Дәріс тақырыбы: Қайта өрлеу дәуіріндегі Батыс Европаның материалдық мәдениеті

Мақсаты: Қайта өрлеу дәуіріне тән ортақ өнер түрлерімен таныстыру

Мәтіні (қысқаша):  Қайта өрлеу дәуірінің бастау алып, алғаш дамыған жері Италия елі болды. ХҮ-ХҮІ ғасырларда Италия мәдениет қайраткерлері мен ойшылдары өз дәуірлерінде өнер өрлеуін өте жоғары бағалады. Антикалық мәдениеттен кейін ұзақ уақыт бойы Батыс Европа елдерінде керітартпа заман үстем болып келді, тек енді ғана гүлдену, өркендеу дәуірі басталды деп есептеді. Италияда басталған бұл өнер, әдебиет, мәдениет, ғылым саласындағы бетбұрыс бірте-бірте Англия, Германия, Франция, Испания, Голландия, Финляндия және тағы басқа көптеген елдерге тарады. Осы кезеңде Италияда крепостнойлық право жойылып, әсіресе қалаларда капиталистік қатынастар қалыптаса бастаған. Сондықтан қайта өрлеу мәдениеті жаңа тұрпаттағы, буржуазиялық мәдениет еді.

Жаңа тұрпаттағы Қайта өрлеу мәдениеті антикалық өнер мұралары үлгісімен сабақтас жалғасты. Бірақ ол ескіні қайталау емес еді. Заман талабына сай мазмұны жағынан  байи түсті, жаңа түрге ие болды, жаңа стиль қалыптасты. Қайта өрлеу дәуірі туғызған қайраткерлер жан-жақты білім алған ғылым мен мәдениеттің сан-салаларынан хабары мол, шын мәнінде сегіз қырлы, бір сырлы  жандар болды. Қайта өрлеу дәуірі суретшілері анатомия, археология, математика, философиямен терең шұғылданды. Сөйтіп ренессанс шеберлері көркемдік мәні терең реалистік өнер үлгілерін болашақ ұрпақтарға тарту етті.

Жалпы Италияның Қайта өрлеу дәуірі, негізінен екіге бөлінеді, ХҮ ғасырдағысы алғашқы қайта өрлеу, ал кейінгі ХҮІ ғасырдағысы жоғарғы қайта өрлеу дәуірі деп аталады. Ерте немесе алғашқы қайта өрлеу дәуірінің негізгі дамыған жері, орталығы-Флоренция болды. Ол кейіннен ХҮІ ғасырда Римге ауысты, сонымен қатар Венеция да үлкен роль атқарды. Ең бірінші негізгі түбірлі өзгеріс сәулет саласында болды. Сәулетшілер Италияда етек жайған романдық және готикалық стилден біржолата бас тартты. Антикалық сәулеттің бағытымен, соның әсерімен күмбезді сарай-ғимараттар, діни ғибадатханалар тұрғызу әдетке айналды. Сол кездегі сәулет өнерінің негізгі үлгісі антикалық Римдегі Пантеон болды.

Қайта өрлеу дәуірінің ең атақты ғимараты-Әулие Петр күмбезі(Римде). Бұл ғимаратты жүз жылдан астам уақыт бойы тұрғызды. Құрылысқа басшылық еткен ондаған басшылар мен сәулетшілердің ішінен ғимараттың алғашқы жобасын жасаған сәулетшілер Браманте (1444-1514) мен Микеланджело есімдерін ерекше айтуға болады. Күмбездің бір ерекшелігі-сәулетші Микеланджело ғажап ойластырған 132 метрлік биіктіктегі өте зор күмбезі. Сонымен қатар күмбез өзінің ғаламат есепке құрылған тепе-теңдігімен, айналамен жымдасқан сәйкестігімен адамды тәнті етеді.

Қайта өрлеу дәуірі ғимараттары бағаналармен, пелястрлермен, арыстан басы немесе сәби мүсіндерімен, гүлдерден жасалған гипсті гүлдестелермен көмкерілді. Терезелерінің жоғарғы ернеулері жартылай арка түрінде жасалынатын болды. Осы кезеңде, әсіресе сұңғат өнері өзінің бұрын-соңды болмаған биігіне көтерілді. Қайта өрлеу дәуірі өнерінің алғашқы қарлығаштарының бірі-ХІҮ ғасырда өмір сүрген, готиканы бастан өткізіп, жаңа ағымға жол салған ұлы суретші Джотта (1270-1337) болды. Суретші Флоренция маңайындағы Веспиньяно қалашығында дүниеге келді, кедейшіліктің зардабын көрген көп балалы семьяда өмір сүрді. Сол кездегі әйгілі суретші Чимабуэ Джоттаны өзіне шәкірт етіп алады. Джотта күндіз-түні тыным таппай еңбектеніп, ұстазынан мол білім алады.  Сонымен қатар ол Флоренциядағы Әулие Мария Новелла шіркеуіндегі бейнелеу өнерімен, Римдегі антикалық өнермен жан-жақты терең танысады. Римде жүріп «Новичелла» атты мозаикалық шығармасын жазады. Джоттаның атағын шығарған еңбегі – «Иуда ишараты» жұмысы. Ол сонымен қатар сәулетші де болды. Өзінің басқаруымен салынған 84 метрлік әппақ мәрмәр тастармен  көркемделген Кампанша ғибадатханасы осы күнге дейін сақталған.

Осы дәуір суретшісі, мүсіншісінің бірі- әйгілі Донателло (1386-1466). Ол да Флоренцияда дүниеге келген. Ауқатты семьядан шықса да жоқшылықты, жетімдікті көп көрген. Әйгілі мүсінші Лоренцо Гиберти шеберханасында мүсін өнерінен тәлім алып, жұмыс істеген. Оның атын шығарған шығармасының бірі-Давид мүсіні. Бұл кейіпкер еврейлердің інжіл-діни кітабынан алынған. Аңыз бойынша  Саул патшаның еліне қырық күн бойы қырғын салған, өзін ешкім жеңбеген қанішер Голиаф деген сұсты батыр болады. Елді қанқақсатқан Голиафқа қарсы шығар ешкім болмайды. Сол кезде қарапайым бақташы бала-Давид патша сарайына келіп: «Голиафқа қарсы  мен шығамын!»-деп, өз тілегін білдіреді. Ақсүйектер оны келеке қылып күледі, бірақ та ақыры амалсыздан бала тілегін қабылдауға мәжбүр болады. Буыны қатпаған жас бала алпауыт, әккі, күш тәңірісі Голиафқа жекпе-жекке шығады. Қолына тек таяқ пен сақпан ұстайды. Баланың бұл мазағына долдана ыза болған Голиаф оған тарпа бас салады. Сонда бала тас салған сақпанды айналдырып келіп, жауына қарсы тартып жібереді. Өткір тас сарт етіп Голиафтың маңдайына тиіп, бас сүйегін күлпарша етеді.    Донателло шығармасына арқау болған осы аңыздағы Давид ерлігі шынайы қалпында мүсінделген. Тыр жалаңаш бейнелеу Қайта өрлеу дәуіріндегі өнердің айрықша жаңалықтарының бірі еді. Осы дәстүрді бір ғасыр өткен соң атақты мүсінші, әрі суретші Микеланджело одан әрі дамытты.

Алғашқы қайта өрлеу дәуірінің мүсіншісі, өнер тарихында өзінің ізін қалдырған шебердің бірі-Андреа дель Верроккью (1435-1488). Ол Донателлоның шәкірті жолын жалғастырушысы болды. Оның атақты жұмыстарының бірі-аттылы мүсін ескерткіші-әскери қолбасшы, полковник Коллеониге тұрғызылған шығармасы (Венецияда). Верроккьюдің бұл жұмысы өзінің ұстазы Донателлоның осы тектес аттылы мүсіні-Гаттемеллат мүсінінен біраз ерекшелігі бар. Верроккьюдің ескерткіш мүсіні өте тәкаппар, айбынды, өзінің қатыгездігімен көзге түседі, ал Донателло кейіпкері байсалды, салмақты кейіпте бейнеленген.

Қайта өрлеу дәуірінің алғашқы қарлығашы-Джоттадан кейін бір топ талантты сұңғатшы суретшілер өмірге келді. Олар өздерінің жұмыстарында көбінесе табиғатқа деген құлшыныстарын білдірді, кеңістік, жарық пен көлеңке байланыстарын бояу арқылы беруді меңгерді. Сонымен қатар адам мен табиғат құбылысын керемет жымдастыра, байланыстыра білді. Сол кездегі белгілі қылқалам шебері  Мозаччо болды. Мазаччо қажымай-талмай жұмыс істеп, өнердің тылсым сырларын Джоттадан үйренді. Ол ұлы суретші Джотто болған жерлердің бәрін аралап, оның шығармашылығымен түпкілікті, жан-жақты танысады. Сонымен қатар ол мүсінші Донателло мен сәулетші Брунелескимен шығармашылық байланыста болады, солардың ақыл-кеңестерін зердесіне тоқып өседі.

Мазоччо шығармашылығының өзіндік бояуын танытқан тұс- Бранкачи капелласын көркемдеу тұсы. Флоренциядағы көне шіркеуді білмейтін жан ілуде біреу болатын. Осындағы екі фресканы Мазаччо 1427 жылы ешбір көмекшілерсіз жалғыз өзі салады. Оның біріншісі-«Жұмақтан аластату», ал екіншісі-«Динарий ғаламаты» жұмыстары.

Мазаччо шығармалары бейнелеу өнерінде жаңа дәуірдің көш басшысы іспеттес. Бранкаччи капелласы Италия суретшілерінің көптеген ұрпақтары үшін тәжірибе мектебі болды. Боттичелли, Леонардо, Рафаэль, Микеланджело сияқты атақты өнер шеберлері осында жиі келіп, көп уақыттарын Мазаччо фрескаларымен танысуға арнады, оның жұмысынан үлкен рухани шығармашылық күш алды. Мазаччо өте қысқа өмір сүрді. Ол 1428 жылы Римде қайтыс болып, не бәрі 28 жыл ғұмыр кешті, бірақ өмір тарихында өшпес із қалдырды.

Суретші Мазаччодан кейін іле-шала бір топ қылқалам шеберлері шықты. Олар: Фра-Беато Анжелико, Паоло Учелло, Сандро Боттичелли (1441-1510) болды. Осылардың ішіндегі ерте қайта өрлеу дәуірінің қыл қалам шеберлігінің шыңына жеткені-шебер Сандро Боттичелли болды. Ол әсіресе сұлу да әдемі мадонналарды жазумен әйгіленді. Сондай жұмыстардың бірі-«Венераның тууы» картинасы. Мұнда суретші сұлулық пен махаббат құдайы-Венераның кейпін, әдемі қимыл-қозғалысын шебер бере білген. Тағы ғаламат сұлу қозғалыс, иірім, гармония бар. Көз алдыңда керемет бір әуенмен тербеліп, теңселіп тұрған үш қыздың бейнесі. Дене бітімі, сәйкестік-заңдылығы керемет білгірлікпен берілген.

Оқытудың техникалық құралдары: интеракт. тақта, проектор т.б.

Оқытудың әдістері мен түрлері: проблемалық, баяндау, сұрақ-жауап

Деңгейлік тапсырмалар:

  1.Қайта өрлеу дәуіріне тән ортақ сипаттар

2.Қайта өрлеу дәуірінің атақты қыл қалам шеберлері не себептен өз     шығармаларында әйел сұлулығы мен  балалы ана бейнесін дәріптеген?

3.Қайта өрлеу дәуірінің атақты қыл қалам шеберлері , олардың әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосылған шығармалары.

  1. Қайта өрлеу дәуірінің сәулет өнеріндегі ерекшеліктері.

5.«Гуманизмң терминінің мәнін қалай түсінесіз?

СӨЖ тапсырмалары: Жалпы Италияның Қайта өрлеу дәуірі.  Қайта өрлеу дәуірі суретшілері өнеріне байланысты слайд жасау.

ОБСӨЖ тапсырмалары: Қайта өрлеу дәуірінің суретшілері және сәулетшілерінің айрықша жаңалықтары

  1. Қайта өрлеу дәуірінің ең атақты ғимараттары
  2. Қайта өрлеу дәуіріндегі сәулетшілер

Пайдаланған әдебиеттер

  1. Очерки истории материальной культуры и дизайна Турганбаева Л.Р..-Алматы: ФСК, 2002.-448 с
  2. Мәдениеттану (барлық  мамандықтардың студенттеріне арналған). Оқу құралы. Аманжолова М.К., Беркінбекова А.М., Әбілқасов Ғ.М. Қарағанды: ҚарМТУ, 2004. 117 б.
  3. Мәдениеттану: жоғарғы оқу орнындары мен колледж студенттеріне арнлған оқулық Алматы: Раритет, 2005.- 416 бет
  4.  Искусство и пространство// Времия и бытие. Хайдеггер М. -М.:Республика,1993.-с.312-316
  5. Тұрғанбаева Ләйлә Рымбекқызы. Заттар дүниесінің сыры   Алматы, 2011.- 492 б.
You May Also Like

Микробиология пәнінің даму тарихы, микроорганизмдер. СӨЖ

ЖОСПАР: І КІРІСПЕ 1.Микробиология пәні және мiндеттерi ІІ НЕГІЗГІ БӨЛІМ 1.1 Медициналық…

Эндодонтиялық практикада коффердамды қолдану, СӨЖ

СӨЖ Тақырыбы: Эндодонтиялық практикада коффердамды қолдану Жоспары: Эндодонттық практикада коффердамды қолдану принциптері;…

Бедеу некені емдеудегі заманауи қосымша репродуктивті технологиялар, СӨЖ

СӨЖ Тақырыбы: Бедеу некені емдеудегі заманауи қосымша репродуктивті технологиялар. І.Кіріспе ІІ.Негізгі бөлім…

Әйел жамбас астауының,жыныс мүшелерінің клиникалық анатомиясы, СӨЖ

Тақырыбы Әйел жамбас астауының,жыныс мүшелерінің клиникалық анатомиясы Босану жолдарының негізін жамбас қуысы…