Шығарма

Абай шығармашылығы

Орындаған:  

Оқытушысы:

Абай шығармашылығы

           Шығыстың ақиық ақыны, философы Абай Құнанбаев бәрімізге танымды және мәлім. Ал ұлы Абайдың шығармашылығы қазақ елінің өмірінді елеулі орын алған еді. Оның қара сөздері мен өлеңдері әрбір қазақтың санасында жаттанды күйінде қалған.

Абайдың білімге деген талпынысы, ізденісі өте жоғары. Ауыл молдасынан сауат ашқан Ырғызбай әулетінің қара домалақ баласы арабша оқулықтармен қатар, орыс әдебиетін қатар алып жүрді. Молдадан сауат ашқанымен ғана тоқталып қалмай, Семейдегі Ахмет Риза медресесінде одан әрі білімін жалғастырды.

          Бірақ Абай заманында оқу, білім сынды өлшеуі жоқ құнды затттар бағаланбады, тіпті бағасы болмады десек артық айтпаймыз. Ол сол замандағы надандық пен озбырлықты, көрсеқызарлық пен іштарлықты, жалқаулық пен еріншектікті өз шығармаларында суреттеп жазған болатын.           Мәселен «Сабырсыз, арсыз, еріншек» өлеңінде қоғамның мың жақсылығынан бір құйтырқы әрекетінен кейін, қазақ елінің беделін түсіріп, алты бақан алауыз болатынын баяндаған. Оны мынадай сөз тіркесінен біле аламыз:

«Сабырсыз, арсыз, еріншек,

Көрсеқызар, жалмауыз,

Сорлы қазақ сол үшін,

Алты бақан алауыз».

Ұлы ақын жас ұрпақты  адамгершілікке, имандылыққа, ғылым-білім үйренуге үндейді. Жастарды бес нәрседен – өсектен, өтіріктен, мақтаншақтық пен  еріншектіктен, бекер мал шашпақтықтан қашық болуға,  бес асыл іске – талап етуге, еңбекті сүюге, терең ойлай білуге, қанағатшыл болуға, рақымшылық жасауға шақырады.

Ұлы ақын «Адамның білімі, өнері – адамшылықтың таразысы» деп санайды. Ол білімді  барлық атақ-даңқ, құрмет пен бедел, байлықтан жоғары қояды. Жастарды жас кезінде оқуға, ғылымға, еңбек етуге, ізденуге, білімдіден үйренуге,  солардай болуға тырысуға шақырады.

Қазақ қауымының болашағы жастардың бойына адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру туралы ой қозғады. Адам болам десең байлықпен озбай ақыл, әділеттілік, ғылым, ар, жақсы мінезбен оз дейді. Ол туған халқын шын сүйді, оның әлеуметтік өміріндегі кемшілігін мінеп, жоюға күш салды. Оған дәлел, жоғарыда айтылған сөздерді «Ғылым таппай мақтанба» шығармасынан кездестіре аламыз.

Халқының қамын жеген Абай заманындағы теңсіздік пен бөлінушілікке көңілі толымды емес еді. Басында ешбір білімі жоқ байдың  ішінде рухани құндылығы  бар, қарапайым кедейден өзін артық көріуіне ызалықпен қарады.

«Соқтықпалы соқпақсыз заманда» өскен, «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деп насихаттаған Абай «Адамзаттың бәрін сүй бауырым» деп,  «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп іштей толғанды.

Табиғат – адам баласының еңбек етіп, өмір сүретін ортасы. Бар байлық, қазына, тіршілік, табиғат дүниежүзі әдебиетіндегі ірі классик ақындардың барлығының да шығармаларынан орын алды. Әр дәуір, әр жағдайға лайықты табиғатты әркім әртүрлі жырлады. Біреулер табиғат арқылы өмір сүретін, біреулер табиғатты суреттеу арқылы көңіл-күйін, өз көзқарасын айтып берді. Ал кейбіреулер белгілі бір кезеңдерде өмірдегі күрес-тартыстардан безіп, табиғатты ғана жырлап, өмірден безу көйгейін тартты. Қайткенмен де, табиғат көркем әдебиеттен үлкен орын алды.

Абайдың да айрықша жырлағанының бірі табиғат болды. Ол табиғат аясында өсіп, оны сүйе білді. Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», «Күз», «Қыс», «Жаз» деген өлеңдерін оқығанда, табиғаттың әртүрлі құбылысы көзіңе елестейді. Жаратылыстың жайдары жазын, түсі суық тұманды күзін, не болмаса сақылдаған аязы мен қарлы боранын өзің көріп тұрғандай боласың. Мысалы, «Желсіз түнде жарық ай» деген өлеңінде:

Желсіз түнде жарық ай

Сәулесі суда дірілдеп,

Ауылдың жаны терең сай,

Тасыған өзен гүрілдеп.

Қалың ағаш жапырағы,

Сыбырласып өзді-өзі.

Көрінбей жердің топырағы

Құлпырған жасыл жер жүзі, – деп, жазғы түннің әдемі суретін алдыңа тартады, жаз кезінің желсіз тымық күні, аспандағы жарық айдың суға түскен сәулесі, жазғы ауыл, оның жанындағы терең сай, гүрілдеген өзен суретшінің бояуы арқылы тұтас бір картина ретінде көз алдыңа келеді.

Ақын жайнаған жаздың әдемі көркін осылай суреттесе, сол сұлу сурет өзгеріп, гүл, жапырақ солып, түсі қашқан күздің суық кескінін:

Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан,

Күз болса, дымқыл тұман жерді басқан.

Білмеймін, тойғаны ма, тоңғаны ма?

Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан.

Жасыл шөп, бәйшешек жоқ бұрынғыдай,

Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай.

Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп,

Жапырағынан айрылған ағаш, қурай, – деп күз түсумен бірге бәйшешек солып, ағаштардың сидиып, жапырағынан айрылғанын, ерке жазда мәз-мейрам болып келген жастардың, асыр салып ойнаған балалардың көрінбейтіндігін, қысқасы, көңілсіз күздің бейнесін тамаша түрде елестетеді.

Абай қыстың кескінін де аса шеберлікпен суреттейді. Үскірік бораны бұрқырап тұрған қысты рақымсыз адам бейнесіне ұқсатады. Қыстың малға да жағдайсыз соқыр, мылқау күш екендігін аңғартады.

Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,

Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.

Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,

Басқан жері сықырлап келіп қалды.

Дем алысы – үскірік, аяз бен қар,

Кәрі құдаң – қыс келіп, әлек салды.

Ұшпадай бөркін киген оқшырайтып,

Аязбенен қызарып ажарланды.

Абай жылдың қай мезгілін суреттесе де, ең алдымен оның шындық бейнесін береді. Жоғарғы үзіндіде келтірген өлеңдердің қайсысын оқысақ та, сол кездің суреті көз алдыңда тұрады. «Қылышын сүйреткен қыс», «Масатыдай құлпырған жаз» өз кескінімен көрінеді. Жылдың төрт мезгіліндегі табиғаттың өз әдемілігінің мына жері кем қалыпты деп ешкім таласа алмастай етіп суреттелінеді.

Ақын өлеңдерінде табиғаттың тек жалаң суретін ғана беріп қойған жоқ, оны адам өмірімен нық байланыстыра білді. Мал бағумен күн көріп, көшіп-қонып жүрген қазақ елінің өмір шындығын дәлме-дәл көрсетіп, жылдың әрбір мезгілінің мал баққан елге қандай әсер ететіндігін баяндады.

Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,

Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып,

Шаруа қуған жастардың мойны босап,

Сыбырласып, сырласып, мауқын басып, –

деп, Абай күн көрісі табиғатпен нық байланысты болған елдің алты ай қыста бүрсең қаққан, қалт-құлт еткен кейпі жаз келе жадырап, басқа түрге енгенін, мал баққан ел қандай қуанышпен жазды қарсы алатындығын, оның өзі өмір тіршілігімен байланысты екендігін көрсетеді. Сондықтан да ол осы өлеңінің екінші бір жерінде:

Жаңа пұлмен жамырап саудагерлер,

Диханшылар жер жыртып, егін егер.

Шаруаның бір малы екеу болып,

Жаңа төлмен көбейіп дәулет өнер, – дейді.

Ақын қазақ даласындағы жазғытұрғы кездің барлық суретін толық берумен бірге, бұл кезді қазақ халқын еңбекке жұмылдыратын, тіршілік үшін күресінің қайнар көзі деп таниды.

Мал семірер, ақ пенен ас көбейер,

Адамзат көңілі өсіп, көтерілер.

Қара тастан басқаның бәрі жадырап,

Бір сараңнан басқаның пейілі енер.

Тамашалап қарасаң, тәңір ісіне,

Бойың балқып, ериді іште жігер, – деп жаздың суретін өзі де сүйеді және оны жалпы жұрттың көңілін шарықтатып, жігерін туғызатын маусым деп ұғады.

Қорыта келгенде, бір жайтпен толық келісуіміз қажет. Абай шығармалары сөзсіз  бүгінгі күні де өзінің өзектілігін жойған жоқ. Уақыт өткен сайын әр қырынан өсіп , өркендеп отыратын асыл мұра болып ұрпақтар санасынан орын ала береді.Ұлы ақынның әрбір айтқан сөзі – есті адам үшін өсиет-өнегенің, тәрбиенің таптырмас үлгісі десек артық айтқан емес. Абай шығармасының танып білу, тәрбие алу  және оны әлемге таныту  – қазақ халқының бүгінгі ұрпақтарының парызы , міндеті дегім келеді.

You May Also Like

Тұздың пайдасы мен зияны, ғылыми жоба

Тұздың пайдасы мен зияны  Сараптама Бұл ғылыми шығармашылық жұмыс оқушылардың тілін, шығармашылығын,…

Ең үздік ғылыми жоба «Гастрономиялық Алматы»

Ең үздік ғылыми жоба «Гастрономиялық Алматы» Орындаған: Арын Ақбота, Имашева Дильназ Мазмұны Кіріспе………………………………………………………………………………………………………………………………

ӘТІРЛЕР ӘЛЕМІ, ғылыми жоба

ӘТІРЛЕР ӘЛЕМІ Мазмұны: І.  Кіріспе ………………………………………………………………………………….3 ІІ. Негізгі бөлім………………………………………………………………………..4 Хош иістердің пайда болу…

Қазақтың ұлттық тағамы-құрттың адам ағзасына пайдасы, ғылыми жоба

Ғылыми жобаның тақырыбы: “Қазақтың ұлттық тағамы-құрттың адам ағзасына пайдасы” 1.Кіріспе 2.Негізгі бөлім:…