Мазмұны

Кіріспе…………………………………………………………………………………………..3

1.Бүркіт –киелі құс

1.1. Бүркіт туралы деректер…………………………………………………………….4

1.2. Бүркіттің түрлері………………………………………………………………………6

1.3.Бүркітке қойылатын атаулар………………………………………………………7-8

  1. Атадан жеткен салт-дәстүр

2.1.Менің бүркітім- Қолбала……………………………………………………………9

2.2. Бүркітпен емдеу………………………………………………………………………..10

2.3.Бүркіттің құны……………………………………………………………………………11-12

Қорытынды……………………………………………………………………………………..13

Кіріспе

Тақырыптың өзектілігі: Біздің кең байтақ  қазақ жері өзен-көлдерге, ну ормандарға, жазық  далаға, асқаралы тауларға бай. Осындай әсем далада, орманы мен тоғайда әр түрлі құстар  мекендейді. Ал, сол гүлденген дала  алқабынан құстар өздеріне қоректерін табады.Менің атам  Монғолия елінде тұрады. Ол қыран құс, бүркіт ұстаумен  айналысады. Қосымша А. Атам бүркіттің балапанын жастайынан қолға үйретіп, баптап, құс спорты ойындарынан аудандық, облыстық байқауларда, республикалық  жарыста жүлделі орындар алып жүрген.

Сол себепті мен бүркіт туралы одан әрі терең зерттеп білгім келді.

 Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері:

Зерттеудің мақсаты:

Бүркіттің  киелі құс екенін  зерттеу.

Зерттеудің міндеттері:

1.Бүркіттің ерекше қасиеттерін себептерін білу,зерттеу;

  1. 2. Бүркітті күтіп баптау туралы мәліметтер жинақтау;

Зерттеу объектісі: Бүркіт

Зерттеудің жаңалығы:

Бүркітке байланысты ұмытылған ғұрыптар мен жосын- жоралғылардың бар екенін  анықтау;

Бүркітпен емдеу жолдарымен танысу.

Құрылымы: Ғылыми жоба кіріспеден, екібөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

1.Бүркіт- киелі құс

1.1. Бүркіт туралы деректер

Бүркіт (орысша «беркут», латынша – Aquila chrysaetos L.1758) – құстардың сұңқар тектестер (кейде күндізгі жыртқыш құстар деп те атайды) отрядының қаршығалар тұқымдасының қырандар туысына жататын дене тұрқы ірі жыртқыш құс. Оның «бүркіт» деп аталуы жемтігін (қорегін) саусақтарымен бүріп ұстау тәсіліне байланысты аталған. Бүркіттің латынша атауы «Алтын қыран» деген ұғымды білдіреді. Оның өкше тұсындағы артқы саусағы – «тегеурін» деп аталады. «Тегеуріні мықты» деген ұғым саусақтарының өте күшті екендігін аңғартады. Бүркіттің ішкі саусағы – «жембасар», ортаңғы саусағы – «сығым», ал шеткі (сыртқы) саусағы – «шеңгел» (шынашақ) деп аталады. Бүркіт саусақтарының атауларынан әрбір саусақтың жемтігін ұстауда қандай қызмет атқаратындығын нақты байқауға болады.Сонымен қатар бүркіттің еркегін ана тілімізде – «шәулі» (бұқатана) деп атаса, ал ұрғашысын – «ұябасар» деп атайды. Бүркіттің шәулісіне қарағанда, ұябасардың дене тұрқы ірі болып келеді. Ұябасардың орташа дене салмағы 3,8-6,3 кг болса, ал шәулісінің дене салмағы 2,8-4,1кг.Бүркіттің жеке қанат қауырсында­ры­ның топшысынан ұшына дейінгі ұзын­­дығы 55-70 см, ал екі қанат қауыр­сын­дарын жайған кездегі ұзындығы 1,5-2 метр­ден асады. Қанаттарының шеткі 12 ірі қауырсыны – «шалғы қауырсындар» деп, қанаттарының ортасына бекіген қауырсындары – «аралық қауырсындар», ал денесіне жақын орналасқан ішкі қанат қауырсындары – «ірге қауырсындар» деп аталады. Бүркіттің құйрық қауырсындары да ірі, олардың ұзындығы 33-36 см. Ондағы қауырсындардың саны көбіне 12 болып келеді. «12 құйрық, 5 шалғы» деген сөз тіркестері қауырсындарының санына сәйкес айтылған.Қазақстанда бүркіттің үш түрінің тармағы (ортаазиялық, оңтүстік еуропалық және шығыс сібірлік) кездеседі.

Наурыз – сәуірде бір – үштен жұмыртқалайды, оны әдетте ұябасары қырық – қырық бес күн шайқайды. Балапандарын алғашқы күндері шәулісі асырайды. Олар екі жарым айлығында ұядан ұшады, бірақ ұябасары мен шәулісі ұзақ уақыт бойы баулып, қарауылдап жүреді. Табиғи жағдайда бүркіт жүз жылдай тіршілік етеді.Жұптасып тіршілік етеді. Ұясын ағаштарға, құз жартастардың басына, ал далалы жерде — жерге салады. Өте жақсы ұшады, жерде жақсы жүреді, жүгіре алады. Жемтігін ұстаған кезде, жартылай ашылған қанатымен ұстайды. Бүркіт суыр, қоян, түлкі, борсық аулайды.  Тұяқты  жануарлардан  ақбөкен, елік, таутеке, қара құйрық секілді  аңдардың  төлін жейді.Қазақстанда ормансыз және шөл далалардан басқа барлық жерлерде кездеседі, бірақ сирек. Қыста көбіне оңтүстікке ұшып кетеді. 

1.2.Бүркіттің түрлері

Қазақ құсбегілері бүркіттің мекеніне қарай құз құсы немесе тay құсы, сондай-ақ ой құсы немесе қыр құсы деп ажыратады. Құз құсының бітімі кесек, кеуделі, яғни ірі, ал ой құсы шағындау келеді. Академик Ә.Марғұланның айтуынша, қазақ саятшылары бүркітті таралған өңірі, аң ілу сипаты, бітіміне қарай Оралдың ақиығы, Алтайдың мұзбалағы, шөгелдер деп үлкен үш топқа бөледі.

Оралдың ақиығы шөлейт, суық өлкелерде, Орал, Мұғалжар тауларын, күнбатыс Сібір өңірін мекендейді. Басқа бүркіттерге қарағанда түсі қылаң, басы қара қоңыр, иық жүндері жапырақталған, сырты ақтеңбіл, бауыры кертарлан, балақ, саңғуыр жүндері ақтандақ, кер шұбар, қанатының асты қоңыр, қарасы аз болады. Оралдың ақиығы азулы аңнан қаймықпайтын, тұз құсының қайтпас қайраттысы, тіпті кұлан мен киікті де алады. [1,145 б.]  Олар Тарбағатай, Шыңғыстау, Қарқаралы, Балқаш төңірегінде де кездеседі. Шөгелдер- бүркіттің тағы бір тобын құрайды. Алатау және Памир тауларын мекендейді. Шөгелдер өз кезегінде екі түрге бөлінеді: мұзбалақ шөгелдің балақ жүні шудаланып, саусағына түсіп тұрады; шашақты шөгелдің желкедегі қара құсы шығыңқы келеді, саусақтары кесек, қалың құж-құж болып тұрады. Шөгелдер де аса куатты бүркіттердің тобына жатады – арқар, киік, қасқыр сияқты ірі аңдарға түседі. Түсі суық, өте тәкаппар келеді. Шөгел тұғырда бір аяғын ішіне алып, жалғыз аяқпен ғана отыратындықтан кербез деген атауға ие болды. [2,2 б.]

1.3.Бүркітке қойылатын атаулар

Бүркітті  ежелден «қасиетті құс» деп  қастерлеп, «дала  сермеңдесі», «көк тәңірісі», «аспан перісі», «қа­наттылар ханы» деп  құрмет тұтты.  «Көк тәңірісі» көк Тәңірінің елшісі, ол Күннен жаратылған, күннің еркесі, көктің иесі деп көп халықтың көне сенімінде аса жоғары дәріптеледі. Бүркітке табыну күллі жануарлар мен адамзат әлемінен жоғары тұрды. Оны аспан денелерімен шендестірді.

Дәстүрлі ортада қолдағы бүркітке төмендегідей ат қойған. Мәселен: Ақиық, Ақбалапан, Ақбұршақ, Бақабас, Бұқатана, Барқын, Баршын, Қандыбалақ, Қырансары, Құлакер, Кершолақ, Саршолақ, Сөпелексары, Жапырыққара, Мұзбалақ, Алтайдың ақиығы, Қобданың қара кері, Нарының сарысы, Тақыртірек, Мартулы қыран, Шомбалсары, Ішжарғыш, Кәрішөгел және т.б.

Бүркіттің жас мөлшеріне қарай өз  атаулары болған.

1 жастағысы – балапан,

2 жастағысы – қантүбіт,

3 жастағысы – тірнек,

4 жастағысы – тас түлек,

5 жастағысы – мұзбалақ,

6 жастағысы – көк түбіт,

7 жастағысы – қана,

8 жастағысы – жаңа,

9 жастағысы – майтүбіт,

10 жастағысы – барқын,

11 жастағысы – баршын,

12 жастағысы – шөгел деп аталады.[1,144 б.]

Бүркіт аң ала алмай ауырып мазасызданса, тіптен ұшып кетсе де көз тиген деп ырымдайды . Құс ұстайтын торды құрар алдын¬да қазақ құсбегілері

тоқылған торды өз үйінің есігінің маңдайшасына іліп, етегін екі босағадан салбыратып түсіріп қояды. Тордың үстінен адам көп аттаған сайын оның жолы ашылып, бүркіт тез түседі деп ырымдайды. Бүркіттің тұғыры да киелі деп саналған: оған адам отыруға және оны бос қоюға болмайды. Көп жыл серік болған құсын қариялар қартайса да құрметтеп үй жанында ұстайды. Ал қайраты қайтқан қыранды «құс тебінен қайтты» деп қоя беретін де дәстүр бар.

  1. Атадан жеткен салт-дәстүр

2.1.Менің бүркітім- Қолбала

Атамның үлкен бүркіті 10 жылдан астам қолда болды. Әбден қартайды. Сондықтан атам оны ұшырып, еркіне жіберді. Биыл жазда әкем атама Торғайдың жазық даласынан бүркіттің балапанын ұстап әкеп берді.  Жазықтың қыраны шағындау болады екен. Біз оны бала кезінен қолға үйреткендіктен Қолбала деп атап кеттік. Қолбала алғаш келгенде өте жабайы болды. Өзін сипатқызбайтын да. Қазір біраз қолға үйреніп қалды. Бүркіт қолға үйренге дейін саусақтарын жазып, үнемі тарап отыру керек, әйтпесе оның шеңгелі қарысып қалады. Дала қыранын жылдам жуасыту үшін, оның ұйқысын алады. Ол үшін, ырғаққа отырғызады. Ырғақ дегеніміз – екі діңгекке байланған арқан, біз тебетін әткеншек секілді. Құсты ырғаққа отырғызып, томағасын кигізіп, жаймен ырғап, тербетіп отырады. Шайқалып, тербеліп, құлап қалмауға амал жасап отырған құстың ұйқысы қашады, бұрынғы жабайылылығын қойып, жуасып қалады екен.Алдындағы қыран өте ірі болатын, оның әбзелдері бала қыранға үлкен болды. Сондықтан, біз Қолбаланың өзіне арнап, қайыстан томағасын тіктік. Балақ бауында өз жіліншігіне ыңғайлап, етін қажап, жараламас үшін жұмсақ қайыстан жасадық. Атам оң қолына киіп, Қолбаланы отырғызатын биялайын да қатты құрымнан жаңалап тіктіртті. Тұғырын да Қолбала отырғанда шалғысы жерге тимейтіндей етіп жасады. Ағаштан ойып саптаяғында жасады.Құсты тамақтандырарда етті алдын- ала суға салып қойып, сөлін алады, содан соң ғана ақжем болған етті саптаяғына салып құсты тамақтандырады. Қолбала тек қана таза ет жейді. Алғашында бала болғандықтан күніне үш бөліп, 1-1,5 кг ет жейтін. Қазір өзімен қатар жейтін тамағы да өсіп келе жатыр.  Сондықтан атам аңға шығаруға баулып жүр. Демалыс күндері атқа мініп алып, атаммен жазыққа құс үйретуге шығамыз. Ол үшін «шырға» деп аталатын түлкінің терісіне етті орап, оны Қолбаланың баутағарына байлап, құсты ұшырамыз. Ол өзінің аяғына байланған түлкінің терісін ұстап алып, аң аулауға үйреніп келеді. Қолбала атама бауыр басып алған, атам «кәу-кәу» деп шақырғанда ұшып келеді.

2.2. Бүркітпен емдеу  

Бұрынғы ата бабаларымыз бүркіт қасиетті құс болғандықтан, сұсынан жын шайтан қашады деп бүркітпен аластауды салт етіп ұстаған.Көршінің не болмаса көрші ауылдың үйлеріне бақытсыздық орын алған жағдайда, не болмаса жұмыстары жүрмесе, беймаза күндері болса, не болмаса отбасы мүшелерінің біреуі қатты сырқаттанса, үйдің бүркітімен аластатып ұшықтап алатын. Қазақ ауылдарына тараған сырқат адамдарды емдеу, шипалық емдері болған. Ол тәсіл бүркітпен емдеу еді. Бұл ем көбінесе жын шайтаннан, бір жаманнан қатты қорыққан, шошынған, ұшынған, есалаңмен, басында ауытқулары бар адамдарды  бүркітпен сауықтыру қолданылып келді. Әсіресе ақыл есі кеміген адамдарды, әуелі де оларға итті көрсетіп, сосын сырқатын бүркіттің қанатымен желпіп ұшықтаған. Одан соң аластап, басын бүркітпен сәл ғана ұрған.Сырқатын емдегенде көбінесе қартайған қыран құстар таңдалынады. Себебі жасы келген бүркіттің қуаты мен емі күшті. Саңқылдап шақыратын бүркіттердің дауысынан жын шайтандар қашып кететін.Кей ауылдарда босана алмай жатқан келіншектер болғанда құсбегілер бар болса, қиналып жатқан әйелдерге бүркітшіні шақырып, бүркітімен желпитін әдеті болған.Сырттан үйге кірерде әуелі шаңыраққа, сосын сол үйдің оң жағында бүркіт отырған жерінде бүркітке де сәлем көрсеткен. Бүркіттің алдын кесіп өтсе, бүркіттің сағы сынады деген. Егер амалсыздан бүркіттің алдынан өткен жағдайда, бісмілләләп өткен. Себебі Бүркіт қозып кетін жағдайыболған. Бүркіт­тің  қанат, құйрық қауырсынын, бас терісін,  тұя­ғын, аяғын алып үйдің төріне түс киізге, жас баланың  бесігінің басына  іліп қояды. Мұның себебі,  қасиетті  құс адамды  пәле-жаладан, көз-сұқтан, қатерден сақтайды, баланы  шошынудан  қорғайды дейді.

2.3.Бүркіттің құны

Қыран бүркіттің желеп-жебеушісі. Байырғы түп қазақ этномәдени ұжымның  мифтік санасында төрт түліктің пірлері Жылқышыата (Қамбарата) (жылқы), Ойсылқара (түйе), Шопан ата (қой), Шекшек ата (ешкі), Зеңгі баба (сиыр) болса, қоңыр аңдардың пірі немесе желеп-жебеушісі Кербұғы, Кертеке, (Ортеке) деп аталған. Ал қыран құстардың, бүркіттің пірі Шегірбаян екені айтылады.Қыран бүркіттің, затқа шаққандағы бағасы. «Жеті Жарғыда» қазақтың аңшылығына ерекше ден қойып, оны бұзғандарды жазаға тарту туралы арнайы бап енгізілген. «Жеті Жарғыда» аңға салатын итті, құсты (бүркітті) өлтірген адамнан олардың иесіне бір құл немесе бір күң беріледі деген. Жақсы бапталған қыран бүркіт Шу мен Сырдарияда 5-6 түйеге, қаршыға мен сұңқар 1-2 түйеге бағаланған. Біреудің қыран құсына көзі түсіп, көңілі ауса оны қалап сұрап алады. Оның қарымтасына беретін кәдені «тұғыр жабар»деп атайды. Оның көлемі XIX ғ.-дың соңында өте қымбат болған: бүркіттің сайыпқырандығына қарай, аталық түйе бастатқан тоғыздан бастап, 5-6 түйеге дейін берілген.

Қазақтың әдеттік құқығында бүркітке қатысты арнайы ережелер бар. Алтай қазақтарының «Төрт би ереже заңдарында» ол туралы былай делінеді: бүркіт ұясы кімнің жерінде болса, балапан сонікі. Оған ешкім қол сұқпайды. Түз бүркіті қашып кетіп басқа бір адам ұстап алса, тауып алғанына екі апта өтсе, бүркіт екінші ұстап алған адамға тиесілі болады. Екі жеті уақытына жетпесе, бұрынғы иесіне қайтарады. Қол баққан бүркіт (ұядан алынған балапан) қашып кетіп, басқа біреу ұстап алса, ұстағанына бір ай толмаса, бұрынғы иесіне қайтарылады. Егер айдан асып кетсе, бүркіт тауып алған адамдікі болады. Бүркітшінің елге әйгілі қыран бүркітін біреу қастықпен өлтірсе құны бір атан түйе болып қүн төленген.

Құсбегілердің қыран бүркітті жерлеу салты. Қазақ құсбегілері бүркіті өлгенде қанат, құйрығына май жағып, ақ матаға орап, биік тау құздарына немесе адам аяғы баспайтын жерге арулап жерлейтін болған. Бүркіт иесі: «ат өлсе, ертоқым үйіледі, құс өлсе, тұғыры күйінеді»деген осы екен-ау деп қайғырады.

Қазақ құсбегілерінің қолындағы қыран құсы өлгенде жоқтау айтып, қайғыру ғұрпы. Қазақ құсбегілері қолындағы қыран құсы өлгенде дауыс шығарып жылап, жоқтау айтып қайғысын білдірген. Бүркіт қазақ қоғамында қоғамның бір жанды мүшесіне айналып кеткен. Қапелімде мерт болған немесе ауылда өлген бүркітке «ат өледі, құс қашады, екі қанат бір құйрық табылар, ажалы жетсе бәрі өледі» деп көңіл айтып, иесін сабырлылыққа шақырған.

Қорытынды

Қорыта айтқанда, мен осы ғылыми-зерттеу жұмысын орындау барысында бүркіттің өмірімен таныса отырып, мынадай қорытындыға келдім.Қыран құстардың, бүркіттің пірі Шегірбаян екенін білдім.

Қапелімде мерт болған немесе ауылда өлген бүркітке «ат өледі, құс қашады, екі қанат бір құйрық табылар, ажалы жетсе бәрі өледі» деп басу айтып иесін сабырлылыққа шақырғанын білдім.

Балаларға айтар ұсынысым: жаңа зерттеу жұмысымда ертеде ата-бабаларымыз ауырған адамдарды қазақы ем бүркітпен  емдегенін айтып өттім. Қазіргі ата-аналар жастар  көбі біле бермейді  бүркіт­тің  қанат, құйрық қауырсынын, бас терісін,  тұя­ғын, аяғын алып үйдің төріне түс киізге, жас баланың  бесігінің басына  іліп қоюға болатынын айтқым келеді. Мұның себебі,  қасиетті  құс адамды  пәле-жаладан, көз-сұқтан, қатерден сақтайды, баланы  шошынудан  қорғайды.  Бұл – шындық. Дәлелденген дүние.

You May Also Like

Жұмбақтар, ғылыми жоба

1.Кіріспе Сөзден жасалған көркем сарайдың ішінде болу,сөзден тізілген маржандар арасында өмір сүру…

Шаш бояуы, ғылыми жоба

Ғылыми жобаның бағыты: Табиғи сау орта-«Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асырудың негізі Ғылыми жобаның…

Жел энергетика қондырғысы, ғылыми жоба

Тақырыбы: «ЖЕЛ ЭНЕРГЕТИКА ҚОНДЫРҒЫСЫ» Зерттеудің  мақсаты:   Маңғыстау өңірінде желден энергия алу үшін…

Құрманың пайдасы, ғылыми жоба

Тақырыбы: Құрманың пайдасы МАЗМҰНЫ І. Кіріспе ……………………………………………………………………………………1 ІІ. Негізгі бөлім 1 Құрма…