Б. Майлин шығармашылығын заманауи зерттеу жолдары, жаңа көзқарастар.

Жоба авторы: Сабырқұл  Арайлым Болатқызы

Мазмұны

 

Аннотация.

Кіріспе.

Талант əр алуан. Б. Майлин шыгармашылыгы.

Негізгі бөлім.

ЖАҢАШЫЛ КӨЗҚАРАС – ЖАНАШЫР КӨЗҚАРАС Б. Майлин шыгармашылыгын заманауи зерттеу жолдары, жаңа көзқарастар.

БЕЙІМБЕТ МАЙЛИННІҢ БЕЙНЕЛІ ШЕБЕРЛІГІ.

Қорытынды.

Бейімбеттің шеберлік және тектілік өнегесі.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі.

Пікір.

                         Аннотация 

Тақырыптың өзектілігі: Әрбір үлкен жазушы өзінің көркем шығармаларында ғана емес, сонымен қатар туған әдебиет жайын ойлай отыра атқарған өзге істерінде де, әдебиеттің жаңа жас күштерін тәрбиелеуге, халықтың рухани қазынасының дәреже-деңгейін көтере беруге азаматтық борыш сезімімен келіп ат салысу бағытында да ерекше үлкен болуы тиіс. Б. Майлиннің жақсы повестері жас прозамызға көрнекті, үлгілі туынды болып қосылды. Олардың тақырыптары жаңа, идеясы сара, композициялық пішіндері келісімді, шебер қиюласқан, конфликт негіздерінде дүбірлі ұлы дəуіріміздің күресті өмір сырлары бар, кейіпкерлері замандастарымыздың арман-талабын, жан сырын жеткізеді. Б.Майлин күнделікті қарапайым сөздерге поэзиялық, көркемдік қасиеттер дарытты. Қазақтың əдеби тілін байытты. Өз повестерінде шын мəнінде реалист жазушы ретінде көрініп, мəдениетіміздің қажетті төрінен мəңгі орын тепті.

Зерттеу нысаны: Б. Майлин шыгармашылыгын заманауи зерттеу жолдары, жаңа көзқарастар.

Ғылыми жобаның мақсаты:

Жазушының қазақ әдебиетінің дамуына қосқан мол үлесіне жаңаша көзқараспен қарау.

Міндеттері:

  • Б.Майлин әңгімелеріндегі бейнелердің шеберлілігін дәлелдеу.
  • Бейімбеттің шеберлік және тектілік өнегесіне мысалдар келтіру.

Зерттеу әдістері: Зерттеу жұмысын жазу барысында жинақтау, талдау, жүйелеу, тұжырым жасау  әдістері пайдаланылды.

Жоба жұмысының құрылымы: Бұл жұмыс кіріспе, негізгі бөлім, қорытынды бөлімдерден тұрады. Соңында пайдаланылған әдебиеттер берілген.

Кіріспе. 

Талант əр алуан. Оның қыры мен сырын жарқ еткізіп аша салу – кімге де болса қиын. Əсіресе, бұл ұлы жазушы, ірі таланттарға қас сипат. Сондай – əрқилы сыры көп талант иесі жазушының бірі – Б.Майлин.

1913 жыл мен 1933 жылдың арасындағы жазушының шығармашылық жолына көз тіксек, Бейімбеттей өнімді еңбек берген жазушы қазақ əдебиеті тарихында жоқ. Қазіргі тоғыз томға мөлшерлеп шығарған Майлин еңбектері, оның қаламынан туған туындыларды толық қамти алмайды. Əлі жиналмаған, қолға түспеген шығармалары талай томдық екені талассыз.

Күлкісіз өмір жоқ. Өмірдің кемшілік жағын көрсету үшін оқығанда күлкі шақырарлық сөз, сөйлем, сөз тіркестерін шебер қолдануды кейбір жазушылар негізгі əдістерінің бірі етеді. Осы топқа жататын жазушының бірі – Б.Майлин. Оның көптеген əңгіме, фельетон, оқшаулары, өлеңдері юморлық əдіспен жазылған.

Казақ халқының табиғатына тəн əдеби нұсқаларында ғасырлар бойы дамып, қалыптасқан əзіл, əжуа, күлдіргі əдіс Майлин туындыларынан өзінің өрісін тауып, өрлеген биігіне жетті. Бейімбет шығармаларында, əсіресе, өлендерінде күлкі шақырмайтын өлеңдер аз кездеседі.

Мысалы, «Құдық басында» атты өлеңін алсақ, қалада бір-екі жыл оқып, еліне оралған Дəмештің киім-киіс, жүріс-тұрысы өмірге ескілік көзқарас тұрғысынан қарайтын ауыл əйелдеріне ерсі. Дəмешке «азған», ата-анасына күйікке біткен бала деп қарайды.

Дəмеш кəдімгі – бұрынғы Дəмеш!

Бұрынғы деуге сияр да емес:

Біз өкшелі бірдеме киген,

Сыртында жылтыр əміркен галош…

Қасын қырқыпты байталдай күзеп,

Ой алдай, десейші, тəп-тəуір қыз ед..

Қауғадай бірдеме «шлап» дейме,

Киеді өңдеп, өзінше түзеп.

Ұн жаққан бетке, ерінде бояу

Азған адамға амал да жоқ-ау..»

Жай ғана диалогқа құрылған соң үзіндінің өзінен-ақ оқымаған ауыл əйелдеріне, дұрысырағын айтсақ, əйел халқының көпшілігіне тəн мінез-құлықтарды өте шебер түрде күлкі етеді. Ондай кісі күлерлік мінезден Дəмештің өзі де құр емес. Ақынның қырағы көзінен ол да қаға берісте қалып қоймайды.

Дəмеш: «Уа, дариға, қашан теңелер!

Мəдениет орнап қашан кенелер!»

Бетіне ұнын бір жағып алып,

Бір болар, – деді, – көне бер!».

Қандай тамаша поэтикалық контраст? Алдыңғы екі жолдағы үлкен мақсат, аңсаған арман, жақсы ниеттерді, соңғы екі жолдағы мещандық əрекет пен салқын төзімділік оның алғашқы сөздерін жоққа шығарады. Бұл эпизодтардың екеуіне де күлмей қала алмайсың.

«Өнеге» атты өлеңін алсақ, еңбек сүймейтін, жұмыс жасауға кежегесі кейін тартып, мода қуалауды ғана білетіндерді шенейді.

Майлиннің «Желдербай Жындыбаев» дейтін фельетонын оқыған адам лажсыз күледі. Саяси сауатсыз, өркеуде, мақтаншақ, шолақ белсенді, қаладан елге келген өкіл мінеп- шенеледі.

Майлин поэзиялық туындыларын жалпы алғанда, үздік образ, шешендік сөздер, не жаңаша құрылған сөз тіркестер сирек кездеседі. Ол қандай өмір құбылысын көрсетпек болса да, қарапайым тілмен, мейлінше қысқа, тұжырымды етіп беруге тырысады. «Аз сөзге көп мағына сиғызу» – оның негізгі əдісі.

Б.Майлиннің атын атағанда, оның шығармаларымен таныс оқырмандардың ең алдымен естеріне түсетін, өткен кездердің күйкілі күндерін көзге елестетіп, көңілге қаяу салатын да, жаңа заманды көз алдыңа келтіріп қабағыңды жадырататын да, оқып отырғанда зілсіз, риялы күлкі шақыратын да Мырқынбай образы. Қазақ совет əдебиеті үшін Мырқымбайдың мəні зор. Майлинді халыққа алғашқы танытқан да, оны жұртшылыққа сүйгізген де, əдебиетімізге өз беті, өз мəнері бар, жаңа бір ірі талант, үлкен жазушының келгенін сыншы – əдебиетшілерімізге мойындатқан да – Мырқымбай. Бізше, Мырқымбайдың төркіні, ақынның 1918 жылы жазылған «Əкесінен хат» өлеңінде жатыр. Февраль револю- циясынан кейін құралған қазақтың бай – феодалдарының үкіметсымағы «Алашорда» отрядында болған, жалған «Бостандық», «Теңдік» ұранымен жалпы дүрмекке еріп, алданып жүрген, ол кезде аты жоқ, жалпы есіммен аталатын кедей баласы – Мырқымбайдың прообразы.

«Қарағым-ау, қарағым,

«Ордаңды қой», үйге қайт.

Адасқан сендей бар болса,

Олар да қайтсын, сəлем айт!..»

Бұл өлеңінде ақын көп нəрсені аңғартады. Сол бір кезеңдерде адасу тек оқымаған, шаруа баққан жай адамдарда ғана емес, көзі ашық кейбір демократтық бағыттағы оқымыстылар, ақын, жазушыларда да бар. Өлең осындайлардың бəріне ортақ жайтты түйіндейді.

1922 жылы жазған «Кедей» өлеңінде ақын айналасындағы өмір құбылыстарына, тап тартысына өз пікірін ашық айтты.

Сенің зарың – зарлайтыным өмірге,

Сенің арың – арлайтыным өмірге.

Сен не көрсең, мен де соны көремін,

Белді буған – ауырға да, жеңілге.

Сен жыласаң – көзден жасым тамшылар, Сен қуансаң – қайғы шерім аршылар, Айт өлеңді ен даланы жаңғыртып, Қойшы-қолаң, кеше жүрген малшылар.

Бұл өлеңді Майлиннің барлық шығармаларының лейтмотиві десек, қателеспейміз. Өзінің болашақ қаһармандарына берген уəдесі, жазушының бар туындыларында қамшының өзегінше тартылады. Өлеңі де, қара сөздері де, драмалары да бұл пікірден қаға берісте қалған жоқ

Əйтсе де, қазақ кедейінің алғашқы кесек тұлғасы оның поэзиясында. Бір өлеңінде бала, екіншілерінде жігіт, үшіншілерінде шал кескінінде бейнеленетін кедейлердің бəрі де Мырқымбайдың өз тарихы, өсу жолы бар. Əкесі байдың жерін қорғаймын деп Қарасордың басында өлгенде, жеті жаста қалған бала – Мырқымбай да, бейнет қамытын мойнына іліп «жұлығынан шұлығы шыққан» кедейлердің бір сапында өмір сүреді. Кеңес үкіметінің алғашқы кезінде бай тепкісінен құтылып, өз бетімен күн көруге кіріседі. Бай тоқпағынан құтылса да, Мырқымбайлар ескілік тоқпағынан құтыла алмайды. Ауылдағы кеңес жұмысына араласып кеткен алаяқ – қулар əлі де болса «түйені түгімен, биені бүгімен жұтып», үкімет тарапынан кедей шаруаларға арналған көмектерді өздері пайдаланады. Ауылнаймен ауыз жаласып, кешегі атқамінерлер ел ішінде əр алуан сұрқиялық істер жасайды.

Сол кездегі ел ішіндегі жағымсыз іс-əрекеттер əсіресе, «Кедейдің кейістігі» (1922 ж.) өлеңінде тамаша суреттелінеді. «Кедейдің кейістігі» сюжетті, қысқаша өлең. Əйтсе де ол бір поэма, кішігірім повестің мазмұнын қамтып, жұмысын атқаратынға ұқсайды. Жай ғана қарапайым сөздерден құралатын монолог арқылы өмір құбылыстары мен адамдар арасындағы қарым-қатынастарды əрі шындыққа дəл, əрі қысқа, əрі аянышты, əрі күлдіргі етіп бере білушілік Бейімбет қаламына ғана тəн. Осы əдісті тап Биағаңдай меңгерген ақын қазақта аз. Өлең қысқалығына қарамастан, сол кездегі қазақ даласындағы ескі феодалдықтың қалдығы, сұм-сұрқиялардың «қыз сату, қыз айыру», пара алу, үкімет тарапынан халыққа берілген жəрдемді өздері пайдалану тəрізді азғындық мінез-құлықтарды əшкерелеп, оларды жоюға ат салысуда бұл өлеңнің мəні зор. Өлең монолог түрінде. Өлеңде кедей өміріне тəн тұрмыс-салт та өз шындығында суреттеледі.

Өлең 1923 жылы жазылған. Бұл тек қазақ даласы емес, бүкіл Кеңес Одағында қиын жылдардың бірі болды. Əлемді таңырқатқан азамат соғысының зардабын басынан өткізіп, ақтардың кесепаттарына тойтара соққы беріп, халық шаруашылығын сабасына келтіру кезеңінде көп жеріміз жұттың кесепатына кездесті. Халық аштыққа ұшырады.  Бұл жағдай, əсіресе, Қазақстанда айырықша орын алды. Ауыртпалық ең алдымен кедей шаруалардың басына түсті. Соғыс салдары, жұт, ашаршылық талайлардың титығына жетті. Сол жағдайларды өз көзімен көрген оларға жаны ашыған ақын өмір құбылыстарының бүтінін емес, бөлшектерін қарт Мырқымбайдың айналасына жинақтап, солар арқылы көрсетті. Сонымен қатар, кедейлер осындай халде болса, ел ішіндегі атқа-мінер, алаяқ қулардың астықты өздері бөліп алып, «қатын сатып, қыз айырып» бірді-бірге соқтырып, өз құлқындарын тауып жүргендіктерін ана ауыр халге қарсыма-қарсы қою – шендестіру арқылы сол кез шындығының айқын көріністерін жасайды. Жəне ол осы екі түрлі өмір құбылысын, шебер құрылған қаһарманының монологі арқылы əрі нанымды, əрі əсерлі етіп оқырмандарының ой-санасына жеткізіп отырады. Əр кездесуінде қаһарманының айналасындағы өмір құбылыстарына көзқарастары əр басқа.

–           Е, Мырқымбай, қалайсың, Есендік пе мал, жаның?

–           Шүкір, шүкір, отырмыз, Тілеуін тілеп қарғаның.

Екі-ақ сөйлем. Бірақ осының өзінде кедейлікке көніп, өзін тағдырға түгел тапсырған, лажсыз жан – бар тұрғысымен көз алдыңа келеді. Бұл жолда қаһарманының таптық санасы саңылаусыз. Өз шаруасын кейінге қалдырып бай жұмысын істегеніне мəз.

Бай, – деп… Тума жақын ғой Тамағын беріп қарасад.

Ойнап-күліп бір жүрген Бүтіндікке жарасад.

Бұл Мырқымбайдың 16-жылға шейінгі ұғымы. 1926 жылдары біз мүлде басқа Мырқымбайды көреміз.

«Жиылыс басы Мырқымбай, Салық жайын кеңесед.

–           Байлар үшін күюші ек, Онда еркіндік емес ед.

Қорғамаймын жақын деп, Боқбасарға мың сом сал!

Не қылмады ол бұрын, Байды аяман малы бар», –дейді ол.

Əрине, оны мұндай ұғымға жеткізген алдымен өмір соққысы. Асырап отырған жалғыз баласы 16-жылы солдатқа алынып, «өліп кетерлік» халге келсе, 1921 жылдар аштыққа ұшырайды, үй-ішімен қайыршылық халге жетеді. Бай ағайындары қараспай, оларды қаңғыртып жібереді. Осы жағдайлар Мырқымбайға кейін ой салады.

Ақын тек ұнамды қаһармандар ғана емес, ұнамсыз қаһармандардың бейнелерін де тамаша шебер жасайды. Шын мініскерлер – алтын мен жез, мыс пен күміске бірдей ұста дегендей, Майлин қаламынан туған жағымсыз образдарда қысқа монолог, диалогтар арқылы оп-оңай-ақ жəне көркем жасалына салады. Жұртқа қазір кеңінен таныс «Ыбыраймыз, Ыбыраймын» өлеңінде айырықша суреттеу де, үздік сөз образы, теңеу-метафора, не фигуралық сөз тіркестері де жоқ. Бəрі де жəй қарапайым-ақ сөздер. Əйтсе де, Ыбырайдың кешегісі мен бүгінгісі көз алдыңда тұрады. Оның болып тұрған кезіндегі менмендігі де, күні озып, ері мойнына кеткен кезіндегі сүмірейген сүдіні де айқын танылады. Өлеңді оқығанда ақынның ұсталығына еріксіз сүйінесіз. Себебі не?

Бізше ақын орынсыз қолданылатын, ойға азық болар нəрі жоқ, немесе сезімге əсер етер əрі жоқ, сылдыр сөз, шұбалыңқы сөйлем, көпірмеліктен аулақ. Ақын өз ойын беруге ең керекті сөздерді ғана алуы жəне ол сөздер қаһарманның бір қырын көрсетуі, əрі қарапайым, əрі жинақы болуы. Сонымен қатар ол сөздерде ирония, сарказмдік, күлкі шақырарлық бір қасиет – міндетті түрде араласа жүруі. Нəзік юмор – Б.Майлиннің негізгі стиль ерекшелігі. Мұны біз оның барлық жанр түрлерінен де кездестіреміз.

Негізгі бөлім. 

ЖАҢАШЫЛ КӨЗҚАРАС – ЖАНАШЫР КӨЗҚАРАС. Филология ғылымының докторы Балтабай Əбдіғазыұлының «Туған əдебиет тарихы жəне жаңа көзқарас» атты проблемалық мақаласы («Егемен Қазақстан», 4.01.2002) шынында да бүгінгі көкейкесті ойларды қозғауымен ерекшеленеді. Əсіресе, əдебиет тарихын зерттеуші ғалымдар алдында «аса мəртебелі екі міндеттің тұрғанын» нақты дəлелдермен тиянақтауы осы салаға қатысы бар адамдарға ой түсірмей қоймайды. Айтса айтқандай, соның бірі –«бұрын-соңды əртүрлі дəрежеде зерттелген мəселелерге, қаламгерлер шығармашылығына қайта айналып соғып, оларға жаңа заманның, тəуелсіз ой-парасаттың тұрғысынан лайықты бағасын беру» деп білеміз.

Мысалға бір кезде «қазақ кеңес əдебиетінің негізін салушылардың бірі» атанған Бейімбет Майлиннің əдеби- публицистикалық мұрасын алайық. Сөз өнерінің сахна- сына қалам ұстап шыққаннан бастап оның өнерпаздық тұлғасы зерттеушілер назарынан тыс қалған жоқ. Ұлт зиялыларының басым көпшілігі жазушы шығармалары туралы ой-пікірлерін əр кезде білдіріп отырды. 1924 жылдан жарық көре бастаған осы жарияланымдарды жинақтап көрсек, бұлардың өзі-ақ дербес зерттеу объектісіне айнала алатын шамаға жеткенін аңғарамыз. Сан алуан сападағы, əрқилы жанрдағы зерттеулер, рецензиялар, мақалалар, т.б. Бейімбет Майлин шығармашылығын нақты дəуір аумағында бейнелеп, жазушы хақында белгілі бір шамада жұртшылық пікірінің қалыптасуына негіз қалады, болашақ зерттеулер үшін ұстанатын бағытты, мақсат-міндетті айқындауға ықпал етті. Алайда, уақыт бір орнында тұрмайды, сол сияқты ғылым да ұдайы ізденісте болады, дамиды, жетіледі. Оның үстіне бір кезде бірыңғай идеологиялық талап шеңберінде жазылған еңбектерге қоғамдық-саяси жағдайдың өзгеруі əсер етпей қоймайды. Ал бұл сайып келгенде, бұрынғы өткенді жаңаша байыптауды, алдағы міндеттерді нақты уақыт талабымен үндестіре қарастыруды талап етеді.

Сондықтан Б.Майлин шығармашылығының зерттелу жайын зерделей келіп, мұның бірнеше кезеңдерді қамтитынына көз жеткіземіз.

Бірінші кезең – 1924 – 1937 жылдар арасы. Егер қазақ əдебиеті сынының жанр ретінде қалыптасу жəне əдебиеттану ғылымының туу дəуірі 1917 – 1937 жылдардағы шығармашылық процестерді қамтитынын (Т.Кəкішев Қазақ əдебиеті сынының тарихы. А.,1994.,3-бет) ескерсек, Б.Майлин шығармашылығы жайындағы жарияланымдардың бірінші кезеңі нақ осы тұстан бастау алатыны дау тудырмайды. Мұның елең-алаңында Қостанайдың «Ауыл»  газетінде 1924  жылы  жарық  көрген  Мұхаметжанның   (Бейсенұлы) «Ауылдың жүрегі һəм жұлыны», Əбдірахманның (Мұста- фин)  «Бейімбет  Жармағамбетұлы  Майлин».  1925  жылғы «Еңбекші қазақ» газетіндегі «Малайн – газет қызметкері» атты шағын жарияланымдар, С.Сəдуақасұлының «Лениншіл жас» журналындағы, «Жас қайрат» газетіндегі «Бейімбеттің өлеңдері» деп аталатын дəйектемесі, 1926 жылғы «Жаңа мектеп» журналындағы Т.Шонановтың рецензиясы, 1929 жылғы Ғ.Тоғжановтың «Əдебиет жəне сын мəселелері» кітабында айтылған кейбір ой-пікірлер тұрады.

Сондай-ақ партия, мемлекет жəне қоғам қайраткерлері Л.Мирзоянның, Т.Жүргеновтің, О.Исаевтың, І.Қабылов- тың, Қ.Өтеповтің ресми сөздерінде, баяндамаларында жа- зушының есімі мен шығармалары аталып өтуі, М.Əуезовтің, І.Жансүгіровтің, С.Мұқановтың, Ғ.Мүсіреповтің, М.Қа- йыпназаровтың, С.Ерубаевтың, Р.Жаманқұловтың, Е.Исмайыловтың, Ə.Тəжібаевтың, О.Бековтің, Б.Кенжебаевтың тақырыптық мақалаларында қаламгер қабілетінің жетістік- кемшіліктерінің əр қырынан сөз болуы да осы кезеңге тəн. Дегенмен 20-жылдары Б.Майлин шығармашылығы С.Сейфуллин, М.Əуезов, М.Жұмабаев туындылары сияқты сан қилы сараптауларға, айқыш-ұйқыш айтыстарға ұшырай қойған жоқ. Негізінен С.Сəдуақасовтың «Бейімбет – ауыл ақыны», Ғ.Тоғжановтың «Өндіріс орындарынан, жұмысшылар өмірінен жазылған нəрсені пролетариат əдебиеті деуге болады. Ауыл тұрмысын көрсететін əдебиетті оған жатқызу қате» деген алғашқы тұжырымдары төңірегінде жекелеген рецензенттер жалпылама пікірлерін білдіріп отырды.Осы соңғы сынға байланысты жалпы жазушылардың бойында байқала бастаған бір үрдісті Ғ.Мүсірепов сол кезде дəл аңғартты. Ол Б.Майлиннің «Он бес үй» повесін «жазушының  ірі  шығармасының  бірі»  деп  бағалай келіп, «Жазушыларымыздың көбі ауылды жазсақ пролетариат жазушысы бола алмай қалады екеміз деп соңғы жылдарда ауылдан мүлде қашуға айналғандары да болды. Ғаббас секілді айранды көжеге қосатын  «сыншыларымыз»  Белинский мен Марксизмді қосақтап, қобыратты-қобыратты да, жазушыларымызға жөн сілтеудің орнына, дұрыс жолынан теріс жолға түсуге жəрдемші болды. Ауыл арасындағы тап тартысының тақырыбы Қазақстан үшін өте үлкен мəселе екенін жазушыларымызға ұғындырудың орнына, ауыл тақырыбына жазғандар пролетариат жазушысы бола алмайды, пролетариат жазушысы өндірістен ғана шығады, өндірісті жазсаң ғана боласың деді. Бұрын ауыл ішіндегі əйел мəселесін, ауыл кеңесін, қосшы жайын, парақор, атқамінер, байдың қылықтарын күн құрғатпай жазатын Бейімбет осын- дай қойыртпақ сынның арқасында ауыл тақырыбын қоюға айналған…» деп атап көрсетті. Əдебиет сынының Бейімбетті «əлдиіне алатын» кезі отызыншы жылдардан басталады. Жазушының өзі де, «Сыншы» атаулы көп жылдарға шейін мен туралы аузын ашпай келді де, 30-шы жылы бірден тарпа бас салды. Екпіндері қатаң, өкшелері қисық келді. Менің шығармаларымды сынағанда менің өз басымның өткендегі кейбір қаталықтарыма байланыстыра сынады. Өңімді теріске айналдырушылық болды. «Ол кешегі пəленше еді ғой, бүгін неғып мұндай бола қалды, мұнысында бір гəп бар деп сығалады…» деген ойларын жазып қалдырған. Бұған қоғамда, əсіресе жазушылар арасында əрқилы пікірлердің туындауына себепші болған Мансұр   (Ғатаулин)   мен   Бейсенбай   Кенжебаевтың жəне

Рахым Уəлиахметұлының сын мақалаларын жатқызуға болады. Сол тұстың саяси деңгейімен Бейімбет Майлинге берілген бағаны, бұл субъективті сыни пікірлерді қоғамдағы салауатты күштер қабылдаған жоқ, қолдан келгенше қарсы тұруға тырысты. «Бұл брі саяси жала, əрі ауыр соққы… – деп жазды осы кезде Ғ.Мүсірепов. – Мұны біз əлі түзеткен жоқпыз. Кезінде көпшілік болып мұның қате екенін дəлелдеген қаулымызды «жеке басқарушылық» (единоначалие) жасап Қайыпназаров жолдас басып қалдырды».

Зиялы қауымның 1933 жылдың соңына таман «Социалды Қазақстан» газетінде өткізген бас қосу кешінің осы мəселеге арналуы да тегін емес. Оны газет редакторының орынбасары Əйтіке Мусин кіріспе сөз сөйлеп ашып, ал белгілі əдебиетші-публицист Құлмырза Өтепов өз баяндамасында: «Бейімбеттің көркем əдебиеттегі 21 жылдық өмірі, жалпы Қазақстан жұртшылығының өсу өмірімен тығыз байланысты, Қазақстан жұртшылығы қандай асу, қандай тар жол, тайғақ кешу өтсе, Бейімбет те сондай асуларды, кешулерді өтті. Олай болса, өткен жылғы Бейімбетке теріс берілген бағаны өзгерту керек» деді. Мұны І.Жансүгіров, М.Жолдыбаев, Қ.Жұбанов, І.Қабылов қолдады. Бас қосуға қатысқан Б.Майлиннің өзі болса, бұл лебіздерді «бүкіл Қазақстан кеңес əдебиеті үшін істеліп отырған құрмет деп ұғам» деп шығармашылық жоспарлары туралы баяндады. «Қырман басы» (кейін «Қырманда» деп өзгертілді – С.Б) повесін бітіріп беретінін, «қызыл жалау» атты романға кіріскенін алғаш рет осы жолы жария етті. «Социалды Қазақстан» газетінің 1934 жылғы «Ақындарға ашық хат» айдарымен «Екі оқушының» (Саттар Ерубаев пен Рахымжан Жаманқұлов) хаттарын жариялай бастауы, олардың «Құрметті Бейімбет! Мырқымбай қайда? » деп сөз арнауы – бұл кезеңнің ерекшелікті өзгерісі. «Екі оқушының» ақын өлеңдері жөніндегі пікірлері, əдебиетті түрлендіруге байланысты айтқан ұсыныстары шынайы жанашырлықтан туған, қаламгердің əдебиеттегі орны мен ролін дұрыс бағалауға жол сілтеген ізгі ниетті жарияланым болды.

Отызыншы жылдар – Бейімбет Майлиннің өз қолымен жазып қалдырған «Мен қалай жаздым?», «Екі оқушыға жауабым» атты елеулі еңбектері, сондай-ақ «Іскер, байсалды сын керек», «Сəкен! », «Қалам батыры Қалмақан» атты мақалалары жарық көрген кезең. Аталмыш туындыларында Б.Майлин шығармашылық бастауларына ой жүгіртеді, жазушы еңбегін бағалау жөніндегі пікірлерін білдіреді, жазушылық зертханасының сырларынан хабар береді. Жалпы əдеби ортадағы пікірталастан бойын аулақ ұстаған Бейімбет Майлин өзінің əдеби сынға деген көзқарасын, кейбір сыншылардың тақырыпқа тар саяси шеңберде қарайтынын осы кезеңде алғаш рет ашып айтады. «…Бірер жазушыны «ауылды айналақтадың» деу қаншалықты орынды болар екен? «Ауыл», «өндіріс» деп бөлшектеудің керегі болар ма екен?», – дейді ол.

«Көп жазасың, көп үңілесің. Баршамыз да солаймыз. Өйткені, үйрене беруіміз керек, əлі балдырғанбыз ғой. Ал бізді үйретер іскер, байсалды сын болса, əлі жоқ. Анығына келгенде, бізде көбінекей сын емес, жеке басының авторға қатынасын білдіретін рецензия ғана баршылық. Жақсы көрсең – жер-көкке сыйғызбай мақтайсың; жек көрсең – жер- жебіріне жетіп даттайсың. Терең де байсалды сынға зəруміз. Ол бізге қат… », – дейді ол тағы бір мақаласында. Бұл осы кезеңдегі І.Жансүгіровтің: «əдеби сын бізде əзір аз, біздің сынға кірісіп жүргендер əлі үстірт, тайқалақ, орашолақ істеп келе жатыр… » деген пікірімен де үндес жатыр.

Жалпы 1924 – 1937 жылдар арасында Б.Майлин шығармалары туралы көп жазылды, əсіресе 1935 – 1937 жылдары оның драмалық шығармаларының Қазақстан сахналарында жиі қойылуына байланысты рецензия, оқырмандар пікірі түріндегі театр сыны өрістеді.

Бейімбет Майлин шығармашылығы жайындағы жарияланымдар тарихының екінші кезеңі жазушының «халық жауы» атанып, есімі мен шығармаларын оқуға тыйым салынған 1937 – 1957 жылдарды қамтиды. «…1937 жылдың екінші жартысынан былай қарай ожар ауыздан шығып қалып жүрген қиратқыш сөздер нақты мəнге ие болып, əуелі газет-журнал арқылы көрінді де, абақты-түрмеге жетектеп апаратын құжатқа айналып кете барды. Лай судан балық аулап, бақыт пен шенге белшесінен батқысы келгендердің күні туды» дейді профессор Т.Кəкішев.Бейімбет Майлин ақталғаннан кейін оның мұрасы жайында айтылған бірінші сөз белгілі əдебиетші Қайнекей Жармағамбетовке тиесілі. Ол араға жиырма жыл салып барып халқымен қайта табысқан жазушының жаңа шығармалар жинағын құрастырды, жинаққа жан-жақты байыпталған маңызды алғысөз жазды. Бұдан кейінгі еңбек – Əбусағит Жиреншиннің орыс тілінде жазылған кітапшасы болды. Өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдарында жазушы шығармаларын негізге алған, жекелеген қырларын нақты объект ретінде зерделеген алғашқы ғылыми диссертациялар туды. Алайда алды өткен ғасырдың 60-жылдары жарық  көрген еңбектер Б.Майлин шығармашылығын зерттеудегі нақты дерек көздері болып саналғанымен, бір кезде осы еңбектердің жазылуына негіз болған қоғамдық-саяси талаптар, ұстанымдар қазір өзгерді, ұлттық мəдениет пен əдебиеттің даму тарихының жаңа беттері ашылды, соған орай Б.Майлинге қатысты да бұрын тілге тиек болмаған көптеген жаңа деректер айналымға шықты. Енді біржақты қарастырылып келген жазушы мұрасына тұтастай шығармашылық құбылыс ретінде қарау қажеттігі туындайды. Жəне мұны қазіргі тəуелсіз елімізде қалыптасқан қоғамдық ой-сана, ұлттық таным-түсінік аясында қарастыру қажеттігін өмірдің өзі ұсынып отыр. Демек ғұмыр жеткенше арман-мұратын ақ қағазға айшықтап үлгерген қалам қызметіндегі қаһармандық енді оңды-солды ойнақшытуды тілемейді, керісінше осы күнгі өлшем деңгейіне мұқтаж. Ал мұның бəрі, сайып келгенде Бейімбет Майлиннің шығармашылық өмірбаянын зерттеудің жаңа төртінші кезеңнің тиесілі міндеттер қатарына жатады. Бір мысал. 2000 жылы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы қазақ поэзиясының екі мың жылдық тарихын қамтитын «Екі мың жылдық дала жыры» атты 752 беттік бірегей антологияны жарыққа шығарды. Онда Заратуштра, Анахарсистен бастап Қайрат Рысқұлбековке дейінгі қазақ ақындарының суреттері, өмірбаяндары жəне бір-екі өлеңі берілген. Абайдан кейінгі қазақ поэзиясы Шəкəрімнен басталады. Ахмет, Міржақып, Мағжан, Сұлтанмахмұт, Сəкен, Ілияс, Бернияз, Сəбит…, бəрі-бəрі бар. Бірақ сенсеңіз де, сенбесеңіз де, осы кітапта Бейімбет жоқ! Бейімбет шығармашылығын ақын болып бастап  еді  ғой, тұмса өлеңдері Ахмет Байтұрсыновтың тікелей ықпалымен «Қазақ» газетінде жарияланғаны қайда? 1925 жылы Смағұл Сəдуақасов «қазіргі тарихты ең алдыңғы қатарлы ақындарының бірі» деп бағалаған Бейімбет емес  пе ол? Бар жазығы – «коллективтің жырын айтқаны» ма?  43 жастан асқанша 66 кітапта авторлық құқығын қалдырған Бейімбеттің соңында қалған еңбектерінің тең жартысынан астамы поэзиялық жинақтары емес пе? Оншақты поэма жазғанын қайда қоямыз? Солардың ішінен «Екі мың жылдық дала жырына» кіргізуге тұратын іліп аларлық бір-екі өлең табылмағаны ма? 1930 жылдан кейін өзі де өлеңді сиреткен Бейімбеттің ақындығын мүлде жоққа шығаруға бола ма? Бұл – Майлин поэзиясына арналған ғылыми зерттеу еңбектерін де жоққа шығару болмас па екен?! Міне, ғалым Балтабай Əбдіғазыұлы жазып отырған туған əдебиет тарихын жаңа көзқараспен зейіндеу идеясын, сол сапта тұратын Бейімбет Майлин сияқты қаламгерлер мұрасына да жаңаша қарау – жаны аши қарау, жаңашыл көзқарас – жанашыр көзқарас деп түсінетініміз сондықтан.

БЕЙІМБЕТ МАЙЛИННІҢ БЕЙНЕЛІ ШЕБЕРЛІГІ. Психологиялық орта, кейіпкерді белгілі бір іс-əрекетке алып келетін ондағы көңіл-күй көріністері шығарманың сюжеттік желісін жандандырып, эстетикалық құндылығын арттыруда көркемдік, психологиялық қызмет атқаратыны ақиқат. Біз оған Б.Майлин шығармаларындағы психологиялық талдау өнерінің бір тармағы – психологиялық орта мен пейзаж, интерьер мен заттар əлемі т.б. секілді көркемдік көріністерді талдау барысында көз жеткізе түсеміз! Б.Майлин кейіпкерлерінің дені кедейлер болғандықтан олардың өмір сүрген ортасы, киген киімдері, ұстанған заттары да сол шамада болатын. Сондықтан да оның кейіпкерлері тар, лас, тозығы жеткен кеңістікте өмір сүреді. Бір туындыдан екінші туындыға көшіп жүретін кедейлер Б.Майлин үшін үлкен образдық мағынаға ие. «Раушан коммунистің» мөрі, «Айшаның қара шелегі», «Дайрабайдың сиыры», Байқан молданың тасбиғы, Күлпаштың тар лапасы, Егеубайды естен тандырған «сексен сомы» т.б. міне, солардың айғағы.

Б.Майлин кейіпкерлеріне тəн шегіне жеткен кедейлік олардың өмірін де, соған лайық тұрмыс-тіршілігін де, характерін де сомдап береді. Мысалы, «Сексен сом» атты əңгімесіндегі Егеубайдың жанын неге сексен сом жей берді. Автор оны былайша суреттейді: «Сексен сом» дегенде Егеубайдың таянып тұрған күрегі жерге түсіп кетті. Өзі безгек болған кісідей қалтыранып, аузы жыбырлап қайта-қайта «сексен сом» деп айта берді… Тынымбай аң-таң. Егеубайдың неден сасқаны оған жұмбақ, басқа бір пəле болып қалды ма деп ол шегіне берді»… «…тесік-тесік лапаста тұратын, құлап жатқан қорасы бар, «тұттай жалаңаш балалары бар» Егеубай үшін сексен сом салық оңай ма? Бұл сексен сом оның жаны, ақша сұрай келген делегаттар жан алатын əзірейіл секілденуі де сондықтан сенімді:

«Күлпаш» атты əңгімесіндегі кедейшіліктің кейпі бұдан да жаман. «Үстіндегі өрім-өрім болған соң əр жерінен бір түйіп қойған ескі көйлек, оның сыртында тозығы жетіп, тулаққа айналған қысқа ескі тон, басында селдіреген көне бөкебайдың жұрнағы. Бет-аузы көнектей ісік, тоңып бүрісіп, үйдің бұрышындағы пешке арқасын сүйеп мұңайып, терең ойға шомған адамша Күлпаш отыр. Жыртық күпіге оранып бүк түсіп баласы Қали жатыр». Əңгіменің басталуында-ақ кейіпкердің жұпыны тірлігі, адам төзгісіз аштығы олардың ұстанған заттары мен киімдерінен көрініп тұр. Күлпаштың аянышты тағдырына тағы бір қайғылы қасіретті жамаған да осы аштықтың кесірі. Күйеуі мен сырқат баласын тастап, бір байға тоқалдыққа көнген Күлпаш одан да сорақы жоқшылықтың, əсіресе, бауыр еті баласы мен қосылған жары Мақтымнан айырылып, ауыр күнəнің азабын тартады.

Б.Майлин шығармаларындағы кеңістікті шектеп тұратын көркемдік элемент образы – осындай тар лапастар, тозығы жеткен киімдер, қырық жамалған киіз үйлер, сынық ыдыстар секілді, т.б. толып жатқан заттар əлемі кейіпкердің аянышты тағдыры мен тірлігінің,  тұрмысының,  тіпті  оның табиғатының символдық белгілері, жан-дүниесінің психологиялық жағдайын əшкерелейтін өмір белгілері. Сондықтан да Б.Майлиннің заттық əлемі жекелендірілмейді, ол көбіне көпке, жалпы кедейлер тағдырын, өмірін, тұрмысын анықтайтын заттар болып келеді.

Б.Майлин кейіпкер өмірінің маңызын ашатын тұрақты заттық детальдарды жиі қолданады. Айталық, Егеубайдың да, Күлпаштың да, Айшаның да, Дайрабайдың, т.б. толып жатқан кедей- кейіпкерлердің үйлері де, киімдері де, олар ұстанған заттары да, қора-қопсылары да бəрі-бəрі бір-біріне ұқсас, бірінен- бірі ауысқандай тұрақты заттық детальдар болып табылады. Сондай-ақ олардың интерьерлері де біртекті, шегіне жеткен қайыршылықты танытады. Мұндағы тұрақты бөлшектер əлгіндегі аталған жыртық киімдер, тар лапастар, сынық ыды- стар, т.б. Мысалы, «Кедей теңдігі» əңгімесінде малайдың образы былай беріледі: «Самаурынның есік жағына кірлі майлық орамалды жайып жіберіп үсті-басы далба-далба бір жігіт отыра кетті». Шоқпақ бұжыр қара, қолы тілім-тілім жыртық, байдың малайы екенін адам айтпай-ақ,  пішінінен, отырыс-тұрысынан білінеді. «Шапайдың хатында: Қатынға шəй қойдырып, жамаулы кеседен ыстық шəйді ұрттай отырып хатымды жазуға кірістім» дейді. Міне, осы екі үзіндіде психологиялық микро-элементтер елеусіз ғана баяндалады, бірақ, осы тұрмыстық детальдар (малайдың кір киімі мен жамаулы кесе) кейіпкерлердің тым жұпыны тірлігін паш етеді. Б.Майлиннің шығармаларындағы тұрмыстық заттық əлем, ондағы əрбір деталь – кейіпкердің ішкі əлемін ашуда, адам жаратылысының, түйсігінің небір қатпар қырларын, құпия сырларын əшкерелеу үшін əдейі алынған жəне ішкі иірімдерге енудің бірден-бір жолы, соның көркемдік тəсілі болып табылады. Жазушы əңгімелеріндегі жанрлық-түрлік қасиетке ие болған, сондай дəрежеге көтерілген көркемдік заттық деталь – «Қара шелек», «Сары тон», «Шапайдың хаты», т.б. болып тақырыптық деңгейге көтерілді.

Майлинде зат адамды алмастырмайды, бірақ, ол зат сол адам үшін оның табиғатын, характерін, болмыс-бітімін, бүкіл тағдырын шешетін бірден-бір көркемдік деталь болып кейіпкер образын ашып тұрады. Жоғарыда аталған əңгімелердегі əрбір зат кейіпкерлердің бүкіл  болмысын  сол күйінде бедерлеп, бейнелеп береді. Жəне жазушының əңгімелеріндегі заттық əлем-поэтикалық ойдың үзіліссіз жұмыс істейтін материалы ретінде көрінеді. Ол əңгіменің сюжеттік желісін одан əрі үзбей жалғастыра отырып, өзі арқылы үлкен əлеуметтік-экономикалық,  философиялық ой  түйеді.  Сондай-ақ,  шығармада   өз   орны   табылмай, ол көрінбейді жəне ол ешқандай көркемдік қызметте атқармайды. Ал Б.Майлинде бірде-бір артық-ауыс артық сөз, артық деталь не бір қызмет атқармайтын басы артық зат атаулы болмайтыны əуелден-ақ белгілі. Жазушы қазақтың сөз өнеріне, əсіресе, прозаға қарапайым халықтың ауызекі тілін (разговорный) енгізген жəне олар қарапайым емес, соншалықты қарапайымдылығына, ел арасындағы ауыз екі сөздің қаймағы бұзылмаған таза құрылысына, типтік жараты- лысына қарамай, соншалықты сөлді, соншалықты шымыр да шынайы, тірі (живой) сөз өрнегін өзіндік болмыс-бітімімен, тек ауылдың қазақы адамдарының тіліне тəн  өрнектеп  бере білген сұңғыла суреткер. Ол қаншалықты қарапайым болған сайын соншалықты стильдік, көркемдік, эстетикалық құндылығы құнарлы екендігін естен шығаруға болмайды. Суреткер сөзге қандай сараң болса, онда қолданатын əрбір детальға да соншалықты сараң. Оның шашылып жатқан ойы жоқ, шалыс басқан артық ауыз сөзі жоқ. Керек болмаса, бір ауыз артық сөз де, артық затта шығармада көрінбейді. Міне, Б.Майлиннің ешкімге ұқсамайтын стильдік, көркемдік, суреткерлік ерекшелігі де осында жатқан секілді.

Б.Майлин үшін зат айрықша мəнге толы: оның шығармаларында қолданылған зат (вещь) кейіпкердің табиғатын, мінез-болмысын, əлеуметтік тұрмысын тап ба- сып ашып беріп отырады. Стильдің көркемдігін анықтайтын заттық деталь кейіпкердің көркем образын да, ішкі жан- дүниесін де, түйсіктегі құпия қатпарларды да тереңнен та- нып, жан-жақты ашуға көп көмегін тигізеді. Мысалы, «Айранбай» атты əңгімесінде кейіпкердің кім екендігі бірден-ақ көзге ұрады: «Айранбайдың үйіне кіріп келгенде-ақ нендей кəсіппен айналысатыны  беп-белгілі.  От басында кірлі қара тақтай, маңайы толған былғары, қайыстың қиқымы, біз, пышақ, қайрақ, қалып, мұрындық қоқырсып жатыр». Осындағы аталған əрбір заттық  деталь Айранбайдың кəсібінен сыр берсе, екіншіден, оның сіңірі шыққан кедейлігін де көрсетеді. Сондай-ақ, мұндағы тізілген тұрмыстық заттардың қоқырсып жатуы да өзінше бір көркемдік қызмет атқарып тұр. Ол үйдің де, оның иесінің де ластығынан сыр бергендей. Кедейлікке ластық қосылса онда адамның кейпінен де, үйінен де көріктің, көңіл-күйдің кеткендігін көрсетпей ме? Ондай адамда не ұсқын болсын? Автор бұл ойын Айранбайдың əйелі Раушанның киімін бей- нелегенде оданда əрмен əжуалай, əрлендіре түседі: «Үстінде түйін-түйін көйлектің жұрнағы бар. Аяғында шарық етік, басында заты ақ болса да, кірмен баттасқан қырық құраулы бөкебайы бар, даулы екпініне, ашулы сөзіне қарағанда Айранбаймен өштескен, кезі келгенде өшін алайын деген адамның түрі бар».

Міне, осындағы əрбір тұрмыстық заттық деталь – кейіпкердің табиғатын, əлеуметтік тұрмысын, адами болмы- сын тап басып бейнелеуде басты көркемдік құрал болып та- былады.

Бейімбет өз кейіпкерлерінің өміріне, күнделікті тұрмысына тікелей қатысты тұрмыстық ортаны, ондағы қолданылатын əрбір заттық детальды олардың ішкі өміріне еркін енудегі, олардың түйсіктеріндегі тылсым сырлар мен құпияларды ашудағы символдық астармен айрықша көркемдік бөлшек ретінде бейнелейді. Жəне олардың бəрі шегіне жеткен қайыршылықты, жан-дүниесіндегі жүйесіздікті бейнелейді. Өміріне көңілі толмаған кейіпкер киіміне, өз үйіне, күйеуіне, жалпы өз ортасына қалай көңілі толсын?! Осының бəрі əлгіндегі заттық əлем арқылы əшкереленеді, бағаланады, тереңдетіле талданады.

«Қара шелек» əңгімесі «ə» дегеннен осы қара шелектің шежіресінен басталады: «Əңгіме қара шелектен  басталды. Айшаның атасының басындай сақтап жүрген шелегі ғой. Үшінші жыл болып барады, Айша шелексіз қалып, шелек сұраймын деп абысын-ажынға жексұрын көрініп, ақырында Бірмағамбетті бүріп, Кəстенкенің дүкенінен алдырған шелек еді». Оқиғаны баяндағанда көпірме сөз жоқ, төтесінен тура оқиғаға тікелей қатысты жəйді ғана бейнелейтін Бейімбет осы алғашқы жолда-ақ Айшаның кім екендігін, оның өмірдегі болмыс-бітімін, ары бар, намысы бар, ешкімнен ештеңе сұрағысы  келмейтін  тектілігі  бар, өз заты мен өз қадірін кім көрінгеннің алдында түсіргісі келмейтін кесектігін, жинақтығын, күтімділігін, бірін мыңға балап ұстайтын ұқыптылығын айқындап береді. «Сол қара шелегін қара басып Қожағұлдың қара тоқалына қалай беріп қойғанына қайран. Өйткені, оның басы қара шелектен гөрі бір айдан бері үй бетін көрмеген күйеуі Бірмағамбетті ойлап «күл шығарса да, от жақса да, жалғыз ала сиырын суарса да»

есіл-дерті сол болып мəн бермегенінен болып шықты. Есілдерті күйеуінде болмағанда, ақылы сау, көңілі тоқ кезі болса атасының басындай сақтап жүрген, өзін талай көршілерінің алдында кішірейткен қара шелегін берер ме еді?» Бұл жерде жазушы əлгі суреттеуі арқылы Айшаның жан күйзелісін, ішкі жан-дүниесіндегі ала-құйын сезім сапырылысын, ай сергелдеңін, беймаза көңілін тап басып бейнелеумен қатар, қара шелектің Қара тоқалдың қолына қалай кеткенінің себеп- салдарын да астарлай жеткізіп отыр.«…Айша шыдай алмай, үйінен шыға жүгірді. Екі үйдін арасына жалданып тұрған қарға тізесінен батып малтықты. Оған да тоқтаған жоқ, қара тоқалдың үйіне жеткенше, қара шелекті көргенше асықты». Əдеби-көркем шығармада кейіпкердің психологиялық образын сомдауда сүбелі үлес атқаратын заттық деталь – қара шелек – Айшаның табиғатын, жан күйзелісін, сол сəттегі сезімдік-эмоционалдық, психологиялық құбылыс жағдайын əсерлеп, үдемелеп, сыртқы психологиялық көріністер арқылы (жүгіру, алшну, құласа да, қарамай жүгіре беру), шарықтау шегіне жеткізе суреттейді, автор.

Б.Майлиннің көркем сөз өнерінің шебері, зергері болуымен қатар, кейіпкер табиғатын, характерін, психологиясын ашу үшін психологиялық прозаға тікелей қатысты, оның тұтқасын ұстап тұратын көркемдік тəсілдерге де көп көңіл бөліп, кеңінен, қолданылғанына куə боламыз. Əсіресе, кейіпкердің жан-дүниесіне тереңдеп бару үшін алынатын көркемдік заттық, тұрмыстық детальдар (оқиға өтер орта, кейіпкерлер киімі, тұрмысы, қолданылатын заттары, ауыз екі сөздері, олардың əрқайсысына тəн өзіндік  ой-өрісі,  ішкі монологтары, түс көру тəсілдері, іс-əрекеттері, жүріс- тұрыстары, көзқарастары, емеурін-ишаралары, ешкімге ұқсамайтын қылықтары т.б.), бəрі өзіндік психологиялық микроталдау жүйесін құрайды. Бұлардың бəрі Б.Майлиннің əңгімелерінде, жалпы көркем прозасында көрнекі орын алған.

«Айша  босағаға  қараса,  екі  бүктеліп,  түбі  аламайымен сөгіліп, қара шелек жатыр! Жаны шығып кете жаздады. Жалма-жан шелекті алып, қара тоқалға жіберіп ұрды. Ызаланып көзінен жасы ыршып-ыршып кетті». Осындағы кейіпкердің кенеттен бұрқ еткен ашу-ызасы, яғни, адамның ішкі сезім серпілісінен сол сəтте сыртқа сезілер, ырықсыз түрде асырылатын қимыл-қозғалыс (шелекпен жіберіп ұруы), сезімдік-эмоционалдық құбылыс (көз жасы), т.б. секілді физиологиялық жəне психологиялық сыртқы көріністер арқылы суреттеліп отыр. М.Ф.Достоевскийдің «все вну- треннее должно быть обнаружено в действий» дегеніндей, кейіпкердің жан-дүниесіндегі сезім құбылыстарын, ішкі иірімдерін сол сəтте тосыннан сыр берер сыртқы іс-əрекеттер арқылы бейнелеуді Б.Майлин ерекше құрмет тұта пайдаланады. Сол елеусіз əрекет арқылы Айшаның мінезіндегі дүлей долылықты, еріне, жалпы өз өміріне деген өкпе-наланы да сəтін тауып бұрқ етпе сезім аффектілері арқылы бейнелей білді. Ең бір ерекше назар аударатын нəрсе – Б.Майлин шығармаларындағы заттық əлем, тұрмыстық бөлшек ұсақ əрі қарапайым болса да, кейіпкердің табиғатын, мінезін, ішкі қалтарыстарын, құпия сырларын ашуда, ішкі түйсіктегі қатпарларды бейнелеудегі бірден-бір психологиялық микроталдау əлемін ашатын көркемдік тəсіл, көркемдік əлем болып табылатындығы.

Жазушының «Сары ала тон» атты əңгімесінде де сюжет тізгінін – сары ала тон, яғни тұрмыстық деталь қолға алады. Күні кеше Сейпен байдың əкесі Жантай бидің патшадан сыйға алған сары ала тонын байларды конфескелеу кезінде Тұтқыш деген кедейдің киіп алып, бүкіл ауылды аралап шыққаны жайлы жылы юмормен əңгімелейді: «Тұтқыш сары ала тонды киіп, алтын медальды төсіне қадады. Аяғында жыртық етік, басында жалбаланған  құлақшын. Өзі жайнаңдап жымың-жымың етеді. Аяғын керіле басып, қараша үйдің жанында отырған бай мен бəйбішенің алдынан кесе көлденеңдей жүреді. Бай бір рет қарады да, басын төмен салды. Бəйбіше жанын тартып сұрланып, көзімен Тұтқышты атып жібергендей болып қарады». Суреткер сыйлы сары ала тонның Тұтқыштың кигендігімен байлардың күні өткендігін символдап астарлай əжуалаумен қатар, Тұтқыштың салтанатты алтын медалі бар сары ала тонға қарама-қайшы «жыртық етік, жалбаланған құлақшынды» яғни оның кім екендігін ескертетін заттық детальды ұмыт қалдырмай контрасты түрде кекесінмен кестелейді. Екі əлем, екі сана, екі дүние қайшылығы осы бір сəтімен туған көркем үзінді арқылы ашылады. Жазушының адам ойына келе бермейтін қарапайым бір тұрмыстық деталь арқылы бүкіл сюжеттің жүгін көтерерлік- тей кесек эпизод жасау шеберлігіне шаң жұқпайды. Оған дəлел ретінде мына үзіндіні алуға болады: «Боз үйдің жанында ұршық иіріп отырған қатпар бетті сары кемпір ауыр күрсініп көйлегінің жеңімен көзінің жасын сүртті.

–          Шеше неге жылап отырсың? – деп Қуандық жанына жетіп келді.

–          Əй, шырағым-ай, не жақсылық бар дейсің, аруақтың иеленген тоны еді, отанымызға бір зияны тиіп жүре ме деп қорқамын, – деді кемпір. Қуандық шек-сілесі қатып күлді». Осы эпизод аруақ сыйлаған аңқау ананың ауыр қайғысы-уайымы арқылы сол кезеңдік психологияны шымшып шенеп отыр. Күлмесіңізге, мырс етпесіңізге мұрша бермейтін бұл тұрмыстық бөлшек өз міндетін мінсіз атқара білген. Жазушы үшін əрбір (де- таль), детализация (бөлшектеу) сондықтан да маңызды екендігін аңғартқандай. Б.Майлин тұрмыстық детальды, заттық əлемді əр уақытта көркемдік эстетикалық құндылық ретінде бағалайды. Сол айтқандай, Б.Майлиннің əңгімелерін, жалпы көркем прозасын құрап тұрған жекелеген, қарапайым тұрмыстық детальдар мен заттық əлем бүкіл шығармашылығының мəн- маңызын мəлімдейтіндей, солардың көркемдік тұғырын танытатындай, суреткердің көркемдік шеберлігін ашатын- дай əсер қалдырады. Б.Майлин өмір сүрген кезеңде жалпы əдебиетте (XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасыр басында) дета- лизация, тұрмыстық детальдарды пайдалану, заттық əлемді үлкен бір құбылыс ретінде танып, көркемдік жүйеге ендіру сол кезеңдегі жазушылардың əдеби сынақтарына (экспери- менттерге) енді ғана еніп, көркемдік құрал бола бастағанды. XIX ғасырда психологизмнің, психологиялық талдау өнерінің басты өкілдері болған М.Достоевский, Л.Толстой шығармаларындағы материалдық əлемді жан-жақты əрі толық бейнелеу кейін А.Чехов, М.Горький, Бунин, т.б. шығармаларында өзінің жарасымды жалғасын тапты. Ал қазақ əдебиетінде бұл дəстүр Б.Майлин мен Ғ.Мүсірепов шығармаларында  қатты  байқалды.  Мысалы, Б.Майлиннің «Баянсыз   бақ»   атты   əңгімесінде   мынадай   эпизод  бар: «Нұрлыбай сырлы үстелді ұстай да біледі. Үстелдің үсті тап- таза болады. Бір жақ бұрышында-кесілмеген, ұсталмаған бірер кітап пен жазу аспабы тұрады. Оған таяу шылым сауыт, күл салғыш болады. Екінші жақ бұрышында – арам өлген сиырдай болып теңірейіп портфелі жатады. Үстел тұрған үй қабырғасында, бұл енді үстелге отырғанда, кісінің қарсы алдынан тұратын кіреукеленген айна болады».

Мұндағы əрбір тұрмыстық заттың əрқайсысының егжей- тегжейлі ұсақталып баяндалуы кейіпкердің сол кездегі көңілсіз күйінен сыр береді. Мұндай жинақы, ұқыпты ұсталған үстелдің үстінде  отырып,  жұмыс  істеудің  өзі  бір ғанибет, көңіліңді көтеретіндей. Алайда, олай болмай шықты. Əңгіме кейіпкері « Нұрлыбай судья еді, бүгін орнынан алынды. Балажастан «біреуді жəбірлесе, жылатса, ойран салса, сусыны қанып, құмары тарқайтын сияқты», оның түбінде бір тексеру болып, басқа қонған бақтың баянсыз бо- ларын бұл қайдан білсін? Кейіпкердің осынау ойларының туған жері» – жалтыраған əлгі үстел, осы үстел үстінде отырып, кешегісіне ой жіберген, осы үстел үстінде отырып бақытты, яғни, судья болған шағын, бүкіл өткен өмірін еске алған. Енді жоғарыға арыз жазып, өзін ақтайын десе, жазуға шама жоқ, осы үстелмен бірге басындағы бағы да көзден бұл-бұл ұшып жоғалар түрі бар. Мұндағы үстел кейіпкердің сезімін, оның көніл-күйін, психологиялық жағдайын тап басып білді. Образды ашуға дəнекер болып отыр. Ол сюжеттің дамуына да өзіндік əсерін тигізбей қалған жоқ. Оқиға өтер психологиялық ортаның өзі осы үстел басынан басталды емес пе? Ондағы жоғарыда аталған əрбір зат, тұрмыстық деталь оқиғаға деген автордың көзқарасын білдіріп отыр. Б.Майлиннің қолданып отырған əрбір көркемдік тəсілі- материалдық заттық əлемі, тұрмыстық детальдар, қарапайым əрі ұсақ бөлшектеуден (детализациядан) тұратын көркем эпизодтар, кейіпкердің ішкі жан дүниесін тереңнен танытатын сыртқы психологиялық көріністер, штрихтар, т.б. бəрі психологиялық микроталдау мен психологиялық микроэлементтерді құрап тұр. Əр жазушының кейіпкер психологиясына енуі, оны талдау тəсілі əр алуан. Бірі – М.Ф.Достоевский, Л.Н.Толстой, Ж.Аймауытов, М.Əуезов, Ə.Кекілбаев т.б. секілді тереңдеп жазса, бірі А.Чехов, Бунин, М.Горький, Б.Майлин, Ғ.Мүсірепов, А.Сүлейменов т.б. секілді жекелеген материалдық-заттық əлем, тұрмыстық, көркемдік бөлшек (деталь) арқылы-ақ адам-жанының инженері, адамтану ғылымының көсемдері бола береді.  Бұл жерде біздің айтпағымыз, Б.Майлиннің кейіпкер образын сомдауда, психологиясын дендеп ашуда көбіне-көп осы тұрмыстық детальдарға, заттық əлемдерге сүйенетіндігі. Солар арқылы өзі сөз етіп отырған ауыл адамдарының пси- хологиясын, ел адамдарының табиғатын, тіршілік-тынысын, ішкі жан-дүниесін ашып бере білетіндігі. Бұл, сірə, жазушының ешкімге ұқсамайтын ерен-ерекшелігі, кəсіби шеберлігі, қаламгерлік даралығы болса керекті.

                            Қорытынды 

Тектілік. Орыс сыншысы В.Белинскийдің «Ақын – бəрінен бұрын адам, содан соң өз жерінің азаматы, өз дəуірінің перзенті», – деген осы уақытқа шейін естен кетпей келе жатқан ойлы тұжырымы Б.Майлинге де, тіпті барша ақын- жазушыларға да қатысты. Осыдан туындайтын мəселе – Бейімбет өз халқының, туған жерінің азаматы бола алды ма? Əрине, оның тектілігі – ең алдымен еліне, ұлтына адал қызмет еткендігінде. «Отымен кіріп, күлімен шыққан» дегендей, ол он ойланып, жүз толғанса да, төпеп, төгілдіріп жазса да халқының қасіретін, қайғы-қуанышын көрсетуден ауытқымаған, жаны ауырып, бүйрегі күйзелген нағыз азамат суреткер. Қаламгер пешенесіне қашанда кіндік кескен жеріне, туған халқына қызмет ету жазған ғой.

Алашорда көсемі А.Байтұрсынов:

«Қазағым, елім!

Қайқайып белің Сынуға тұр таянып.

Талауда малың, Қамауда жаның, Аш көзіңді оянып.

Қанған жоқ па əлі ұйқың,

Ұйықтайтын бар не сиқың?!» –

деп, жырласа М.Дулатов «Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты» деп халқының жігерін жанып, рух беріп жатқанда, жас Бейімбет те елі үшін жаны егіліп, көкірегі езіліп, санасы  сан қырды шарлайды. Қайтсе ел тұрмысы жақсарады деп елжіреген ол да жалын атқан үнін шығарып, ішкі мұңды да шерлі сырын, тілеуі мен үмітін ақтарған.«Қазағым» деген ағайынды елім бар» деп «Көңіліме» деген өлеңінде мəшһүр дүниеге жар салған жас ақын қазағының тірлік-тынысына көңілі толмай «Мұқтаждық» өлеңінде шерменде күйге түссе, «Қанды тұман» деген өлеңінде 1916-жылғы аласапыранда «Сабылған ел арасы елдің ері, қысылып, елдің сасар келді жері», «Елдің іші қалың тұман, жылау-сықтау» деп жан-жүрегі дегбір таппайды. «Елге барғанда» деген өлеңіндегі:

«Бірінен бірі жақын, маған жылы,

Томары, жарық, шалшық көлі, қыры…

Көк жасыл минутына жүз құлпырып,

Өзгеше əлденеге бүгін түрі.

Жұмақтың бақшасындай гүл жапырақ,

Сайраған түрлі құстар қылып тұрақ.

Жұбатқан жанның бəрін Жайлы жерді

Сағынбай тұрар адам неғып шыдап?» –деген шумақтар оның сағыныш күйін шертеді.Кеңес өкіметі орнап жатқан кезде де, Алашорда құрылған уақытта да, одан кейінгі қоғамда болып жүрген оқиғалар тұстарында да – бəріне үміт арта қарап, өз еліне жақсылығы болса игі деп тіледі. Кейде кеуде керген қуаныштан көңілі тасып, лепіріп, қыран құстай саңқылдаған үні шартарапқа тарап кетті. «Қазаққа» атты өлеңін «Келді кеңдік, туды теңдік басыңа» деп бастап, «Алалықты араңдағы жой, қазақ!» деп, береке-бірлікке шақырса,

«Бірлік қылсаң, алашым, Ілгері қарай басасың.

Қол ұстасып ұмтылсаң, Қатар жұрттан асасың.

Атағын мəңгі қалдырып, Жасасын алаш, жасасын!» –деп, «Алашордаға» деген өлеңінде ниеттес екенін білдіріп, пейілін ұрандатып жар салған. Ал «Еліме» атты өлеңінде разы көңілден шабыт буып:

«Елім-ай, бір сен үшін міндім атқа,

Көзден жем қылмаймыз деп енді жатқа.

Көтеріп Алаш туын ұрандадық,

Қарамай шапқан қылыш, атқан оққа», –деп елі үшін атқа мінгенін, алаш туы астында ұрандағанын жасырған жоқ. Соңғы екі өлең Бейімбет ақталғаннан кейін шығарылған жинақтарына енгізілмей келді. Оның мəнісі алаш полкінде бірнеше ай қатардағы жауынгер болғаны, алашордашыл деп сыналғаны, таңылған таңбадай жабысып қалғаны. Есесіне «Əкесінен хат», «Садақбай» өлеңдері қалдырылмай келді. Бұл туындыларында алаштың кейбір істерінің салқыны тигені сезіледі. Бірақ оның алашта болғандығы үлкен айып болып жапсырылып, содыр сыннан көз аштырмады.

Алайда, ол халқына деген адалдығынан, ақ жүрегінен айныған емес. Қай шығармасын алмаңыз, сол ойының желісі созылып жатқанын көреміз. «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бəріміз», «Құтты болсын мейрамың», «Жаңартты қазір жырды ауыл» сияқты өлеңдерден шалқыған көңіл, шарықтаған қуанышқа бөленгенін аңғарамыз. «Он бес үй», «Əміржанның əңгімесі», «Кездескендер» (алғашқысы   «Қырманда»), «Майдан»,          «Аманкелді»           (кино  сценарий) «Тартыс», «Азамат Азаматыч», «Қоңсылар», «Қызыл жалау», тағы басқа шығармалары қиын-қыстау өмір кезеңдерін басынан кешірген елінің тағдырын əспеттеп көрсетуге  арналған.  Елі жыласа, көзден жасы тамшылаған, қуанса, қайғы-шері аршылған Б.Майлиннің ұлылығы да осында.

Тектіліктің бір белгісі – парасаттылық. Шығыстық Аристотелі, ғұлама Əбу Нəсір əл-Фарабидің: «Күллі игіліктің ішіндегі адам үшін ең ерекше мені бар игілік – парасаттылық болып табылады, себебі адам парасаттылықтың арқасында адам болған» деген сөзінің мағынасы Б.Майлин биігінен мол табылады. Бұл ұғымның тарамдары сан-салалы. Ақыл- ой да, сана-сезім де, адамгершілік те, адалдық та, зерделілік те, салиқалылық пен салауаттылық та, қарапайымдылық пен кішіпейілділік те, жоғары мəдениеттілік пен əдептілік те жатады дер болсақ, солардың бəрі Б.Майлин болмысына дарып, бойына терең сіңген. «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық аздырар адам баласын» деген Абайдың асыл сөзі Б.Майлиннің жолын көрсеткен жарық жұлдызындай. Оны еңбекқор дей салу жеткіліксіз. Ең алдымен оның еңбегі-таза еңбек. Ешқандай ұрлық-қарлығы, алдап жеуі, біреудікіне қол сұғуы, жырымдап алуы жоқ. Сырттай жұпыны көрінетін оның есте қаларлық жері қою қара шашының ұш жақтары бұйралана шиырылып маңдайына төгілетіні, бадырайған үлкен көздері, тостағанның аясындай домалақ келген беттері өзіне жарасымды-ақ еді. Сөзге жоқ, өсекке əуес емес. Қағазға төнгенде сөздің мəні мен көркін маржандай төгілтетін суреткердің мінбеге шықса, жұртты аузына қарата сөйлейтін шешендігі де жоқ. Тегі мінбеге ұмтылып, көрініп қалайын дейтін мінезден аулақ. Ғ.Мүсіреповтың «Совет дəуірінің барлық күнделігін қағазға түсіріп қалдырған – Бейімбет» деген сөзіне ойлана, үңіле қарасаң, Б.Майлиннің аса бір ерекше тағылымына, асқан еңбекшілдігіне айтылғандай. Редакторлық, журнал- истік, жазушылық, баспагерлік, қоғамдық жұмыстар ба- стан асып жатса да бар есіл-дерті жазуға ауған. Ешқандай бап талғамаған, өзіне бір ерекше жағдай талап етпеген, қайта жайлы креслодан өзін аулақ ұстауға тырысқан. Кейде амалсыз көнуге тура келген. Соның өзінде қанша мəнді шығармалар қалдырған. Міне, оның ақталғанына да елу жыл болды, зерттеушілері, шығармаларын іздеушілері көп-ақ, əлі күнге дейін туындыларының бас-аяғын жинақтап түгендеп ала алмай жүрміз.

Б.Кенжебаев: «Бейімбет  алуан  қырлы,  ұшқыр қиялды, зор талантты жазушы еді» деп жалпы оң пейілді сипат беріп, «қаламы əдебиет жанрының  бəріне  бірдей  жүйрік те жетік еді» деуі зор бағалауы, үлгі-өнеге тұтуы. Ал, М.Əуезов: «Тарихтық  бағалы  еңбек  етуші», І.Жансүгіров: «Жазғанының көптігі мен көркемдігінен де алда келеді», С.Мұқанов: «Жұмысының көптілігі жəне өнімділігі жағынан Бейімбетке теңдесетін қазақ жазушысы, əсіресе журналист аз болатын, бұрқыратып төпеп жібереді» деп зор баға бергенінен Бейімбеттің еңбек ету ерекшелігін аңғарамыз. Оның тез жазатынын, кеңседе болсын, үйінде болсын үнемі жұмыс үстінде болатыны, редакцияда ұзақ отырса да қарап үлгіре алмаған материалдарды үйіне алып кетіп, ертеңіне даяр қылып əкелетінін, пəтерінде балалары  шулап  жатса да алаңдамай жаза беретінін, «жазу жұмысында қажымас қайраткер» (Ғали Орманов) адам екенін, қатарынан екі-үш шығарма жазып жүретінін, жемісті, көп қырлы жазушы екенін замандастары тебірене əңгімелеп, біздерге көп сыр шертіп кетті. Енді бір мысалға тоқтамай кету қиянат. Бұрын да шет-жағасы белгілі болып келсе де, көпшілік жұрт біле бермеуі мүмкін. 1923 жылы Қостанайда шығатын «Ауыл» газетіне арнайы жіберілген Б.Майлин бар жұмысты үйіртіп алып кеткен ғой. Бірінші қыркүйекте шыға бастаған газеттің əуелі хатшысы, көп ұзамай редактордың орынбасары болып істеген ол ерекше еңбек үлгісін көрсеткен. Оның тұсындағы алғашқы редактор М.Сералин губерниялық атқару комитеті төрағасының орынбасары əрі губерниялық жер-су бөлімінің меңгерушісі, одан кейінгі – М.Бейсенұлы губерниялық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды да газетке мойын бұра алмаған. Бар жұмыс Бейімбеттің мойнына түскен. М.Бейсенұлы оны «Ауылдың жүрегі һəм жұлыны» деп бір жылдан соң жоғары бағалаған. Сол кісінің жазған төмендегі пікірлеріне көңіл қояйықшы: «Ұзақ күнге дамыл жоқ, ойын-күлкіден тыс, жатса-тұрса ойлайтыны «Ауыл». Ертеңгі сағат алтыда тұрып, басқармада түртініп отырғаны. Тілшілерден келген хабарлар- ды қарап шығып, сұрыптап, кешіктірмей, маңызын жоғалтпай, уақытында басып шығару… Басқарма үйінде толған басқарма қызметкерлері. Бəрі орыс, ішінде жалғыз-ақ отырған қазақ. Бұл – «Ауыл» газетін шығарушы Бейімбет… Жалғыз Бейімбет газет ісінің бəрін атқарады. Əрі үлгереді. Газет уақытында шығып, үлгеріп отырады. Кейде жетісіне екі-үш рет шығып қалады. Шығаратын, басқаратын жалғыз өзі. Көмекші алуға қаражат жетпейді. Бір өзі бес кісінің жұмысын атқарады… Бейімбетте ренжіп қабақ шыту жоқ. «Ауыл» газеті мақтау алып отырса, ол Бейімбеттің арқасында». М.Бейсенұлының сөзін толық келтірмесек те, қайран Бейімбеттің еңбекке берілгендігі анық та айшықты көрініп тұрған жоқ па. Қыруар жұмысқа қарамай, мақалаларын, өлеңдерін айтпағанның өзінде, «Шұғаның белгісінен» кейінгі екінші повесі – «Раушан-коммунист» повесін, əлі күнге шейін маңызы жойылмаған «Айранбай», «Құлбай», «Құлақ», «Бақ ауған», «Мұсадан хат келді» сияқты көптеген əңгіме мен фельетон жазып, абырой-атағы кең тараған. Бір жарым жылдан артығырақ істеген бұл мезгіл – ол үшін журналистігі мен жазушылығы арбаға жегілген қос арынды аттай алға сүйреп, шарықтау өрісіне сара жол ашқан кезең. Сол қарқынды бетінен ауытқымай, шабытты еңбек тізгінін тартпай алысқа құлаш сермей түсті. Қайда жұмыс істемесін, ол солай еңбек етуден бір танбаған. Нəтижесінде небəрі 43 жыл, үш ай, он күн өмір сүрген Б.Майлин бес роман, он жеті повесть, он сегіз поэма, жиырма төрт пьеса, жүзден аса өлең, сол шамалы əңгіме, жүз елудей фельетон, қырық шақты очерк, екі сценарий, екі либретто, жеті жүзден аса мақала жазып үлгерді. Олардың бұрынғы жинақтарына кіргені жартысын ғана құрайды, кейбірі табылмай белгісіз болып келеді.

Жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ əдебиеті жедел дами бастады дегенде əуелі ойға  оралатындары  кесек шығармалардан М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамалы», Ж.Аймауытовтың «Ақ білек», С.Көбеевтің «Қалың мал, С.Торайғыровтың «Қамар сұлу», М.Сералиннің «Гүлхашима» деген туындыларынан басқа Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі» повесінің əсерлілігі де ерекше байқалған. 1915 жылы əңгіме ретінде жазылған бұл шығармасын 1922 жылы повестке айналдырып, «Қызыл Қазақстан» журналына жариялатады. Сол кезде оқырмандардың назарын бірден аударған шығарма осы, əсіресе, жас таланттарға тиген əсері аса бөлек. Əркім өзіне үлгі етуге, үйренуге талпынған. Б.Майлин шығармаларының жоғары реалистік жəне профессионалдық деңгейде жазылғанын көрсетіп, «алғашқы прозаик – суреткеріміз» деп бағалаған Ғ.Мүсірепов «Біздің қай-қайсымыз болсақ та «Шұғаның белгісі» повесінің құрсағынан шығып, етегіне оранып өстік» десе, ол текке айтылған сөз емес. Проза ғана емес, өлең, əңгіме, фельетон жазуда да Б.Майлинді өнеге етушілердің қатары аз емес.  Ол екі жағынан – шығармашылық жəне қамқорлық жəрдем беру арқылы бірталай апыл-тапыл басқан таланттардың жолын ашқан. М.Əуезов те оны реалист жазушы деп есеп- теген. Б.Кенжебаев: «өзіміздің де тырнақалды əдеби сын мақаламызды қарап, түзеп газет бетінде жариялаған, сөйтіп, бізді мəдениет майданына енгізген осы Бейімбет болып еді» (Бейімбетпен бірге. «Оңтүстік Қазақстан», 30.04.64.) деді.

Сонау Қызылжардан іздеп келген Мариям Бектембекованы бірден қамқорлыққа алып, «Еңбекші қазақ»  газетінің хат бөліміне орналастырғаны да өнеге. Бейімбет оған аударма жасатып, келмей жатқан жерін өзі түзетіп, жəрдем көрсеткен. «Аяулы аға ұстаздық етуден бір жалыққан емес»деуі Мариямның ақ жүрегінен айтылған сөз. Нəтижесінде М.Бектембекова журналистер институтында  оқыды, республикалық əйелдер журналының редакторы қызметіне дейін көтерілді, басқа да баспасөз орындарында жауапты қызметтер атқарды.

1928 жылы Қызылордаға келіп, «Лениншіл жас» газетіне орналасқан Жақан Сыздықовты алғаш көргенде-ақ Бейімбет жылы жүзбен биязы сөйлесіп танысады да: «Келген орның құтты болсын. Осы ортаға келгенің дұрыс болыпты. Жазам деген кісінің жанымызда болғанын жақсы көреміз» деп үйіріп əкеткен. Мұндай жан толқытар лебіз білдіру сирек кездесетін құбылыс шығар. Онымен қоймай, сол жерде-ақ «Біздің үйге жүр» деп ертіп əкеткен Бейімбет барған соң біраз əңгіменің басын қайырып, оқып білім алу керек деген ақыл береді. Əмісе қол ұшын беріп жəрдемдеседі. Сөйтіп Жақан басылымдарда жауапты қызметтер істей жүріп, сүбелі шығармалар жазып шығарды. Досындай болып кет- кен Бейімбетті ұмытсын ба, кейін Ж.Сыздықов «Жастарды жанындай жақсы көретін. Ешкімнің жасына, дəрежесіне қарамай сыйлаушы еді» деп ағынан жарылып Бейімбеттің ерекше бір қасиетін бейнелеп берді. Ал Бейімбетің қамқорлығын  көрген  А.Тоқмағамбетов те тебірене: «Биекеңді бір мен емес, бəріміз жақсы көретін едік. Бəріміз «Біздің Биекең» деп құрметтеуші едік. Өйткені артық сөзі болмайтын, ақылгөй аға, əрі жақсы ұстаз еді» деп кеткені аса бір құрметтің белгісі. Кейін  «қырғи  тілді  Асқар»  атанған  А.Тоқмағамбетов «Біздің Биекең» деген естелігінде Бейімбеттен алған бір хаты жөнінде былай деп жазған: «Бейімбеттен ең соңғы рет Шəуілдір ауданында жүргенде хат алдым. Онда мынадай деп жазыпты: «Асқар, құттықтаймын. «Уборщица» деген поэмаң бəйгі алды. Үздік шыққан Сəбиттің «Ақ, аюы» мен сенікі болды. Бұл жолы Ілияс та қалып қойды. Комиссияның мүшесі мен едім, сенің жазғаның өте кешігіп тиді. Оқып көрсем ойдағыдай екен. Сəлеммен Бейімбет». («Ленин жолы» газ. Қызылорда облыстық. 1965ж., 19 қараша). Кім осылай мыңдаған  шақырым жерде  жүрген  адамға  хат жазар еді. Оны істеу үшін Бейімбеттей адамгершілгі биік кісі болу керек.

Б.Майлинге 1929 жылы алғаш рет Семейдегі «Жаңа ауыл» газетінде кездескен, 1933 жылдан бастап жиі көріп жүрген қаламгер Қ.Малаев «Шіркін-ай, жастарды жанындай көретін еді ол. Мына Əбділданы, Зейінді, марқұм Саттарды аясына ала беретін еді. Ол «Лениншіл жас» редакциясына келгенде жас таланттар бəйгі аттың бауырына жанасқан құлын-тай сияқты көрінетін көзге. Талабы бар жасты Бекеңнің өзі іздеп табатын. Дəл осы бір оның мінезін Ғабит дұрыс айтыпты. Достың сырын досы біледі ғой. Ғабит пен Бейімбеттің достығындай достықты бұрын-соңды білген емеспін», – деп «Жаңа дəуір жаршысы»» деген мақаласында («Коммунизм туы» газ., 1965 ж., 19 қараша. Шығыс Қазақстан обл. газет) тебірене сыр шертсе, Бейімбетті білетін көбінің ойындағысымен орайласып жатқанын байқай аламыз, айқын дəлел деп білеміз.Жамбылдың  өлеңдерін  жазып  жүретін хатшыларының бірнешеуін білетін едік. Олардың қатарында Зейнелғабиден Иманжановтың аты айтылмайтын. Ол, сөйтсе, Жамбылдың алғашқы  хатшысы екен. Сəті келіп оны  анықтаған бірегей білімді де ақиқатшыл  ғалым  əрі  ұстаз  Т.Кəкішев  болды. З.Иманжановтың сол игі іске себепші болуына ықпал жасаған Б.Майлин екен. Оны «Ғалия» медресесінде бірге оқыған кезінен білетін Бейімбет 1932 жылы Жамбылдың өлеңдерін жинауға оның кіріскенін жөн көреді. Өзі оқу халық комиссары Т.Жүргеновпен келісіп, жазып алған қаламақысына ақша төлеттірмекші болып сендіреді. Келіскен З.Иманжанов Жамбылды үйіне алдырып, жазуға кіріседі əрі шарт жасасып, алғашқы авансын алған. Бұл жерде Т.Кəкішев екі түйін түйеді: біріншісі, Жамбылдың асыл рухани қазынасы ұмытылып кетпей тұрғанда жазып алып қалу, екіншісі, сол бір ауыр жылдардағы Зейнелдің отбасына қосымша табыс, күнкөрісіне септігі тиетін жағдайды ойластыру. Сонда Б.Майлин екеуіне де қамқоршылық еткен болып шығады.

М.Хакімжановаға деген ілтипатына  аз-маз тоқтала  кеткен лəзім. Б.Майлин еліне бір барғанда естіген «Жаңа шыққан жоқтау» деген өлеңді жазып алады. Оны шығарған М.Хакімжанова екен. Тағы бірде «Əйел теңдігі» журналына келген хаттарды алқа мүшесі ретінде қарайтын ол бір өлеңді ұнатып, журналға бастыртады. Оның да авторы сол Мариям. 1929 жылы «Еңбекші қазақ»  газетінде  кездес-  кен оған Бейімбет: «Ақындық сенің тұқымыңда бар. Арғы атаң Балғожа бидің өзі ақын болған. Одан қалды Ыбырай Алтынсарин ақын болған. Ақын болмасаң сен мұнда оңайлықпен келе қояр ма едің. Еріксіз қанатыңды қақтырып, астанаға алып келген сол ақындықтың күші, шырағым, – деп талабына дем бере келіп, ағалық ақылын алға тартады. – Енді оқуыңды біл. Əсіресе күнделікті газет-журналдарды көп оқы. Неғұрлым көп оқысаң, солғұрлым ойыңды тереңдетіп, тіліңді ұштайтын нағыз мектеп солар» – деп жазған өлеңдерін əкеліп тұруын, өзінің үйіне келіп жүруін, көмектесетінін сол жерде-ақ мəлімдейді. Содан бастап Мариямның жанашы- рындай болған Бейімбет өлеңдерін де қарап, жариялатып отырды, жұмысқа орналастырды, оқуға түсуіне көмектесті. Оны Мариям «қамқор əке, ақылды аға, қатал ұстаз» ретінде көріп, үй-ішімен тонның ішкі бауындай араласып кеткен. Сөйтіп М.Хакімжанова қазақтың ақын қыздарының ортасынан берік орын алған.

Б.Майлиннің парасаттылық бейнесін аша түсетін, толық- тыратын лебіздердің бəрін болмаса да, кейбірінің терең мəніне үңіліп көрейікші. Журналист Ғ.Əміров: «Анау- мынау көлденең шаруамен де жұмысы жоқ. Есіл-дерті өзінің кеңседегі қыз-метінде ғана. Жұмысқа өте ұқыпты жəне айтқанын орындатпай қоймайды, сөйтіп жұрттың бəрін тəртіпті, тəлімді болуға баулитын», – дегені Ғ.Мүсіреповтің «мені қатал тəртіпке көшірді» деуімен бір арнада тоғысып, еңбеккерлік қабылетін ашып тұр. Ал адамға деген аңқылдаған ақ көңілін ғалым, ұстаз Б.Кенжебаевтың: «Бейімбет өз білгенін біреуге үйретуден, біреуге жəрдем, жақсылық етуден тартынбайтын да, жалықпайтын да. Жəне  солар-  ды білгішсіп, артықсып, кісімсіп істемей, міндетті адамша кішілік, тең құрбылық қалыппен күліп-ойнап істер еді», – дейді. Жасы да аздап үлкен, қызмет дəрежесі де жоғары, өзі де қалам қайраткері болса да С.Сейфуллин басқалармен айтысып, дəлелді пікірлерін іркіп қалмай қарсы сөйлейтін батыл мінездің адамы болған ғой, ал Бейімбет дегенде емешегі үзіліп, елжіреп тұрады екен. Сəкен де басқалар сияқты Бейімбетті өзінен де жоғары бағалаған. Əйтпесе, бірде Ж.Сыздықовқа: «Осы Бейімбет бар ғой, Құдай біледі дейін, əруақ қонған, нар шөккен адам. Көрмейсің бе міне, қалай- қалай көсілгенін», – деп əрі мақтаныш, əрі риза сезімге берілген. Бұл Сəкеннің «Азамат Азаматычты» оқығаннан соңғы пікірі. Б.Майлин жазған шығармаларын əріптестеріне не оқып шығуға береді, не өзі оқып береді екен. Сол əдетпен «Дударай» либреттосын да, «Қызыл жалау» романын да оқып берген, аяқталған туындылар еді, алғашқысы мүлдем жоғалды, соңғысының кезінде басылып үлгерген тараулары ғана табылды. Сол «Қызыл жалауды» С.Сейфуллин, І.Жансүгіров жəне Ғ.Мүсірепов үшеуіне 1937 жылғы жаздың бір күні оқып берген. Сол сəтті Би-ағаның əрі адал досы, əрі қорғаушысы болған Ғабең еске түсіріп Сəкеннің: «Жақсы екен, Би-ағасы. Өкірткен екенсің, Би-сақал… Той қылатын роман. Тек соңғы төрт-бес бетін бере тұршы… Былжырлау аяқтағансың ба, қалай… » дегеніне назар ау- дартса, ол да Бейімбеттің еңбекқорлығын, жазғыштығын, беделінің жоғары екендігін тағы да түйіндей көрсету емес пе? Сəкеннің сөзінде мақтау да, сыйлау да, дос көңіл де бар. «Би-ағасы» деп мəртебесін кетерсе, «Би-сақал»… деп құрбы- құрдастық қалжыңға салады. Кейін еске түсірген Ғ.Мұстафин: «Шіркін, тұтастай тұлғасымен өлшеп-пішпей жаратылған бір адам Бейімбет еді ғой. Ондай қарапайым, жайсаң сырбазды көрмедім өз ба- сым»» деп таңдай қағып, тым таңырқаса, Ə.Тəжібаев: «Бүкіл қазақ ауылының сүйікті ұлы боп туып, сүйікті жазушысына айналған сегіз қырлы, бір сырлы Бейімбет ағамыз қазір де көз алдымда» деп шалқып кетеді. Ал Ə.Сəрсенбаев «Рухыңа бас идім, қарапайым қазақ – Би-аға» деп қысқа қайырса, əулие санап, табынғаны. Ой-өрісі кемелденіп, қалам қуаты қатып ширыққан, бұрынғыдан да маңызды көркем шығармалар жазатын дер шағында қанатын қырқып, өмірін үзген жендеттерге лағнет айтасың. Қалай ғана көздері қиды екен осындай арыс, кемеңгер тұлғаны деп ашу-ызаң келеді. Күрделі де күрмеуі шырғалаң өмірдің біраз кезеңдерінде болған келеңсіз кемшіліктер, рухани жұтаңдық пен азаматтық ар төмендігі, күндестік пен күншілдіктің қылбұрауына шырмалған шылықтың өріс алуы сан зиялы азаматтарымыздың жанын жаралап, жарық дүниеден аластатты.

Сондай жағдайға Голощекин 1925ж. республикамызды басқаруға келгеннен тап болып, кейін əдебиет майданы деген науқан өршіп, жазушылар арасындағы айтыс өрескел бағыт алды. Бұл тұста Б.Майлинге қатты шүйліге қойған жоқ болатын, бірақ тиіп-қашты ауыр сынға ілігіп жүрген еді. ҚазАПП-тың 1932-жылғы 26 – 30 ақпанда өткен бірінші құрылтайында əжептеуір сынға ұшыраған ол, басынан ауыр таяқ тигендей, есеңгіреп-ақ қалды. Бұрын «ауыл ақыны» деп мақтаса да өндірісті жазбай жүр деген кінə жеңіл-  желпі шаңын қағу ғана екен. С.Сейфуллин ұлтшыл, жікшіл, өркөкірек, төңкерісшіл, халық жауы, І.Жансүгіров тапшыл емес, жолбике, халық жауы делініп жатқан кезде, Б.Майлинді де көзден таса қалдырсын ба, оған да тас лақтырып, «ескішіл, байшыл, ұлтшыл, алашордашыл, жолбике, фашист, халық жауы» деп жаналғыштай шүйліккен еді. Елінің тағдыры үшін нардың жүгін қайыспай көтерер жазушы қашанда қыл көпірдің үстінде, қылпып тұрған ұстараның жүзінде жүреді. Биліктің айтқанына көніп, айдауына жүрмесе, бұйдалы бо- тадай байпаңдамаса қылша мойны талша болуы, абақтының азабын тартуы, тіпті бір ғана қорғасын оқ желкеден үңги кіріп, қақ маңдайдан ойып шығуы кəдік. Біріне төңкерісшіл ақын ұнамайды, енді біріне алаш елі болайық деген жақпайды, тағы біреуіне оза шауып, оқ бойы шырқап кеткен майтал- ман жазушы өлшеміне келмейді. Арамдық, алдампаздық, іштарлық, көре алмаушылық, бақталастық, əпербақандық, мақтаншақтық, күншілдік, даңғойлық, арамтамақтық, билікқұмарлық, сатқындық, жалпаңдаушылық, жантықтық, қойшы əйтеуір, осының бəрі тексіздіктің неше түрі боп, та- мырын терең жайып, жақсының, тектінің аяғынан шалып, алқымынан алып, жойып, құртып жіберуге де таптырмай- тын құрал, əдіс-айла. Осындай жандардың бейпіл сөздері сүйегінен өтіп, санасын торлаған Б.Майлин опыныс күйге түсті ме екен.

Ұядан жаңа ұшқан балапандай көріп, қанатын  қатайтып демеп жіберуге бар ықыласын аударып, жас сəбидің тəй-тəй басып кетерінде тұсауын кесетіндей ниетпен тырнақалды туындыларын қарап, сəл-пəл түзетіп, жариялатуға қол ұшын беріп, інісіндей көргендердің тарпа бас салып, жақсылығын ұмытып кеткендері жанына инедей қадалса да ішінен ты- нып, бет жыртыспауы, қарсы айбар көрсетіп, жағадан алмауы – не деген төзімділік, не деген шыдамдылық, əлде ондайларға деген жанашырлығынан арыла алмаушылық па. Көреалмаушылық, бақталастықпен уланған кейбірі аяғынан шалып, зор нұқсан келтіріп, тіпті жау етсе де артық кетіп, ғайбат жасап, өздерін сөкпеді-ау. Жау өзі емес, солар деу- ге қыймайды, сірə қайғысын да, қасыретін де, ренішін де, қыжылын да шығармай, өзімен бірге ала кетті. Бұл кемшілігі ме, жоқ тектілігі ме? Сірə, соңғысы болар.

Бұл дүниеден бақилыққа кеткенше Б.Майлин жөнінде көп сыр ақтарған бір ғана адам болды, ол – Ғабит Мүсірепов екенін айтып жүрміз, əлі де айтылар. Таң қаларлық бір ғажа- бы – оның Бейімбетке деген адалдығы, тіпті сүйіспеншілігі дер едік, қашан да ағынан жарылып, оның кім екендігін еш қоспасыз əділ көрсетіп бергендігі. Өмірінің соңғы кезіне шейін қамыға, қайғыра Бейімбет қасыретін еске алатын. Оның сөздері жалған жала жауып, «халық жауы» етіп дүрліге көрсетіп, жарық дүниемен ерте қоштастырғандарға қарата айтқан қаралы қарғыстай, кеудеден лықсып шыққан лағнеттей естіледі. Əдебиеттің аса білікті сыншысы, бірегей ғалым əрі  ұстаз Ш.Елеукеновпен болған бір сұхбатында: «Менің түсінбейтінім асыра сілтеудің біздегі көріністері. Сəкен Сейфуллин Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы болды. Əкімшілік қызметі дұшпанын көбейтуіне себеп етті делік. Ал, Бейімбет бейбақ ше? Ең үлкен мансабы – «Еңбекші қазақ» газеті редакторының орынбасарлығы. Осы қой аузы- нан шөп алмасты көрсеткен қай жауыз? » – деп ызалы ренішін ақтарыпты. (Ш.Елеукенов. «Əттең дүние… » «Атамұра» ба- спасы., 2005, 263 б. «Сұлулық күні тұтылмайды». «Қазақ əдебиеті» газ., 2002 ж., 11 қаңтар). Зиялылар арасында бір ой берік қалыптасып жатқандай. 1937 – 1938 жылғы репрессияны ауызға алсақ, бəрін үйіп- төгіп Сталинге жаба саламыз. Тек ол ғана кінəлі ме екен? – деген сұрақ та құлағын қылтитатыны жəне бар. Оны «күн көсем» дегендерді қайтеміз. Сан мыңдаған құрбандар үшін сол көсемді ешкім ақтағысы келмейтіні анық. Ал басқа кінəлілер жоқ па? Міне, осы ойлантады. Сондықтан екеуара əңгімеде (Ғабең мен Шəкеңнің) «1920 жылғы мамырдың жиырмасыншы жұлдызы күні қабылдауында болған, өзіне таныс революционер Сəкенді, не құлағы естіп, көзі көрмеген Майлинді «ұстаңдар»! деп Сталин тіке нұсқау түсірмегені анық», – деуі Ғабеңнің (сонда) біраз нəрсені аңғартады. Демек, кінəлілер өз ішімізде де болғаны деп түйеміз. 1937 жылы тырналардың мазасызданып қиқулағанындай жағдайдың дүрлігуін біз көргеміз жоқ, бірақ сол кездегі шыққан газет-журналдардан оқып, алақұйын дүбірін, сұсты бет-пердесін анық байқаймыз. Ғ.Мүсірепов көп жазып кетті ол жөнінде. Қазір көзі жоқ бірнеше кісі біраз деректер беріп кетті. Солардың бірі Əуелбек Қоңыратбаев Алматыдағы офицерлер үйінде (қазір музей) жазушылар жиналысы өтіп, онда кеңірдектескен қаламгерлерді, С.Мұқановты, Б.Майлинді, І.Жансүгіровты сынап, Бейімбет пен Ілиясты кейбіреулер «Жолбике» деп жатқанын естіп, көрген адам екен. ҚазАПП сыншылары да Бейімбетті солай деп кемітіп жүрген. Кешегі өзі қанатының астына алып, қамқорлық жасағандардың біразы қиқуға қызып кетіп, сын сойылының астына алған. Бұл жөнінде аз жазылған жоқ. Ақыры Бейімбет Майлин 1937 жылғы 6 қазан күні тұтқынға алынды, төрт ай жиырма күннен кейін, яғни 1938 жылғы 26 ақпанда «халық жауы» деген жалған жаланың құрбаны болып атылды. Текті адам маңдайға сия ма, қайран Бейімбет, жаман жерді баспайтын арғымақтай, жаман көлге қонбайтын аққудай текті жан қараулықтың құрбаны боп кетті-ау.  Б.Майлиннің туғанына 100 жыл толуына орай Қостанай теміржол вокзалы алдындағы алаңда оған 1994 жылы 5 тамызда ескерткіш ашылып еді. Сонда сөйлеген арынды ақын Ғ.Қайырбеков «Бір уыс топырақ» деген өлеңін оқыды. Соның бір шумағында:

«Ол тəңірі қасында отыратын,

Адам еді-ау құрандай оқып атын.

Жабыққанда жанына медеу етіп,

Қайран елі əулие, пір тұтатын.

Дəл осылай алыпты туғызамыз,

Туғызып ап, желкесін қиғызамыз.

Бір талантқа жүз итті салып қойып,

Талатамыз, жұлдызын жұлғызамыз», –

деп шамырқана саңқылдағанда айнала жаңғырып кеткен еді. Бұл сөздер жазушы жұртының опынысындай, лағнет айтқанындай əсер еткен еді.

                            Пікір

Б. Майлин шыгармашылыгын заманауи зерттеу жолдары, жаңа көзқарастар тақырыбындағы ғылыми жоба жазу барысында оқушым Кайсаринова Аружан Бейімбет туындылары риясыз таза шындық, бөгде қоспасы жоқ мөлдір шындық, өзі жасаған замандағы қазақ өмірінің айнасы екенін дәлелдеді. Ол айна халық болмысының сырт құбылысын, адамдардың сан алуан характерлерінің суретін түсіріп қана қоймаған, сонымен бірге өмірдің терең ағымдарын, адамдардың рухани бейнесін де тамаша түсіндірген. Сөз зергері Б.Майлиннің артында қал­ған мол көркем мұраларын қайтадан парақтау кезінде біз байқаған ерекшеліктерді енді санамалап айтып кетелік.

Ең алдымен, жазушы Бейімбет – өмірді әсірелеп, көркемдеп жатпай-ақ сол мөлдір, тап-таза қалпында көшіре салудың асқан шебері бола білді. Алайда, оның осындай шыншыл, табиғи жазу әдісін кейбір сыншылар мінеп көрсетіп, «қарабайыр дүние» деп жазғаны да рас. Дей тұрсақ та, бұл Майлинге тән жазу мәнері болып қала бермек. Екіншіден, оның шығармаларын оқып отырып, өзі өмір сүрген кезеңнің шынайы келбетін, таза табиғатын көз алдыңызға бірден елестете аласыз. Үшіншіден, жазушының жеңіл, ойнақы әзілдерінің өзі замананың ащы да ауыр жүгін арқалап тұр деуге болады. Төртіншіден, Майлин сол аласапыран уақыттың тамыршысы, сыншысы, мінеушісі, былайша айтқанда барша қоғамдық кеселді ащы мысқылмен сын садағына алушы. Бесіншіден, Бейімбет шығармаларының өте қарапайым тіл­мен жазылуы халықтың жүрегіне жа­қын, түсінуіне оңай, тіпті ел ішіндегі шындықты «өз тілімен» баян еткендей әсерде боласыз. Алтыншыдан, ол әйел теңдігі мен махаббат — сүйіспеншілік жайынан сөз қозғағанда біржақты кетпейді, көзді жұмып алып, тамсана бермейді, әрбір оқиға-суретті баяндау сәтінде астарлы келеке, жеңіл юморға да кезек беріп отырады.

Ең бастысы – Бейімбет қаламгер шығармалары біз үшін дәуір шындығын, уақыт үнін һәм қоғам қателіктерін де безбендеуге барынша көмек бере алатын құнды дүниелер. Олай болса, ендігі жерде біз Бейімбет Майлин шығармаларына қайта үңіліп, басқаша көзқараспен оқуымыз қажет. Солай еткенде ғана Бейімбеттің тығылып жатқан құпия тылсымы өз сырын аша түспек.

Біздің әзірге түйген ойларымыз осы!

You May Also Like

Қазақ ертегілерінің маңызы, ғылыми жоба

Ғылыми жоба Тақырыбы:   «Қазақ ертегілерінің маңызы»  Бағыты:   Әдебиеттік оқу Секциясы:  Бастауыш сынып…

Физика тұрғысынан 3D форматының құпиясы, ғылыми жоба

ФИЗИКА ТҰРҒЫСЫНАН  3D – ФОРМАТЫНЫҢ ҚҰПИЯСЫ  Бағыты: Ғылыми –техникалық  прогресс –экономикалық  өсудің …

Бөдене жұмыртқасының пайдасы, ғылыми жоба

Тақырыбы:                               Бөдене жұмыртқасының пайдасы Бағыты:                                   «Таза табиғи орта – Қазақстан – 2050…

Ұлы Даланың ауызша тарихы және Мәңгілік Ел идеясы: тарихи сабақтастық, ғылыми жоба

Тақырыбы: «Ұлы Даланың ауызша тарихы және Мәңгілік Ел идеясы: тарихи сабақтастық» Секциясы:…