ЭССЕ

МАҚСАТ ТУРАЛЫ

Біздің жасап жүрген іс-әрекеттеріміздің барлығы да мақсатты түрде жүзеге асырылады, мақсаттан басталады, мақсатқа тәуелді. Егер
әрекеттің мақсаты болмаса, оның мәнді, мазмұнды болуы екіталай. Жасап жатқан әрекеттерімізге мақсат қана мағына береді, оларды маңызды жасайды. Не жасасақ та, алдымен сол әрекеттің мақсатын айқындап алған жөн. Егер адам өмірде жоғары көрсеткіштерге жете алмай жүрсе, бұл оның өз алдына жоғары мақсат қоя алмауынан да шығар…
Балаларымызды да мақсат қоюға үйреткен дұрыс. Философ Джон Дьюи «Мақсатты тек азат, ерікті адам қоя біледі. Құл мақсат қоя алмайды» деген екен. Демек, ерікті тұлға мен еркі жоқ адамның айырмашылығы да олардың мақсаттарында жатыр. Құл қожайынның мақсатын жүзеге асыратындықтан, ол өз әрекеттеріне мақсат қоймайды. Шынымен де құлға бәрібір емес пе: оның жасап жатқаны өзінің жұмысы емес қой, ол әрекетті біреудің (қожасының) айтқанымен ғана жасап жатыр емес пе? Сол себепті де құл өз әрекеттерінің мәнді болуына еш мүдделі емес, өз жұмысының нәтижесі де оны қызықтыра қоймайды. Оған бәрібір: іс атқарылып жатыр ма, жоқ па. Құлға ең бастысы – уақыт өтсе болғаны.
Азамат деген жігіттің айтқаны құлағымнан кетер емес:
– Бала кезімде марқұм әкем былай деп айтушы еді маған: «Азамат, айтқызбай жасамайсың ба! Айтқызып жасайтын сен құл емессің ғой!».
Дәп осылай: ерікті адам алдына мақсат қойып, іс-әрекеттерді саналы түрде жасайды, ал құлға сөз жұмсау керек, оны жұмыс жасауға мәжбүрлеу керек, тіпті қысым мен қыспаққа алу қажет.
Сол себепті де балаларды өздігімен мақсат қоюға ынталандырып, үйреткен жөн. Бұл үшін оларға қандай тапсырма ұсынсақ та, алдымен оның не үшін берілгенін, оның оқушыларға не беретіндігін талқылап алған дұрыс та болар. Мақсаттың басты сұрағы «Не үшін?» шығар. Сондықтан да оқушы әрекет жасамас алдында осы сұраққа жауап беруі қажет.
Әр оқушы мектепке не үшін келетінін нақтылап алуы шарт, оларға осы сұраққа жауап беріп, талқылау мүмкіншілігін беріп отырған дұрыс. Мақсатты әр оқу жылына, әр тоқсанға анықтауға болады.
Сабақ басында да тақырыпты жариялағаннан кейін оқушыларды сабақ мақсатымен таныстырған жөн. Сабақ мақсатын бөлек қағазға жазып (немесе тақтаға), оны қабырғаға іліп қойған орынды және де сабақ барысында анда-санда оқушылармен мақсатқа қандай дәрежеде жетіп қалғандығын қысқа талқылап отырған орынды. Ол үшін шәкірттерге «Біз мақсатқа дұрыс жолмен бара жатырмыз ба?», «Мақсатқа қаншалықты деңгейде жетіп қалдық?» деген секілді сұрақтар қойған дұрыс болар. Ал сабақ соңында оқушылармен мақсатқа жеткен-жетпегенімізді талқылау керек: «Балалар, біз мақсатқа жеттік пе? Оның нәтижелері қандай болды? Бұлардың дәлелдері қандай? Бұл бізге не берді?».
Сонымен, сабақтың схемасы мынандай болуы ықтимал:
Сабақ = Мақсат → Іс-әрекеттер (тапсырмалар) → Нәтижені қорытындылау.
Дәп осы секілді оқушыларға ұсынылған әр тапсырма да оның мақсатын айқындаудан басталып, оның нәтижелерін талқылаумен аяқталуы керек. Сонда оқушылар үшін өздерінің жасаған әрбір іс-әрекетінің мәні мен мағынасы түсінікті болып, олар әр тапсырманы саналы түрде орындайды, тапсырманың сабақ мақсаты ауқымында жасалып жатқанын түсінеді. Тапсырманың схемасы да мынандай болуы ықтимал:
Тапсырма = Мақсат → Орындау (іс-әрекет) → Орындауды талқылау.
Осы секілді ұстаздар да өз мақсаттарын нақтылап алуы керек.

Мен мұғалім өз алдына негізінен екі мақсат қоюы керек деп ойлаймын:
1. Жұмысын жеңілдету.
2. Жұмысынан қуаныш алу.
Мұғалім қалайша өз жұмысын жеңілдете алады? Менің ойымша, оның негізгі екі жолы бар. Олардың біріншісі – мұғалімдердің оқушылармен өз өкілеттіліктерімен бөлісуі.
Жасыратыны жоқ, мұғалімдердің дені оқушылардың мүмкіндіктеріне сенімсіз, сол себепті олар сабақта өздеріне белсенді әрекеттерді қалдырып, бәрін де өздері жасағысы келеді: үйрету мен түсіндіру, бақылау мен тексеру, талдау мен бағалау, т.б. Мұғалімдер көрнекіліктерді де, тапсырмаларды да өздері жасап үйренген.
Ал оқушыларға ондай мұғалімдер тек бәсең әрекеттерді қияды: тыңдау, көру мен қарау, тыныш отыру, т.б. Оқушылар құрастырумен айналыспайды, тек орындаумен айналысады.
Жұмысты жеңілдету үшін мұғалім оқушылармен неғұрлым көп өз міндеттерімен, өзі жасайтын әрекеттерімен бөліссе, соғұрлым жақсы болады. Бұл үшін сыныпта кезекшілікті тиімді қолдану керек: әр сабақтағы екі кезекші мұғалімнің оң және сол қолдары іспеттес болғаны дұрыс. Мұғалім кезекшілерге өзінің көп әрекеттерін беруі керек, солармен бөлісуі керек, олардың міндеттерін нақтылауы керек. Ол үшін мектепте (немесе сынып ішінде) «Оқушылардың кезекшілігі туралы» деген ереже қабылдаған жөн болар.
Мысалы, кезекшілер сабаққа дейін оқушыларды жаңа топтарға бөліп, оларды түгендеп (мұғалімге кімнің сабақта жоқ екендігі және оның себептері туралы қағазға шағын дерек жазып берсе де болады), сергітіп (ойнатып, билетіп, ән айтқызып, «Шаттық шеңберінде» тілек айтқызып) алса жаөсы болар еді. Сонда мұғалімнің кезекшілерге қоятын талабы мынандай болуы ықтимал: «Мен сабақты қоңыраумен бірге бастауым керек! Сондықтан да сіздер сыныпты осы уақыттан қалдырмай, сақадай сай қылып дайындауларыңыз шарт!»
Сабақ әрі қарай жалғасады делік. Аралас сабақ болса, мұнда алдымен үй тапсырмасын тексеру дәстүр. Бұл жұмысты неге мұғалім жасауы керек? Ол бұл жұмысты ұйымдастыруы керек, ал мұны жасайтын кезекшілер мен топ көшбасшылары. Мұғалім оларға тек үй тапсырмасын тексерудің кестесін береді, ал әрі қарай оқушылар бірін-бірі тексереді, түзейді.
Ал мұғалім немен айналысады? Ол оқушыларды бақылайды, көмектеседі, бағыттайды, тестілейді, диагностикалайды, олармен сұхбаттасады. Бұл үшін ол сыныпты аралайды: бір топтың не оқушының жұмысын бақылайды, сұрақ қояды, олардың сұрақтарына жауап береді. Немесе бір оқушыны қасына шақырып алып, онымен әңгімелеседі, оның деңгейін анықтап, мүдде мен мұқтаждықтарын айқындайды. Барлық деректерін мұғалім «Бақылау дәптеріне» (немесе «Рефлексиялық күнделік», немесе «Зерттеу дәптері») жазып отырады.
Осылайша мұғалім сабақта белсенді әрекеттер атқарып, іздену және зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Егерде мұғалім бұл сабақтың (тақырыптың, мәселенің, проблеманың) өзіне де қызықты, маңызды, құнды екендігін көрсете алмаса, онда оқушылар үшін де оның қызықты, маңызды, құнды екендігі болуы екіталай. Мұғалім әр сабақта лапылдап жанып, оқушыларын да тұтатуы керек. Назым Хикмет айтқандай:
Мен жанбасам лапылдап,
Сен жанбасаң лапылдап,
Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ?!.
Кезекшілер үй тапсырмасын тексеру кестелерін мұғалімге тапсырып, сыныптың бұл жұмысты қалай орындағаны жайлы қысқа (бір минуттық) хабар беруі қажет болар. Әрине, бұл хабарлама сипаттау түрінде емес («Кім не жасады» деген секілді), бірақ талдау ретінде болуы керек («Қалай жасады? Неліктен олай жасады?» деген сыңайда).
Сабақтың келесі «Жаңа сабақты игеру» кезеңінде де мұғалім кезекшілер мен оқушылардың мұғалімнің әрекеттерін атқаруын ұйымдастыруы керек. Оқушылар жаңа тақырып бойынша мақсат пен міндеттерді айқындап, оның өзекті және маңызды (немесе қиын, күрделі) жерлері туралы мини-лекция оқып болған соң, жұмысқа қайтадан оқушылардың өздері кірісуі қажет: олар басқалардың қалайша материалмен танысып, оны игергендігін қадағалауы керек. Ал өзі бағанағы бақылау-зерттеу жұмысын әрі қарай жалғастырады.
«Бекіту» кезеңінде де осы секілді жұмыстар жалғасады: оқушылар бір-бірінің жұмыстарын тексереді, кері байланыс береді, талдайды, бағалайды; мұғалім сыныпты зерттейді: оқушыларды бақылайды, бағыттайды, олармен сұхбаттасады.
Мұғалім тіпті кезекшілер мен топ көшбасшыларын дәптер мен жазу жұмыстарын тексеруге қатыстырғаны дұрыс. Әр сабақта 20-25 дәптер тексеріп отырса, аптасына тым көп болмай ма: 20 дәптер×18 сағат=360 дәптер? Мұндай мөлшердегі дәптерлерді әр аптада тексеріп отырса, мұғалімнің көз майы жетер ме екен? Сол себепті де мұғалім дәптерлердің (немесе жазу жұмыстарының) бір бөлігін ғана тексеріп (мысалы, ¼ бөлігін), қалғанын кезекші оқушыларға беруі керек. Әрине, мұғалім оларға тексеруді қалай жасау керектігі туралы толық мәлімет беріп, бағалау критерийлерімен таныстырады. Әрине, оқушылар бір-біріне баға қоймайды: ондай жағдайда, Ш.Амонашвили айтқандай, біз оқушыларды бұзамыз. Олар тек бір-бірінің жұмыстарын бағалайды, яғни оларға талдау жасайды.
Мәселен, оқушылар бір-бірінің жұмыстарын берілген критерийлер көмегімен бағалап, әр тексерілген жұмыс соңында жазбаша пікір (рецензия) келтірсе. Мұғалім оларға рецензияның талай нұсқаларын көрсетіп, жазуды үйретсе. Мәселен, қысқа рецензия мынандай 3 сөйлемнен тұруы ықтимал:
1) Рахмет айту («Балжан, жұмысыңа рахмет, көп еңбек жасапсың!»).
2) «Жұлдыз» беру (әдебиет сабағында «Маған сенің жұмысыңда Көксеректің бейнесіне жасаған талдау қатты ұнады, өйткені сен бөлтіріктің қалай хайуанға айналғанын дәлелдеп бердің» немесе математикада «Сен есептерді құрастырғанда оқулық шеңберінен шығып, формулаларды терең меңгергеніңді көрсеттің»).
3. Ұсыныс жасау («Сонымен бірге эссе соңында жасаған тұжырымдарыңды мәтінге сілтеме жасай отырып, дәлелдеп берсең, тіпті жақсы болар еді» немесе «Есептердің дұрыстығын кері есеп құрастыру арқылы көрсетуге болар еді»).
Мұндай рецензияларға тағы да бір-екі сөйлем қосуға болар:
4) Сұрақ («Неліктен сен эсседе әңгіменің идеялық мазмұнына көбірек тоқтамадың?» немесе «Неліктен сен есепті шығарудың екі тәсілін де келтірмедің?»).
5) Қорытынды («Маған сенің жазғаның ұнады, себебі эсседе сен шығарманың композициясы туралы тың ойлар келтіре білдің» немесе «Есептер дұрыс шығарылған. Әсіресе осы есептердің негізінде жаңа есеп құрастыру құнды болды»).
Ертеңіне оқушылар дәптерлерді таратып, сыныптың жазу жұмыстарын қалай орындағаны туралы өз ойларын қысқаша келтіруі мүмкін. Олар басқа оқушылардың сұрақтарына жауап беріп, тапсырманың қалай орындалғанын, оның не бергендігін қорытындылайды

Мұғалімнің өз жұмысын жеңілдетудің екінші бір жолы – сабақтарға бірлесе дайындалу.
Әріптесіміз Берік Асубаев мұғалім кәсібі басқа да кәсіптер секілді тек жұмыс уақытында еңбек жасаумен шектелуі керек деп есептейді. Осы ойды түсіндіріп кетейін. Жасыратыны жоқ, мұғалімдердің басқа кәсіп иегерлеріне (дәрігер, құрылысшы, сатушылар) айтатын назы мынау: «Сіздерге жақсы ғой: сіздер жұмыстан шығасыздар да, жұмысты ертеңгі күнге дейін ұмытасыздар, емін-еркін демаласыздар. Ал біз болсақ жұмыс уақытымыз аяқталып, үйге келгенде де жұмысымызды ұмытпаймыз: «нормальный» адамдар демалып жатқанда, біз ертеңгі сабаққа дайындаламыз – жоспар жазамыз, дәптер тексереміз, қағаз толтырамыз».
Мұғалім кәсібінің бір кемшілігін, бір ыңғайсыздығын осы деп есептейді ұстаздар. Алайда Берік Асубаев «Неліктен мұғалімдер ертеңгі күнге өз үйлерінде дайындалуы керек?» деген сұрақ қояды:
– Мұны кім белгіледі? Бұл неліктен міндетті болуы керек? «Мұғалімдер сабақтарға үйлерінде дайындалуы керек!» деген ереже бар ма? Неліктен мұғалімдер келесі күндердің сабақтарына мектепте дайындалмайды?
Орынды сұрақтар! Шындығында да мұғалімдер мектепте күніне 6-8 сағаттай болады емес пе? Оның барлығында да мұғалім сабақ өткізбейді ғой? Егер мұғалім аптасына 18-24 сабақ өткізетін болса, онда орташа есеппен ол күніне 3-4 сабаққа қатысады. Ал қалған 2-4 сақаттай уақытта ол не жасайды? Бәрібір мектеп әкімшілігі мұғалімнің ерте қайтуына жол бермейді, бұл орынды да: маған толық ставкада жұмыс істейтін, алайда 2-3 сағаттан кейін үйге қайтатын кәсіп иегерлерін көрсетіңізші?! Бар ма ондайлар? Әрине, жоқ! Өйткені жұмыскерлердің бәрі де 7-8 сағат жұмыста болады (түскі үзілісті қоспағанда). Ал мұғалімдер сабақтарын өткізе салады да үйлеріне ұмтылады. Бұл ұмтылысты олар ертеңгі сабаққа дайындалу керектігімен, дәптерлерді тексеру қажеттілігімен түсіндіреді: «Біз үйде 3-4 сағат тағы отырамыз!» деп…
Міне, осы сағаттарды мұғалім мектеп ішінде, әріптестерімен бірлесіп ертеңгі күннің сабақтарына дайындалуға жұмсауы қажет, деп есептейді Б.Асубаев.
Сабақтан кейін әр күні 4-5 мұғалім жиналып («Олардың бір әдістемелік бірлестіктен болуы шарт емес, – дейді Б.Асубаев, – мүмкін олардың бас қосуы ортақ мүдде немесе құрбы-құрдастық тұрғыдан болғаны дұрыс шығар. Бұл оларға ынтымақты орта құруды әлдеқайда жеңілдетеді»), әрқайсысы өз сабағы бойынша жоспарлар дайындайды. Жұмыс барысында мұғалімдер бір-бірімен ақылдасып, кеңесіп, бір-біріне ұсыныс жасап, сұрақтар қойып, оларға жауап беріп, қызу талқылау мен талдау ұйымдастырады. «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды», «Көп түкірсе – көл» демекші, жекелей жұмыс жасағаннан бірлесе еңбектенудің тиімділігі 70%-ға жоғары болады емес пе?..
Берік Асубаевтың пікірі бойынша, мұғалім кәсібінің көп қағидаларының бірі мынау болуы керек шығар: «Бүгінгі күннің ең басты нәтижесі – ертеңгі күнге бірлесе дайындалу».
Қою керек үйде, «нормальный» адамдар ұйқыға кеткенде, жалғыз отырып сабаққа дайындалудың бұрынғы практикасын! Мұғалім ертеңгі сабақ жоспарларын мектепте басқа педагогтармен бірлесе дайындап, дәптерлерді оқушыларымен бірге тексеріп, бар қағаздарын түгендеп, бар жұмысын тындырып, жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін үйіне жолға шыққанда, келесі күнге дейін мектепті ұмытуы керек!
Мұғалім мектепке үйден артынып-тартынып, екі сөмкесіне кітап, дәптер, көрнекілік, басқа да қағаздарды көтеріп алып келіп, тура сондай зіл жүктерді үйіне тасып әлек болмай, жұмысқа ештеңе көтермей, екі қолы бос болып жеңіл келіп-кетуі керек! Өйткені ол бар жұмысын кеше мектепте тындырып қойған!..
Мұндай жұмыстың бірнеше тиімді нәтижесі бар.
Біріншіден, мұғалімдер арасында әрекеттесу мәдениеті басқа сипат алады: мұғалімдер сабақ жоспарларын бірлесе жасайтын болса, онда олар бір-бірінің сабақтарына қатысып, оларды талдағанда түсінушілік танытып, қатты сынап-шенемейтін де болар. Өйткені олардың өздері де бұл сабақты дайындауға белсене қатысты емес пе?
Демек, екіншіден, мұғалімдер арасында ынтымақтастық пен өзара сыйласымдық деңгейінің бұрыннан да бетер өсуі әбден мүмкін. «Ырыс алды – ынтымақ», «Ынтымақ – берекенің бастауы» демекші, егер ұстаздар ұжымында ауызбіршілік болмаса, онда олардың барлық әрекеттерінің бекер екендігі анық.
Осыған қалай қарайсыздар, әріптестер? Мұғалім кәсібі де басқа кәсіптер секілді жұмыс уақытымен шектелуі керек пе? Әлде бұрынғысынша жападан-жалғыз отырып, сабақтарға ел тынышталғанда жекелей дайындалғанымыз дұрыс па?.

Мұғалімнің екінші мақсаты – өз жұмысынан қуаныш, рахат, ләззат алу.
Мүмкін, бақыттың ықшамдалған формулаларының бірі мынау болар: «Таңертең жұмысқа ризашылықпен келіп, жұмыс аяқталғаннан кейін үйге ризашылықпен қайту».
Неліктен мен жұмысқа көңілім алып-ұшып, асығамын? Өйткені бұл – менің жүрек қалауы бойынша таңдаған сүйікті кәсібім. Өйткені жұмыста мені сыйлайтын (мен де оларды сыйлайтын), маған сенім артатын (мен оларға сенетін), мені сүйетін (мен де оларды сүйетін) оқушыларым мен әріптестерім күтуде.
Психологтар былай деп тұжырымдайды: кез келген жұмыстың табыстылығы 70%-ға адамдармен қарым-қатынас жасау дағдыларына байланысты. Табысты қызметкер – басқалармен тиімді қарым-қатынас жасай білетін адам. Табысты қызметкер – кез келген адаммен тіл табыса білетін адам. Демек, біз қарым-қатынас жасай білуіміз керек, сонда жұмыста табысқа жетуіміз ықтимал.
Өмір дегеніміз не? Қарым-қатынас. Бақыт дегеніміз не? Әрине, қарым-қатынас! Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Өйткені адам – әлеуметтік жаратылыс, ол тек қоғамда, басқа адамдармен қарым-қатынаста ғана өмір сүре алады. «Адамның күні адаммен» деген. Бөлтірік шешен айтқандай: «Өмірдің мәні – сіз бен біз», яғни адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы. Демек, біз өмір қуанышын қарым-қатынастан алуымыз қажет.
Мектептегі 6-8 сағаттық өміріміз осындай жағымды, «сіз-бізіміз» жарасқан қарым-қатынасқа негізделуі керек болар. Мен тиімді қарым-қатынастың формуласы «ССС» («сенім, сыйластық, сүйіспеншілік») деп есептеймін. Егерде әр мұғалім барлық оқушыларымен, әрбір әріптесімен қарым-қатынасқа осы үш қағида тұрғысынан түсетін болса, ол мектептегі өмірін қуаныш пен рахатқа бөлеуі шарт.
Мектептегі әр мезетіміз, әрбір әрекетіміз басқаларға деген сенім, сыйластық, сүйіспеншіліктен тұрса, бұл оқушы мен мұғалім, оқушы мен оқушы, мұғалім мен мұғалім арасында қабақ шыту, қысым, сынау-шенеу, өктемдік, түсінбеушіліктің болмауына әкелетін шығар. Сенім, сыйластық, сүйіспеншілік мектепті нағыз Бақыт және Сенім Патшалығына, Таңғажайыптар Әлеміне, Ертегі Еліне айналдырар ма еді?
Неліктен жұмыстан кейін үйге қарай ризашылықпен қайтамын? Өйткені мен бүгін өзімді толығымен мектепке бердім, бар міндеттерімді орындадым, борышымды атқардым! Өзімнің жұмысына көңілім толды, барлығы да – оқушылар, әріптестер, әкімшілік, ата-ана – менің жұмысыма риза шығар!
Енді мен үйіме ризашылықпен қайтайын, өйткені мені онда мені сыйлайтын (мен де оларды сыйлайтын), маған сенім артатын (мен оларға сенетін), мені сүйетін (мен де оларды сүйетін) бала-шағам тағат таппай күтіп отыр! Соларға көңілім алабұртып, асығайын!..
Әрине, мұғалімнің мақсат-міндеттері көп қой! Оларды көптеп тізбектеудің қажеті де жоқ шығар… Мен мұнда сол көп мәселелерді аз да болса жүйелеп, олардың ішінен ең негізгісі дегендерін атап өткім келді. Оның дұрыс-бұрыстығын өзіңіз шешесіз ғой, әріптес!..
Ал мен сіздерге осындай бақыт тілеймін!!!

You May Also Like

Жаңа жылға жоспарым эссе

Эссе Жаңа жылға жоспарым Әр мереке өзінің мезгілімен, ерекшелігімен қызық. Сол мерекелердің…

Бүкіләлемдік тартылыс заңы эссе

Бүкіләлемдік тартылыс заңы Күш (лат. fortis) – материалдық нүктеге немесе денеге басқа денелер…

Жаяу Мұсаның қиянатқа жазылған “Ақ сиса” өлеңіндегі оптимистік ой-толғамдарға дәлелдер келтіре жазыңдар, эссе

Жаяу Мұсаның Байжанұлының “Ақ сисасын” білмейтін исі қазақ жоқ шығар. Бұл –…

Балықтар эссе

Балықтар Балықтар –негізінен судағы тіршілікке бейімделген жануарлар. Жүзу жағынан өзге жануарлардан асып…