Тақырыбы: «Қыздың көркі-ұзын шаш»

Ғылыми жетекшісі:  Еуразия Гуманитарлық институтының «Қазақ және орыс  филология» кафедрасының меңгерушісі, филология  ғылымдарының кандидаты, доцент Н. М. Қоқышева

                                                        Мазмұны 

І.Кіріспе   —————————————————————————

1.1 Қыз тәрбиесі – Ұлт тәрбиесі———————————————— 

ІІ.Негізгі бөлім   —————————————————————— 

2.1. Шашқа жалпы сипаттама—————————————————

2.2. Ұзын шаштың тылсым қасиеттері—————————————-

2.3. Ұзын шаштың пайдасы—————————————————–

2.4. Шаштың күтімі—————————————————————

2.5.Шаштың сәндік әшекейлері———————————————–

2.6. Шашқа байланысты ырымдар——————————————–

ІІІ.Қорытынды——————————————————————

Аннотация

Ғылыми жоба адам денсаулығын және қыз баланы ұлттық құндылыққа тәрбиелеу  салаларын қамтитын зерттеу жұмысы болып табылады.

Қазіргі заманның қыздарына ата-бабаларымыздың дәстүрін жалғастыруды насихаттай отырып, ұзын шаш қазақ қыздары үшін нағыз сұлулықтың белгісі екендігін ұғындыру.

Бұрынғы кезде ата-бабаларымыз қыз баланы қорғап, періштедей аялаған. Қыз баланы кішкентайынан әдепті, инабатты етіп тәрбиелеген. Әр нәрсеге мән бере қараған ойлы халқымыз сұлудың көркі – шаш, шаштың көркі шаштеңге деп есептеген. Ұлт мәдентетінде әр бойжеткенді шашы мен бойына қарап бағалаған.

Дана халқымыз бойжеткендерін пәле-жаладан, жамандықтан аулақ ұстап, сақтандырған. Осының бәрі қыз баланың қасиетін биіктетіп, сұлулық бастауына көтерілуіне жол ашады. Ерте заманда Қыз Жібек, Баян сұлу, т.б. қазақ қыздары ерекше сұлу болған. Себебі, олар өз сұлулықтарын сақтап, қос бұрымын бұландатып жүрген. Қазақ қыздарын бала күнінен еркелетіп, бетін қақпай өсірген. Бұл қыз бала тәрбиесіне көп көңіл бөлгенін аңғартады. Сондықтан да тәрбиелі, инабатты, намысты, ибалы, арулар қазақ отбасында тәрбиеленіп шығады. Қыздарға жан-жақты сұлулық, яғни жан сұлулығымен қоса, тәнсұлулығы бірдей болған жарасады. Қыз балалардың көрікті болып өсуіне ертеде аналары ерекше көңіл бөлген. «Аттың көркі – жалы, арудың көркі – шашы» деп ұққан аналар қыздың шашын дұрыстап күтіп – өсіруді өнер санаған. Шаштарын қос бұрым немесе бестемше етіп өру бойжеткен қыздардың көркі болған.

Шүберек адам көркі болса,ұзын шаш та кез-келген қыз баланың көркі. Ертеректе қазақ қызының шашы тобыққа дейін түсіп тұратын болған. Қыз бойынан табылатын табиғи сұлулық пен тазалықтың бір белгісі – қолаң шаш десек артық айтқандық болмас. Қыз баланы ер баладан ерекшелеп тұратын да ұзын шаш болып табылады.

I Кіріспе

             Қазақ халқы «Қыз» деген сөздің өзін әдеміліктің,  инабаттылықтың, сұлулықтың белгісі деп таныған. Халқымыздың халық ауыз әдебиетінде көптеген ақындарымыз қызға көптеген керемет суреттемелер берген. Менің «Қыздың көркі – ұзын шаш» тақырыбын таңдаған себебім: ұзын шашты қыздарға қатты қызықтым. Жазда атам мен әжемнің уйіне демалысқа бардым. Әжем бос уакытында маған ертегілер айтып беретін. Бірде маған «Қарашаш» ертегісін айтып берді. Ол қыздың шашы ұзын болған және өте сұлу. Шашына қарап «Қарашаш» деп атаған екен. Қарашаш өте ақылды, ақылына көркі сай, алғыр, батыр, өжет қыз болған. Ол жаугершілік заманда өзінің ауылын ақылдылығы мен тапқырлығының арқасында жаудан қорғаған деседі. Сол ертегідегі «Қарашаш» кейіпкеріне  катты қызықтым. Мен де сол қыз сияқты шашымның ұзын, әдемі ақылды болғым келетінін айттым.

Әжем әдемі күлкісімен сәл жымиып, бөлмесіне кіріп кетті. Бөлмесінен сандықша алып шығып, ашып маған көрсете бастады. Сол  бұйымдардың ішінен бір ерекше зат менің көзіме оттай басылды. Әжемнен бұл не зат деп сұрап едім, әжем оның шолпы  және шашқа тағатын сәндік әшекей  бұйым екенін айтты. Бұрынғы уақытта әжелеріміз, аналарымыз, қыз-келіншектер шаштарын өріп осы шолпыны таққан. Әжем маған сол шолпыны сыйға тартты. Бұл шолпы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан  көне бұйым екендігін жеткізді. Әжем бұл шолпыны шашыма тағып әр уақытта мені есіңе алып жүрерсің деді. Бұл сыйлық мен үшін ерекше бағалы зат.

Ғылыми  жобамның  мақсаты:

  Ұзын шаштың қыз баласына ерекше сұлулық пен нәзіктік беретініне көз жеткізу. Осы заманғы қыздардың ұзын шашқа деген көзқарасын жақсы жаққа қарай өзгертіп, ата-бабаларымыздың қалыптастырған салт-дәстүрін жалғастыруды насихаттау.

Ғылыми  жобамның  міндеті:

  • Ұзын шаштың пайдасын білу;
  • Ұзын шаштың тылсым қасиеттерін анықтау;
  • Шаштың көне сәндік әшекейлерін білу;
  • Шашты күтудің жолдарын үйрену; 

Ғылыми  жобамның  маңыздылығы – салт-дәстүрімізді жалғастырып заманауи түрде жаңғырту;

Ғылыми жобамның  жаңалығы – адам шашының мінез құлыққа әсері насихаттау;

1.1.Қыз тәрбиесі – Ұлт тәрбиесі

      Қазақ халқы «Қыз» деген сөздің өзін әдеміліктің, инабаттылықтың, сұлулықтың белгісі деп таныған. Халқымыздың халық ауыз әдебиетінде көптеген ақындарымыз қызға көптеген керемет суреттемелер берген. Сондай-ақ, қыз баланың ұқыптылығын, шеберлігін, сүйкімділігін, жанының нәзіктігін, өнер, білімге бейім тұратынын жоғары бағалап, оның ол қасиеттерін бейнелі сөздер арқылы ерекше көрсеткен. Мысалы: «Қыздың жиған жүгіндей», «Қыздың тіккен кестесіндей», «Қыз – елдің көркі, гүл жердің көркі», «Жақсы қыз – жағадағы құндыз», «Қызы бар үйдің қызығы бар» т. б. Біз қыз баланың бойынан нені көргіміз келеді: нәзіктік пен сұлулықты, ұяңдық пен инабаттылықты, сыпайылықты, әдемілік пен ұялшақтықты, өнерлік пен іскерлікті, шеберлік пен ақ ниеттілікті, ақкөңіл қасиеттерді. Қазақ отбасының маңызды қызметтерінің бірі – тәрбие. Ата-ананың міндеті: жас ұрпаққа аға ұрпақтың әдет-ғұрпын, адамшылық, адамгершілік, инабаттылық, сыйлау қасиеттерін сіңіру. Әсіресе қазақ отбасында басқа ұлттарға қарағанда қыз бала тәрбиесі ерекше орын алады. Қазақ халқы қыз баланы ардақтап ұстаған, оның көңілін қалдырмаған, оған қарсы сөйлемеген, оны мәпелеп өсірген және де қатал ұстап, оның тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп қараған. Әсіресе, қыз баланың көрікті болып өсуіне анасы ерекше көңіл бөліп, «Аттың көркі – жалы, қыздың көркі – шашы» деп қыздың шашын күтіп өсіруді өнер санаған. Ол үшін оның шашын айранмен, қынамен жудырған. Шаштарын «қос бұрым» немесе «бестемше» етіп өру бойжеткен қыздың көркі болған. Қазақ халқының жырларында қазақ қыздарының шаштарын керемет суреттеген. «Шашының ұзындығы ізін басқан», «Шаштарын он күн тарап, бес күн өрген», «Қыпша бел, қиылған қас, қолаң шашты», «Қаз омырау кеудеге, құлап түссе қос бұрым». Шүберек адам көркі болса, ұзын шаш та кез-келген қыз баланың көркі. Ертеректе қазақ қызының шашы тобыққа дейін түсіп тұратын болған.

Қыз бойынан табылатын табиғи сұлулық пен тазалықтың бір белгісі –

қолаң шаш десек артық айтқандық болмас. Қыз баланы ер баладан ерекшелеп

тұратын да ұзын шаш болып табылады. Талай ақын-жыршылар жырларына қосқан шаштың әйел адамы үшін алатын орны зор.

Ата-аналарымыздың: «Шашты кез келген жерге тастамандар», «Шашты жаймай, жинап жүріңдер», «Өз шаштарыңды өздерің қимаңдар» деген ескерпелерін жиі естиміз. Мұнда көп сырдың бар екенін білсекте, ашығын сұрай қоймайтынбыз. Бұл сөздердің түбінде шашқа деген қадір-қасиет, бағалау сынды ұғымдардың жатқаны анық байқалады. Шаш – тек сәндік, сұлулық негізі ғана емес, ол сенімділіктің де нышаны. Сондай-ақ дінімізде әйелдерге шашты тақырлап алып тастауға, яки тым қысқа етіп алдыруға тыйым салынған. Өйткені, шаштың мүлде болмау немесе тым қысқа болуы әйел баласының табиғатына үйлеспейтін әрі кескін-келбетіне де жараспайды. Сондықтан да, қазақ халқы қыздың шашын қырқып кеспеген, керісінше, оны бойжеткеннің тобығына дейін жеткізе өсіруге айрықша мән берген. Оның үстіне, бүгінгі таңда қысқа шаш үлгісі негізінен ер адамдарға тән болғандықтан, шашты тым қысқа етіп қою әйелдердің ерлерге ұқсауына жол ашады. Ал дінімізде әйелдің ер адамға, ер адамның да әйелге ұқсағаны құп көрілмейді. Сондай-ақ әйелдің шашын себепсізден себепсіз тақырлап алып тастауы қандай да бір сау мүшесін кесіп тастанғанмен тең. Ал, дертке шалдығу, ем-дом қабылдау сияқты зәру жағдайларға келсек, оның жөні басқа. Ондай зәру жағдайда әйел кісіге дәрігердің нұсқауымен шашын қалай алдырса да болады.

Бүгінгі таңда негізінен мұсылман емес елдерде әсіресе, жастар қауымының сән қуу, яки басқа да адам ұқпайтын себептермен өздерінің табиғи келбетінен жеріп бара жатқанына куә болудамыз. Мәселе мұнымен бітсе бір сәрі ғой. «Біреудің қаңсығы бізге таңсық болып» жастарымыздың арасында мода, имидж деген желеумен соларға еліктеп, көз алдымызда неше түрлі адам айтқысыз кейіпке еніп бара жатыр.

ІІ.Негізгі бөлім 

2.1. Шашқа жалпы сипаттама

Шаш екі бөліктен тұрады: терінің сыртына өсіп шығатын шаш талынан және терінің астындағы түбірден тұрады. Шаш түбірі шаш фолликулына (қалтасына) орналасады. Фолликулар қан жүретін тамырлармен, невртермен және май бездері мен байланысады.

Әрбір тал шашқа белгілі бір өсу ұзақтығы тең, сонан кейін ол түсіп қалады. Бәрінен де бастағы шаш тез өседі, сақалдың өсуі баяу. Шаштың өсу қарқыны 50 жастан асқан соң едәуір баяулайды.

Шаштың өсуі мен түсуі үнемі болып тұрады. Өлі шаш кейде тері қабатында тұрып қалуы мүмкін, бірақ кез келген механикалық әсерден (жуу немесе тарау кезінде) тез түседі. Түскен шаштың орнына жаңадан шаш шығады. Шаштың көп түсуі ағзаның сырқатына, әсіресе инфекциялық, созылмалы ауруларға сондай-ақ май бөлудің (себорея) бұзылуына байланысты болады, сондықтан да шаш көп түскен кезде дәрігерлерге қаралған жөн. Шаш адамға көрік пен сән беріп қана қоймайды, сонымен бірге  адамды қорғайды да. Ол бір жағынан басты қатты қызып кетуден қорғаса, екінші жағынан организмдегі жылуды да мол сақтайды. Кірпіктер көзді шаң түсуден және желден сақтайды. Шашымыз бен қасымыз, кірпігіміз бізді қорғай тұрып, өздері де қорғауды, күтімді қажет етеді. Олар өте сезімтал, аздаған тітіркеністің өзіне жауап қайтара алады.

Шаштың түсі оның құрамындағы бояғыш зат – мелалин пигментінің мөлшеріне тәуелді. Қараторы адамдардың шашында пигмент көп. Қоңыр-сары шаштыларда (шатендерде) – аздау, аққұба, сары шаштыларда  (блондиндерде) – тіпті аз.

Егер шашта темірлі пигмент көп болса, онда ол жирен (рыжий) түсті болады. Бұлармен қатар шаштың түсі тұқым қуалайды. Адамның өмір бойы шашы түсіп, түлеп, орнына жаңа шаштар шығып отырады. Шаштың толық түлеп

жаңа шашпен ауысып отыруына  бір айдан үш-төрт жылға дейін уақыт қажет. Дені сау адамның шашы айына бір сантиметр өседі.

2.2. Ұзын шаштың тылсым қасиеттері

Қазақ қызының басты сұлулығы – оның ұзын бұрымында.

Біздің данагөй ата-бабаларымыз, мейірімді ақ әжелеріміз ежелден-ақ: «Шаштың киесі бар», – деп айтып кеткен. Олардың ақыл-кеңесі бойынша, шашыңның бір талын да кез келген жерге тастауыңа болмайды, оны құс ұясына салуға алып кетсе, бас ауруына тап боласың. Қазір ғалымдар бұл сөздің астарында ақиқаттың жатқанын анықтап отыр. Олардың пайымдауынша, адам шашы ғарыш энергиясын қабылдайтын антенна. Бұл ғылыми тұрғыда дәлелденген ақиқат.

Яғни, шаш өзін қоршаған ортамен хабар алмасып тұрады. Ғалымдардың сөзіне назар аударсақ, антеннаға шаштың сыртқы ғана емес, ішкі құрылысы да ұқсас.

Соңғы жылдары ғалымдар ашқан тағы бір жаңалық: Адам шашының Ян қуатына бағынатындығы. Ғарыштық сәуле әсерінен пайда болатын бұл қуат ерік-күшті, дұрыс шешім қабылдауды, тереңнен ойлауды дарытатын көрінеді. Осы орайда зерттеушілер Шәкәрім, Төле би тәрізді ұлыларымыз бен ақылман аталарымыз шаш, сақал, мұртын әдемі қоя білгендігімен олардың бойындағы көптеген ізгі қасиеттердің арасында байланыс барын айтады. Бәрі мүмкін. Себебі өмір бойы қырынбаған Бетховенге замандастарының бірі ескерту жасағанында ол: «Егер қырынсам, шығармашылық шабытым жоғалады», – деп жауап қайтарған ғой. Иә, қазіргі ғылым адам шашы мен денсаулығының арасында тығыз байланыс барын растайды. Ғалымдар шашы жоқтардың шашы қалыңдарға қарағанда аз жасайтынын баяғыда-ақ дәлелдеген. Сірә, шашы жоқтар ғарыш қуатын өз «антеннасы» (шашы) арқылы ала алмай, аз мөлшерде қабылдайтын болғандықтан, көп ғұмыр кешпейтін шығар. Ал мұны біздің ата-бабаларымыз тым ерте түсініп, білген тәрізді. Оған нақты дәлел: халқымыздың эпостық жыр-дастандарына, өлең-

жырларында қалың, қайратты адам шашы айрықша аталып, батырлық,

даналық сипат ретінде дәріптеледі. Мұнан кейін қазақты дана емес деп көріңіз…

Ғалымдар әйелдердің шашы Инь қуатына бағынады дейді. Бұл қуаттың қыз-келіншектердің бойына дарытатын қасиеттері: жұмсақтық, мейірімділік, байыптылық, кешірімділік. Олай болса, біздің аталарымыз бен әжелеріміздің қыз-келіншектерге жалаңбас жүрмеуді, Мешітке орамал тартып кіруді талап етуі тегін емес. Мешіт төбесі, оның айналасындағы кеңістік ерлер шашы бағынатын Ян қуатына тұнып тұр. Сондықтан да әйел шашы ашық болса, өзіне керағар осы қуаттарды тез қабылдап алады. Бұрындары біздің аталарымыз да өз ұл-қыздары қырқынан шығып, 3 жасқа толғанша, олардың шашын тақырлап алып отырған ғой. Әрине, мұның бір себебі шаш жақсы өссін дегендік болғанымен, басты сырының бала санасына шашы арқылы жағымсыз жағдайлар әсер етпесін дегендік екені ақиқат. Шаш туралы ғалымдардың кеңесі: Егерде адамдар үлкен қиындықтарға тап болып, ұзақ уақыт стрестік жағдайды басынан өткерсе, шашын қидырып, алдырып тастағаны жөн. Себебі шаштың «есте сақтау» қасиеті бар. Ол жүйкені, миды мазалап, көңіл-күйді, денсаулықты бұзады. Әсіресе, шаш ұштары өте сезімтал болғандықтан, стрестен соң оны кесіп тастаса, өте пайдалы. Бұл – ғалымдардың ақыл-кеңесі.

2.3. Ұзын шаштың пайдасы

Ұзын шаштың пайдасын айта кететін болсақ, ол ең алдымен біз секілді аруларымыздың көркін келтіріп сұлулығын арттырады. Психологиялық тұрғыдан алып қарасақ, ұзын шаш үлкен шыдамдылықты талап етеді. Сабырлы болуға тәрбиелейді. Шашты тарау үшін арнайы уақыт бөліп оның күтіміне ерекше назар аударылады. Ерте кездері аналарымыз қыздарының қос бұрымына ерекше көңіл бөлген. Қыздарының шашын асқан ұқыптылықпен күтіп баптаған болатын. Шашты айранмен, күріштің суымен, қымызбен яғни, нағыз табиғи таза өнімдермен жуған. Осының

арқасында аруларымыздың бұрымы тек қана ұзын болып қана қоймай, жылтырап, қайратты және қалың болып келген. Осы табиғи сусындардың арқасында шаш тез өскен. Ерте кездері қазақ халқының аруларының барлығының қос бұрымы өріліп белінен асып тұрған.Шашыңыз   ұзын  болса    оны үнемі  қырықпай жүруге болмайды. Тым  болмағанда  оқтын-оқтын  ұштарын   қырқып тұрған жөн.

Өйткені шаштың ұштарында өміріміздің  көлеңке   тұстарынан арылуға    мүмкіндік  бермейтін жағымсыз   энергия жиналады екен. Менің пайымдауымша ұзын шаштың пайдасы мыналарда. Қазақ атамыз айтпақшы:

«Қыздың көркі бұрымында». Ол барша аруларымыздың ең басты  сұлулығының құпиясы дер едім. Шашы ұзын қыз қашанда әдемі көрінеді. Алайда, қазіргі таңда аруларымыздың көбісі оның күтімінен қорыққандықтан ба немесе сән қуғандықтан ба оны қысқа қылып қиып, түрлі түске бояп тастайды. Менің ойымша ол дұрыс емес. Себебі бояудың барлығы химиялық заттар болғандықтан шаштың өңін кетіріп, тез ұштанғыш, сынғыш және бас терісіне зақым келтіріп, күйдіріп тастайды. Шаштың түскіштігін арттырады. Ұзын, жылтыр, әдемі шаш – әр қыздың арманы. Оған қол жеткізу үшін біз, қыздар көп нәрсеге келісеміз. Бірі жарнамаға сенсе, екіншісі қыздар арасында тараған түрлі айла-амалдарды қолданады. Шаш күтіміне байланысты қандай пікірлер өтірік екендігін біліп жүрген артық етпес. Шашты бояу оның жағдайын мүлдем құртады. Өзіңіз ойлап көріңізші, егер шынымен осылай болса, шашы боялған арулардың шашы баяғыдан бері түсіп қалмай ма? Қазірде сапалы қымбат бояулар табиғи негізде жасалып, шашқа тигізетін зардабы барынша кемітілген. Алайда шашы боялған қыздар шаштың ұштануы, құрғақтығы, сынғыштығымен жиірек кездеседі.

Шаштың ұзын болғаны шыдамдылық пен сабырлылықты талап етеді. Ұзын шаш ерекше күтімді қажет етеді. Сондықтан оны күтіп баптау

үшін асқан шыдамдылық қажет. Оны жуу, кептіру, тарау және де өру үшін сабырлылық қажет. Ұзын шаштың ең басты пайдасы ол бізді шыдамдылыққа тәрбиелейді.

Егер шаш ұзын болса, онда оған кез келген түрдегі шаш үлгісін жасауға болады. Қысқа шашқа қарағанда ұзын шашқа жасалған шаш үлгісі әлдеқайда әдемірек, тартымды болып келеді. Барлық салтанатты кештерде аруларымызға сенімділік беріп, сұлулығына сән қосып өзін ханшайым сезінуге мүмкіндік береді. Шашты ұзын етіп өсіріп, қос бұрымын өріп, арқадан түсіріп қою ең алдымен салт-дәстүрді сақтау, оны дәріптеу болып табылады. Ерте кезден ақ қазақ қыздарының барлығының шашы ұзын болып белінен асып тұрған.Оған көз тимес үшін арнайы әшейкейлер тағып қойған.

2.4. Ұзын шаштың күтімі

Қай кезде болмасын ұзын шаштар әрдайым сәнде. Және солай болып қала да бермек. Мәселен, қазіргі таңда қыздардың басым көпшілігі шаштарының ұзын болғанын қалайды. Алайдаолүшінқандай не істеу керек?

Шашыңыз тез өссін десеңіз, мына үш ережені ұмытпаңыз:

  • Ұшталған шашты қиып отырыңыз:
  • Шашыңызды күніне бірнеше рет тараңыз. Себебі, бұл бас терісінің қан айналымын және шаштың жылдам өсуін жеделдетеді.
  • Мүмкіндігінше шашты өсіретін маскаларды жиі қолданыңыз.

Халықтық медицинада жақсы көмектеседі. Мысалы бұрыштық тұнба бас терісінің қан  айналымын  күшейтіп,  шаштың  өсуін  тездетеді. Қышыманың жапырағы мен сабағынан қайнатылған қайнатпаны жиі қолданған дұрыс.

Пияз маскасы. 4 ас қасық үккіштен өткізілген пиязбен бір ас қасық балды араластырып, оны бас теріңізге жағып, 40 минут ұстайсыз. Берілген уақыт өткен соң басыңызды сусабынсыз жуасыз.Қыша (Горчица) маскасы. 2 ас қасық қыша мен зәйтүн майын, сондай-ақ 3 ас қасық айранды қосып

араластырамыз. Кейін бұл масканы шашыңызға жағып, 30 минутқа қалдырасыз. Содан соң жылы басыңызды сумен шайыңыз.

Қыша (Горчица) маскасының тағы да бір түрі бар. Ол үшін: 2 ас қасық қыша ұнтағы, 2 ас қасық жылы су, 1 сарыуыз, 2 үлкен қасық зәйтүн майын қосып, барлығын араластырыңыз. Бұл масканы бас теріңізге жағып, оны целлофанмен орап тастаңыз. Аталмыш процедураны 15 минуттан 1 сағатқа дейін ұстауға болады. Уақыт өткен соң жылы сумен шайыңыз.

Аптасына тек 2 рет жууға дағдыландыру.

Әр жуардың алдында айранмен маска жасау (егер арнайы маскалар жасалмаған болса). Айранды барынша шаштың түбіне жағып, 20 минуттай ұстау керек. Сосын алдымен жылы сумен шайып, содан соң сусабын пайдалану керек. Айранның маскасы қайызғақтың алдын алады және шаштың сауығып, түсін қалпына келтіріп, жылтырауына көмектеседі.

3 аптада бір рет жуа (пияз) тұнбасымен жуу. Орташа жуаны алып, ұсақтап турап, 1 литрлік банкаға су құйып тұндырасыз. Сол тұнбаға шашыңызды шайып аласыз, содан соң сусабынмен жақсылап жуу керек. Исі қалмас үшін аз ғана салқын сумен шайып алғаныңыз абзал.

Ал шаштың ұштануынан құтыла алмай жүрсеңіз, айранның сарысуынан артық көмек жоқ. Жуар алдын да шаштың ұшын сарысуға шылап, аз уақыт ұстасаңыз жеткілікті. Лимонның сығындысы да көпкөмек береді.

Шаштың болмыс-бітімде алар орны ерек. Оның әдемі көрінуі- кімде-кімнің арманы. Дегенмен, шашымызға қанша күтім жасасақ та, шаш түсуі жиі орын алып жататыны бар. Негізінен, адамның басынан күніне 50-100 тал шаштың түсіп тұруы қалыпты жағдай. Шашыныздың арасына саусақтарыңызды салғанда, қолыңызда 2 тал шаштан артық шаш қалмаса бәрі жақсы. Ал егер одан көп шашыңыз түссе, бүгін біз сіздерге шаш түсуінің алдын алып, оның түсуіне не себеп екендігін түсіндіріп көреміз.
Деніңіздің саулығы шашыңызға тікелей әсер етеді. Соның ішінде бауырдың дұрыс жұмыс істеуіне аса мән берген жөн. Оны шаш пен

тырнақтан да білуге болады. Бауыр сау болуы үшін жаңғақ, зығыр майы, майсыз балық және табиғи сүзбе жеп тұру керек. Денсаулыққа зиянды темекі шегу, ішімдік ішу сынды зиянды әдеттерді тастаңыз, себебі оның да шашқа әсері мол. Күйзеліс те де шаш түсуде өзінді орынға ие, аяқ асты салмақ тастау, операция алдындағы салынатын наркоз, эмоционалды уайымдардан соң 1-2 айдан кейін шаш түсе бастайды. Құрамында магниі бар бидай, асқабақ пістелері, ақжелкен, картоп сынды тағамдар күйзелістің  алдын  алып, шашты қайраттандырады.
Күнделікті ішіп-жейтін тағамдарда ақуыз бен темірдің көп болғаны дұрыс. Майсыз құс еті, сиыр еті, үрмебұршақ, сүзбе, көкөністер мен жеміс-жидектерді көбірек жеген дұрыс. Өйткені ағзадағы C, B5, B6, PP дәрумендері, темір, мырыш, кальций мен магний аз болса шаш түсе бастайды.
Қыс мезгілінде,аязды күндері бас киімсіз жүретінміз бар біздің немесе жылы бөлмеде (метро, кинотеатр т.б) бас киім киіп отырамыз. Сондықтан, бас киімді де орынды кию керек. Шашты тарау-шаш түсуінің алдын алу шараларының бірі. Дұрыс таңдалған тарақ бас терісіне жұмсақ массаж жасау арқылы қан айналымын дұрыстайды. Сондықтан күніне бірнеше минут (әсіресе ұйқы алдында) шашты әртүрлі бағытта тарап тұрған абзал. Шашқа шампунь мен бальзамдардың дұрыс таңдалуына үлкен мән берген дұрыс. Мамандар шаш күтіміне арналған шампуньдер мен бальзамдарда жазылған «нығайтады» деген жазу құр сөз емес екендігін айтады. Шындығында да, олардың құрамындағы түрлі қоспалар шаштың түсуін азайтып, тіпті тоқтатуға септігін тигізеді. Мысалы, женьшеннің қоспасы болса ол бастың өмірлік клеткаларына әсер ету арқылы шаштың қайратты болуына көмектеседі. Ал қалақай, түймедақ, жалбыз қоспасы болса шаштың өсуіне әсер етеді.

2.5. Шаштың сәндік әшекейлері

Шаш – әйелдерге Хауа Анамыз бен Бибі Фатима анамыздан берілген

Аллах Тағаланың ғажайып сыйы, құрметі, сәні, еншісі, сұлулығы.

Шашбау, шолпы, шаштеңге, шашқап.жемелек – әйелдің әсем табиғатына сай шаштың сәні. Ол халқымыздың ұлттық сый-сипатына тұнып тұр. Енді соларға қысқаша тоқталып кетсек:

Шашбау – қыз-келіншектердің шашына сәндік бұйым ретінде тағылып, қыздардың  шашының  әр-ажарын ашады. Оны өрілген бұрымның  ұшын бекіту үшін де тағатыны мәлім. Түркі халықтары алтын, күміс тиындар, кейде маржан қадалған, ызылған бауы бар шашбауды ежелден пайдаланып келеді. Шашбаудың жасалу, әшекейлену әдістері әртүрлі. Соған орай олар мынадай топтарға бөлінеді:

1.Үзбелі шашбау;

2.Шашақты шашбау.

Қазақтарда шашбаудың; сөлкебай шашбау, теңге шашбау, шаштеңге, үкі аяқты шашбау, шаш –түлек (лентадан жасалады),  шашабаутас (жалпақ күміске асыл тастар орнатылады) тәрізді түрлері бар. Қазақ зергерлері шашбауды негізінен күмістен қақтап соғады, ұшына теңгеден (сөлкебай) шұбыртпа тағылып, түсті масатыдан, жібектен ызылған шашақтармен әсемделеді.

Матадан жасалған шашбаудың  ұшына зер шашақ тағады, оның жоғары

жағынан бунақтап құндыз тұтып қояды. Шашбауды бұрымға қоса өриді, сосын шаштың ұшына таяу жерінен бір шалып байлайды, сөйтіп, бұрымның  ұшын бекітеді. Жасы ұлғайған әйелдің шашбауы қарапайым болады. Шашбау әйел шашының өсуіне ықпал жасайды, басқа массаж істеп, денсаулықты түзейді. Халықтың ескі наным-сенімі бойынша, шашбау шаш арасындағы жын-шайтандарды қашырады.

Шолпы – қазақ қыздары мен әйелдері бұрынғы кезде шолпы бұрымы тарқатылып кетпеу үшін таққаны белгілі. Халқымызда қалыптасқан сенім

бойынша, неше түрлі асыл тастан жасалған сылдырмақ, салпыншақтан тұратын салмағы ауырлау шолпының әсерінен шаш ұзын болып өседі.

Сондай-ақ ауыр шолпы таққан адамның басы ауырмайды деп есептелген.

Қазақтың қыз-келіншектерінің шаштарына сылдырмақты шолпы тағуына «адам жанына зиян келтіретін бәле-жалалар жоламасын» деген сенім-түсінік те өз әсерін тигізбей қоймаған.

Бойжеткен қыз баланың жүрісін,қимылын түзеу үшін қоңыраулы шолпыны бұрымына таққан.Содан қоңыраулы шолпы таққан қыз бала үй арасында жүргенде, жүгіргенде, күлгенде ол сыңғырлап дыбыс беріп,үйдегі үлкендер қалжыңын қойып, әдеп сақтаған, бойжеткен жұрт назарын өзіне аударғанына ұялып, жүгіріп, секіруін тиған.

«Шолпы» деген ұғым балықтың cудағы секіріп, ойнағанынан шыққан сияқты.

Шашқап – қазақтың ескі салтында бойжеткен қыздар мен жас келіншектер шаштарына шашқап киетін болған. Шашқапты қыз-келіншектер жүн сабау, киіз басу, ши тарту, жүк арту, үй тігу, мал сауу жұмыстарына араласқан кезде киген.

Ол шашты, бұрымды шаң-тозаңнан, күн көзінен қорғайды, сәндік бұйым ретінде  қолданылады.  Оны мақпал, шұға, барқыт, мауыты тәрізді көк, қызыл түсті маталардан бұрымның ұзындығы мен жуандығына орай пішіп, тігеді. Шашқаптың жоғарғы, төмен жағынан ою-өрнекпен безендіреді, зер, оқа моншақтарымен сәндейді, кейде оған маржан, меруерт, күміс шеттіктер тағады.

Шаштеңге – шолпының күміс,алтын теңгелерден тізбеліп жасалған түрін шаштеңге деп атайды. Шолпы мен шаштеңге шашбауға немесе бұрымның ұшына тағылады. Шаштеңге таққан қыз-келіншек мезгілсіз жүрмеуге тиіс. Өйткені, күміс сыңғыры қыз-келіншектің мезгілсіз жүргенінін хабар беріп, «айтып» қояды.

Қыз-келіншектің арқа тұсындағы шаш өріміне таққан әшекейдің

аты-әшекейлі арқалық, шүйдеге тағылған әшекейдің аты-жетерлік.

«Шекеде кәмшат бөрік, киген асыл,

Сылдырлап алтын шолпы,иықта шаш».

Жемелек-шашқа тағылатын бұйымның тағы бір түрі –  жемелек. Аталған сөзге «өрілген бұрым ұшын бекітетін жіп, лента», «шашбау, әйелдердің шашына тағатын бау» деген түсініктер берілген. Ертеде Маңғыстау қазақтары өз салттары бойынша әйелдердің шашына түйенің қара шудасын қосып өрген. Осылай өрілген шаштың атауы – жемелек (жебелек). «Жемелек» сөзін көбінесе Қызылорда, Атырау, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарының тұрғындары қолданады. Аталған сөзге тек диалект ретінде қарау теріс сияқты, байқағанымыздай, жоғарыдағы сөздердің үшеуі де өрілген бұрым тарқатылып кетпеу үшін шаштың ұшына байланатын, бекітілетін бұйым; айырмасы – шолпы, шашбауға алтын, күміс тиындар қадалатын болса, жемелек – ондай қымбат әшекейі жоқ қарапайым ғана жіп, бау. Түркімен тілінде желемек – шашқа тағылатын күміс әшекей. Өзбекстандағы қазақтардың тілінде желемек – өрілген шаштың ұшына тарқатылып кетпеу үшін жалғанатын жіптен ширатылған әшекейлі шашбау.

2.6. Шашқа байланысты ырымдар

      Жүкті әйел шашын кеспейді. Өйткені, мұндай қылықтан бақ таяды, іштегі баланың бақыты сөнеді, кемтар туылады, қол,аяғы қысқа болады деп ырымдалады.

Қазақтар ұстарамен алынған, қайшымен қиылған, түсіп қалған шашты жинап алғанымен, далаға тастамайды, жерге көмеді. Құс шашты ұясына салса, бас ауруға шалдығады, бас айналғыш болады, ұмытшақтық, жеңілтектік дертке шалдығады.

Тырнақ пен шаш бейсенбі, жұма күндері алынуға тиісті. Түнде де тырнақ пен

шашты алмайды. Себебі, адамның жаны түнде тырнаққа ілініп тұрады екен. Ал түнде шаш алу бас алумен бірдей деп жорылады.

Қазақ әйелдері өздерінің шашын жауып, басына салып жүрген арнаулы жаулығын басқаларға бермейді. Олай істесе, басындағы бағы басқаға көшеді.Қазақта балаға кекіл қояды. Шашын тегіс ұстарамен қырып тастайды да, маңдайына бір шөкім шаш қалдырады. Жиегін тегістеп қояды. Ол кекіл деп аталады. Кекіл баланы ажарландырады. Соған орай баланы еркелетеді. Аттың да маңдайындағы бір шоқ түгін кекіл деп атайды. Кекіл баланы тіл-көзден, сұқтан қорғайды, пәле-жаладан қағады.

Баланың төбе шашын ұзын өсіріп, моншақ араластырып өріп қояды. Бұл «Айдар» деп аталады. Айдарлы адам айбарлы көрінеді, оған тіл-көз тимейді деп саналады.

Емшектегі баласы бар әйел жалаңбас отырып баласын емізбейді, орамал тартады. Жалаңбас емізсе, шашының қайызғағын шайтан баласының аузына салып жібереді, бала есейгенде мәңгүрт болады, анадан безеді, басына шығып, аяқ асты етеді деп ырымдайды.

Баланың қарын шашын алған соң тастай салмай, сақтап қояды. Бала қырқынан шыққанша, жеті ай толғанша әлсіз болады. Сондықтан,бір тал шашын тастамай, сақтаукерек.

Ақ шашты әжелеріміздің айтуынша, бойжеткен кімге бұрымын кестірсе, соның тағдырын басында қайталап өткізеді. Егерде бұрымын кесе қалса, оны таза шүберекке орап, адам баласының табаны тимейтін жерге апарып көмуге тиісті. Өйткені, бұрым-бойжеткеннің ана құрсағынан өзімен бірге келе жатқан жолдасы, қарын-шашы.

Қорытынды 

Зерттеу жұмысымды қорытындай келе шаштың қыз балаға үстеме сұлулық пен нәзіктік беретініне көзім жетті.

  1. Шаш күтіміне байланысты өзімнің тәжрибеммен сыныптастарыммен бөлістім.
  2. Ұзын шаштың тылсым қасиеттері туралы біліп, өзіме көп мағлұмат алдым.
  3. Ұзын шаштың қыздар үшін пайдасының көп екенін білдім.
  4. Шашқа тағатын ұлттық әшекейлермен танысып, олардың жинағы жасалады.
  5. Халқымыздың шашқа байланысты туған ырымдарымен таныса отырып, өзімізге келешекте есте ұстайтын салт-дәстүр түрін жинадым.

Қанымыз да, жанымыз да қазақ болғандықтан қазақ қызының табиғи болмысын жоғалтпай, қазақ қызының өзіне тән қасиетімен айнымай, қос бұрымды бағалай білейік.

                                                                  ПІКІР 

Ғылыми зерттеу жұмысында қазақ халқының шашқа тағатын көне әшекей бұйымдарының түрлерімен танысып, ұзын шаштың қыздың көркі екенін  зерттеуді мақсат еткен.

Ғылыми жұмыстың бірінші бөлімінде ұзын шаштың адам көркі екенін,шаштың қасиетіне байланысты ғалымдардың тұжырымдарын және ақын-жазушылар шығармаларында берілген шаш туралы материалдарға, жалпы  шашқа тағатын көне әшекей бұйымдарының түрлеріне  шолу жасаған. Шашқа тағатын көне әшекейлердің  түрін топтап, әр әшекейдің өзіндік қасиетін сипаттап жазған.

Ұзын шаштың қыз балаға үстеме сұлулық пен нәзіктік беретінін, қазіргі заманғы қыздардың  ұзын шашқа  деген көзқарастарын кеңейтуге әсер ете білген.

Арайлымның жұмысы балаларды қызықтыратындай түсінікті жазылған.

Оқушының ғылыми жобаны орындау барысында жеткілікті мөлшерде әдебиеттер қарастырылғандығын айта кету керек. Ғылыми жұмысты оқи отырып оқушының алдына қойған мақсатына жеткенін байқауға болады. Қорғауға ұсынылады.

You May Also Like

Компьютерлік мультфильмнің жасалу жолдары, ғылыми жоба

Зімбір, ғылыми жоба

Зімбір тамырының пайдасы Мазмұны: Абстракт…………………………………………………………………………………………………….3-5 Кіріспе бөлім…………………………………………………………………………………………………6 Негізгі бөлім. 1.1 Зімбірдің шығу…

Шоқан Уәлиханов – шығыстанушы, ғылыми жоба

Жоспар  Кіріспе  І  – тарау.  Шоқан Уәлиханов және қазақ қоғамын зерттеуші. 1.1 …

Қазақ таныған қарлығаштың қасиеті, ғылыми жоба

Аннотация Зерттеу жұмысымызда Рухани жаңғыру бағдарламасының басты мақсаты –  атадан балаға ұласып…