Елдің материалдық мәдениетін көрсететін, тұрмысында қолданған заттарын саралау арқылы көптеген мәнді ақпараттар алуға болады. Музей экспозициясы мен қорындағы теріден және ағаштан жасалған ыдыстар жиынтығы халық шеберлігін ғана көрсетіп қоймай, дәстүр жалғастығын да бейнелейді.

Қазақтардың мал сүт өнімдерін өңдеп, сақтауға арналған теріден жасалған ыдыстарының қоршаған ортаға, күнделікті тұрмыстағы талаптарға сай өзіндік технологиямен жасау дәстүрі, шеберлігі бары белгілі. Халқымыздың ежелден келе жатқан тері өңдеу дәстүрін өз қажеттігіне жаратып, тіршіліктің әр жағдайына бейімдеп ыдыстарды жасап, қолдана білген. Қазіргі кезде жаңа өмір салты, өндірістің жаңа өнімдері сол бір ерте заманнан күнделікті өмірлерінде, жауынгершілік заманда кең қолданған заттарының қазіргі кезеңде ұмытылып, тек музейлерден көру мүмкіндігін қалдырып отырғандай. Халық шеберлері қазіргі кезде атадан мұра болып қалған тері ыдыстарды жасау дәстүрлерін насихаттап, жариялауда. Ал, музейдегі көненің көзі XVIII-XIXғғ. қолданыста болған теріден жасалған ыдыстар жинағына шолу жасап, жасалу технологиясы мен ел арасындағы аталуына тоқтап өткен жөн болар. (Қазақ Совет энциклопедиясы. Т.6. Алматы, 1975. -598-бет )

Жылқы, түйе, қой, ешкі, сиыр, т.б. мал түрлерін өсіріп, олардың өнімдерін тіршілігінде өңдеп, жарата білген халқымыздың сол өнімдердің бірі – сүтті өңдеп, сақтап, қолдануда тері ыдыстардың неше түрлерін жасай білген. Аталған терден жасалған ыдыстардың бірін кк 2778 нөмірлісінің атауын – шүмегі бар тері ыдыс бие шелек деуге болады . Бұл теріден тігілген, биіктігі-23 см, диамерті-30 см, шүмегі бар ыдыс. Бие сауу үшін сыртқы сипаты шәйнек секілді, түйенің мойын терісінен тігілген ыдысты қолданған. Мұндай ыдыс асау жылқыны сауған кезде өте ыңғайлы болған, себебі сауылған сүт дыбыссыз ыдысқа құйылған.

Музейдің теріден жасалған ыдыстар коллекциясындағы бұл ыдыс үш бөлікке бөлінген теріден түбі, сыртқы бөлігі және шүмегі жеке-жеке пішіліп, сонан соң біріктіріліп тігілген. Бие шелектің ернеуі сыртына қарай қайрылып тігілген, ескі, жамаулары бар.

Аталмыш жинақтағы кк 2779 нөмірлі ыдыстың биіктігі–35 см, түбінің диаметрі–26 см, ернеуінің диамерті–25 см. Мал терісі екі бөлікке бөлініп, түбі және сыртқы бөлігі жеке пішіліп, сонан соң біріктіріліп тігілген, ернеуі сыртқа қайрылған. Мұндай формадағы су құятын, тозбайтын үлкен ыдыстарды, көбіне түйенің мойын терісінен жасағандықтан түйемойнақ деп атаған екен. Сонымен қатар, бұрын алғаш құда түсіп, құйрық-бауыр жегенде көнек шелекті алып, тоқылдатып құдалардан кәделер алатын болған сыртқы формасы бойынша бұл ыдыс түйемойнақ, көнек деп аталған ыдыстарға сай келеді. Бұрынғы кезде халқымыз түйе ұстайтын аудандарда түйе терісін кең қолданған жағдайда суға, сұйықтық құюға арналған мұндай ыдысты түйемойнақ десе, түйе малынан басқа мал түрлерін ұстаған аудандардағы ел арасында көнек деп кең аталған.

Осы жинақтағы кк 2780 нөмірлі теріден жасалған ыдыстың биіктігі–50см, ернеуінің диаметрі–19,5 см, түбінің диаметрі–23 см. Ыдыстың түбі, сыртқы бөлігі бөлек пішіліп, тігілген. Төменгі бөлігінің ені жоғарғы бөлігіне қарағанда кең. Ыдыс жоғарғы бөлігіне қарай тарыла түскен. Ернеуінің жиегінде жіп өткізуге арналған екі тесік бар. Май алуға арналған ағаш күбіге ұқсас деуге болады. Бұрынғы кезде қымызды тасу үшін екі шелекке дейін сусын сыятын сүйретпелер болған.

Этнографиялық деректерге сүйенсек, оны ірі қараның, жылқы, түйенің мойын терісінен жасаған сүйретпелер, серкенің толық өңделген терісінен істелген местерді қымыз, май, айран, шұбат сақтауда, алып жүруде қолданылған . XIII ғасырдағы Рубруктың шығармасында бие саууға, қымыз, май, т.б. заттарды дайындау, сақтауға, қолдануға байланысты деректер кездеседі. Қымыз, құрт, май сақтауда теріден жасалған ыдыстарды қолдану, бие сауу туралы айтылады. Мұндай теріден жасалған ыдыстар көптеген ғасырлар бойы тұрмыста кең қолданылып, қоршаған ортаның, тіршіліктің жағдайына бейімделе, өмірдің талабына сай тамақ өнімдерін сақтау мен өңдеуде ең тиімді әдістерді игере білген елдің материалдық мәдениетінің дамыған бір көрінісін береді.

Теріден жасалған келесі кк 2753 нөмірлі ыдыстың биіктігі — 17 см, ернеуінің диаметрі- 9 см, түбінің диаметрі — 10см. Тері ескірген, ыдыстың ернеуі қайрылып, оған жылқының қылынан өріліп, тұтқа бекітілген. Ыдыстың түбі бөлек, сыртқы бөлігі бөлек пішіліп, жіппен тігілген. Мұндай кішкентай, су, сұйықтық құюға арналған ыдысты «топтай», «құты» деп атаған [1]. Аталған ыдысты күнделікті тұрмыста сүт, қымыз, шұбат құюға пайдаланған.

Теріден тігілген келесі кк-2752 нөмірлі ыдыстың биіктігі -42 см. ‡ш бөлек пішілген теріден тігілген, аузында ағаштан жасалған тығыны бар бұл ыдысты – торсық деп атаған. Торсық – ежелден келе жатқан қазақ халқының, жалпы түркі халқының қымыз құятын ыдысы. ¤здеріне тән өмір салтына сай  ыңғайланып жасалған бұл ыдыс талай-талай ғасырлар бойы елдің көшіп-қонған кездерінде, жорықтарда батырдың жанында жүретін жанторсығы болды. Әсіресе мал шаруашылығымен айналысқан қазақ, қырғыз, түркімен, қарақалпақ халықтары кең пайдаланған бұл затты жасауда негізгі қолданылған материал – тері болған. Торсықтар әр түрлі және түрлі сыйымдылықта жасалып отырған. Басқа да теріден жасалған ыдыстар секілді торсықты түйе, өгіз, т.б. мал терісін өңдеп, тігетін болған. Торсықтың сыймдылығы әр түрлі 3-8 литрге дейін сусын құюға болатын, ыңғайлы ыдыс болған.

Аталған заттардың бәрі теріден жасалған. Көшіп-қонуға, қозғалыстағы өмір салтына ыңғайлы жеңіл, сынбайтын бұл ыдыстарды жасау үшін арнаулы терілерді өңдеп, ыстаған. А.И.Левшин өзінің зерттеуінде көшіп-қонғанда, жол жүргенде қазақтардың Орта Азияның басқа да халықтары секілді толық қой терісінен тіккен, ұзақ уақыт бойы, ыстық күнде су салқын күйінде жақсы сақталатын торсық, местерді қолданғанын, қазақ ордасында әр түрлі көлем мен сипаттағы теріден ыдыстар жасалғанын айтады. Ыдысқа арналған терілерді арнайы түрде жақсы бапталға, соғымдық мал терісінен дайындаған. Теріні ашыған айранға салып, жұмсартқан, сырықтарға іліп кептірген екен. (Байпақов К.М., Смағұлов Е.А. Ортағасырлық Сауран шаhары. Алматы, 2005. –202 бет. )

Бие шелекті бие сауғанда қолданып, кейіннен ыдыстағы сүтті басқа ыдысқа құйып алып отырған. Бұл ыдысты бие сауу кезінде қолданған болса, түйемойнақ, көнек, сүйретпе, местерді сүт өнімдерін сақтап, тасуда кең пайдаланған. Музей коллекциясындағы қазақтардың сүт өнімдеріне қатысты теріден жасалған бұйымдар қазіргі заманда қолданыстан шыққан, өзіндік бір жасалу шеберлігіне ие құнды, халық өнерінің, даналығының ерекше бір туындысы болып табылады. Малдың сүт өнімдері үшін пайдаланылған тері ыдыстарды жасау, өңдеу үшін қажетті шикізатты, өңдейтін заттарды осы мал шаруашылығының өнімдерінен алды деуге болады. Яғни, қоршаған орта, табиғат өңдеуге қажетті заттарды өзі беріп отырған. XIX ғ. екінші жартысында 1871-1872 ж.ж. Түркістан өңірінде болып, суретке түсірген А.Л.Кунның таңдаулы суреттер жинағында тері өндірісіне байланысты қызықты деректер кездеседі. Осы көптеген суреттер жинағын қамтыған «Түркістан альбомдарында» теріні айранға салу, ашыту, тазарту, ыстау, кептіру процестеріне байланысты фотосуреттер қамтылған. Дәстүрлі қолөнер түрлерінің бірі — теріні өңдеу, бұйымдар жасаудың дамығанын байқауға болады.

Қазақтар жыл мезгілін, табиғаттағы жануарлар және өсімдіктер дүниесіндегі тері ыдыстарды өңдеуге қолданылатын аса қажетті түрлерін аса үлкен білгірлікпен, талғаммен қолданып ұқсата білген.

Музейдің этнографиялық кешеніндегі ағаш ыдыстар жиынтығы да ертеден келе жатқан дәстүр жалғастығын бейнелейді. Ағаш ыдыстарды табақ, керсен, қасық, ожау, кесе, шара деп жіктеуге болады. Сонымен бірге кезінде «Халім» деп аталған асты дайындағаннан соң келушілерге үлестіру үшін қолданылған астаулар да ағаштан жасалған. Аталған ағаш бұйымдар ешбір өрнексіз, қарапайым түрге ие. ¤зінің тұтынушысы үшін көптеген жылдар беделінде жұмыс істегенін байқауға болады. Ағаш бұйымдарды тұтыну ерекшелігіне қарай тамақ салатын және сұйықты құятын деп екі топқа бөліп қарастыруға болады. Мал өнімдерін тұтынған елдің етті көп қолданылғаны белгілі. Осы жүйені негізге ала отырып, аталған ағаш ыдыстардың табақ, керсен, шара деп аталған түрлеріне мал өнімдерін салып қоюға, тұтынуға пайдаланған. (Хозяйство казахов на рубеже XIX-XX веков . Алма-Ата, 1980.)

Суландыру жүйесінің құралдарының келесі түрі шығыр шөлмектері болып табылады. Керамикалық үш дана шығыр шөлмектері XVII-XVIII ғғ. мерзімделген. Аймақта кезінде су көтеретін құрылыс шығыр өте кең қолданылған. Егін егетін жер суландыру арықтарынан жоғары орналасқан жағдайда, сол танабқа су жіберу үшін су көтеретін құрал – шығырларды қолданған. Шығыр көптеген бөліктерден тұратын, судың немесе ірі қара малдың   күшінің  негізінде  жұмыс  істейтін   құрал   болды.  Этнографиялық зерттеулерге сүйенсек, шығырлар суды  қандай тереңдіктен алуына байланысты әр түрлі көлемде болған. Шығырдың дөңгелегіне әдетте отыз екі шығыр шөлмегі байланған және қозғалысқа келтіру үшін өгіз, түйе, есек, жылқы секілді жануарлардың күші пайдаланылды . Кей жерлерде ағыны күшті суларға орнатылғанда судың күшін қолданып отырған. Осы аталған шығыр құрылысы көптеген бөліктерден тұрған. Зерттеулерде оларды: ‡стіңгі тоғын, астыңғы тоғын, тоғын (су төгетін ыдыс), науа (су құйылатын астау) деп зерделейді. Музей экспонаттарының осы аталып отырған шығырдың шөлмегі деп отырған суландыру құралдарының түрлерін «тоғын» деп те атаған екен. Шығырдың дөңгелектерін мықты ағаштардан иіп жасаған және оған су құйылатын ыдыстарды, атап отырған шығыр шөлмектерін немесе тоғындарды бекіткен  Осы аталып отырған «шығыр шөлмектері», «шығырдың шелектері» «тоғын» деп атаған, суландыру құралының аса қажет бөлігін ілгері кездерде керамикалық бұйымдарды өңдеп, жасайтын жерлерде керамикадан жасап қолданған. Ал, мұндай керамикалық өндіріс орындары жоқ жерлерде ел шығыр шөлмектерін немесе тоғынды ағаштан, кейде теріден де жасап қолданған екен]. Ертеден-ақ шығырмен суару кең өріс алып, тоған, басарық, өзен, құдық суларының негізгі көздерін шығыр арқылы көтеріп, су бара бермейтін жерлерді суарып отырған. Егіншілікпен айналысқан ел шығырларды жасап, орнатылуын арнайы тойлап, судың мол болуын тілеген . Осыған байланысты қазақтардың егіншілікке байланысты әдет-ғұрыптарында Шығыр атасы – Әлі Шынар туралы айтылады. Мал шаруашылығымен айналысқан елде сиыр атасы, түйе атасы, т.б. туралы әдет-ғұрыптар суға байланысты шығыр атасы – Әлі Шынармен үндеседі. Мал шаруашылығы, егіншілікті дамытып, тіршілік көзі ретінде өмір сүрген елдің әдет-ғұрпында орын алды. Шығырға байланысты «Шығыр атасы — Әлі Шынарға сыйынып, сыйынбаса шығыр сынар, сыйынса қашан да Тәңір оңғарып, ісің тынар» деп Сырдың орта ағысында аса құрметтеліп, қарттардың есінде қалған . Яғни, шығырды суландыру жүйесінде кең қолданған жерлерде осындай сенімдер кездеседі. Түркістан оазисінде, егіншілікпен айналысқан жерлерде шығырдың кең қолданылғанын көрсететін археологиялық деректер, аталған кейінгі ортағасырлық керамикалық шығыр шөлмектері формасы бойынша X-XII ғғ. шөлмектермен бірдей, бірақ салыстыра қарағанда тұтқасы мен жапсырмасы жоқ, жасалу сапасы төмен, көлемі олардан кішірек, салмағы ауырлау болып келеді . Сонымен шығыр шөлмектерінің керамикалық түрінің өзі көптеген ғасырлар беделінде сақталып, қолданылып отырды. Музей экспозициясында суландыру жүйесін көрсететін кешеннің маңызды экспонаттарының бірі – кәріз құдығының діңгегін бекіткен қыш сақиналар болып табылады. Құмшық ата әулие шілдеханасының жанынан табылған бұл қыш сақиналар қайта қалпына  келтіріліп, Түркістан  оазисінде  суландырудың  кәріздік   жүйесінің дамығанын айғақтар музейдің құнды заты ретінде көз қуантады]. Музей қорына археолог М.Тұяқбаев өткізген, реставратор марқұм Қ.Қошқаров реставрациялаған бұл құнды ирригацияның кәріздік жүйесін айғақтар қыш сақиналар деуге болады. Кәріз жер асты суларын пайдалануға негізделген гидротехникалық құрылыс . Кәріздік жүйе көптеген ғасырлар бойы Орта Азияда, Иранда кең қолданылған. Мұндай суландыру жүйесін жасаумен арнаулы кәсіпкер ұсталар кәріз ұсталары немесе кәрізгендер айналысқан Кәріз негізінен екі бөліктен тұрған: құдықтар жүйесі және жер асты галлереясы. Сауран және Түркістан маңайында кәріздік жүйенің дамығанын Түркістан археологиялық экспедициясының кәріз құдықтарын тауып, зерттеулерінің нәтижесі айқындап беріп отыр [16]. Осы кәріздік жүйедегі тік құдықтың қабырғалары тастармен шегенделіп, арнайы қыш сақиналармен бекітіліп отырған. Осы қыш сақиналар кәріз құдықтарының опырылып құлауынан сақтап, ұзақ тұруына негіз берген. 2002 жылы Құмшық ата әулие жер асты шілдеханасынан кездейсоқ табылған қыш сақиналар да кәріздік суландыру жүйесінің дамуын көрсеткен материал. Зерттеушілер В.А.Грошев, К.М.Байпақов, Е.А.Смағұлов Түркістанда кәріздік суландыру жүйесінің кең дамығанын нақты зерттеулер негізінде дәлелдеп отыр. Музей қорындағы аталған материалдар Түркістан оазисінде негізінде егістіктерді суаруда, қаланы сумен қамтамасыз етуде су құбырларын, шығырларды, кәріздік суландыру жүйесін жан-жақты қолданғанын және ғасырлар бойы шаруашылықтың жоғары деңгейде өркендегенін көрсетеді. (Шалекенов У.Х., Шалекенов М.У. История и этнология народов Амударьи и Сырдарьи в XVIII-XXв.в. Алматы: Қазақ университеті, 2003. –315 с. )

Қазақ Совет энциклопедиясы. Т.6. Алматы, 1975. -598-бет

Байпақов К.М., Смағұлов Е.А. Ортағасырлық Сауран шаhары. Алматы, 2005. –202 бет.

Хозяйство казахов на рубеже XIX-XX веков . Алма-Ата, 1980.

Шалекенов У.Х., Шалекенов М.У. История и этнология народов Амударьи и Сырдарьи в XVIII-XXв.в. Алматы: Қазақ университеті, 2003. –315 с.

You May Also Like

Mathcad – қолданбалы программа пакетімен танысу

Mathcad – қолданбалы программа пакетімен танысу Mathcad – компьютерлік математикалық жүйесі. Дербес…

Нow much work values ​​differ between generations and how do they affect the work itself?

Нow much work values ​​differ between generations and how do they affect…

Математика пәнінен презентация

План ателье «Дом моды»

План ателье «Дом моды» Цель: открытие ателье по пошиву одежду в центре…