ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ КӨНЕ ӨЛШЕМДЕРІ

Кіріспе бөлім  . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .

Негізгі бөлім . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .  . . . .  .

Ұзындық өлшемдері. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .

Аудан өлшемдері. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .

Көлем өлшемдері. . . . . . . . . . . . .. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .

Салмақ өлшемдері. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .

Уақыт өлшемдері. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .

Өлшемдердің ауыз әдебиетінде кездесуі. . . . . . . . . . . . . . . . . . . .

Қорытынды бөлім . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .

Тәжірибе . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .

ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ КӨНЕ ӨЛШЕМДЕРІ 

Кіріспе бөлім 

Өнер – білім бар жұрттар
Тастан сарай салғызды;
Айшылық алыс жерлерден,
Көзіңді ашып – жұмғанша,
Жылдам хабар алғызды.

Ыбырай Алтынсарин атамыздың бұл өлеңіндегі «көзді ашып жұмғанша» сөзі өте аз уақытты білдірсе, «айшылық алыс жер» сөзі айлап жүретін алыс қашықтықты білдіреді. Осы сияқты ескі өлшемдерді ауыз әдебиетінде көп кездестіреміз. Мысалы ертегідегі кейіпкер «бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс» деп сипатталса, мақал-мәтелде «Ауру мысқалдап кіріп, батпандап шығады» делінеді. Мұндай өлшемдер батырлар жырларында да, аңыз-әңгімелерде де, есептер мен жұмбақтарда да бар.  Халқымыздың тұрмыс-салтының өзгеруіне байланысты пайдаланған бұл өлшемдер де қолданыстан шығып, жаңа өлшемдерге ауысты. Бұл қалай болғанын зерттеп көрейік.

Әр нәрсенің өлшемі болады. Соған сәйкес ұзын-қысқа, ауыр-жеңіл, үлкен-кіші, қалың-жіңішке түріндегі салыстыру сөздерін пайдаланамыз. Бірақ күнделікті өмірде дәлірек сипаттау үшін бұл терминдер жеткіліксіз. Қоғам болып өмір сүргендіктен адамдар арасында бір-бірімен тауар айырбасы, сауда-саттық жүреді. Әр заттың белгілі бір мөлшеріне баға қойылады. Ерте кезде өлшеу құралдары қазіргідей кең тараған жоқ. Сондықтан пайдаланылған өлшем бірліктер де жергілікті жердің тұрмыс-тіршілігіне сәйкес болды. Әртүрлі ұлттар пайдаланған өлшемдерден көп ұқсастықтарды байқаймыз. Себебі, өлшеу құралдары болмағандықтан қысқа ұзындықтарға саусақ арасы, алақан, шынтақ, қолдың ұзындығы, аяқтың табаны, аттаған қадамы пайдаланылса, үлкен ара-қашықтықтарды белгілі-бір уақытта жүріп өтетін жолмен сипаттады. Барлық адамдардың бойы мен дене бітімі бірдей емес. Соған сәйкес ежелгі өлшемдердің дәл мәні болған жоқ. Біз оларды жуық шамада ғана сипаттаймыз. Оларды ұзындық, аудан, көлем, салмақ және уақыт өлшемдері деп негізгі топтарға бөліп қарастырамыз.

Негізгі бөлім

ҰЗЫНДЫҚ ӨЛШЕМДЕРІ 

Ұзындық өлшемдерін 4 түрге бөлуге болады:

  • өте қысқа ұзындықтар үшін. Заттың қалың-жұқалығын білдіреді.

Қыл елі – өте жұқа.

Пышақ қыры – жұқа.

Елі – сұқ саусақтың еніне тең ұзындық бірлігі (шамамен бір жарым-екі см).

 

  • қысқа ұзындықтар үшін. Қол аяқпен өлшенетін өлшемдер.

Буын – ортаңғы саусақтың ұшынан оның ортаңғы буынына дейінгі аралыққа тең ұзындық бірлігі (шамамен 5 – 6 см).

Сүйем – ол созылған бас бармақ пен сұқ саусақ ұштарының арасы (шамамен 17 – 18 см).

Қарыс – бас бармақ пен ортаңғы саусақ ұштарын толық ашқанға тең ұзындық бірлігі (шамамен 19–20 см).

Шынтақ – Ортаңғы саусақтың ұшынан шынтаққа дейінгі қашықтық. Екі қарысқа тең өлшем ретінде алынады (шамамен 45см).

Құлаш – иық деңгейіне сәйкес кере созылған екі қол ұшының арасына тең ұзындық бірлігі (шамамен 170 см).

Қадам – аяқпен бір адым аттағанға тең ұзындық бірлігі (шамамен 60–70 см).

Аттам – адамның ең үлкен қадамы (шамамен 1м).

  • көзге көрініп, дауыс естілетін қашықтықтар үшін.

Таяқ тастам жер – лақтырған қамшы жететін жер (шамамен 10–15 м).

Әй дейтін жер – шамамен 100 м.

Дауыс жететін жер – шамамен 250-300м.

Шақырым – 1км.

Көз ұшында – шамамен 2-3 км.

  • алыс қашықтықтар үшін.

Иек астында – шамамен 4-5 км.

Тай шаптырым жер – шамамен 4-5 км.

Құнан шаптырым жер – шамамен 8-10 км.

Ат шаптырым жер – шамамен 25-30 км.

Қозы көш жер – шамамен 5-6 км.

Бір көш жер – 10-15 км.

Түстік жер – 30-40 км.

Бір күндік жер – 90-100 км.

Бұдан алыс қашықтықтарды сипаттайтын айшылық жол, ит өлген жер, жердің түбі, қиыр деген өлшемдер де бар.

Биіктік не тереңдікке байланысты тобыққа дейін, тізе бойы, кіндік бойы, күрек бойы, құрық бойы, кісі бойы өлшемдерін пайдаланған.

АУДАН ӨЛШЕМДЕРІ 

Алақандай – алақанның ауданындай.

Ұлтарақтай – табанның ауданындай.

Тулақтай –  құлынның терісіндей.

Үй орнындай – киіз үйдің ішкі ауданындай.

Бір танап жер – 1500 м2.

Бір мойын жер – жарты гектар.

Бір айдам жер – 1 гектар.

Көлдей жер – өте үлкен жер.

КӨЛЕМ ӨЛШЕМДЕРІ

Қолмен ұсталатын заттарға шөкім, уыс, құшақ  өлшемдері пайдаланылса, сұйықтарға құйылатын ыдыстың аты пайдаланылды.

Бір шөкім – ұсақ затты үш саусақтың ұшымен алғандағы өлшем.

Уыс – алақанға сыятын көлем.

Құшақ – қауышқан екі қолдың арасының көлемі.

Бір шелек –  10 л.

Бір торсық – 6-7 л.

Бір саба 10-15 л.

Бұдан басқа да атына сәйкес мағынасы да айқындалып тұрған титімдей, бас бармақтай, жұдырықтай, кесектей, қазандай деген өлшемдер де бар. 

САЛМАҚ ӨЛШЕМДЕРІ

Мысқал – 1 г.

Қадақ – 400 г.

Келі – 1 кг.

Пұт – 16 кг.

Бір қап – шамамен 50 кг.

Қанар – шамамен 70-80 кг.

Батпан – шамамен 100 кг және одан артық. 

УАҚЫТ ӨЛШЕМДЕРІ

Қазіргі күн, апта, ай, жыл өлшемдері ежелден  пайдаланылады. Жаңа ай туғаннан бастап келесі ай туғанға дейін бір ай деп есептесе. Күн мен түннің теңесуі Наурыз жыл басы болған. Адамның жасы мүшелмен есептеліп, әр 12 жыл сайын 1 мүшел қосылып отырған.  Күнделікті өмірде уақытты сипаттайтын мынадай өлшемдерді пайдаланған:

Бір сәт, қас қағым сәт – 1 с.

Сүт пісірім уақыт – шамамен 5-10 мин.

Бие сауым уақыт – шамамен бір жарым-екі сағ.

Ет пісірім уақыт  –  шамамен 3 сағ.

Ал таңсәрі, күн найза бойы көтерілгенде, түс, бесін, түс ауа, ымырт, ақшам, қас қарая, түн, түн ортасы, жұлдыз өшкенде сөздері күнделікті уақыт шамасын анықтады.  Жыл мезгілдеріне байланысты ай туғанда, жер көктегенде, күк күркірегенде, шөп сарғайғанда, қырау түскенде, алғаш қар жауғанда, қансонарда сөздері қолданылды.

Өлшемдердің ауыз әдебиетінде кездесуі

«Қамбар батыр» жырында

Қамбар да қайтпай ұмтылып,

Бар қайратын шақырды.

Құйрығынан көтеріп

Айналдырып басынан,

Лақтырып жіберіп,

Қырық қадам жерден асырды. 

«Қырық өтірік» ертегісінде:

Жонынан атжалманның айыл алдым,

Үш жергем, ішін жарып, майын алдым.

Ізіне аттың басқан қақ тұрыпты,

Қырық құлаш қармақ салып, жайын алдым.

Жұмбақ:                 Бойы бір қарыс, Сақалы екі қарыс.                                                                                          /Жүгері/

Қорытынды бөлім 

Жоғарыда айтып өткендей бұл өлшемдер жуық шамамен алынған. Мысалы, әртүрлі адамдардың бойына сай құлашы да, қадамы да әртүрлі болады. Бұл әсіресе сауда-саттық жасаушылар үшін қиындықтар, келіспеушіліктер туғызды. Сатушының өлшеген қарысы сатып алушының қарысынан кіші болса, қарыспен өлшенген тауар сатып алушыға қымбатқа түсетіні белгілі. Керуенмен жолға шыққан саудагер барған елінен алған затынан қанша пайда көретінін білу үшін өз елінің өлшеміне аударып отыруы керек. Осындай қиындықтар мен келіспеушіліктерді болдырмау үшін елдер арасында ортақ өлшемдер пайдалана бастады. Бекітілген ұзындықтағы сызғыштар мен таразы тастары пайда болды. Оң нәтиже берген бұл бастама ары қарай жалғасын тауып, қазір дүние жүзінде ИНТЕРНАЦИОНАЛДЫҚ ЖҮЙЕ бойынша бекітілген ұзындықты метр және оның бөліктері арқылы; массаны килограмм мен оның бөліктері арқылы; уақытты секунд, минут, сағат арқылы өлшейміз. Сол сияқты сұйықтарға литр, ауданға шаршы метр және гектар өлшемдерін пайдаланамыз. Қазіргі техника дамыған заманда барлық жерде күнделікті қолданысқа енген жаңа өлшемдер ескі өлшемдерді ұмыттыра бастады. Бірақ ескі өлшемдерді бұрынғы жазылған тарихи деректер мен көркем әдебиеттерден көптеп кездестіруге болады. Әр адам өз тарихын, тілін, дінін, әдебиетін, мәдениетін білуі керек. Ескі өлшемдерді есте сақтаудың көне тарихымыз бен салт-дәстүрімізді тереңірек білуде маңызы зор.

Зерттеу

Әр адам өзіне сәйкес кейбір өлшемдерді біліп жүруі тиіс. Мысалы,  менің қарысым – 15см, сүйемім – 13см, елім – 1см, құлашым –115см , қадамым –60см, аттамым – 70см, табанымның ұзындығы – 18см. Осы өлшемдерді пайдаланып өлшеу құралы болмай қалғанда да кейбір ұзындықтарды анықтай аламын. Менің жұмыс үстелімнің ұзындығы 5 сүйем, ені 3 қарыс. Соған сәйкес үстелдің ұзындығы 65см, ені 45см.

Сонымен қатар бойымның ұзындығы 118см, жерден кіндігіме дейін 65см, иығыма дейін – 95 см, қолымды созғандағы жететін биіктігім 150см. Осылай кейбір биіктіктер мен тереңдіктерді де анықтай аламын.

You May Also Like

Қаңғыбас иттердің қоршаған ортаға әсері, ғылыми жоба слайд

Жылқының емдік қасиеті, ғылыми жоба

Бөлімдер  Жылқының емдік қасиеті  Жылқының сезім мүшесі  Жылқы жануары туралы деректер  Жылқыны…

Абай шығармашылығы, шығарма

Шығарма Абай шығармашылығы Орындаған: —  Оқытушысы: — Абай шығармашылығы            Шығыстың ақиық…

Ротор деген не? Ротор туралы ақпарат

Ротор — генератордың айналып тұрған бөлігі. Ол электромагнитті болып келеді. Генератор жұмыс…