Мазмұны

  1. Кіріспе……………………………………………………………………………………..

Негізгі бөлім

  • Ашамайға мінгізу – қазақы ғұрыптардың бірі…………………………..
    • Ашамайға мінгізу – еңбекке баулудың басы…………………………….

2.2.Жылқы терапия қандай ауруларға дауа?…………………………………..

Қорытынды………………………………………………………………………………….

Кіріспе

Адамзат жаралғалы бері ең алғаш қолға үйретілген жануарлардың бірі жылқы малы болса керек. Ежелгі дәуірлерден-ақ Қамбар атаның төлінің қасиеті мен киесін исі қазақ біліп келеді. Сондықтан да жылқыны қазақтың жаны, сұлулық пен тектіліктің символы ретінде көреміз. Ұлан-ғайыр далада көшпенді тұрмыс кешкен ата-бабаларымыздың оған деген қадір-құрметі де ерекше болғаны белгілі. Айтып-айтпай не керек, жорыққа мініп барса айбар, қысталаңда кейін ығысса жеткізбейтін жүйріктер туралы ел арасында түрлі аңыздар қалған. Сонау қырық құлаш найзасын ұстап жауға шапқан даңқты Қамбардың Қарақасқасы, Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, Қабанбайдың Қубасы, Жанқожаның Көкешкісі секілді тұлпарлар сол батырлардың сыңарындай, ерлердің қанатындай болғандығы белгілі.

Қай халықты алсақта, оның өзіне тән тұрмыс тіршілігі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі болады және тарихта өшпес із қалдырады. Бірақ ұмыт болып бара жатқан ұлттық салт-дәстүріміз де жоқ емес. Соның бірі «Ашамайға мінгізі» деп аталатын дәстүрі қазіргі таңда көп қолданыла бермейді. Дәстүр –салтымыз санамызда мәңгілік рухани жаңғырып тұруы үшін біз барлық дәстүрлер мен ғұрыптарды сақтауымыз керек.

Қазіргі таңда жас балаға бәсірет тайының орынына басқандай сыйлықтар тарту етіліп жатады. Мысалғы ойыншық машиналар, велосипедтер т.б. Әрине бұл заман талабына сай дүниелер. Дегенмен, бұл заттардың бала өміріне зиян келтіріп жатқаны да өтірік емес.

Сондай-ақ, жылқы малының ерекшеліктері, оның сүтінің емдік қасиеттері туралы аз жазылып жүрген жоқ. Бір ғана қымызының өзі қырық дертке дауа болса, саумалы сексен ауруға шипа болады екен. Атпен серуенге шығудың адам ағзасына тигізетін әсерінің өзі қаншама. Тіпті, кейбір елдер осыны ғылым ретінде қалыптастырып, арнайы орталықтарда ашып қойған. Көңіл қуантарлығы, бұл үрдіс кейінгі уақыттары Қазақстанның кейбір аймақтарында да қолданысқа енгізіліп келеді. Мұны жалпы медицина ғылымында «иппотерапия» деп атайды.

Зерттеу жұмысының өзектілігі: Ата-бабамыздан ұмыт болып бара жатқан салт дәстүрді  жаңғырту. Оның адам денсаулығына пайдасының маңыздылығын көрсету.

Зерттеу жұмысының нысаны: Ашамайға мінгізудің тәрбиелік құндылығы

Зерттеу жұмысының мақсаты: Салт-дәстүрді жаңғырта отырып, қазіргі таңда салт-дәстүрдің маңыздылығын таныту.

Зерттеу жұмысының міндеті:

  1. Ақпаратпен танысу
  2. Ақпарат жинау
  3. Көпшіліктен сұхбат алу

Зерттеудің әдіс-тәсілдері: ізденушілік, анықтама мәліметтері.

Жаңашылдығы: Ұмыт болып бара жатқан рухани байлық салт-дәстүрімізді қайта жаңғырту және адам рөліндегі маңыздылы.

  1. Ашамайға мінгізу – қазақы ғұрыптардың бірі

Ашамайға мінгізу – қазақы ғұрыптардың бірі. Қазақ ер балаларды сүндетке отырғызып, айдар қойған, соның ішінде алғаш рет жеке атқа мінгізу рәсімін өткізген. Бұл рәсімде откізілетін шараны «Ашамайға мінгізу» немесе «Ашамай тойы» деп атаған. Бұл бала үшін де, ата-ана туысқандары үшін де ерекше оқиға, үлкен қуанышқа саналатындықтан ауқаттылар той жасап, ат шаптырып, көкпар тартқызған.

«Ашамай» – ердің қарапайым түрі. Ағаштан жасалады. Кіндігі баланың ауына лайық. . Алды-артында ердің қасы секілді сүйеніші бар. Үзенгісі жоқ. Үстінде жұмсақ көпшігі болады.

Жас бала есі кіріп 4-5 жасқа келгенде оған бәсіре тай тарту етіледі. Егер балаға арналған бәсіре аты үйретіліп, мінуге жарап тұрса, онда баланы соған мінгізеді. Салтанатты түрде үйретілген бәсіре тайға ашамай ерттелінеді. Кейде бәсіре тай белгілі бір себептерге байланысты мінуге жарамаса, баланың өзімен шамалас жуас, жүрісі жайлы, әрі сыр-сымбаты жарасқан кұнан не дөнен таңдалады. Баланың ашамайға мінгізілуі оның өмірінде тіршіліктің жаңа кезеңі басталғандығын білдіреді. Баланың рәсіміне ауыл адамдары жиналып, бала мінген аттың жал-құйрығына, баланың шапанына және баскиіміне шоқтап үкі тағады. Бұл «үкінің қасиеті – жын-шайтаннан қағады» дегенді білдіреді. Баланы  атқа мінгізу құрметі шабандоз,  желтақым  жігіттерге  жүктеледі.  Баланы атқа мінгізіп, аяғын тепкішекке салады, белін айналдыра жұқа көрпешемен орап, қолтырмаш ағаштармен денесін ауыртпайтындай ғып тартып таңады.

Осы тұста:

Мықтап тарт ашамайдың қолтырмайын,

Жас бала жол үстінде болдырмасын,

– деген өлең түрінде ескертпе бата айтылады. Ат үстіндегі бала алақанын жайып, ауылдың батагөй ақсақалдарынан бата сұрайды. Ондайда ауыл ақсақалдары төмендегідей бата береді:

Ал, ақ тілек, ақ тілек,

Атқа тоқым сал білек,

Атқа да жақсы шаба біл,

Жасыңнан малды баға біл,

Өнеге, өнер таба біл,

Аймағыңа жаға біл,

Атқа міндің, ақжол болсын,

немесе:

Асқар-асқар таудан өт,

Ағыны қатты судан өт.

Ит тұмсығы батпайтын,

Іргесі биік нудан өт.

Айдын-шалқар көлден өтіп,

Жеті қылым елден өт.

Құс қанатын талдырған,

Қу мекиен шөлден өт!

Жолсыз жерде жол баста,

Жаугерлік болса қол баста.

Сәйгүлігің сай болсын,

Тілегім осы әу баста Әмин, аллаху әкпар!

Бата берілген соң, баланың қолына аттың тізгінін, оң қолына қамшы ұстатады, аналар шашу шашып, тілектер айтады. Баланы атқа мінгізгсн жігіт атты ерттеп, көрші-колаң, ауылды аралатады. Есігінің алдына ашамайға мінгізу рәсімін өткізген бала келген үйдің бәрі шашу шашып, баланың киіміне үкі, шашақ, теңге, моншақ қадайды. Бала шаршады-ау деген кезде үсті-басы әлем-жәлемге, әшекейге толып ауылға қайтып оралады. Сол күні мал сойылып, ат шаптырылып, той жасалады. Ашамайға баланы мінгізіп, аттың басын жетектеген жігітке, бата берген ақсақалға әке-шешесі сыйлық береді. Бірте-бірте атпен баланың өзі жүреді, бір-екі күннен соң аяғын байламайды, сонымен бір жеті ішінде ашамайды тастап ерге отырады. Байлар ашамайға мінген балаларын көштің алдынан салтанатпен жүргізген.

Өмірінің қақ жартысы аттың үстінде өтеді. Қайсар қазақ алғаш атқа отырған кезде «ашамай тойын» жасайды. Бұл той әр әке-шешенің шама-шақына қарай болады. Байлар ірі қара сойып кәдімгідей той жасайды. Кедейлері бүйрегі бітеу, ұлтабары толатындай майы лағын сойып, көршілеріне ықылас танытады.

Қазақ үшін алдымен ашамайға, артынан тай-құнанға міну ат жалын тартты деген сөз. Ат жалын тартты деген сөз – азаматтықтың бастамасы. Өйткені қазақ баласы ұдайы жауапкершілікте өскендіктен бе, әлде көпшпелі өмірдің өзі қалыптастыра ма өмірге ерте бейімделген. Қазақ халқының бүкіл тіршілігі делік ат үстінде өткен. Сондықтан ашамайға иінгізу ерекше аталады. Осы ашамайға мінгеннен бастап ат құлағында ойнау боранның өтіне шығу, сауыт киіп, садақ ұстап жаумен шайқасқу, бәрі бәрі ашамайға мінуден кейінгілер. Ашамайға баланы мінгізіп, көрші-қолаң, жақын-жуық жиналғанда бұрынғы даналардың көсем сөздері көп айтылады. Осал ынжықтарға ұқсамасын деп үлкендер балаға бата береді.

  • Ашамайға мінгізу – еңбекке баулудың басы

Қазақта «Балаң ат жалын тартып мінді» деген сөзді жиі естиміз. «Ашамайға мінетін жасқа келіпті» деп жатамыз. Көшпенді халықтың баласы онсыз да ес білгеннен атқа мініп өседі. Ал баланы ашамайға мінгізуде не мән бар? Бала өміріндегі қуанышты әрі атаулы күндерінің бірі – ашамайлы тайға міну. Әрине, қазақ баласы үшін атқа міну таңсық емес. Қазақ баласы  2-3 жасынан бастап-ақ атқа мінген, әке-шешесінің алдында отыратын болған. Өйткені халықтың тұрмыс-тіршілігіне байланысты көшіп-қонуы, жолаушы жүруі немесе екінші ауылға қонаққа баруы дегендей, бала үлкендердің алдына отырып атқа мінген. Қазақтың кез келген баласы кішкентайынан атқа үйірсек болып өседі. Жылап жатқан балаға «атқа мінгізем» дегенде жылауын қоятыны да біраз жайды аңғартады.

Бала есейген соң бұрынғыдай ата-анасының алдында отырмайды, яғни енді бәсіресі, өзінің жекеменшік тайы бар. Ашамайға мінгізу баланы еңбекке баулудың алғашқы баспалдағы деуге болады. Олай дейтініміз, кез келген бала өзінің бәсіре тайын ендігі жерде өзі бағып-қағады. Оны уақытымен жемдеп, уақытымен суарып, жал-құйрығын, үстін тарап, күтімге алады. Бала тайының алдында жауапты екенін, сол тайдың иесі өзі екенін сезініп өседі. Ендігі жерде тайдың күтіміне өзі жауап береді. Сонымен қатар ол бір ғана бәсіре тайды бағып-қағудың айналасында қаншама жаңа сөздерді үйренеді. Бұрын сөздік қорында болмаған жылқыға қатысты қаншама сөз баланың санасына сіңеді. Айталық, терлік, тоқым, үзеңгі, айыл, ер-тоқым, жүген, ауыздық, шідер, құрық, тағы да басқа… Ол бұл атауларды үйреніп қана қоймайды, қалай қолданылуын да меңгереді. Көшпенді халық болғандықтан әркімнің өзінің жеке ер-тұрманы болған. Өйткені аттың табылуы оңай болғанымен ер табу қиын. Сол себепті де тайына мініп келген балаға барынша тек ер-тұрман жабдықтарын сыйлаған. Жоғарыда айтып өткеніміздей, қазақ баласының атқа мінуі таңсық емес. Сөйте тұра «жайдағыңнан жаяу артық» деп жайдақ атқа мінуді қош көрмеген. Ауыл арасында апыл-ғұпыл асығыста мал қайыруға болмаса, былайынша жайдақ атқа мінгенді қазақтың баласы намыс санап өскен. Сол себепті де әр азамат алдымен ер-тұрманын сайлаған.  Үлкендер жағы «міне, сен ат жалын тартып мінер жігіт болдың» деп бұдан кейін өзінің жеке тайы бар екенін балаға ұғындырып өсірген. Ашамайға мінудің ерекшелігі – ендігі жерде баланың өзінің ер-тұрманы, өзінің басыбайлы тайы болғандығында.

«Ер қанаты – ат» деп, бекер қазақ халқы бекер айтпаған қазақ баласының қанында жылқыға тән мінез, сұлулыққа құштарлық, қазақы болмыс осылай қалыптасады. Бала жауапкершілікке бастан үйренеді. Ерте есейеді, ақылы толысады, ой-санасы өседі. Салмақты, байсалды мінез қалыптасады. Бала тәрбиелеудің басы осы ашамайлы тайға мінгізуден бастаған. Тілек пен бата адамға рухани күш береді. Жақсылыққа құмар болады.

Қазіргі таңда осы дәстүрді білетін ұстанатын адамды табу қиын. Қазіргі кезде балаға бұндай бәсірет тай тарту етілмейді. Оның орынына ойыншық үлкен машиналар немесе велосипедтер сыйға беріліп жатады. Әрине бұлда заман талабына сай болғандығын көреміз. Бірақ қазағымызды құнды дәстүрлерін біз сақтап, қайта жаңғырпасақ бізден кейінгі болашақ қараңғы болып қалмай ма? Жанды нәрсе мен жансыз нәрсенің арасы жер мен көктей екені айтпаса да белгілі. Жансыз нәрсе бізге не береді? Ештене қалаған жермізде қалдырып жүре береміз. Тіпті балаға зиянын келтіріп жатқан жақтарында байқаймыз. Ал жылқыға күтім керек. Бала жылқыны шамасы келгенінше қарап бағады. Әрі жылқы сырласса сырын тыңдайтын, сырын ешкімге айтпайтын жалғыз досы. Кішкентай ғана қозғалыстың өзінде терең тәрбие жатқандығын көреміз. Біз осыдан қазақ қалқының бала тәрбиесінде бейжай қарамағандығына көз жеткіздік.

  • Жылқы терапия қандай ауруларға дауа?

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде». – десе де қазіргі бүкіл әлемді экологиялық апаттар шарпыған тұста түрлі аурулардың да таралып, індетіп жатырғанын жоққа шығара алмаймыз. Оған кейде ғылым да қауқарсыздау болып отыр.

Жалпы жылқы терапияның негізгі емі балаларға жақсы ықпал етеді. Жеткіншектерге психоэмоционалдық және биомеханикалық тұрғыдан екіжақты әсер береді. Атқа міну, жылқы жануарын бағындыру – жарымжан бала үшін үлкен жетістік. Сал ауруымен ауыратын бала өздігінен аяғын баса алмайды, ол өзін салт атты адам сезінгенде өз аяғымен жүргендей, психоэмоционалдық тұрғыдан әсер алады екен. Жылқы жүрісінің тербелісі және артқа, алға шайқалу арқылы баланың тірек-қозғалыс жүйесіне оң әсерін тигізетін көрінеді.

Дәрігерлердің айтуынша, атпен баяу серуендегенде, адам денесіне минутына 100 шайқау импульсі беріледі. Сонымен қатар, ол – массаж, ат үстінде отырған адамның барлық бұлшықеті жұмыс жасайды. Тепе-теңдікті сақтау үшін салт мінген адам бойын жинауға, өзінің әрбір дене қимылын игеруге жаттығады. Жылқының әрбір адым алшақтығы адамдікімен бірдей, бұл арқылы ол өзінің адымын да есептеп үйренеді. Ал БЦС-ға шалдыққан балаға ең керегі де осы – жаттығу. Жылқы – табиғи тренажер.

Бұл жылқының емдік қасиетінің физикалық қыры болса, екіншісі – эмоционалдық сипатта. Оны көпжақты түсіндіруге болады. Мәселен, бала жаны жануарды жақсы көреді, онымен сөйлеседі, сырласады, салт ат жүргенде көңілі көтеріледі. Екіншіден, ат үстінде, биікте жүрген бала әлемге жоғарыдан қарайды, сол арқылы оның өз-өзіне деген сенімділігі артады. Ал дәрігерлердің айтуынша, сенім мен көтеріңкі көңіл күй – нәтижелі ем алудың ең басты шарты.

Жылқының екі емдік қасиеті бірлескенде бір БЦС ғана емес, көптеген сырқатқа шипа. Олардың қатарында – тірек-қимыл аппараттарының, сөйлеу жүйесінің бұзылуы, психиканың баяу дамуы, Даун синдромы, аутизм, остеохондроз, простатит, склероз, артроз, құяң, омыртқаның 1-2 деңгейде майысуы, жүрек-қантамыр аурулары, тіпті девианттық әрекеттерді де жатқызуға болады. Иппотерапия тірек-қимыл аппаратының бұзылуында, атеросклероз, бас сүйек жарақатында, полимиелитте, асқазан-ішек ауруларында, простатитте, ақыл-ой жетіспеушілігінде ұсынылады. Дүниежүзі мұны 1950 жылдардың соңында психикалық және неврологиялық ауруларға қолдана бастады. Қазір 52 елде иппотерапия орталықтары бар. Ал, біздің елімізде салт атқа мінгізіп, ем жүргізу 90-жылдардың басында пайда болды. Бұл Қазақстандағы адамдарды емдеу мен оңалту үшін көмекші құрал – зоотерапияны дамытуға үлес қосады.

Иппотерапия жайлы пікірлер: б.э.д. V ғасырда Гиппократ қоршаған ортаның адамға әсерін байқап: «Ат үстінде жүру – тек қана жаралы адамды ғана жазып қоймай, меланхоликтерге жаман ойлардан арылып, керісінше, көңілін сергітіп, жақсы ойлар ойлауға жәрдемдеседі», – депті.

Ал, Мәскеудегі жылқымен емдеу және мүгедектер ат спорты федерациясының президенті Александр Денисенков: «Иппотерапия емі балаға психоэмоционалдық және биомеханикалық тұрғыдан екі жақты әсер етеді. Атқа мінудің, оны бағындырудың жарымжан бала үшін қандай жетістік екендігін білесіз бе? Жылқы жануарының температурасы адамнан екі градусқа артық, оның да пайдасы бар. Сал ауруымен ауратын бала өздігімен аяғын баса алмайды, ол өзін салт атты адам сезінгенде бейне бір өз аяғымен жүріп бара жатқандай психоэмоционалдық тұрғыдан әсер алады. Жылқы жүрісінің тербелісі және артқа, алға шайқалу арқылы баланың тірек-қозғалыс жүйесіне әсер етуге болады»,- дейді.

Науқас 8 жасар баланың анасы: «Балам бір жыл бойы осы иппотерапиямен емделіп келе жатыр. Баламыз көз алдымызда өзгеріп келеді, айтқан сөзді жылдам түсініп, өз бетінше сөздер айта бастады, мұнда келген сайын көңіл -күйі де күрт өзгеріп, өзіне деген сенімділігі артты» деп, иппотерапияның нәтижесі туралы пікірін бөлісті.

Қорытынды

Маған ашамайға мінгізу дәстүрі ұнайды. Жоғарыда айтып өткенімдей, бұл дәстүрдің берері мол. Ғылыми жобаны жасау барысында біз «ашамайға мінгізу» дәстүрін бейнелеген көріністерді түсірдік. Аталмыш дəстүр жөнінде жастар білмегенмен, көнекөз қарияларымыз əлі ұмытпаған. Үлкендерден осы дәстүр туралы сұрап-біліп, білімімізді толықтырдық. Сұхбат барысында бір атамыздың қазіргі жастарға көңілі томайтынғын жасырмады: «Қазіргі орда бұзар жасқа келген жігіттерге қарап, балалығы əлі қалмағанын байқаймыз. Себебі, қай үйге барсақ та, бөлме толы қытайдың ойыншығы. Аталы сөзді ұғынбайтын ұрпақтың көбеюінің бір ұшы осында шығар. Сондықтан кішкентай қазақты жауынгер, шабандоз əрі ер- азамат етіп тəрбиелеудің басы – осы ашамайлы тайға мінгізуден басталады. Осы дəстүр орындалғаннан кейін жас өреннің көңілі өсіп, өзгелерден ерекшеленіп, тұратыны байқалады» Иə, расында бүгінде қолынан телефоны түспейтін бозбалалардың атқа мініп жүргенін көрмейміз. Қала түгіл, қазақы бұзылмаған ауылдың өзінде бұл көрініс азайды. Сол себепті де ежелден келе жатқан дəстүрлерді еске салып, ұмыт қалдырмағанымыз жөн болар.

Арғымақты ауыздықтап міну кімге болсын қанат бітіреді. Еркіндікті сезіндіреді. Қазақ еркіндікті ат үстінде сезінген. Еңбектеген сәтте қу шыбықты ат етіп ойнайтын қазақ баласы өсе келе шыбыққа жан бітірген. Ат үстінде рухы тасып, қайраты қалыптасқан. Ендеше, рухым биік, денім сау болсын десеңіз бабалар ізін жалғастырыңыз!

Қазақтың дархандығын, сұңғылалығын, бала тәрбиесіне айрықша мән беретіндігін айқын көрсететін ашамайға мінгізу дәстүрі жоғалмаса екен деп тілеймін.

You May Also Like

Ағылшын тілінің біздің өмірдегі маңызы, ғылыми жоба

«Ағылшын тілінің біздің өмірдегі маңызы» (The Importance of English language in our…

Асқабақтың сырлы әлемі, ғылыми жоба

Тақырыбы: «Асқабақтың сырлы әлемі» Мазмұны  I .Кіріспе…………………………………………………………………………. II.Негізгі бөлім…………………………………………………………………. 2.1 Асқабақ шөптесін…

Қазақ әдебиетіндегі ақын-жыраулар поэзиясындағы «жалған дүние» концепциясы, ғылыми жоба

Тақырыбы : Ақын-жыраулар поэзиясындағы «жалған дүние» концептісі  Бағыты: Қазақстанның тарихи ескерткіштері және…

Ауруға ем, сауға қуат дәрі қымыз. Ғылыми жоба

Ауруға ем, сауға қуат дәрі қымыз….                                                       Кіріспе Жылқы – киелі жануар.…