Туған жер  – тұнған шежіре.

«Отан өз іргеңнен, тарих өз көкірегіңнен бастау алады.»

Әбіш Кекілбаев

Аннотация

Патриотизм Отанға, туған жерге деген сүйіспеншіліктен басталады. Ол үшін туған жердің тарихын терең зерттеп – білу қажет. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында өлкетану бағытындағы «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды. Оны барлық қазақстандықтар қолдап-қуаттап отыр. Туған жер – әр адам шер етіп дүниеге келген жері. Сондықтан, туған өлкеге, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне ерекше құрметпен қарау – шынайы патроитизмнің белгісі. Мемлекет басшысы өзінің мақаласында туған жеріміздің, еліміздің тарихынан сыр шертетін тарихи кітаптар мен жазбаларды көбейтіп, зерттеу жұмыстарын мықтап қолға алуды тапсырды. Бұл жастардың бойында отаншылдық сезімді қалыптастыратыны анық.

Кәсіптік білім беру саласында жаппай интеграциялану үрдістену белең алуда. Сонымен қатар рухани бағыттағы саналы ізденістер – сапалы өзгерістер әкелуде. Талғам түрленген сайын таным түзеліп келеді. Олай дейтініміз бүгінгінің табалдырығын аттағанша ертеңгінің есігі ашылуда… Ал өткенді жандырып, өшкенді жаңғырту әрбір саналы азаматтың абыройлы борышы.

Сондықтан да ата – бабаларымыз табыс етіп қалдырған киелі жерімізбен сәулет салттарымызды жас ұрпақ бойына сіңіру елдігіміз деп білемін.

Атамекен, туған жер, өскен өлке әрбір азаматқа ыстық болады. Туып өскен ауылының тарихы тереңге кеткенін, сол көне заманның  тарихының сырын сезіп, мағынасын ұғып өскен  ертеңгі ұрпақ  туған жердің қадір-қасиетін түсініп, бағалайтын болса, ата-баба аманатын орындағаны болар.

Бұл мақаланы жазғаным, өйткені көпшілік ірі-ірі деген тарихи,  мәдени мағлұматтармен таныс, ал кіші «Отан» туған ауылды күнде көріп жүрсек те, сол жердің құндылығын түсінбейміз, елемейміз, көп жағдайда ескермейміз.

Мақаланы жазудағы мақсатым, өскелең ұрпаққа ауыл тарихын, Отан тарихын жан – жақты жеткізу.

Сарыарқа.  Осы  бір  ауылдың  атауын  естіген әрбір  адам  Алтайдан  Арқаға  дейін  созылған  қазақтың  кең  сахара  даласын  көз  алдына  елестетеді.  Тарихы  терең,  қилы-қилы замандарды  бастап  кешіп, небір  сырларды ішіне  бүгіп  жатқан қарт  Тарбағатай  тауларының сілемдеріне  орналасқан  осы  бір  ауылдың  іргесі  кейінде  ғана  қаланғанымен  жерінің  тарихы  ежелден  бастау алады.  Айналасына  көз  салып,  көңіл  жүгіртіп  қарай  білген  жанға  бұл  өлкенің кез  келген  төбесі  тарих,  даласы   дастан, ғұмыр кешкен  тұлғалары  тағылым. Әр  төбенің  басындағы   ұлы  бабалар   мәңгілік  жәй  тапқан   кесенелер   мен зираттар –   халқымыз бен   тарихымыздың  ұмытылмас белгісі.  Рухани  тыныс  ретінде  қасиет  тұтатын  орындар.  Осындай  қасиетті  бабалар  басына  біреулер  келіп,  еске түсіріп  құран  бағыштап  жатады, біреулер  келіп  ас  беріп  жатса,  жергілікті  тұрғындар  жыл  сайын  елдің   тыныштығын  тілеп,  тасаттық  беріп  жатады. Бұл  жерлерде  қара қылды  қақ  жарған, арттарында  өшпес  дана  сөздері  қалған,  аталы  сөздері  атан  түйеге   татитын  ой  мен  тіл  көсемдері,  қазақ  сахарасының   шартарабына даусы  жеткен  Байқара би, Ақтайлақ  би, Аққожа бидей  сайын даланың  дана  да, дара  билері,  Солтабай төре, Қисықхандай  ел  басқарған  сұлтандар,  қазақтың  тұңғыш  оқыған  азаматтарының  бірі, Петербургте  оқып  білім  алып, поручик                          шенін  алған   Ителмен Сейтенұлы,  елі  мен  жерін қорғаған Ботақара  батыр, жерленген.

Бұл  өлкеде  осындай ұлы  бабалардың ұрпақтары – жеті  атаға  созылған билер  мектебінің   өкілдері,  сыбан  руының аттары  елге  танымал  болған  ақындары  ғұмыр  кешкен. Қайрақты  тауларының  баурайында,  Қайрақты  өзенінің   Балтақара   өзеніне  құйылысындағы  жотада    әкелі- балалы   Байғара  би  мен  Ақтайлақ  билердің   архитектуралық  келбеті  жарасқан,   еңселі де сәулетті  кесенесі  алыстан  мұндалап  көз  тартып  көрінеді.  1998 – 2001 жылдары үш жыл уақыт ішінде салынған кесененің өзіндік ерекшелігі бар.

Байғара  би Құттыбайұлы 1699 жылы туып – 1775  жылы қайтыс  болған.  Атасы  нар   дауысты  Нарынбай Тәшкентте  би  болса, әкесі  Қу  дауысты  Құттыбай  Абылайханның   қабырғалы  билерінің  бірі  болған, өз  заманында   Қытай  мемлекетімен  дипломатиялық  қатынас  орнатуға  белсенді  араласқан.  Осындай  ұлылардың  ұрпағы, ата  жолын  үлгі  еткен   Байғара  би  өте адал би  ғана  емес, әулие  керемет  иесі, ұрпағының  ұраны  болған. Елді  береке – бірлікке  шақырған, өсиетті  сөздерімен  ел есінде  қалған.

«Ханға  бергісіз  қара  бар,

Қылышқа  бергісіз  ара  бар.

Кейбір  қараның  сөзі,

Хат  сөзіне  пара-пар.

Жаманмен  жолдас  болсаң,

Көңіліңді  қаралар.

Араммен  жолдас  болсаң,

Көңіліңді  жаралар.

Тектімен  жолдас  болсаң

Мұратыңа  жетесің  балалар»,- деп  артына  өшпес  сөз  қалдырған Байғарадан Сыбан  елінің  ақындық  мектебі бастау  алады.

Қара қылды қақ жарып, әділ билік айтқан, өнегелі де  өрнекті аталы сөздерімен  ел бірлігін  сақтауға күшін жұмсаған  Ақтайлақ би Байғараұлы 1742 жылы дүниеге келіп, 1838 жылы қайтыс болған. Ол – би, шешен,  жырау, қоғам және мемлекет қайраткері.  Дауды екі ауыз сөзбен шешетін от ауызды, орақ тілді би болғандықтан «қазақтың қара тілі, қас биі» атанған. Жастайынан    шешендігімен  көзге түсіп, үлкен жиындарда даулы істерді әділ билік айтып, әділеттілікті жақтап, дұрыс шеше білген.  Біздің қазақта қашанда дау таусылған ба? Жер дауы, жесір дауы, барымта, ердің құны  тағысын тағылар  жалғаса береді.  Осындай дауларды  әділдікпен шеше білгендіктен елге сыйлы,  танымал болды.

«Келелі істі көппен шеш

Шиыршық атса еппен шеш.

Асқынған істі асықпай,

Ақылға салып ертең шеш.

Алдыңа қандай дау келсін,

Билік айтсаң тура кес.

Мынау қалай демесін,

Алыс жақын, көңілдес»,- деген

өлең жолдары оның әділетті болып, адал қазылық айтып, сол әділеттігіне сай дүйім  елге танымал болғандығын көрсетеді.

Ителмен  Сейтенұлы 1780 жылы туған. Қазақтың тұңғыш оқыған азаматтарының бірі, Петербургте оқып білім алып, поручик шенін алған, елге келген соң билікке араласқан. Ел ішінде сымбатты, ер  тұлғалы, сөзге шешен, алғырлығымен аты шыққан екен. Көктің сұңқарындай болсын деген ниетпен құсқа теңеп Ителмен деп атын қойса керек. Ол 1842 жылы 62 жасында дүниеден өткен. Байғара  би кесенесі  жанындағы  қорымда  жерленген.

Ел намысын, ер намысын ту етіп ұстап қол бастаған, ақ найзаның ұшымен елін жаудан қорғап, осынау кең байтақ қазақ жері үшін «жаным арымның садағасы» – деп өмірлерін қиған небір батырлар болған. Солардың бірі Ботақара батыр Құттыбайұлы. Ботақара Байғара би кесенесінде жерленген. Ал туған жері жөнінде ақын  Шұғыбан  Қауметұлының  «Ботоқара батыр» дастанында:

«Еңірекей, Қайрақты мен Балтақара

Кең қоныс малға жайлы сілемдері

Өлкесі шөбі шүйгін, тауы ағашты

Суы асып бұлағынан берекелі.

Ер Бота осы өлкеде туған екен,

Қалмақты ер жеткен соң қуған екен.

Он төрт жаста батыр Бота атқа мініп,

Атадан алпысында туған екен»,- дегеніне қарағанда Ботақара өмірі   бұл өңірмен тікелей байланысты болады. Немесе:

«Жайлауға тегіс  Найман жиылысты

Тездетіп қам қылуға бұйырысты.

Қонысы Құттыбайдың Балтақара

Жан-жақтан намысты ерлер құйылысты»,- деген өлең жолдары шырайлы да шұрайлы Балтақара өзені  бойындағы алқаптар мен сай-саласы көкорай шалғын болып келетін Қайрақты таулары Құттыбай ұрпақтарының ежелден ата мекені болғанын көрсетеді.

Қазақ әдебиетінің  төрінен ойып тұрып орын алған, мол әдеби мұра қалдырған, ірі тұлғалардың бірі – ақын Әріп Тәңірбергенұлы.  Сонау Нарынбайдан бастау алған Байғарадай киелі атадан Ақтайлақпен бірге Байсал тарайды. Байсалдан – Әлі, Әліден –  Тәңірберген, Тәңірбергеннен – Әріп тарайды.

«Байсалұлы Әліден – Тәңірберген,

Оның ұлы Әріпті Найман білген .

Тұсында Әріп ақын  атаныпты,

Ақындық Байғарадан үзілмеген», –  деген өлең жолдарына арқау болған, ұлы аталарынан сөз билігі түспеген Әріпке  ақындық өнер ана сүтімен, ата қанымен дарыған. Ана сүтімен дейтініміз шешесі Жаңғақ шешендігімен белгілі тобықтының Көкше  атасынан тарайтын Қаратай шешеннің қызы. Қайрақты тауларының бөктерінде «Әріп бастауы» деген шағын бұлақ бар. Аталары өмір сүрген қасиетті мекенде ақынның ізі қалмады  деп қалайша     айта аламыз.

Қазақтың өткен тарихындағы билер де, батырлар да бәрімізге  ортақ. Өткеннің белгісіндей Қаламан тауының баурайында Талды- Борлы өзені мен Балтақара өзенінің қиылысында, қазіргі Сарыарқа мен Қарағаш ауылдық округтерінің   әкімшілік  шекарасында алыстап мұндалап бір төбенің басында Аққожа би кесенесі тұр. Сыбан руының Байкөбек – Шақа тармағынан тарайтын Аққожа би  Қалыбайұлы шамамен 1775 – 1850 жылдары   өмір сүрген. Жастайыннан зерек болып, болашағынан үлкен үміт күттірген. Билікке ерте араласып, елінің есінде әділ билігімен, білгірлігімен, ақындығымен есте қалған. 2009 жылы Аққожа бидің ұрпағы, ғылым докторы, академик, еліміздің ғылым – бизнес саласында танымал болған азамат Қанат Асаубаев бидің басына сәулетті де еңселі кесене тұрғызды.

Сыбан төрелері  Әбілпейіз хан  тұқымдары болды. Солардың бірі біздің өңірде жерленген Солтабай төре.

«Төрелі жерге ел тоқтайды,

Төбелі жерге мал тоқтайды», – деп бекер айтылмаса керек.  Балтақара өзенінің сол жағасындағы төбеде Солтабай төренің зираты бар. Сабырбай ақынның Солтабай төре  Сыбан ішінен өкпелеп көшіп кеткенде, оны алып келуге барғанда айтқан:

«Шұбарым – арғымағым,арыстаным,

Сөзге бай, азулыға қарасқаным.

Жасықты жанып – жанып тасқа салған,

Болаттың суын тапқан данышпаным»,-

деген өлең жолдары Солтабай Бопыұлы образын ашып көрсетеді.  1813-1865 жылдары өмір сүрген Солтабайұлы Барақ  сұлтан Аягөз өңірінде көрнекті тұлғалардың бірі болған. Саяхатшы, поляк революционері А.Янушкевич Барақтың дене бітімінің мықтылығын жоғары бағалап дала Геркулесі  атаған.

«Қайсың бар хан Бараққа теңгерілген,

Күшімен Арғын, Найман меңгерілген.

Есіл ер аруақ біткен заманында,

Тоқтыдай сан тобықты өңгерілген», – деп ақын Сара Біржанмен айтысында Барақты дәріптесе,

«Жақсы да болсаң қарағым,

Жаманда болсаң қарағым.

Солтабай төре береме

Артық туған Барағын», – деген ел арасындағы мадақ сөздердің иесі Барақ сұлтанның әкесі  бұл жерде жерленсе, демек Барақ сұлтанның өзі де осы жерде ғұмыр кешкен.

Қисық Тезекұлы 1780-1867 жылдары өмір сүрген адам. Мұрын руының Кенже атасынан. Абайдың Ділдәдан туған баласы Ақылбайға атасы Құнанбай  Қисықтың Жұмаханнан туған немересі Ізханды алып берген. Абай Қисықтың ел басқару ісіндегі мол тәжірибесін, терең білімін жоғары бағалаған.

«.. . Құдайдан қорыққан Арғын осал демес

Қарадан хан боп шыққан Қисық ерді»,– деген Сара ақынның Біржанға беретін жауабында Найманның кілең жақсы жайсаңдары ішінде  Қисықтыңда  аты аталады. Қисық ханның зираты Сарыарқа ауылының оң түстік шығысында 12 шақырым қашықтықта.

Қазақта әр замандарда қара сөзден сара сөз жасаған,  аузына дуалы сөз біткен, дуалы  шешендер болған. Балтатарақ тауларының күнгейінен теріскейіне асар бір асуында табиғат  өзі жасаған, буаз бие әрең сиятын тас босаға  бар. Бұл жер Биесимас деп аталса, осы асудың баурайында, Талды- Борлы өзенінің жағасында, Қисық ханның зиратына жақын  жерде, ертеректегі Мұрын елінің Сыбан елімен жапсарлас жерінде, жан – жағын тоғай қоршаған, сылдырап аққан бұлақтардың жанында, әсем табиғат аясында от ауызды, орақ тілді Мұрын руының  Құттымбет тармағынан – тарайтын Төйке  қажының қасиеті дарыған, атағын аспандатқан баласы Ақшайық  шешеннің  қорасының орны бар. Бұл жер қазір Ақшайық деп аталады.

Міне, Аягөз ауданының Шығыс бөлігінде орналасқан  Нар дауысты Нарынбай мен Қу дауысты Құттыбай бабаларымыздың ұрпақтары жерленген Сарыарқа ауылы тарихқа бай, киелі мекен. Зерттелмеген ірілі ұсақты қорымдар, зираттар … Осы киелі мекенде ғұмыр кешкен әкелі – балалы Ақтайлақ пен Байғара би кесенесінің  тұрғызылуы біз үшін үлкен жетістік, үлкен мақтаныш. Ел экономикасы еңсесін енді көтерген тұста  кесенені тұрғызуға өз үлестерін қосқан Смаилов Асхат, Ахмешов Бекболат, Құдайбергенов Нұрлан ағаларымыздың атқарған істері келер ұрпаққа өнеге.

Осындай дана бабаларымыз жерленген киелі өңірде туып – өскен жас ұрпақтың болашағы жарқын   боларына сенемін. Сондықтан да, болашағынан үміт күттіретін жас ұрпаққа өзінің «Кіші Отанының» тарихын білу – парыз. Ал туған жер, Отан тарихын біліп өскен ұрпақтың келешегі жарқын болары сөзсіз.

«Көне сарай кең дүние, кімдер келіп кетпеген»,- дейді біздің қазақ. Сол кеткендер арасында тарихта есімдері қалған, тарихты жасап кеткендер қаншама.

Көмескі тарта бастаған көне заманның ашылмаған сырларын ішіне бүгіп жатқан, бүгінде бірінің қабырғалары қираған, енді бірі жер болып шөгіп бара жатқан  мазарлар қаншама. Ұлылар өмір сүріп, мәңгілік із қалдырып, аманат етіп табыстап кеткен жеріміздің тарихын  өскелең ұрпаққа таныту парызымыз деп білемін.

Елбасымыз, Н.Ә.Назарбаев «Ұлан ғайыр жері бар, ұлы мұратты елі бар, ұрпағы көз тіккен ұлы болашағы бар менің халқым – Ұлы халық», – деп мақтанышпен айтты.  Сол ұлы халықтың ұрпақтары екенімізді ұмытпайық.

You May Also Like

Разработка технологии функциональных продуктов на основе полизлаковых культур и национальных продуктов для детей школьного возраста

Разработка технологии функциональных продуктов на основе полизлаковых культур и национальных продуктов для…

А. Байтұрсынов және қазіргі қазақ тілі фонетика саласындағы жаңа бағыттар, ғылыми жоба

ҒЫЛЫМИ ЖОБА ТАҚЫРЫБЫ: А. Байтұрсынов және қазіргі қазақ тілі фонетика саласындағы жаңа…

Векторларды геометриялық есептерді шешуде қолдану, ғылыми жоба

П І К І Р Тақырыпты егжей-тегжей зерттеп, толық аша білген. Мектепте…

Тиімді тамақтану – денсаулық кепілі, ғылыми жоба

1.Кіріспе  «Тамақтану қағидалары» Негізгі бөлім  Тиімді тамақтану – денсаулық негізі  Газды сусындардың…