«Аңызға айналған Ақша батыр»

Мазмұны:

І.Кіріспе.

ІІ.Зерттеу бөлімі.

  1. Батырдың өмірі мен ерлік жолдары.

2.Ақша батырдың бүгінгі тарихи бейнесі.

Кіріспе

…Тәуелсіздік-ата-баба мұраты,

Егемендік оның нағыз шың аты.

Ақша сынды даналарым болмаса,

Гул жайнай ма,туған жердің қыраты…

                              Ахметжан Қосақов

Мақсаты:  Жоңғар шапқыншылығы кезінде өзінің елі, жері үшін аянбай ерлік көрсеткен Белбасар ауылының  тумасы –  Ақша батыр  туралы мәлімет беру, өшпес ерліктерін уағыздау жолында зерттеу жұмыстарын жүргізу,батырдың бейнесін терең таныту.
Міндеттері:
1. Ақша батыр  туралы  ғылыми әдебиеттерді оқып, талдап, саралау.
2. Жоңғар шапқыншылығы  кезінде жеңіске қол жеткізуге атсалысқан батырларымыздың бірі Андаұлы Ақша батырдың өшпес ерліктерін жаңғырту.
3. Халқымыздың біртуар азаматы жайында жан – жақты зерттеп, тарихқа беймәлім жақтарын ашу.
Өзектілігі:  Ақша батыр  бабамыз  туралы деректер толық жинақталмаған.

Оның Қабанбай,Наурызбай,Бөгенбай батырлармен бірге қазақ жерін жаудан азат етуге қатысқан,ұрыстарда қол бастаған қаһарман екендігін  тереңірек  зерттеу қажет етеді. Ғасырлар өтсе де, заман өзгерсе де өзі өмір сүрген заманы мен өмірінде еңбек етуден тынбаған, сол арқылы халыққа қызмет етуден жалықпаған бірден – бір тұлға екендігі жан – жақты дәлелдемелер арқылы ашу. Оның кейінгі ұрпаққа қалдырған ізгі істері өз күшін жойған жоқ. Сондықтан, Ақша батыр  атамыздың ісін үлгі ету, сол арқылы адамгершілік рухы жоғары жас ұрпақты тәрбиелеу.
Болжамы:

1.Жүйеленген деректер жинақталады.

2.Жас жеткіншек ұрпақтардың батыр бабамыз туралы жеткілікті мағлумат алуға және сол арқылы оның батырлығын мақтан  тұратын патриот,азамат болуына ықпал  етеді.

  1. Ақша батырдың ерліктерін зерттей отырып, оның өз заманында қалдырған баға жетпес мұрасы бүгінгі және келесі таңымыздағы жастарға ақыл – өсиет, тәлім – тәрбие ретінде сабақ болады.
    Зерттеу әдісі:
    Ақша батыр ескерткішіне экскурсия жасау,көне көз қариялармен әңгімелесіп,қосымша деректер жинау, «Бабалар рухына тағзым»атты  кітаптардағы материал зерделеу,деректі фильм материалдармен танысу.
    Зерттеуге негіз болған материалдар:
    Өлкетанушылардан батыр  туралы білетін мәліметтері, баспасөз материалдары,  ауыл архивінен алынған құжаттар,деректі фильмдер.
    Зерттеу жұмысының құрылымы: Ғылыми жоба кіріспеден, зерттеу бөлімінен, қорытындыдан, пайдаланған әдебиеттерден тұрады.

Елдің ең қымбаты – ата – мекені, туған жері. Қандай кезеңдерде болмасын ел мен жерді қорғау әрбір азаматтың негізгі міндеті, қасиетті борышы. Сондықтан да халық батырын сыйлаған, ерлікті ең биік құндылық деп  санаған. Қазақ жеріне аса зор қауіп төндірген 16 – 18 ғасырлардағы жоңғар қалмақтарының шабуылы еді. Міне, сол бір ел тағдыры таразыға түскен кезеңде ерен ерлігімен көзге түсіп, халық жадында қалған батырлар аз болмаған.Солардың бірі біздің арғы бабамыз Ақша батыр Андаұлы.

Қалмақтар алғаш қазақ-қырғыз шекарасымен Алатаудың күнгөй арқылы келіп орналаса бастағанда  Қазақтар жиналып жерімізден шекара асырып қуып тастағанмен кейінірек бір тобын Шәрден бастап Жоңғар тауының теріскейімен келіп Балқаш көлінің төңірегіне шатырын тігіп топ-топ сарбаздарын Қазақтың жерлерін жаулап малдарын алып қоныс аударуға  Шу өңіріне жіберіп ,екінші тобы Алатаудың теріскейімен Іле өңірінің жерлерін басып алып қоныстанып елдің мазасын алған заманда Бәйдібек ұрпақтарымен бірге Қозүй батыр елді ұйымдастырып қалмақтарға қарсы көтерсе, Далақайнар жерінен елді Мырқы батыр, Шудың орта шеніндегі елді Ақша батыр ұйымдастырып, алғаш Шу өзенінің бойында қалмақтармен соғысып жеңіске жетсе кейін Мырқы батырмен бірге Балқаш көлінің Аякөз жағында соғысып онда да жеңіске жеткен. Оған дәлел кейінгі кезде Әдіуәли Бастаубаев ағамыздан Мырқы батыр туралы жазылған дастаны.

Шу өзенінің шығыс беткейінде Төрткүл атты үлкен ескі қамал бар. Төрткүл ойрат қалмақтарының ˝төрт қақпа˝  деген сөзі екен. Төрткүл қамалы жоңғарлардың жерімізге біржолата бекініп алу мақсатымен салынған. Әлгі қамал Шу қаласының оңтүстік-шығыс жиырма шақырым жерде, қазіргі бір -біріне жапсарлас ˝Жаңа жол˝ және ˝Белбасар˝ өндірістік кооперативінің жалғастырып тұрған көпірдің батыс жағында, Шу өзеніне таяқ тастам жерде тұр. Қамал уағында биік те берік те соғылған. Аталмыш қамал суы терең, ұзын Шудың (ертеде осылай аталған) арғы бетіне тау жағына салынған ғой. Қазақтар жаумен қаша жүріп соғысқанда, суы терең Шудың оңайлықпен өткел бере қоймайтынын да ескерген сыңайлы. Енді, сол Шу бойындағы ерлік шежіресінің бір тармағын баян етпекпіз. Сонын бірі де болса, бірегейі Ботбайдың Шағайынан тарайтын Есенгелді ұрпағы, ақ сауытты Ақша батыр  Жайсаң жайлауын ішкерілеп  жатқан Үңгірлі өзені бойында дүниеге келген. Шежіреде айтылмағанмен, Төле би өскен сол жасыл жайлауда туып өскен.

Қазақ халқының тарихында Ақша бабамның алатын орны ерекше.Ол XVII- XVIIІ ғасырдың бірінші жартысында қазақ даласында болған аса маңызды тарихи-әлеуметтік оқиғалардың бел ортасында болған.

ІІ.Зерттеу бөлімі

  1. Батырдың өмірі мен ерлік жолдары.

Ақша батыр-Ұлы жүз құрамындағы Дулат тайпасының Ботбай руынан шыққан батыр.Ол қалың қабақты, қапсағай бойлы, қапталына қайыс шақ келмеген зіл салмақты адам болған. Өз тұстастары ˝Ақшаның қылышына емес, сұсынан қорқамыз˝ деседі екен. Қайыңның безінен қайырып жасалған садағын шірене тартқанда мінген атының бауыры жер сызған. Ал ақ сауытының кіреукесін бірде-бір садақ жебесі сөге алмаған, хорасан болатынынан өрілген көрінеді. Бұл ақ сауыттың Хорасаннан келген керуеннен ат-түйе беріп қалап алған. Бұл ақ сауыттың кереметі жайлы әңгіме құлағына тиген қалмақ қонтайшысы батыр сауытын қолға түсіру үшін небір айла шарғыға барған. Ақша батыр өзі бас болып, Жолшораның ˝Жеті қасқасы˝ елді ұйымдастырып, қалмақ қамалын екі дүркін қоршаған. Осы ұрыста көп адам шығын болып, Ақша батырдың кіші інісіТілеуімбет қолға түскен. Қалмақтар оны кепілдікке ұстаған. Қазақтардың қоршап шабуылына тойтарыс қоя білген қалмақ қоңтайшысы соңынан Ақша батырға кісі салып, інісін ақ сауытқа айырбастайтынын жеткізген. Оған көну қайда? Батырдың ақ сауытты бермейтініне көзі жеткен қалмақ қоңтайшысы інісін қинап өлтірген. Бұл жағдайға шыдамай ыза кернеген батыр қолынан келгенше Дулат ұрпақтарынан және ағайындардан екінші рет мол жасақ жинап, бар салмақты алғашқыдай төрт қақпаға бірдей салмай қамалдың ту сыртындағы үлкен қақпаға жапқан. Ақша батыр өзі бастап, қасындағы батыр сарбаздармен бірге ұран сап, қалмақ қақпасының темір құрсауын бұзып, ішке енген. Кескілескен ұрыста неше күннен бері азықтары, сулары бітуге айналған қалмақтар жөнді қарсылық көрсете алмай, қойдай қырылған. Біразы  жансауғалап қашып, Шуға тоғытылған, қалғандары тал қармап, арғы бетке өтіп, шыбырға шығып, бірнеше күннен кейін шөлден екінші рет қырылып, азғана тобы ғана құтылғаннан кейін Шу өңірінде біразға дейін тыныштық орнайды. Сол тыныштық күндері Ақша батыр аз ғана жасағымен Қарауыл төбедегі күзеттегілердің жағдайын білейін деп келе жатса, Шу өзенінің шығыс жағасындағы қалың тоғайдан, бір топ құландар шығады. Жасағындағылар құландарға садақтарын кезегенде Ақша батыр тоқтатып: Атсаңдар басшысы серке құланды атыңдар, көпшілігі буаз екен, обал болады дейді. Ешкім ата қоймағаннан кейін,Ақша батыр садағын алып, кетіп бара жатқан серке құланды атып алған. Серке тұмсығымен құлайды. Сол жер «Құлан тұмсығы» деп атала бастайды. Осыдан көп ұзамай-ақ бір топ аттылар кетіп бара жатып, сол жерге алыстан қарап шынында  да  «Құлан тұмсығы» дегендей бар екен дегендіктен ел арасына тез таралып кетеді. «Кұлан тұмсығы» дегенді кейде «Ұлан тұмсығы» деп те айтады екен ел арасы болғаннан соң.

Жоғарыда қалмақтардың бір тобын Шәрден батыр бастап Жоңғар тауының теріскейімен келіп Балқаш көлінің төңірегіне шатыр тігіп, топ-топ сарбаздарын Қазақтын жерін жаулап, малдарын алып қоныстануға Шу өңіріне жібергенін жаздық. Осы қалмақтар Далақайнар төңірегіндегі қазақтардын жерлерін жаулап, малдарын тартып алып, елге қорлық көрсеткенде Мырқы батыр Балқаш көлінің төңірегіне дейін барып, ебін тауып Шәрден батырды өлтіреді. Бұны естіген қалмақтардың Қонтайшысы Мин Сиян, Шәрден батырдың кегін алуға торғауыл қалмақтарды түгел аттандырады. Арасынан Баян Жағылды шақырып алып қазақтың батырларын алдап қолға түсіруді тапсырады.

Шу мен Далақайнар өңірлеріндегі қазақтарды Мырқы мен Ақша батырлар елді ұйымдастырып қалмақтарға қарсы шығады. Жолда бұларға Баян Жағыл кезігіп, «Әкең қазақ деп кеміте бергеннен соң қалмақтардан қашып шықтым, енді сіздермен бірге боламын» деп бірнеше күн бірге жүріп жағдайды біліп болғаннан соң, бір күні кешінде Мырқы мен Ақша батырларға «қалмақтардың қосындарын жақындап көрелік» деп алдап, Қазақтардан ұзатып, әдейі тығылып жатқан көп қалмақтардың үстінен шығарады. Батырлар қарсылық көрсеткенімен жабылып, екеуінің қолдарын байлап, екі күн жүріп Мин Сиянға алып барады. Қазақтың екі батыры сұрақтарына жауап бермей қасқайып отырып алғаннан кейін зынданға тастауға бұйрық береді. Екі батырды зынданның ішінде Найманның Сұртай батыры қарсы алады.  Сұртайды да Баян Жағыл алдап үстап алған екен. Қазақтың үш батыры, торға түскен торғайдың хәлімен жағдайлары тең болғанымен Сұртай батыр көбінесе ән салады екен. Мұны естіген Мин Сиянның қызы Күләйім сыртынан ғашық болғандықтан Сұртаймен кезігуді ойлап аш жатқандарға арнайы тамақ дайындаттырып түн ортасында ділда беріп қарауылдардан кілтті алып зынданға кіріп ыңылдап өлең айтып отырған Сұртаймен амандасып, жәрдемдескелі келгенін айтып «мынау тамақты ішіп әлденіңіздер, мына кездік біртіндеп темірді де кеседі, босанып дайын отырыңыздар, мініп қашатын аттарды дайындап үш күннен кейін келемін» деп кетеді. Бұған сенерінде сенбесінде білмеген Сұртай, үшеуі бірігіп ақылдасып «не болсада қыздың айтқанын күтелік» деп, әкелген тамақты ішіп қол-аяқтарындағы кісендерін кездікпен біртіндеп кесіп алып тастап дайын отырады. Үш күннен кейін түн ортасынан ауа есік сықырлап ашылып Күләйім кіріп қашуға бәрі дайын екенін батырларға түсіндіріп, жасырынып артқы есіктен шығып Мин Суянның жарау аттарына бәрі мінгенде Күләйымға кілт берген зынданның бастығы Сымақ мұнда енді тірі қалмасын біліп, бұларға бесінші болып қосылады. Бұның бәрін ұйымдастырған өзінің қызы Күләйім екенін білгенде Мин Сиян жынданып кете жаздағанымен  тез қуғыншыларды ұйымдастырып қуғызады. Олардың артынан сол төңіректегі қалмақтарды түгел аттандырады. Қашқан бесеуі Мин Сиянның жүйрік аттарымен жеткізбей, күн бата өздерімен бірге келген азғана қазақтардың қолдарына келіп қосылып, ертеңгі болатын соғысқа дайындала бастайды. Ертеңіне қараса төңіректерінің бәрі қалмақ. Қалмақтар қаптап жойып кетеміз дегенімен, қазақтарда шошымай, осы жорықтың оңай болмайтынын түсінген сарбаздар қорғанудың небір тәсілдерін қолдануға дайындалып кегімізді аламыз деп қасқайып тұрды. Жауға қарай, жалғыз кетпей жанындағыларға қарасып жүруге келісті. Күләйім қызды батыр Сымаққа тапсырады. Соғыс басталғанда, қалмақтарды бастап келген Баян Жағылға Мырқы қарсы шығып,  айбалтамен бірақ ұрып құлатып, «қазақтың сапарына құрбансың» деп басын кескенде.

Қалмақтан тұра шапты біреу келіп,

Ақша да қоса  шапты мұны көріп.

Ақ сауытпен қақ маңдайдан ұрғанында,

Кетеді келген жауды екі бөліп.

Бұл келген Баян Жағалдың інісі екен,

Бишара тілге келмей кетеді өліп.

Мырқы, Сұртай, Ақша жүрген жерден,

Есепсіз бас домалайды көргендерге.

Шайқасты Күләйім қызда бір жағында,

Сымақта талайының басын алады.

Бұлар соғысып жатқанда қалың қол келеді қыбыла жақтан. Аққошқар, Қабылан би, бес мың әскермен батырларды іздеп келе жатыр екен. Алыстан тағы шаң көрінді. Бұл Шора батыр екен бес жүз ермен келген. Қазақтар мұны көріп жаңа жігермен соғысқа кіріп, барлығы кешке дейін соғысқанда, қалмақтардың әскерін екіге бөліп тастайды. Екіге бөлініп қалғанын әскерінің сұрын көрген Мин Сиян қалған әскерінің жеңілетінін түсініп, екі араға елші салып «Қазақтың бір батыры қызымды алды, соған той жасап берейін, біздің әскерлеріміздің қасық қанын қисын, өз жерімізге кетелік» дейді. Бұның қан төгіспей бітісейік деген сөзін Қабылан би мақұл көрді. Мин  Сиян қызына той жасап, Сұртай батырға қосады. Екі жақ келісімі бойынша қалмақтар өз жеріне кетісімен. Батырларымыз елге оралып, елімізге жерімізге тыныштық орнайды.

Ақша батырдан қолдың саласындай, алты алашқа жарарлықтай алты ұлы болған. Алыс-жақын аймақты билеп, айтқанын келтіргені, дәуірін жүргізгені, атақ-абыройын арттырғаны бір жағынан сол ұлдарының арқасы болса керек. Ұлдары өз алдына бір қол болып, ел намысын жыртысқан. Олар Алдияр, Шанхан, Құдияр, Жәдігер, Ибалда, Жиенбай еді. Шетінен жауынгер жоталы палуандар болған. Оның ішінде ел аузында аңыз болып қағандары Алдияр, Жәдігер. Әрі палуан, әрі батыр мінезді Алдиярдан алыс-жақынның бәрі тайқып жүрген, қара күшке дес бермеген. Жәдігер жас кезінің өзінде Түрген жерінде қалмақпен жекпе-жекке шығып, жеңіп батыр атанған.

Енді сол әруақты Ақша батырдың ақ сауыты қайда сақталған деген сауал туады. Ақша батырдың ақ сауытын інісі Ақсерке сұрайды, ағасы бермеген соң өкпелеп, ағасы жоқта үш інісі алып кетеді. Алғаш Іле өңіріне, одан кейін Шымкентке өтіп, сонда қоныс теуіп қалған. Міне, ақ сауыт осы маңайдың бір жерінде болуы керек.

Мектептегі Ақша батыр  туралы сыныптан тыс іс-шара

2.Ақша батырдың бүгінгі тарихи бейнесі.

Ақша батыр жөніндегі әсерлі әңгімелер айтып,құлағымызға сіңірген Социалистік Еңбек Ері Хати Сауранбаев,Ысмайл,Әлімтай,Әбдіхалық,Дади қариялар.

Бертін келе Әдіуәли Бастаубаев ағамыз « Мырқы батыр туралы»

жазған дастан табылып,зерттеулер жүргізді.Оны жазғанӘшім Нұрлыбайұлы екен.Ақынңың өлеңдері 1964-1966 ж. шыққан айтыс кітабының1 -3 тарауларында басылған.Ақша елінен шыққан Әуесхан Ойшиев пен өлкетанушы Әшімқұл Ақпейілов батыр жайлы шежірелер жинастырып «Бабалар рухына тағзым»атты кітап жазды.

Мен осы зерттеу жұмысымның нәтижесінде ауыл кітапханасымен,мектеп кітапханасымен тығыз байланыста болдым.

Ауылына қарап азаматын таны деген халық даналығына сүйене келе,мен ауыл азаматтары ағаларымен сұхбаттастым.Ескі-Шу әкімшілігіне барып,мамандармен кездестім,әңгіме-сұхбат жүргіздім.Онда   ескерткішті тұрғызу туралы мәлімет таптым.2011 ж.25 тамызында Ескі Шу селолық округінің бұрыңғы әкімі Гауһар Сатыбалдиева Белбасар ауылы тұрғындарының  өтініші бойынша жалпы жиын өткізетінін айтып,онда күн тәртібі «Ақша батыр»ескерткіші орнату туралы екенін айтты.Батырдың ұрпағы,бірнеше жылдар бойы «Бектібай» шаруа қожалығын басқарған Самат Бектібайұлы Сейдахметовке тапсырылды.

Көп ұзамай, Белбасар жерінде Ақша батырдың  басына үлкен ескерткіш  орнатылып, ашылу салтанаты Тәуелсіз еліміздің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында  аталып өтті.Алматы-Тараз күре жолының Белбасар ауылы тұсындағы бұрылысқа орнатылған еңселі ескерткіш алыстан-ақ көз тартып,тұла бойына ерлік жігерлі рухын себетіндей.Тойға Қазақстанның қиыр шығысынан Семейден,Астанадан,Алматыдан,берісі облыс орталығы Тараздан және көршілес аудандардан қонақтар келді. Еңселі  ескерткіштің шымылдығын облыс әкімнің бірінші орынбасары К.Н.Көкірекбаев,аудан әкімдігі кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімнің бастығы,ескерткішті орнатуға бас демеуші болған Самат Сейдахметов,Тараз және Шу ауданның Құрметті азаматы Болат Сауранбаев,ҚР халық әртісі,әнші-сазгер Алтынбек Қоразбаев секілді зиялы кісілер келді.

Ақын,ауданда көп жыл қызмет еткен, белгілі журналист Ахметжан Қосақов жыр-дастанда былай деген екен.

Қарсы тұрып қырғи қабақ қалмаққа,

Түсіріпті өзі салған қармаққа.

Төрткөл-деген қамалды да қоршап-ап,

Жау біткенді шашыратқан жан-жаққа.

Ақ сауытты батыр екен бабымыз,

Ұрыс-десе қол бастаған дарамыз

Басын тіккен ұлтарақтай жер үшін,

Қанша байтақ болса-дағы даламыз.

Төл тұмасы он жетінші ғасырдың,

Бірі емес,бірігейі асылдың.

Андаұлы Ақша батыр-есіл ер,

Халқымыздың абыройын асырдың.

Ақын Бақыт Исаеваның Ақша батыр туралы былай деген екен:

Көз тіккен тұған жерге дұшпан,жатқа,

Қарсы боп Ақша батыр мініп атқа.

Қаймықпай қарсы шығып,қолын жиып,

Қорғаған ел намысын қиын шақта.

Өткенімен қанша ғасыр,

Тарихта өшпес ізі жатыр.

Ұрпаққа үлгі ерлік жолы,

Рухы биік Ақша батыр!

Айналған аты аңызға ұл айбатты,

Кешіпті кендікті аңсап,сан тайғақты.

Арманға қол жеткізіп,бүгінгі ұрпақ,

Көтердік көкке биік байрақты.

Арқалап өткен тарих,заман жүгін,

Тұрғандай батыр баба бізбен бүгін.

Тұлғасы жарқырайды нұрын шашып,

Паш етіп ұлтымыздың ұлылығын.

Ескерткіштің ашылу салтанаты үстінде белбасарлық ағайындар батыр бабасының рухын тірілтіп,ескерткіш орнатқан Самат Сейдахметовке күрең сәйгүлікті ертұрманымен мінгізіп,Атымтай жомарттың атын шығарды.

Ең алдымен көзіме түскен батырдың бейнесі:Ескерткіштін биіктігі 19 метр.Автор-сәулетші Қолжігіт

Жоғары қарағанда бөркің жерге түсетіндей биік те тұлғалы ескерткіштің қасына  шоғырланып тур екен.Туяғы жер жарпыған тұлпар үстіндегі алып тұлғалы батыр бейнесі жауға аттанғалы тұрғандай сұсты көрініп тұр.Садағын шіреніп тартқан кезде атының батыра жер сызатын көрінеді. Хорасанның болатынан өрілген сауытын найзаның ұшы, садақ оғы сөге алмаған. Оның алды артына батырдың алты бауыры мен алты ұлына аттары жазылған тақта-тас қойылыпты.

Ескерткіштің қасында

Ардагер ұстаз Сатыбалдиева Қамар Ақша батыр туралы өлең шығарған:

Бабам тойына ән шашу.

Құтты болсын бабамның бейне тасы,

Әруақ көтердік алтын басын,

Пердесін ашып тасының,шашу шашып,

Ұлы тойын тойласын кәрі жасын.

Рухын Ақша бабамның тойлап жатыр.

Паш етуде жұртқа әруағын ойлап жатыр,

Риза болып әруағы бабамыздың,

Ұрпақтардың ісін қолдап жатыр.

Ортада тұр бабамыз айбат беріп,

Ел –жұртына қажымас қайрат беріп.

Қайда барсаң сәт-сапар,жол болсын деп

Ұрпағына тұрады Ақ жол тілеп.

Қорытынды.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүргізіп отырған салиқалы саясаты негізінде  «Мәдени мұра» бағдарламасы қазақ жеріндегі тарихи жәдігерлерді,ел қорғаған батырларды ел есінде сақтап  жас ұрпақ санасына сіңіруге аса назар аударып отыр…

Бүгінгі таңда  біздің ауылда Ақша батыр ұрпақтары өмір сүруде.Осы бағдарлама негізінде біздің арғы бабамыз,аты аңызға айналған  Ақша  батырды зерттеп,оның батырлығымен,ерлігімен таныстым.Ақша батырдың өмірі,тарихи жорықтардағы ерлігін зерттей келе,батырдың Қабанбай,Бөгенбай,Наурызбай сияқты ел қорғаған ұлы тұлға екендігіне көзім жетті. Халықтың  азаттығын,

елінің егемендігін аңсаған,еркін де бақытты өмірді көксеген батыр,жиһангер бабамыз кезінде Қабанбай,Бөгенбай,Наурызбай батырлармен үзеңгілес болған,олармен терезесі тең тұлға ретінде көзге түскен.Жоңғарларға қарсы шайқастарға қол бастап,ұрыс даласында ерліктің,соғыстың  небір үлгісін көрсеткен,жаудың бас  батырларымен сан мәрте жекпе-жекке шығып,бәрінде де жеңіске жеткен. Сол себепті Қабанбай,Бөгенбай,Наурызбай батырлар сияқты Ақша батырдың да аты осы батырлармен қатар жүріп,бүкіл қазақ елі таныса деймін.Мәселен көптеген батырлардың ерліктері бағдарламасына енген,солардың қатарында Анда ұлы Ақша батыр есімі жүрсе,кейнгі ұрпаққа үлгі-өнеге  болатын сөзсіз.Мектепте ғылыми,практикалық  конференция,тәрбие сағатын өткізу,батыр бабамыз туралы брошюра шығарып,кітапханада көрсету.

Осы Шу өңірінің белден асып тоғыз жолдың торабында орналасқан Ақша батырдың ескерткіші жолдан өткен жолаушыларға,үйленген жас жұбайларға,өскелең ұрпақтарға тансық және ыстық.Жастарымыздың рухын көтереді,ал рухы биік жас ұрпақтан келешекте биік,үлкен жетістіктер мен нәтижелер күтуге болады.Өйткені,мұндай тарихи ескерткіштерді көп ұрпақ телеарналардан ғаламторлардан ғана көреді.Ал біздің елді мекенімізде бұл ескерткіш көркін ашып,ажар беріп тұр.

Әр азамат ауылымның тарихын,ауылдан шыққан ұлы тұлғаларды бейнесін білуге тиіс.

Аннотация

Зерттеудің мақсаты: Анда ұрпағынан тараған,өз жерін,елін жоңғар шапқыншылығынан қорғаған  Ақша батыр  туралы деректер жинақтау.

Зерттеу жұмысы  2 бөлімнен тұрады:

1.Батырдың өмірі мен ерлігі .

2.Ақша батырдың бүгінгі тарихи бейнесі.

Ақша батыр бабамыз туралы деректер толық жинақталмаған.

Оның Қабанбай,Наурызбай,Бөгенбай батырлармен бірге қазақ жерін жаудан азат етуге қатысқан,ұрыстарда қол бастаған қаһарман екендігін  тереңірек  зерттеу қажет етеді. Ғасырлар өтсе де, заман өзгерсе де өзі өмір сүрген заманы мен өмірінде еңбек етуден тынбаған, сол арқылы халыққа қызмет етуден жалықпаған бірден – бір тұлға екендігі жан – жақты дәлелдемелер арқылы ашу. Оның кейінгі ұрпаққа қалдырған ізгі істері өз күшін жойған жоқ. Сондықтан, Ақша батыр  атамыздың ісін үлгі ету, сол арқылы адамгершілік рухы жоғары жас ұрпақты тәрбиелеу.

Жетекшінің пікірі

Оқушы көп ізденген, батыр шежіресімен,ауыл қарттармен кездесіп Ақша батыр жайлы тың да қызғылықты деректер тапқан.Жұмыстың тақырыбы бүгінгі күнінде өзекті мәселердің бірі.Оқушы жұмыс зерттеу барысында өзіне дейінгі зерттелеулермен  толық таныса  отырып,өзі де жаңа деректерді іздеп,Ақша батыр туралы толық мәліметтердіжинақтауға талпынған.

Бейнероліктерді,суреттерді жинақтаған,ауылдағы шежіреші қарттармен сұхбаттасқан.

Шығармашылықпен терең ізденіп,тарихи мағлуматтарды дәлелдермен қоса еңбектенгені үшін оқушымның жұмысы үлкен секцияларда және баспа арқылы жарияланса екен деген ұсыныс бар.

You May Also Like

Табу сөздердің киелілігі, ғылыми жоба

Мазмұны Кіріспе……………………………………………………………………………………………………….4                                                                1.Теориялық бөлім 1.1.Табу  дегеніміз не?…………………………………………………………………………………6 1.2.Ауру атауларымен байланысты қалыптасқан табулар……………………………..7…

Бала құқығының сақталуы-бақытты балалық шақтың кепілі, ғылыми жоба

Ғылыми жоба тақырыбы: «Бала құқығының сақталуы-бақытты балалық шақтың кепілі» Жобаның бағыты: гуманитарлық…

Алатаудың ерекшеліктері, ғылыми жоба

Ғылыми жоба тақырыбы: Алатаудың ерекшеліктері  Бұл Жетісу Алатауы Зерттеудің мақсаты:Алатаумен  жақынырақ танысу,зерттеу,қосымша…

Ағылшын тілінің біздің өмірдегі маңызы, ғылыми жоба

«Ағылшын тілінің біздің өмірдегі маңызы» (The Importance of English language in our…