Тәуелсіздік құрдастары 

Міне, ата-бабамыз армандаған Тәуелсіздікке 25 жыл толғалы отыр. Осы уақытта дүние есігін ашқан жігіттер мен қыздар қазір қазақ елінің өркендеуіне өздерінің елеулі үлестерін қосуда. Олардың бірқатарымен жолығып, әңгімеге тартқан едік.

«Білімге сенер заманда, қапы қалып жүрмелік..»

— Мен 1991 жылғы құрдастарымды ақжолтай құтты ұрпаққа балаймын. Себебі, біз дүниеге келген жылы халқымыз сарылып күткен Тәуелсіздікке қол жеткізе алдық емес пе? Мен азаттық алған сол ұлы күннен кейінгі төртінші таңда дүниеге келіппін.  Балалық шағым Қобда ауданына қарасты Егіндібұлақ аулында басталғанымен, көп ұзамай бірінші сыныптан кейін қалаға көшіп келдік. Сол жылдардан бастап, еліміз барлық қиыншылықты да, қуанышты да өз жұртымен бірге еңсеріп келеді. Әрине, маңызды сәттер өте көп болды. Айналдырған 25 жылдың ішінде мемлекеттік рәміздерімізді анықтадық, Елбасымызды сайлап, ұлттық тілімізді өрістеттік. Бір сөзбен айтқанда, барлық қазбалы да, рухани да байлықтарымызды мемлекет игілігіне жұмсап, Қазақстан Республикасының абыройын асқақтатуға күш салдық. Сол өзгерістер жаңа бастамаларға мұрындық болды, елімізді жаңа биіктерге шығарды деп ойлаймын.

Бүгінде өзім қызмет атқарып жатқан Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдадым. Ресейде магистратураны аяқтап, Қазан қаласындағы аспирантураға түстім. Қазіргі таңда филология ғылымдарының докторы, профессор Радиф Жамалетдиновтың ғылыми жетекшілігімен кандидаттық диссертациямды жазып жатқан жайым бар.
Бүгінде әлемде болып жатқан алаңдаушылықтардың барын ескерер болсақ, азаттық қадірі көз алдымызда арта түседі. Оның құнын түсіну мен абыройын түсірмеу біздің басты міндетіміз болуы тиіс.

Өзім ғылым жолын таңдаған соң, еліме сол бағыт бойынша шама-шарқымша үлес қосуға тырысамын. Тәуелсіздік таңы күлімдеп тұрса да, мемлекетімізде әлі де болса төл тіліміз де өткір әрі өзекті мәселелердің бірі болып тұрғаны мәлім. Соған сәйкес, бұл орайда мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мен ғылыми қазақ тілінің алға жылжуында отандық тілтанушы ғалымдар мен барша филолог қауымының қосар еңбегі орасан.

Барлық буын тәуелсіздік туының тұғырлы болуына өз үлестерін қосудан жалықпасын деген тілек бар. Абылай хан бабамыз: «Білекке сенген заманда, ешкімге есе бермедік. Білімге сенер заманда, қапы қалып жүрмелік…» деген екен. Сондықтан да қазақты ұлт ретінде сақтайтын бірден-бір дүние ілім-білім, ұлттық тәлім-тәрбие, дәстүрлі дін мен діліміз дер едім.

Бағындырар белесім алда…

— Мен 1991 жылы Шалқар ауданында дүниеге келдім. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының кино және ТВ және өнертану факультетін бітірдім. Телевидениедегі алғашқы қадамым «24 KZ» телеарнасында редактор ретінде басталды.

Тәуелсіздік алған жылдары отбасымызда бірнеше маңызды оқиғалар көп болды. Мен ата-анамның тұңғышы болып дүниеге келдім. Жаңадан отбасын құрған әке-шешем сол кездегі өмірдің қиын болғандығын әлі күнге дейін айтып отырады. Отын тапшылығы, жұмыссыздық, тағы басқалары бар. Десек те, олар сол қиындықтарға төтеп беріп, ыстығы мен суығына шыдай білді. Әкем әрқашан сол кезең құндылықтарының да өзгеше болғандығын айтып отырады. Маңызды сәттер көп болды. Мектепті үздік аяқтап, олимпиадалар мен байқауларға қатысып, жеңімпаз атанған сәттерім әлі есімде. Еліміздің жетістіктерін теледидар арқылы көріп, газеттерді оқып, біліп отырдық. Ол кезде тек «Қазақстан» және «Хабар» арналары көрсетілетін. Кешкі сағат 5-те «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасы бір сағатқа қосылатын. «Егемен Қазақстан», «Ақтөбе», «Шежірелі өлке» газеттеріне жазылып, тұрақты оқырман болдық. Ал қазір телеарна, газет-журналдар өте көп. Бұның өзі – Тәуелсіздіктің сыйы.

Әрине, Тәуелсіздіктің құрдасы болу үлкен жауапкершілік жүктейді. Мемлекеттің қазір жастарға жасап жатқан қолдауы көп. Соны ұтымды пайдалану керек. Ата-бабаларымыз аңсап кеткен, батыр ұл-қыздардың қаны төгіліп, жандары пида етілген Тәуелсіздікті біз қадірлей білуіміз керек. Атақ пен абыройдан бұрын елдің дамуы жолында тер төгіп, қызметіңе адал болсаң, сол мойныңа артылған жүк пен жауапкершілікті орындай білгенің деп есептеймін.

Бос уақытымда қойын дәптерімді жазумен айналысамын. Күн ұзақ түсірілімде жүріп, талай адамдармен жүздесесің немесе қоғамдық көлікке отырып, сондағы адамдарға, іс-әрекеттеріне мұқият қарап, назар аударасың. Кешке қолым қалт ете қалғанда, сол көргенімді, ішкі түйсігімді түртіп, ойымды жазамын. Бүгін, ертең болмаса, бір күні қажетіңе жарайды. Кітап оқығанды ұнатамын.

Жаһандану заманында мақсатсыз өмір сүрмейтін адам жоқ шығар. Отбасылы болып, сәби сүйгеннен кейін мақсатым еселене түсті. Жалпы алғанда, елге елеулі, халыққа қалаулы адам болу – мақсатымның шыңы. «1 пайыз талант, 99 пайыз еңбекті» талап ететін журналистика жолындағы бағындырар белесім алда деп санаймын.

Отандық медицина дамуда

2004 жылы ата-жұртымыз қазақ еліне Қарақалпақстан Республикасынан қоныс аудардық. Ақтөбе медициналық колледжінде білім алып, бүгінде халық саулығы үшін қызмет атқарудамын.

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдармен салыстырғанда қазіргі уақыттағы денсаулық саласы айтарлықтай дамыған. Маман жағынан да, сапа жағынан да, техника жағынан да жағдай жақсарды.  Қазақстан медицинасында орын алған бір өзгеріс — Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі. Бұл бағдарлама шетелдік үздік тәжірибелерден үлгі ретінде алынды. Халық бұрын күрделі ота түрлерін жасату үшін шетел асып ем іздейтін. Ал бүгін республикалық медициналық орталықтар әлемнің үздік медициналық мекемелерімен бәсекеге түсуге қауқарлы.

Қазіргі таңда өзім қызмет атқарып жүрген Мұғалжар аудандық ауруханасында жаңадан күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұның барлығы халық игілігі үшін. Жаңадан әкімшілік, прокуратура ғимараттары салынып, құрылыс жұмыстары қарқынды дамып келеді.

Тәуелсіздіктің құрдасы болудың өзіндік жауапкершілігі бар екендігін шын жүрегіммен сезінемін. Ендігі алдыма қойған мақсатым — республикамыздың әлемдегі бәсекеге қабілетті  30 елдің қатарына қосылуына өзіндік үлесімді қосу.

Біз жанбасақ лапылдап…

— Мен еліміз егемендік алған жылдың ақпан айында Әйтеке би ауданына қарасты Жабасақ елді мекенінде дүниеге келдім. Ата-анам есімімді несібелі, ырысты болсын деген ниетпен Ақшагүл деп атапты. Міне, бүгінде қаржы саласында жемісті еңбек етудемін. Құдайберген Жұбанов атындағы мемлекеттік университетіндегі экономика факультетін  бітірдім.

Тәуелсіз мемлекеттің негізгі жетістіктерінің бірі — айналымда өз ақшасының болуы деп есептеймін. 1993 жылы Тәуелсіздік нышанының бірі — Ұлттық валюта – теңгенің шығуы болды.

Естуімше, біздің бала кезімізде мемлекетте қаржы бол­мағандықтан, кейбір зауыт, фабрикалар жабылып, жалақы төлей алмай, дүкендер босап қалған. Бала-шағасын асырау әр отбасының уайымына айналды. Осындай қиын-қыстау кезде Ұлттық валютамыз жасалып жатты.

Бүгінде туған жерім Әйтеке би ауданының барлық ауылдарында жаңадан мектептер салынды. Биылғы жылдың ең басты жаңалығы — үйлерге көптен күткен көгілдір отын кіріп, тұрғындар қуанышқа бөленуде. Мұның барлығы Тәуелсіздіктің жемісі деп білемін.

Маған тағдыр мемлекетіміздің Тәуелсіздік алған жылда жарық дүние есігін ашуды бұйырыпты. Мен мұны мақтан етемін. Ендігі үлкен істер біздің еншімізге тиетіндігін білемін. Соған өзіндік үлес қосу — менің ең басты мақсатым. Тәуелсіздіктің төл құрдасы болу екінің бірінің маңдайына жазылмаған болар. Қазір әр қадамыма есеп беріп, айналама ойлана қарайтын болдым. Буырқанған күш-қуатымды Отанымды көркейтуге, гүлдендіруге жұмсасам деймін. Арман-мақсаттарым көп-ақ… Халқымның бақытты болуын қалаймын.

Қандай қызметте болса да, әрбір жас Тәуел­сіз еліне мінсіз қызмет етуі керек. Біз жанбасақ лапылдап, елдің ертеңі не бол­мақ?!

Біз еркін елдің жастарымыз

— Бүгінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев спорт саласына айрықша көңіл бөлуде. Соңғы жылдары көптеген спорт нысандары салынды. Спортқа жаны құштар жастарға жетістіктерге жетуге мол мүмкіндіктер бар. Осы күнге дейін олимпиадада қазақ баласы еркін күрестен жеңіске жеткен жоқ. Менің ең биік мақсаттарымның бірі — көк байрағымызды желбіретер, олимпиада чемпионын дайындап шығарсам деймін. Өзім бала кезімнен күреспен айналысамын. Әкем де 20 жыл дәл осы спорт саласында еңбек еткен жан. Сол алғаш додаларға қатысып жүрген кездері әлі есімде жерге төсейтін дұрыс кілем де болмапты. Ал бүгінде жасөспірімдерге барлық мүмкіндіктер жан-жақты қарастырылған. Тек соны ұтымды пайдалану керек.

Тәуел­сіздіктің 25 жылдығы мерекесінің табалдырығында тұрып, осындай бірлігі мықты елде туғаныма шексіз бақыттымын. Егемен еліміз­дің ертеңіне қызмет етуді мақтаныш тұтамын. Туған жердің өркендеуіне үлес қосуды перзенттік парызым деп санаймын.

1991 жыл біздің отбасымызға қуаныш сыйлапты.Осыдан 21 жыл бұрын Қобда ауылында дүниеге келгенімді мақ­тан тұтамын. Себебі, дәл сол күні еліміз өз тәуелсіздігін жария еткені белгілі. Отбасында 4 адамбыз ата – анам, мен және інім.1997ж. Қобда қазақ орта мектебіне 1- ші класқа барып, 2007 ж. 9 – шы класты бітіріп шықтым. 2007 – 2010 жылдар аралығында Ақтөбе кооперативтік колледжінде «Құқықтану» мамандығын алдым. Қазіргі таңда Қ. Жұбанов атындағы пединституттың «Құқықтану» мамандығы бойынша оқып жатырмын. Ата – бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіз елдің азаматы болғаныма, дәл сол жылы өмірге әкелген ата – анама алғысым шексіз.

Елбасы Назарбаевтың сарабдал саясаты нәтижесінде Қазақстан келешекте де көк байрақты жоғары ұстап, биік белестерден көріне бермек. Оған біз де лайықты үлес қоса береміз. Еліміздің өркениетті елу мемлекеттің қатарына еркін енуіне перзенттік үлесімізді қосатындай азамат болу басты парызымыз деп есептеймін. Қашанда Қазақстанның алар асулары аласармасын. Тәуелсіздіктің құрдасы екенімді ойлағанда, көкірегімді бір әдемі сезім әлдилейді. Ол жеке басыңның қуаны­шының туған еліңнің тарихи өміріндегі айрықша сәтпен тұспа – тұс келуіне деген ризашылықтың әсері дер едім. Тәуелсіздік құрдасы болу мен үшін үлкен мақтаныш. Бұл мереке ата – бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздікке қазақтың қолы жеткен күні ғой. Біз бодандық дегеннің не екенін білмесек те, үлкендерден естіп өстік, кітаптардан оқыдық. Қазақстан тәуелсіздік алғалы 21 жыл ішінде біз ғасырлық жетістіктерге қол жеткіздік. Бұл қызыл сөз емес, анық ақиқат. Бүгінде Қазақстанды дүние жүзі таниды.

Тәуелсіздік халқымызды өзгеге кіріптарлықтан құтқарды. Мұны, біз жас ұрпақ жақсы түсінуіміз, баға­лауы­мыз керек. Тәуелсіздік – еліміздің әрбір күнінің, әрбір қадамының, қиыншылығы мен өркендеп дамуы мен табыстарының белесі, жүріп өткен жолы,тарихи шежіресі. Жыл сайын өткенге көз жібере отырып болашағымызды айқындаймыз,тәуелсіздігімізді қадірлейміз. Тәуелсіздіктің бәрімізге артар міндеті зор. Енді еңселі ел болудың жолына шындап түсуіміз керек.Әлеуметіміздің артуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда. Қазақ даласы өз бауырмалдығымен, қонақжайлығымен бағзыдан бергі бейбіт өмірдің берекелі бесігі болған, мейірімділік дәстүрінің деңгейіне айналған халқымыз қашан да ізгілік жолын ұстап, татулықты ту еткен. Кең байтақ жеріміздің байлығы да осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып бірге өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдеріне де молынан жетеді.

1991 жыл менің туған жылым, әрі елімнің тәуелсіздік алған күні. Сол жылы Қобда ауданы, Калиновка ауылында ата – бабамыз талай жылдар армандаған еркіндік, егемендік ал­ған жылы дүние есігін аштым.Отбасымда 4 адам. Анам, ағам, мен және інім.1996 ж. Қобдаға отбасыммен көшіп келдік.Өзім 1997 ж. Қобда қазақ орта мектептің алғаш табалдырығын аттап, 9 – шы класс қазақ сыныбын бітірдім. Сол жылы Ақтөбедегі Мұнай және Газ колледжіне оқуға түстім. 2007 – 2011 жылдар аралығында академиялық демалыс алып, еліміздің қарулы күштері қатарында Алматы облысы, Қапшағай қаласында № 10228 инженерлік – саперлік әскери бөлімінде Отан алдындағы азаматтық борышымды атқарып келдім. Әскерден келіп, оқуымды жалғастырып 2012ж. оқуымды бітіріп, «Жастар тәжірибесі» арқылы аудандық әкімшілікке жұмысқа орналастым. Бүгінгі таңда кеңсе бөлімінде жұмыс жасап жатырмын. Ата – анам үшін бұл күннің бір ерекшелігі – сол бақытты 1991 жыл, яғни тәуелсіздік алған жылмен бірге келіпті. Атымды – Қайрат деп ырымдап қойыпты. Иә, Тәңірдің өзі ата– анама осы жылы сыйлық жасағандай.

Еліміздің шежірелі өткені ойлантады, бүгіні, ертеңі, әрине, біздердің білуімізді, осы арқылы тәуелсіздік алған еліміздің тарихын зерттеп біліп, алда ел тынысын кеңейтуге үлес қосып, қызмет жасағым келеді. Жыл санап өмірімізге өркениеттің игілігі көптеп енуде. Мұның барлығы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көсемдігі мен көре­гендігінің нәтижесі, еліміздегі ұлттар мен ұлыстардың өзара тіл табысуы мен достығының айғағы болса керек. Қазақ елінің сан мыңдаған жылдар бойы арман еткен тәуелсіздігі бүгінгі қазақтың мақтанышына айналды. Жыл сайын болашаққа үлкен үмітпен қараған, мемлекеттің дамуына өз үлесін қоса білетін азаматтар саны артып келеді. Еліміздің дербестігі – алдыңғы қатарлы мемлекеттермен қарым – қатынас орнатуға, экономикалық, мәдени – әлеуметтік жағынан алға қадам басуына бірден – бір дәнекер. Қазақстанның көп ұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына сенеміз. Тәуел­сіздігіміздің ғұмыры ұзақ, тұғыры берік болсын. Халқымыз аман, еліміз тыныш болсын. Тәуелсіздік жылдары алған еліміздің бедел – биігі асқақтай берсін. Біз тәуелсіздіктің құрдастары осы бағыттағы қайнаған өмірдің қақ ортасында жүруге әзірміз.

Бұл менің дүниеге келген жылым ғой. 1991 жылы Ойыл ауданы, Құбасай елді мекенінде өмір есігін ашыппын. 1998ж. Құбасай мектебіне 1 – ші класка барып, 2007 ж. 9 – шы класты бітіріп шықтым. Сол жылы Ақтөбе көлік коммуникация және жаңа технологиялар колледжінде «Автоматтандыру және басқару» мамандығын алып шықтым. 2012 ж. мамыр айынан бастап «Жастар тәжірибесі» арқылы іс – тәжірибеден өтіп, қазіргі таңда «Қазпочта» АҚ байланыс операторы болып қызмет атқарып жатырмын.

Маған тағдыр мемлекетіміздің Тәуелсіздік алған жылда жарық дүние есігін ашуды нәсіп қылған екен. Мен мұны мақтан етемін. Жұбан атамыз айтқандай, “мың өліп, мың тірілген” қазақтың қалың тарихына үңілсең, талай рет тағдыры қыл ұшында тұрғанын байқайсың. Жаның түршігеді. Тағдыр­дың сын тезінен аман қалғанымызға қуанасың.Ұшқан құстың қанаты, шапқан аттың тұяғы талатын салқар даламызға, мыңғырған малына қызығып, ұлын құл, қызын күң еткісі келгендер көп болған. Құба қалмақ шауып, “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадай” жанды сыздатқан жаралар қалған кеудеде. Осыдан кейін Тәуелсіздік қазаққа оңай келді, бір оқ шығармай жеттік деп айтуға еш болмайды. Ата– баба арманына біз жеттік. Ел тарихындағы ең жұлдызды жылда тәуелсіздік таңымен бірге бүршік жаруым жүрегіме мақтаныш. Осы күндегі бүкілхалықтық қуаныш менің де шаттығыма шуақ шашады.Тәуелсіздікпен түйдей құрдас болуымды маңдайға жазған Жаратушыға рахмет. Бұл шақта бәрі алда. Ендігі үлкен істер біздің еншімізге тиетіндігін білемін.Соған өзіндік үлес қосу – басты мақсатым. Бәріміздің бір Алла жаратушымыз.Тәуелсіздіктің төл құрдасы болу екінің бірінің маңдайына жазылмаған болар.Тағдырдың сыйын бақыт құсындай мәпелеймін. Тәуелсіздік алған жылы дүниеге келгеніме сырттай масаттанып жүрем. Қазір әр қадамыма есеп беріп, айналама ойлана – толғана қарайтын болдым. Буырқанған күш – қуатымды Отанымды көркейтуге, гүлдендіруге жұмсасам деген күйдемін. Халқымның бақытты болуын қалаймын. Елім үшін еңбек етсем деймін. Асқақ елдің арманы биік, адастырмайтыны кәміл. Қандай қызметте болса да, Тәуел­сіз еліме мінсіз қызмет етемін. Жастар жалындап жанбасақ, елдің ертеңі не бол­мақ?! Мен Тәуелсіздікті осылай түсінемін. Ойдағы арман – тілегім сүйікті Қазақстанымыз гүлденіп, өркендеген сайын оған сенім нық. Еліммен бірге өсіп келемін.

Еліміз Тәуелсіздік алған жылы дүниеге келгендердің бірі менмін. Бұл жылы халқымыз еңсесін тіктеп, егемендікке қол жеткізді. Барша қазақстандықтар үшін тәуелсіздік алуымыздың өзі үлкен жетістік деп білемін, яғни дербес мемлекетте өмір сүріп отырған әрбір ұрпақ шын мәнінде бақытты деп есептеймін. 25 жыл тарих бедерінде көп уақыт емес. Бірақ бұл жылдардағы Тәуелсіз Қазақстанның қол жеткізген жетістіктерін аз деп айта алмаймыз.

Еліміздің спорттағы жеткен жеңістерімен мақтана аламыз. Өзім бала кезімнен спортқа жақын болып өстім. Қазақша күрес, самбо, дзюдо түрлеріне қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Қазақ күресінен және самбодан Қазақстан Республикасының жеңімпазы, 2007 жылы самбодан Азия біріншілігінде чемпион атандым. Бүгінде Алға ауданындағы Жарқамыс орта мектебінде аталған спорт түрлерінен шәкірттер даярлаймын. Сондықтан спорт сүйер жасөспірімдерге «Чемпион болуға асығайық» дегім келеді.

Еліміз өзінің Тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет болғалы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында көптеген игі істер атқарылды. Қиындықтар артта қалып, елдің жағдайы түзелді. Елді мекендерде ескі мектептер жаңартылып, оқушылар қуанышқа бөленді. Байғанин аудандық орталығында жаңа балабақша бой көтерді. Бүгінде туған жерім Жарқамыс ауылына көгілдір отын келді. Мұның барлығы Тәуелсіздіктің жемісі деп білемін.

Тәуелсіздіктің құрдасы болу мен үшін үлкен жауапкершілік жүктейді және соған лайықты азамат болуға тырысамын. Егемен елімізде болып жатқан күн сайынғы өзгерістер мен жетістіктерге шын ниетіммен қуанамын.

Анам — педагог. Тәуелсіздіктің ата-бабаларымыз аңсаған азаттық екенін үнемі айтып отырады. Менің түйгенім — кешегі Желтоқсан оқиғасы құрбандарының көрсеткен ерлігін мақтан тұту. Сондықтан да оларды мейлінше қастерлеуге тиіспіз деп білемін.

Тәуелсіз ел тарихы —  отаншылдықтың, ерліктің не екенін дәлелдейтін тамыры терең бай тарих. Елім, Отаным деген қасиетті ұғымдар әр азаматтың өз туған өлкесінен бастау алады. Сондықтан қай салада болмасын еліміздің жарқын болашағы үшін аянбай еңбек ету абыройлы парызымыз.

Мақсатым — әлем чемпионын дайындау

Айдос ӘБІЛҚАЕВ, Әйтеке би аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің қазақ күресінен жаттықтырушысы, қазақ күресінен спорт шебері:

— 1991 жылы Әйтеке би ауданына қарасты Құмқұдық елді мекенінде дүниеге келдім.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің денешынықтыру және спорт мамандығын тәмамдадым. Бүгінде осы салада қызмет атқарып, шәкірттер дайындауға өз үлесімді қосып келемін.

Тәй-тәй басқан егемендіктің алғашқы жылдары балалық шағыммен тұспа-тұс келді. Бұл кезеңдердің өзіндік қиыншылықтары да болды.

Жалпы ел тарихында қазақ халқының басынан азап та, аштық та, сұм соғыс та өтті. Әсіресе ХХ ғасыр қазақ халқы үшін ауыр, қайғыға толы кезеңдерімен есте қалады. 1916 жылғы , 1928-1932 жылдардағы аштық, Ұлы Отан соғысы, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы. Желтоқсан оқиғасы — еліміздің болашағы, бостандығы, егемендігі үшін болған соңғы күрес деп білемін.

Біздің алға қойған мақсатымыз — өткенімізді білетін, бүгінді түсінетін, ертеңімізге сеніммен қарайтын азамат болу. Тәуелсіздік біздің алдымыздағы жарқын болашаққа жол ашып берді. Біз сол жолдан жаңылмай алға баса береміз. Осы бақыт үшін баршамыз тәубе дейміз, осы жолда біліміміз бен білігімізді, қайратымыз бен қанымызды аямай жұмсаймыз.

Бүгінде, шүкір, бар қиындықтар артта қалып, еліміз қарыштап дамып келеді. Ауданымыздың өзінде бұрынғы жылдармен салыстырғанда біршама өзгерістер болды. Облыс орталығына қатынайтын тасжол салынып, аудан орталығында көптеген ғимараттар бой көтерді. Түрлі сауда орындары ашылды. Жуырда ғана көгілдір отын кіріп, халық қуанышқа бөленуде.

Елбасымыз спорт саласына да айрықша көңіл бөлуде. Бала кезімнен спортқа жаным құштар. 2010 жылы қазақ күресінен жастар арасында  республика чемпионатының жеңімпазы, 2010-2012 жылдары Қазақстан кубогының күміс және қола жүлдегері атандым. Әрі қарай да талмай ізденіп, елімнің ертеңі үшін қызмет етсем деймін.

Тәуелсіздік — ең басты құндылығымыз. Бұл — ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін тәуелсіздік күші — ең қадірлі күш. Бүгін Қазақстан әлем назарында, өзінің болашағынан үлкен үміт күттіретін, жері, халқы бай ел.

Бос уақытымда шахмат ойнап, кітап оқығанды ұнатамын.

Ендігі үлкен істер біздің еншімізге тиетіндігін білемін. Соған өзіндік үлес қосу – менің парызым. Сондай-ақ менің ең биік мақсаттарымның бірі — көк байрағымызды желбіретер әлем және олимпиада чемпиондарын даярлап шығару.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

You May Also Like

УМЕНЬШЕННАЯ КОПИЯ ЗАВОДА ПО СОРТИРОВКЕ ПЛАСТИКОВЫХ ИЗДЕЛИЙ

СОБИРАЕМ УМЕНЬШЕННУЮ КОПИЮ ЗАВОДА ПО СОРТИРОВКЕ ИЗДЕЛИЙ Проблема утилизации бытовых отходов известна…

Англия азаматтарының азаматтық іс жұргізуге қатысу ерекшеліктері

Англия азаматтарының азаматтық іс жұргізуге қатысу ерекшеліктері Сот бойынша қазылар алқасын құру…

Дене тәрбиесінің мақсаты мен міндеттері, сабақ үстіндегі қауіпсіздік техникасы.

Дене тәрбиесінің мақсаты мен міндеттері, сабақ үстіндегі қауіпсіздік техникасы. Жоспар. Дене тәрбиесінің…

Көлік тасымалдары және оның тиімділігі

Су көлігі       Су көлігі – энергияны пайдалануы жағынан көліктің ең арзан түрі.…