің  төрағасының  орынбасары  болып сайланып, аудан мәдениеті мен  өнерінің  өркендеуіне  барынша зор үлесін қосты. Оның  жан- жақты талант қырын ашып, есімін жалпақ елге танытқан тұсы да осы кез болды. [3]

1976 жылдан бастап Торғай облысының орталығы Арқалық қаласына қызмет аустырды. Ол әуелі Торғай облыстық кітап  саудасының директоры, одан соң 1981 жылы облыстық мәдени-ағарту және халық шығармашылығы ғылыми-әдістемелік орталығының директоры, 1984 жылы Арқалық қалалық мәдениет бөлімінің бастығы,1987 жылдан  Серке Қожамқұлов атындағы облыстық сазды-драмалық  театрының  директоры болып  қызмет атқарды.  Атаулы театр Жезқазған қаласына  ауысқаннан кейін  1990 жылдан бастап облыстық мәдениет басқармасының  төрағасы, 1993 жылдан облыстық әкімшілікте бөлім меңгерушісі,1995 жылы  облыстық кинобейне басқармасының  басшылығына жіберілді.  1997 жылы Арқалық  қаласындағы облыстық « Дала өлкесі» тарихи мұражайының директоры болып тағайындалды. Қалай дегенде де, аталған қызметтер өнер саласы мен халық шығармашылығына  байланысты болғандықтан Жұмағали Өмірбековтің оң жамбасына келіп тұрғаны айдан анық. Қызметіне  қарай  өнер мен мәдениет саласындағы облыстағы танымал азаматтармен достық байланыс аясы да кеңейе түсті.  Сатирик  жазушы  Сейіт  Кенжеахметовпен, журналистика саласының майталманы  Сабыржан Шүкіровпен, өнер өлкесінің серілері-

Болат Хамзинмен, Төкен  Елтебаевпен, Ділдабек Қорғанбековпен, Кәки Ақанмен, партия және  совет қызметкерлері- Нұрхан Ислямиев, Жақсылық  Ғайсин сынды ел  ағаларымен қоян-қолтық  араласып, қала мәдениеті мен өнерін өркендету жолында  иық тірестіре қызмет атқарды.

Баланың жақсы болуы ата-ананың қуанышы.Жұмағали атаның балалары да әке тәрбиесі мен тәліміне сай өнерпаз болып өсті. Гүлайымы- білімді де білікті ұстаз, музыка маманы. Бүгінгі күні Назипа Құлжанова атындағы педогогикалық колледжінің музыка бөлімінде және Б.Байқадамов атындағы музыка мектебінде саз өнерінен сабақ береді, пианинода шебер ойнайды. Жәнібегі- қалалық,облыстық халықаралық домбырашылар байқауының бірнеше дүркін жеңімпазы. [3]

2.2. Сал. Сері. Азамат

Жұмағали Сүлейменұлы Өмірбек кешегі жетпісінші жылдары Торғай облысының   дүрілдеп  тұрған шағында  партиялық  жолдамамен келген  атпал азаматтармен  қатар  жүріп, аз да болса елдің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан  күндерін  сағынышпен  еске  алады. Өзіне  таңылған «Өзекеңнің шәкірті» деген абыройлы атақты барлық марапаттан биік  қоятыны да содан болар.

Үлгі  алып Сақан, Жақан, Еркіндерден

Жыкпауға Торғай туын сертін берген

Бір  жүріп бір майданда Бірбаевпен

Жастарға жаңаша рух, серпін берген

Торғайда өнер көшін бастап көптен,

Елінің мәртебесін асқақты еткен

Ән-жырдың көк байрағы түсірген жоқ,

Өзіне Өзбекәлі тастап кеткен, – дейтініміз де содан болар.

«Мен Жұмағалимен бала күнімнен бірге өстім. Ол менен бар болғаны екі жас қана кіші. Ол бала кезінен ән мен күйге өлердей ғашық болатын. Өнерге деген осы махаббаты оны қазақ өнері мен мәдениетінің ірі тұлғаларының біріне айналадырды. Сол махаббат Жүкең комсомол, партия,кеңес саласында басшылық қызметте болғанында толастамады. Жұмағалидің әндері қазақ музыка өнеріне қосылған табыстар десек қателеспейміз. «Азамат керек өзіндей» деген әні Өзбекәлі Жәнібековке қойылған тамаша ескерткіш деп білемін. Жұмағали- үлкен дарын.- дейді жазушы Сәбит Досанов»  [4]

Қашанда қонақжай киелі  Торғай жеріне елдің елеулі атақтыларының  да ат басын бұрмай кеткені жоқ. Торғайдың  төл  тумалары- Сырбай Мәуленов,

Ғафу Қайырбеков, Сәбит Досанов, Серік Тұрғынбековтерді былай қойғанда, Шәмші Қалдыаяқов, Мұхтар Шаханов, Нұрғиса Тілендиев, Әсет Бейсеуов, Роза Бағланова  сияқты өнердің  дара  дарбоздары дархан даланың ауасын жұтып, бұл кісінің дастарханынан дәм татқанын жұртшылық жақсы біледі.  1971 жылы  қазақтың маңдай алды композиторы  Шәмші Қалдаяқов пен Мұхтар Шаханов Торғай  жеріне тұңғыш рет келгенде  осы Жұмағалидың  дастарханынан  дәм татып, ауданның бас көтерер азаматтары мен халқының сый-сияпатына бөленіп,қанаттанып, мерейлері өсіп қайтты. Осы жолы ақын Мұхтар Шаханов Жұмағали Сүлейменұлының  үйінде отырып, оған арнап, «Дастархан» деген өлеңін шығарды. Бұл Жұмағали Сүлейменұлының бүкіл болмыс бітімін, бойдағы қабілеті мен талантын  қазақтың кең дастарханына балаған ерекше  туынды болды. Сол жылдың күзіне қарай қазіргі белгілі  композитор-әнші Ескендір Хасанғалиев та  біздің  елге алғаш рет келді. Музыкалық  аспаптың кез-келген түрінде ойнай беретін осы бір бесаспап, өнерпаз азаматпен бірге ән айтысып, күй тартысып, достасып алыпты. [4]

Жұмағали  Өмірбеков өнерпаз қауымның ұйытқысы  ғана емес,өзі де күй, ән шығаратын талант бағы басына түнеген адам. Оның «Қос толғау», «Мамыражай», «Жаймашуақ», деп аталатын күйлері мен «Ақтаңдақ жылдар» атты күрделі тағдырлар тартысына құрылған поэма- реквиелі, «Ана тілегі», «Жеңге мен қайын»  деп аталатын әндері «Той салтанаты- салауаттық» деген кітапшасы жарық көрді. [2]

Бұлардың қай- қайсысы да қоғамдық- әлеуметтік мәнге ие, ұлттық, халықтық өнердің қайнар бұлағынан суарылған туындылар. Онда терең тебіреніс, жанға жайлы лиризм шуағы, драмалық тартыс, шалқыма сазы бар.

Былай қарағанда сырт келбеті өте байсалды болып көрінетін  Жұмағали Өмірбековтің  ішкі  жан дүниесін оның шығармашылығымен  етене танысқанда ғана жақын  түсінетін  сияқтысың. [3]

Жұмағали Сүлейменұлы  ана тілдің  тазалығы мен оның болашақ тағдыры жайлы сонау жетпісінші  жылдардың  өзінде алаңдаушылық  білдіріп жүретін.

Сол кездегі өткізіп жататын бюро- мәжілістер мен әртүрлі ресми бас қосуларда қасқайып тұрып қазақша сөйлеп беретін де жалғыз осы Жүкең болатын- дейді белгілі журналист Серік Шайман.

Ғафу Қайырбеков :

  • Кісі едің адалдықты  сан ұқтырған,

Кетпейді көз алдымнан анық тұлғаң,- деген  ағалық ілтипаты- азаматқа

Берілген нақты  баға сияқты. Сазгер бірде  Жалдамадай  шалқып, бірде Торғайдай толқып, бірде Байғабыл өзеніндей сырын, мұңын  ішіне тартып тына қалатын сияқты.

Қырында самал ескен жел,

Ақбөкен өріп көшкен бел,

Жалбызды , жусан бөктерлер

Бабалар ғұмыр кешкен жер

Дәл осы көрініс оның әндерінде де көз алдыңнан өтіп жатқандай. Жерлес  ақындар Мұрат Жүнісұлының «Ауырма, жүрек ауырма!», Жұмаш  Сомжүрековтың « Сал домбыра», Әбжан Әбілтаевтың «Арқалығым, армысың!, Ғафу Қайырбековтың « Неткен сүйікті ең?!», Серік Тұрғынбековтың « Ерке өзен- Есілім», Сәби Досановтың « Толқындар» сондай-ақ Бәтима Қосылбаеваның  « Азамат керек осындай», Тұтқабай Иманбековтың  «Қызыма», Қадыр Мырзалиевтың « Қайны мен жеңге», Тоқтарбай Байбағыловтың « Немерем», Жарылғасын Мырзалиевтың « Торғайды аңсау» атты  өлеңдерінің сөзіне жазылған сазды әуендері кімді де болса бейжай қалдыра коймайды. [2]

Жұмағали  Өмірбековтің көпшілік әндері мен күйлерін оның өнердегі сүйікті  шәкірттері  Ғазиза  Жүмекенова, Қалибек Деріпсалдин, Бақытжан  Сәуекенов, Бораш  Әбеновтің орындағанын тыңдарман қауым жақсы біледі.

Кезінде  Арқалық облыстың орталығы болып тұрған кезде Жұмағали  Өмірбеков, облыстық мәдениет басқармасын басқарыпты. Сонау  1970-жылдарда құрылған Торғай театры, «Шертер»  ансамблі туралы Көкше елінде бізднр де жақсы хабардар болатынбыз. Театрдың да ансамбльдің де республикада ғана емес, шет елдерге  де шығып, қазағымыздың ұлттық  өнерінің  туын  жоғары ұстап, елге үлкен абырой- беделмен оралғандығын талай естіп, сүйсінетінбіз. Біз ол кезде  торғайлық  бауырларымыздың  мәдениет  саласындағы мұндай жетістіктерін  марқұм Өзекеңнен-Өзбекәлі Жәнібековпен  байланысты  есептейтінбіз. Шындығында сол. Бірақ сол Өзбекәлі  Жәнібековтің қасында болып, аса талапшыл, ұлтжанды  жан- оның көңілінен шыққан, көне Торғай  елінің  асыл мәдени бай мұрасын тумасында бойына мол сіңірген, сол баймұраның  тамаша насихатшысы Жұмағали  Өмірбеков бар екенін білмейтінбіз. Қазақстанның жыр сүйер қауымына балғыдан- ақ белгілі атақты ақындары. [1]

-Ғафу Қайырбековтың, Тұманбай Молдағалиевтің, Қадыр Мырзалиевтің, Есләлі Зікібаевтың сөздеріне жазылған бір- сыпыра әндерін, әсіресе алаштың арыстары Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың сонау ХХ- ғасырдың  бас кезінде «оян, ұйқыңды аш!» деп, бар қазақ жұртына жар сала жазған сөздеріне Бабалар үні күй- реквиемін оның өз орындауында тыңдай отырып, Жүмекеңнің сазгерлігі мен әншілігіне шүбә келтіріп көріңіз!

Немесе, қолына домбырасын алып, өзі шығарған «Мамыражай», «Қос толғау», «Жаймақоңыр», «Өзбекәлі толғауы» күйлерін күмбірлеткенде оның күйшілік өнеріне қалай қызықпай отыра алар едіңізІ… [2]

Жұмағали Өмірбеков 60-қа толғанда республикалық « Ана тілі»  газетінде белгілі журналист  Сабыржан  Шүкірұлының  мерейтой  иесі  туралы  толғана, ақтарыла жазған көркем очерктен  мына бір жолдарды толық келтіре кеткенді жөн көрдім:

«Аса бір билік-жарлығы болмаса да, өрелі өнерімен, кісілігімен, қоғамшылдығымен  сол  тұрған  жерінің  киесіндей, елдің  иесіндей бір азаматтар болады. Көпке  жағымды, біртоға қалпын бұзбайтын, елдік  іске белсене   кірісіп, төңірегіне  өнер  шашып  отыратын мұндай  кісілер  сол өңірдің шын мәніндегі құты, қуаныш-қызық шақырар берекесі есепті.  Ондай жандарды сырттан  келгендер  іздеп барып дидарласып, сұхбат құрып, рухани түлеп, жандүниесі бір жаңарып қалады. Іссапарда  өнер адамдарының көбіне жайдары жандарды іздейтіндері де осыдан болса керек.

Сүлеймен басқарманың  баласы Жұмағали да сондай, Тәңірі бай жан дүние, он сан өнер сыйлаған абзал азамат. Ол Торғай даласы тарихының  бір парағы да жыртқызбай,намыс туын жықтырмай келе жатқан, ел деп жүрген ерлердің бірі».

Республикаға  еңбегі сіңген мәдениет  қызметкері, Арқалық  қаласының  құрметті азаматы… Мұның бәрі  Жұмағали  Өмірбеков ресми билик орындары тарапынан берілген құрметті атақтар. Бәріне орынды, бәрі лайық.

Әрқашан өнердің өрінде, сахнаның төрінде жүретін Жұмағали  Сүлейменұлының ел алдындағы еңбектері атаусыз қалған жоқ. 1972 жылы Қазақ КСР Жоғаргы кеңесінің Құрмет грамотасымен, 2002 жылы Мәдениет  министрлігінің «Мәдениет қайраткері» құрметті белгісімен, 2006 жылы мәдени мұра жөніндегі «KAZGOR» жобалау сәулет академиясының академигі атағымен, Арқалық қаласының 10 жылдығы, 20 жылдығы мерекелік медальдарымен  марапатталған.Әлі де еңбектен  қол үзбей, мол тәжірибесін өңіріміздің  мәдениет саласының  дамуына  жұмсап келеді.

ІІІ.   Жұмағали ата бүгінде 75 жасқа  сол жайдарлы қалпында жетіп отыр. Ол –тұтас торғайдың қадірлісі. Қай ауылына барса да ел –жұрты алдына шығып қарсы алады, төрден орын береді. Азаматқа елінің құрметінен қандай марапат бар?!  Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні Жұмағали Сүлейменұлы Өмірбеков-Қостнай –Торғай аймағының дуалы ауыз, ел ағасы, өресі биік өнерпазы, тірі тарих. Оның әңгімесін тыңдап, өнерін тамашалау, кісілік қалпын көру де бір ғанибет. [5]

Осының айқын айғағы –жақында Арқалық қалалық әкімдігі Жұмағали Өмірбектің жасының 75 –ке, композиторлық жолының басталғанына 50 жыл толуына орай шығармашылық кешін өткізді. Бұл кешті Астана мен Алматыдан, Қостанай мен Ақмола облыстарынан, Түркістан қаласынан келген әдебиет пен мәдениет, өнер қайраткерлері және Торғай аймағындағы Амангелді, Жангелдин аудандары және Арқалық қаласының өнер сүйер қауымы тамашалады.  Осындай ерен еңбегі бағаланып, Қостанай мецонаттар  клубының  арнайы «Музыка өнері» номинациясы бойынша сазгер-композитор марапатталды.

Мен Жұмағали атаның атқан оқтай, шапқан аттай өте шыққан 75 жыл ғұмыры мен сағынышқа айналған сағым жылдарынан біраз ой түйдім.  [3]

Қажымас қайраткер Жұмағали Өмірбек атаның Амантоғай ауылында, Амангелді ауданында, Торғай облыстық комсомол мен партиа, кеңес ұйымдарында өңірдің мәдениет саласында істеген лауазымды қызметтерін тәптіштеп жазып, еңбек жолындағы бел –белестерінен, қадау –қадау істеріне тоқталмай отырмын. Оның бәрі жаңа бастап отырған ғылыми жұмысыма сыймайды, болашақта әлі зерттеп, түбі кітап боып жазыларына сенемін.

You May Also Like

Ең үздік ғылыми жоба «Жалпақтабандылықты анықтау және алдын алу шаралары»

Ең үздік ғылыми жоба «Жалпақтабандылықты анықтау және алдын алу шаралары» Орындаған: Кикпай…

Бөлме гүлдерінің пайдасы және емдік қасиеттері, ғылыми жоба слайд

Абай Құнанбаев, Ғылыми жоба

Ғылыми жобаның мақсаты: Абайдың тау тұлғасына үңіле отырып, оны тереңірек танып білу.…

Қойдың құйрық майының пайдасы, ғылыми жоба

Зерттеу тақырыбы: «Қойдың құйрық майының пайдасы» Аннотация Бұл ғылыми жобада, қойдың құйрық…