Тақырыбы: Тегісшілдік ауылы маңындағы «Қособа қорымы»

ПІКІР

«Қособа қорымы» тақырыбында жазылған ғылыми зерттеу жұмысында Құрымбай Айжан ауыл маңындағы қорымды зерттеген.

Жұмыспен толық танысып шыққаннан кейін мынадай пікірді ортаға салғым келеді.

  1. Оқушы өте маңызды мәселені көтерген, туған өлкесінің тарихи аймақтарын зерттей отырып, тұжырымды ой түйіндей білген.
  2. Қолда бар деректерді пайдалана отырып, өзінше зерттеулер жүргізген. Қорымның орналасқан жерін суретке түсіріп, қорымнан табылған жәдігерлер жайлы мәліметтерді жинақтаған.

Зерттеу жұмысының көңілге қонымды тұстары көп. Себебі оқушы жұмысында ғылыми зерттеулердің тұжырымдарын негізге ала отырып ой түйіндеген. Жұмыстың мазмұны көңілге қонымды, оқушы көздеген мақсатына жеткен. Бұл жұмысты әлі де терең зерттеуге болатындай оқушының мүмкіндігін байқадым.

Аннотация

Бұл зерттеу жұмысы тұрғылықты жеріміздің тарихи ескерткіштерін танып-білу мақсатында зерттеліп отыр.Оқушы зерттеу жұмысы барысында қорымнан табылған нақты жәдігерлерге сүйене отырып орындаған.

Данная работа направлена на исследование исторических памятников своей местности. Входе исследования ученик опирался на  экспонаты, обнаруженные в раскопках.

This robot is aimed at the investigation of the historical monuments of its locality. Entering student survey was based on the exhibits found in the excavations.

Мазмұны: 

Кіріспе…………………………………………………………………………

Зерттеу бөлімі………………………………………………………………

Қорытынды…………………………………………………………………

Кіріспе 

Сарыарқа сап-сары алтын жүзген нұрға,

Қосалқы мекен болған сан ғасырға.

Сайран тау, самал жайлау, сырнайлы өзен

Лебімен алар тартып, шықсаң қырға.

Қасым Аманжолов

Сарыарқа деп аталатын таңғажайып және көп жағдайда құпия әлем біздің еліміздің дәл ортасынан орын алған. Ол оңтүстікте Тұран ойпатынан  солтүстікте Батыс-Сібір жазықтығынан дейін, шығысында Ертіс жазықтары мен Тарбағатай сілемдерінен батысында Мұғаджарға дейн жетеді. Мұнда түрлі ландшафтылар бар: көкжиекте көк аспанмен ұштасқан, киіктер мен қасқырларға мекен болған бетегелі дала; су мен жаңбыр шайып тілімделген, арқар мен таутекеге пана болған шоқылар мен таулар; ұсақшоқылардың арасындағы бұғы және қоян ұялаған кішігірім ормандар, көк аспанның сәулесін шағылыстырған, әлі де  өмірдің қайнар көзі болып табылатын көптеген көлдер

Арқаның алып даласы әрқашанда адамға мекен болған. Оған тас, қола мен ерте темір дәуірі, ортағасырлық ескерткіштер айғақ. Өлкеде жүргізілген археологиялық зерттеулер арқасында жүздеген-мыңдаған жылдар бойғы заттық мәдениет түрін сипаттайтын кең көлемдегі мәліметтер жинақталған.

Орталық Қазақстан – Арқа жерінің үлкен бір құрамдас бөлігі. Географ мамандар «арал тәріздес аласа таулар» деп атаған Қарқаралы, Қызыларай, Баянауыл, Ұлытау сынды таулы өлкелер осында шоғырланған.

Орталық Қазақстанда есімдері отандық ғылым тарихында алтын әріптермен жазылған Әлкей Марғұлан, Кемал Ақышев, Мир Қадырбаев, Әбдімәнап Оразбаев сияқты белгілі археологтар жұмыс атқарды. Олардың жетекшілігіндегі экспедициялар Арқаның ерекше қызулы алтын күнінің астында түрлі өлкелерде кең көлемді зерттеулер жүргізі. Бұлар – Еуразияның аса үлкен бір пұшпағын құрайтын аймақтың көне құпияларын әлемге ашқан алғашқылар болды.

Орталық Қазақстандағы алғашқы адамның іздері өте ерте заманға, яғни палеолит дәуіріне жатады. Орта тас дәуірінен бастап ерте қолаға дейінгі аралықтағы даму сатыларды көпқабатты Шідерті-3 тұрағының мәліметтері береді. Мұндағы заттық кешен адамның құрал дайындау ісінің даму үрдісін көрсетеді, ол өз кезегінде көне бір дәуірден тас құралдарды мыс, кейіннен қоламен алмастырған екінші бір дәуірге өту барысын көрсетеді. Тас дәуірінің ең соңында өндіруші шаруашылыққа көшу орын алды – қыш пайда болды, бақташылық туындады.

Қола дәуірінде далалық өркениеттің іргетасы қаланды деп нақты айта аламыз. Орталық Қазақстан алқабы Орал тауларынан Енисейге дейін, оңтүстігінде Тянь-Шянь мен Памир, Орталық Азияның шөлдеріне дейінгі аралықты қамтыған андронов тарихи-мәдени қауымдастығынының құрамында болды. Бұл мәдени орта Еуразияда аймағындағы бірегей құбылыс болып табылды. Дәл осы кезде, яғни б.з.д. 2 мыңжылдықта өндіруші мал шаруашылығы мен кешенді отырықшы-бақташылық бағыттары толығымен орнады. Ерекше орынға қола өндіру ісі шықты. Б.з.д. 2-мыңжылдықта Орталық Қазақстан Еуразияның аймағы аумағы бойынша үлкен, көршілес өңірлерге әсер еткен тау-кен, металлургия және метал  өңдеу ошақтарының біріне айналды.

Айрықша орынды ертекөшпелілік мәдениеттің алдында тұрған соңғы қола дәуірінің Беғазы-дәндібай мәдениетінің алып құрылыстары иеленеді.

Осы кезеңге тән экономиканың пәрменді дамуы, терең әлеуметтік қарым-қатынастар, қалыптасқан идеологиялық көзқарастар мен дүниетанымдық жүйе, жоғары деңгейлі құрылыс ісі – әлі де болса ғалымдар санасында аз зерттелген, қала берді жұмбақ құбылыс болып қалуда. Әсіресе, бұл Орталық Қазақстандағы Тасмола мәдениетімен қоса, еуразиялық далалық белдеудің басқа аймақтарындағы б.з.д. 1 мыңжылдықтың басындағы ертекөшпелілік мәдениеттердің қалыптасу мәселесінің күрмеуін шешуде өзекті болуда.

Негізгі тобы Қарағанды облысында орын тепкен, тастан қаланған көлемді жерлеу құрылыстары ғылымда мавзолейлер деген атау алды. Олар Беғазы, Дәндібай, Еңбексүйгіш, Бұғылы, Саңғыру, Ортау қорымдарында орналасқан. Беғазы-дәндібай мәдениетінің Кент, Мыржық, Бұғылы-1 сынды протоқала дәрежесіне сай келетін аса ірі қоныстары бар. Қазақстан жеріндегі қола дәуірі қоныстарының ең үлкені болып табылатын Кент қонысының ауданы 30 га, мұнда тұрғын үй, түрлі шеберханалар, ғұрыптық орындар санатына кіретін барлығы 100 астам құрылыс тіркелген. Ғалымдардың пікірінше, беғазылықтар әскери ақсүйектер – пәрменді көсемдер басқарған бірнеше ірі тайпалық бірлестіктерден құралған. Үлкен көлемдегі тас мавзолейлер болса, билік пен байлықты өз қолдарына жинаған, метал өндіру мен оны бөліп-тарату саласына бақылау жасап отырған, алыс өлкелерге жорықтар жасаған қаhарлы көсемдердің қабірлері болып табылады .

Қола дәуірінің, Беғазы-дәндібай мәдениетінің ескерткіштерін зерттеу, олардың Еуразияның Ұлы дала белдеуіндегі орны мен мән-мағынасын анықтау жұмысы жалғасуда. Археологтар антрополог, генетиктермен бірлесе отырып андронов тұрғындарының көшіп-қонуы және батыссібір орманды-далалы өлкелеріндегі аборигендермен араласуының арқасында кейінгі қола дәуірінің бірқатар өзіндік мәдениеттерінің пайда болуына алып келді деген тұжырым жасады. Көшіп-қонудың ең көлемді толқыны соңғы қола дәуірінің Беғазы-дәндібай мәдениетімен байланысты делінеді. Жергілікті батыссібір далаларының жағдайына бейімделген Орталық Қазақстан территориясынан келген беғазылық тұрғындар аралас мәдениеттердің пайда болуына себеп болды. Археолог, антрополог және генетиктердің мәліметтеріне сүйене отырып, олар беғазы-дәндібайлықтардың әсері салдарынан солтүстікке және шығысқа қарай ығысты деген болжам жасай аламыз. Қола дәуіріндегі батыссібірлік орманды-далалы өлкелеріндегі көшіп-қонулардың ішінде Қазақстан территориясынан келген топтардың ықпалы басым орында болған сыңай танытады [Молодин В.И., Пилипенко А.С., Чикишева Т.А., Журавлев А.А., Поздняков Д.В., Трапезов Р.О., Ромащенко А.Г., 2011, с. 90-91].

Беғазы-дәндібай мәдениетінің көрнекті жерлеу камералары негізінен Орталық Қазақстан территориясында орналасқанымен, қазіргі таңда олардың кең аумаққа тарағандығы дәлелденген .Бұл дәлел Оңтүстік Сібір мен Орталық Азияға тараған қыш кешені мен жебе ұштарына негізделеді. Беғазылық жерлеу кешендеріндегі зәулім құрылыстар ертекөшпелі сақ мәдениетінің қайнар көздерін зерттеу бағытындағы жұмыстарды ынталандыруға түрткі болды. Мысалы, Іле өзенінің бойындағы сақ уақытының атақты Бесшатыр қорымындағы жерлеу камерасының құрылымын Ресей ғалымы профессор Л.Р. Кызласов Беғазы қорымындағы тас кесенелермен салыстырды. Беғазы-дәндібай мәдениетінің Арал өңіріндегі Солтүстік Түгіскен қорымымен байланысы анықталды. Беғазы кесенелерінің құрылымындағы ерекшеліктер Оңтүстік Сібірдегі ерте көшпелілердің Тағар мәдениетінде байқалады. Археологтар дромосты тағарлық жерлеу қоршауларынының кейінгі қола дәуіріндегі Орталық Қазақстаннның ескерктіштерімен өзара байланысы бар екенін анықтады.

Еуразиялық далалық белдеудің шығыс бөлігіндегі кейінгі қола мен ертесақ уақытының ескерткіштерін зерттеу ертескиф/ертесақ мәдени кешендерінің қалыптасуының күрделі үдерісін айшықтайды. Сақ дәуірінің алғашқы уақытының көнелеріне Беғазы-дәндібай мәдениетімен генетикалық байланысы бар Алтайдың Бике мен Майемер мәдениеттерінің ескерткіштері, Тағар мәдениетінің подгорнов сатысының қорғандары мен Солтүстік Түгіскен кесенелері кіреді. Ертесақ кешендерін зерттеу арқасында археологтар Беғазы-дәндібай мәдениетінің далалық өлкенің шығысындағы барлық жерде жаңашылдықтың енуінде шешуші орында болғандығын айтады. Кейінгі қола дәуірінің элиталық жерлеу ғұрпының дәстүрлері Жетісуда (Бесшатыр), Шығыс Қазақстанда (Шілікті), Тыва (Хондей) ескерткіштерінен нақты байқалады.

Ертесақ мәдениетінің қалыптасуындағы тайпалардың көшіп-қону мәселесін көптеген археологтар айтып келеді. Аса көрнекті ғалым, Қазақстан археологиясының жетекші өкілі К.А. Ақышев кезінде Тасмола мәдениетінің мәліметтерін сараптай келе, Орталық Қазақстанда б.з.д. 8-7 ғғ. заттық мәдениет пен жерлеу ғұрпындағы өзгерістер кенеттен пайда болды және ол б.з.д. 9-7 ғғ. андроновтықтар ортасына жаңа этникалық топтың енуі мен араласуының арқасында болуы мүмкін деген тұжырым жасаған еді. К.А. Ақышев тайпалардың шығыстан батысқа, батыстан шығысқа қарай қозғалуының негізгі жолдарын белгілеген болатын: оның алғашқысы Алтай арқылы Шығыс, Орталық және Батыс Қазақстан, екіншісі, Синьцзян арқылы Орталық Тянь-Шянь мен Памирге бағытталды.

Бір маңыздысы, скиф-сақ уақытындағы далалық мәдениеттердің шығыс ареалын белгілеуге арналған «сақ мәдени қауымдастығы» деген арнаулы терминді ғылымда ұсынған зерттеуші осы Мир Қадырбаев еді [Кадырбаев М.К., 1966, с. 401]. Бұл «сақ қауымдастығының» негізі деп М.Қадырбаев Қазақстан мен Алтай тайпаларын санады  Ерте көшпелілердің мәдени кешендерінің бірнеше локальды нұсқалары бар, ал олардың арасындағы жақындық ортақ андроновтық негізден шығады [Кадырбаев М.К., 1968, с. 32].

1980-ші жылдардың соңынан бастап Орталық Қазақстан сақ ескерткіштерін Ә.Х.Марғұлан ат. Археология Институтының А.З.Бейсенов жетекшілігіндегі экспедициясы зерттеуде. Алынып отырған нәтижелердің ішінде өлкеде көптеп сақ қоныстарының ашылуы, сондай-ақ, ерекшеліктері ұзақ уақыт ғылымда белгісіз болып келген үлкен қорғандарды зерттеу айрықша маңызды болып отыр. Қазір Орталық Қазақстанда ондаған сақ қоныстары ашылды. Төбе беткейлерінде орналасуы, ауданының шағын болуы, үй-жайлардың «усадьба» тәртібімен тіркестіре салынуы, тастың көп қолданылуы сияқты белгілер олардың басты сипатын құрайды. Қола дәуірі қоныстарынан мүлдем басқаша салынған бұл орындар кейінгі қазақ қыстауларына ұқсас. Сыртқы пішіні ғана емес, технологиялық ерекшеліктері де осының алдындағы доңғал сатысымен жақындықты аңғартатын қоныстық қыш кешені бөліп шығарылды  [Бейсенов А.З., Ломан В.Г., 2008].

Ертесақ уақытының бірегей ескерткіштері Аржан-2, Шілікті, Талды-2, Жалаулы нысандарының мәліметтері осы уақыттағы мәдени байланыстардың негізгі бағыттарын көрсетеді. Қазақстан мен Тываның көне көшпелілер өнерінің заттарын сараптау, олардың ою-өрнектерді орындауда, жыртқыштарды бейнелеуде, зерлеу техникасын пайдалануда ұқсастықтар барын байқатады. Кей ғалымдар бұйымдарды орындау техникасын зерттеу көшпелілердің көсемдеріне қызмет көрсететін шеберханаларды оңтүстік өлкелерден іздеу керектігіне итермелейді деп санайды, мәселен, архаикалық Хорезм қалаларынан. Ал Тывадағы Аржан-2 кешенін тұрғызушылар мен Солтүстік Үндістан, Пәкістан арасындағы қарым-қатынас Қазақстан тайпаларының қатысуымен іске асып отыруы мүмкін [Чугунов К.В., 2011, с. 177-80].

Орталық Қазақстандағы Кент, Талды бойы – археологиялық тұрғыдан айрықша өлкелер. Қ.Аманжолов ауылы маңындағы Қарағаш қорымынан б.з.д. III-мыңжылдықтың соңғы сатысына сай келетін, яғни энеолит пен қола дәуірлерінің арасын алып жатқан тым көне корған ашылып,  оның атақты көнешұңқыр мәдениетіне жататыны анықталған. Оның жанындағы Сатан төбешігіндегі қорымдардан қола дәуіріндегі ерте андронов сатысының арбалы (колесница) жауынгерлері жерленген бірегей ескерткіштері зерттеліп, б.з.д. II-мыңжылдықтың басымен мерзімделген болатын. Талды стансасының маңындағы Нұртай қорымынан құнды деректер алынып, олардың ғылыми маңызының жоғары болғандығы сонша, осы ертеандронов сатысының Орталық Қазақстандағы нұсқасы археология ғылымында нұртай мәдениеті деп аталды. Бұл болса – өте кең ауқымдағы еуразиялық андронов мәдениетінің ерте сатысының Орталық Қазақстандағы қайнар көздерінің бірі осы Талды бойынан бастау алғандығын көрсетеді. Қызылкеніш алқабында зерттеліп отырған атақты Кент қонысы – соңғы қола сатысында гүлденген беғазы-дәндібай мәдениетінің (б.з.д. 13-9 ғ.) аса ірі жәдігерлерінің бірі. Аумағы 30 га жерді алып жатқан бұл қоныс Қазақстан жеріндегі қола дәуірі қоныстарының ең үлкені, мұны қазіргі ғалымдар протоқала типтес қоныс санатына енгізді. Осы Талды бойындағы Кенттің бір шоқысы Доңғал деп аталады, ал осы тұстан зерттелген көне қоныс деректері бойынша Орталық Қазақстанның қола дәуірі мен ерте темір дәуірінің арасын алып жатқан өтпелі кезеңді ғалымдар доңғал кезеңі  (б.з.д. 9-8 ғ.) деп атады.

Бұл мәліметтер Талды өңірінің тым ерте замандардан-ақ қонысқа құт, берекелі жер болғандығын айғақтайды. Аталып отырған ескерткіштер бертінде ашылды, бірақ, бір ғажабы, қазақ археологиясының  атасы ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан 1950-жылдары Талдыны көне ескерткіштердің айрықша шоғыры жинақталған өлке деп бағалаған екен. Бұған қарағанда, ғалым осы өлкеден ашылатын келешектегі соны жаңалықтарды сол кезде-ақ ойша тұспалдаған сияқты.

Ерте темір немесе сақ дәуіріндегі құпияларын Талды соңғы жылдары алдыға тартып отыр. Қола дәуірінен бастап, ғұн дәуіріне дейінгі ескерткіштер шоғырланған Талды-2 қорымының орта тұсын сақ заманының 7 үлкен қорғаны алып жатыр. Диаметрлері 30-65 м, биіктіктері 2-3,5 м. Бұл жәдігерлер Қарағанды облысы бойынша аймақтық «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында зерттелді.

7 қорғанның 6-ы жерлеу орындары. Енді біреуі – №7 қорған – жерлеу орны емес, осы әулеттің ас беріп, діни рәсім өткізетін ғұрыптық құрылысы болып шықты. Осы себепті бұл қорғанның ішіне тас мүсін салынған. Айта кету керек, Орталық Қазақстан сақтарының тас мүсіндері деген тақырып ғылымда мүлдем белгісіз, бұрын-соңды көтерілмеген мәселе. Сондықтан, бұл егжей-тегжейлі зерттеулер мен салыстыруларды қажет ететін проблема.

Зерттеу жұмыстары барысында №5 обада 30-35[1] жастағы ер адам жерленгені анықталды. Антропологиялық деректер бұл адамның тірісінде «мығым денелі, мойын, қол-аяқ мускулатурасы өте жақсы дамыған, тіршілік белсенділігі жоғары деңгейдегі» тұлға болғандығын дәлелдейді. №2 қорғанында 2 адам жерленген. Әйел мен еркек, екеуінің де жасы 50-55 шамасында. Мұндағы, әсіресе, ер адамның бас сүйек ерекшеліктері №5 қорғандағы деректерге ұқсас.

Талды-2 қорымының қорғандарынан алтыннан құйылған 200 жуық бұйым мен 22 000 астам ұсақ әшекей табылды. Алтын заттар – сақ билеушілері киген салтанатты киімнің әшекейлері. Оның арасында кісе белдіктің қапсырмалары мен оған ілінген портупея қайыстарға кигізілген әшекейлер мен түрлі тығырықтар, көптеген ілдіргі-салпыншақтар, қару тағылған қайыстар мен киімнің әр жеріне тағылған жапсырмалар бар. Мыңдаған өте ұсақ түйіршіктер шалбар балақтары мен камзолдың өңір-жеңдерін зерлеген бұйымдарға жатады.

Зерттеу бөлімі

Ерте темір дәуірі қазақ жерін мекендеген тайпалар үшін өте маңызға ие уақыт аралығы болып табылады. Осы кезеңде ерте мемлекеттік құрылым қалыптасты. Темір өндірісі қоғамдық өміріне қатты ықпал еткен заманда бірқатар бөліністер пайда болды. Соның бірі діни наным сенімі. Ғұрыптық түсінікпен өмір сүрген халықтың салттық жоралары да сақ дәуірінде үлкен өзгерістерге ұшырады. Сонау замандарда қалыптасқан ерекше салттық рәсімдердің біріне жерлеу дәстүрі жатады. Жерлеу дәстүрі тек діни-нанымдық тұрғыдан ғана емес, жағрафиялық жағынан да үлкен мәнге ие болды. Осындай діни рәсімдік жоралғылардың ошағының бірі қорымдар болып табылады. Қорымдар бірнеше нысандардан тұратын археологиялық ескерткіш. Сақ заманының қорымдары біздің заманымызға дейінгі 7-4 ғасырлар аралығын қамтитын ерте темір дәуіріне жатады. Қорымдарда бірнеше сантиметрлік биіктегіден бірнеше метрге жететін обалар кездеседі. Диаметрі мен биіктігі жағынан ең үлкен обаларды«Патша» обалары деп айтады.Мұндай ескерткіштерге сақ заманында атақты адамдар, тайпа көсемдері, патша мен оның әулетінің өкілдері жерленген. Мұндай үлкен көлемдегі «патша» обалары бар қорымдары Сарыарқаның шығыс аймағындағы маңызды аймақ Қарқаралы өңірінде көптеп шоғырланған. Соның бірнешеуі Ә. Х. Марғұлан атындағы Археология институтының ғылыми қызметкерлерінің (Жет. А.З. Бейсенов) зерттеу жұмыстары нәтижесінде зерттелді.  Олардың қатарына құрамында алып бірнеше обалары бар Қособа, Ақбейіт, Серекті, Талды-2, Қарамола сынды қорымдар кездеседі. Мысалы Қособа қорымында екі «патша» оба бар.Мұндай ескерткіштерде обалар саны санаулы ғана болады. Қарапайым адамдар патша обаларында жерленбеген. Осы қорымды 2013 жылы Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының мамандары зерттеу нысанасына айналдырды. Осы зерттеуге Тоқтар ауылдық округінен мектеп оқушылары да қатысты.

Қособа қорымы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Тоқтар селолық округінің аумағында орналасқан. Тоқтар ауылынан СШШ қарай 5,8 км, Жарлы ауылынан ОШШ қарай 4,7 км, Иманқұл қыстауынан шығысқа қарай 3,8 км, Қарқаралы тауынан 4,1 км жерде. Ескерткіш географиялық орналасуы жағынан орташа биіктіктегі таудың үстінде орналасқан.

Қорым  екі «патша» обасынан тұрады. №1 оба қорымның батыс бөлігінде орналасқан. Диаметрі 25,7 м, биіктігі 2,3 м болатын тас үйінділі оба. Оба қатты бұзылуға ұшыраған. Үйіндінің ОШ бөлігінің тастары толықтай дерлік  шаруашылық мақсатта пайдалану үшін  алынып кеткен. Сонымен қатар солтүстік, батыс жағының да тастары сәл алынған. Обаның осы бөліктерінің шеттерінен бірнеше үлкен тастар көрініп жатыр. Соған қарағанда бекітпе тастардың қалдықтары болуы мүмкін. №1 обадан ОШШ қарай 520 м жерде №2 оба орналасқан. Биік дөңнің үстінде тұр. Диаметрі 30 м, биіктігі 2,1 м болатын тас-топырақты оба.Орталық бөлігінен тонау шұңқыры байқалмайды. Шығыс жағының үйіндісінің етегі сәл биіктеу. Соған қарағанда тонаушылар обаны шығыс жақтан тонаса керек. Үйіндінің солтүстік жағын қалың шым мен қараған басып кеткен. СББ жағынан ірірек тастар шашылып жатыр. Бұл тастар сегізтасты ғұрыптық құрылыстың қалдықтары болып шықты. Бірақ бастапқы орнынан қозғалып кеткен. Обадан 3,5 м жерде орналасқан. Үйіндінің ОБ жағында 4 м жерде құлап жатқан тас меңгір бар. Түбінен сынып түскен меңгірдің бастапқы орны табылмады. Ұзындығы 1,7 м, ені 0,55 м, қалыңдығы 0,15 м-ді құрайды. Орта түсында ойып жасалған шеңбер белгі бар. Оның диаметрі 12 м, тереңдігі 2 см. Меңгірдің өзі ОБ-СШ бағытта жатыр. Дәл осыған ұқсас меңгір обаның шығыс жағында да бар. Мұның ұзындығы 1,65 м, ені 0,6 м, қалыңдығы 0,25 м. Сыртқы пошымы аютасқа келеді. Бұл тақтатаста ОБ жақтағы меңгір тәріздес түбінен сынып түскен. Меңгірдің батыс жағында 1 м жерде меңгірдің бір бөлігі жатыр. Оның батысында сопақша пішіндес шұңқыр бар. ОБ-СШ бағытта ұзындығы 0,5 м, ОШ-СБ бағытта 0,4 м, тереңдігі 0,1 м-ге тең. Шұңқыр меңгірдің бастапқы орны болу керек. №2 обаға қазба жұмысы жүргізу кезінде алдымен 4 секторға бөлінген бровкалар қалдырылып, жіп тартылды. Одан кейін фото, видео түсірілімдер жасалды. Бірінші кезекте, төрт сектордың беткі шым қабаты алынды. Шым қабатының қалыңдығы әр секторда әртүрлі. 0,2-0,45 м-ге дейін жетеді. Шым қабатының астынан орташа көлемдегі тас қабат кездесті. Тас қабат Ақбейіт-1, Серекті-1 қорымдарындағы обалар тәріздес айнала қоршалып жасалған. Тек орталық бөлігінде жоқ. Тас қабаттың қалыңдығы 0,2-0,25 м-ге тең. Жалпақтығы 1,9-5,8 м-ге тең. Обаның солтүстік жағы еңістеу болғандықтан оба үйіндісі жайылып кетпеу үшін осы бөлікке  салынған тас қабаттың жалпақтығы 6 м-ге дейін жетеді. Тазалау барысында үйіндінің батыс жағынан  қола жебенің ұшы табылды. Тас қабатты тазалап  сызба, фото және видео түсірілімдерге түсіріп алған соң, ары қарай қазбаны жалғастырдық. Тас қабаттың астынан үйіндінің топырағын айнала қоршап жатқан ірі тақтатасты бекітпе тастардың жартылай бөлігі табылды. Бекітпе тастарды жартысына жуығын ұсақ тасты қабат жауып жатыр. Бұл қабатта үйіндіні өз қалпында ұстап тұру үшін арнайы жасалған. Солтүстік жағына көп салынса, ал шығыс және оңтүстік жағында аздау. Осы қабаттың жоғарғы жағынан үйіндінің ОШШ жағынан О-Б бағытта құлап жатқан ірі тас мүсін табылды. Тас мүсіннің ұзындығы 2,2 м, ені 0,6 м, қалыңдығы 0,35 м. Мүсінге әйел бейнесі бейнеленген. Қашалып жасалу жағынан өте жақсы. Мойнында алқа тәріздес зат тағынған. Екі қолы жайылып бүгілген. Белінен төмен жағы бедерленбеген. Тас мүсіннің орнатылған жері жоқ.  Ұсақ тасты қабатты алған соң да тас мүсін орналасқан орынның белгілері табылмады. Соған қарағанда тас мүсін белгілі бір рәсім не жоралғы өткенге дейін уақытша тұрғызылуы мүмкін. Жорамалымыз бойынша, жан-жағын ұсақ таспен бекітіп қойып, салт орындалып біткен соң құлата салған. Себебі, біріншіден, сол маңайдан тас мүсін орнатылған ойық жоқ, екіншіден, басқа жерден алып келу мүмкін емес, салмағы 0,4 тн жуық зат. Үшіншіден, үйіндінің шығыс жағында орналасқан. Ұсақ тасты қабаттан соң оның астынан топырақ үйіндіні қоршап жатқан ірі тақта тастардан құралған бекітпе тастар шықты. Бекітпе тастар топырақ қабат шашылып кетпеу үшін арнайы қойылған. Себебі, солтүстік, батыс бөліктерінің тастары кірпіш қалаған тәрізді арнайы қаланған, әрі берік сақталған. Яғни, қай жағы еңістеу сол бөліктің тастарын қалап қойған. Ал шығыс және оңтүстік бөліктерінің тақтатастары үйіндіге сүйеп тұрғызып қойған. ОШ жағының 6 тақтатасы Беғазы-дәндібай мәдениетінің кесенелеріндегі тастар тәрізді етіп тұрғызылған. Бекітпе тастың батыс бөлігінің батысжағында 1,8 м жерде материктік деңгейден 30 см биіктікте шығып тұрған тас меңгірдің түбі бар. Жоғарғы бөлігі жоқ. Ені 30 см, қалыңдығы 12 см. Қазба барысында материктен 0,65 м терендікке дейін қазып орнатқанын анықтадық. Түбінен күл немесе басқа да заттар табылмады. Топырақ қабатты алу барысында оның балшықтан арнайы жасалғанын білдік. Топырақ қабаттың астынан ақ қиыршық  төмпешік табылды. Жалпы саны 9. Диаметрлері 2,8-3,3 м-ді құрайды. Барлығы шеңбер пішінде жерлеу орынын қоршап жатыр. Бір ерекшелігі, аралары біркелкі сақталған.  Төмпешіктер жерлеу орынынан шыққан топырақтар негізінде түзілген. Шеңбер пішіндес түрінде жерлеу орынын айнала қоршап жатқандығына қарағанда олар күнге табыну белгісі ретінде күн сәулесінің нышанын берсе керек. Одан бөлек үш сопақша пішіндегі тас қоршау тұрғызылған. Тастары материктік деңгейде орнатылған. Ерекшелігі, олар жерге қазып орнатылмаған, әрі тік тұр. Үш тас қоршау түріндегі тас құрылыс ОБ-СШ бағытта жатыр. Біреуі обаның ОБ секторын алып жатыр. Екіншісі орталық бөлікте орналасқан. Негізінен, жерлеу орынының жоғарғы бөлігін алып жатыр. Үшіншісі, СШ секторда орналасқан. Жерлеу орыны ОББ-СШШ бағытта созылып жатыр.

Жерлеу орының ұзындығы дромосымен қоса алғанда 6 м, тереңдігі 1,8 м. Дромос деп қабірмен жалғасып тұратын шығысқа тартылған қабір тәріздес шұңқырды айтады. Жалпы, жерлеу орынының шығыс бөлігінде орналасады. Қабір шұңқырынан таяздау, көбіне шығысқа қарай көтеріліп материкпен қосылып кетеді. Жерлеу шұңқырының ұзындығы 4,6 м, ал дромос – 7,4-ке тең. Ені 3,4 м. Шұңқырдың беті ірі тақта тастармен жабылған. Тонау кезіндешашылып қалған. Шұңқыр мен дромостың арасын тік тұрған ірі тақта тас бөліп тұр. Қатты тонау салдарынан заттай деректер жоқтың қасы. Заттай деректерден қола және темір пышақ, қола жебенің ұшы, сынған қыш ыдыстың бөліктері, әрленген моншақ тастар тәрізді археологиялық артефактілер табылды.

Қорытынды

Осы өңірде өмір сүрген ежелгі көшпенділердің өмірі мен тұрмысы, діни нанымдары жəне т.б. бұрыннан белгісіз жаңа материалдық деректер алып, солардың негізінде жаңа теориялық жəне методологиялық тұрғыда тұжырымдамалар жасау, əсіресе, осы жерде өмір сүрген көне халықтар мен қазіргі қазақ этносының арасындағы тарихи сабақтастықты бұрынғыдай тек қана материалдық, яғни заттық деректер арқылы ғана емес, сонымен қатар, молекулярлық биологиялық жəне т.б. пəнаралық зерттеулер негізінде дəлелдеп көруге тырысу сияқты тарихи ғылымдардың стратегиялық нысанасы болып саналатын проблемаларды зерделеу жəне тағы басқа ойлар болды.

Ерте темір дәуірі қазақ жерін мекендеген тайпалар үшін өте маңызға ие уақыт аралығы болып табылады. Осы кезеңде ерте мемлекеттік құрылым қалыптасты. Темір өндірісі қоғамдық өміріне қатты ықпал еткен заманда бірқатар бөліністер пайда болды. Соның бірі діни наным сенімі. Ғұрыптық түсінікпен өмір сүрген халықтың салттық жоралары да сақ дәуірінде үлкен өзгерістерге ұшырады. Сонау замандарда қалыптасқан ерекше салттық рәсімдердің біріне жерлеу дәстүрі жатады. Жерлеу дәстүрі тек діни-нанымдық тұрғыдан ғана емес, жағрафиялық жағынан да үлкен мәнге ие болды. Осындай діни рәсімдік жоралғылардың ошағының бірі қорымдар болып табылады. Қорымдар бірнеше нысандардан тұратын археологиялық ескерткіш. Сақ заманының қорымдары біздің заманымызға дейінгі 7-4 ғасырлар аралығын қамтитын ерте темір дәуіріне жатады. Қорымдарда бірнеше сантиметрлік биіктегіден бірнеше метрге жететін обалар кездеседі. Диаметрі мен биіктігі жағынан ең үлкен обаларды«Патша» обалары деп айтады.Мұндай ескерткіштерге сақ заманында атақты адамдар, тайпа көсемдері, патша мен оның әулетінің өкілдері жерленген. Мұндай үлкен көлемдегі «патша» обалары бар қорымдары Сарыарқаның шығыс аймағындағы маңызды аймақ Қарқаралы өңірінде көптеп шоғырланған. Соның бірнешеуі Ә. Х. Марғұлан атындағы Археология институтының ғылыми қызметкерлерінің (Жет. А.З. Бейсенов) зерттеу жұмыстары нәтижесінде зерттелді.  Олардың қатарына құрамында алып бірнеше обалары бар Қособа, Ақбейіт, Серекті, Талды-2, Қарамола сынды қорымдар кездеседі. Мысалы Қособа қорымында екі «патша» оба бар.Мұндай ескерткіштерде обалар саны санаулы ғана болады. Қарапайым адамдар патша обаларында жерленбеген. Осы қорымды 2013 жылы Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының мамандары зерттеу нысанасына айналдырды. Бұл жұмысым арқылы Қазақстанның археология ғылымының дамуына өз үлесімді қосқым келеді.

You May Also Like

Темекінің адам денсаулығына зиянды әсері, ғылыми жоба

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері  Тақырыптың  өзектілігі  мен жаңашылдығын  аша отырып  жасөспірімдерге  темекінің…

Ұлттық сусынды ұлықтай білейік, ғылыми жоба

Бағыты:  гуманитарлық Секция:  мәдениеттану Ғылыми жобаның тақырыбы:   Ұлттық сусынды ұлықтай білейік Аннотация…

Дұрыс тамақтану денсаулық кепілі, ғылыми жоба

Мазмұны Кіріспе……………………………………………………………3 1.Дұрыс тамақтану – денсаулық кепілі……………………………………5 1.1 Тамақтану тәртібі…………………………………………… 5 Тамақтанудың…

Асқабақтың сырлы әлемі, ғылыми жоба

Тақырыбы: «Асқабақтың сырлы әлемі» Мазмұны  I .Кіріспе…………………………………………………………………………. II.Негізгі бөлім…………………………………………………………………. 2.1 Асқабақ шөптесін…