Аннотация

Зерттеу жұмысымызда Рухани жаңғыру бағдарламасының басты мақсаты –  атадан балаға ұласып келе жатқан, күні бүгінге дейін маңызын жоймаған, қазақ халқының ең үлкен тарихи қасиеттерін жаңғырту, дәріптеу болатынын ескеріп, халқымыздің Отан сүйгіштігі, табиғатты аялап, қорғап  келгендігінің  арқасында адам өмірімен тығыз байланысты болған қарлығаш деген құстың бүгінгі күнде Арқа өңірінде азайып, ауылға мүлдем жоламай   кеткен  себебін анықтау  болатын. Ол үшін Қарлығаш  құсының қасиеттерімен  халық ауыз әдебиет үлгілері,  ғаламтор мәліметтерімен  арқылы таныстық. Бірнеше ауылдың тұрғындарымен сауалнама жүргізіп, көне көз қариялардан интервью алдық  және орнитолог мамандарымен сұхбаттастық. Қорытынды нәтижелерін жанұя, мектеп, қоғам болып жас ұрпақ бойына сіңіру жолында  жаратылыстану, сынып, экологиялық сағаттарында, «Құстар  мерекесі» іс-шараларында  қолдануға болады.

Ғылыми – жобаның өзектілігі:

Рухани жаңғыру бағдарламасының басты мақсаты –  атадан балаға ұласып келе жатқан, күні бүгінге дейін маңызын жоймаған, қазақ халқының ең үлкен тарихи қасиеттерін жаңғырту, дәріптеу.Ол Отан сүйгіштігі, табиғатты аялап, қорғап  келгендігі .Осы ұлы қасиетердің  арқасында  қазаққа  жақын  болған,  қатты қадірлеп,  жақсы көретін, бейбіт нышанына айналған, қарлығаш деген  бейбіт құс адам өмірімен тығыз байланысты болған. Оны біз  халық ауыз әдебиетінің шығармаларында жиі көреміз. Ал бүгінгі күнде Арқа өңірінде қарлығаш құсы азайып, ауылға мүлдем жоламай   кетті. Соның себебін анықтау  мақсатында  жұмысымызды бастадық.

Мақсаты:

Қазақ  халқына  жақын  болып,  қатты қадірлеген, кезінде адам өмірімен тығыз байланысты болған  қарлығаш  құсының қасиеттерімен  танысып, азайып   кету  себептерін  анықтау.

Міндеттері:

  • Қарлығаш құсының қасиеттерімен  халық ауыз әдебиет үлгілері   арқылы  танысу;
  • қазіргі таңдағы  қарлығаштардың  жағдайын  бақылау;
  • қарлығаш құсының  азайып  кету  себептерін  анықтау.

   Қолданылған әдістер:

  1. Бірнеше ауылдың тұрғындарымен сауалнама жүргізу;
  2. Көне көз қариялардан интервью алу ;
  3. Халық ауыз әдебиет үлгілерімен жұмыс жасау
  4. Ғаламтор мәліметтерімен танысу
  5. Орнитолог мамандарымен сұхбаттасу

           Жұмыстың  қорытындылары

Осы жұмыс барысында мен  қазақ  халқы  ерте заманнан Туған жерін сүйіп, табиғатын  аялап, жан-жануарларын  мәпелеп  өсіргеніне көзім жетті. Ал қарлығаштың  зиянкестерді жойғыш бірден – бір пайдалы табиғаттың адамзатқа берген сыйы деп  көрген  екен. Бірақ,  ХХІ  ғасырда  үлкен қарқынмен дамып келе жатқан  экономикамыз  жеріміздің экололгиялық  жағдайына  және   халықтың  тыныс-тіршілігіне  қатерлі  өзгерістер  әкелді. Және, қазір біз адамзаттың досы саналатын құс атаулыға қамқорлық жасап жатырмыз ба? Соның нәтижесінде қазақтың бейбіт құсы қарлығаштардың саны азайып кетті. Алайда, қарлығаш  құсын ұясы бұзылмаған отбасының нышандық таңбасына айналдыру керек деген ұсыныс айтамын.

            Нәтижелерді  практикалық қолданылу саласы:

Бұл жұмыста  адамға үнемі жақын жүретін  қарлығаштың, ауылға мүлдем жоламай кету себебін жақсы мысалдармен түсіндіріп жазылған.  Қарлығашқа ғана емес, қоршаған табиғатқа деген  қамқор қасиеттерді жанұя, мектеп, қоғам болып жас ұрпақ бойына сіңіру жолында  жаратылыстану , сынып, экологиялық сағаттарында, «Құстар  мерекесі» іс-шараларында  қолдануға болады.

Мазмұны

І. Кіріспе

ІІ. Негізгі бөлім

2.1 Қарлығаш құстарыңың түрлері, ерекшелігі

2.2  Қарлығаш киелі құс

2.3  Қарлығаш ұясының емдік қасиеті

  • Әлемді таң қалдырған “Қазақ­стан қарлығашы”

      2.5 Арқа жерінен қарлығаштар ауып кеткен

2.6   Құстарды қорғайтын дүниежүзiлiк ұйым

ІІІ.   Қорытынды

ІV.  Пайдаланылған әдебиеттер

           І. Кіріспе

           Зерттеу жұмысымызда Рухани жаңғыру бағдарламасының басты мақсаты –  атадан балаға ұласып келе жатқан, күні бүгінге дейін маңызын жоймаған, қазақ халқының ең үлкен тарихи қасиеттерін жаңғырту, дәріптеу болатынын ескеріп, халқымыздің Отан сүйгіштігі, табиғатты аялап, қорғап  келгендігінің  арқасында адам өмірімен тығыз байланысты болған қарлығаш деген құстың бүгінгі күнде Арқа өңірінде азайып, ауылға мүлдем жоламай   кеткен  себебін анықтау  болатын. Ол үшін Қарлығаш  құсының қасиеттерімен  халық ауыз әдебиет үлгілері,  ғаламтор мәліметтерімен  арқылы таныстық. Бірнеше ауылдың тұрғындарымен сауалнама жүргізіп, көне көз қариялардан интервью алдық  және орнитолог мамандарымен сұхбаттастық. Қорытынды нәтижелерін жанұя, мектеп, қоғам болып жас ұрпақ бойына сіңіру жолында  жаратылыстану, сынып, экологиялық сағаттарында, «Құстар  мерекесі» іс-шараларында  қолдануға болады.

ІІ. Негізгі бөлім

2.1 Қарлығаш құстарыңың түрлері, ерекшелігі

ҚАРЛЫҒАШ – жыл құсы. Мекендеген ортасына қарай далалық, аудандық деп аталады. Елімізде кент, сұр, құз, жар және қос рең қарлығаштары да кең тараған. Қарлығаштар өте ұшқыр. Сұр қарлығаш сағатына 170 км жылдамдықта ұшады екен. Сондай-ақ, жемін де ұшып жүріп аулап, суды да ұшып келіп қалқып іше алады. Олар насекомдармен қоректеніп, әр қайсысы күніне мыңнан аса маса жеп зор пайда келтіреді.

Ұясы- балапандарын қолайсыз жағдайдан және жауыннан қорғайтын шебер жасалынған баспана. Олар жұптарын өмір бойы сақтап, балапандарына екеуі де қамқорлық жасайды. Халқымыз қарылғашты киелі санайды. Құйрығының айыр болуына байланысты ел арасында аңыз әңгімелер бар.Қарлығаш – қазақ ұғымында пейіштің құсы. Білетіндердің айтуынша ән салатын қарлығаштың көмейі қасиетті құран сүрелерін шырқайтын көрінеді. Ауаны қақ жарып, сусылдап ұшатын сүйкімді құсты оқ та алмайды, жебе де дарымайды. Ата- әжелеріміз қарлығашты аулауға болмайды дейтін. Әлдеқалай адам қолына түскен құсты басқалары түтіп жеп қоятын көрінеді.

Қарлығаш – әнші торғайлар тұқымдас жиырма түрлі құстың бірі. Арктика мен Антарктидадан басқа аймақтарда жетпіс тоғыз түрі таралған. Қазақ жерін «қосреңді қарлығаш», «секпілтөс қарлығаш», «жар қарлығашы», «құз қарлығашы», және «кент қарлығашы» деген бес түрі мекен етеді. Өздерінің сыртқы сипатына қарап еркегі мен ұрғашысын айыра алмайсың. Егер ауылға қарлығаш ұшып келсе, ел сол жылдан ырыс-береке, бейбітшілік күтеді. Үлкендер қарлығаштың ұшу қалпына қарап ауа-райын болжайды. Өйткені, күн ашықта биіктеп ұшса, жауын-шашын боларда жер бауырлап зулайды. Ашық аспан астында айқыш-ұйқыш сымпылдап ұшқан қарлығаш өте сүйкімді. Өздері өте епті, сол ұшып жүргенде қорегін, яғни ұсақ жәндікті ауадан аулап жей береді. Өзен-көлдің, бұлақтың үстінен ұшып бара жатып-ақ су іше алады. Өте самадағай.

Көктемде Оңтүстікке алғаш болып қарлығаш пен нәуірзек ұшып келе бастайды. Ерте көктемде нәуірзек пен қарлығаштың келгенін көріп, көңіліміз көтеріліп қалды. Нәуірзекті суретке түсіріп ала алмағанымызға өкініп едік, алайда кешкісін асханадан қарлығаштың ұшып жүргенін көріп,  қатты қуандық. Егер қарлығаш көктемде үйге алғаш рет жаңбырлы күні кірсе, ол жылы жауын-шашын көп болып, егіннің бітік шығады.Қарлығаш торғай тұқымдас құс. Олар әнші торғайлар тобына жатады. Жер бетінде қарлығаштардың 79 түрі тіршілік етеді. Біздің елімізде жар, құз, қос реңді, секпілтөс және кент қарлығашы деген 5 түрі кездеседі. Ауылдың әр жағындағы тіп-тік жарқабақты жағаларда шұрқ тесік індер қараяды. «Бұлар ненің іні болды екен, ә?» — деп ойлана қаласың. Бірақ көп кешікпей, ұшқыр да епті бір құстардың әлгі індерден ұшып шығып және қайтадан кіріп жатқанын көресің. Өзен жарқабағынан тұмсық және аяқтарымен терең ін қазып алғандар, міне, солар, сол үшін де оларды ін қарлығашы деп атайды.

Бұларға ұқсас құстарды қаладан да, ауыл-селодан да кездестіруге болады. Бірақ олардың ұялары басқаша, өздерінің желім сілекейлерімен жапсырған топырақ түйірлерінен жасалған. Міне, осы құстардың барлығы да қарлығаш аталады.Қарлығаштар әр түрлі жерлерде тіршілік етеді, олар бір-бірінен түр-тұрпаты жағынан да, тіршілік ету қалпы жағынан да ерекшеленеді. Бірақ барлығының да қанаттары ұзын, жіңішке және ұш жағы сүйір болып келеді. Қала қарлығашы мен ін қарлығашының құйрығы соншалықты ойық емес, ал қыстау қарлығашының құйрығы екі айыр болады.

Қарлығаш жәндіктерді тек қана ұшып жүріп, әуеде аулайды, жерге тым сирек қонады. Себебі олар жақсы жүре алмайды және өздеріне жерден ұшып көтерілу де қиын. Тіпті суды да ұшып бара жатып тұмсығымен іліп ішеді.                

2.2  Қарлығаш киелі құс

Үйіне қарлығаш ұя салған адам оны бұзбайды. Өткен ғасырда жоңғар шапқыншылығында шаңырағына қарлығаш ұя салған үйін жықпаған Төле бидің өнегесі бүгінге жетіп, ел аузында «қарлығаш би», «қарлығаш әулие» деп құрметтеледі. Бұл туралы әр жерде көп айтылады.

Қытайдың Үрімші қаласында Зағыпар Туғанбайұлы атты қандасымыздың «Қарлығаш би» атты жыры сақталған екен. «…Бұл сөзді Көшкінші ұлы Көтібай ақынан бала кезде естіп едім», – дей келіп, «Кейіннен жазып қойдым қалам хаттап, Алды-артына сөз қостым және нақтап» дей келіп, іргесі шайқалғанымен, құстың ұясына бола шаңырағын шайқалтпаған елге деген құрметін қалмақ сардары «мұндай данасы бар елді шабуға батылы бармайтындығын» айтады. «…Бір сөзі мыңға татыр даналардың, Дос түгіл, жау басын иген бабалардың» деп жырлайды. Алыстағы Швейцарияда да қарлығаштың ұясын бұзған адам әулетімен жамандыққа ұшырайды деген сенім бар екен.

Ертеде Дағыстанның баһадүрлері1 кезекті жорықтың бірінде түнде далаға қонып, ұйықтар алдында туды жерге қадап қояды. Таңертең қараса байраққа қарлығаш ұя салып үлгеріпті. Мұны жақсылыққа жорыған батырлар туды жықпай кейіннен сол орынға Пудахар ауылын салыпты.
Қарлығаш кейбір елдің саяси жағдайға байланысты, елдік рәмізі ретінде де таңдалған. Бұл құсты еркіндіктің символы деп таныған ресейліктер 1905 жылы қазанның 17-сіндегі манифестің жариялануына және мемлекеттік думаның ұйымдастырылуына орай, ресей туының жанында қалықтай ұшқан қарлығаш бейнеленген естелік төсбелгі де шығарған.

Бүгінде біздің елімізде қалада да, ауылда да қарлығаш есімді қыз көп. Қаз қатар тізіле қалған бұла бойжеткен көрсе, «сымға қонған қарлығаштай» деп ақындар теңеу арнаған. «Ақтамақ қарлығаштар, қаракөз қарындастар, гүл болып егілдің де, жыр болып төгілдіңдер…», «Қарлығаш – әннің аты, жырымды айтам, сүйген жар, сүйіскен дос сырыңды айтам!», «Қарлығаш қанатты қасың бар…», «Қасың сенің қарлығаштың қанатындай қап қара», «Ақ қанатты қарлығашым, сен бармаған дала бар, Қанатыңа хат жазамын, қалқатайға ала бар» деп сызылтқан әндер – қарлығашқа деген ниеттің белгісі. Қарлығаш Ескендір Зұлқарнайынды құтқарған.

Ерекше жанашыр жанды «қарлығаштың қанатындай су себелеген» деп дәріптейді. Ел аузында Ескендір Зұлқарнайынды1  қарлығаш пәле-жала, қауіп қатерден сақтапты деген тәмсіл бар. Қарлығаш екі көзі соқыр боп туған балаларға арнап көкнәрдің сөлін жияды дейді. Ақ қауырсыны мен қара қауырсыны алмасқан қарлығаштың қанаты түнек пен жарықтың белгісі деседі.
Әдетте аққу құсты махаббаттың символы деп білеміз. Ал мына Чехия мемлекеті орналасқан Богемия аймағының тұрғындары да қарлығашты ерекше қасиетке ие деп санайды. Олардың пікірінше қарлығаш қалыңдықты жақсы көреді. Егер бойжеткен қызы бар үйді қарлығаш көбірек төңіректесе, көп өтпей құда келеді деп білген. Некесі жаңа қиылған жас күйеу мен келіншек қарлығаш көрсе, ел-жұрты ешқашан жұбы жазылмайды деп қуанады. Ежелден «махаббат мекені» деп саналатын Францияда жігіт қыздың көңілін баурау үшін оған қарлығаштың ұясына тоғыз күн сақтаған сақинаны сыйлау салт болған. Ал гректер қарлығашты Афродитаның құрметіне жаратылған құс деп таниды. Аңыз бойынша Исида құдайы қарлығашқа айналып күйеу Осиристің денесін іздеп шығады.

Ертеде бір жас жұбайлар болыпты. Ет турап отырған жігіті абайсызда қолын кесіп алса керек. Зайыбы шыр-пыр болып шыбын жаны шығып кетердей асты-үстіне түспей ме? Ықыласына елжіреген күйеуі «қарлығашым менің» деп, келіншегінің ақ тамағынан иіскегенде екеуінің сүйіспеншілігіне ырза болған Құдай тағала қарлығашқа айналдырыпты. Науша құстың ақ тамағындағы болар болмас қызыл ноқат содан қалған деседі.
Қарлығаш туралы аңызды айтып тауысу мүмкін емес. «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты қазақтың тұңғыш мульфильмнің шыққанына жарты ғасырға жуықтап қалды. Жастың да кәрінің де көкейіне қонған туындыға деген ықылас әлі күнге дейін ерекше. Біздің ел ғана емес, әлемнің әр түкпірінде қарлығашты айырықша жақсы көреді. Сондықтан сүйкімді құс туралы әрқилы әңгімелер көптеп айтылады. Мына бір аңызға сенсек, ежелде эстон жігітің көркем бір қалыңдығы бар екен. Екі жастың бақытын қызғанған мыстан кемпір бойжеткенді қарлығашқа айналдырып орнына өз қызын өткізіп жіберіпті-міс. Той үстінде әлгі қыз қарлығаш ұшып келіп, нағыз қалыңдық өзі екенін әнге қосып шырқырапты. Мыстан кемпірдің лақтырған дәу балтасы жұдырықтай құстың құйрығын ортасынан осып түсіп, айыр болып қалды дейді эстон аңызы. Содан бері қарлығаш адамдарды айналып-үйіріліп ұшқанымен жерге қонбайтын болыпты. 1932 жылы Эстонияның шағын ауылында үй қалапты. Дәл сол жылы сол үйге бірден 27 қарлығаш ұя салыпты. Тіпті соғыс кезінде көптеген үйлердің күлі көкке ұшқанда, осы үй аман қалған. 1962 жылдан бері қарлығашты эстондар ұлттық құс деп дәріптейді.Эрмитажда гректердің қолынан шыққан бір құмыра бар. Оның сыртында  жасамыс ер азамат пен жас жігіт және бозбала үшеуі көктемде оралған қарлығашты ерекше шаттанып, қуанышпен қарсы алған сәттері бейнеленген. Бұл құсты Алманияның ауылдарында Жаратқанның сүйікті жәндігі ретінде құрметтеп, үйді жасын мен от жалыннан қорғайды деп сенген. Ал қораға ұя салса, төл көбейеді. Осы елдің Олденбург аймағында егер қарлығаштың ұясы құлап түссе, дереу қоныс аударуға тырысады. Немесе қарлығаштар аяқасты ұясын тастап кетсе ол да жаман ырым деп саналады екен. Осы Германияда ертеде қарлығаштың келгенін мұнараға шығып бақылап отырған. Алғашқы қарлығаштың келгенін жар салып жариялаған. Қарлығаштың келгенін кейбір ел тойлайтын болған. Халықтың қарлығашқа деген ықыласының артықтығы соншалық, оларды жылы жаққа тырналар арқасына салып жеткізіп, қайтарында ләйлектер қанатының астына паналатып ұшып жетеді деген сөз бар.

 2.3  Қарлығаштың ұясының емдік қасиеті

Қытайдың дәстүрлі ұлттық шипагерлігі былай деп қарайды: қарлығаш ұясы иммунитеттік қуатты күшейтіп, адам денесінің қартаюын баяулатып, ұзақ өмір көруге пайда жеткізеді. Оның салауаттық және емдік өнімдері мынадай: ол адам денесінің кезектігін нәрлендіріп, өкпені жұмсартады, ыстықты асырып жібермейді; Өң кіргізіп сұлуландырады, теріні жұмсақ, серпінді және жылтыр күйге келтіреді; Қан айналымын жақсартады, асқазанның қорытуын, ішектің сіміруін күшейтеді. Өкпе кезектігінің әлсіздігін, жөтелді, ұры тер шығу, қан құсу сияқты науқас белгілерін емдейді; Ас қорыту қуатының әлсіздігі, ас қорыту кезектік қуатының әлсіздігінен болатын жүрек айну, лоқсуға ем болады; Қуатсыздық, тершеңдік, несеп көбею сияқты ауруларға ем болады.

Қарлығаш ұясының ерекше өнім беретін себебі мынау: қарлығаш ұясында биологиялық активтіктің басты құрамы – қарлығаш ұясы қышқылы қамтылады. Шетелдердің қазіргі медициналық зерттеулері қарлығаш ұясы қышқылының адам денесінде болуға тиісті ем-домдық элемент екенін байқап отыр.

Қарлығаш ұясы қышқылының ғылыми аты – нервтік аминоқышқылы. Ол қарлығаш ұясындағы биологиялық активтікке ие басты құрам. Атап айтқанда, ол ананың уыз сүтінде болатын, нәрестенің алғашқы өсіп-жетілуіне қажетті маңызды құрамдардың бірі. Ол жасушаның бетінде көптүрлі физиологиялық иқуаттық жұмыстарға қатынасып, адам денесінде физиологиялық, биохимиялық иқуаттар жағынан төтенше маңызды рөльдер атқарады. Ғалымдардың жуық жылдардағы зерттеулері қарлығаш ұясы қышқылының ұзақ өмір көруге көмек көрсететін ғылыми қағидасын растап отыр. Мұнан тыс, қарлығаш ұясында белсенді ақуыздар мен коллаген ақуызы мол қамтылады, сондай-ақ, ол қыртыстық жасушалардың жетілуін және адам денесіне қажетті басқа да әртүрлі микроэлементтердің сіңірілуін жеделдетеді.

Қарлығаш ұясы дене қуаты әлсіз, азықтануы нашар, созылмалы сатқақ, созылмалы безгек ауруына душар болған, қақырығы түспей, көп жөтелетін, қарттардың созылмалы кеңірдекше қабынуы, кеңірдекшенің кеңеюі, өкпенің желді ісігі, өкпе туберкулезі, қан құсу, қан түкіру және асқазан ауруы сияқтылармен ауырғандардың тұтынуына лайық келеді. Ал балалар, әлсіз, аурушаң, аурудан тұрған адамдар және жұмыс қарбаластығанан жүйкесі құрып жүргендер жөнінен айтқанда, қарлығаш ұясы әлдендіретін, ретке түсіретін таңдаулы да тамаша табиғи тағам саналады.

  • Әлемді таң қалдырған “Қазақ­стан қарлығашы”

Ғалымдар құстарды ұстап зерттейтін торды «Аран тор» деп атайды.

“Аран торға” кей күндері құс мүлде түс­пейді, кейде керісінше жүздеп, мыңдап ілігеді. 1974 жылғы 6 мамырда бір тәулікте 12 832 құс, 1977 жылғы 3 мамырда 14 428 құс сақиналанып, әлемнің орнитология­лық 1бекеттері арасында. Торға түскен құстардың арасынан бір қар­лы­ғашты сақиналап, ұшырып жібереді. Сол қарлығашты төрт күннен соң ит арқасы қияндағы Хакасиядан ұстаған орыс ор­ни­тологтары кіп-кішкентай құстың тәулігіне 800 шақырымнан астам жылдамдықпен ұшқанын есептеп, таң қалыпты. Бұған дейін оған ешкім баса назар аудармай, “Зерттеліп біткен нысан” ретінде жүрдім-бардым, ат үсті қарайды екен. Сонда ол сағатына 30 шақырымдай жерді ұшып өт­кен болғаны.Елді елең еткізген “Қазақ­стан қарлығашы” туралы кезінде бүкіл әлем басылымдары жарыса жазған.

 2.5 Арқа жерінен қарлығаштар ауып кеткен

Зейнуллин Қайрат, 50 жаста, Жаңаарқа ауданы Өркендеу ауылының (аудан басынан 70 шақырым қашықтықта)  тұрғыны:

–  Қарлығаш ерте көктемде ауылымызға келіп, үй, қора бұғаттарына ұя салып, балапан басатын. Шіркіндердің тамылжыта сайрағанын айтсайшы! Нәп-нәзік көмейден төгілген әсем әуезді тыңдаудан жалықпайсын-ау, жалықпайсын. Оның жемтігін ұшып жүріп қағып әкететін ұшқырлығына таңдана қарайтынмын, бақшаларды құрт-құмырсқадан арылтатын қасиетін айтсаңшы!

Бүгінде адамға үнемі жақын жүретін сол қарлығаш ауылға мүлдем жоламай кетті. Бауыр басқан, туып-өскен жерінен неге безінді екен, ол шіркіндер! Оны елден айырған лашын құстың екпіні ме екен? Лашын болса да мейлі еді-ау. Ол да төре құстардың бірі ғой. Өкініштісі Қытайдан ба, әлде Ауғаннан ба ауып келген шаруаға зияны шаш етектен алақанат бажылдақ құстан озбырлық көргені болып тұр ғой.

Былтыр, жоқ бұрынғы жылы болса керек біздің үйдің бұғатына қарлығаштар ұя салды. Бірнеше аптадан соң ұядан балапандардың әлсіз шиқылы естіле бастады. Ата-анасы тынбай құрт-құмырсқа тасуға кірісті.

Бір күні алақанаттардың бажылдаған, қарлығаштардың үрейлене шиқыдаған дыбыстарын есітіп, сыртқа атып шықтым. Алғашқыда еш нәрсеге түсінбей: «Неге бұлар осынша шулап кетті» деп зер сала қарасам, өз көзіме өзім сенбей сілейіп тұрып қалдым. Байқасам әлгі алақанаттар ұядағы сары ауыз шақалақ балапандарды шетінен бір-бірлеп тырбаңдата шиқылдатып алып кетіп жатыр екен. Кейбірі балапандарына арашаламақ болып зар илеген қарлығаштарды қақпайлап жолатар емес. Мен ес жинап көмекке ұмтылғанымша ұяны тып-типыл етті.

Балапандарынан айрылған қарлығаштар екі күндей сай-сүйегіңді сырқыратар жоқтау зарын төкті де, үшінші күні ізім-қайым жоқ болды. Сол сол екен, қарлығаштар  былтыр да, биыл да мүлдем жоламай кетті. «Қанатты достардан» біз осылайша көз жазып қалдық.

Уақыт өткен сайын асылдарымыздан бірте-бірте көз жазып қалып жатырмыз. Таңданарлығы сол: біз оған өкінбейміз де, өйткені мұндайға етіміз үйренген.

Оспанова Ұмсын, 73 жаста, Жаңаарқа ауданы  Айнабұлақ ауылының тұрғынымен сұбхаттағы әнгімесі:

– Біздің Жаңаарқа ауданы  Айнабұлақ ауылымыз аудан басынан 80 шақырым жерде орналасқан, тыныш жер, зуылдап жатқан  машина аз,гүрідеп жатқан паровоздар, зауыттар жоқ. Сондықтан болар біздің ауылға қарлығаштар жылда келіп отырады. Балалар мен немерелерім қорадағы ұяларды, ұшып келге қарлығаштарды, балапандарын қызықтап фотоға түсіріп жүреді.

Балала

Неге екенін қайдам, қарлығаш әйтеуір қазаққа жақын. Бейбіт құс қой, осы қарлығашты қазақтың бір нышанына, таңбасына айналдыру керек-ау деп ойлаймын.  Шынында да қарлығаш қазаққа жақын және қазақ та ерте заманнан осы бейбіт құсты қатты қадірлеп, жақсы көріп келген. Төле бидің жоңғар шапқыншылығы кезінде жау жақындап қалғанда да үйін көшірмей, шаңырағына ұя салған қарлығаштың балапандарын ұшыруын күтіп отырғандығы осыны айғақтаса керек. Оның шет жағасын өзім де көріп өстім. Бала кезімізде әке-шешеміз «есікті жаппаңдар, қарлығаш кіре алмай қалады» деп отыратын. Шыбын-шіркей, маса кіріп жат­са да қарлығаш үшін есігімізді түнде де ашып қоятынбыз. Қарлығаш ұшып келгенде бала­пандарының қуаныштан шаңқылдап шуылдағандарын естіп, құлағымызға сіңіріп өстік.

Міне, сол қарлығаш Жаңаарқаның басындағы үйлерден ауып, мүлдем жоғалып кетіпті. Неге кетті, неден жерінді, кім білсін? Есік-терезелерін қымтап, үйіне енгізбейтін адам­дардан жерінді ме?! Мүмкін қазіргі таңдағы адамдардың кұс түгілі үйіне келген  адамға қонақжайлығын танытпайтындығын сезе ме екен?! Олар адамдардың ниетіне қарай ұя салады ма, деп те ойлаймын.  Оған  жыл санап бұзылып, ластанып бара жатқан табиғат жағдайы, кәзіргі  зуылдаған машиналардың көптігі кінәлі ме ?!

Жексенбеков Дүйсенбай, 51 жаста, Жаңаарқа ауданы орталығы Атасу кенті:

-Ал, енді қарлығаш безіп, жо­ғалып кеткен Арқа өңірінде соңғы жылдарда қазақ құзғын деп онша ұната қоймайтын кәдімгі қара қарға қаптады. Ауыл ақсақалдары: «Бұрын бала кезімізде ауылда дәл қазіргідей қарға оншалықты көп болмайтын. Үлкендер «қарғаны үй маңына жуытпаңдар, ол өлім, қан тілеп тұратын жаман құс» дейтін. Содан болар қарғаны көрсек қолымызға тас алып атқылайтынбыз».
Міне, сол қан тілейтін құс жаманы қара қарға бүгінде ауылды қойып, қаланың өзінде қаптап жүр. Өткен қыста ауа райы күрт суытып, 40 градустан асқан кездер болды. Аздап тұманданғандай көкбеттенген, үп еткен желі жоқ 40 градустық осы аязда қара қарғалардың далаға шықсаң аспанда қаптап қарқ-қарқ етіп ұшып жүргенін көресің. Жын ойнақ салған құзғындар­дың бұл әрекеті шынында да жамандық шақырғандай әсер ететін. Сол суықтарда үй-күйі жоқ, жертөлелерді паналаған БОМЖ атанған бейбақтардың біразы қатып қалды, көбісі аяқ-қолдарын үсітіп, ауруханаға түсті. «…Қарлығаш кетіп, қар­ға келді, ақбөкен кет­іп, қасқыр келді»  Бұның себебі неде?!  Осының аста­рында табиғат ананың «ей, адамдар, табиғаттан аулақ­тамаңдар, оны сыйлап, құр­меттеңдер, өйткені сен­дер де сол табиғаттың төл перзентісіңдер, мұны ұмыт­саңдар табиғат  ананың нала­сына, қарғысына қалып, қиындыққа ұшырайсың­дар» деген ой жатқан жоқ па екен?!

Садвакасов Сұлтан, 59 жаста, Жаңаарқа ауданы орталығы Атасу кенті:

– Электр бағаналарының желісінде қаз-қатар тізіліп қарлығаштар қонақтайтын. Орын жетпей, бірін-бірі итеріп, шырылдап жататын. Еңбекшіл қарлығаштар таң атпай шықылықтап, масаханада ұйықтайтын біздерді шырт ұйқымыздан оятушы еді. Күні бойына шапқылап, ойын соңында жүрген бала атаулы ұйқымызды бөлген қарлығаштарға таңданамыз. Ал қазір  сол  қарлығаштарды іздейтін болдым. Бірді-екілі ұшып жүргенін көзім шалады. Баяғы тойға жиналғандай тізілген қарлығаштар тобы көрінбейді.

2.6   Құстарды қорғайтын дүниежүзiлiк ұйым

Әлемде құстарды қорғайтын дүниежүзiлiк ұйым жұмыс iстейдi. Осы ұйымның зерттеуiне құлақ салсақ, белгiлi орнитолог Ги Мунфор өзiнiң «Сирек құстар» деп аталатын ғылыми сараптамасында 1965 жылға дейiн жер бетiнде жоғалып бара жатқан құстың түрi 290 едi, қазiр 1029-ға жеттi деп көзден жас емес, қан ағызатын мәлiметтi алдыға тартып отыр.

Ауылда тұратын немесе ауылына жиi баратын кiсi аңғарып та жүрген шығар, осы күнi қарлығаш екеш, қарлығаш та азайып кеттi. Босағасына осы құс ұя салса қуанатын, тiптi ел көшкенде балапандары есейгенiн күтiп жалғыз үй болып жапанда қала беретiн қазақтың бұл құсқа жамандық жасамасы анық. Әйтсе де, экологиялық жағдайлар әсер еттi ме… әйтеуiр аз. Күндiз – түнi бiр тыным таппайтын қарлығаш тәулiгiне он алты сағат қимылдаса, сол уақытта балапанына 645 мәрте жем жеткiзiп, бiр күнде 6400 зиянкестi жойып отырады екен…Қарлығаш зиянды насекомдар мен олардың личинкаларын көптеп жойып, ауыл шаруашылығына елеулі пайда келтіреді.Бүгiнде АҚШ-тың мұражайларында Доронд деп аталатын құс сақтаулы. Өзi бiр-ақ дана. Жер бетiнде қалған жалғаз данасы сол. Өйткенi, оны адамдар жеп тауысқан. Шын мәнiнде жеп тауысқан. Бұл құстар бастапқыда тек Тынық Мұхиттың қақ ортасындағы аралда мекендептi. Кейiннен арал Маврикий деп аталған. Арал ашылған соң адам келмей ме, адам келген соң елдiмекен бой көтермей ме, ол адамдардың ауызы жоқ па, олар қазан көтермей ме? Бүгiнде тек музейде ғана… Құдай бетiн аулақ салсын деп айтайық, күндердiң күнiнде бабасы құс салып, тазы жүгiрткен қазақтың ұрпағы қыраны мен сұңқарына,адамның досы саналған қарлығаш тек музейден қарап мұңайып тұрмасына кiм кепiл? Әлемде құстарды қорғайтын дүниежүзiлiк ұйым жұмыс iстейдi. Осы ұйымның зерттеуiне құлақ салсақ, Ги Мунфор1 өзiнiң «Сирек құстар» деп аталатын ғылыми сараптамасында 1965 жылға дейiн жер бетiнде жоғалып бара жатқан құстың түрi 290 едi, қазiр 1029-ға жеттi деп көзден жас емес, қан ағызатын мәлiметтi алдыға тартып отыр.

Қорытынды

   Қорытындыға Қарағанды қаласындағы VITAVET ветеринарлық клиниканың орнитолог маманы Сухарева Наталья Николаевнамен сұхбатын жазуды жөн көрдік:

  • Дұрыс айтасын, Меруерт. Бізде да Қарағанды қаласындағы экологиялық жағдай қарлығаштардың азаюына әкеліп тұр. Бірақ Мәскеу қаласының тәжірибесін мысалға алсақ, оларда жыл сайын көктемнің соңғы күндерінде бұлбұлдар саны есепке алынады. Ғалымдар болжамынша, Мәскеуге бұлбұлдар 10 мамырда ұшып келеді екен. Мамырдың аяғынан маусымның ортасына дейін олар тамылжыған әуезді үнімен ән салуларын бастайды, себебі бұл кезде ұя салу, жұмыртқалау басталады. Олар ұяларын ағашы мол, суға жақын жерлерге салады. Маусым айының аяғында әндерін тоқтатып, қыркүйекте ұшып кетеді. 15 миллион тұрғыны бар Мәскеу бұл шараны он бірінші жыл қатарынан жүргізіп келеді. Есеп, негізінен, қала тұрғындарының көмегімен іске асырылады. Мәскеуліктер жұмыстарының көптігіне, уақыттарының аздығына қарамай, мұндай игілікті іске белсене қатысады. Бұлбұлдар санының көбеюін жылдағы есептің көрсеткіштері көрсетуде. Әр аудан, аула тұрғындары әнші құстың қанша рет сайрағанын, уақытын, бұлбұл әнінің қаншаға созылғанын арнайы таспаға жазып, белгілі орталыққа өткізеді. Мамандар өз кезегінде бұл жазбаларды зерттеп, бұлбұлдар есебін (қай топ, қай түрге жататынын) қорытындылап шығарады. Саяжай мен бауларда мұндай зерттеулерді арнайы мамандардың өздері жүргізеді. Неше жылғы зерттеулер нәтижесі бұлбұлдар әнінің қала тұрғындарының көңіл күйіне, денсаулығына тиімді ықпалын анықтаған. Сонымен қатар қала табиғаты тазалығының, көк желегінің аз-көптігінің қаншалықты дәрежеде екенін бұлбұлдар санының азайып-көбеюі көрсетеді дейді. Сол себепті бұлбұлдар жұмыртқалағанда, оларға ерекше қамқорлық көрсетіліп,балапандарын өсіруге жағдай жасалған.

Мәскеу қаласының экологиялық индикаторы – бұлбұлдар. Үлкен мегаполистің 15 миллион тұрғынының осынадай ізгі іске қол ұшын беріп, бәрімізге ортақ үй – табиғатқа деген қамқорлықтары әркімді де қуантары сөзсіз. Бұлбұлдар сияқты қарлығаштар да табиғаттың тазалық өлшемін анықтайтын құстардың бірі емес пе? Әжеміздің «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» ертегісін жаттап өскен біздер қарлығаштың ұясын бұзбау, жұмыртқа басып жатқанында тынышын алмау керектігін өз атымыздай жатқа біліп өсіп келеміз. Әуелі қарлығаш үй ішіне ұя салса, сол бөлмені босатып беріп, қала берді, терезе көздерін ашық қалдырып, мысығымызға дейін оған тимеуін қадағалау керек па?!

Қарлығашқа ғана емес, қоршаған табиғатқа деген осындай қамқор қасиеттерді жанұя, мектеп, қоғам болып жас ұрпақ бойына сіңіре алдық па? Неліктен қала түгіл, ауылда қарлығаштар жоғалып, көкжелектер азайып барады? Жалпы, қазір біз адамзаттың досы саналатын құс атаулыға қамқорлық жасап жатырмыз ба? Мәскеуліктердің осындай игі шаралары бізге де үлгі болары сөзсіз. Жақсы істі үйренген жөн.

Ұсыныс

Қарлығаш құсы ұя салуда берекелі отбасын таңдайтынына көзім жеткендіктен, қарлығаш құсын ұясы бұзылмаған отбасының нышандық таңбасына айналдыру керек деген ұсыныс айтамын. Сонымен қатар, қарлығашқа ғана емес, қоршаған табиғатқа деген  қамқорлығымыз туралы  жанұя, мектеп, қоғам болып  жаратылыстану, сынып, экологиялық сағаттарында талқылап, «Құстар  мерекесі» іс-шараларын жүргізуге  болады.

  Қарлығаштың бұзылған ұясы

Қарлығаштың бұзылған ұясы

Еске түспей кең жайлау дала бары,

Жеткізбестей алыс жол арадағы,

Ұшып келіп, қарлығаш, ұя салдың

Балконына ескі үйдің қаладағы.

Бастамақ боп тірліктің қызық әнін

Ұя соқтың тыншымай ұзына күн,

Білген жоқсың, сонда сен сезген жоқсың

Көп кешікпей бұл үйдің бұзыларын.

Деп келіп ең құтты бір қоныс табам,

(Балкон салып саған шын болысты адам).

Сол адамдар қолымен құлатты ұя

Балапандар ай-күні толыспаған.

Естіместен шырылын балалардың,

Жасын төгіп қасірет, нала, зардың,

Құлап түскен ұяны көріп тұрып

Шарасыздан шырылдап қала бардың.

Келер күн боп үмітті жалғайды арман,

Тәтті қиял қанатын самғайды алдан.

Кейде өте қатыгез тағдыр деген

Тұрады екен күтпеген, жағдайлардан.         Ақұштап Бақтыгереева               

 

You May Also Like

Ең үздік ғылыми жоба «Жүннен жасалған бұйымдар»

Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігі  №75  мектеп-гимназиясы Ғылыми Жоба  Тақырыбы: Жүннен жасалған…

Скандинавиялық жүрістің ерекшелігі, ғылыми жоба

Мазмұны Кіріспе ……………………………………………………………………………………………2 Теориялық бөлім …………………………..……………………………………………3         ІІ.Тәжірибелік бөлім………………………………………………………………………..5  Қорытынды ……………………………………………………………………………………7  Қосымша…

Шертпе күй шебері–Тәттімбет Қазанғапұлы, ғылыми жоба

ШЕРТПЕ КҮЙ ШЕБЕРІ – ТӘТТІМБЕТ ҚАЗАНҒАПҰЛЫ ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫ Ж О С П…

Су асты қалалары, ғылыми жоба

Ең үздік ғылыми жоба «Су асты қалалары»  Авторы: 10-сынып оқушысы Ақтай Дінмұхамед…