Ең үздік ғылыми жоба «Ахмет Байтұрсынұлы – Ұлт ұстазы»

Орындаған: Жарқынбай Данияр Елдосұлы

 Кіріспе

1.«Адамдық диқаншысы»…………………………………………………

Зерттеу бөлімі

1.1. Ахмет туған мекен………………………………………………………

1.2.  Ата – баба шежіресі …………………………………………………..

1.3.Ахмет Байтұрсынұлының өмірбаяны  …………………………..

1.4. «Ақ келін»атанған Бәдрисафа ……………………………………..

1.5.  Сарытүбектегі жаңа жәдігер ………………………………………

1.6. Ахмет- ұлт ұстазы ………………………………………………………

 Қорытынды 

«Адамдық диқаншысы».

Ахмет Байтұрсынұлының:

Адамдық диқаншысы қырға шықтым;

Көл жоқ, көгалы жоқ – қорға шықтым.

Тұқымын адамдықтың шаштым ектім,

Көңілін көгертуге құл халықтың,- деген

өлең жолдары өзінің бүкіл өміріндегі еліне жасаған еңбегін баяндап тұрғандай көрінеді. Ахмет бабамның арманы – «адамдық диханшысы» болып халқына қызмет ету. Ахмет бұл арманын орындады. Ол туған халқы үшін қасықтай қаны қалғанша қалтықсыз қызмет етті. Халқының, елінің қалаулы сәулелі жұлдызына айналды. Шын мәнінде «адамдық диханшысы» атанды. Ахметтің бүкіл еңбегінің мәнін бір ауыз сөзге сыйғызып айтар болсам, ол бас  әріппен  жазылған ҰСТАЗ, АДАМДЫҚ ДИҚАНШЫСЫ.

1.1. Ахмет туған мекен

Табиғаты сұлу Торғай даласы, Ақкөл атырабындағы Сарытүбек жерінен Ұлы Жыланшық өзені шиырлап кесіп өтеді,содан да жері көкорай шалғынды….

Жыланшықтың суы көктемде арнасынан лық толып, жазда тартылып қалады.Су көбейген уақытта адамддар өзеннен қайықсыз өте алмайды.

Су қайтқаннан кейін Жайық деген жерде жусан,түрлі шөптер, қамыс-қоғалар қаптай өседі.Жусанның мұрынды қытықтар иісінен адамдар елтиді.Айналасын қалың құм қоршап жатады.Жақсылығы сол болар, бұрынғы заманда осы құм жаудың жолын бөгеген деседі.Ол жерде Ақкөл сияқты ақ-тан басталады, яғни,-Аққұм жері.Сол мол шөпті жайлауда жаз айларында малдарын семіртіп, қысқы шөптерін шауып қыстауларына тасып алады.Өзен – көлдерінен балық,шабақтарын, құстарын аулап,басқа керек жабдықтарын да пайдаланып отырған. Құрғақшылық жылдары бұл өзендердің суы көп көтерілмейді.Су болмағаннан кейін шөп те оңды шықпайтын.Малын аман сақатап қалу үшін ел осы Аққұмға қарай бет түзейтін.Егер Аққұмда шөп болмаса, малы қырылып, жұтқа ұшыраған.

Мал жайлауға Ақкөл бойындағы қамыстарды да пайдаланады.Құстар жұмыртқалап,балапандарын шығарып, жылы жаққа ұшып кетеді.Күзде,қыста қамысты орып,отын ретінде пайдаланады,баулап малға албар, қора, құмға бөгесін жасайды. Ақкөл мен Сарытүбектің қысы өте ерте түсіп, қар мол жауады.Қардың молдығы сондай, қыстауларды қар басып,кейбір үйлерде ересек адамдар болмаса, бірнеше күн бойы қар басқан қыстауларда адамдар бала-шағаларымен қамалып жатады.Ондайда көршілері,болмаса ағайындары қардан есіктерін аршып, қар тұтқынынан босатады.

Осындай жанға,малға, шаруаға табиғаты жайлы, сұлу өңірде бірнеше ғасыр   бұрын Шақшақтың немересі Үмбетей дүниеге келген.Содан бері бұл жерді Үмбетей ұрпақтары мекен етіп,Үмбетей жері деп атаған.

1.2. Ата – баба шежіресі.

Торғай жеріндегі Ақкөл атырабын Үмбетейдей аузы дуалы,аты шыққан батыр бабамыз мекен еткен. Үмбетей бабамыздан  тараған  ұрпақтарға тоқталар болсақ.

Үмбетейден он ұл туады,оның алтауы бәйбішеден. Қазақ әйелінен – Аралбай,Бөкенбай, Жиенбай, Көлбай, Сәңкібай, Дәмеден. Қалмақ әйелінен – Баянды, Мамажап, Шәуік, Шапанды.

Аралбайдан төрт ұл туады.Қасқабай,Таңбай, Өміртай,Пүшек. Таңбайдан төрт ұл бар: Жатай, Көбек, Кәйдек, Шошақ. Шошақтан: Ақтас,Байтұрсын,Сабалақ,Ерғазы дүниеге келеді. Байтұрсыннан төрт ұл,бір қыз бар: Қали,Кәкіш,Ахмет,Мәшен,Жиляш. Ахметтен бір қыз бар: Шолпан.Шолпаннан бір қыз – Айман туады. 

1.3.Ахмет Байтұрсынұлының өмірбаяны.

Ахмет Байтұрсынұлы – Алаш көсемдерінң бірі,көрнекті қоғам қайраткері,ағартушы,ғалым,әдебиетші,көсемсөзші,түрколог,ақын,аудармашы

Ұлы Жыланшықтың  Ақкөлге құяр сағасында  сары алтындай сап-сары дала көзге анадайдан «Мен,мұндалап»тұрады.Ол жер: Ұлы Ахмет данамыздың дүние есігін ашқан туған жері – «Сарытүбек» болатын.

Қазіргі Қостанай облысы, Торғай атырабында,Ұлы Жыланшық бойындағы Сарытүбек жерінде, ел арасында беделді, қайратты кісі Шошақұлы Байтұрсынның шаңырағында 1872 жылы 5 қыркүйекте сәби дүниеге келеді.Ауыл адамдары Шошақ атамыздың ауылына ат шаптырып,сүйінші сұрауға бара жатқан ағайындар айқайлап Шошақ атамыздың немересі жарық дүние есігін ашты деп,ел-жұртқа хабарлап,тойға шақырыпты.Сүйінші сұрап Шошақтың үйіне барған кісілерге атамыз бір ат,бір түйеден мінгізген екен.Бірнеше күн той тойлап,ауылдың үлкен кісілерін жинап,батасын алған Шошақ немересіне азан шақырып Ахмет деп ат қояды.

Құрдасы Ыбырайдың Нұқасының айтуы бойынша Ахмет екеуі жас бала кездерінде өз үйлерінің түйесін бағады.Ахмет түйесін өрісте шөгереді.Тіздейді (алдыңғы екі аяғын буыннан буып тастайды), шудалайды (жүнін жұлады) үйден ұршығын ала келіп иіреді. Иірілген жіптен үстіне күрте, қолғап, шалма, байтаба (ұзын қонышты шұлық) тоқиды.Ал Нұқа оны істейін десе қолынан келмейтін көрінеді. «Болар бала жасынан» деген халық даналығы. Жасынан –ақ, өнерлі,зерек болып өседі.  Алты жасында ауылдың балаларымен үйіне болмай барып, Үмбетей Жалбырұлы Тұрғынбек мешітінде молдадан дәріс алып, құранға түседі. Тұрғынбек қайтыс болғаннан кейін сол мешітті Үмбетей Дәмолла Бейіс ұстайды.Он үш жасқа дейін Ақкөлдегі Тұрғынбек мешітінде оқып сауатын ашады. Ахметтің әкесі Байтұрсын Шошақұлы қайраттылығымен, ірі мінезділігімен аты шыққан тілді адам болған. Уезд басшыларының озбырлығына әр жерде қарсылық білдіріп отырған. 1885 жыл Ояз бастығы Яковлевтің басын жарғаны үшін інісі Ақтас екеуі Сібірге 25 жылға каторглік жұмысқа айдауға кететін кезде түрмеге келіп бастықтарынан рұқсат алып жолыққанда  Байтұрсын баласы Ахметке:

-Балам, міне, біз 25 жылға кесіліп, Сібірге айдалып кетіп бара жатырмыз.Жоғары үкімет бастықтарына арыз бере алмай қалдық, егер арыз берген болсақ, олар кесілген уақытты азайтар ма еді, не болмас әбден қысқартып, босатар ма еді, кім білсін? Сол себепті қандай қиыншылық көрсең де, аш болсаң да, қанша қорлық көрсең де – оқы, айтатын тілегім осы.Біздің үйде шешеңнің жанында маған хат жазатын балам болсын, – деген екен. Ахмет әкесімен қоштасқанда:

  • Әке, қош болыңыз,айтқан ақылыңызды қандай қиыншылық болса да

орындаймын, – деп уәде береді.

Осы оқиғаны өз көзімен көрген Ахмет 13 жастағы бала екен.Бала жүрегі он жасында осылай жараланады.

Анасы Күңші – арғынның Сүгір руының Шеру атасынан шыққан. Құлыбек деген байдың қызы.Өте келбетті,ұзын бойлы,ақсары,толық денелі,ұзын бойлы,сәнді киінетін кісі екен.Қолөнер шебері,ақындығы бар,топ жарып ән де салады екен,мінезі елден ерекше батыл болыпты.Осы өжет мінезіне қарай ел ол анамызды «сары уез» деп атайды екен.Байтұрсынның мал-мүлкі тәркіленгенде жалғыз көк шолақ аты ғана қалады.Күңші анамыз сол   жалғыз көк шолақ аттың күшімен балаларын асырап жеткізеді.Ахметтің оқуға құштарлығын байқаған анамыз Күңші қандай қиындық болса да шыдап,баласын оқудан қол үздірмейді.Тумысынан аса талантты, талапты Ахметті әуелі ауыл молдасынан,кейін 1886-1891 жылдары Торғайдағы екі кластық орысша-қазақша мектепке оқуға беріп,содан кейін 1891-1895 жылдары Орынбордағы мұғалімдер даярлайтын мектепте төрт жыл оқып,білім алады.Оны бітірісімен мұғалім болып Ақтөбе, Қостанай,Қарқаралы уездеріндегі ауылдық,болыстық мектептерде мұғалім, Қарқаралы қалалық училищесінде меңгеруші қызметін атқарады.        Өмір,тіршілік майданына араласады,әділет үшін күреседі,зорлықшылдарға қарсылық білдіреді,патшаның отаршылдық саясатын айыптайды.Сонымен бірге жан-жақты ізденіп,сан алуан кітаптар оқып өз білім жетілдіре түседі.Әдебиетпен айналысып,өлең-жыр жазады,оқу құралдарын жасайды,фольклор нұсқаларын жинап,аудармамен шұғылданады.Жастығына қарамастан терең білімді де білікті,еркін мінезді ойшыл Ахметтің ел ішіндегі беделі өсіп,салмағы арта бастайды.

Ахмет Байтұрсынұлының саяси қызмет жолына түсуіне 1905 жылғы патша манифесі себепкер болады. Қоянды жәрмеңкесінде жазылып, 14500 адам қол қойған Қарқаралы петициясы (арыз-тілегі) авторларының бірі Ахмет еді. Қарқаралы петициясында: жергілікті басқару, сот, халыққа білім беру істеріне қазақ елінің мүддесіне сәйкес өзгерістер енгізу, ар-ождан бостандығы, дін ұстану еркіндігі, цензурасыз газет шығару және баспахана ашуға рұқсат беру, күні өткен Дала ережесін қазақ елінің мүддесіне сай заңмен ауыстыру мәселелері көтерілді. Онда қазақ даласына орыс шаруаларын қоныс аударуды үзілді-кесілді тоқтату талап етілген болатын.

Сөйтіп,петиция авторлары қудалау,соттау,жер аудару күшейе түсті.Ақырында Қарқаралы екі кластық училищесінің меңгерушісі қызметінен алады.Сол кезеңнен бастап жандармдық бақылауға алынған Байтұрсынұлы 1909 жылы 1 шілдеде губернатор Тройницкийдің бұйрығымен тұтқындалып, Семей түрмесіне жабылады.Бірақ соның өзінде де бостандық аңсаған,күреске шақырған өлеңдер жазған Ахмет «Қырық мысал», «Маса»жинақтарын шығарады  Сол тұста Қазақстанда тұру құқынан айырып,қазақ облыстарынан тыс жерге  жер аудару жөнінде шешімімен Байтұрсынұлы Орынборға 1910 жылы 9 наурызда келіп, 1917 жылдың соңына дейін сонда тұрды. Бұл Байтұрсынұлы өмірінің Орынбор кезеңі оның қоғамдық-саяси қызметінің аса құнарлы шағы болды. Ол осы қалада 1913–1918 жылы өзінің ең жақын сенімді достары Ә.Бөкейхан, М.Дулатұлымен бірігіп, сондай-ақ қалың қазақ зиялыларының қолдауына сүйеніп, тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығарып тұрды.  Газет қазақ халқын өнер, білімді игеруге шақырды.Ал газеттің бас эмблемасындағы Киіз үй түңлігінің Еуропа жағынан ашылуын «қазақ даласына өнер-білім Еуропадан түскен сәуледен тарасын»дегеніміз деп түсіндірді»,-деген пікір айтады.Сол «Қазақ» газеті қазақ даласынан асып,Петербург,Варшава,Ташкент,Шәушекке дейінгі аралықта 8 мыңға жуық данамен таралып тұрған.1913-1918 жылдар аралығында Байтұрсынұлы «Қазақ»газетінде редактор болып,орасан зор әлеуметтік-тарихи қызмет атқарады,халық өмірінің сан-алуан көкейкесті мәселелерін көтеріп,елді прогреске,өнер-білімге үндейді.

Алаш қозғалысы тұсында соны өріс іздеген Ахмет ұлт азаттығы жолындағы күрес басшыларының сапынан табылды. Ахмет Байтұрсынұлы Алаш партиясы бағдарламасын даярлаған шағын топтың құрамында болды.   Алаш Орда құрамын бекіткен 2-жалпықазақ съезі Оқу-ағарту комиссиясын құрып, оның төрағасы етіп Байтұрсынұлын бекітті. 1919 жылы наурызға дейін Алашорда үкіметінің Торғай облысы бөлімінің мүшесі болды. Ахмет Байтұрсынұлы 1919 жылы наурызда Алашорда үкіметі атынан Мәскеуге Кеңес үкіметімен келіссөзге аттанды, осы жылғы шілдеде РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесі мен Қазақ әскери-революциялық комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды.

Байтұрсынұлының ықпалымен сәуірде Алашорда басшылары мен мүшелеріне Кеңес үкіметінің кешірімі жарияланды. Байтұрсынұлы бұл тарихи кезеңде «патшалардың төрінде отырғаннан, социалистердің босағасында өлгенім артық» деген пікірде болды.

А.Байтұрсынұлы 1920 жылы В.И.Ленинге үкіметінің Қазақстанды басқару ісіндегі алғашқы қадамын қатал сынға алған хатын жолдады. Қазревком мүшесі ретінде Қазақстанның Ресеймен шекарасының қалыптасу ісіне белсенді түрде араласты.

Бүкілресейлік ОАК-нің 1919 ж. 27 тамызда Қостанай уезін Челябі облысына қосу туралы шешіміне қарсы Байтұрсынұлының жазған саяси наразылығы Қостанай уезін Қазақстан құрамына қайтаруға негіз болды. Ол 1920 ж. тамызда құрылған Қазақ АКСР-і үкіметінің құрамына еніп, 1920–1921 жылы Қазақ АКСР-і халық ағарту комиссары қызметінде болды.

1922 жылы Өлкелік халық комиссариаты жанындағы Академиялық орталықтың, 1922–1925 жылы Халық ағарту комиссариаты ғылыми-әдеби комиссиясының, Қазақ өлкесін зерттеу қоғамының төрағасы болып қызмет атқарды. Өмір,тіршілік майданына осылай араласады, әділет үшін күреседі, зорлықшыларға қарсылық білдіреді,патшаның отаршылдық саясатын айыптайды.

Ахмет Байтұрсынұлы түрлі мемлекеттік қызметке ат салыса жүріп, сонымен бірге  өзінің жаны сүйген оқытушылық-ұстаздық жұмысынан бір сәтте қол үзбеген.    

1921–1925 жылы Орынбордағы, 1926–1928 жылы Ташкенттегі Қазақ халық ағарту институттарында қазақ тілі мен әдебиеті, мәдениет тарихы пәндерінен сабақ берді. 1928 жылы Алматыда Қазақ мемлекеттік педагогика институтының ашылуына байланысты ректордың шақыруымен осы оқу орнына профессор қызметіне ауысады.

Бір қызығы, энциклопедиялық білімді меңгерген айтулы ғұламаның бар оқуы  мұғалімдер даярлайтын училищемен ғана аяқталған. Қоғамдық қызмет пен ғылымға сонша биік көтерілген оның өз бетінше оқуы арқылы осынша білім жинағанына таңданып, қайран қаласың…

1929 жылы 2 маусымда 43 Алаш қозғалысы қайраткерлерімен бірге ол Алматыда тұтқынға алынып, осы жылдың соңына қарай тергеу үшін Мәскеудегі Бутырка абақтысына жөнелтілді. КСРО Халық комиссарлар кеңесі жанындағы ОГПУ «үштігінің» 1930 ж. 4 сәуірдегі шешіміне сәйкес Байтұрсынұлы ату жазасына кесілді. Бұл шешім бірнеше рет өзгерістерге ұшырады. 1931 жылы қаңтарда 10 жылға концлагерьге ауыстырылса, 1932 жылы  қарашада 3 жылға Архангельскіге жер аударылсын деп ұйғарылды.

1933 жылы мамырда денсаулығы нашарлап кетуіне байланысты қалған мерзімді Батыс Сібірде айдауда жүрген отбасымен (әйелі мен қызы) бірге өткізуге рұқсат беріледі. 1934 жылы М.Горькийдің жұбайы Е.П.Пешкованың көмегімен Байтұрсынұлы отбасымен мерзімінен бұрын босатылып, Алматыға оралады. Бұл жерде тұрақты жұмысқа қабылданбай, түрлі мекемелерде қысқа мерзімдік қызметтер атқарады.

Елінің еркіндігін аңсаған Ахметтің күрессіз, қол қусырып жатпайтынын анық ұғынған кеңестік жендеттер 1937 жылы 8 қазанда бесінші рет қамауға алады.Соңғы тұтқындалуы осы болған ұлт ұстазы ақырында жазықсыздан-жазықсыз ату жазасына кесіліп, 1937 жылдың 8 – желтоқсанында қызыл қырғынның құрбанына айналды. Халқы өзінің рухани көсемінен осылайша мәңгіге айырылған еді.

Ахмет бабамыз мына бір өлеңінде:

«Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,

Ойлайтындар мен емес бір күнгісін.

Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын

Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін», –десе, келесі бір жүрек жарды жырында:

«Асықпаңдар! Артымызда қазы бар,

Тергеп талай, көрлеріміз қазылар….», – деп толғанған екен.

Өзі айтпақшы, 1988жылдың 4 қарашасында Қазақ КССР – нің Жоғарғы соты ешбір қылмысы жоқ деп тауып, Ахмет Байтұрсынұлын толық ақтау туралы шешім қабылдады. Сөйтіп, біртуар тұлғаның адал азаматтық есімі қалпына келтірілді. Ахмет Байтұрсынұлы  халқымен қайта қауышты.

Ахмет Байтұрсынұлының туған жеріндегі  «Южный»совхозы деп аталатын ауыл, Ахмет ауылы болып аталса,совхоздағы Қарасу орта мектебі 1990 жылы А.Байтұрсынов атындағы орта мектебі болып ауысты.

Ахмет бабам ақталған тұста елдегі үлкен аталарымыз Сарытүбекке барып, Ахметтің кіндік қаны тамған ескі үйдің орнындағы, тізеден жоғары сақталған іргетасын көріп қуанып қайтады.Міне, Ахмет бабамыз елімен қайта қауышып, кіндік қаны тамған үйінің орны табылады.Қазақ еліне бұдан артық қандай қуаныш керек.

Осыдан таяқ тастам жерде қасиетті Ақкөл шалқып жатыр.Бұл Ахметтей дарынды ұшырған  айдынды Ақкөл! Оның асау толқыны -Ахметтің өмір ағысындай көрінеді.Ахмет бабам туған Торғай жеріне, қасиетті Ақкөл атырабына басымды ием. Бабам туған өлкеге алдағы уақытта барып табанымды тіреп,Сарытүбектегі кіндік қаны тамған туған үйінің орнына қайта көтерілген үйді барып көру, сол жердің бір уыс топырағын уыстап,жусанын иіскеу алдағы күндегі менің алдыма қойған мақсатым болып отыр. 

1.4. «Ақ келін» атанған Бәдрисафа.

Ахметтің отбасы құруы жайлы деректер де аңызға ұқсас. Көп әңгіменің ақиқаты қайсы деген сауалға да жауап берер уақыт келген сияқты.

Ахметтің пешенесіне бұйырғаны – Александра. Ахмет бабам Әулиекөлге  мұғалімдік қызметке екі рет келген. Міне, бар сырды бабамызға ат басын қайта-қайта бұрғызған Әулиекөлдің астарынан іздеу керек. Александраның әкесі Иван қазақ жеріне ауып келген орманшы. Жергілікті жұрт Ахмет пен Александраның махаббатының куәсі ретінде Әулиекөлдің жеті көлінің бірін «Мұғалімкөл» деп атаған. Бірақ, дала заңы бойынша әртүрлі діндегі адамдарға қосылуға болмайды. Туған өлкеде некесін қидыра алмаған қос ғашық теріскейдегі Троицкіге жол тартып, сол жерде Александра мұсылман дінін қабылдап, екі ай діни дәрістер тыңдайды. Ахметтің қалауымен Александраға жаңа ныспы – Бадрисафа беріледі. Отызында орда бұзып,қараңғы ұлтының ағартушылық диқаншысына айналған Ахмет бабам отбасын құрғанда өзінің жасы – 25 –те, жарының жасы – 19 –да болған екен.

Ел ішінде «Ақ келін» аталып,Бәдрисафа анамыздың мұсылманшылықты қабылдауы туралы Ахмет бабамыздың өзі айтқан бір ауыз өлең ауыл қарттарының жадында әлі де жатталып қалған.

Ахмет бабамыздың жамағатының нәсілі орыс екнін естіген болуы керек Торғайға танымал Науан молда бірде:

Ахмет, айтшы, осы Сіздің үйдегі келіннің ата-тегі кім? – мысқылдай сауал қойыпты. Сонда Ахмет бабамыз да табан астында мына бір өлеңмен жауап қайтарған екен.

-Әкесін сұрасаңыз Мария Ивановна,

Ризамын мұны құдай қиғанына.

Кәпірден бір адамды дінге енгізсем,

Тұрмай ма он молданың иманына – деген жауаптан кейін молда үнсіз отырып қалыпты.

Бәдрисафа анамызбен қосылғанына құдайға ризашылығын білдірумен өткен Ахмет бабамының сеніміне орай шешеміз де ерін әулиедей сыйлап, қазақылықты қатты ұстанумен өмірден өтіпті.

Сөйткен «Ақ келін» Ахмет бабамыз ұсталып кеткеннен кейін, Қостанайға келіп Меңдіқара ауданындағы Екпінді ауылында 1947 жылдың күзінде көз жұмады.

«Орнында бар оңалар»деген халық даналығы.Ахмет бабамыздың ұрпақтары Бәдрисафа анамызды іздеу барысында жерленген бейітін тапты. Сол жерге ұрпақтары 2012 жылы 12 қыркүйекте Екпіндіде ескерткіш белгі орнатылды.Бұл өшпес тарих болып қала бермек.

1.5. Сарытүбектегі жаңа жәдігер.

    Ғасыр басында ұлт тағдыры мен елжандылық мақсаттың жалауын желбірете сахараға еркіндік пен бостандық рухын сепкен құбылысқа айналған Алаш қозғалысының белсенді көсемі,қазақ мерзімді баспасөзінің қарлығаштарының бірі «қазақ» газетін ашушы редактор, республикалық ағарту ісінің халық комиссары, Бүкілодақтық атқару комитетінің мүшесі, Қазақстан академиялық орталығының басшысы,Алматы,Ташкенттегі жоғары оқу орындарының профессоры қызметтерін атқарып жүргенде де, сонау алыстағы Ұлы Жыланшық өзенінің бойындағы Сарытүбекті,ондағы кіндік кескен қараша үйін  аңсаған шығар, кім білсін?

Елінің көсегесі көгеруін ойлағаны үшін тар жол, тайғақ кешулерді басынан өткізіп, Сарытүбектегі қоңыр үйін бір көруге зар болды ғой. Халық әні деп айтылып жүрген алтын қордың мұрасы (Ахметтің әндері) «Екі жирен», «Қарғаш», «Аққұм» әндері де туған жерді аңсаудан туған болар.

Ақкөл мен Ахмет ауылдарының дәл орта тұсындағы Сарытүбектегі (екі ауылға да 6 шақырым қашықтықта) Ахметтің туған үйінің орнына 1993 жылы Ахметтің 120 жылдығы қарсаңында «Ахмет Байтұрсынұлының туған үйі» деп жазылған белгі қойылды.Бұл жер 50 –ші жылдарға дейін талай отбасыларға қастерлі қоныс, атажұрт, пана болып келген.Кейін иесіз қалған, үйлер әбден тозып, құлап, іргесіндегі кірпіштері ғана сақталған.

Қазір екі ауылда тұрып жатқан Ахмет ұрпақтары бірлесіп бабамыздың шыр етіп дүниеге келіп, кіндік қаны тамған үйінің нақ орнына мұражай- үйін тұрғызып,ішін жабдықтап қалыпқа келтірді.Баба аруағы  алдындағы бір парызды өтеп, игілікті шараны жүзеге асырды.

Қазіргі уақытта Торғайға ат басын бұрған иісі қазақ баласы Сарытүбекке, Ахметтің туған үйіне соғып,тағзым жасап аттанады.Бұл келешек ұрпақ үшін асыл мұра,өшпес тарих болып сақталады.

1.6. Ахмет Байтұрсынұлы – ұлт ұстазы.

      Ахмет Байтұрсынұлы қазақ елінің тарихи тұлғасы,ұлттық рухымыздың ұлы тіні,ХХ ғасырдың реформатор ғалымы.

Халқын жайлаған қараңғылықты тым ерте аңғарған Ахмет қызметін Ақтөбеде, Қарқаралы уездерінде, ауылдық, облыстық мектептерде мұғалім болудан бастайды.  «Құл халыққа адамшылық тұқымын шаштым» дегенді сол кездері жазған. Ахмет ағартушылықтан өз халқының мұқтажын іздеді.

Өзін  «адамшылық диханшысымын»,- деп көрсетті.

Сауаты, саңылауы жоқ надан қазақты қалың жау еңсесін басып, қара бұлт қаптап, түнше түнеріп тұрғанда , бар күшін аямай, жанын құрбан қылып, жарыққа қарай, өрге сүйреген  ұстаз-Ахмет  Байтұрсынұлы.

А.Байтұрсынов оқу-ағарту ісін өзінің азаматтық міндеті мен  өмірінің мақсаты деп санаған. Ол 1911 жылдың өзінде:

Ызыңдап ұшқан мынау біздің маса,

Сап – сары аяқтары ұзын маса.

Өзіне біткен түрі өзгерілмес,

Дегенмен қара я қызыл маса.

Үстінде ұйықтағанның айнала ұшып,

Қаққы жеп, қанаттары бұзылғанша.

Ұйқысын аз да болса бөлмес пе екен,

Қоймастан құлағына ызыңдаса, –

деп, білім-ғылымнан кенже қалған, мал бағып марғау жатқан қазақ халқын сол қараңғылықтан маса болып ызыңдап оятып, алып шығуды өзінің күрес жолының мақсаты етіп қояды.

Саналы ғұмырын ұстаздық қызметке арнаған және оның жолында жүріп саяси қызметке араласқанын Ахмет Байтұрсынұлы 1922 жылдың тамыз айындағы Ташкентке сапарында  – қалың қазақтың көрсеткен сый- құрмет,қошеметіне рахмет айта сөйлеген сөзінде –  өз аузымен айтады.Онда ол былай дейді: «Мен – халық мұғалімімін.Оқуым көп емес, аз,бірақ білімімді халық мақсаты үшін жұмсағаным рас.Оның да себептері бар. … Мені тудырған – заман,  патша заманының зұлым саясаты,зорлығы,зомбылығы,қорлығы»деп ағынан жарылады.Шындығында солай да болуы мүмкін.Ол ағартушылық жолға түскенде қазақ балалары оқитын оқулықта болмаған.Баланың оқуына жеңіл, түсінікті әрі артық таңбалардан тазартылған оқу-құралын жасауды жолға қояды.Ахмет бабамыздың алғаш жшығарған «Оқу құралы»кітабы  қазақша жазылған тұңғыш әліппелердің бірі. Бұл әліппе оқытудың жаңа әдістері тұрғысынан өңделіп, 1925 жылға дейін бірнеше рет қайта басылады. «Оқу құралы» қазіргі әдістеме тұрғысынан әлі күнге дейін маңызды оқулық ретінде бағаланып келеді.Осы арқылы халықтың көзін ашып, ағартушылық жұмыс жасайды.Ұлтының кез келген саласына бей-жай қарамаған ұлы ағартушы білім саласына көп көңіл бөледі.Себебі, «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген сөз қай уақытта да өз мағынасын жоймақ емес.

Ахмет Байтұрсынұлы  қазақ халқының көсемі, ұлтымыздың ұлы ұстазы деп таныйық.

 Қорытынды.

Ахмет Байтұрсынұлы – Білімнің пірі. Білім саласына қосқан үлесі әлі күнге дейін баға жетпес рухани байлық десек, білім саласына жазып қалдырған оқулықтары еліміздің алтын қорына енген теңдессіз басылымдар санатында.Ұлы ұстаз Ахмет Байтұсынұлының қалдырған туындылары әлі де жүздеген жылдарға мұра болып қалып,білім саласына өз үлесін қоса бермек.

Ұлттың ғылым-білімге көзін ашқан  данасы, рухани тұлға тұтып ұлықтар ұлт ұстазы –  Ахметі бар қазақ жұрты қандай бақытты!

You May Also Like

Жантақ өсімдігінің емдік қасиеті, ғылыми жоба

Тақырыбы: «Жантақ өсімдігінің емдік қасиеті» Бағыты:   Гуманитарлық Секциясы:  Медицина. Аннотация Зерттеудің мақсаты:…

Ақтөбе облысындағы тарихи-мәдени ескерткіштер және болашақ туристік маршруттарға айналдырудың жолдары, ғылыми жоба

«Ақтөбе облысындағы тарихи-мәдени ескерткіштер және болашақ туристік маршруттарға айналдырудың жолдары» Кіріспе……………………………………………………………………………………. Тарих…

Тұщы судың қасиеттері мен географиялық және экологиялық жағдайына зерттеу жүргізу, ғылыми жоба

Авторы: Сыныбы: Жұмыстың тақырыбы: Тұщы судың қасиеттері мен географиялық және экологиялық жағдайына…

Баскетбол ойыны, ғылыми жоба слайд