Ең үздік ғылыми жоба «Ахмет Байтұрсынов – қазақ әліпбиінің жанашыры»  Дайындаған: Алмазқызы Айым

КІРІСПЕ

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2017 жылы 12 сәуірде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек» деп айтқан еді [1].

1929 жылғы 7 тамызда КСРО Орталық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Президиумы латындандырылған жаңа әліпби – «Біртұтас түркі алфавитін» енгізу туралы қаулы қабылдады. Латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кириллицаға ауыстырылды. 1940 жылғы 13 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданды [3].

Сондай-ақ, Елбасымыз өзінің 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек. Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе» – деп латын әліпбиіне көшудің қажеттілігін атап өтті [2].

Осы жолдаудан кейін қазақ әліпбиі туралы, Ахмет Байтұрсыновтың еңбектері туралы ізденіс жасап, қазақ зиялыларының 1937 жылдары болған ұлт азаттық көтерілістердің себептерінің бірі қазақ әліпбиі болғанын танып білдім. А.Байтұрсыновтың қазақ әліпбиінің жанашыры, негізін қалаушы екендігіне көз жеткіздім.

Баяндама мақсаты: А.Байтұрсыновтың  араб жазуына өзгерістер енгізіп, қазақ әліпбиін құрастыруы мен қолданысқа енгізуі, қазақ халқының сауаттануына жасаған жанашырлығы мен жазған еңбектерін зерттеу.

Міндеттері:

  • Ұлы ұстаздың еңбек жолын сипаттау;
  • Қазақтың ұлы ғұламасы Ахмет Байтұрсынұлының халқы үшін істеген игі істерін, араб жазуының өзгертілу себептерін айқындау;
  • М.Дулатұлының А. Байтұрсыновтың «әліпби жасау шеберлігін» бағалауын сипаттау;
  • А.Байтұрсын­ұлының қазақ балаларының ана тілінде сауат ашуына қаламынан шыққан еңбектерін сипаттау;

Тарихнама: Реферат жазу барысында А.Байтұрсыновтың «Ақ жол» 1991ж, кітабы,  «Нұрсұлтан Назарбаев – Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология ғылымының докторы, профессор  Жантас Жақыповтың «Рухани жаңғыру»  және қазақ жазуы»  мақаласы, т.б. кітаптар қаралды.

Реферат мазманында  Ахмет Байтұрсынұлының халқы үшін істеген игі істерін, араб жазуының өзгертілу себептері, өзгертілген әліпби ерекшеліктері, ұстаздың қазақ халқының сауаттандыруға арнаған еңбектері қарастырылған.

  • 1. Ұлы ұстаздың еңбек жолы

А.Байтұрсынұлы бұрынғы Торғай уезінің Тосын болысында, шаруаның жанұясында дүниеге келген. Алғашында ауылда білім алып, кейін Торғайдағы орыс-қазақ училищесі (1886-1891) мен Ыбырай Алтынсарин негізін қалаған Орынбордағы мұғалімдер мектебін (1891-1895) тәмамдаған.

Мұғалімдік қызмет жолын 1895 жылы бастаған. Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездерінің ауыл, болыс училищелерінде сабақ берген [4] 

  • 2. Ахмет Байтұрсынұлының араб жазуын өзгерту себептері

Қазақтың ұлы ғұламасы Ахмет Байтұрсынұлының халқы үшін істеген игі істерінің ішіндегі ең шоқтығы биік қызметінің бірі – араб жазуына өзгерістер енгізіп, қазақ әліпбиін (алфавит) құрастыруы. Осы арқылы ғалым қазақ халқының тез сауаттанып хат тануына, оқу білімге деген құштарлықтарының оянуына ерекше ықпал етті. А.Байтұрсынұлы жазуы дамымаған ұлттың артта қалатынын, оның қоғамдағы қажеттілігін және адам өміріндегі маңызын өзінің шығарған оқулықтарында үнемі ескертіп отырған.

Жазу дегеніміз – шын мәнінде, кез келген халықтың рухани деңгейі мен мәдени дамуын көрсететін негізгі құрал. Ғалым осы құралды ұлттық деңгейге көтеру жолында жан аямай еңбек етіп, тер төккен. Себебі сол кезеңге дейін ұзақ ғасырлар бойы қолданыста келе жатқан араб жазуының халықты тез әрі жаппай сауаттандыру жолында үлкен кедергілері мен қиындықтары болғандығы анықталған. А.Байтұрсынұлы осы кедергілер мен қиындықтарды жоюдың ең бас­ты тәсілі – араб жазуын қазақ тілінің заңдылығына сәйкес реформалау деп білді. Ғұлама осылайша ұзақ ғасырлар бойы өзгеріссіз қолданылып келе жат­қан араб графикасын қазақ халқының игілігіне айналдыру идеясын көтеріп, оны іс жүзінде реформалады (Сурет1).

Сурет 1. Ахмет Байтұрсынұлының әліпбесі (төте жазу)

Бұған дейінгі қолданылып жүрген араб жазу жүйесінің қандай кемшілік­тері бар, оны реформалауға не түрткі болды дегенге келсек, дәстүрлі араб жазуында:

– бір дыбысты жазу үшін бірнеше әріптер пайдаланылатын;

– сөзді жазғанда оның тек дауыссыз дыбыстары ғана таңбаланатын да, дауыстылары жазылмаған сөздің мағынасын түсіну қиындық тудыратын;

– араб әліпбиінде дауысты дыбыстарды белгілейтін таңбалар саны үшеу ғана болғандықтан, бұл таңбалар тоғыз дауыстысы бар қазақ тілі үшін жеткіліксіз болды;

– «мұсылманша са­уат ашу» әдісінде әріптердің таза араб тіліндегі дыбысталуы мен айтылуын жаттатумен ұзақ уақыт кететін;

– ол кездегі жазба тілдің құрылымында араб, парсы, «ескі тілдің» сөздері көп қолданылатындықтан, қалың бұқараға емес, азғана топтың мүддесіне қызмет ететін [4].

Аталған жазудың осындай кем­шіліктері халықты сауаттандыру ісін тежейтінін түсінген А.Байтұрсынұлы 1910 жылдардан бастап араб жазуын қазақ тіліне ыңғайластырып, жақындатуды қолға алады да, оны 1912 жылдардан бастап қолданысқа енгізеді. А.Байтұрсынұлы бір халықтың әліпби (алфавит) жүйесін екінші бір халық қабылдағанда, оны өз тіліне «икемдеп, үйлестіру» қажеттігін, олай етпеген жағдайда әріп мәселесінің дұрыс шешім таппайтынын 1924 жылы өткен «Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде» ашық түрде айтады [4].

Ахмет Байтұрсынұлы араб жазуына өзгеріс енгізгенде, «ежелеусіз төте оқу» қағидасын басты принцип ретінде ұстанып, оны қазақ тілінің дыбыстық заңдылықтарына икемдеді. Араб тілі мен қазақ тілінің арасында көптеген айырмашылықтың барын ескеріп, қазақ баласына «жазу-сызу» үйретуге айтарлықтай кедергі келтірген. Сондықтан да, А.Байтұрсынұлы қазақ халқы үшін «төл әліпби» құрастырып шығарды.

  • 3. Араб жазу жүйесін енгізудегі А.Байтұрсыновтың жанашырлық еңбектері

Жалпы қазақ қоғамында ұзақ ғасыр­лар бойы қолданған араб жазу жүйесі үш сатыда қызмет етті: қадим, жәдид, төте жазу. Осылардың ішіндегі төте жазу, яғни А.Байтұрсынұлының әліпбиі «ана тілінде сауат ашудың ең тиімді құралы» болды. А.Байтұрсынұлының 1912 жылы осы «төте жазу жүйесімен» «Оқу құра­лы» деп аталатын тұңғыш кітабы жарыққа шықты. Бұл қазақ халқының рухани-мәдени өміріндегі үлкен жаңалық болды. Өйткені қазақ балаларына өз ана тілінде хат танып, ана тілінде жазуға жол ашылды. Жалпы Ахмет Байтұрсынұлы күллі қазақ балаларын жазуға үйрету, хат таныту мәселелерін үнемі көтеріп, қазақ халқын сауаттандыру жолында қыруар қызмет атқарды. «Айқап» журналының, 1911 жылғы 2 санында жарияланған «Қазақ өкпесі» деген мақаласында жазу­дың адам өміріндегі маңыздылығын, сауатсыз, қараңғы халықтың ғылым мен мәдениет өркендеуінен артта қалатындығын, сондықтан оқу-білімі жоқ, жазу-сызуы жоқ қоғамның «надандық құрсауында» болатындығын ашық жазып, «олжалы жерде үлестен қағылғанымыз, ордалы жерде орыннан қағылғанымыз, жоралы жерде жолдан қағылғанымыз – бәрі надандық кесапаты» деп өз халқын ағартушылыққа шақырады. Ағартушылыққа шақыра оты­рып, қазақ қоғамын «қараңғылықтан оятуды» сауаттандыру ісінен бастады, ал сауатсыздықты жою үшін әліпби, әріп, жазу, оқу мәселелеріне түбегейлі өзгерістер енгізді. Ұлы ұстаздың алдына қойған принципі «ауызекі сөйлеу тілінің» жазба тілдегі формасын жасап шығару болды да, осының негізінде қарапайым сөйлеу тілінің дыбыстық заңдылықтарына сай «ұлттық әліпби» құрастырды [4].

Ахмет Байтұрсынұлы араб жазуын өзгерткенде мына мәселелерді басты назарда ұстады:

– араб әліпбиін қазақ тілі­нің дыбыстық жүйесіне сәйкестендіріп қосымша таңбалар ендіру;

– араб әліпбиіндегі (алфавитіндегі) қазақ тіліне сәйкес келмейтін басы артық әріптерді қолданыстан шығару;

– араб жазу заңдылығына тән харакат, ташдид, сукун, тануин сияқты диакритикалық белгілерді қолданбау;

– үш дауыстыға ғана негізделген араб әліпбиіндегі дауыс­тылар жүйесін қазақ тілінің үндестік заңына сәйкестендіріп дәйекше арқылы беру;

– ұзақ ғасырлар бойы «ескі тілде» қызмет етіп, «бөтендік сипатта» болған жазу жүйесін барша қазақтың түсінікті сөйлеу тіліне бейімдеп, негіздеу [4].

Осылайша қазақ балаларының өз ана тілінде сауаттарын ашып, хат тануына көп күш жұмсаған.  Өзі құрастырған әліпби құрамына 24 таңбаны қалдырған, оның 17-сі дауыссыз, 5-еуі дауысты, 2-еуі жарты дауыстылар.
1912 жылдан бастап қолданысқа еніп кеткен Ахмет Байтұрсынұлының әліпбиі тек 1924 жылы Орынбор қаласында өткен съезде ғана ресми түрде бекітіледі.

Ахмет Байтұрсынов әр түрлі жиылыстардағы баяндамасында: «Жақсы әліпби тілге шақ болуы керек. Жақсы әліпби жазуға жеңіл болуға тиіс, әліпбидің әріп суреттері қиын болса, мүшелері көп болса, жазуды ұзақтатып, уақытты көп алады. Әліпбидің жақсысы баспа ісіне қолайлы болуы тиіс. Әрпі тізілгенде оңай тізілетін, басқанда орынды аз алатын әліпби баспасөзді арзандатады. Жақсы әліпби үйренуге де қолайлы болуы тиіс. Әріп сара жазуға оңай, бас­пасы мен жазбасының суреті жақын әліпби үйренуге жеңіл болады. Жақсы әліпбиге лайық бұл төрт сипатқа келмейтін әліпбидің бәрі де кемшілікті әліпби болмақ» деп латын әріптеріне қызықпауға шақырады.

Сондықтан да, А.Байтұрсынұлы түзген әліпби халықтың мәдени-рухани деңгейінің көтерілуіне, халықтың тез әрі оңай сауаттануына, баспа ісінің жақсаруына ерекше зор ықпал етті.

Алайда «құл халықты» отарлау саясаты, қоғамдағы алфавит мәселесінің тұрақтануына жол бермеді. Ұзақ ғасырлар бойы күллі түркі халықтары пайдаланып келген араб әліпбиін жою оңайға соқпайды. Сондықтан бірден орыс әрпіне көшірсе «жәдидшілдердің» қолдауымен жаппай халық арасында көтеріліс болып кетуінен қауіптеніп, 1929 жылы «зорлықпен» латын әліпбиін қабылдаттырады да, он жылдан кейін, яғни 1940 жылы жаппай түркі халықтарын орыс жазуына көшіріп, «өз ойларын» іске асырады.

Негізінен қазақ зиялылары басқа әліпбиге көшуден гөрі, қолданыстағы араб әліпбиіне «өзгерістер енгізу» қажеттілігін көбірек көтерген еді. Осындай принципті басшылыққа алған зиялылар қауымының көшбасында А.Байтұрсынұлы тұрды, ол «араб әліпбиін өзгерту» мәселесін тек сөз жүзінде ғана айтып қоймай, «мен харіфтерді өзгерткенде, халық жатсынбай, хат білетін адамдар үйретпей-ақ оқып кетерлік болғандай ғып өзгерттім» деп нақты іс жүзінде көрсете білді. Өзінің әліпби жүйесін «Жазу тәртібі» деген атпен, «Айқаптың» 1912 жылғы 4 және 5 сандарында жариялап, халық талқысына ұсынғаннан кейін, баспасөз беттерінде, жиындарда жаппай «әліпби айтысы» басталып кетеді. Бұл орайда оның жазу жүйесін даттағандар да, жақтағандар да, ақтағандар да болады.

М.Дулатұлы Ахаңның «әліпби жасау шеберлігін» былайша бағалайды: «Араб әріптерінің өзгеріп отырғаны рас. Араб әріптерінің 14 ғана бұрынғыша болса, өзге ойдан шыққандары жұртқа жат болу керек қой. Ойдан шығарылған әріптерді жұртқа үйретіп, оқытып жату керек еді ғой. Ондай нәрсе болды ма? Болған жоқ, ендеше бұны өзгертушінің шеберлігі деп біліңдер. Бұларды өзгерткенде әр әріптің бұрынғы тұлғасын жоймай, өзгерткенін сездірмей, хат танитын адам бөгелместен оқып кетерлік қылып өзгерткен» [5].

А.Байтұрсынұлының латын жазуына қарсы шыққандағы негізгі ойлағаны – елдің мәдениеті мен экономикалық жағдайы еді. Ахаң латынға көшу арқылы бүкіл қазақ халқы біріншіден, рухани-мәдени дүниесінен айрылатындығын, екіншіден, оқулық шығару, баспа ісі, т.б. латындандыру үшін орасан көп қаржы керек болатындығын қатты ескертумен болады.
Сол кезеңдегі жазуға қатысты пікірталастар «Әліппе айтысы» деген атпен 1927 жылы Қызылорда қаласында кітап болып басылып шығады. Бұнда А.Байтұрсынұлының пікірін М.Дулатұлы, Е.Омарұлы, А.Байтасұлы, І.Ахметұлы, т.б. қолдап, сөз сөйлейді.

«Байтұрсынұлы жазуы» ең оңтай­лы әліпби болып табылғанымен, халық­қа істелген «озбыр» саясат өз дегені­не жетіп, латынға негізделген «жаңа әліпті» қолданысқа ендірді (Сурет2). «Халықтың күллі рухани дүниесі араб жазуында жатыр», «араб жазуы тарих тамыршысы», «халық қазынасының қоймасы» деп, оны жан-тәнімен қорғап, шырылдаған зиялылар қауымы «арабшылдар», «ескішілдер», «қадымшылар», «керітартпалар», «ұлтшылдар», «діншілдер», «молданың шашбауын көтерушілер» деп айыпталды.

Ал латын жазуынан орыс жазуы­на көшу мәселесі «Алаш көсем­де­рінің», «ұлттың қамын ойлаған ұлы тұлғалардың» көзін біржола құрт­қаннан кейін, яғни 1937 жылдары қайта көтеріле бастайды.

1940 жылы 13 қарашада «Латындырылған қазақ жазбасын орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» Заң қабылданады (Сурет 3).

Қорытынды

А.Байтұрсын­ұлының қазақ балаларының ана тілінде сауат ашуына көп күш жұмсаған тұлға болғандығын оның қаламынан шыққан қыруар еңбектері дәлел болады. Мысалы  «Оқу құралы» (Қазақша әліппе) атты кітабы алғаш рет 1912 жылы Орынборда жарыққа шықты. Сондай-ақ «Оқу құралының» (Әліппеге жалғасы) 2 кітабы 1913 жылы жарық көріп, 1924 жылға дейін 4 рет басылып шығады. Одан кейінгі «Оқу құралының» (Әліппеге баяншы) 3 кітабы 1913-1921 жылдар аралы­ғын­да 2 рет жарық көреді. Ал ғалымның тек оқушыларға ғана емес, ересектердің сауатын ашуға арналған «Оқу құралы» 1921 жылы, «Сауаташқыш» 1924 басылып шықты. Ал әдістемелік құрал «Баяншы» 1920 жылы жарыққа шыққан. Сонымен қатар «Әліппе астары» 1924 жылы, ал «Жаңа әліп-би» атты жаңа оқулықты 1926 жылы ұсынады. «Тіл жұмсардың» бірінші бөлімі 1928 жылы, екінші бөлімі 1929 жылы жарық көрді [6].

Мен осы ізденіс жұмысын жазу барысында А.Байтұрсынұлының бірнеше өлеңдерін оқыдым, еңбектеріне шолу жасадым.

Қорыта айтқанда,  Ағартушы-педагог ғалым Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткендей, «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» деген сөзі қазақ ұлтының сақталуына әрқашан ұран боларлықтай  екендігін сезіндім.

Қазақ халқы үшін осыншама еңбек еткен, ұлт жанашыры болған ұлы тұлға есімін артында қалған ұрпақтары, біз мәңгілікке ұмытпаймыз.

You May Also Like

Наурыз көженің адам ағзасына пайдасы, ғылыми жоба

Ең үздік ғылыми жоба «Наурыз көженің адам ағзасына пайдасы» Орындаған: Мадиярхан Нұрхан…

Су өсімдіктердің тіршілік көзі, ғылыми жоба

Тақырыбы:   «Су өсімдіктердің тіршілік көзі». Орындаған:   Талғатов Жантемір Рахатұлы Мазмұны Кіріспе………………………………………………………………………3 1.Су…

Түз тағысы-қасқыр Ғылыми жоба

Бағыты: экология  Орындаушы:Мұхамеджанова Айым                 …

Тылсымға толы таңбалы тас. Маңғыстау өлкесі тарихи орындары, ғылыми жоба

Тақырыбы: «Тылсымға толы таңбалы тас.Маңғыстау өлкесі тарихи орындары»        …