“Бесік жырының тәрбиелік мәні” ғылыми жоба

Аннотация

Бесік жыры — тұрмыс-салт жырларының көне түрінің бірі.

Әлемде Бесік жырын айтпайтын халық жоқ. Халық педагогикасының мәйегіне айналған бесік жырында халықтың төл тарихының, дәстүрлі  мәдениетінің, ежелгі наным-сенімінің, дүниетанымының көрінісі бар. Бесік жырын барша халық ұлттық тәрбиенің кәусар бұлағы деп таниды. Әлем халықтарының бесік жырлары әр елде әр түрлі аталғанымен, атқаратын міндеті, мазмұн байлығы, поэтикалық құрылымы мен саз-әуені жағынан үндесіп жатады. Бесік жырының басты қызметі — бесік тербелісіне ыңғайлас сазды әуен, ырғақты сөзбен баланы тыныштандыра отырып, оның жан жүйесі мен санасына ұлттық тәрбиенің алғашқы нәрін сіңіру.

Бұл жоба қазақ халқының бесікке байланысты мақал-мәтелдер мен ырым-тыйымдар негізіндегі көзқарастарын жас ұрпаққа насихаттау. Оқушылардың тіл дамытуға үйрету, әр-түрлі әдіс тәсілдерді қолдану болып саналады.

Мазмұны

Кіріспе

  1. Бесік

1.1 Бесік жыры

1.2 Бесік жырының айтылуы мен міндеті

2 Бесік тәрбиесінің бала тәрбиесіне тигізер әсері

2.1Бесік жырына байланысты көрші апамен сұхбат

2.2Бесік жырын естімеген ұрпақ өсіріп жатырмыз

Қорытынды

Мақсаты:

Зерттеудің алдына қояр негізгі мақсаты – қазіргі өмірде жас нәрестелердің «Бесік жырын» естіп, тәрбиеленуі керектігін аналар есіне түсіріп, зерттеу жүргізу, ата-аналарға таныстыру.Осы орайда жұмыстың алдына мынандай нақты міндеттер қойылды:

– Бесікке бөлеу мен қазіргі заманауи тәрбие негізіндегі айырмашылықтарды айқындау;

– «Бесік жырының» тәрбиелік маңызын анықтау;

– Қазақ халқының бесікке байланысты мақал-мәтелдер мен ырым-тыйымдар негізіндегі көзқарастарын жас ұрпаққа насихаттау;

Зерттеу болжамдары:

1.Егер  аналар, әжелер сөзіне сенсек,бесіктің баланың өсуіне еш кедергісі жоқ,ол дәрігерлердің пайымдауынша болған кері әрекет.

2.Егер  бесік туралы  деректерге үңілсек, үлкендердің айтуынша, тәрбие басы бесіктен басталатыны  анық.

Жұмыстың ғылыми жаңалығы:

Халық мұрасының «Бесік жырының» бала тәрбиесіне тигізер әсері мен пайдасы ғылыми түрде сараланды.

–         «Бесік жыры» өлеңдері мен жырлары бала тәрбиесінің басты құралы екені дәлелденді;

–          «Бесік жырын» естіп өскен баланың ән айтуға құмарлығы дәлелденді;

–         Бала тәрбиесіне жырдың берер пайдасы бар екені дәлелденді.

Күтілетін нәтиже:

«Бесік жыры» жайлы ақпараттар мен тәрбиелік маңызы ғылыми тұрғыдан зерттеліп, мәліметтер тізілді.

  1. «Бесік жыры» халық арасында айтылатыны анықталып, сипаттама берілді.
  2. Әр дәуірдің ағымына қарай «Бесік жыры»өзгеріп отыратындығы анықталды.

Кіріспе

 Тақырыптың өзектілігі:

Ұлттық руханияттың белгісі – мәдени мұраға иек арту жаhандануға жақындау мен ұлттардың өзіндік болмысын сақтауы болып табылады.Осынау өркениетке ұмтылып отырған уақытта ұлттық тәрбиеміз бастау алған бесік жырының бүгінде ұрпақ сабақтастығында маңызын жоймайтын мәңгілік тақырып.Ұлттық болмысымызды насихаттайтын ауыз әдебиетіміздің негізін жинап зерттеу,оны халыққа  таныту мол ізденіс пен үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Көшпенді қазақ халқының бала тәрбиесінен еш қалыс қалмағаны бесік жырынан жұртшылыққа белгілі.                                                                                                                                             Қазақ ауыз әдебиетінде өзіндік әуенімен танылған «Бесік жырының» тәрбиелік мәні жас аналарға әлі санасына зерделенбеген. Ауыз әдебиетіміздің  «Бесік жыры» атты туындысы бүгінде көпшілік қазақ отбасына танымал болғанымен, арнайы ғылыми зерттеу еңбектері  жоқ  деуге болады. Мәңгілік бала тәрбиесіндегі «Бесік жыры» өз зерттеулерін күтіп тұрған мәселе. Сондықтан осы мәселе жұмыстың өзектілігін айқындайды.

Жұмыстың мақсаты мен міндеті:

Ғылыми жұмыстың негізгі мақсаты – бесік жырының тәрбиелік мәнін зерттеу. Бесік жырының халық мұрасына және жас аналар санасына жеткізуде алар әсерінің сырларын ашу. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін жұмыстың алдына мынандай мәндеттер қойылды:

– Бесік жырының бала тәрбиесіне тигізер әсерін әдеби-ғылыми тұрғыдан талдаау;

-Бесік жырының түрлерін анықтап, жіті саралау;

-Бесік жырын айтушы әжелерден қажетті деректер алу;

– Мақал- мәтелдердің тәрбиелік мәнін айқындау;

Зерттеу нысаны:

Зерттеу нысанына бесік жырының тәрбиелік мәні негіз болып отыр.

Зерттеудің  жаңашылдығы:

Ұлтымызға таныс бесік жырының тәрбиелік мәні ғылыми тұрғыдан зерттеліп, қажетті мәліметтер жиналып тізілді.

Бесік жырының бала тәрбиесіне әсері бар екені зерттеліп, сипаттама берілді.

Халық ауыз әдебиетінің аса құнды қазынасы бесік жырының бала өміріне әсері.

Жұмыстың зерттеу әдістері:

Зерттеудің негізгі әдіс-тәсілдері-баяндау, салыстыру, қажетті мәліметтерді саралау,ұғымдарды жинақтау, пікірлерді қорыту, ғылыми тұрғыда талдау.Сондай-ақ,  әжеден сұхбат-интервью алынды. .Бесікке байланысты:  бесік жырлары, мақал-мәтелдер, ырым–тыйымдар,нақыл сөздер,жұмбақтар жинақталған кітапша құрастырылды.

Зерттеу дереккөздері:

Зерттеу жұмысының материалдары ретінде қазақ әдебиетінің энциклопедиясы, ондағы бесік жыры туралы мәліметтер, «Қазақ мәдениеті» энциклопедиясы, сондай-ақ әжелердің айтқан өнегелік насихаттары негіз болды.

Зерттеудің құрылымы:

Жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, жинақ кітапшадан және әдебиеттер тізімінен тұрады.

1.Бесік

«Ел болу үшін, бесігіңді түзе» – деген нақыл айтып кеткен Мұхтар Әуезов атамыздың бұл бір сөзіне ой жүгіртсең, елдің санасы сонау бесік тәрбиесімен байланысы зор екенін айтады. Қазақ даналығының алтын қазынасы тіл мен тәрбиеде жатқаны анық. Ғасырлар бойы көшпелі қазақ жұртының өмірден алған тәжірибесі, бүгінгі күнде Қазақстан Республикамыздың тағдырына үлкен үлесін қосуда.

Ал енді, бесік атауының шығуына байланысты тілші-ғалым   Ә.Нұрмағамбетов былай дейді:

«Нәресте жататын төсекті ана тілімізде ,,бесік,, деп атайтынын білесіңдер.Қазақ сөзінде без, безек, безілдеу, безу, безеу, безгілдек, безбен т.б. толып жатқан төл сөздер бар.Осы аталған сөздердің барлығының түбірі – без.Бұл сөздердің барлығы қозғалу, ырғалу, шайғалу, тербелу деген ұғымға сыйып тұрғандықтан «бесік» әу бастан «безек» немесе «безік» болып, беретін «з» дыбысы қатаң «с» дыбысына ауысып, «бесік» болып қалыптасса керек. Бұл біздің бірінші жорамалымыз.Екінші ойымыз:бесіктің жасалу жолына қарай, оны құрайтын негізгі бес ағашқа байланысты «бес уық» сөзінің туындауы мүмкін дегшен тұжырым жасауға болады. Олай дейтініміз, қазақ халқы негізінде екі түрін тұтынған. Оның ертерек пайда болған түрі «аспалы бесік» деп аталады. Аспалы бесіктің жасалу жолдары өте қарапайым. Оны әзірлеу үшін бес тал, жуандығы біркелкі, жұмыр талдар болса болғаны. Ондай бесікті көшіп – қону кезінде уықтап жасай салу әбден мүмкін жай. Кейін келе бес уық – бесық – бесік болып қалыптасып кеткен тәрізді. Жалпы «бесік» атауының әлі де болса терең зерттеуді қажет ететіні даусыз.                                                                                                                                                 Қазақ  халқы көшпелі өмір сүргенімен де әр мүлікті қастерлеп, оларға өзіндік ырым- тыйымдар жасайтын болған.Біреулерден ауысып келген немесе жаңадан жасатқан бесікке ең алғаш бөленген бала қайтыс болса, оны ешуақытта пайдаланбағандығының өзінен бесікке деген наным-сенімдер ерекше. Бесік әкелудің өзі керемет бір сән- салтанат десе де болады. Келіннің төркіні «іздеушісі, сұраушысы бар екен» дегізіп бір топ болып келетін болған және де жай келмей баланың бесік жабдығымен түгелімен, түбек-шүмегіне дейін жасап әкелген. Бесік жабдықтарын барынша әдемілеп жасаған.Түбегі мен шүмегінен басқа, қолтық жастық, тізе жастық дегені болады және олар ешқашан сүреңсіз сұр түсті маталардан тігілмеген. Кішкентай көрпешелері де мүмкіндігінше ашық түсті маталардан тігілген. Бесіктің басына үкі тағады. Өйткені бала әсемдікке, әдемілікке бесікте жатқан кезінен бастап үйренуі керек. Бала бесікте көп жатады. Бесік – баланың жылы ұясы. Баланың нағашы жұрты бесікпен бірге, немерелі болып жатқан құда-құдағиға да сый-сияпатын ала келеді.  Әрине, мұның бәрін әркім қалдерінше жасалады.  Сәбилі болып жатқан қызының  нәрестесіне бесік әкелу – қыз төркінінің, әсіресе, анасының парызы.

Бесіктің пайдасы жөнінде біршама әңгіме айтқан көрші апам да мені ойға қалдырды.Расында да қолда барда жақсының қадірін біле бермейтініміз рас. Әйтпесе, баланың қалыпты өсуі үшін бесіктен артық не бар? Жастардың соңғы кезде памперске үйреніп алғаны рас. Олар алдымен памперсті баланың құрғақ  жүруіне септігін тигізеді деп ойлайды.Содан соң оған кірді жиі жуудан құтқаратын бірден бір дүние деп қарап, жиі пайдалануға ұмтылады. Памперстің осындай тиімді жақтары бар екені рас, бірақ оны балаға үнемі кигізіп қоюға болмайды. Себебі көпшіліктің айтуы бойынша, памперсті үнемі киіп жүретін бала оған сеніп алып, дәретін астына жібере салуға үйреніп кетеді. Ал бұл әдеттің бала тазалығына нұқсан келтіретіні өз алдына, сәбиді ауру қылатыны тағы бар. Дәрігерлердің айтуынша, памперс жас баланы «Ночной  энурез» деген науқасқа шалдықтырады екен.Яғни баланың памперске үйреніп кететіні сондай, кейін ол өсе келе дәретін өздігінен игере алмай қалатын көрінеді.Осыдан кейін, баланың жүйке жүйесі нашарлап, неврологиялық ауруға шалдығады. Қазіргі таңда памперсті үнемі киген балалардың дені осындай сырқатпен ауырады екен.Түнде төсекке, күндіз іш киіміне еріксіз жіберіп қоятын баланың өзінен-өзі қорқақтап, жасқаншақ боп өсетіні рас. Ал мұндай жағдайдың  баланың мінез-құлқының  қалыптасуына теріс әсерін тигізетіні айтпаса да түсінікті.Оның үстіне памперс балалардың жыныс мүшелерінің жетілуіне  кері әсерін тигізеді деген де әңгіме бар.Осылай деп жүргендер шетелдіктердің демографиялық дағдарысқа ұшырауының бір себебі осында жатыр дегенді айтады.Ойланған адамға бұл әңгіменің жаны бар секілді.Сондықтан жастар жоғарыда айтылғандарды қаперіне алып, уақытша жан тыныштандырғаннан гөрі балаларының болашағын ойлағаны дұрыс.

1.1 Бесік жыры

Бесік жыры — тұрмыс-салт жырларының көне түрінің бірі.

Әлемде Бесік жырын айтпайтын халық жоқ. Халық педагогикасының мәйегіне айналған бесік жырында халықтың төл тарихының, дәстүрлі мәдениетінің, ежелгі наным-сенімінің, дүниетанымының көрінісі бар. Бесік жырын барша халық ұлттық тәрбиенің кәусар бұлағы деп таниды. Әлем халықтарының бесік жырлары әр елде әр түрлі аталғанымен, атқаратын міндеті, мазмұн байлығы, поэтикалық құрылымы мен саз-әуені жағынан үндесіп жатады. Бесік жырының басты қызметі — бесік тербелісіне ыңғайлас сазды әуен, ырғақты сөзбен баланы тыныштандыра отырып, оның жан жүйесі мен санасына ұлттық тәрбиенің алғашқы нәрін сіңіру.                                                            Бесік жыры баланың сәби кезінде, яғни 1 — 5 жас аралығында, бала жанына жағымды әуенмен айтылады, әуен-сазсыз бесік жырының мәні де, сәні де келмейді. Қазақ бесік жырының үлгілерін алғаш Ә.Диваев хатқа түсіріп, 1905 ж. жариялаған. Содан бері там-тұмдап жиналып келе жатқанымен, халық жырларының асыл үлгілері әлі де толық хатқа түсе қойған жоқ.

Бесік жырларын мазмұны мен поэтикалық құрылымына қарай дәстүрлі бесік жырлары және суырып салма бесік жырлары деп екі топқа бөлуге болады. Дәстүрлі бесік жырлары ел арасында ежелден айтылып, әбден қалыпқа түскен, барлық жерлерде мазмұн желісі мен әуені өзгертілмей орындалатын жырлар. Олар: “Әлди, әлди ақ бөпем, Ақ бесікке жат, бөпем!” деген ана мейіріміне толы өлең жолдарымен басталып, баланы жұбататын, алдандырып тәтті ұйқыға батыратын шумақтарға ұласады. Сонымен қатар ана:

“…Айыр қалпақ киісіп,

Ақырып жауға тиісіп,

Батыр болар ма екенсің!

Бармақтары майысып,

Ою-өрнек ойысып,

Ұста болар ма екенсің!

Таңдайларың тақылдап,

Шешен болар ма екенсің!

…Құрығыңды майырып,

Түнде жылқы қайырып,

Қызмет қылар ма екенсің?!

Қолымыздан іс алып,

Бақытымызға жан балам,

Бізді бағар ма екенсің?!” деп баласының болашағын, ел мүддесін, өз арман-мұратымен астастыра жырға қосады.

Ал суырып салма бесік жырларында айтушы жанрлық түрді пайдалана отырып, кезеңдік жағдайларды, өзінің ішкі мұң-сырын өлеңге қосады. Мәселен, Г.Н. Потанин хатқа түсірген бесік жырының бір үлгісінде: “Таудан Тоғас түскен жоқ, Секемен тары піскен жоқ. Тоғас түссе етекке, Қой жүреді жетекке. Жылама, бөпем, жылама” деп жарты құрсақ жатақтар өмірінің ауыр тірлігі суреттелді. Сырлы сөз бен сазды әуен астасып келетін бесік жыры халық педагогикасының бастау бұлағы ғана емес, қазақ әйелінің жан дүниесін танытатын, кезеңдік ел тұрмысынан мол мағлұмат беретін шалқары кең жанр. Оның осы мүмкіншілігін кейінгі жазба әдебиет өкілдері мен сазгерлер де кеңінен пайдаланып келеді.

1.2 Бесік жырының айтылуы мен міндеті

Бесік жырына халықтық сипат,дәстүрлі идеализация,оптимизм тән.Өлең өлшемі жағынан көбінесе жыр,кейде қара өлең тектес болып келеді.Бесік жырының мелодиясы  әдетте шағын көлемде, ырғағы бесіктің тербелісіне сай  бір қалыпты,сабырлы екпінде болады.

Балаға деген  ана махаббаты «бесік жырлары» арқылы берілген.Ана бөбегінбесікке бөлерде ең алдымен бесік жырын айтады.Онда ана өзінің баласына деген сүйіспеншілігін:

Мойындағы тұмарым,

Тарқамайтын құмарым,

Тағдыр берген алсын деп,

Ақ бесікке салсын деп.

Мойнымдағы маржаным,

Қорадағы мал-жаным,

Бесігіңе жата ғой,-

Тәтті ұйқыға бата ғой,- деп білдіре келеді де:

Балам жатсын бесікте

Пәлесі қалсын есікте,- деп пәле-жаланы өлеңмен аластамақ болады. Баланы бесікке бөлеп,әндетіп тербете отырып,бөбегіне деген ыстық сезімін одан әрі жалғастырып:

Көзімнің ағы-қарасы-

Жүрегімнің панасы.

Уайым,қайғы ойлатпас

Көңілімнің санасы.

Айналайын,шырағым,

Көлге біткен құрағым,

Маңдайдағы құндызым,

Аспандағы жұлдызым.-деп өз баласына әлемдегі алуан түрлі теңеулерге теңейді.

Бесік жыры мына мақсатта айтылады: біріншіден, бесік жырын анасы әндете отырып,өзінің нәрестесін әсем ән ырғағымен тәтті ұйқыға бөлеу болса, екіншіден ананың баласына берер тілек-батасы,сәбидің болашағынан күтер үміт-сәулесі сөз болады.

Айыр қалпақ киісіп,

Ақырып жауға тиісіп,

Батыр болар ма екенсің?!

Бармақтарың майысып,

Түрлі ою ойысып,

Ұста болар ма екенсің?!- дейді.

Осы бір ауыз өлең жолынан халықтың бала  тәрбиелеудегі ой-арманы айқын көрінген.Ол ана тілі арқылы беріліп отыр. Еңбек ет, кәсіп ет, ел-жұртыңды жаудан қорға деген ойын халық  бесікте жатқан нәрестеге ақыл-кеңес,тілек етіп білдірген.Баланы жастайынан ел намысын қорғаушы  азамат болуға баулу,оны ана аманаты ретінде келер ұрпақтың құлағына сіңіру ежелгі ел дәстүрінің озық түрі болған.

Баланы бесіктен шешіп аларда анасы өлең-жырмен әндете отырып:

Анасы шешіп алсын,

Ұйқысы бесікте қалсын.

Балам бесіктен шықсын,

Пәлесі  есіктен шықсын,- деп үнемі өлең-жырмен әлдилеп,жауыздық атаулыдан сәбиін аман сақтау ой-арманын білдіреді.

Ауыз әдебиетінің жанры. Қазақтың музыкалық – поетикалық  фольклорындағы тұрмыс-салт әндерінің арасында кең тараған.

  1. Бесік жырының бала тәрбиесіне әсері

Өз заманында Бауыржан Момышұлы айтып кеткендей, «бесік жырын айтатын аналардың азайып бара жатқанына қорқамын» дегені бізді ойлантуы тиіс. Қазіргі жас аналар оның не екенін де білмес. Алайда, осы дәстүрді халық арасында кеңінен насихаттап жүрген «Сырдария аудандық әйелдер» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ұлмекен Жаналиева біршама жұмыс жасап жүр. Жазғы демалыс айларында үш аудан бойынша бесік жырын айтатындар үшін байқау ұйымдастырды.  Осындай маңызды шараларды ел ішінде ғана емес, қала аумағында өткізсе, құба-құп болар еді.Себебі, қаладағы көп жас аналар мұндай игі дәстүрімізден бейхабар екені жасырын емес.

Зейнеп Ахметова бесік жыры – балаға берілетін алғашқы тәрбие.

«Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» демекші, тәрбиенің мықты іргетасы отбасында қаланады.  Бесікке қатысты, яғни ана мен баланың арасындағы тағы бір байланыс – бесік жыры деуге болады. Бесіктегі баласына ана әлдиін, бесік жырын айтпаған қазақ әйелі жоқ шығар. Жалпы бесік жыры жайлы не білеміз?Баласына не себепті бесік жырын айтқан, оның маңызы неде?

Бесік жыры – балаға берілетін алғашқы тәрбие.Өйткені баяу ырғақпен айтылған анасының әлдиі туғаннан баласының құлағына сіңеді. Бесіктегі баланы әннің ырғағымен тербетеді. Бесік жырының тұрақты нұсқасы жоқ.

Әлди, әлди, ақ бөпем,

Ақ бесікке жат бөпем.

Бармақтарың майысып,

Түрлі ою ойысып,

Шебер болар ма екенсің ?!

Таңдайларың тақылдап,

Сөзіңді жұрт мақұлдап,

Шешен болар ма екенсің ?!

Бұл – бесік жырының бір түрі ғана. Осындай әдемі әуенмен астарында ізгі тілегі бар бесік жырын таңдаған бала шебер болуға да, шешен болуға да ұмтылып өседі. Баланың бойына әсерлі әуен, сұлу сөзбен айтылатын ананың әлдиі ана сүтімен қосылып осылай сіңеді. Бесік жырының толып жатқан түрі бар.Сәбиінің аман өсуінен бастап, болашақ өміріне деген тілегі, сенімі, ниеті әдемі әнге шумақ болып өріліп, анасының айтуымен балаға жетеді. Тіпті алыстағы төркініне деген  сағынышын да бөлісіп айтып, баласымен сырласа отырып «әй, әй, бөпем, артта қалған елімді көрер ме екем…» деп іштегі шерін бесік жырына қосқан. Анасының еліне деген сағынышы бөпеге беріліп , ол анасын аяйтын, ардақтайтын, мейірімді әрі жанашыр болып өседі екен..

Бүгінде  үлкен сахналарда да бесік жырлары заманауи әуенмен естіліп қалғанда қуанып қалатынымыз анық.

Бөпем менің қайда екен?

Қыздарменен тауда екен,

Тауда неғып жүр екен?

Алма теріп жүр екен,

Қызыл алма қолында

Қыздар оның соңында,

Жүгіріп-жүгіріп жүр екен, – деген сияқты есте сақталатындай халық әніне салып айтылады.. Бала бесік жырын тыңдап жатып маужырап ұйықтағанды жақсы көреді. Әуен, саз деген – құдірет. Алла тағала жеті дыбысты жаратқан, ал қазақ халқының тумысынан әнші халық екені әмбеге аян. Олай дейтініміз, қазақ баласының тілінің ерте шығып, өнерге үйір болуының бір ұшы осы бесік жырында жатыр.

2.1  Бесік жырының маңызы жайында көрші апамен сұхбат

Бесік жыры арқылы баланың тілі ерте шығатынына бүгінде мән бермейміз. Бесік жырын тыңдап өскен баланың есте сақтау қабілеті жақсы жетілетініне көңіл аудармаймыз. Бүгінгі ұрпақ шешендігінен, әншілігінен, ақындығынан, сабырлылығынан, парасаттылығынан ажырап барады. Бұл да – алаңдатарлық жай. Біздің елде ауыздан қалмай келе жатқан аңызға бергісіз.

Бүгінде «бесік жырымен» немерелерін әлдилеп отырған алтын құрсақ аналарымыз ұлттық болмысымызға негіз болатын ән-жырларынсыз бала тәрбиелеу мүмкін емес екнін айтады.

Осыған орай мен     көршіміз Қалима әжеймен сұхбатастым.

-Апа, немерелеріңіздің бәрін бесікке бөледіңіз бе?

-Әрине, ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр бойынша «Бесіктегі бала бес түлейді» дегендей балаларымның әкесі жатқан бесікті сақтап, міне енді балаларын бөлеймін.

-Бос ұстағаннан өзгешелік бар ма?

– Бар ғой, бала уақытында ұйықтап,оянады. Тәні құрғақ және таза болады,уақытқа да пайдалы.

-Балаңызға «бесік жырын» айтасыз  ба?

-Әрине айтамын, мына өлеңді күнде естиді:

Әй-әй, бөпем, әй, бөпем,

Ән айтайын жан көкем.

Ән тыңдағың келсе егер,

Және айтайын,жан көкем.

Бөпем менің ай ма екен?

Шекер ме екен, бал ма екен?

Ойнақтап бәйгеден

Озып келер тай ма екен?

Жылама, бөпем, жылама

Тәттіні көп сұрама- деп әнге бассам , сол әуенді күтіп жатса керек, лезде уанады. Жалпы  «бесік жырын» тыңдап өскендіктері болуы керек барлық балаларым әнші,шетінен өнерге бейім болып өсіп жатыр-деп әже сөзін сабақтады.Мен әжеге алғысымды айтып,дерек көздерін әрі қарай жинадым.

2.2 Бесік жырын естімеген ұрпақ өсіріп жатырмыз

Ұлт мәселесі, ұлттық мүдде, сана, тәрбие, ар-ождан, намыс сынды бір-бірін төңіректеген ұғымдар ұлт феноменінің негізгі құрамдасы. Тәрбиеге аса көңіл бөлетін шығыс халқы «Тәрбие – адамгершіліктің шынайы көрінісі» деп бекер айтпаған. Бұл орайда, ұлттық рухты бойға дарытатын ұлттық тәрбиенің жөні бөлек екені бесенеден белгілі жәйт.

Ұлтымыздың төл тәрбиесі- бесіктен бастау алатыны мәлім. Бесік тәрбиесінің, әсіресе, бесік жырының ұрпақ санасын ұлттық рухпен дамытуда тигізер пайдасы өте зор. Бірақ, ұлттық құндылықтың кейбір тұстарына батыстың, жымысқы саясатының жезтырнағы батып бара жатқан тәрізді.

Әлемде бесік жырын айтпайтын халық жоқ.Сәби жүрегіне алғашқы рухани нәр ең алдымен осы әлди жырымен сіңеді. Аты айтып тұрғандай-ақ бұл жырдың негізінен, баланың бесікте жатқан кезінде орындалатыны белгілі. Бесік жырының мазмұндық құрамын іштей жіктеу жөнінде де ғалымдар түрлі толғамдар айтады.

Қорытынды

Қорыта айтқанда, қазақ фольклорында салмақты орын алатын, халықпен көне заманнан бері бірге жасасып, бала тәрбиелеу ісіне үлкен қызмет атқарып келе жатқан балалар фольклорының арнайы саласы. Бір сөзбен айтқанда,  бесік жыры телегей-теңіз тәрбие бастауы. Бесік жырының табиғатынан біз ел тұрмысының түрлі көріністерін, болашақ ұрпақ жөніндегі халық мұратын танимыз, ошақ басы, бесік қасында отырған қазақ әйелінің мұң-шеріне ортақтасамыз. Бесік жырын тереңдей зерттеу ісі фольклористерге ғана емес, тарихшы-этнографтарға, музыкатанушыларға, педагогтерге, тілшілерге де көп мағұлмат берері даусыз.                                                                                                                                                         Бала тәрбиесі бесіктің ырғағына байланысты деген қағиданы әр кез есімізде ұстап, ұлттық болмысымызды жоғалтпайық  дегім келеді.

You May Also Like

Қазақ әдебиетіндегі ақын-жыраулар поэзиясындағы «жалған дүние» концепциясы, ғылыми жоба

Тақырыбы : Ақын-жыраулар поэзиясындағы «жалған дүние» концептісі  Бағыты: Қазақстанның тарихи ескерткіштері және…

Махамбет Өтемісұлы өлеңдеріндегі сын есімдер, ғылыми жоба

Аннотация  1.Кіріспе.Сын есім туралы түсінік  Махамбет Өтемісұлының өмірі  3.Зерттеу бөлімі  3.1.М.Өтемісұлы өлеңдеріндегі…

Сумоншақпен кестелеу өнері, ғылыми жоба

Тақырыбы:      Сумоншақпен кестелеу өнері Бағыты:         Этномәдениеттану Секциясы:     Еңбекке баулу  А Б С…

Ұялы мобильдік байланыстың экстралингвистикалық аспектілері, ғылыми жоба

Ғылыми жоба Тақырыбы: Ұялы мобильдік байланыстың экстралингвистикалық аспектілері Кіріспе  Зерттеу жұмысының өзектілігі. …