Абай және дін

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ…………………………………………………………………..

  1. Абайдың лирикасы……………………………………………….

2.1 Абай және дін……………………………………………………..

ҚОРЫТЫНДЫ……………………………………………………….

АБАЙ ЖӘНЕ ДІН            

Адам әлемнің бір бөлігі болғандықтан, оның түп негізі де екі болмыстан, яғни жан мен тәннен құралады. Ұшқан құс екі қанатын қалай бірдей ұстайтын болса, адам баласы да бақытқа жету үшін осы екі болмысын, яғни тән құмары мен жан құмарын бірдей ұстап отыруы керек. Болмаса жеке адамдар ғана емес, ірі мемлекеттердің, тіпті бүкіл адамзат қауымының тіршілігі заман ағысында тура бағыттан оңға немесе солға ауытқып кетуі әбден мүмкін.

Бұған мысалдар өте көп. Қазіргі замандағы табиғи апаттардың көп болуы, ішетін ауыз судың тапшылығы, ел- елдердегі соғыс, лаңкестік іс-әрекеттердің көбеюі т.б. Бұдан көретініміз, материалдық өркениеттің бір жақты дамуы, адамдардың моральдық- этикалық, рухани ахуалының төмендеуі емес пе?!

Осындай бұрыс жолдан дұрыс жолға өту үшін Абай шығармаларының мән- мағынасы зор.

Қазіргі кезде діннің алғашқы мәні бұрмаланып, ұлттық дәстүрдің құлдырау шағында әркімге де бақытты өмір жолынан адастырмайтын тұрақты нысана керек болса, біз оны Абай ілімінен таба аламыз. Бұл туралы Президентіміз Н.А.Назарбаевтың ұлы ақынның 1995 жылы 150 жылдық мерейтойында сөйлеген сөзінде «… Абай әлемі бізді жеті түнде адастырмас темірқазық іспетті. Соған қарап тірлігіміздің дұрыс- бұрысын сараптай аламыз. Өйткені, жанды жегідей жеп жүрген көп сауалдың жауабын Абай әлдеқашан айтып кеткен. Абайды оқып отырып- ақ, көштің басын баяғыда- ақ жөнге салып алуға болатын еді. Сорлатқанда біреудің уақыты жетпейді, біреудің ұғымы жетпейді, біреудің атымен зауқы жоқ.

… Қазіргідей заманда Абай жырларына айына емес, күніне бір үңіліп қоймай болмайды. Сонда жан қинап жүрген қай күмәннің де бәріне жауап таба аласың» деген болатын.

Әр елдің өз ұлы адамы болатындай, қазақ елінің де шамшырағы –Абай, Абайдың шығармалары болуы керек-ақ. Абай мұрасын елдегі саяси-әлеуметтік, экономикалық және басқа да шиеленісіп жатқан көптеген мәселелердің себеп-салдарын табуға, қоғамдағы болып жатқан шым-шытырық құбылыстардың заңдылықтарын анықтау үшін қолдансақ құба-құп.

Зерттеу жұмысының мақсаты.

Абай шығармаларындағы дін мәселесін қозғап, діни ұғымдарды түсіндіре отырып, қазіргі заманмен байланысын көрсету.

Зерттеу жұмысының міндеттері:

  • Абай шығармаларындағы діни ұғымдардың мағынасын анықтау;
  • Ғұламаның имандылық, адамгершілікке қатысты ой- танымдарын айқындау;
  • Абай мұрасын рухани тұрғыдан зерделеу арқылы, халықтың рухани білім алуына жағдай жасау.

Зерттеудің өзектілігі.

Қазіргі таңда дін атын жамылған жат ағымдардың көбеюі жұртшылықты алаңдатып отыр. Намаз оқып, ораза ұстап, қашылыққа барып, яғни осындай ғибадаттар жасап жүрсе де,  иманның шын мәнісін түсінбейтін адамзат баласы қаншама?!. Жүректегі Алла тағалаға шүбә келтіріп жүргендер де баршылық. Сонымен қатар ата-бабамыздан мұра болып қалған салт-дәстүрімізге де қарсылық білдіріп, өзге діни ағымда жүрген  замандастарымыздың діни сауаттарының таяздығы да алаңдатып отырған мәселелердің бірі.

Кеңес заманында айтылмай келген, өзекті ойды тербеген тек қана гуманист, ағартушы ұлы ақын ретінде қабылданып келген Абай шығармаларының  жаңа тұстарына тоқталып, рухани дүниенің сырларын ашып көрсету.

Оның терең ойларын көпшілік еркін түсініп, бойына сіңіре алатындай деңгейде дұрыс түсініктеме беру. 

Зерттеудің әдіс-тәсілдері.

Анализ (талдау) тәсілдері Абайдың рухани мұрасындағы діни ұғымдарды түсінуге көмектессе, салыстырмалы әдіс арқылы  қазіргі таңдағы материалдық дүние мен рухани дүниелік ара қатынасты, Құран кітабындағы діни сөздер мен Абай мұрасындағы ұқсастықтарды айқындауға, т.б. болады.

Зерттеу жұмысының жаңалығы.

Абай мұрасын жаңа қырынан танытып, ұлы ақынның ойшылдығы мен діни сауаттылығына үңілу. Абай мұрасын өз халқымыздың емес, бүкіл адамзаттың игілігіне айналдыру 

Қазақ халқының жарқын болашағы үшін алысып өткен ұлы ақыны Абай- бір елдің белгілі бір ғасырдағы ой өмірінің өрісі мен биігін көрсететін ақындардың қатарына қосылады.

Алысты болжаған терең ойдың, үлкен сарынның ақыны Абай алды- артын шолып, қазақ халқының жалғыз әдебиеті емес, бүкіл рухани мәдениетінің келешегіне жөн сілтеп кетті.

Абай поэзияның өмір шындығын жан-жақты, мол қамтитын идеялық, мазмұндық байлығы, тереңдігі, лирика туындылардың жанрлық өзгешелігі, құрылыс бітіміне қарай әр алуан болуын талап етеді. Лирика басты сипатын, оған тән ойшылдық, сезімталдықты белгілейтін ақынның өз бейне-тұлғасы десек, лирика шығармалардың жанрлық сипатының алуан түрлі болып келуі ақынның өмір құбылыстарын, әлеуметтік мәселелерді қаншалық кең қамтып, әр қырынан көре білуіне, әр алуан көркемдік шешім табу қабілетіне байланысты. Абай қазақ поэзиясында қалыптасқан жанрлық түрлерді молынан пайдалана отырып, жазба әдебиетке тән жаңа жанрлық үлгілерді де қалыптастырды. Абайдың лирикасы жанрлық ерекшеліктері жағынан алғанда көп салалы, көп қырлы, алуан түрлі болып келеді. Олар тақырыбы, идеялық мазмұны жағынан да аса бай, әр қилы өмір құбылыстарын қамтиды. Халықтың тағдырын, заман жайын толғайтын сан алуан қоғамдық-саяси, философия лирика түрлері, адамның ішкі жан дүниесін бейнелейтін жырлары, махаббат лирикасы, сатиралық өлеңдері, табиғат суреттері, оларға қоса жеке адамдарға арналған жырлары т. б. өлең түрлерін Абай поэзиясынан молынан табамыз. Оларда қуаныш сезімі де, өмірге деген зор сенім де, мұң мен наз да, зәрлі ащы сын да – бәрі де бар. Абайдың көңіл-күй лирикасы бізді нәзік сыршылдығымен, өзі туралы айта отырып, қоғам, заман жайын танытатын ой-сезім тереңдігімен баурап алады. Бұл жырлық түрге жататын лирика туындылардан ақынның өзімен өзі ойласқандай, өзімен өзі сырласқандай қалпын, көңіл толғанысын білдіретін:

«Жүрегім, нені сезесің»,

«Жүрегім, ойбай соқпа енді»,

«Жүрегім, соқпа, кел тоқта…»,

«Не іздейсің, көңілім, не іздейсің?»

сияқты арнау сөз үлгілерін кездестіреміз: «Жүрегім, нені сезесің, Сенен басқа жан жоқ па? Дүниені, көңілім, кезесің. Тиянақ жоқ па, қой, тоқта!» Мұнда ақын жүрек, көңілденген ұғымдарды кейіптеу бейне ретінде алып, ой-сезімін соларға қаратып айтқандай болады. Бұл оның жан-сезімін асқан лирика нәзіктікпен, әсерлі етіп жеткізуіне мүмкіндік береді. Өзіне сауал қойып, өзіне тоқтау айтуы, езі дәлел іздеуі – мұның бәріой-сезім тереңдігін, әсерлі жан тебіренісін көрсетеді. Арнауды осындай ұтымды көркемдік тәсіл етіп пайдаланып отырған ақын бір сәт тіпті өз көңілімен, жүрегімен көлденең сырт адамша сөйлеседі:

«Сезгеніңді сездіріп,

Жете алмадың ортаққа.

Тірі жаннан бездіріп,

Апарасың қай жаққа?..»

Немесе:

«Күйесің, жүрек, күйесің,

Күйгеніңнен не пайда?

Дүниеде нені сүйесің,

Өмір қайда, дос кайда?..»

Мұндай көркемдік тәсілдер лирика өлеңнің сыршылдық сипатын күшейте түседі. Нәзік сыршылдық Абайдың махаббат лирикасынан да мол табылады. Сонымен бірге ақынның махаббат жайлы өлеңдерінен, әсіресе сұлу әйелдің сымбатын, портретін бейнелеуінен халықтық әдеби дәстүрге сүйену мен жаңалық іздеу өзара тоғысып, ұштасып келетінін де анық байқаймыз. Абайдың махаббат лирикасында адамның жан дүниесінің, нәзік сезім иірімдерінің шебер бейнеленуі жағынан «Қызарып, сұрланып…» деп басталатын өлеңін айрықша атаған жөн. Мұнда ғашықтық сезімі бойын билеген жастардың – қыз бен жігіттің бір-бірінен қысылып, жүрексінген күйі тамаша суреттелген. «Қызарып, сұрланып …Пішіні құбылып… жүрекпен алысып, лүпілдеп жүрегі… Саусағы суынып…»

Міне, бұл сипаттаулар нақтылы шындықтың бұлжытпай, дәл тауып айтылған көрініс-белгілері. Қыз бен жігіттің осы сипаттаулардан көрінетін қалпын одан да әсерлі етіп, күшейте түсу үшін ақын табиғи суретін жанастыра қатар өрнектейді.

«Жаныңда жапырақ,

Үстінде жұлдыз да,

Елбіреп, қаптырап,

Жігіт пен ол қызға…»

Жапырақтар да қалтырап, жұлдыздардың да сәулесі дірілдеп көрінуі жас ғашықтардың дегбір таба алмай тұрған қалпын үндестіре алу талабынан туған.
Абай өлеңдерінің бір алуаны – табиғат лирикасы. Табиғат – адам баласының еңбек етіп, өмір сүретін ортасы. Бар байлық, қазына, тіршілік, табиғат дүниежүзі әдебиетіндегі ірі классик ақындардың барлығының да шығармаларынан орын алды. Әр дәуір, әр жағдайға лайықты табиғатты әркім әртүрлі жырлады. Біреулер табиғат арқылы өмір сүретін, біреулер табиғатты суреттеу арқылы көңіл-күйін, өз көзқарасын айтып берді. Ал кейбіреулер белгілі бір кезеңдерде өмірдегі күрес-тартыстардан безіп, табиғатты ғана жырлап, өмірден безу көйгейін тартты. Қайткенмен де, табиғат көркем әдебиеттен үлкен орын алды. Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», «Күз», «Қыс», «Жаз» деген өлеңдерін оқығанда, табиғаттың әртүрлі құбылысы көзіңе елестейді. Жаратылыстың жайдары жазын, түсі суық тұманды күзін, не болмаса сақылдаған аязы мен қарлы боранын өзің көріп тұрғандай боласың.

Абай бір топ лирика өлеңдерінде ақын өмір сүрген ортаны, нақтылы табиғат құбылыстарын адамның күнделікті тұрмысымен сабақтастыра бейнелей отырып, ез көңіл күйінен де айқын елес береді. Тегінде қай жанрлық түрге жатқызуға лайық шығарма болса, лирика өлеңдердің көбінде қоғамдық, әлеуметтік мәселелер жайлы ой-түйіндер мен ақынның өз көңілін толқытқан сезім-әсерлері астасып жатады. Өйткені лирика туындыларды саяси-әлеуметтік, философия лирика, көңіл-күй лирикасы, махаббат немесе табиғат лирикасы деген сияқты жанрлық түрлерге бөлудің өзінде көп жағдайда белгілі мөлшерде шарттылық бар. Мұндай жіктеп-ажыратулар алдымен лирика шығармалардың тақырыбы, құрылыс-қалпы, бейнелеу тәсілдері біркелкі емес, әр алуан келетініне көңіл аудару үшін қажет. Сонымен бірге лирика шығармасының езі бірнеше қырынан алып қарауға лайық келіп, қат-қабат жанрлық сипат-белгілері болуы мүмкін. Осыны Абайдың әр қилы жанрлық түрлерге жатқызылып жүрген лирика шығармаларынан байқауға болады. Ақынның адам бейнесін, әртүрлі сипат-келбетін ашып көрсету тәсілдері де алуан түрлі. Айталық, ел билеушілер типін жасаған кезде ақын сан алуан сатиралық тәсілдерді пайдаланды. «Болыс болдым, мінеки…» өлеңі түгелдей болыстың монологы болып келеді. Мұнда шығарманың идеялық мазмұны кейіпкерді әшкерелеу арқылы ашылады. Бұл өлеңде зәрлі мысқыл да, күлкі-әжуа да көп. Өзінің тапқырлығы мен ептілігіне дандайсыған болыстың бейнесі сатиралық жағынан өткір. Бұл оған әлеуметтік және психология жағынан мінездеме берудің бірден-бір ұтымды тәсілі болады да, ол өмірдің өзі туғызған нағыз шыншыл тип ретінде көрінеді:

«Күштілерім сөз айтса,

Бас изеймін шыбындап.

Әлсіздің сөзін салғыртсып,

Шала ұғамын қырындап…»-

деген сездерді болыстың өз аузымен айтқызып, Абай халықты басқаруға тиісті адамдардың негізгі кесел-кесепатын дәл сипаттайды. Ал «Мәз болады болысың…» атты өлеңде болыстың ез қимыл-әрекеті жоққа тән, баяндаушының мысқылдары мол да әсерлі. Абай «Антпенен тарқайды…» өлеңінде де ел билеушілердің пайдақорлығын, орынсыз айтыс-тартысқа бейім тұратындығын, өнімсіз дау-жанжалға шырмалып, халық мүддесін аяқ асты ететін жаман әдеттерін өлтіре сынап, шенейді. Абай өмір құбылыстарын бейнелеп суреттеу немесе баяндап жеткізу, адамның ішкі жан дүниесін, психологиясын ашып көрсету секілді әр түрлі көркемдік тәсілдерді шебер қолданады. Бірақ қай әдісті қолданса да, ол өз өлеңдерінде негізінен ойшыл ақын бейнесінде танылады. Оның ақындық бейне-тұлғасынан біз алдымен осы терең ойшылдықты кереміз. Лирикалық сезімнің зор күші де, суреттеушілік шеберлігі де – бәрі-бәрі оның осы ақындық қасиетін үстемелеп, жандандыра түсетін сипаттар болып шығады.

Абайдың саяси-әлеуметтік лирикасын талдар тұста, алдымен, ақын – өз дәуірінің үні екенін ескеру шарт. Суреткер өзі өмір сүріп отырған қоғамнан тыс, жеке-дара қалып, томаға тұйық өмір сүре алмайды. Ен өзіндік дүние танымына сәйкес әлеуметтік көзқарасы бар. Сондықтан, өмір құбылыстарын суреттегенде оған өз қарым-қатынасын көрсетпей қала алмайды. Өз шығармасында сәулелеңген өмір шындығы туралы өз кесімін айтып, өз «үкімін» шығарады. Абай да өз лирикасының керекті жерінде кейбір қоғамдық қатынастардан белгі бере отырып, өзінің өмірге көзқарасын, таным-талғамын, идеялық бетін айқындайды. Абай – өз дәуіріне қатал сыншы болған адам. Қараңғы даладағы қат-қабат қарау әрекеттер – заңсыздықтар мен зұлымдықтар ақынды қатты күйзелтеді де, дәл осы жеке басқа тән жай- күйлер енді бірде арнасынан асып, қоғамдық сипат алған. Сонда, ақынның бір адамды сынағаны – сол сияқты бүтін бір қауымды сынағаны, тілін болыс пен ұлыққа түйресе, сол кеселді туғызып отырған патша әкімшілігіне түйрегені болып шығады.

Қараңғылыққа, надандыққа жаны күйген Абай дүйім жұртты қайткенде түзеудің жолын көздеп, бір тоқтаған түйіні – ғылым, өнер болса, соның ізінше еңбекті тауып, халықты соған үндеді: «Тамағы тоқтық, Жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын… Еңбек қылсаң ерінбей, Тояды қарның тіленбей…» Абайдың әлеуметтік тақырыптағы өлеңдері көп. Соның бәріне желі боп тартылып жатқан негізгі идея – қалың бұқараның «көзін қойып, көңілін ашу», қараңғы қауымды еңбекке, білімғе, өнерге, адалдық пен адамгершілікке бастау, азаматтыққа тәрбиелеу; замандастарын өркениетті ортаның прогресшіл мәдениетіне әкелу. Бірақ ұлы ақын осы жолда қолдау таппай, мынадай өкінішке келеді: «Моласындай бақсының – Жалғыз қалдым – тап шыным!..» Бұл ащы шындықта айрықша мағына бар. «Күз» деген өлеңіне ілесе жалғасып, тақырып жағынан ұласа ұштасып жататын «Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай» деген өлең, сөз жоқ Абайдың саяси лирикасының ең түйінді біртұсы. Әуелі қысқа ғана табиғат суреттерін ернектеп, одан шаруа-жайға көшіп, іле мүнан туған қоғамдық қарым-қатынасты суреттейді де, одан алған өзінің ақындық әсерін, азаматтық пікірін қорытады.

«Кедейдің өзі жүрер малды бағып,
Отыруға отын жоқ үзбей жағып.
Тоңған иін жылытып, тонын илеп,
Шекпен тігер қатыны бүрсең қағып».

Бұл – Абай заманындағы типтік көрініс: түндей қараңғы, қапас тұрмыста қоңыр іңірдей күңгірт мұңы, арман-сыры бар кедей үйінің жабырқау өмірі. Таңның атысы, күннің батысы аяғы сайға тимей, ұйқысыз да күлкісіз, бай малының соңында сабылып өзі жүрсе, азынаған қырық қүрау қараша үйде ең болмаса жылынар отыны да жоқ, құныса бұрісіп, жыртық шекпенін жамап әйелі отыр. Бұл-бір көрініс: кедейдің қоңыр лашығындағы күй-жай. Осыған салыстыра ақын бай үйінің бір қалпын көзге елестете: «Кәрі қой ептеп сойған байдың үйі…», — дейді де, әлгісіне қайта оралып: «Қай жерінде кедейдің тұрсын күйі? Қара қидан орта қап ұрыспай берсе, О да қылған кедейге үлкен сыйы» – деп, тағы да өз ортасындағы тапшы тұрмыс жайын айтып, теңсіздік сырын баяндайды. «Қар жауса да тоңбайды бай баласы, Үй жылы, киіз тұтқан айналасы…» Уайым жоқ, қайғы жоқ, тамақ тоқ, көйлек көк, бұлаңдап өскен бай баласы… Бұл – бір көрініс. Жә, енді кедей баласы, әлгі жыртық лашықтағы жарлы-жақыбай ата-ананың жалғыз Ұлы не күйде? «Бай ұлына жалшы Ұлы жалынышты, Ағып жүріп ойнатар көздің жасы». Жалшыдан туған күнәсіз сәби бала да жалшы. Байға әке-шешесі қызмет етсе, бай баласына бұл да тәуелді халде… Бәрінен бүрын, дәл осы шындықты, дәлірек айтқанда, теңсіздікті Абайдың тура тауып, тануы керегендік қана емес, кемеңгерлік болатын. Оның үстіне, өзі танып қана тынбай, өмірді өнерге көшіріп, өзгеге танытуы – өзінен бұрын көп адамның қолынан келе бермеген шыншылдық.

Абай өзі суреттеп отырған өмір шындығынан көрінген кедейдің ауыр тұрмысына оқырманның аяныш сезімін туғызып, өзі де іштей сол жағында болады. Тілегі ауып, мейірімі тұсіп тұрады. Бірақ қайткенде кедейдің халі жақсарып, жеке басына теңдік тиеді? Осы жолда жөн таппай көп түйткілдейді. «Байда мейір, жалшыда бейіл де жоқ, Андыстырған екеуін, құдайым-ай!..»– деп, не істеудің бабын таба алмай, тіпті ыза да болады. Ақыр аяғында белгілі бір жөн жолға түсе алмай, булыға-булыға келіп, бай мен жарлыны алдына қатар келтіріп алады да: «Алса да аяншақтау кедей сорлы, Еңбек білмес байдың да жоқ қой орны. Жас бала, кемпір-шалын тентіретпей, Бір қыс сақта, тас болма, сен де о құрлы» – деп, тамаша саяси лирикасының аяғын жай ғана салқын қалпымен, оларды өзара ымыраластыру ниетінде бітіреді.

Абай өз заманындағы әлеуметтік өмірдің ең бір кезек күттірмес күрделі, түйінді мәселелеріне жауап іздеп, өзін қоршаған қүбылыстарды, жалпы ел тұрмысын терең зерттеп, өзіңдік ой таразысына сала талдап, өз пікірін айтпақ болды. Бұл ретте орыс революцияшыл-демократтарының идеялары және орыстың классик әдебиетінің сыншыл реалистік бағыты Абайдың әлеуметтік көзқарастарындағы ағартушы-демократтық бағытын қалыптастыруға, философиялық көзқарасындағы кейбір материалистік белгілерді жинақтауға үлкен себепші болды. Осының нәтижесінде Абай, сөз жоқ, қазақ елінің әлеуметтік өміріндегі алуан түрлі қайшылықтарды көрді. Халық басына түскен зауалды – екі жақты қанауды әшкереледі. Бірақ халықтың осы ауыр тұрмыстан қалай құтылу,турмедей қапас өмірді қалай өзгерту жолын көрсете алмады. Міне, осыған байланысты Абай байға да, кедейге де жай ғана ақыл, басу айтып, ымыраға мегзеумен тынады. Абайдың дүниетанымындағы жұртқа мәлім тарихи шектелудің бір көрінісі осы болып табылады. Бірақ Абай халықты қараңғылықтан, қапас өмірден қалай қүтқару жолын таппаса да, қоғамдық құрылыстың қалайша өзгеретіндігін аңғара алмаса да, елдің ертеңіне сенді. Оған өзінің: «Арамдықтан жамандық көрмей қалмас, Мың күн сынбас, бір күні сынар шөлмек…»,- деген түйінді сөзі дәлел.

Абай мұрасына зер сала қарайтын болсақ,  ойшылдың рухани мұрасынан әлем заңдылықтарын көріп, өзіміздің күнделікті өмірде де, мемлекетіміздің өркениетінің қарқынды даму жолында да пайдаланатын өте көп құндылықтарды таба аламыз.

Кезінде идеологиялық саясаттың әсерінен Абайдың хакімдігі ұмытылып, оның рухани дүниесіне терең енуге мүмкіндік болмады. Сол кезде  ойшыл мұрасы тек қана жалпы өркениеттік және гуманистік деңгейде бағаланып, оның ағартушылық немесе демократиялық пікірлеріне көңіл аударатын шығармалары басым болса, қазіргі таңда Абай мұрасына жаңа көзқарас пайда болды. Абай ілімі бойынша: әлем өмірінің мақсаты- өзін Жаратушының ықпалымен өмір сүру.

Адам әлемнін бір бөлігі болгандыктан, оның түп негізі де екі болмыстан, яғни жан мен тәннен құралады. Сондықтан, ұшқан құс екі қанатын қалай бірдей ұстайтын болса, адам баласы да бакытқа жету үшін осы екі болмысын, яғни тән құмары мен жан құмарын, бірдей ұстап отыруы керек. Болмаса жеке адамдар ғана емес, ірі мемлекеттердің, тіпті бүкіл адамзат қауымының тіршілігі заман ағысында тура бағыттан ауытқып оңға немесе солға соғып кетуі мумкін.
Бұған мысалдар көп. Егер қазіргі замандағы қоршаған ортаның залалданып былғануын, шөл мен шөлейт аймақтардың ұлғайып, жер бетін басып бара жатқанын, ішетін ауыз судың жылдан жылға азайып, кейбір елдерде тіпті халықтың оны сатып алып ішуге мәжбур болып отырғанын, ауа райының өзгеріп, табиғат апаттарының молаюын, халықаралық ахуалда ірілі-кішілі соғыс өрттері мен түрлі лаңкестік әрекеттердің өршуіне зер сала карасак, бугінгі күндерде адамзат қауымының бағыты ауытқып, келешегі бұлынғырлана бастағанын сезу қиын емес. Бұлардың барлығы материалдық өркениеттің біржақты дамып, адамдардың моральдық-этикалық, рухани  ахуалынын төмендеуінің көріністері. Өткен атеистік дәуірдегі социалистік жүйенің жетпіс жылдай ғана өмір сүріп, күйрегеніндей демесек те, бұның түбі жаксылыққа апармайтыны, әрине, белгілі.

Қазіргі кезде діннің алғашқы мәні бұрмаланып,  ұлттық дәстүрдің құлдырау шағында әркімге де бақытты өмір жолынан адастырмайтын тұрақты нысана керек. Қытайда Конфуций іліміне сүйенсе, біз ол нысананы Абай ілімінен таба аламыз. Бұл туралы Президентіміз Н.А.Назарбаевтың ұлы ақынның 1995 жылы болып өткен 150 жылдық мерейтойында сөйлеген сөзінде айтқан мына салихалы ойы кімге болса да бағыт бергендей болады: «… Абай әлемі бізді жеті түнде адастырмас темірқазық іспетті. Соған қарап тірлігіміздің дұрыс- бұрысын сараптай аламыз. Өйткені, жанды жегідей жеп жүрген көп сауалдың жауабын Абай әлдеқашан айтып кеткен. Абайды оқып отырып- ақ, көштің басын баяғыда- ақ жөнге салып алуға болатын еді. Сорлатқанда біреудің уақыты жетпейді, біреудің ұғымы жетпейді, біреудің атымен зауқы жоқ.

… Қазіргідей заманда Абай жырларына айына емес, аптасына емес, күніне бір үңіліп қоймай болмайды. Сонда жан қинап жүрген  қай күмәннің де бәріне жауап таба аласың». Бұл сөздер әрбір адамның дұрыс жетілуіне кепіл болатын, қоғам өмірінде басшылыққа алатын бағдарламалық ойлар тәрізді.

Кезінде М.Әуезов «Абайдың діні- сыншыл ақылдың шартты діні» деген. Ұлы жазушының Кеңес заманындағы бұл сырлы сөзінен Абай діні діннің түпкі мағынасын қабылдаған таза дін деп ұқсақ жөн болар. Бұған Абай өмірінің өзі де дәлел. Ол діннің сыртқы ғибадатын қатты ұстанбаса да, ішкі ғибадатын үнемі өсіріп отырған. Абай «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп бір Алланың барын және Оның бүкіл болмыс себебі екенін толық мойындаған. «Ғылым- Алланың бір сипаты, оған ғашықтық өзі де хақлық, Һәм адамдық дүр» [2;256],- дейді Абай отыз сегізінші сөзінде. Дін Алла тағалаға қайтуға үйрететін рухани ғылым жүйесі.

Абай ілімі бойынша дін адамзатқа ортақ түпкі мақсат беріп, болмыс заңдылықтарын толық қамтитын болғандықтан, ол қоғам өміріне үйлесімділік, адамға рахат пен бақыт әкелуге тиісті. Бірақ, іс жүзінде барлығы да керісінше, тіпті кейде бұған кереғар да болып келеді. Қазіргі заманда дін адамдарды бір-біріне жақындатудың орнына , олардың арасына жік салып, халықтар мен мемлекеттер арасындағы көптеген қайшылықтардың, түрлі лаңкестік әрекеттердің, зорлық- зомбылықтардың себебіне айналып отыр.

Қасиетті кітаптардың түпкі мағыналарының бұрмалануы сонша, тіпті діннің не екенін, оның түпкі мақсатын көпшілік қауым жоғалтып алды. Қасиетті кітаптардағы сырлы сөздер алғашқы мағыналарынан айырылып, қарсы мағынасын қабылдап, қарапайым адамдардың миына у болып жайылып, шатастырып жүр.  Осының барлығы дінді түрлі саяси мүдделер үшін пайдалануға мүмкіндік тудырып отыр. бүгінгі күндердегі діннің жағдайы Шәкәрім атамыздың сөзімен айтқанда «Жаман тәпсір жайылып жер жүзіне, дін десе тұра қашты есті азамат» кейпіне келіп отыр. Діннің осындай мүшкіл халге жету жағдайы неде? Бұған Абай ілімінен жауап табуға болады. Ол үшін әуелі діннің не екенін түсініп алуымыз қажет. Баршаға ортақ Жаратушыға қайту үшін ең әуелі Оған деген сенімді, яғни иманды өсіру керек. Бұл- діннің негізгі мақсаты. Дін жолындағы адамның рухани деңгейі Алла Тағалаға деген осы сенімінің мөлшерімен анықталады. Адамның иманы неғұрлым берік болса,  оның Аллаға деген берілуі де соғұрлым жоғары болады. Ал ғибадат- діннің сыртқы мақсаты. Діннің ішкі мәнін түсінбей жасаған ғибадаттың берері шамалы. Діндер арасындағы барлық қайшылықтардың себебі де осында жатыр. Сондықтан Абай діннің түпкі мағынасына көп көңіл бөледі. Ол отыз сегізінші қара сөзінде былай деп көрсетеді: «Сіздің битиныңыз (ішіңіздің) таза болмағы әуелі иман болып, бұл заһир (сыртқы) ғибадатыңыз иманды болған соң ғана, парыз болған, сіздің заһирыңыздағы ғибадат- батиныңздағы иманның көлеңкесі, һәм сол иманның нұрланып тұрмағына көрік үшін бұйырған. Оның үшін ғұламалар иман екеу емес, біреу, бірақ ізгі тағатпенен нұрланады, тағат жоқ болса күңгірттенеді, бәлки сөну қаупі де бар деген. Егер надандар ол ғибадаттың (табынудың) ішкі сырын ескермей қылса, соны қылып жүріп иманы сөнер деген. Менің қаупім бар, олар хас (нағыз) осы ғибадат екен, Құдайдың бізге бұйырғаны, біз осыны қылсақ, мұсылмандық кәміл болады деп ойлайды» [2;257],.

Ойшылдың осы сөздері діни қайшылықтардың себебін көрсетіп, ол қайшылықтарды дұрыс шешу жолдарын түсінуге мүмкіндік береді. Абай діннің түпкі мағынасы сыртқы ғибадатта емес, ішкі имандылықта екенін көрсетеді.

Иманын өсіруге көңіл бөлмей, діннің ішкі мағынасын түсінбей, тек қана сыртқы діни рәсімдермен шұғылданатын бұндай адамның халін Абай былайша мысқылдайды:

Мен жасымнан көп көрдім,

Мұсылманды,кәпірді.

Абыралыдай көрмедім

Намаз білмес пақырды.

Қирағатын оқытып

Көріп едім шатылды.

Ниет қыла білмейді,

Не қылады нәпілді…

…Нәпіл түгіл, намазы

Бәрі желге кетеді.

… Осы оқумен намаздың

Қай жерінде сауап бар?

Тегін ойлап байқасаң,

Мұнда ми жоқ, құлақ бар. [1;93]

Бұл Абайдың жас шағында жазған өлеңі болса да ақынның сол кезде- ақ өзінің құрдасы Абыралының бес уақыт намазын, нәпілді оқығанымен, ішкі ниеті жоқтығын көрсеткен өлеңі.

Абай атамыздың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңінде діннің шын мәнін түсіндіріп, бірақ оны қабылдаудың неге қиын екенін көрсетеді. Ол өзі тапқан –үш сүюді имани гүл деп атайды.  Абайдың үш сүюі- Алланы сүю, адамзатты сүю және әділетті сүю. Әділет заңдылығы бүкіл әлем өмірінің үйлесімділік кепілі деуге болады. Әділет заңдылығы қоғам өміріндегі көріністер, адамдардың ой- өрісі, айтылған сөзі, мінез- құлқы мен іс- әрекеттері арқылы көрінеді. Адамдар жамандық жасап, Алла кешіреді ғой деп жүре береді. Адамдардың осындай надандықтарынан, имансыздықтарынан елде берекесіздік орын алады. Бұндай адамдарды Абай мұсылман емес дейтіні бар.
Фәни өмірде пара беріп, туыс- таныстықтың не болмаса мансаптың күшімен жазадан құтылып кетуге болады. Бірақ, оның жасаған іс- әрекеті жоғары әлемдерде жазылып жатыр. Оның қарымтасы міндетті түрде көп күндерден кейін болмаса бірнеше жылдан соң берілуі мүмкін. Оны кейбір адамдар түсінбей, күнә үстіне күнә жалғап, тағдырдың шырғалаңынан шыға алмайды.
Әділет заңдылығына сенген адам өзін- өзі қадағалап, дұрыс әрекет жасауға ұмтылады. Бұндай адамдар Шәкәрім мен Абай тұжырымдары бойынша ұяты бар адамдар. Оларды ұяты басқарып отырады. Ал оған сенбеген адамдар өз нәпсісінің құлы болады. Бұндай адамдардың жандары кірлеп, түрлі ауруға шалдығуы мүмкін. Осындай жан ауруын тек қана рухани әдіспен ғана жазуға болады. Осы өлеңінде ойшыл былай деп жазады:

Руза, намаз, зекет, хаж- талассыз іс,

Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.

Бастапқы үшті бекітпей, соңғы төртті

Қылғанменен татымды бермес жеміс.

Бас жоғары жаралған, мойын төмен,

Қарашы, дене біткен ретіменен.

Істің басы- ретін танымақтық,

Иман білмес тағатты қабыл демен.

Имамдар ғибадаттан сөз қозғаған,

Хуснизан мен иманды білді ойлаған.

Иманның тазалығын жақсы ұқтырмай,

Сыртын қанша жуса да, іші оңбаған. [1;212]

Көріп отырғанымыздай, діннің шын мәні бұрмаланып, оның түпкі мақсатынан ауытқуының себебін айтқан. Діннің рәсімдерін орындау арқылы түпкі мағынасы болып табылатын бастапқы үш сүюді, яғни Алла тағала мен адамды сүю керектігін, ішкі иманды бекіту керектігі жөнінде айтылған. Абай сөзі бойынша дін иманнан басталып, әрі қарай ораза, намаз, зекет, хажылық болып жалғасын табуы шарт. Имансыз жасаған құлшылығың бос әурешілік екені жеткізілген. Қазіргі таңда да иманды дұрыс түсінбей, басқа құлшылықтарын жасап, «мен мұсылманмын» деген адамдарымыз қаншама?! Олар ғибадаттан сөз қозғап, иман келтіру жөнінде айтса да, иманның тазалығы жөнінде дұрыс түсіндіре алмайды, себебі олардың өздерінде иманның тазалығы жоқ.  Бұл діннің құлдырауына әкеп соқтырары сөзсіз. Осының бәрі адамның өз нәпсісін тыймауының кесірінен екенін айта келіп, әрі қарай сөзін былай жалғайды:

Мүмин болсаң, әуелі иманды бол,

Пендеге иман өзі ашады жол,

Шын илан да, таза ойла бір иманды

Мунафиқ намаз қылмап па, мағлұм ғой ол.

Алла ішіңді айтқызбай біледі ойла,

Пендесіне қастықпен кінә қойма.

Распенен таласпа мүмин болсаң,

Ойла, айттым, адамдық атын жойма! [1;213]

Абай күнделікті тіршілікте көріп жүрген мұнафиқтарды (екі жүзді, іші кәпір, сырты мұсылман) соңына ерме, иманыңды таза ойла деп ескертеді. Сонымен бірге, екі жүзді шала мұсылмандар бірігіп діннің нағыз мәнін түсінетіндерге қарсы шығуы мүмкін. Кезінде Шәкәрімді «кәпір» атаған осындай дінді таяз түсінетін, не болмаса саясаттың ықпалынан шыға алмаған дін қызметкерлері еді. Соның алдын алғандай ақын Абай Алланы алдай алмайсың, сондықтан мұсылман болсаң, пендесіне кінә қойма, распенен таласып, адамдық атын жойма дейді. Иманның не екенін Абай он үшінші қара сөзінде былай деп береді: «Иман деген- Алла табарака уа тағаланың шәріксіз (көмекшісіз, серіксіз), ғайыпсыз (мәңгілікті), бірлігіне, барлығына уа әр түрлі бізге пайғамбарымыз саллалаһу ғалайһи уассалам арқылы жіберген жарлығына, білдіргеніне мойын ұсынып, инанмақ» [2;213]. Сонымен иман дегеніміз Алла тағаланың мәңгілікті, бір, бар екеніне сену және Оның пайғамбарымыз арқылы жіберген жарлығына мойынсұну. Ал имандылық дегеніміз иманды іске асыру, яғни осы дүниені жаратқанның барына сеніп, оның заңдылықтарымен жүру. Абай атамыз иманға келудің маңызын көрсетіп, әрі қарай кітаптардан оқу, діни адамдардан естіп, иманға келуге болатынын жазады. Тапқан иманға ие болып, оны әрі қарата дамыту керектігін айтады. Иманды өсіру тәртібін Абай атамыз былай деп көрсетеді: «Енді мұндай иман сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас көңіл керек… Иманға қарсы келерлік орында ешбір пенде Құдай тағала кеңшілігімен кешеді- дағы демесін, оның үшін Құдай тағаланың ғафуына (кешіру) яки пайғамбарымыздың шафағатына (көмегі) да сыймайды, мүмкін де емес. «Қылыш үстінде серт жоқ» деген, «Құдай тағаланың күнәсі жоқ» деген жалған мақалды қуат көрген мұндай пенденің жүзі құрсын» [2;215] Міне, ойшыл иманның маңызын осылай көрсете келе, иманды өсіру үшін жасаған ғибадаттың тазалығы керектігін он екінші қара сөзінде былай дейді: «Ләкин (бірақ), сондай адамдар толымды ғибадатқа ғылымы жетпесе де, қылса керек. Бірақ оның екі шарты бар, соны білсе екен. Әуелі- иманның игтикадын (ішкі мәнін) махкемлемек (бекітпек) керек, екінші үйреніп жеткенше осы да болады ғой демей, үйрене берсе екен. Кімде- кім үйреніп жетпей жатып, үйренгенін қойса, оны Құдай ұрды, ғибадаты ғибадат болмайды. Уа –лакин, кімде- кім иманның неше нәрсемен камалат (кемелдік) табатұғынын білмей, қанша жерден бұзылатұғынын білмей, басына шалма орап, бірадар атын көтеріп, оразашыл, намазшыл болып жүргені көңілге қалың бермей тұрып, жыртысын салғанға ұқсайды. Күзетшісіз, ескерусіз иман тұрмайды, ықыласымен өзін- өзі аңдып, шын діни шыншылдап жаны ашып тұрмаса, салғырттың иманы бар деп болмайды» [2; 212] .
Осы сөздерден адамның рухани жолда жетілуі үшін әуелі иманды бекіту керектігін айтады. Екіншіден, үнемі үйреніп, рухани дами беру керек екенін ұғамыз. Бұл рухани жетілудің, яғни жүректі тазартудың жолы. Адамның жаны тазарған сайын иманы ұлғая түседі. Имандылықты ұстаудың өзі қиын. Жүрек тазармайынша адам фәни өмірдің қызығына алаңдай береді. Бұл жөнінде Абай атамыз отыз төртінші қара сөзінде былай дейді:
«Және һамманы жаратқан Құдай бар, ахиретте сұрау алады, жамандыққа жазғырады, жақсылыққа жарылғайды,.. бегірек есепсіз қинауы да бар, бегірек есепсіз жетістіруі де бар деп- бәріне сендік дейді. Жоқ, онысына мен сенбеймін. Олар сендім десе, анық ақиқат көзі жетіп, ден қойып, ұйып сенбейді. Ол екеуіне (бәрінің өлетұғынына және Құдайдың барлығына) анық сенген кісіге уайым ойлап не керек? Осы екеуіне лайықты жақсылықты өздері де іздеп таба береді. Егер де осы екеуіне бұлдыр сеніп отырса, енді неге сендіре аламыз? Оны қайтып түзете аламыз? Оларды мұсылман деп, қалайша иманы бар ғой дейміз?… Оның несі адам?» [2;215] Адам деңгейіне тек қана имандылық арқылы көтерілуге болады. Имандылыққа халқымыздың ғасырлар бойы жинаған әдет- ғұрпы, салт- санасы, халықтың түрлі наным-сенімдері жататыны белгілі.  Бұлар да реттегіш құрал болып табылады. Атап айтсақ, үлкен кісінің жолын кесіп өтпе, анаңа қатты сөйлеме, нанды аяққа баспа, т.б.
Бұл арада ақынның адам деп отырғаны имандылар, ол отыз сегізінші сөзінде имансыздарды «жарым адам» деп атайды. Осы отыз сегізінші қара сөзінде Абай атамыз Алла тағала және рухани білім алу шарты жөнінде былай деп жазады: «Себебі, Алла тағаланың өзі – Хақиқат, растықтың жолы. Қиянат- Хақиқат пен растықтың дұшпаны. Дұшпаны арқылы шақыртқанға дос келе ме? Көңілде өзге махаббат тұрғанда, халықты таппайды. Адамның  ғылымы, білімі Хақиқатқа, растыққа құмар болып, әр нәрсенің түбін, хикметін білмекке ынтықтықпен табылады. Ол – Адамның ғылымы емес, һәмманы білетұғын ғылымғы ынтықтық, өзі де адамға өзіндік ғылым береді. Оның үшін Алланың өзіне ғашықтық» [2;257].

Абайдың бұл жазғанында Алла тағаланың Хақиқат, яғни қазақша айтқанда Оның барлығы рас екенін тағы да ескертіп тұр. Оны табу үшін Оған деген махаббат керек. Оған деген махаббат Абайдың өзі айтқандай «Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті» тәрізді құмарлықтан туады. Алланың өзіне ғашық болып, Оның хикметін білуге ұмтылған адамда барлық білім көзі ашылып, ол толық білімге ие болады. Адамдық дәрежесі дегеніміз осы. Ал бұған мал таппақ, мақтан таппақ, гиззат құрмет таппақ тәрізді фәни өмірдің жетегі арқылы жетуге болмайды.

Дәл осыда «Біз Алла тағаланы өзінің білінгені қадар білеміз, болмаса түгел білмекке мүмкін емес. Заты түгіл, хикметіне ешбір хакім ақыл ерістіре алмайды. Алла тағала- өлшеусіз, біздің ақылымыз- өлшеулі. Өлшеулі мен өлшеусізді білуге болмайды» [2;258]. бірақ ақылымыз өлшеулі болса да, Алланы  танудың жолы бар, ол – имандылық жолы. Абайдың өзі «Алла деген сөз жеңіл» өлеңінде: «Ақыл мен хауас барлығын білмейдүр, жүрек сезедүр»,- деп айтқандай, иманды адамдар Алланы тек жүрек арқылы сезіп, таниды.

Абайдың отыз сегізінші қара сөзінде: «Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады. Сонан соң ғана Алла тағаланы танымақтық, өзін танымақтық, дүниені танымақтық, өз адамдығын бұзбай ғана жәліб манфағат дафгы музарратларны (пайдалы және залалды істерді) айырмақлық секілді ғылым- білімді үйренсе, білер деп үміт қылмаққа болады. Болмаса жоқ, ең болмаса шала» [2;260].

Абай әуелі адамдықтың шартын айтады. Ол –ғылым, білімді махаббатпен көксерлік екен. Ол қандай ғылым- білім? Бұның барлығын Алла тағаламен байланыстырып тұрған екінші жолдан көреміз. Ақын өзінің өлеңдерінде ғылым- білімді рухани тұрғыдан айтып отыр.
Абай өзінің Алла тағалаға деген көзқарасын отыз сегізінші сөзінде толық берсе, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңі дін туралы жазған соңғы және қорытып айтқан түйінді шығармасы іспетті.

Алланың Өзі де рас, сөзі де рас,

Рас сөз ешуақытта жалған болмас.

Көп кітап келді Алладан, оның төрті,

Алланы танытуға сөз айырмас.

Аманту оқымаған кісі бар ма?

Уактубиһи оқымаған кісі бар ма?

Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер,

Жарлық берді Ол сіздерге, сөзді ұғарға.
Замана, шаруа, мінез күнде өзгерді,

Оларға кез кезімен нәби келді.

Қағида шариғаты өзгерсе де,

Тағриф Алла еш жерде өзгермеді.

Күллі мақлұқ өзгерер, Алла өзгермес,

Әһлі кітап бұл сөзді бекер демес.

Адам нәпсі, өзімшіл мінезбенен

Бос сөзбенен қастаспай, түзу келмес. [1;212] Ақын бұл өлеңінде Алланың сипаттарын, әлеммен байланысын және Оны танудың мәнісі туралы айтады. Алла тағала Өзін таныту үшін көп кітап жіберген. Әсіресе оның төртеуі анық танытады. Бұл төрт кітап: «Мұса пайғамбарға түскен кітап-Тәурат (Талмуд), Иса пайғамбарға түскен Інжіл (Евангелия), Дәуіт пайғамбарға түскен – Забур (Псалма) және пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) түскен- Құран Кәрім.
Абай иманның жеті шартын айтады. Ислам тәртібі бойынша бұлар Алла тағалаға деген сенімнің, яғни иманның шарттары. Олар мыналар: «Аллаға сендім, барлығына, жалғыздығына иландым. Және періштелеріне сендім, кітаптарына сендім, пайғамбарларына сендім. Соңғы күніне, яғни қиямет күніне сендім. Барша жақсылық, жамандық атаулы Алла тағаланың берген тағдырынсыз болмайтұғынына сендім. Өлгеннен соң тіріліп, сұрау беретұғынымызға сендім».
Өмірде барлығы өзгеріске ұшыраса да, өзгермейтін Алла тағала екенін айтады. Өмірдің өзгергіштігінен , ауыспалығынан осы иман шарттары бұрмаланып, адам баласын бақытсыздыққа ұшырататынын түсіндірді.
Абай атамыз  Құдай тағаланың бар екенін және бір екенін, бүкіл жаратылыстың себебі екенін қырық бесінші қара сөзінде былай деп көрсетеді: «Құдай тәбәрака уатағаланың барлығының үлкен дәлелі – неше мың жылдан бері әркім әр түрлі қылып сөйлесе де, бәрі де бір үлкен Құдай бар деп келгендігі уа һәм неше мың түрлі діннің бәрі де ғаделет, махаббат Құдайға лайықты дегендігі» [2;278]. Жаратушы бір және барлық жаратылысқа ортақ болса да, Оны әр халық дініне, діліне, салт- дәстүріне байланысты әр түрлі қабылдап, атайды. Ислам дінінде Оның тоқсан тоғыз есімі бар. Алла тағала шексіз, яғни ол Абсолют болса, адамдар өздерінің шектеулі ақылдарымен тани алмайтынын Абай атамыз былайша түсіндіреді: «Біз Алла тағаланы өзінің білінгені шамасында ғана білеміз, болмаса Оны түгел білмекке мүмкін емес. Заты түгілі, хикметіне ешбір данышпан ақыл ерістіре алмайды. Алла тағала- өлшеусіз, біздің ақылымыз- өлшеулі, өлшеулімен өлшеусізді білуге болмайды» . Алланы жанмен түсіне білу керек. Ал жан жүректе. Осы жөнінде Абайдың он жетінші қара сөзінде «Онан соң жүрек айтыпты: жан менде мекен қылады, менсіз тірлік жоқ» [2;220] деп жазылған.
«… Яғни Құдай тағала бұл ғаламды жаратты, ерінбеді, келісімменен, хикметпенен кәмәлатты бір жолға салып жасады, сіздердің ісіңіз де бар жақсылық бина қылып, арқа сүйерлік шеберлікпенен болсын. Және Құдай тағала әрне жаратты, бір түрлі пайдалы хикметі бар. Сенің де ісіңнен бір зарар шығып кеткендей болмай, көпке пайда боларлық бір үміті бар іс болсын. Бұларсыз іс іс емес» [2;222] делінген. Бұнда Алла тағаланың дүниені жаратқандағы мейірімділігі айтылса, дәл сондай қайырлы істі ол адамнан күтеді. «… Құдай тағаланың жолы деген жол- Алла тағаланың өзіндей ниһаятсыз болады. … Сол жолға жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делінеді» деген отыз сегізінші қара сөзінде де дүниеде өз пайдасын ойлаған, маған бәрі құйылсын деп ынсапсыздық танытқан адамның жолы құдайдың жолы еместігін анық жеткізген. Абай осы қара сөзінде иман келтірмей қалған ғибадаттарды өткеріп жүрген адамдардан қауіптенеді: «Менің хаупім бар, олар осы ғибадат екен, құданың бізге бұйырғаны, біз осыны қылсақ, мұсылмандық кәміл болады деп ойлайды. Ол ғибадат күзетшісі еді. Жә, күзетші күзеткен нәрсенің амандығын ойламай, бір ғана ояу тұрмағын қасд қылса, ол не күзет? Күзеткен нәрсесі қайда кетеді? Мақсат- күзетілген нәрсенің амандығы, тазалығы емес пе?» [2;259]деп ашына сөйлейді.
Қазіргі заманда да «ғибадат» қылып жүріп, өрескел іс- әрекеттер жасап, заң алдында жауап беріп отырғаны қаншама?! Нағыз мұсылман, жүрегінде иманы, аузында Құраны бар адам Ислам дінімізге, Алла атына кір келтірмесі анық.
Өзгергіш, өткінші өмірді Алла тағаламен байланыстырып, оның әрбір көрінісінен Оның кереметтей хикметтерін тануға ұмтылып отыру керек. Сонда Алла тағалаға деген махаббатымыз толыса береді. Бұл туралы ойшыл былай дейді:

Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,

Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа.

Адамды сүй, Алланың хикметін сез,

Не қызық бар өмірде онан басқа?! [1; 217]

Абай осы толғанысымен- ақ  өмір қызығы- адамның бәрін бауырым деп сүю және қоршаған болмыстың әрбір көрінісін Жаратушымен байланыстыра отырып, өмірдің өзін Алланы танумен түсіндіреді.
Абай Алла тағаланың сегіз ұлы сипаттарын былай деп атайды: «Алла тағаланың сипаттары: Хаят, Ғылым, Құдірет, Басар, Самиғ, Ирада, Кәлам, Тәкин». Енді Абай ілімі арқылы Алла тағаланың осы сегіз сипатына жеке- жеке тоқталып, олардың құпиясына үңіліп көрелік.

  1. Хаят (Өмір, тірлік). Абай былайдейді: «Алланы бар дедік, бір дедік, ғылым құдіретіменен сипаттадық. Бұл бірлік, барлық ғылым, қабілетті, құдіретті боларлық нәрселер ме? Әлбетте, ғылым құдіреті бар болады: хаяты (өмір, тірлік)- мағлұм, бірі- ирада, яғни қаламақ. Ғылым бар болса, қаламақ та бар. Ол еш нәрсеге әрекет бермейді. Һәммаға әрекет беретін өзі». Абай сөздері өте терең де, құпия мағыналары, әсіресе осы отыз сегізінші сөзінен көрінеді. Жоғарыда келтірілген сөздердің мағынасы мынадай: бірлік, барлық, ғылым, қабілет- құдіреттіліктің нышандары. Олардың нәтижесі- өмір және қаламақ. Өмір деген ұғым барлықты, тірлікті, ғылымды (білімді) біріктіреді. Өмір дегеніміз барлық болмыстың өзара байланыстағы қозғалысы. Бірақ қозғалысты білім жасай алмайды. Оны жасайтын Алланың өзі. Ол туралы Абайдың шәкірті Шәкәрім былай дейді:

Жарылыс басы- қозғалыс,
қозғауға керек қолғабыс.

Жан да мейлің, бір Мән де

Сол қуатпен бол таныс,

Әлемді сол Мән жаратқан [3; 321]

Яғни бүкіл болмыс алла тағала қалауымен осылай қозғалыс жасайды.

  1. Ғылым. Абай ғылым деген сөзді рухани мағынасында алып, оны Алла тағаланың бір көрінісі ретінде қарайды. Бұл түсінікке бүкіл өмір болмысы туралы білімді, зерттеу жұмыстарын, өнерді, іс- әрекетке бейімділікті, сонымен бірге адамның имандылық қасиеттерін де қосады. Алланың өзі тұрғанымен ғылым. Ғылым бұл жерде ақпарат, білім ғана емес, сезініп- түсіну арқылы жан иесінің өз қасиетіне айналдыру және сол қасиет бойынша әрекет жасау. Қандай әрекет болмасын ғылымның әсерімен жүреді. Адамзат қоғамының қозғаушы күші де ғылым болып табылады.
  2. Құдірет. Алла тағаланың ғаламдық көрінісі- Оның құдіреттілік қасиетімен сипатталады. Ол Өзінің құдіретімен әлемді жаратып отыр. Алла тағаланың құдіретіне ой жүгірткен әр адам оның шексіздігін сезініп, Оған деген сенімін молайтып, иманын өсіріп, Жаратушының алдында бас иеді.
  3. Басар (түсіну, білу, қабылдау). Алланың түсініп, қабылдауы табиғи нәрсе. Әлемдегі кереметтей күрделі құбылыстардың болуы Өзіне байланысты болғандықтан, Оның өзінен артық білетін ешкім жоқ.
  4. Самиғ (естуші, тыңдаушы). Абайдың сөзіне қарағанда, Алла тағаланың естуі жан иелерінің естуіндей емес. Оның денесі рухани болғандықтан, ол- Абсолют. Оның мүшелерінің барлығы бірдей әрекеттерді жасай береді. Ол адамның не айтқанын, ойлағанын – бәрін естиді. Сондықтан Алладан ештеңені де жасыру мүмкін емес.
  5. Ирада (тілек, мақсат, қалау). Алла тағаланың бұл сипаты ерекше маңызға ие. Алла тағала өз қалауы бойынша әрекет етеді. Оның қалауы болмаса әрекет те болмайды. Оның қалауынсыз шөп те қимылдамайды. Бүкіл болмыстың қалауы мен Алла тағаланың қалауы бірдей болуы керек. Сонда өмірде үйлесімділік пайда болады. Өкінішке орай, жан иелері бұл қағиданы ұмытып, өзімшіл мінез бен нәпсілерінің ырқына берілгендіктен көп өмірін қорлықпен өткізеді. Олар Алла тағаладан ажырап, адасу жолына түседі. Адамдардың түрлі дінге бөлінуі не болмаса ол діндердің өзгешеліктерін өздерінің саяси мүдделеріне қолдануға ұмтылуы- бүгінгі адамзат қоғамындағы көптеген зардаптардың бірі.
  6. Қалам (сөз, тіл). Сөз Алла тағаланың жаратушы құралы тәрізді. Інжілде де жаратылыс болмай тұрып «әуелі сөз болды» делінеді. Сөз арқылы барлық білім беріледі. Ал өмір білім арқылы болады. Білім жоқ жерде өмір де жоқ. Алла тағаланың сөйлеуі, көруі, естуі жан иелерінен мүлдем өзгеше. Оның сөзі, көзі, құлағы өзіне ғана тән ғажайып сипатта. Абай бұл туралы: «Ол ғылымның қалайтын бір сипаты қалам, яғни сөйлеу. Сөз қарыпсіз, дауыссыз болушы ма еді? Алланың сөзі қарыпсіз, дауыссыз. Енді олай болса, айтқандай қылып білдіретұғын басар, самиғ, яғни білу, көру, есту деген құдіреттері бар. Алла тағаланың көрмегі, естімегі, біз секілді көзбенен, құлақпенен емес, көргендей, естігендей білетұғын ғылымның бір сипаты»,- деп жазады.
  7. Тәкин (тудыру, жасау, бар қылу). Бұл Алла тағаланың жаратушылық сипаты. Ол өзінің қалауымен болмысты жаратты. Сондықтан ол жалғыз және бір, барлық себептердің себебі.
    Ол барлығын жаратқан. Бірақ қалай жарату Оның өзінің ықтиярында. Абай «Махаббатпен жаратқан адамзатты» демекші, Ол барлығын махаббатпен жаратты.
    Алланың сиапты жөнінде Абай былай дейді: «Бірақ әуелде айтқанымыз: ғылым, құдірет- біздің ұғымымыз үшін ғана екі түрлі өлшем, болмаса, олар бір- ақ ғылымды құдырет болуға тиіс. Олай болмаса сипаттар өз орталарында бірі еруші, бірі ерітуші болып, дәрежесі бірдей болмайды ғой. Бұлай болса Алланы тануға жараспайды. Бұлай болса сегіз сипат бірікпей, өз алдына бөлек- бөлек жеке сипат болып кетуі мүмкін. Бұл болса келіспейді. Егер де, сипаттардың әрбірін басқа- басқа десек, онда Ол көп нәрседен жиылып Құдай болған болады. Бұлай деу қате, бір ғана құдырет пендеге тән қуат» [2; 238].

Алланы сипаттағанда біз Оны өзіміздің тануымыз үшін ғана сипатқа бөлейміз. Әйтпесе, Ол-адам түсіне алмайтын Бірсипатты. Оны толық сипаттау мүмкін емес, себебі ол шексіз сипатты. Егер біз Алланы сипаттан кемітсек, онда Оның шексіздігіне сенбей, Оған шек қоюымызбен бірдей. Бұл- имансыздық. Алла тағалаға қарсы әрекетпен бірдей. Алла тағала жарлығына қарсы әрекет жасайтындарды Абай мұсылман емес дейді. Сондықтан Алла тағала туралы дінаралық пікірталастар адам баласына ешқандай да жақсылық әкелмейді. Бұндай жағдайларды күнделікті өмірімізде көруге болады. Садақада, мешітте осындай пікірталасқа түскен білімсіздер үлкен күнәға батып жатыр.
Абай Алла тағаланың мейірімділік сипатын да көрсетеді. Сегіз сипаты бойынша Ол Жарылқаушы, Мейірімді, Кешіруші, Сүюші, Қорғаушы, Ара тұрушы, Ырыздық беруші, Пайда беруші, Басқарушы, Жақсылық жасаушы екен. Ол бүкіл болмысты өзінің қанағаттанып, ләззатануы үшін жаратса, онда бүкіл болмыстың, адамзаттың міндеті- Оның разылығы үшін әрекет ету. Барлық қасиетті кітаптарда айтылатын адамның негізгі міндеті- Құдайға құлшылық Абай ілімімен осылай дәлелденеді.
Бұл өмірде әр заттың, бөлшектің өзіндік қызметі бар секілді әрбір адамның да өз орны, өз міндеті бар. Аллаға құлшылық жолында әркім өзінің орнын тауып, бүкіл әлеммен бір мақсатта қызмет етсе, бүкіл әлемде бейбіт те, бақытты өмір орнамақ.
«Адам деген кім?» және «оның өмірі қай уақыттан басталады?» деген сұрақтарға жауап алу үшін Абай атамыздың жиырма жетінші қара сөзіне үңілсек ( Ойшыл бұл сөзінде Сократ хакім мен Аристодим арасындағы әңгімені былай деп келтіреді): «- Ей, Аристодим! Қалайша сен бір өзіңнен, яғни адамнан басқада ақыл жоқ деп ойлайсың?»- деді. Адам денесі өзің жүрген жердің бір битімдей құмына ұқсас емес пе ,денеңде болған дымдар жердегі сулардың бір тамшысындай емес пе? Жаһ, сен бұл ақылға қайдан ие болдың? Әрине, қайдан келсе де, жан деген нәрсе келді де, сонан соң ие болдың»[2; 244] әрі қарай ойшыл бұның барлығы бір Құдайдың жаратуы екенін айтады. Бұл сөздерден адамның кім екенін білеміз. Біріншіден, «Адамның денесі» деген сөз дене адам емес,. Ол адамдікі дегенді білдіреді. Екіншіден, «Жаһ, сен бұл ақылға қайдан ие болдың?» деген сөз «сен ақыл да емессің, себебі сен оған тек ие болдың» деп тұр. «Әрине, қайдан келсе де, жан деген нәрсе келді, сонан соң ие болдың» деген сөз адам жан да емес екен.  Бұл арада «қайдан келсе де» деп Абай жанның қайдан келгенін тән мен ақылдың келгені туралы анықтамай, оның келуі жоғарғы себеп екенін білдіреді. Сонымен, адам- жан, тән және ақыл- естің біріккендегі тірлік көрінісі.
Абайдың отыз сегізінші қара сөзінде: «Хайуандарды асырайтұғын жансыздарды еті ауырмайтұғын қылып, жан иесі хайуандарды ақыл иесі адам баласы асырайтын қылып, әрі олардан махшарда сұрау бермейтұғын қылып, бұлардың Һаммасынан пайда аларлық ақыл иесі қылып жаратқан. Адам баласынан махшарда сұрау алатұғын қылып жаратқандығында әрі әділет, әрі махаббат бар. Адам баласын құрт, құс, өзге хайуандар секілді тамақты өз басымен алғызбай, ыңғайлы екі қолды басқа қызмет еттіріп, аузына қолы ас бергенде, не ішіп, не жегенін білмей қалмасын деп, иісін алып ләззаттанғандай қылып, ауыз үстіне мұрынды қойып, оның үстіне тазалығын байқарлық екі көз беріп, ол көздерге нәзіктен, зарардан қорғап тұрарлық қабақ беріп, ол қабақтарды ашып- жауып тұрғанда қажалмасын деп кірпік жасап, маңдай тері тура көзге ақпасын деп, қаға беруге қас беріп,  оның жүзіне көрік қылып, бірінің қолынан келместей істі көптесіп бітірмекке, біреуінің ойын біреуіне ұқтырарлық тіліне сөз беріп жаратпақтығы махаббат емес пе? Кім өзіне махаббат қылса, сен де оған махаббат қылмағың қарыз емес пе? Жер мақтасын, кендірін, жемісін, кенін, гүлдер гүлін, құстар жүнін, ара балын, балауызын, құрт жібегін- һаммасы адам баласының пайдасына жасалып, ешбірінде бұл менікі дерлік бір нәрсе жоқ, бәрі- адам баласына таусылмас азық» [2; 259].
Абайдың бұл сөздерінен өмірдің мәнін көруге болады. Адам баласын Алла тағала қандай керемет көркем қылып жаратқан десеңізші?! Жан иесі хайуандар махшарда сұрау бермейді (о дүниеде істеген істері үшін жауап бермейді), себебі олар өздерінің табиғи сезімімен (инстинктімен) әрекет жасайды. Сондықтан олар табиғат заңдылықтарын бұзбайды. Олардың жетілуі табиғатты эволюция заңдылығымен жүреді. Бірақ оларды өмірдің мақсаты туралы ойлайтын мүмкіндік жоқ.
Адам мен хайуанның айырмашылығын Абай жетінші қара сөзінде былай деп анықтай түседі: «Дүниенің көрінген Һәм көрінбеген сырын түгел түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады. Әзелде Құдай тағала адамның жанын хайуанның жанынан ірі қылып жаратқан, сол әсерін көрсетіп жаратқаны» [2; 215].
Әрі қарай данышпан адамның бала кезінде барлығын сұрап, білуге құштар болатынын, бірақ өскеннен кейін оның барлығы ұмытылып, көңілі суитынын айтады. Сонымен, жан адамды жас кезінде билеп, оны білімге құштарландырады. Ал, өсе келе ол нәпсісіне ие бола алмай жанын фәни өмірдің  залалдарымен былғап алады. Бұл тәннің ықпалын өсіріп, жанды тәнге бас ұрғызады. Тән жанға бой бермей, адам тек қана тәннің құмарына беріледі. Сөйтіп оның жаны рухани азықтан тапшылық көрген соң, адам азғындау жолына түседі. Түрлі күнәлерға батуы мүмкін. Бірақ махшарда ол адамнан сұрау алынатыны ескертілген. Абай атамыздың осындай ұлы сөздерінен сабақ алған әрбір адам иманды болар еді. Ол үшін Елбасымыз айтқандай, Абай өлеңін күнде оқуымыз керек.

Ислам дүниетанымында жан иелеріне ерекше екі қасиет берілсе, оның бірі-ақыл- ес, екіншісі- ерік болса, сол ерікке Алла тағала шектеу қоймайды. Дей тұрғанменен де, махшарда жаман істері үшін жазалайтыны айтылады.
Абай атамыз жан мен тән хайуандарда да бар екенін айтады, адамға берілген ақыл мен сезімді өмірде дұрыс пайдалану керектігін баса айтады.

Абай жан мен тәннің айырмашылығы мен өзара байланыстары жетінші сөзінде былай деп жазады: «тән жанға қонақ үй бола алмайды»- деп тәнге дұрыс жағдай жасалмаса, адам өмір сүре алмайтынын, жиырма жетінші қара сөзінде «Әрине, қайдан келсе де, жан деген нәрсе келді де, сонан соң ие болдың», қырық үшінші қара сөзінде «Адам ұғымы екі нәрседен: бірі- тән, бірі- жан» деп адам болмысының рухани және материалдық негіздерден құралатынын көрсетеді.

Адам қапыл дүниені дер менікі,

Менікі деп жүргеннің бәрі Оныкі.

Тән қалып, мал да қалып, жан кеткенде,

Сонда, ойла, болады не сенікі? [1;186] Ойшылдың бұл өлең жолдарынан өмірдің соңында жанның адам тәнін тастап кететіні айтылатынын көреміз. Бұл арада «жан» деген сөздің мәні таза рухани жан дегенді білдіріп тұр.
Ана құрсағындағы тәннің қалыптасуы жанның енуінен басталады. Жанның ықпалымен оның ой-өріс, ақыл- ес тәрізді нәзік және тән тәрізді тұрпайы болмыстары қалыптасады.  Адам жанды көрмесе де оның бар екенін сезінеді. Себебі денемізге инені пісіп алсақ, оны бірден-ақ сеземіз. Бұл жанның бар екенін көрсетеді. Денемізді қорлау, қазіргі таңдағы сәнге айналған татуаж салу бұл Алла берген денемізді қорлаумен тепе- тең. Болмаса басқа адамдардың денесін қорлап, зардап шектіретін болсақ, оны Алла тағала сезінеді. Жан иелеріне қорлық көрсету- Алла тағалаға қарсы әрекет деген сөз.

Жанды ешқандай құралмен көруге болмайды. Абай оның жүректе орналасқанын айтты. Фәни тіршіліктің әсерімен жан былғанған кезде, адам жақсы мен жаманды айыра алмай, өмірдің сергелдеңіне түседі. Адамның көрген қорлығын әуелі жүрек қабылдайтындықтан, қазіргі кезде жүрек ауруының көбеюі белең алуда. Жан былғанса әуелі жүрек, соның ықпалымен адамның психикасы, сонан кейін оның тәні ауруға шалдығады. Сондықтан адам ауырмай өмір сүруі үшін өзін танып, рухани байытып, өмірін бір қалыпқа келтіруі қажет.
Жан мәңгі, бұл жанның негізгі қасиеті. Бұл туралы Абай атамыз «Көк тұман- алдыңдағы келер заман» өлеңінде былай дейді:

Ақыл мен жан- мен өзім, тән- менікі,

«Мені» мен «менікінің» мағынасы – екі.

«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,

«Менікі» өлсе өлсін, оған бекі. [1;186]

Бұл өлең жолдарында тән мен жанның өзіндік қасиеттерін көрсетеді. Мен- ақыл мен жан, ал тән «менікі» емес. «Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан, яғни «мен жанмын», сондықтан мәңгілікпін. Ал «менікі», яғни тән өлсе, оған бекі, көп қайғырма дейді.
Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,

Ол бірақ қайтып келіп, ойнап- күлмес.

«Мені» мен «менікінің» айрылғанын

«Өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес. [1;154]

Бұл жерде де жанның өлмейтінін, тек тәннен ажырайтынын ғана айтқан. Бірақ өмірлерін тән құмарымен өткізген, жанның тазалығы туралы ойламаған адамдардың өлуді басқаша түсінетіні туралы айтқан. Бұл өлеңде Абай тәнді «табиғат» деп атаған, себебі адамның тәні үнемі өзгеріп отырады. Әр сәт сайын адамның денесіндегі мыңдаған клеткалар өліп, орнына жаңалары туып отырады екен.
Бала туғаннан кейін есейеді, жасөспірім, бозбала, жігіт, еркек, жасамыс адам, кәрі адам болып өзгереді. Ал жан ешқашан өзгеріске түспейді. Сондықтан ол өлмейді, өлмегендіктен тумайды. Ол мәңгілікті. Сондықтан ересек адамдардың «Өзім қартайғаныммен, көңілім жас» деуі сондықтан.
Адамзат- бүгін адам, ертең топырақ,

Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.

Ертең өзің қайдасың, білемісің,

Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ. [1;187] Бұл өлең жолдарында адамдар алдағы күтіп тұрған сынақ туралы ойламай, бүгінгі өмір жарқылымен өткізетін адамдардың алдағы тағдыры олардың осы адам қалпындағы тіршілігіне байланысты болады. Олардың келесі өмірін болжау өте қиын, олар тіпті азапты өмірге түсіп кетуі мүмкін. Олар туралы ойшыл былай дейді:

Белгілі сөз «өлді, өлді»

Белгісіз оның мекені.

Не халатқа әурілді,

Қайда қандай екені. [1;201] Абай осылай қарапайым адамдардың өлгеннен кейін нендей күйге ұшырайтынын (халатқа), қай жаққа кететінін (әурілді) болжап білу мүмкін емес екенін айтады. Себебі, оның қайда баратыны осы өмірде қандай іс- әрекеттер жасағанына байланысты болмақ. Сондықтан, адамның өзінің рухани болмысын дұрыс танып, адам өмірінің сирек берілетін мүмкіншілік екенін түсініп, оны барынша пайдалы өткізудің маңызы зор. Мұны түсіну арқылы адам жаны тынышталып, ішкі дүниесінде тұрақтылық әкеледі.

Жан үнемі білімге толы болуы қажет. Ол үшін адам үнемі ізденіс үстінде жүріп, рухани азық алуы арқылы өзінің жанын соған толтыруы шарт. Егер олай болмаса, жан өзінің қасиетін ұмытып, көкірек көзі жабылады. Жақсы мен жаманды айыра алмаған адам хайуан деңгейіне түсіп, қорлықпен өмір сүреді. Білімнің маңыздылығы туралы Мұхаммед пайғамбарымыз да хадисінде «Білім іздеп Қытайға да бар» демей ме?!

Ал қазіргі таңда адамның көбісі тән құмары арқылы ләззат алғысы келеді. Олар: тамақ ішу, ұйқы, ұрпақ қалдыру және қорғаныс. Өмірдің төрт көрінісінен ләззат алу үшін жан иелері оларды жетілдіріп, өздеріне түрлі материалдық жағдайлар жасайды. Бірақ жоғары жетілген адам бұлардан басқа жоғары мақсаттар қойып, соған жетуге асығады.
Алла тағала адамға жоғары мақсатқа жету үшін барлық мүмкіндікті берсе де, ол адасу жолына жиі түседі. Оның себебі туралы ойшыл он жетінші қара сөзінде қайрат, ақыл, жүрек таласып келіп ғылымға жүгінеді. Сонда ғылым олардың жақсы- жаман қасиеттерін атай келіп, былай дейді:
«Сен үшеуіңнің басыңды қоспақ- менің ісім,- депті. – Бірақ сонда билеуші, әмірші жүрек болса жарайды. Ақыл, сенің қырың көп, жүрек сенің ол көп қырыңа жүрмейді. Жақсылық айтқаныңа жан- діні құмар болады. Көнбек түгіл қуанады. Жаманшылық айтқаныңа ермейді. Ермек түгіл жиреніп, үйден қуып шығарады. Қайрат, сенің қаруың көп, күшің мол, сенің де еркіңе жібермейді. Орынды іске күшіңді аятпайды. Орынсыз жерге қолыңды босатпайды. Осы үшеуің басыңды қос, бәрін де жүрекке билет,- деп ұқтырып айтушының аты ғылым екен.

Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам- сол. Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп кітаптың айтқаны осы,- депті» [2; 218].

Көріп тұрғанымыздай, Ғылым неліктен жүректі таңдады? Ғылым – Алла тағаланың қасиеті. Оның жүректі таңдау себебі- онда жан тұрады. «Қалпыңды таза сақта» деген сөз «Жүрегіңді таза сақта» дегенді білдіреді. «Халб»- араб сөзі, «жүрек» деген мағынаны білдіреді.

Абайдың «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңінде:

Қайрат пен ақыл жол табар,

Қашқанға да қуғанға.

Әділет, шапқат кімде бар,

Сол жарасар туғанға. [1;141] қайрат пен ақыл жақсыға да, жаманға да көмектеседі. Жақсы мен жаманды айыратын әділет пен шапқат (аяу, рахым ету). Себебі бұлардың бәрі жүректен шығады.

Қазіргі фәни өмірде өз ақылдарын зұлымдыққа, әлемді жоюға жұмсап отырған адамдар қаншама?! Оның көрінісі ретінде, атом бомбасын, түрлі химиялық қаруларды , т.б. ойлап табушыларды айтуға болады.

Абайдың өлеңдеріне үңіліп отырсақ, адамгершілікке негізделген қаншама дүниені көреміз.
Абай көрсеткен «Мен өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан» деген түсінік халқымыздың салт- сана, әдет- ғұрпында берік орын алған. Мысалы, адам о дүниелік болғаннан кейін о дүниеге шығарып салу рәсімі халықта мұқият орындалады. Себебі, тәңіризмнен қалған діни ұғым бойынша жан адам өлгеннен соң жоғалып кетпей, о дүниеге өтеді. О дүниеге өтетін жанды- аруақ дейміз. Тума- туыстардың  ықыласына қарай аруақ та олардан байланысын үзбейді. Аруақ түсінігін тәңіризм ғана емес, ислам да жоққа шығармайды. Бірақ, ислам адам өмірін бір Алла тағалаға бағыттауға арналғандықтан, аруақ ұғымына көп көңіл аудармай, кей уақытта аруаққа табынуға тыйым салады.
Бірақ аруақ туралы ұғым барлық халықта да бар.

  1. Қазақтың алғашқы ағартушысы Ш.Уәлиханов аруақ туралы былай деп жазады: «Адам табиғаттың аясында ғана дүниеге келіп- туып, соның ғажап, тосын қаһарынан өледі. Өлген сәттен бастап жаратылыс пен табиғаттың үстемдігі кілт үзіліп, оның өзі аруаққа- онгонға, барлық құдыретті күштерден (жер бетіндегі физикалық күштерден) тәуелсіз кейіпке айналады. Өлген адамның о дүниедегі хал- ахуалы жерлегендегі, жерлегеннен кейінгі ырым- жоралардың салт- санасына тән, бұзылмай орындалуына байланысты еді. Егер өлгеннен кейінгі ырым- жоралар дұрыс орындалса, онда өлген адамның рухы жайбарақат рақат күйге түсіп, өз үрім- бұтақтары мен туған- туысқандарына шапағатын тигізіп, жебеп жүреді, ал олай болмаған жағдайда жауығып, аруағы қарғап-сілейді» [4; 169-196]. Осылай Ш.Уәлиханов та біздің халықтың о дүние туралы ежелден бері түсінігі болғанын көрсетеді.

Жан тәннен ажырағаннан соң «жеті қабат» әлемге барады. Сондықтан қазақтар, орыстар, т.б.ұлттар дүниеден өткен адамның қайтқан күніне, жетісіне, қырқында, жылында жиналып бата оқып, ізгі тілегін біліреді. Бұның бәрі  қайтыс болған адамға қорек болады. Десек те, қазіргі таңда қайтыс болған адамды құрметтемей, бірден жерлеу рәсімін жасап, жеті шелпек нан пісіру де «Аллаға серік қосу» деген желеумен өрескел іс- әрекеттер орын алуда. Міне, осындай дүниелер көптеген пікірталасқа әкеп соқтырып жүр.

Өмірдің уақытша екенін Абай атамыз:

Өлейін деп өлмейді өлерлік жан,

Әсте өлмесін білгендей қылық қылған.

Ажал келіп бас салса, жанды ұрласа,

Өмір қайда, сен қайда, соны да ойлан [1;177],- дей келе, өлмейтіндей өмірді «сапырып» жүргендерге ажал келіп бас салып, жанды ұрлағандағы сәтті ойлауға шақырады.  Ал бұл өмірдің бір сәтін де ешқандай байлықпен қайтара алмайсың. Барлық көрген қызығың, қуанышың сонымен бірге келмеске кетеді. Бүгін бар, ал ертең жоқ болуы мүмкін. Өмірдің осындай жалғандығын ақын былай деп суреттейді:

Сағаттың шықылдағы емес ермек,

Һәмиша өмір өтпек- ол білдірмек.

Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас,

Өтті, өлді, тағдыр жоқ қайта келмек…

… Күн жиылып ай болды, он екі ай- жыл,

Жыл жиылып, қартайтып қылғаны- бұл.

Сүйенген, сенген дәурен жалған болса,

Жалғаны жоқ бір Тәңірім, кеңшілік қыл. [1;176]

Абай осылай сағаттың шықылдағанның өзі өмірдің аса маңызды мәнін білдіретінін, оның үнемі өмірдің өткіншілігін еске салатынын айтады. Бір минут өткен уақыттың өзі адамның өткен өмірі тәрізді- ол қайтып келмеске кетті. Осылай данышпан бұл жалған өмірдің шын сипатын танып, одан безіп, енді «Жалғаны жоқ бір Тәңірім, кеңшілік қыл» деп нағыз мәңгілік (бақи) өмірден тірек іздейді. Бұл өмірдің тұрақсыз, жалғандығын В.А.Крыловтан аударған мына өлеңінде былай деп суреттейді:

Мен көрдім дүние деген иттің к…тін,

Жеп жүр ғой біреуінің біреу етін.

Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда,

Көбінің сырты бүтін, іші түтін. [1;134]

Бірақ та сана-сезімі әлі де толысып болмаған жандарға бұл өмірдің қызығы мол. Оларға өмірдің жарқылдаған көрінісі алданыш болып, үлкен ләззат әкеледі. Абайдың өзі өмірдің барлық қызығын көріп, жасы ұлғайып, өмірдің алдамшы екенін мойындайды. Бірінші қара сөзінде ойшыл былай дейді: «Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтып, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын.» міне, бұл жағдайлар ойлы адамды қатты толғандырады. Сөйтіп, Абайдың өзі «Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер» не болмаса «Замана, шаруа, мінез күнде өзгерді» деп, бұл туралы мынындай тұжырымға келеді:

Өмір, дүние дегенің,

Ағып жатқан су екен.

Жақсы-жаман көргенің,

Ойлай берсең, у екен. [1;120]

Адамның тағдыры себеп- салдар бойынша құралатынын және себеп-салдарды тудыратын Алла екенін Абай дана  өлеңінде:

Тағдыр етсе Алласы
шарасы жоқ пендесі…

… Тағдыр етсе Алла,

Не көрмейде  пенде [1; 142]деп адамның барлық өмірі Алла тағаланың жасаған тағдырына байланысты екенін айтады.

Қорыта айтқанда, Абай мұрасы- имандылық айнасы. Ойшылдың өлеңдеріне терең бойлау арқылы өмірдің мән-мағынасын түсінуге болады. Адамзаттың дұрыс іс- әрекеттері қалай болмақ, имандылық сөзінің түпкі мәні не екенін ұғынып, өзіңді өзің тәрбиелеп, адамзаттың санасына жеткізіп, «Толық адам» дәрежесіне жетуге болады емес пе?! Әрбір адам дүние жаратылысымен ымырашылдықта өмір сүріп, әділет заңдылығына бағынса, еліміздің гүлденуі орын алары сөзсіз. Сондықтан да Абай атамыздың рухани мұрасымен сусындап, болашақ ұрпақ тәрбиесінде пайдалансақ, нұр үстіне нұр болары сөзсіз.

ҰСЫНЫС:

  1. Абай өлеңдері балабақшадан бастап үйретілсе;
  2. «Дінтану» курсы секілді «Абайдың рухани мұрасы» атты курсы мектеп және колледж бағдарламасына енгізілсе;
  3. Ел ағалары мемлекеттік басқаруда Абай атамыздың тұшымды ойларын пайдаланса;
  4. Абайдың дін туралы көзқарастары жинақталған арнайы брошюралар шығарылып,мешіттерде, дүңгіршіктерде ақысыз таратылымға қойылса.
You May Also Like

Тоқылдақ тұмсығының құпиясы, ғылыми жоба

«Тоқылдақ тұмсығының құпиясы» Мазмұны: Кіріспе 1.1.Құстардың пайда болуы…………………………………………………………………..5 Құс топтары………………………………………………………………………………………….7 Негізгі бөлім…

Қарағанды-менің туған өлкем ғылыми жоба

Тақырыбы:Қарағанды-менің туған өлкем Кіріспе Мен Қарағанды облысы сұрыптау бекетінде дүниеге келдім.Қарағандыдай әсем…

Анимация, Ғылыми жоба

Аннотация  Бұл ғылыми жобада компьютерлік анимация туралы айтамын. Анимация туралы түсінік, анимация…

Мектеп мақтаныштары, ғылыми жоба

Жобаның мақсаты: “Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру”  бағдарламасы аясында Еліміздің түрлі саласында қызмет…