«Ғ. Мүсірепов шығармаларындағы фразеологияның қолданысы »

Бағыты: Қоғамдық -гуманитарлық

Секция:   Қазақ тілі

Мазмұны

  1. Кіріспе———————————————————————

Ғ. Мүсірепов –  көркемсөз шебері——————————

Фразеологизмдердің қолданысы ———————————–

ІІ.      Қорытынды————————————————————-

«Ғ. Мүсірепов шығармаларындағы  фразеологияның қолданысы»

тақырыбындағы зерттеуге аннотация 

  1. Зерттеудің мақсаты

Ғылыми жобаның басты мақсаты – қазақ әдеби тілін дамытушы Ғабит Мүсіреповтың суреткерлік  шеберлігін, қазақ тіліне қосқан саналы ізденістерін, сөз саптау шеберлігімен қоса,  жазушының прозадағы фразеологиялық сөздік қорын  таныту, шығармаларының тілдік ерекшеліктерін  айқындау.

  1. Гипотезасы

Бұл жоба  оқушылардың ғылыми зерттеулеріне тың деректер ұсынумен негіз болады. Сонымен қатар қазақ тілін зерттеушілердің еңбектеріне және  қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдеріне  көмекші құрал бола алады.

  1. Зерттеу барысы, кезеңдері

Жұмыс барысы үш кезеңнен тұрады: 1) Материалдарды жинақтау кезеңі; 2) Деректерді сұрыптау және анализ жасау; 3) Талдау жасау және жұмыс нәтижесі мен қорытындысын айқындау; 

  1. Эксперименттік әдістемесі

Ғылыми жобада Ғ.Мүсіреповтың бірқатар шығармалары қарастырылды. Зерттеу жұмысына жазушы шығармашылығын зерттеуші көрнекті ғалымдар: Е.Жанпейісов, Х. Кәрімов, Т.Қоңыров, Б.Хасанов, М.Серғалиев, Б.Шалабай, Х.Нұрмұқанов,  М. Балақаев, М. Томанов,  Б. Манасбаев,             М. Серғалиев т.б. ой-пікірлері тақырыпты зерттеудің тірегі болды. 

  1. Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен дербестік дәрежесі

Зерттеуде Ғ. Мүсіреповтың халықтық тілді қаншалықты пайдаланғаны, қаншалықты ұтымды қолдана білгені, түрлендіре білгені, ғылыми түрде  жүйеленіп талданды. Жазушының шығармаларындағы лингвопоэтикалық құбылыстар, шығарманың стильдік табиғаты айқындалды.

Ғ. Мүсіреповтың сөздік қолданыстары, тілінің байлығы көркем шығармалары негізінде сараланды. Жазушының тұрақты сөз тіркестерін, афоризмдерін анықтауда ой тереңдігі мен жазушылық шеберлігіне тұтас мән беріле зерттеліп, көркем сөзбен өрнек туғызған қаламгердің еңбектеріне тағы бір мәрте баса назар аударылды.

Қазақтың көркемсөз шебері Ғ. Мүсіреповтың   шығармашылығы бойынша әр кезде айтылған ғылыми пікірлер жинақталып, оларға ғылыми-сыни тұрғыда талдаулар жасалынып, жазушының  шығармашылық процесі мен сөз саптау шеберлігіне  тұтастай зерттеу жұмысы жүргізілді. 

  1. Жұмыс нәтижелері мен қорытындысы

Жұмыс нәтижелері мектепішілік, аудандық ғылыми отырысында тыңдалды.

  1. Қорытындыларын практикалық қолданудың салалары

Зерттеу жұмысы нәтижелерін қазақ тілі пәнінде пайдалануға мүмкіндік бар. Арнайы курс пен арнайы семинарларда, факультативтік сабақтарда қолдануға негіз болмақ.

КІРІСПЕ 

Зерттеу тақырыбының  маңыздылығы

Халықтық тілдің  толысуына, фразеологизм мен мақал-мәтелдердің, афоризмдердің орнымен қолданылуына көркемдік тұрғыдан үлес қосқан қаламгердің бірі  –  көркемсөз шебері Ғ. Мүсірепов.

Оның шығармалары бейнелілігімен, ойлылығымен, тілінің көркемдігімен ерекшеленеді.

Зерттеу жұмысында Ғ. Мүсіреповтың романдарын, әңгімелерін пайдалана отырып,  ондағы фразеологизмдерді салыстырып, қазақ әдеби тіліне қосқан еңбегін, бағытын айқындап, соны тың сөздеріне яғни, тұрақты сөз тіркестеріне ғылыми пайымдаулар жасап, талдау жүргізу.

Зерттеудің мақсаты

«Ғ. Мүсірепов шығармаларындағы фразеологизмнің қолданысы» атты тақырыпта жазушының суреткерлігіне, сөз өрнегін сала білу шеберлігіне,   яғни шығармашылық лабораториясына жаңа тұрғыда жүйелі зерттеу жүргізу.

          Орындалу әдісі

          Жазушының шығармашылық табиғатына терең бойлау мақсатында баяндау, салыстыру, талдау, қорыту әдістері  қолданылды.

I.  Ғ. МҮСІРЕПОВ – КӨРКЕМ СӨЗ ШЕБЕРІ

Көркем әдебиет тілін зерттеудің бүгінгі таңда теориялық негізі қаланып, оның мазмұны, яғни зерттеу нысаны мен мақсат-міндеттері, ұстанымдары мен зерттеудің әдіс-тәсілдері айқындалған. Бұл орайда жекелеген ақын-жазушылардың тілдік ерекшеліктерін сараптау, көркем әдебиет тілі мен әдеби тілдің байланысын, ақын-жазушылардың әдеби тілге қосқан үлесін, сөз қолданудағы көркемдік, шеберлік қырларын, көркем шығарма тілін зерттеудің мәселелерін қарастырған Р.Сыздықова, Е.Жанпейісов, Х.Кәрімов, Т.Қоңыров, Б.Хасанов, М.Серғалиев, Б.Шалабай, Х.Нұрмұқанов және т.б. зерттеулері қазақ көркем әдебиет стилистикасының ғылыми саласы ретінде қалыптасуына өзіндік үлес қосқан еңбектер болып табылады. Сонымен бірге жекелеген ақын-жазушылардың тілдік қолданыстарын зерттеуге арналған кандидаттық диссертациялар да аз емес. Олардың қатарына Ғ.Мүсіреповтің шығармашылығына қатысты С.Жұмабеков. «Ғ.Мүсірепов» (1989),

Құлбекова Ж. “Ғ. Мүсіреповтің «Оянған өлке, жат қолында» романдары (2004), Ибраева А.Д. «Оянған өлке, жат қолында» роман диалогияның шығармашылық тарихы» (2003), Ы.Ысмағұлов «Ғ.Мүсірепов туралы тоғыз толғам» (2002)  және тілдік тұрғыдан талдау жасаған М.Серғалиевтің «Ғ.Мүсірепов және тіл мәдениеті» (2003), Снасапова Гүлжан «Ұлпан» лингвомәдени бірліктер (2003) деген еңбектерді атауға болады. Сонымен қатар, ақын-жазушылар тілін талдаған көптеген еңбектер бар. Мысалы С.Хасанова «Ы.Алтынсарин әңгімелерінің тілі», С. Ғұбайдуллиннің «Әбіш Кекілбаев шығармаларының тілі»,  М.Жұманазарованың «М.Әуезов әңгімелерінің тілі» т.б. еңбектері бар.

Біздің қарастыратынымыз,  халықтық тілді жазушының қаншалықты пайдаланғаны, қаншалықты ұтымды қолдана білгені, түрлендіре білгені, әрі жазушының әдеби тілге қосқан үлесінің салмағын көрсету және халықтың  сүйікті жазушысы Ғ.Мүсіреповтің шығармаларындағы лингвопоэтикалық құбылыстар, шығарманың стильдік табиғаты болмақ.

Халықтың рухани байлығы – шын мәніндегі көркем әдебиетті жасайтын тек қана табиғи ұлы дарындар екені талассыз шындық. Қазақ халқының ХХ ғасырдағы өскен әдебиетін бүкіл әлемге танытқан да сол алып дарындар болатын. Солардың бірі – Ғ.Мүсірепов.

Ғ.Мүсірепов – қазақ әдебиетінің үлкенді-кішілі бірнеше жанрларын өркендетуге кезінде белсене араласқан көркем сөздің зергері. Оның қаламынан туған көркем әңгіменің қай-қайсысы да идеялық мазмұны терең, жазылу шеберлігі көзтарталық әсем де мінсіз шығарма ретінде есте сақталып отырады. Көбінесе жазушы юмор туғыза суртеттейді, автор қолданған тілдік құралдар оқырманын бірден жаулап алады.

«Қос шалқар», «Талпақ танау», «Шұғыла» сияқты алғашқы әңгімелері сатира мен образға толы шығармалар.

«Қос шалқардағы» туған өлке табиғатының ғажайып суреттерін естен кетпестей етіп суреттесе, «Талпақ танау» әңгімесі тек қана Ғ.Мүсірепов қаламынан туған өзіндік сыр-сипаты, ерекшелігі мол тұлғалы туынды.

Жазушының әр тұста жазған ана тақырыбындағы шоғыр әңгімелері – қазақ әдебиетінің көкжиегін кеңіткен кезеңді еңбектер. Ол ең алдымен 30 жылдары А.М.Горькийдің ана тақырыбына жазылған әңгімелерінің ізімен екі-үш әңгіме «Адамның анасы», «Өлімді жеңген ана», «Ана кесілі айнымайды» жазды. Одан кейін жазушының өзінің «Ананың анасы», «Ашынған ана», «Ананың арашасы» атты әңгімелері мен қазақ әдебиетіне жаңа леп, көркемдік өрнек әкелді.

Ұлы Отан соғысы жылдары жазған «Ер ана», «Ақлима» әңгімелері. Ұлы Отан соғысынан кейінгі жазылған әңгімелері «Әмина», «Айгүл қойшының күндері», «Айжан қойшының түндері». Бұл шығармалар еңбек тақырыбына арналған.

Осындай әдеби тілімізді дамытуға үлес қосқан жазушы Ғ.Мүсіреповтің туындыларын тану, тілдік құралдарды қолданылу мақсаты мен афоризмдерін меңгеру кейінгі ұрпақтың міндеті болмақ.

Ғабит Мүсірепов саналы ізденіп, қажырлы еңбектеуінің нәтижесінде ондаған жылдар ішінде қазақ кеңес әдебиетінің классиктерінің санында көрінгені шындық.

Ғ.Мүсірепов – ана тіліміздің әсемдігін, әуезділігін, құлпырмалы қуатын паш еткен зергер. Оның бейнелеу құралында ана тілінің алуан түрлі қат- қабатын көреміз.

Фразеологизмдердің қолданысы

Тіліміздегі сөз байлығымызды тек жеке сөздер ғана емес, құрылыс жағынан күрделі единицалар да кездеседі. Олар: тайға таңба басқандай, төбе шашы тік тұру, қой аузынан шөп алмас, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған т.б.

Дүниенің тілдік бейнесі фразеологизмдерден, тұрақты тіркестерден, мақал- мәтелдерден анық көрінеді. Себебі бұл тілдік қабатта ұлт өкілдерінің дүниеге деген көзқарастары, айнала қоршаған ортаға қарым- қатынасы, сондай-ақ халық даналығы жинақталған. Осымен байланысты дүниені танып- білуде фразеологиялық бірліктердің маңызы ерекше. Әсіресе көркем шығармада автордың пайдалануда ерекше шеберлігін көретін болсақ. Ол үшін Ғабит Мүсірепов әңгімелерінде кездесетін фразеологизмдерге назар аударайық: Кеше сен, бүгін мен болсам- дүние кезек емес пе, көнбеске сенің де шараң жоқ! «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан!» деген сөйлемде жазушы уақыт өткен сайын заман өзгереді дегенді білдіру үшін қолданған.

Мұндай сөздер халық тілінің мәйегі болып саналады, әдеби тіліміздің, шешен тіліміздің айнасы болып табылады. Оларды фразеология немесе тұрақты сөз тіркесі деп атайды. Ал фразеология сөзі екі мағынада қолданылады:

  • Тілдегі тұрақты сөз тіркестерінің жалпы атауы;
  • Тұрақты сөз тіркестерін зерттейтін тіл ғылымының бір саласы.

«Фразеология деп, екі не одан көп сөздің тұтас бір меншікті мағынаға ие болып, бір бүтін единицаға айналуын айтамыз. Мысалы, ашса алақанында, жұмса жұдырығында т.б.

Фразеологиялық тіркестердің ерекшелігі оның құрамындағы дыбыс пен сөздің тұрақтылығы» [11,64]. Мысалы,

 -Жесір қыздан жесір қатын жақсы деп ем, бақыр басыңды алтын табаққа салайын десем … – деп телміріп отыр» (96).

Ғ.Мүсірепов – ана тілінің ел таныған ерен жүйрігі. Оның сөз үлесінің салмақтылығы сөйлем құраудағы зергерлік өнері, жазу мәнері ана тілі сұлулығын паш етіп, ерекше бір ләззат береді.

Фразеологиялық тіркестерді қайта құруда, оларға жаңа түр, жаңа белгілер беруде Ғ.Мүсірепов қолданған әдістер әр түрлі болып келеді. Суреткер «Қозы-Көрпеш – Баян-сұлу» пьесасында мақал-мәтелдерге жаңа сөздер енгізу, немесе, орнын ауыстыру арқылы да жаңа белгілер береді. Мысалы: «Уа, қайдасың, төскейде малым қосылған теңдесім! Төсекте басым сенімен қосылсын да!..» (36-бет). Бұл мысалдағы «төскейде малы, төсекте басы қосылу» деген фразеологиялық тіркесті, автор арасына жаңа сөз енгізе отырып, сөйлем алып отыр. Фразеологиялық тіркесті бұлай қолдану кейіпкердің ішкі психологиясын аша түседі. Сол сияқты «… жылатып алған сұлудан – жыламай қосылған су мұрын деген…» осы мысалдарда автор түрлендіріп қолданады.

Фразеологиялық тіркесте де экспрессивті мәнерлілік жасай алады. Мұның өзі әрбір фразеологиялық ойдың астарында әдетте, образ тұратынын білдіреді. Мысалы. «Уа, күн көрген тауыңды тап. Тауыңды» (34-бет). Осы мысалдарға «күн көрген» тіркесі «тіршілік ету» тіркесінің орнына жұмсалып, образды бейнелеуде қолданып тұр. Бұл жерде айта кетер жайт: жазушының парцеллияцияны да орынды қолдануы.

Фразеологизмдерді образды бейнелеу әдісі ретінде қолдану кездеседі.

«Қапыда айырылған ақ сұңқарым қайда қалды?».. (45-бет). Асыл сөз айтылып болды емес пе? Ақ мандайым тірелді десейші одан да!.. Сұм тағдырым сен болсаң – сен де сына қыз күшін (42-бет). «Ол оралмаса, өзің ора шылбырды: алма мойын үзіліп кетер деймісің» (44-бет)… Мені көрген, жын көргендей қашады. Қодар десе, ит те ұлып қоя береді, үрмейді ұлиды… Жүрмін ит жанды сүйрелеп... (57-бет) дегендегі тұрақты тіркестер – ойды әсерлі жеткізу үшін жұмсалған тілдік құралдар.

Міндім ашуға! Салдым білекке, көп қылармын бұл күнін! Маңдайын күнге, табанын құмға жалатармын Баянның! (45-бет).

Жоқ, жоқ! Қабырғадан қан кешермін, тоқтатармын мұныңды! (38-бет). Бұл мысалдағы «маңдайын күнге, табанын құмға жалату», «қабырғадан қан кешу», т.б. тұрақты әсерлеуге жататын фразеологиялық тіркестер.

«Тәңірі деген, тас балқып, мұз ерімейтін бе еді, көрігі келіспей жүр де, көрігі, көрігі». (43-бет). «Жігіттің азғаны, намыстың тозғаны» да… Әйтпесе, өңгеріп алып жүре беретін болмашының бірі осы қыз емес пе еді бұрын! (44-бет). Уа, мен анасы болам Баянның! Жұтқызбаймын жалғызымды сен жалмауызға!.. Көл тартылар, Дария сарқылар, Күнікейдің күші таусылмас! (29-бет). Осында кездесетін «тас балқып, мұз еру», «жігіттің азғаны, намыстың тозғаны», «көл тартылар, дария сарқылар» сөз тіркестері – тұрақты литоталар.

… Сұлу қыз, үйітілген күшіктей, жұлынған тотыдай етермін! (45-бет). «Күн ашылсын, боран басылсын, шықшы бермен шатырдан! Айдай жүзінді, жұлдыздай көзінді көрсетші бері!» (46-бет). «Уа, алысқан арыстан, жұлысқан жолбарыс сияқты алыптарым – Қозы, Қодар бері келіндер!» (39-бет). Мұндағы «үйітілген күшіктей, жұлынған тотыдай, айдай жүзі, жұлдыздай көзі», «алысқан арыстан, жұлысқан жолбарыс» сияқты тіркестер тұрақты теңеулерге жатады.

Пьесада фразеологиялық тіркестердің барлығы бірдей бір типтес болып келе бермейді. Олардың лексика және грамматикалық өзгешеліктері жағынан варианттас болып келетіндері де кездеседі. Компоненттері жағынан синонимдес болып келетін фразеологиялық тіркестер:

– «Әттең, артына ғана мінгестіріп жібермес пе ем, қызы құрғырды, алып қана, жеті қабат жердің астына түсіп қана, қарасы өшкірдің қарасы өшіп қана кететін біреу табыла қалса! Көрсетпе қаранды, естіртпе дауысынды!» (11-бет). Осындағы «қарасы өшкір», «көрсетпе қараңды» тіркестерінің компонеттері өзара мағыналас синоним болатын фразеологиялық тұрақты тіркестер.

Фразеологизмдер пьесада көп жағдайда ырғақты, өлең ұйқасты болып келеді. Ырғақтылық пен ұйқастылық фразеологиялық тіркестерге мәнерлілік сипат береді. Мысалы: «Үй іргесін аямасаңыз, ат арқасын босатып, дем алып аттанайық деп едік. Еліміз шабылып, өзіміз сабылып келеміз…» (25-бет). «Бикеш, іс иесін тапқанға ұқсайды! Жас арыстан кездесті – жол орайы енді оңалар!» (26-бет).

«Аюға намаз үйреткен таяқ екенін тағы бір көрсетер ем көзіне, күледі-ау, жұрты құрғырдың жұрты!» (29-бет).

«Ел шауып, Ертіс бұзып келемін», «Жүр Жантық! Басым шөлде қалса, аяғым жетер көлге!…» (40-бет). Осы үзінділердегі «ат арқасын босату», «елі шабылып өзі сабылу», «іс иесін табу», «аюға намаз үйреткен таяқ», «ел шауып, Ертіс бұзу», «басы қалса шөлде, аяғы жетер көлге» фразеологиялық тіркестер ел аузында сақталған ұйқасқа құрылған ырғақты тіркестер.

Көркем шығармаларда авторлар көбінесе фразеологиялық тіркестерді жеке сөздердің орнына қолданады. Ғ.Мүсіреповтің пьесада бұлай қолдануы сөздің экспрессивтілігін, мәнерлілігін арттыра түсіп, сөйлемге мағыналық өткірлік берген. Тағы бірде, «… Көз жазып қалдым ғой қараңнан… Не деп кеттің, ақ ботам?..» (30-бет). «Алдына барымды алып келіп едім, атқарайын деп едім, енді жағым қарысар!.. Намысы жоқ кеуде, Жуан жұдырықсың дегенің ғой, бұл…» (45-бет). «Мен қуайын дегеніне обалына қалам ба деп ойланам. Бұғанаң қатпаған көрінеді…» (26-бет).

Мұндағы «көз жазып қалу» – адасу, «жағы қарысу» – үндемеу, «бұғанасы қатпау» – жас сөздерінің орнына қолданылып тұр.

Жеке сөздерге тән эмоциональды-экспрессивті бояу, тұрақты сөз тіркестеріне де тән болып келе береді. Мұндай экспрессивті тұрақты сөз тіркестері айтылған ойға, құбылысқа немесе затқа деген өзінің көзқарасын, оған деген бағасын білдіре отырып, адамның сезіміне әсер етеді. Экспессивті тұрақты сөз тіркестері пьесада әр түрлі көңіл-күйге байланысты жұмсалған.  

Мысалы. «Қан жауғыр, өңімде болса нем қалар еді, түсімде дағы! О, жағың қарыссын, жағың қарысқыр (11-бет). «Қара тас, қара тас!», «Әділдік кеткен заман емес пе… Ағынан жарылады деймісің…» (13-бет). «Ботам, ботам, ақ ботам! Екі көзімнің бірі! Өшкен сәулем, сенген үмітім!» (27-бет). «Қан жауғыр», «Жағың қарысқыр», «қара тас», «ағынан жарылу», «ақ ботам», «өшкен сәулем» кейіпкерлердің әр түрлі көңіл-күйлеріне байланысты қолданылған тұрақты сөз тіркестері.

Фразеологиялық тіркестер қай тілде болмасын мақал-мәтелдермен қат-қабат, қатарласа өмір сүреді. Бұл тілдік категориялар тіл байлығының ең құнарлы тармағына жатады және көркем сөз қорының мәйегі болып саналады.

Бұл құбылыстың бір көрінісін фразеологизмдердің мақалдардың құрамында кездесуінен байқаймыз. Мәселен, қазақ тілінде ор қазу деген тіркес бар. Тіл даму процесінде осы тіркестің негізінде «Біреуге ор қазба» деген мәтел, одан «Біреуге ор қазба, өзің түсесің» немесе «біреуге ор қазба, ор қазсаң терең қазба, өзің түсерсің» деген мақалдар пайда болған деп есептейміз. Осындағы фразеологизмнің мақалдардан бұрын пайда болғандығын дәлелдеу қиын емес.

Р.Сәрсенбаев, Ө.Айтбаев, С.Сәтенова, Ғ.Тұрабаева, т.б. қазақ ғалымдары мақал-мәтелдің өзара айырмасын ғылыми жұмыстарына арқау етті.

«Мақал – халықтың өмірден алған тәжірибесінің, ой-тұжырымының қорытынды жиынтығы, айқын ойды үлгі-өнеге, ақыл ретінде қысқа қайрып, көркем бейнелеп жеткізетін халықтың дана нақыл сөзі. Мақал аяқталған (жай я құрмалас) сөйлем түрінде келеді, тура және ауыспалы мағыналы болады.

Мәтел – мақалаға қарағанда ойды ақырына дейін жеткізбей, топшылама болжам ретінде түсіндіретін, сөйлем түрінде де, сөз тіркесі түрінде де фразеологиялық бірлік»

Сол себепті біз халық даналығының үшінші түрі деп мақал-мәтелдік оралымдарды, яғни бойында мақалға да, мәтелге де тән қасиеттер болатын, құрамындағы компоненттердің жартысы тура мағынасында, жартысы ауыспалы мағынада (егер қос тағанды болса) келетін тіл бірліктерін атауды жөн көрдік. Мысалы.

  1. Сиыр сипағанды білмейді, жаман сыйлағанды білмейді.
  2. Жүрген аяққа жөргем ілінер, жатқанға жан жуымас.
  3. Сырын білмеген аттың сыртынан жүрме.

Ал халық даналығының төртінші түріне халықтың өмірде көрген-білгенін мысал ретінде түйіп айтатын және тарихи уәждемелерді (мотивтері) бар оралымдарды жатқызып, оларды тәмсіл деп атауды ұйғардық (Ә.Қайдаровтың ұсынуы бойынша). Мысалы.

  1. Қайда барсаң – Қорқыттың көрі.
  2. Аяз, әліңді біл, Құмырсқа, жолыңды біл.
  3. Абылайдың асында шаппағанда, Атаңның басына шабасың ба?
  4. Жүзігі барда – Сүлеймен, жүзігі жоқта – сүмірейген.
  5. Есім ханның ескі жолы, Қасым ханның қасқа жолы.

Бұл әрбір тәмсілдің астарында ұзақ сыр, мәңгілік тарих, асқан даналық, ұлылық жатыр»[19] –дейді мақал-мәтелдер жөнінде ғалым С.Сәтенова.

Бірақ кеудемде бір әдемі құстар ән салып тұрғандай (54).

          Қуаныш  жалқыны кеудесіне сыймай, ойға сыймасты тілі де айта алмай қалыпты (89).

Өзім іздеп табам ғой деп, жүрегін алып  ұшып келеді…- деді (81).

          Көз жасымды көлдей төгіп, болыстың әкесіне жалындым (78).

Фразеологизмдердің адам жан дүниесін, мінез-құлқын, ішкі психологиясын, қимыл- әрекетін, сөйлеу мәнерін беруде проза тілінде қолданылатын түрлері ерекше экспрессивтік- стильдік бояуды танытатыны айқындалды.

Мысалы,  Кедейлік жаншып, ділгірлік сорына белден батып отырған жоқ- жітікке жаны ашыды ( ). Фразеологоиялық сөздіктен мағынасын іздеп қарасақ: мұқтаждыққа түсті, жоқтық, мұқтаждық азабын тартып отыр [13, 263].

Қатын қарғысынан қараңғылық орнағанын көргенім жоқ, бас таңбаңды, Жалмұқан, қарауылдың  ұл-қызына үлгі болсын, байлап жібер бір есіктің мойнына!() «Есіктің мойнына байлап жіберу»- бұрынғы замандағы ел жазасына байланысты туған фраза, мазақ ету, күлкі ету мағынасында жұмсалып тұр.

Енді міне, кеудесіне бір шайтан кіргендей, түн бойы өзімен-өзі арпаласып, ұйқы көрмей шықты. Кеудесіне шайтан кірді- суық жүріске салынды, азды, жолдан тайды.

Амансың ба, Ақан… Көз талдырып, көңіл қалдыра жаздап, әрең оралдың-ау! Ақан…  (Көп зарықтырды, көңілден кете жаздады)

Қарағанды қыраны ағып келіп, жау бекіністерін соққылап өткенде, … жиырмадан артық жау офицері мен солдаты мәңгі тұрмастай жер құшты . (Өлді, өлім құшты).

Мақал- мәтелдер – халықтың қоғамдық құбылыстарды кең қамтып, өмірдегі әр қилы қарым- қатынастарды әсерлі, көркем бейнелейтін, тақырыбы, идеялық мазмұны бай ең бір мол саласы. Ғабит Мүсірепов шығармаларында мақал- мәтелдер тақырыптық жағынан әр алуан. Олар түрлі мақсатта қолданылған.

Ғабит Мүсіреповтің халық даналығы – мақал-мәтелдерді пайдалану өнегесі көзге түседі. Бір байқалатын жай –  жазушы мақал-мәтелдерді көп және жете біледі, бірақ сол білгендерінің бәрін сол күйінде тізе бермейді, сөз орайына қарай, бейнелеуге алынып отырған жағдайға байланысты өте ұтымды қолданады. Соның өзінде мындаған оқырмандарға қашаннан таныс мақал- мәтелдерге көп бара қоймайды да, сиректеу айтылатынын тілге тиек етеді. Мәселен, Осы ызамен келе жатқан Омар көңілі «Әдемі алманы көргенде, пышақтың да тісі қышып кетеді» дегендей Сармонтай жағының қызына әр қиядан-ақ ауытқып еді (). Осы сөйлеміндегі мақалдың кірістірілуі барынша қисынды. Әрине, жазушы «Қызға кім қазақпайды, қымызды кім ішпейді» мақалын білмейді емес, сондықтан да ауызекі сөйлеу тілінде де, көркем немесе публицистикалық шығармада да жиі кездесіп, әбден таптаурын болған сөйлемді, тәрбиелік мәні жоғары екендігіне қарамастан, дәл осы орайда пайдалануды жөнсіз санағаны көрініп тұр.

Осы жолдарды оқығаннан кейін «қазақтың бір күнде екі адамға ақыл айтпаса, отыра алмайды» дегенді бекер-ақ қоспаған екен» деді Кенжағара. Кенжағараның бұл мақалды айтуының мәні бар, өйткені осының алдында ғана ол Седельников деген орыс ғалымының қазақ туралы азын-аулақ жағымды, содан соң бояуды қалың жаққан жағымсыз пікірін оқыған болатын.

Жазушы Кенжеғараның аузына мынадай да сөз салады: Франция отарлап болған жеріне қала салады, Англия- мола салады  деген тағы бір нақыл сөз бар.  Туған елінің байлығына қызығып бірінен соң бірі келіп жатқан шетелдік алпауыттарға қарап, тіпті қарап қана қоймай, олардың әрекеттерін көзімен көріп, күнде куә болып жүрген Кенжеғараның бұлай демеске амалы да жоқ еді.

Жұртшылықтың қолданысында жиі ұшырасып жүрген мақал- мәтелдерді жұмсағанда әйгілі сөз зергері оны стильдік мақсатта әдемі пайдаланады. Бет-ауызы қап-қара, маса талап екі көздің орнына екі сызық қана болған, құлаққа, мұрыңға шаң тұрып қалған, адам көргісіз түрін айнаға қарап көріп «Бетін қисық болса, айнаға өкпелеме» дегенді білетінмін, бірақ осы айнаның өзі де қисық шығар дегім келеді. Айнаның қасында менен басқа бала жоқ болып шықты. Ал өз суретімді суға түсіп жүргенімде талай көргенім бар, мына сұмпайыға ілуде бір мүшем ұқсамаса керек еді. Тап мынадай болған түрімді бұрын- соңды ұшыратқан емеспін.

Ал мынадай жағдайда оқиғаның, құбылыстың созылыңқылығы, жалғастылығы білініп тұр. Мына мысал туралы да осыны айтуға болар еді: «Өсер елдің баласы он бесінде баспын дер, өспес елдің баласы жиырма бесте жаспын дер» демес пе еді бұрынғылар.

Қайрош қашып келе жатып, жан-жағынан алағызып қорқып- үркіп келе жатқан сәтінде ербеңдеген көлеңкесінен  де қорқады. Ол құтты бір Қайрошты мазақ етіп келе жатқандай сезінеді. Сондағы айтқан сөзі «жаман дос- көлеңке» (13) деп әлдекім дұрыс айтқан ғой.

Автор бұл жерде нақылды қолданысқа енгізеді. Қара мұрттың сиырын жоғалтып алғанына налып, қорқып келе жатқанында «бақташы байымайды» (13) деп бекер айтты деймісің, бүгін бір пәле келіп сап ете түсті…» деп, бұл мәтелді ұтымды етіп қаһарман аузына салады. Қалаға келіп ұйықтап оянып, түсінде өзінің қашып жүргенін көреді, сонда «батыр түсінде жау көреді, балықшы түсінде ау көреді» (16) дегендей, мен түсімде қашып келе жатқанымды көрдім» деп, бұл жерде мақалды қияыстыра қолданысқа енгізеді. Қарны әбден ашқан Қайрош орысшаланған дүкеншенің жанына келіп, жеуге бір нәрселер сұрайды. Дүкенші оған әрі кет деп зекіреді. Сонда «сырты сопы молдадан іші таза қазақ артық» (18) деп қолданады.

Ана мен бала арасындағы махаббат ерекше сезім ғой. Баласын сағына, алыстан іздеп келген ана бағұс баласын көріп қуанышы қойнына сыймай, елжірей сүйген сәтінде «қарға баласын аппағым» (18) деп сүйеді дегендей, апам мені «күнім!» деп, искелеп, сүйіп жатыр» деп, бұл жерде шеберлікпен мәтелді ұтымды қыстыра кіргізіп, тілді нәрлендіре түседі. Міне, түрлі сөз өрнектерін шебер қолданысқа енгізген.

Қарастырып отырған қаламгер тілінде мақал-мәтелдер өте көп қолданылған олар ешбір өзгеріссіз жұмсалса, кейде өзгеріске ұшырап, автор тарапынан, стильдік мақсатта түрлене отырылып жұмсалады.

ҚОРЫТЫНДЫ

Біздің зерттеу нысанымызға негіз болып отырған Ғ.Мүсірепов шығармалары болғандықтан, жазушы шығармаларын жан-жақты қарастырған ғалымдар  еңбектерімен таныстық, тұжырымдарына сүйендік.

Ғ.Мүсірепов халық тілі байлығын, халық тілі байлығының сан алуан қырларын шеберлікпен пайдалана білген Ғ.Мүсірепов өзіне тән сөз қолдану үлгілерін жасады. Жазушы стилінің ерекшелігі: сөйлеу тілі интонациялық байлығы, эмоциялық, экспрессивті сөздердің мағыналы қолданылуы, образдылық,  сөз мағынасының астарлы болып келуі, сөз мәйегі мақал-мәтелдердің мол қолданылуы.

Тұрақты теңеулер,  эпитеттер, троп түрлері шығарма шырайын келтірген.

Қорыта келгенде, Ғ.Мүсірепов шығармалары поэтикалық қолданыстарға бай. Жазушы қара сөзбен айтар ойды бейнелі сомдайды. Жазушының қай шығармасын оқысақ та афоризмдерін кездестіреміз. Ол – қаламгердің шешен де, ұтқыр тілдік қолданыстарды жасауы. Халық даналығындағы небір асыл ойлы нақыл сөздерді де ақын-жыраулар жазып, авторы белгісіз, яғни ұмыт болғандығы белгілі. Ал бүгінгі жазба тілімізде, қазақ әдеби тіліне нақыл сөздерін қалдырған, шешен жазушы Ғ.Мүсірепов деп білеміз.

You May Also Like

Бөдене жұмыртқасының пайдасы, ғылыми жоба

Тақырыбы:                               Бөдене жұмыртқасының пайдасы Бағыты:                                   «Таза табиғи орта – Қазақстан – 2050…

Нан өнімдерінің құрамындағы мырыштың мөлшерін сандық анықтау, ғылыми жоба

Ғылыми зерттеу жұмыстың тақырыбы: «Нан өнімдерінің құрамындағы мырыштың мөлшерін сандық анықтау» Жұмыстың…

Халық педагогикасы – ұлттық тәрбие бесігі, ғылыми жоба слайд

Бір түскен сәулесі едің жарық-нұрдың… Исабек Ишан кесенесі, ғылыми жоба

Ғылыми  жобаның тақырыбы: Бір түскен сәулесі едің жарық-нұрдың… Исабек Ишан кесенесі Бағыты:…