Ең үздік ғылыми жоба «Әбіш Кекілбаевтың шығармаларындағы ұлттық мінез-құлық»

Орындаған: Берікқызы Аида

Жоспар

Кіріспе:

  1. Оқушы бойында патриотизмнің негізін қалыптастыру

Негізгі бөлім:

  1. Жазушы шығармаларындағы қазақы тұрмыс-тіршіліктің бейнесі
  2. Қазақы ұлттық мінез –құлық жайлы түсінік

Қорытынды:

1.Ә.Кекілбаевтың шығармалары – ұлт руханиятының алтын қазынасы

Аннотация

Зерттеу тақырыбының мақсаты: заманымыздың талантты жазушысы Әбіш Кекілбаевтың шығармаларының тәрбиелік мәнін ашып көрсету. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» бағытының аясында жазушының шығармалары мен қазақы болмыс, мінез-құлық  бейнесін сабақтастыра отырып, ұлттық дүниетанымын дамыту. Жұмыс жазушының 80 жылдық мерейтойына орай жазылды.

Болжам: жазушының шығармалары арқылы туған халқының дүниетанымын, көркем әлемін зерделеу, жазушы шығармалары арқылы оқушыларға эстетикалық тәрбие беру, рухани жан дүниесін, дүниетанымын дамыту.

Зерттеу кезеңдері:

I кезең: жазушының «Шыңырау, «Тасбақаның шөбі» әңгімелері мен «Құс қанаты» повесін оқып танысу.

II кезең: шығармаларға тақырыптық-мазмұндық жағынан талдау жасау, бас кейіпкерлердің бейнесін талдай отырып туған халқының бейнесін ашу.

Зерттеу нәтижесі мен тәрбиелік мәні: көркем шығарманың тәрбиелік мәнін ашып түсіндіру. Жаһандану дәуіріндегі заманауи өзгерістердің ықпалымен ұмытылып бара жатқан қазақы таным-түсінікті меңгеру. Зерттеу жұмысын жаңартылған білім мазмұны бойынша білім беру ұйымдарында «Туған ел» кең ауқымды мақсатқа бағытталған «Туған жер» бағдарламасын іске асыру барысында жүргізілетін қазақ әдебиеті пәндері сабақтарында пайдалануға болады.

Қорытынды: Отанды сүю, ұлтжандылық сезім өз туған өлкең мен еліңе деген сезімнен басталады.

 Аннотация

Цель исследовательской работы:

Раскрыть воспитательную сущность произведений талантливого писателя современности Абиш Кекильбаева. Развить патриотическое мировоззрение, основываясь на направлении «Родная земля» в рамках программы «Рухани жаңғыру», сочетая творчество писателя и историю родной страны. Воспитать у молодого поколения любовь к Родине через рассказы о родной земле.

Задача научного проекта:

– Приобщение к творчеству автора, базируемое на формировании чувства патриотизма и отваги у подрастающего поколения через произведения писателя, написанные с любовью к родине.

– Расширить понятия об истории родной земли, жизнедеятельности, в частности, достижениях писателя.

– Понять суть художественного слова, произведения.

Актуальность темы исследования:

Воспитание молодого поколения необходимо на примере талантливых земляков, изучая и храня о них вечную память. Писатель Абиш Кекилбаев хорошо знал и пропагандировал интересы нации, с большой душой рассказывал о глубокой истории народа, раскрывал его богатую культуру. Его произведения учат и объясняют молодым людям, что патриотизм начинается с любви к своему народу, родному городу, селу, своей РОДИНЕ.

Abstract

The Purpose of research:

To reveal the upbringing essence of the works of the talented,   Writer of our time Abish Kekilbayev. To develop Patriotic worldview, based on the direction of the «Native land» in the framework of the program «Rouhani air», combining the writer and the history of his native country. Educate the younger generation love for the Motherland through stories about their native land.

 

The task of the research project:

– Introduction to the work of the author, based on the formation of a sense of patriotism and courage in the younger generation through the works of the writer, written with love for the Motherland.

– To expand the concept of the history of his native land, life, in particular, the achievements of the writer.

– To understand the essence of the artistic word, the work.

Relevance of the research topic:

The education of the younger generation is necessary on the example of talented countrymen, studying and keeping their eternal memory. Writer Abish Kekilbayev knew well and promoted the interests of the nation, with a great soul told about the deep history of the people, revealed its rich culture. His works teach and explain to young people that patriotism begins with love for their people, hometown, village, your HOMELAND.

2019-2020 оқу жылында Тәрбиенің тұжырымдамалық негізіндегі «Жаңа қазақстандық патриотизм мен азаматтыққа тәрбиелеу, құқықтық тәрбиелеу» атты  тәрбие жұмысының бірінші бағытын жүзеге асыру аясында НЗМ АҚ тәжірибесі бойынша «Туған елге тағзым» өлкетанулық -зерттеу экспедициясы өткізіледі. Бұл білім алушыларды еліміздің әртүрлі өңірлерімен таныстырып, олардың зерттеушілік дағдыларын арттырады, туған жерге, елге деген сүйіспеншілігін қалыптастырады.

Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен аулыңа, қала мен өңіріңе, яғни туған жеріңе, халқыңа деген сүйіспеншіліктен басталады. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. [5; 58]

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұласады. Мәселен, «Ауылым – әнім» атты әнді айтқанда, «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін» деп шырқайтын едік қой. Бажайлап қарасақ, бұл – мағынасы өте терең сөздер» деп жүрекке жылы тиер ой мен салмақты сыр айтты.

Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір бойы тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» деп Н.Ә.Назарбаев өзінің бағдарламалық мақаласында атап өткендей, туған жерін жүрекжарды шығармасына арқау еткен жазушылар өз елінің шынайы патриоттары. Олардың есімдерін, туған жерге арнаған шығармаларын қашанда мақтанышпен айтамыз.

Қазақ ақын-жазушыларының ішінде туған жер тақырыбын шығармасына арқау еткен қаламгерлер көп. Туған жер тақырыбы барлық заманда өзекті. Әр заманның ақын-жазушысының шығармалары өзінің кіндік қаны тамған, шырылдап дүниеге келген туған жеріне деген перзенттік сүйіспеншілігіне толы. Біз үшін «туған жер», «ел» ұғымы «атамекен», «ата қоныс», «ата жұрт» сөздерімен байланысты. Туған жерімізге деген сезіміміз арқылы халықтың басынан кешкен өмірін, ұлттық ерекшелігін, дүниетанымын танимыз. Отанын, табиғатын, азаматын сүюге тәрбиелейміз.

Патриотизмнің негізі болып табылатын ұлттық мінез, ерекшелік дегеніміз не? Туған халқыңның дүниетанымын, өзіне тән ерекшелігін қайдан оқып-біліп, ажыратуға болады? Мынау әлемдік кеңістікті еркін шарлау мүмкіндігі бар жаһандану дәуірінде ұлт пен ұлыстың бір-бірімен еркін араласып жатқан кезеңінде өз туған еліңнің ерекшелігін қалай ажыратып алуға болады? Қазіргі жас ұрпақты толғандырған осындай сұрақтардың жауабын көркем шығармалардан табамыз.

Алтыншы сыныпта оқып жүргенімде әдебиет сабағында Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» әңгімесімен таныстық. Жазушының халық қиялынан туған аңыз-әңгімені арқау еткен шығармасы ата-бабамыздың күнкөрісіне, мінез-құлқына, болмысы мен өнеріне деген қызығушылығымды оятты. Жазушының шығармашылығымен кеңірек танысқым келді.

Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан республикасы президентінің Мемлекеттік бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының лауреаты Герольд Бельгер: «Бір топ талантты замандастар ортасынан бұйра бас, қара торы өңді жас жігіт бірден жұрттың назарын аударған еді. Асықпай, айшықтап шешен сөйлейтін, барынша білімдар жігіттің мінезі мен дәлелді пікірлеріне әркім-ақ ден қоятын. Оның үстіне бұл жігіттің

сонау алыс түкпірдегі түрікмен даласымен шектес жатқан шығын ауылдан, Маңғыстау түбегінен келгендігі де біз үшін біраз қызғылықты жағдай көрінетін. Ол осы түбектегі өмір, тірлік, салт-сана туралы аңыз әңгімелер, ата-бабалар тағдыры жайында, даланың қым-қуыт бояулары төңірегінде қызыға, қызына әңгімелейтін, сол сәтте бізге ол туған жерінің шежіресі секілді көрінетін-ді,» – деп еске алады. [4; 240] Жазушының шығармаларын оқи отырып туған жеріміздің батыс өңіріндегі ата-бабамыздың тұрмысы жайында көп ақпарат білуге болады.

Республикамыздың көп өңірінде кездесе бермейтін, бірақ Атырау, Маңғыстау қазақтарына тән, қашанғы тіршілік көзі саналған құдықшылық кәсібінің орны ерекше. Ол – ұлттық ата кәсіп, шеберлік шыңы, кез-келгеннің пешенесіне жазылмаған, ілуде біреудің бойына бітер дара қасиет. Құдықшылық кәсібінің тұқым қуаламағаны жоқ. Әсіресе, өткен XX ғасырдың 40-50 жылдарына шейін бұл өнер атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа жетті. Содан болар тұтас Маңғыстау, Жылыой, Азғыр өңірінде жылдар бойы құдықшылықты кәсіп еткен шеберлер көп болған. Маңғыстау өңірінің әйгілі құдықшысы – Еңсеп. Үстірттегі ең терең, суы мол шыңырауды соңғы қазған да сол Еңсеп. Ендеше осы хас шебер жайлы алғаш қалам тербеп, тамаша көркем шығарма жазған заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев еді. [1;1]

Жетібай мұнай кенінің 30-35 шақырым терістігінде арқадан айсберг сықылды тағаша иілген ақ шаңқан шыңдар, күнгейден текше-текше шағыл қоршаған оймақтай ғана ой бар. Шыңның етегі – айнадай жалтыраған аппақ сор, құмның етегі – ну құрақ. Сор мен құрақтың арасы – бір бетіне ши, бір бетіне бидайық өсетін тепсең. Сол тепсеңде, біреуі құмның күншығыс, екіншісі күнбатыс жағында, үшіншісі дәл бел ортада Басқұдық, Егіз, Мырзайыр деп аталатын үш құдық бар. Ежелгі суат, ескі жұрт. XIX ғасырдың жетпісінші жылдары Хиуа жорығына қатысқан Кавказ отрядының қолбасшысы бас штаб полковнигі Н.Ломакиннің жазуынша, бұл үш құдықтан екі мыңнан астам жылқы суаруға болатын көрнеді. Әлгі бел ортадағы құдықтың атымен бүкіл тығырық ой – Мырзайыр аталады. [2; 360-361] Алтыншы сыныпқа арналған әдебиет оқулығындағы жазушының «Шыңырау» әңгімесі құдықшы Еңсептің өзінің ең соңғы және басын жұтқан «Еңсеп өлген» атанған, бір жыл қазған құдығы жайлы жазылған. Ол – сол өңірдің аңызының негізінде жазылған шығарма.

Еңсеп ол күні бұл зымыранға енді қайтіп түспейтінін білген жоқ. Шай ішіп шықты да, қайта құдықтың басына келді. … Байсал бай жайлауға көшкенде қиялама ат жолдан шығады. Ернек асқан соң екі түнемелікте суат бар да, үшінші түнемелік құламаның құла түзі, малды да, көшті де әбден  болдыртып тастайды. Нағыз қоңыр бұйра кең өріс суат жоқтықтан қысырап жатыр. Өткен жазда қырқым өте Байсал бай Еңсепке құдық қазып бер деп қолқа салған-ды.

Ол шыңырауды дәл осы арадан, ала қырдың үстінде оқшау қылауытқан тастақ жүлгенің терістігінен қазатын болды. Бір-екі ақсақал тастақ жыраның құбыла бет құйрығын қолай көріп еді, оған Еңсеп өзі ыңғай берген жоқ. Сонша қыңыр тартуында бір мән бар. [4; 240] Еңсептің мұндай шешім қабылдауына ата-бабасынан мұра болып келе жатқан құдықшыға тән түйсігі себеп болған еді.

Ала қырдан су іздеп, құдық қазуды ата кәсіп қылып алатын Қараш әулеті бесіктен белі шықпай жатып еститіні мазақ: «Қараш, тіккені күрке, асқаны бақыраш, иті үрегеш, қызы күлегеш, шөккен түйеге міне алмас»…» Қараш пақырға әйтеуір тамақ іше алмас демегендеріне де шүкіршілік. Әдетте, етікші мен ұстаның байқатпай шаптап тістейтін шақпа тілі болады. Құдықшыда о да жоқ. Болғанда да, жеті қат жердің астындағы оның сөзін кім естиді?»[4, 243] Қарапайым еңбек адамының тұрмысы, бейнесі. Жазушы айна-қатесіз көз алдыңа елестетеді. Оған бір жағынан жаның ашыса, бір жағынан әңгімеде әр іс-әрекеті шебер бейнеленген құдық қазу барысындағы еңбекқорлығына, қайсарлығына тәнті боласың. Ата кәсіпке деген адалдығына риза боласың.

Ақсақалдар әрі ақылдасып, бері ақылдасып, молда апарып, кітап ашқызып, дұға оқытып, құдықты жын-періден аластады. Шегендеді. Әйкел орнатты. Сусырап жатқан өңір суға қарқ болды да қалды. Жаңбырсыз жылдары қанша шыңыраудағы су тартылғанымен, ол ылғи лықылдайды да жатады.

Бірде біреулер қауға түсіріп алса, артынан сонау көк теңіздің жағасындағы ақ тұмысықтың астынан табылыпты. Енді жұрт бұл құдықтың суы сонау ұлы теңізге барып құяды екен десті.

Не де болса, ол бүкіл Үстірттің үстіндегі ең терең, ең мол шыңырау боп атағы жайылды. Бірақ «Еңсеп қазған» емес, «Еңсеп өлген» атанып кетті. [4;248] Әңгіменің «Шыңырау» деп аталу себебі де  осы өңірдегі ең терең шыңырау құдықтың қазылуы жайында екен. «Шыңырау дегеніміз жер бетінен екі-үш, кейде төрт-бес метр тасқа жеткізіп шегендеген, одан арғы жағы су көзіне дейін тастан ойып қазылған, тереңдегі алты метрден алпыс бес метрге, одан да әрі асатын құдықтар» деген анықтама беріледі. Осындай құдықтарды қазу тек Еңсеп сияқты шебер құдықшылардың ғана қолынан келген шығар.

Осыдан кейін жазушының «Тасбақаның шөбі» деген әңгімесін оқыдым. «Шыңырау» тәрізді бұл әңгіменің де аты мені бірден өзіне тартты.  Әңгіменің неге «Тасбақаның шөбі» деп аталғандығы қызықтырды. Әңгіменің мазмұнымен таныса келе ол ертедегі халықтың наным-сенімінен туған дүние екендігін түсіндім.

Жазушы оқырманға ұсынған мына деталь – әңгіменің идеясына  апарар кілт іспетті. «Ауылдың алдындағы қара жол қарқарадай сөгіліпті. Қайда қарасаң – қарсы айырылып жатқан жарық. Қайда қарасаң – шөп арасында әлдеқайда бөксесін сүйретіп тоңқаңдап бара жатқан тасбақа. Тұқшыңдаған немелер тұяқ дыбысын естігенде мойындарын іштеріне тығып бұға қалады да, сәл ұзасаң қайтадан тарбаңдай жөнеледі. Тасбақа мойнын әнтек созып, жан дәрменімен тырбаң-тырбаң етеді. Аузында бір тал шөп.

Қарабала шыбын жаны көзіне көрініп, азапқа түскен бейшараны етпетінен аударып салайын деп еңкейе берді де, тасбақаның жазғытұрым жер астынан тістеп шыққан шөбін алған адамның қай қалауы да орындалады дейтін әңгіме ойына оралып атынан түсті. Қасына барды. «Бісміллә» деп шөпті алды. Инедей ғана бір тал шөп. Құмақтарда көп өсетін көсіктің сабағына келіңкірейді. Алақанына сап сипап көрді. Сосын көзі бақырайып, үйелеп жатқан тасбақаны етпетінен аударды.

«Апырай,ә … Сенейн бе, сенбейін бе? Жаратқан иемнің сүйген құлы болғаным-ау! Қай қылығыммен жақтым екен!» Қарабаланың тосын күпті ойдан жүрегі алып-ұшып барады. Манадан бері қинап келе жатқан: «Ауданға барып ештеңе бітірмей қайтсам, Оңбай төбемнен құдық қазады-ау» деген күмән да жадынан шығып кетті». [6; 271]

Әңгіменің «Тасбақаның шөбі» деп аталуы Қарабаланың халық ұғымындағы сенімге нануынан туындаған. Кейіпкердің ойынша, егер тасбақа кездеспегенде, ол оның аузындағы шөбін алмағанда алдына қойған тілегі орындалмайтын еді. Автордың әңгімесін осылай атауында елеулі мән бар. Осы арқылы жазушы оқырманға: «Шынында да, тасбақа шөбінің көмегі болды ма?»- деген сұрақ қойып отыр.

Қарабала аудан орталығына өмірінде екінші рет бара жатыр. Бірі әскерге шақырылғанда, жас жігіт кезінде барса, екіншісі – осы жолы. Қартайғанда өзінің мектептес досы, айтқанын орындататын майдангер, адуын, жұртты аузына қаратқан Оңбайдың тапсырмасымен бара жатыр. Қарабала Оңбайдың айтқанын қанағаттандырмаған басшылардың мұның айтқанын тыңдайтынына күмәнді. Сонда да досының көңілін қалдырғысы келмейді.

Қарабала – еңбекқор жан, адамға деген жақсылығын ешкімнен аямаған, бірақ ол өзін еш бағалаған  емес. Өмірде өзінің де ерекше орны  бар екенін тек аудан орталығына келгенде сезді. Ол Қарабала үшін үлкен жаңалық болды. «Қарабала қара шал болғанша бұл ауылда әлі оны «Қарекең» деп көрген жоқ», ал мұндағылар оны алақанға салғандай сөз айтады. Мұндай құрметті ол өмір бақи көрген емес. Қатардағы беделді адамдай сөйлеседі. Хатшы қыз: «Ақсақал, сізге кірсін деп жатыр,» – деп сыпайылық танытса, жұысы бітіп шығып бара жатып, бұл «рақметін» жаудыртқанда жұмысы басынан асатын аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы орнынан тұрып: «Сізге де рақмет! Былтыр біздің тапсырмамызды ойдағыдай орындадыңыз. Майдангерлерге ескерткіш орнату мәселесіне бас-көздік ету маған жүктелген-ді. Сіз қолғабыс жасамағанда ұятқа қала жаздап ек,» – деп оған ерекше ілтипат білдіреді.

Мұндай сөзді бұрын естімеген ол тіл-жағынан айырылады.

Мына бір диалог те Қарабаланың қандай адам екенін аша түсуде қомақты рөл атқарып тұр:

«-Сіз сонда «Ұшқыннансыз» ба?

-Иә

-Мал бағасыз ба?

– Ұстамын

– Атыңыз кім?

– Қарабала

– Апырай, ә? Қашаннан ұстасыз?

– Мен өзім сонда туғам. Жұмысқа жарағалы темір соғам.

– Елу үштің жұты есіңізде ме?

– Әлбетте.

– Март айында сіздің ауылдың алдындағы дөңде қатып қалатын көп машинаны білесіз ғой.

  • Білгенде қандай! Тоң жібігенше жатты емес пе? Талайының белтемірі опырылып, маған бір ай бойы жұмыс табылған.
  • Апырай, ә! «Ұшқында» бір қолы алтын ұста бар деуші еді. Сол сіз екен ғой.

Қарабала қызарып кетті.»

Жүзбаев жолдастың содан кейінгі әңгімесі былай жалғасқанына Қарабала қатты қуанды: «Апырай, ә? Жарайды енді. Сіз келгенсін болмас. Ол машинаны жүргізіп алып кететін адамыңыз бар ма?»

Бұлай жолы болып, ісі оңға басуын Қарабала өзінше бағалайды: «Ат сабылтып талай барып, әлдекімдердің ішін кептіре боқтап, талай құр қол қайтқан орақ ауыз Оңбай бітіре алмай жүрген шаруа екі ауыз сөздің басын құраған құрлы көйлегінің арқасы малмандай боп шыға келетін Қарабалаға пішту болмай қалды. Бәрі манағы тасбақаның аузында қылтиған тебен иненің тұқылындай көк шөптің киесі ғой. Ата-баба білмей айтты дейсің бе? Шарапаты алдымен Оңбайға тиді. Қазір барып рұқсат қағазды ұстата салғанда жүрегі жарылып қуанатын шығар. «Әй, қасқа-ай, сенің қолыңнан да бірдеңе келеді екен ғой,» – деп кеңк-кеңк күлер.» Бұл – кейіпкер Қарабаланың ойы.

Шығарманың тақырыбы – жетпісінші жылдардағы ауыл өмірі. Жазушының ауыл өмірін терең білетіндігі сондай, бар жайды өз басынан өткендей мөлдірете көрсеткен. Қарабаланың бейнесі де типтік бейне. Қарабала да мектепте оқыған, үш кластан аса алмаған. Бірақ өмір бойы ұсталық жұмысты кәсіп еткен. Жаны таза, жүрегі ақ жан. Онда адамға жамандық істеу былай тұрсын, жамандық ойлау да жоқ. Бүкіл болмысы қарапайымдылықтан жаралған.

«Тасбақаның шөбі», «Шыңырау» әңгімелеріндегі ой-идеяны бағамдай келе ойға түйеріміз: «Адамзат өмірінде адам үшін жасалған зәредей жақсы іс ешқашан өлмейді». Ол адам баласы қоғамында бір белгі боп, бір белгісіз толқын боп өмір сүреді. Қандай бір адамның аты белгілі болсын-болмасын, атқарған игі істері ешқашан өшпейді». Жақсылық боп алдыңнан шығады. Өзіне шарапаты тимесе, ұрпағына тиеді. Қазақ тәрбиесінің мазмұны осыған саяды. Негізі өмірге мән беретін, тіршілік тұғыры болатын – қарапайым, елеусіз адамдардың еңбегі. [3; 133]

«Тасбақаның шөбі», «Шыңырау» – екеуінің де бас кейіпкері қарапайым еңбек адамдары. Жазушының әңгімелеріне зер сала қарап отырсаңыз, көбіне оның қарапайым еңбеккерлерді суреттеуге құштар екеніне куә боласыз. Неге? Бұл Әбіш Кекілбаевтың қарапайым ауыл еңбеккерлерінің өмірін өте жақсы, терең білуінен шығар. Ұлттық сана мен ұлттық мінез-құлықты  айнытпай бейнелеуге халық арасынан шыққан кейіпкердің ой-арманы, мүддесін терең, зерек түсінеді. Бүкіл болмысын, тынысын, күрсінісін, ішкі үнін естиді, іштерінде не керемет жатқанын сезеді. Жазушының қазақ әдебиетінде еңбек адамының, қарапайым ауыл адамы бейнелерінің галереясын жасауда үлесі зор.

Әбіш Кекілбаевтың шығармаларын оқи отырып заман ағымы, адамдардың мінез-құлқы жайлы көптеген мәліметтер аламыз. Бұдан кейін мені қызықтырған шығармасы «Құс қанаты» повесі болды. Бұл жолы да повестің атында халықтың танымындағы бір наным жатқанын түсіндім. Повестің мазмұнына қысқаша тоқталсам, жалғыз ұлы суретші болған ана баласы үшін қалаға көшіп келеді. Қала өміріне көп үйренісе алмай жүреді. Есінен өзінің баласына лайық деп ойлайтын көрші қыз да кетпейді. Бірақ баласы басқа қызға үйленеді. Алғашқыда ана келініне үйренісе алмай қамығып жүреді. Бірде баласының үстелінен көрші қыздың суретін көреді. Айнытпай салған екен. Ана баласының өзін ойлап уайымдап жүргенін түсінеді.  «Қой, енді ауылды аңсап қамықпайын, балам мен келініме де көңіл бөлейін. Өткенді ойлай бермейін» деп өлі аруақтарға арнап иіс шығарып, шелпек пісіреді. Оған баласы да, келіні де жадырап,  үйге бір жылылық енгендей болады. Бір күні баласы қатты ауырып қалады. Келіні күйеуін ерекше ықыласпен күтеді. Ана келінінің ісіне риза болып, оған деген көзқарасы өзгереді. Баласының беті бері қараған соң базарға барып, май әкеліп шелпек пісірмек болады. Наурыз айы еді. Далада қар қылаулап тұр екен. Қарсы кездескен кішкене бала қасындағы әжесіне сұрақ қояды, әжесі: «Бұл-құс қанаты ғой. Құс қанаты – наурыздың ақша қары, қыстың соңғы қары болады. Енді көктем шығып, күн жылынады. Жыл басы – наурыз келеді. Жұрт жаңа жылдан жақсылық күтеді,»- дейді. Иә, ананың шаңырағында да енді бәрі жақсы болады. Сәлден кейін немерелі болып, шаңырағы шаттыққа толады. Повестің аты басты кейіпкер ананың ойымен ұштасып жатыр. Бастауын халық түсінігінен алған. «Құс қанаты» повесі Ұлы Отан соғысы кезінде аянбай еңбек етіп, жастық шағын, барлық күш-жігерін баласына арнаған аналарға арналған. Қазақ әйелінің адалдығын, баласына деген шексіз махаббатын суреттеген. Баласының бақыты үшін қай кезде де кез-келген қиындықты жеңе алатын қазақ әйелінің тектілігін бейнелеген. Ана – отбасының ұйытқысы, қоғамның тірегі. Баласының жеткен жетістігі – анасының тәрбиесінің жемісі. Осындай аналар бүгінгі күннің оқырмандарына үлгі болар тұлға. Бұл шығармадан ұрпақтың алар тәрбиесі мол.

Қазақтың ұлттық мінез бітістері дегеніміз әлі де толық зерттелмеген мәселе. Н.Ә.Назарбаев: «Менің ойымша, қазақтардың қайталанбас этикалық, психологиялық әлемі әлі жете зерттелмей, зерделенбей жатқан тылсым дүние», – дейді. Қазіргі кезде қоғам өміріндегі түрлі өзгерістер халқымыздың баға жетпес рухани байлықтарын жаңартып, жаңа мазмұнмен байытуда. Әйтсе де ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық мінезіміздің өзіндік ерекшеліктері бар. Жеріміздің кеңдігі мен табиғат сұлулығының әсерінен қалыптасқан дархан жомарттығымыз бар. Тағдыр тәлкегіне түскен талай ұлт өкілдеріне қамқор болған адамға деген мейірімділік мен қонақжайлығымыз бар. Талай жойқын соғыс пен құғын-сүргінде арпалысып жүріп жинаған рухани құндылықтарымызды ұрпаққа жеткізу ниетінен қалыптасқан балажандығымыз бар. Ешқашан өзге жұрттың жеріне көз алартпаған бейбітшілікке деген көзқарасымыз бар. Өзі тиіскен дұшпанын ойсырата жеңетін қайсар батырлығымыз бар. «Мың өліп, мың тірілген» кездегі шыдамдылық пен барға қанағатшыл болу – біздің ұлттық мінезіміздің жоғарғы белестері.

Қазақ халқы ерте заманнан өзінің рухани құндылықтарын қызғыштай қорғап, көздің қарашығындай сақтай білген. Бүгінгі күнге дейін шашау шығармай жеткізген. Қазіргі ұрпақ осы ұлттық қасиеттерімізді ерекше қастерлеп, болашаққа жеткізуі тиіс. Ата-бабамыздан келе жатқан тектілік мінез халықтың парасат биігінде болуын қамтамасыз етеді. Адамды аздырар жаман мінездерден сақтайды. Ата-бабамыз ұрпағының мінезін қалыптастыруда арзан күлкіге, арсыздыққа жол бермеген. Өз ұрпағын жігерлі, ойлы, өткір тілді, арлы, иман жүзді, адал, зерделі, парасатты азамат етіп тәрбиелеген. Біз осы тәрбиені жалғастыруымыз керек.

Ғылыми жұмыста қаралған мәселелерді түйіндей келе мынадай қорытынды жасаймын:

  1. Жазушы Әбіш Кекілбаевтың шығармалары өз ұлтын мақтан тұтатын ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеуде орны ерекше.
  2. Жазушының әңгімелерін оқыған оқушының қазақтың қарапайым, жаны жомарт, мейірімді, иманды, еңбекқор ұрпақтары жөніндегі түсінігі кеңейеді.
  3. Көкем сөзді оқи отырып сөздік қорын ғана молайтып қоймай, қазақы болмыс, дүниетаным жөнінде білімі кеңейеді.

Әбіш Кекілбаевтың шығармалары– көркем туынды ғана емес, ұрпақ тәрбиелеудегі ерекше құрал дер едім.

П І К І Р

Берікқызы Аиданың Әбіш Кекілбаевтың шығармалары бойынша жазылған еңбегінің тақырыбы терең талғампаздығын танытады. Жазушы шығармаларындағы туған жерінің, туған халқының бейнесін іздеуі, туған халқының ертеден қалыптасқан таным-түсінігі мен мінез-құлқынан сабақтастық табуы оқушының шығармашылық қабілетін, ізденімпаздығын байқатады. Еңбегінің тақырыбы бүгінгі күнгі оқушы бойында патриоттық сезімнің негізін қалыптастыру сияқты өзекті мәселелермен тығыз байланысты. Оқушы тақырыбын терең түсініп, жан-жақты ізденімпаздықпен қарастырған. Тақырыппен байланысты бірнеше еңбектерді қарастыруы, шығармаларды талдай білуі, өзіндік ой-пікірін айтып, қорытынды шығаруы туған халқына, әдебиетіне үлес қоссам деген талпынысын көрсетеді. Ғылыми жоба жинақы, нақты дәлелдермен терең мазмұнды, сауатты жазылған.

You May Also Like

Біз кірпілер туралы не білеміз? Ғылыми жоба

Ғылыми жоба  Біз кірпілер туралы не білеміз? Бағыты:дүниетану Мазмұны Кіріспе. Негізгі бөлім.…

Қоқыс қалдықтарының қоршаған ортаға химиялық әсері, ғылыми жоба

Қоқыс қалдықтарының қоршаған ортаға химиялық әсері Ғылыми жоба Бағыты:     Экология Секциясы: Химия…

Аршаның тигізер пайдасы, ғылыми жоба

Қазақ халқының байырғы өлшем бірліктері, ғылыми жоба

Тақырыбы: «Қазақ халқының байырғы өлшем бірліктері» МАЗМҰНЫ КІРІСПЕ……………………………………………………………………………………………………..3 1. Қазақ халқының байырғы өлшем…