Ә.Марғұлан және қазақ әдебиеті

Бүгінгі таңдағы түркология түркі халықтарының тілін ғана зерттеп қоймай, тарихын, әдебиетін фольклорын, этнографиясын, философиясын, өнерін тұтастай да, саралап та зерттейтін кешенді ғылымға айналып отырғаны мақтаныш сезім ұялатады.

Кеңес дәуірі кезеңінде түркі әлеміне байланысты зерттеуге қойылған кейбір шектеулерге қарамастан, түркология ғылымына қызығушылық танытып, мәселенің зерттелуіне айтарлықтай үлес қосқан ғалымдардың, оның ішінде қазақ ғалымдарының орны ерекше. Осындай ғалымдардың бірі және бірегейі – академик Әлкей Марғұлан.

Отызыншы жылдардан бастап Ә.Марғұланның зерттеу нысаны болған эпостық жырлар, одан кейінгі жылдарда зерттеген қазақтың ежелгі сәулет өнері, мүсін тастар, шеберлік өнері тарихын зерттеуі болсын, негізгі үш саланы қамти отырып жүргізілгенін көреміз. Біріншіден, археологиялық экспедициялар кезінде қазба жұмыстары нәтижесінде жинақталған деректерді зерттеу, екіншіден, орта ғасылардағы ғалымдардың, жиһанкездердің Орта Азия және Қазақстан туралы жазған еңбектерін зерттеп, оларды ауыз әдебиеті саласындағы зерттеулерімен сабақтастыра отырып қорытынды жасау әдісін қолданған. Тіпті, ауыз әдебиеті үлгілерін, оның ішінде ертегілер мен жырларды өзара салыстыра отырып, жыр мотивтерінің ұқсастық, ерекшелік жақтарын, мотивтің алғашқы және кейінгі іздерін халықтардың қоғамдық, экономикалық тарихын негізге ала отырып зерттеген.

Ә.Х.Марғұлан – қазақ фольклорын, оның ішінде қазақтың тарихи жыр – аңыздарына сүйене отырып, тарих пен этнографияны байланыстырып, тарихи фольклорды алғаш реткешенді түрде зерттеген ғалым.

Ә.Марғұлан өзінің «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Ежелгі жыр – аңыздар» атты еңбегінде: «Ғасырлар бойы сахарада айтылып келген ертегі – жырларды, аңыз – әңгімелерді ең алғаш шығарып таратқан, сахараны қоныстанған әртүрлі көшпелі түркі тілдес елдер еді.Олардың ішінде жұртшылық майданынан белгілі орын алып, тарихта қөрнекті ат қалдырған жұрттар, ескі дәуірден шолып қарағанда, ғұндар мен сақтар, үйсін мен қаңлылар, қырғыз бен ұйғырлар жұрты болмаса, өзгенің барлығы тарихи дәуірлерде бүгінгі қазақ даласында тіршілік жасап, олардан тараған рулардың көпшілігі бері келе қазақ жыры, эпос, ою – өрнек, сәулет өнері туындылары, бүгінге дейін Қазақстан жерінде жақсы сақталып, олардың жұртшылық салты, елдік заңы, барлық рухани тіршілігі де көбінесе қазақ елінің тұрмысында ашығырақ сақталғанын» анықтады.

Фольклордың этнографиямен тығыз байланыста екенін, олардың өзара этностың тарихын зерттеуде бірін – бірі толықтырып отыратындығын академик Ә. Марғұлан өз зерттеулерінде дәлелдеді. Бұған ғалымның 1946 жылы қорғаған «Қазақ халқының эпикалық әңгімелері (миф,ертегі – жыр, аңызды әңгімелер) туралы тарихи – әдебиеттік зерттеулер» атты докторлық диссертациясы және 1985 жылы жарық көрген «Ежелгі жыр – аңыздар» атты ірі монографиялық еңбегі дәлел.Бұл еңбектерде Әлкей Марғұлан алғаш рет халықтың жыр – аңыздарын тарихи дере ретінде пайдаланып, кешенді тұрғыдан зерттеген. Сонымен қатар осы тарихи жыр – аңыздарында қазақ халқының генезисін және өсіп-өрбу жолдарын кеңес дәуірінде алғаш айтқан ғалымдар қатарына жатады.

Ауыз әдебиетінің бай қазынасы Әлкей Хақанұлына әр кездері ой салып, ғылыми терең түйіндер жасауға көмектескенін көреміз. Сондықтан да ғалым халық ауыз әдебиеті үлгілерін үздіксіз және ерекше қадірлеп, көңіл қоя зерттеді. 1931 жылы С.Ф.Ольденбург, А.Н.Самойловичтердің басшылығымен Кеңестер Одағы халықтарының ауыз әдебиетін жинастырып, бірнеше том жинақ шығару мәселесі көтеріледі. Осы кезде Ә.Х.Марғұлан қазақ эпосы мен жыр аңыздарын орыс тіліне аударып, жария ете бастайды. Ғалымның алғашқы аударған еңбегі «Ер Тарғын» жыры.

Ә.Марғұланның пайымдауынша, ел аузында айтылатын эпос жырларының жыр түрі бірте – бірте ұмытылып, қара сөзбен айтылатын ертегіге айналған. Оның мысалы ретінде «Ер Көкше» , «Шора», «Қобыланды» жырларының қара сөз түріндегі нұсқаларын келтіруге болады. «Ер Төстік», «Арғы мерген», «Ақ Көбек» сияқты бүгінде ертегіге айналған эпикалық әңгімелер бір кезде эпос жыры болғанына Ә.Х.Марғұлан шүбә келтірмейді. Бұлар бергі феодалдық дәуірде жаңа мазмұн алып, алғашқы қауымдық құрылыс дәуірі кезіндегі сюжеті біраз өзгерген.

Ә.Марғұлан ғұндардың Еуропа елімен қарым – қатынаста болғаны тек тарихта жазылып қоймай, Еуропа елдерінің ұлы эпос жырларында, қарияаңыздарында да сақталып келгені туралы жазды. «Олардың ғұндар туралы барлық көне аңыздарын толығынан алып жазған Блеер мен француз ғалымы А.Тьерри», – деп көрсетті.Ә.Марғұлан «Ғұндар туралы әдемі хикаялар әсіресе, Скандинавия жырларында, мадьярдың қария сөздерінде жиі кездеседі. Ғұндардың бейнесі Скандинавияның « Ұлы Эдда», «Кіші Эдда» сияқты жырында дүниежүзілік әдебиеттің сюжеті болып табылған. «Ұлы Эдда» жырының бас кейіпкері – Шығыстан Еуропаға келген ер. Ол өзі төзімді, өзі кемеңгер, өзі ел басқарушы, жылқы өсіріп, қымыз ішеді, көрмеде мүсін аттары байлаулы тұрады, ерлікті он екі жасынан бастаған атақты алып тұлға, алып ер Еділ» – дейді.

«Манас» жырын терң зерттеген Ә.Х.Марғұлан «Эдда» жырында Еділді улуп өлтіру тәсілі Манасқа өте ұқсас, – деп жазды.Сонымен қатар, ғалым: «…Қазақ, қырғыз, алтай эпосында кейіпкердің бір ойлаған, мақсатты ісіне жете алмай, қамыққанда, қиын түс көріп, толғау сөздер айтуы» жөнінде ғылыми пікір білдірген. Ә.Марғұлан жазуында мұндай аңыз да «Нибулин» жырында кездесіп отырады. Еділ өлерінің алдында түс көріп, оның өмірден өтеніні қолынан ұшып кеткен ақ сұңқар құс бейнесінде алдын ала сездіріледі, бақшадағы ағаштары солып қалғандай болады. Бұл аңыз ғұндардың айтуынан алынып, «Ұлы Эдда» жырына қосылған. Мұндай толғау айту қырғыздың «Манас» жырында, қазақтың «Орақ» жырында кездеседі көркем түрде берілген. Демек, Шығыс пен Батыс елін жақсы танып, өзінің тарихы, мәдениеті әрі бай, әрі көркем, дүниежүзілік әдебиетке үлес қосқан ғұндардың жайы осындай».

Ғалымның пікірінше: «Құла мерген», «Қара мерген» әңгімелері «Ер Төстік» ертегісіне сәл басқарақ. Мұның «Ер Төстіктен» айырмашылығы: мұнда қазына, кен, алтын, күміс көп айтылады. «Құла мерген» жырының әлеуметтік мазмұны «Ер Төстікке» қарағанда өзгерек. Ел басқару ісі, қауым тіршілігі жұртшылықтың тұтас болуын тілек етеді. Сондықтан алып туған ерді, ер туғызған ананы үлгі етеді. Құла мергеннің қынабын іздеуі, ол қынаптан алмас кездік шығуы осы мысалдың ишарасы», – деп түсіндіреді Ә.Х.Марғұлан.

Ә.Х.Марғұлан эпостық ертегілерді Қазақстан аумағында сақталған ежелгі тас кешен, ер, алып тұлға иесіне сай алып сын тастар, мұнаралы беціттер, молалардың жасалу тарихын археологиялық жағынан дәлелдеу арқылы, 5-7 ғасырлардан жеткен құлпытастардағы жазуларда сақталған деректермен салыстырады, яғни, материалдық мәдениет пен рухани мәдениетті қатар алып, бір – біріне дәлел, байланыс іздей отырып, біртұтас немесе бірлікте қарастырады.

You May Also Like

Тістерді ағарту бойынша проблемаға негізделген оқыту

Жоспар:    Негізгі бөлім ІІ Кіріспе бөлім Тісті зиянсыз әдіспен қалай ағарту Тісті…

Мұрынның қосалқы қуыстарының құрылымы және топографиясы. ЛОР ағзаларының патологиясына қосалқы қуыстарының даму ерекшеліктерінің әсері, баяндама

Баяндама Тақырыбы: Мұрынның қосалқы қуыстарының құрылымы және топографиясы. ЛОР ағзаларының патологиясына қосалқы…

«Экономикалық талдау» және «Қаржы есептілік талдау»  экзамен сұрақтары

          «Экономикалық талдау» және «Қаржы есептілік талдау»  экзамен сұрақтары Емтихан билеті № …

Ақталған өнімдерді сұрыптау және жарма бөлуге арналған машиналар

Ақтау дегеніміз – ядродан қабығы мен ұрықтықтың бір бөлігін ажырату. Ақтау нәтижесінде…