Ең үздік ғылыми жоба «Батырлар жырындағы ономастикалық кеңістік»

Орындаған: Жүнісов Сәкен 

«Батырлар жырындағы ономастикалық кеңістік»

Кіріспе

 Поэтикалық ономастика – қазақ тіл білімінде көп зерттелмеген, тың саланың бірі. Осы бағыттағы зерттеулер түркі, соның ішінде қазақ тіл біліміндегі онимдердің құрылымдық таптастырылуын айқындауға; антропонимдердің, топонимдердің шығу тегін зерделеуге, олардың көркем шығармадағы алатын орнын анықтауға мүмкіндік береді. Осыған байланысты эпостық шығармалардағы  ономастикалық кеңістікті зерттеу тіл біліміндегі көркем мәтін ономастикасын жаңа қырынан талдап, жалпы көркем шығарма ономастикасымен салыстыра қарастырып, нақты тұжырым жасауда, ерекшеліктерін анықтауда маңызды. Ноғайлы дәуірінде ғұмыр кешкен, ерен ерлігімен көзге түскен, батырлар жырының қаһармандары туралы жазылған шығармалар – қазақ халқының тарихи-мәдени өмірінен ақпарат беретін құнды дүниелер. Эпостық жырындағы  онимдерді шеберлікпен қолдануларынан «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын», «Алпамыс батыр»  шығармаларын қарастыра отырып, сол кездегі қоғамдық құрылым, мәдени құндылықтарды, қоршаған ортаны, аспан әлемін, өзіндік көзқарастарын т.б. ономастика түрлерін анықтауға болады. «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Ер Тарғын батыр» жырларының  ономастикалық поэтикасының көркемдік ерекшелігін ашу, көркем-бейнелік ойлау қабілетін толық анықтау, оның адамзаттың дамуына, көркеюіне қосқан құнды үлесін айқындау дегенді білдіреді. Жоғарыда айтылғандар түркітануда, соның ішінде қазақ тіл білімінде поэтикалық ономастиканы кешенді ғылыми зерттеуді қажет ететін жеке сала ретінде қалыптастыру қажеттілігін айқындайды. Сонымен қатар ноғайлы дәуірінде жазылған батырлар жырларының поэтикалық шығармалардың ономастикалық кеңістігі қазақ тіл білімінде зерттеу нысаны болғанмен, оның қолданбалылығы болған емес. Бұл жайттар жұмыс тақырыбының өзектілігін айғақтай түседі.

Жұмыстың мақсаты. Жұмыстың басты мақсаты – батырлар жырындағы ономастикалық кеңістікті анықтау, соның ішінде онимдердің мәтін ішіндегі қызметін анықтау, этимологиясын қарастыру, олардың жыр идеясын жеткізудегі мәнін ашу.

                                   

                                           Ономастика – ғылыми пән

Ономастика – заттарды жекелеп атайтын жалқы есімді зерттейтін тіл білімі саласы. Ономастика термині сонымен бірге жалқы есім жиынтығын – қазіргі ғылымда «онимия» ретінде белгілі онимдерді атау үшін қолданылады. Жеке ел, аймақ немесе мәтіндегі жалқы есімдердің тізбегі «ономастикон» деп аталады. ХХ ғасырдың 60-жылдарындағы жеке ономастикалық еңбектерде ономастика термині антропонима, яғни адамның есімдер жиынтығы мағынасында қолданылған.[1.10] Жалқы есім – ономастиканың нысанасы болып табылады.Ал ономастиканың зерттеу нысаны–лексиканың басқа салалармен салыстырғандағы жалқы есім ерекшеліктеріне ықпал етуші өзіндік ономастикалық белгілерін анықтау, онимдердің әр түрлі топтарын зерттеу, ономастикалық атаулар мен жалқы  есім қызмет ерекшеліктерін талдау болып табылады.[1.11] Ономастика теориялық негіз ретінде жалқы есімдердің ерекшеліктерін, олардың жалпы есімдерден айырмашылығын зерттеумен, олардың тілдегі ерекше жағдайымен, сөйлеудегі құрылымның ерекшелігімен ғылымдар жүйесінен дараланып шықты. Қазіргі таңда ономастиканың деңгейі, оның ғылымда алатын орны, басқа ғылымдармен байланысы анықталды. Өзіндік жеке салалары пайда болды. Солардың ішінде жалқы есімдер ерекше қызмет атқаратын және өзінше жеке ономастикалық кеңістік болып табылатын әдеби ономастика маңызды рөл атқарады.

1.2 Ономапоэтика – ономастиканың бір саласы

            Ономапоэтика – көркем әдеби туындылардағы жалқы есім атаулыны, олардың құрылым принципін, мәтіндегі қолданысын зерттейтін, оқырманның қабылдауы мен қаламгердің эстетикалық көзқарасын білдіретін, мақсатын айқындайтын ономастиканың бір тармағы,сондай-ақ автордың стилін, дүниетанымын және идеологиялық қызмет атқаратын антропонимдерді қолдану ерекшеліктерін зерттейтін ономастиканың саласы. Белгілі ғалым Т.Жанұзақов: «Көркем әдебиет кейіпкерлерінің жалпы типтік, жиынтық образ жасауда үлкен роль атқарады. Көркем әдебиеттегі басты кейіпкерлер есімінің жалқы, төл есімдік мағыналарынан ауытқып, жалпы мағынаға ие болатындары да бар» деп жазады. Мәселен, Ер Тарғын жырындағы Қарабай, Шық бермес Шығайбай, Асан қайғы т.б. есімдер осыған дәлел. Көркем туындылардағы кейіпкер аттары – лингвистикалық тұрғыдан жалқы есімдер функциялық қызметі жағынан жалпы есімдерге қарама-қарсы.себебі жалқы есімдер – лексикалық мағынаға ие, ал жалпы есімдер – атауыштық қасиетке ғана ие. Олай болса, кейіпкер аттары жалқы есімнен жасалғанымен, жалпы есімге ауысқанда, бастапқы ұғымынан, мәнінен айрылады. Жалқы есімдердің  жалпы есімдерден айырмашылығы, Л. Т.Жанұзақов, Е.А.Керімбаевтардың еңбектерінде жан-жақты баяндалған.  Жалқы есімдердің  мәдени-ұлттық табиғатына қатысты әртүрлі көзқарасты талдай отырып, профессор Е.А.Керімбаев: «Әр халықтың онимиясында мәдени-тарихи ақпарат жинақталған, қоғамның мәдени тарихына байланысты жалқы есімнің ерекшеліктерін және типологиялық ұлттық-мәдени ерекшеліктерін зерттеудің маңыздылығын»  ұғындырады. Ертегі-аңыздардағы Қорқыт, Алдар көсе, Шығайбай, Қарабайлар, Батырлар жырындағы Алпамыс, Қобыланды, Ер Тарғын, Бейімбеттің Мырқымбайы  арқылы тарихи кезең, сол уақытта өткен оқиғалар жайлы этнографиялық дерек бере алады [5.524]

2 Батырлар жырының ономастикалық кеңістігі

Ә.Марғұлан  «Қазақ эпосының сипаты және тарихи шарттылығы» атты еңбегінде қазақ эпостарының қалыптасу тарихын бес кезеңге бөледі.

1.Архаикалық кезең. Ол исламшылдыққа дейінгі түрік аңыз, мифтері негізінде жасалған туындылар жатады. Осы кезеңге Күлтегін жыры, Құламерген, Ер Төстік, Оғыз Қаған туралы аңыздар т.б.

2.Оғыз-Қыпшақ дәуірі (IX-XII). Бұл кезең жырлары Қытай, Иран, Араб шапқыншыларына қарсы күресті арқау етті. Мысалы, «Қорқыт ата кітабы» т.б.

3.Ноғайлы дәуірі (XIII-XVI) – «Бөген батыр», «Едіге», «Қобыланды батыр», «Ер Сайын», «Қамбар», «Орақ батыр» т.б.

4.Қалмақ шабуылы дәуірі. XVII-XVIII  ғасырлардағы «Құба алмақ» заманы, Абылай заманындағы батырлар туралы жырлар, Олжабай , Қабанбай, Бөгенбай батырлар туралы жырлар жатады.

5.Кейінгі дәуір. Қазақ батырларының хан, сұлтандарға, патшаларға қарсы күресін бейнелейтін Сырым, Исатай, Махамбет, Бекет батырлардың ерлігі туралы жырлар жатады.

Батырлар жыры –  ауыз әдебиетінің бағзы заманнан бері ескірмей ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отырған күрделі туындыларының бірі. Қазақ батырлар жырының басты кейіпкері елін сүйген батыр, ал оның мақсаты- халқын, Отанын жаудан қорғау. Батырлар жырының көпшілігінде халықтың түбегейлі мұң-мүддесі көкселеді. Батырлар жырларынан ерте замандағы баласы жоқ қарттың, бастаушысы жоқ елдің басқадан жәбір –  жапа көретіні баяндалады. Мұндай батырды халық қартайған ата -ананың амандығы үшін қажет санайтын, оның көршілес рулармен күш біріктіруін көздеген туындылардың бірі «Қобыланды батыр» , «Ер Тарғын», «Алпамыс батыр» жырлары.М.Әуезов эпостық шығармалар  туралы : « Бұл дастандар көбіне сонау бір бағзы замандарда Орта Азияны, Қырым мен Еділ бойын жайлаған көшпелі тайпалар басынан кешірген нақтылы тарихи оқиғалардың поэтикалық көрінісі болып табылады. Батырлар жырының кейіпкерлері  –  Қобыланды, Қамбар, Тарғын сияқты аға батырлар мен Алпамыс, Сайын тәрізді батырлардың есімдері тарихи оқиғаларға байланысты»- деп жазғаны баршаға аян. Қазақ тілінде ұлттың этникалық сипатын айғақтайтын тілдік деректер аз емес. Солардың  бірі – тарихи ономастика. Атап айтқанда ру, тайпа, ел тарихын зерттеуде батырлар жыры, әртүрлі сипаттағы тарихи шығармалардың мазмұнындағы этнонимдік, антропонимдік, топонимдік атаулардың ұлт болмысын тану үшін маңызы зор. Осы кезге дейін ол деректер көбіне поэтикалық жүйе шеңберінде қарастырылған. Ономастиканың дербес саласы ретінде қалыптасқан поэтикалық ономастика көркем әдебиет пен халық ауыз әдебиетіндегі онимдердің қолданылуын зерттейді. Көркем шығармалар мәтіндеріндегі барлық жалқы есімдердің қолданылу ерекшеліктерін әдеби ономастика зерттейді. Ономапоэтика көркем әдебиет туындыларындағы жалқы есімдерді олардың құрылымын, қолданылу аясын, қаламгердің идеялық көзқарасын білідеретін ономастиканың бір тармағы болып табылады. Поэтикалық онимдер көптеген зерттеулердің нысаны ретінде алынып келеді.Осы бағыттағы зерттеулер түркі, соның ішінде қазақ тіл біліміндегі онимдердің құрылымдық таптастырылуын айқындауға мүмкіндік береді. Осыған байланысты халық ауыз әдебиетінің  үлгілері «Қобыланды», «Ер Тарғын», «Алпамыс» жырларының ономастикалық кеңістігін анықтауды жөн көрдім.Батырлар жырындағы  онимдер  -антропонимдер, топонимдер көркем мәтін ономастикалық кеңістігінің өзегін құрайды, сонымен қатар олар ономастикалық кеңістіктің шектік кеңістігін құрайтын, мәтін ішінде талдауды қажет ететін басқа да ономастикалық атаудың мәтін ішіндегі құралдармен тығыз байланысты болатыны анықталды.Көркем шығармадағы онимдер жанр түріне қарай әртүрлі болып келеді. Оларды ойдан шығарылған кейіпкерлер, тарихи тұлғалар, прототипі бар есімдер деп бөлуге болады. Көркем шығармада ономастикалық лексика ерекше орын алады. Әр жазушы оны ерекше көзге түсетін, стильдік экспрессивті құрал, стильдің ерекше көрсеткіші ретінде қолданады.

2.1 «Қобыланды батыр» жырының ономастикалық кеңістігі

«Қобыланды батыр» жыры – қазақ халқының қаһармандық жыры. Шет ел басқыншыларынан елді қорғау, осы жолда  асқан ерлік көрсеткен ер азаматтардың батырлық істерін көрсететін  батырлық эпостарының бірегейі. ХІV ғасырларда Қазан хандығының құлдырауы нәтижесінде туған эпостық жыр. «Қобыланды» жыры -тайпалық эпос түрінде туып, бірте – бірте жалпыхалықтық жырға айналған қазына. Қазан төңкерісінен бұрынғы фольклортану ғылымында бұл жырды орыс патшасы Иван Грозныйдың 1552 жылғы Қазан хандығын жаулап алу оқиғасымен байланыстыра қарау басым болды. Кезінде Мәлік Ғабдуллин бұл пікірге қарсы шығып, «Қобыланды» жырының одан үш жүз жыл бұрын ХІІ ғасырдағы Шыңғыс ханның ұрпағы Ғазан ханға қарсы күрестің барысында туған эпос екенін жазды. «Қобыланды батыр» жырын бес түрлі кезеңге бөледі. Солардың алғашқысы  ІХ-Х ғасырдағы пешенег дәуірі, екіншісі IX-XI ғасырдағы оғыз-қыпшақ дәуірі. Үшінші-төртінші кезең XV-XVI ғасырлардағы Ноғайлы ордасы мен Өзбек –Қазақ ұлысы кезеңімен байланысты. Е.Ысмайылов «Қобыланды батыр» жырын XIV-XVI ғасырлардағы ноғайлы заманының батырлар жырына жатқызады. Қазақ батырлар жырының, оның ішінде  «Қобыланды батыр» жырының ономастикалық кеңістігі антропонимдерден, топонимдерден, этнонимдерден тұрады.

А) антропонимдер:            

Қарақыпшақ Қобыланды,

Атасы оның Тоқтарбай

Қобыланды – кейбір зерттеушілердің пікірінше, Қобланды тарихи антропонимнің түпкі нұсқасы емес, поэтикалық өзгеріске түскен тұлғасы. Сөз түбірі – Қоблан, ды – түркі тілдерінде өткен шақты білдіретін қосымша. Осы –ды,- ді қосымшасына тоқталған М.Қашқари оны жыраудың іс әрекетті көзімен көріп, куәсі болғандығынан хабар беретінін көрсеткен [71, 75 б.].

Атаңа нәлет, Алшағыр,

Көрсеттің ғой өкімді!

Жалғызым тірі бір  келер,

Асықпай тұр қызылбас,

Сыбағаңды сол берер!

Опасыз дүние сырғанақ.

Он үш жасар Қобланды,

Шынымен сенен айырлсам

Жалғызым, тезірек келмесең,

Өтірік емес құдайдың

Біз оны сезімдік эмоциялық негізінде туған теңеу, яғни поэтикалық құбылыс емес, этникалық сипаты айқын антропоним дейміз.

Атына Қоблан мініпті

Тайбурылды талдырмай

Табан жолға салыпты

Алты жасқа келгенде

Арыстан туған Қоблан

Қазнадан қамқа киеді

Келелі түйем ішінде

Қайырлы Бураға ұсаған

Қайырлы туған Қоблан,

Ботам, сенен айырлдым[72, 264 б.].

«Қобланды» сөзінің түбірін сөз еткен тұста Е.Жұбанов: қабылан (жолбарыс) деген халықтық этимологиямен де байланыстырады. «Қобланды» атауының түп төркінін «қу» сөзінен шыққан: «Құба мен қу сөздерінің атауы әр басқа болғанымен мағынасы жақын, екеуі де сарғыш тартып қуарып кеткен түсті білдіреді …. Қу сөзі құба сөзінің қысқарған түрі» деген пікір ұсынады. Осы ретпен оғлан ежелгі ұғлан (бала) сөзінің өзгеріске түскен тұлғасы дей келіп, проф. Е.Жұбанов бұл атаудың жасалу жолын былайша таратқан: құба оғлан, қоб(а) оғлан, қоба(ғ)лан, қобұлан, қобылан және ғалым «Қобыланды» есіміндегі құба(қоб) жоғарыда айтылған құба жон, құба төбел деген заттың түрі мен түсін білдіретін сияқты емес, рудың атын білдіретін сөз, ру атауы мағынасында айтылып тұр деп анықтай түседі [73, 175.]. Проф. Ә.Қоңыратбаев «құба» сөзінің Құба тас, Құба тау, Құба сеңгір, Құба төбе, Құба көл, құба қыпшақ, құба қалмақ деген атауларда бірде этноним, бірде топоним, бірде гидроним, бірде ороним тұлғасында кездесетінін дәлелдей келіп: «Қобыланды» атының Көбен, Қабан, Құбылай, Құбығұл болып та айтылатыны эпоста баршылық деген жорамал айтады. [74, 115].

Сонымен, Қоблан сөзінің төркінін этнонимдік тұлғада жасалған «Құбаұғлан» тіркесінен тудыруға толық негіз бар: Құбаұғлан-Қобұлан-Қоблан-Қобланды бұл антропонимнің жасалу жолдарын байқатуға тиіс. Сонда ол «қыпшақ ұлы», дәлірек айтқанда, «қыпшақ елінің батыры» деген семантикалық мағынаға ие болмақ. Демек, Құбаұғлан (Қоблан) – этноантропоним.  [31.147].

Көктім –аймақ – жырдағы Құртқаның әкесі. Бұл да көне оғыздың емес, орта ғасырлардағы түрікпен  руының атауы. «Аймақ» сөзін «ру» мағынасында да сақтап отырған түрікпендер болып табылады. [32]

Қара қасқа ат мінген

Алдынан шықты ер Қазан.

 Қазан  – жыр нұсқаларында кездесетін қалмақ ханы.

Ә) топонимдер:

…Қызылбастың елінен Қазан деген ер шығып, Ноғайлының жерін, Қырлы қала, Сырлы қала деген екі қаласын тартып алады.

Сырлы (Қырлы) қала  – бүгінгі Шетпеден солтүстікте 10-15 км жердегі Иір ойында дүңкиіп тұрған  сырлы қала  мен Айрақты монолит төрткүлдерінің біреуі болып табылады

…Жайықтың бойы қамыс–ты,

Батырлар қылды намысты.

Жайық–  Беріш тайпасының ең іргелі руы. Жайық өзені б.з.б 2 ғасырлардан бастап белгілі.

В) этнонимдер:                    Қаладан шығып көп Қыпшақ

Қойдай маңырап шуылдап,

Қозыдай маңырап дуылдап

Қобыланды ерге қосылды.

Қыпшақ – ежелгі түркінің Шина Усу ескерткішінде алғаш кездеседі. Қыпшақтарды Орхон жазбаларында  «сары» деп аталады

«Қобыланды батыр» жырының ономастикалық кеңістігін жасау барысында  біршама атаулар көрсетілді.

2.2 «Ер Тарғын» батыр жырының ономастикалық кеңістігі.

Басқа жырларға қарағанда, “Ер Тарғын” жырының варианттары көп емес. Жырдың ең негізгі бір нүсқасын Марабай ақынның айтуынан Н.И.Ильминский 1859 жылы жазып алып, 1862 жылы қазан қаласында бастырып шығарған. Тарғын — бір рудың ғана емес, бүкіл ногайлы жұртының батыры. Оған ноғайлы атанған елдің алыстығы жоқ, бәрі де жақын, тума-туыс болып көрінеді. Ол туралы қазақтың батырлар жырында бір емес, екі бірдей ғажайып қисса бар. Олардың бірі баршамызға орта мектеп оқулығынан-ақ таныс болып, балаң көңілді баурап алған «Ер Тарғын» жыры. Ал екіншісі өткен ғасырдың отызыншы жылдың аяғында ел аузынан жазып алынып, әдеби айналымға енген «Тарғын батыр» дастаны. Осы екі жырдың оқиға желісіне зер салсақ, «Тарғын батыр» дастаны бірінші тұруға тиіс сияқты. «Ер Тарғын батыр» жырының ономастикалық кеңістігі антропонимдерден, топонимдерден, этнонимдерден тұрады.

А) Антропонимдер:

Тарғын сынды батырың

Қайтарын жұрттың біледі,

Алладан пәрмен тіледі.

Тарғын -«Тарғын» (Тарғыл) деген жер атауы  да бар. Жалпы «тарғын» сөзі көне түркі тілінде бар: «қаһарлы», «қанішер», «қорқынышты», «ашулы» дегендей мағынада қолданылады

Ақжүніс Қараған кісі үңілген,

Қолаң шашты, қой көзді,

Әйелдегі бір сөзді

                  Ақжүніс атты ару еді.

1)Жүніс – Сахиб әл-хут, Зу-н-нун, Юнус – пайғамбар. Құранда «Жүніс» – деген атпен төрт жерде, «Зұнұн» деген атпен екі жерде айтылады. Оның бабасы Жақыптың (а.с.)-ұлы – Бенямин. Аллаһ оны Ирактағы Нынуай деген жердегі елге Пайғамбар етіп жіберген. Бұтқа табынатын осынау кауымды Аллаһтың бірлігін мойындауға үндеғен.Айтқанына көнбеген қауымға өкпелеп, Жүніс (а.с.) Аллаһтың рұқсатынсыз, елден безіп кетеді.

2)Ақ – даудың  әділ шешімі; дау-шарға түскен бір істің дұрыстығы; дұрыс жолдағы адам.

Б) Зооним:

Тарлан –  сын. Тарғыл, шұбар аралас түс.

тарлан ат – Көптен келе жатқан мініс ат.

В) Этноним:

ҚалмақҚалмақ -ХV – ХVI ғасырлардағы Шығыс Дештi Қыпшақтағы 92 баулы “өзбек-қазақ” құрамындағы  Мамыт тобының жалпылама этнонимдерi. [20].

Торғауыт халқы, торғұттар – (Монғ.) монғол тектес ру. [13.40]

Г)Теоним: Жырда «Жаратушы» ұғымын білдіру үшін «Құдайым», «Алла», «Тәңір» теонимдері қолданылған. Осы жолдардан біз оларды атап қана қоймай, қолданыстағы тіркес арқылы ерекшелігін анықтағанын байқаймыз, осы үдеріс қазіргі кезге дейін жеткен, яғни Алланың хақ бұйрығы, Тәңір бұйрығы,Құдіреті күшті Құдай тіркестері сақталған.

Құдіреті күшті Құдайым,

Ақжүністей арудың

Көз алдында көлбектеп,

Алланың хақ бұйрығы

Маған таянғанға ұқсайды!

Тәңірің тілек берген ер!

Баданаңды баса бөктеріп,

Демек, «Ер Тарғын» батыр жырында кезіккен топонимдер мен антропонимдер  Батыс Қазақстан облысында орын алған эпостық жыр санатына жататыны белгілі болды. Алдымен, Тарғынның өмір сүрген жерлері, Еділ, Жайық, Еділдің бір бұтағы Шаған суларының бойы. Бұрынғы Орда ауданында «Үш Тарғын» деген жер бар. «Тарғын» деген өзен аты да сақталған. [16.139]

2.3       «Алпамыс батыр» жырының ономастикалық кеңістігі.

Алпамыс батыр жыры – қазақ халқының батырлар жырының ішіндегі ең көнесі. «Алпамыс батыр» жыры баспа жүзін алғаш рет 1899 жылы («Қисса-и-Алпамыш», Қазан) көрген. Қазан төңкерісіне дейін бұл жыр 7 рет қайталанып басылып шыққан. Жырдың ел арасындағы түрлі нұсқаларын іздеп тауып, хатқа түсіріп, орысша мазмұнда бастырған – атақты фольклоршы Ә.Диваев болды. «Алпамыс» жырының туған кезі – XII-XIVғғ. арасы болуы керек дейді. Ал акад.Ә. Марғұлан «Алпамыс» қыпшақ заманында туған, содан қалған жыр екендігін айтады.Жырдың қазақша нұсқасын көбірек зерттеген ғалым Т.Сыдықов «Алпамысты» рулық,тайпалық кезден келе жатқан мұра ретінде атайды[17.184]. Қазақ батырлар жырының, оның ішінде «Алпамыс батыр» жыры антропонимдерден, топонимдерден, этнонимдерден, теонимдерден тұрады.

А)  Антропонимдер:

      Алпамыс –  бірінші мағынасы зор денелі адам дегенді білдіреді. Екінші мағынасы – алапат күш иесі, батыр ұғымының синонимі. Үшінші мағынасы – көне қазақ мифтері мен аңыздарында және қиял-ғажайып ертегілерінде бет бейнесі анық айтыла бермейтін алып күш иесі, зор денелі образ. Алып жағымды немесе жағымсыз кейіпкер түрінде болады. Оның образдык- функционалдық синонимі – дәу. Түркі тілдерінде алып сөзі батыр атауының синонимі ретінде қолданылған.Ерте заманда көне оғыздарда алып сөзі батырлардың, хан- сұлтандардың есіміне ресми титул ретінде қосылып айтылды. Көне оғыздардың батырлары мен хандарының есімдерінде, мысалы, Алп Арслан, Алп Тегин, Алб Ая, Алп – Арслан, Қара – Алп – Арслан, Салор – Қазан Алп деген есімдерде, алып сөзі ер, батыр мағынасында қолданылған. «Алып / алп» сөзінің осы мағынасы қазақтың ауыз әдебиетіндегі эпостық қаһармандардың бірі – Алпамыс батыр есімінде өзгерген түрде сақталған. Қазақ ертегілерінде алып атауы өте зор денелі адам кейпіндегі мифтік кейіпкерлер дәулерге қатысты айтылады. [25] Алпамыс антропонимнің таза лингвистикалық сипатын этимологиялық зерттеу анықтайды. Ал, лингвомәдени аспектіде қарастырып, оны Алып Мамыш деген этноантропоним деп анықтауға болады.

Байбөрі – екі сөздің бірігуінен жасалған. Бөрі – түркі халықтарының тарихи жадындағы киелі ұғым, қасқырдың жағымды атауы. Аңыз бойынша, Бөрі түркілердің ұрпағын құтқарып қалған. Бөрі бейнесі кейбір түркі халықтарының мемлекеттік рәміздерінде сақталған. Бай – б.д. дейінгі 694-250 жылдары Алтайда өмір сүрген динлиндердің тайпа аты болған болса, екіншіден, тілдік материалы яғни сөздің көне лексикалық мағынасы сол Алтай дәуіріне тән сөздердің мағынасын аңғартады. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы дәулетті әлеуметтік топ. 20 ғасырдың 30-жылдарындағы сталиндік режим, большевиктердіңтаптық қысымы бүкіл қазақ этносының трагедиясына айналды [16]

Сарыбай Шекті деген елінде

                              Сарыбай деген бай еді

Сары  – парсыша сара сөзі, ол – «таза, қоспасыз, пробасы жоғары (алтын, күміс жөнінде)» деген мағынаны береді. Бұл ұғымда саф алтын деп те айтылатыны мәлім (саф деген арабша «таза» деген сөз). Бұлардағы сары (көбінесе дұрысы – сар) сөзі жер-су аттарын арнайы зерттеген ғалым Е.Қойшыбаевтың көрсетуінше, «кең» мағыналарды білдіреді.[24]

Бай – дәстүрлі қазақ қоғамындағы дәулетті әлеуметтік топ.

Мыстан – жаман қасиеттерді бойына жинаған, ел жиіркенер бейне. С.Қасқабасов өз еңбегінде «Мыстан кемпір сол арғы тегі алып қарақұстың кейінгі атауы», – дейді.

Ә) Зооним:

Байшұбар , Шұбар – жылқының түсі. Денесінің қылшығы ақ келіп, арасында майда теңбілі (қара, торы, жирен, т.б.) бар не дене қылшығының басқа түсте болып, арасыңда ақ теңбілді келген жылқы [26]

Құйындай шауып Шұбар ат,

Өте шықты арадан.

Күлмеген адам қалмады,

Жеңілген соң баладан

Б) Топонимдер:

Бұрынғы өткен заманда,

Дін мұсылман аманда,

Жиделі Байсын жерінде

Жиделі Байсын – Алпамыстың елі. Жиделі -Байсын деп аталады.Ол – бүгінгі Өзбекстанның Сурхандария – Қашқадария аймағы [28]

Отырарда Арыстан бап,

Сайрамда бар сансыз бап,

— Бәріне бір түнеді.

Әзіреті Қаратау Әулиенің кені еді

Отырар – ортағасырлық қала орны. Оңтүстік Қазақстан облысы  жерінде орналасқан. [29].

Қаратау  атауы — қазақтың тарихымен, ұлттық болмысымен біте қайнасып кеткен аномастикалық нысан, халқымыздың баспанасы, қарашаңырағы іспеттес рәмізге ие. .]

Қоңырат – Қоңыр + ат(көптік жалғау). Орта жүзге кіретін ру. Тарихи деректерде «Қоңғырат», «Оңғырат», «Қоңғила» деген атаулар кездеседі.Тарихи мекені Моңғолия жерінде болуы керек.

Қаншама батыр болса да,

     Қалмаққа әлі келмеді.

Қорқыныш кетіп,

     Қазақтар соңынан бәрі ереді.

Қалмақ –ХV – ХVI ғасырлардағы Шығыс  Дештi Қыпшақтағы 92 баулы “өзбек-қазақ” құрамындағы  Мамыт   тобының  этнонимдерi. 17-18 ғасырларда қазақтардың басты қарсыласы болған жоңғар- қалмақтарына келсек олар  “халимаг” деп атаған.  « жер ауып, көшушiлер»  деген  мағнаны  бiлдiредi [11].

Қазақ –  «Қазақ» сөзінің этимологиясы туралы түрік ғалымдары жазған. Солардың бірі: «Қазақ деген ат алғашында сұлтандарға ғана тән еді, кейін оларға қарасты тайпалардың және олар құрған мемлекеттің атына айналды».

Қорытынды

«Батырлар жырындағы» қазақ-қалмақ қатынасы, географиялық кеңдік, ономастикалық кеңістік, зерттеу жұмысындағы қазақ халқының ұлттық мәдени игіліктерін насихаттауға, онимдік атаулардың қолданысы туралы сөз етілді.   «Батырлар жырындағы ономастикалық кеңістік»   ұғымының төркініне барлау жасап қорытар болсақ, оның қазақ-қалмақ қатынасынан, ел бірлігінен,топонимдік атаулардың кеңдігінен, ең бастысы, «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын» батырлар белгілі бір қоғами, саяси, әлеуметтік құрылымы бар алмағайып заманда өмір сүрген. «Батырлар жырының» басты кейіпкерлері –  өз халқының рухани өміріне, ел тұтастығына,  халықтар  бірлігіне  қызмет жасады. Қазақ батырлар жыры нұсқаларының көпшілігінде идеялық мазмұны, сюжет желісі, образдық бейнелеуі және көркемдік құралдары саласында ортақ элементтер болғанмен, бір-біріне ұқсамайды, әрқайсысының өзіндік ерешеліктері бар. Әйткенмен, батырлар жырының барлығына тән нәрсе — халық тағдырын жырлау негізгі түйін болып табылады. Батырлар жырында кездескен ономастикалық атауларды әдебиет сабағында тиімді сабақтастыру, деректендіру арқылы оқушы танымын кеңейте аламыз.Эпостық жырлардың ономастикалық кеңістігін зерттеу барысында онимдердің бірнеше разрядтары : антропонимдер, топонимдер, теонимдер, зоонимдер, этнонимдердің қолданылғаны анықталды. Батырлар жырындағы антропонимдер, топонимдер көркем мәтін ономастикалық кеңістігінің өзегін құрады, сонымен қатар олар ономастикалық кеңістіктің шектік кеңістігін құрайтын, мәтін ішінде талдауды қажет ететін басқа да ономастикалық атаудың мәтін ішіндегі құралдармен тығыз байланысты болатыны анықталды. Батырлар жырын оқытуда ономастикалық деректерді сабақтастырдық. Бұл деректерді қолдану арқылы оқушыларды ғылым жолына қанаттандыра аламыз.

You May Also Like

Жануар санының азаюына әкеп соқтыратын факторлар. Ғылыми жоба

Пікір           Мен  шәкіртім Фазылжан Інжудің ғылыми жұмысын оқып, мазмұнымен таныстым. Ғылыми…

Зімбір өсімдігінің емдік қасиеттері, ғылыми жоба

Мінез бен ақыл жарасса, ғылыми жоба

Жоба тақырыбы: «Мінез бен ақыл жарасса…» Секциясы:Өзін –өзі тану (этномәдени)бағыты Зерттеу жұмысының…

Адам даму индексі «Халық денсаулығы мен өмір ұзақтығы» ғылыми жоба

Секция: География Жобаның тақырыбы: Адам даму индексі «Халық денсаулығы мен өмір ұзақтығы»…