Менің туған жерім.

Уа,туған жер топырағыңнан жаралдым,

Алабыңнан арманыма нәр алдым.

Тұнығыңнан сүзіп іштім сендегі,

Алтын арай таңғы жұпар самалдың.

Әбу Сәрсенбаев

Туған жер…Туған ел…  Осы екі ғана сөзде қаншама мағына, қаншама ой жатыр десеңізші?! Қашанда халқымыз үшін ауыл – руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі, береке мен байлығымыздың бастауы екені даусыз. Ауылдың таза ауасын жұтып, тұнық суын ішіп, көркем табиғатынан қуат алып, көк жасыл желекке бөленген ауыл үйлерінің дамуы кім-кімді болса да ерекше сезімге бөлейді. Осындай ерекше қасиеттерге ие болған менің туған мекенім – асқар тауының шыңына жеткенше қыран құстың қанаты талатын, айдынды көліне шомылуға ай да құмар болған жер жәннатым – Ұялы ауылы.

Киесі мен құты бойыма бірдей дарып, шыр етіп дүние есігін ашып, мынау кең байтақ әлемге іңгәләп  келген құт мекенім- Ұялы ауылы. Алғаш басқан «тәй-тәйім», нұрлы күннен қуат алып, балдырлап шыққан бал тілім, алтын ұям- мектеп табалдырығын аттаған қуанышты сәттерім,  бәрі-бәрі осы киелі құм  Нарынның  топырағында алтын әріптермен  өрнектеліп,  сезім сырларым жүрек қойнымда сақталуда.

Туған жерім  – Ұялыдан он қадам жыраққа шықсам, туған жерге деген сағынышым бірден желкілдей алып ұшады. Таң сәрідегі бозторғай дауысы тіршілік атауларына «ұйқыңнан оян» дегендей белгі беріп, мейірімін баршаға жаратылысқа төгетін күн ұясынан сығалай қарап, таңғы шықтың жұпар иісі еріксіз мұрыныңа келіп, әр атқан күнге құлшынысыңды оятып, бір селпітіп тастайды. Жайқалған ну орманы, сарқырай аққан өзен- көлдері, алыстан мұнартқан жота – жота таулары болмаса да, мен туған жерімді бар жан- тәніммен сүйемін.

Менің туған жерімнен небір батырлар, ақын- жазушылар, қылқалам шеберлері – білім нәрімен сусындап, таза ауасымен тыныстап, «өмір» атты белестің бір көшінде сап түзеді. Бүгінде жас жеткіншектер жерлес ақын Ж.Набиуллин, ақын әрі тарихшы Х.Маданов, қылқалам әрі ақын Е.Жапақов сынды ғұламалардың еңбектерін оқып, сусындап өз елдеріне деген патриоттық сезімдері артып, әр өлеңдерін мақтанышпен жырлап жүр.

Ұшырған қанат беріп қиялыма,

Туған жер мен ғашықпын Ұялыма!

Тербетіп самал желі әлдилейді,

Ұшырып тал-терегі қияғы да, – деп  жерлес ақын ағам Хамит Маданов жырлағандай,  туған жер әр адам өмір көшіндегі өткен күнімен, бүгінімен және болашақ өмірімен байланысты болмақ. Әркімнің өз жері – өзіне жұмақ демей ме, қойнауында бірнеше жыл қатпарлары бекіген қасиетті құм нарыным- Бөкей Ордам, туған жерім –Ұялым – менің үшін жер жәннәті, жұмақ мекенім! Сенің әрбір тасың, әрбір гүлің, өзен-көлің бәрі-бәрі – мен үшін өте қымбат. Себебі, мен сенің перзентіңмін. Саған деген махаббатым өлшеусіз-ақ.

Менде сөйлер сөз болса –
Өзің берген сөзің ғой!
Менде көрер көз болса –
Өзің берген көзің ғой!

Шаттық құшқан шеруде,
Күйді өтерген өзің ғой!
Қиындықты жеңуге
Үйреткен де өзің ғой!- деп Бәкір Тәжібаев ағамыз жырға қосқандай,  мен осындай ақын ағаларымның жыр жолдарымен сусындап, қуаттанған   Егеменді елдің жас ұрпағымын. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» – деп Абай атамыз айтпақшы, кірпіші болып қаланып, ата-баба ерлігі мен  рухынан нәр алып, дәстүріне берік болып, елімнің, туған өлкемнің одан әрі өркендеп өсуіне  бар күш-жігерімді саламын. Себебі, ол – менің перзенттік парызым.

Ол үшін кемел біліммен қаруланып, ғылым мен техниканың сан қырлы тетігін меңгеріп, бүкіл әлемдік құндылықтарды бойына сіңіре алатын білімді ұрпақ болсам деп армандаймын.

You May Also Like

Ақпараттық қор

Мјліметтерге бастапќы назар аудару. XX єасырдыѕ бірінші жартысында, бухгалтерлік машиналар жјне перфо-карттардыѕ…

Экономикалық талдау шпор

ААААА Аддитивті модельдер келесі жағдайларда қолданылады:Нәтижелік көрсеткіш бірнеше факторлық көрсеткіштің алгебралық сомасын…

Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» еңбегі

Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» еңбегі Жүсіп Баласағұн «Құтты білік» шығармасын 1069-1070 жылдары…

ИФТ әдісі, оны иммуноглобулиндердің, цитокиндердің және ерігіш түрдегі рецепторлардың концентрациясын анықтау үшін қолдану мен қою принциптері

ИФТ әдісі, оны иммуноглобулиндердің, цитокиндердің және ерігіш түрдегі рецепторлардың концентрациясын анықтау үшін…