«Елдікті сақтаған ерлік» (шығарма) 

Біз – көп жылдар мен ғасырларға созылған ұзақ уақыттағы қиыншылықтардың барлығын басымыздан өткеріп, көріп келген елміз. Бүгінгі күні тәуелсіздікке қол жеткен егеменді елміз. Бұл бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабаларымыз ел үшін, жер үшін аянбай еңбек етіп, өз тәуелсіздігі жолында қиыншылықты, мұң мен зарды басынан өткізді. Осы қиыншылықтарды жеңе отырып, болашағынан үміт күтетін алып елді бабаларымыз аманат етіп қалдырып кетті. Аманаттың орындалуы дәлел болған 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы. Бұл жан түршіктірерлік оқиға – қазақ елінің тарихында, халқымыздың басын біріктіріп, бір жұдырыққа жұмылдырды. Әділетсіз шешім қабылданып, қазақ халқының ар-намысын жерге таптаған кезде, қаймықпай қарсы шыққан жастарымыздың ерлік ісі ұрпаққа жетіп отыр. 1986 жылы 16 желтоқсанда Алматы қаласында мыңдаған қазақтың қыз-жігіттері наразылық білдіріп, шеруге шықты. Олардың мақсаты – еліміздің тәуелсіздігін алу еді. «Тәуелсіз ел керек! Қазақ елі өз көсемі бар ел болсын!» – деген ниет-тілектер, шеру кезінде жастарымыздың ұранына айналды. Еліміздің ірі-ірі қалаларында көтеріліс кең тараған еді. Желтоқсан көтерілісіне қатысқан жастарымыз күннен-күнге толықсып отырды. Қайрат Рұсқұлбеков, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев, Сәбира Мұхамбетжанқызы сияқты батырларымыз өз ерліктерін көрсетіп, желтоқсан құрбандары болды.

Желтоқсан – заман, толғағы байтақ даламның,

Шарпысқан сәті үміт пен күдік наланың

Желтоқсан – Қайрат, Ләззат, Сәбира

Құрбаны болған осынау бір жаланың, – деп ақын, жазушыларымыз желтоқсан құрбандарына өз өлең жолдарын арнайды.

Жастарымыз жылдап түрмеге жабылып, кейбіреулері оқудан шығарылып, желтоқсанның ызғарлы, суық күнінде сыртта үсіп қалғандары да болды. Сол кездегі үкімет жастарымызға қандай қиыншылық көрсетсе де жастарымыз өз жолдарынан таймай, аңсаған асқақ армандарына жетті.

Қазақстан халықтарының тәуелсіздігі, олардың достығы мен бірлігі туралы айтқанда 1986 жылдың желтоқсаны ұлттық қадір-қасиеті дегенінің не екенін күллі әлемге паш еткен қазақ жастарының қаһармандығы, өз тағдырының қожасы болу құқығы үшін өмірін қиған миллион қандастарымыздың ерік-жігері ұмытылмақ емес.

Мен жаңа ғасыр, жаңа мыңжылдықтың жас ұрпағы, егеменді елдің ертеңімін. Сондықтан, жас тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасын қалаушы, «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан», – деп, Абай атамыз айтқандай, кірпіші болып қаланып, ата-баба ерлігі мен рухынан нәр алып, дәстүріне берік болып, Отанымның өркендеп – өсуіне бар күш-жігерімді аямаймын.

Ол үшін кемел де терең біліммен қаруланып, ғылым мен техниканың сан қырлы тетігін меңгеріп, бүкіл әлемдік құндылықтарды бойына сіңіре алған ұрпақ болсақ деп армандаймын. Өйткені, болашақ жастардікі. Елдің ертеңгі иесі – бүгінгі ұрпақ.

«Мен Қазақстан Республикасының азаматымын, мен қазақ топырағында туып-өстім, еліміздің өсіп-өнуі үшін қасиетті Отанымның өркендеп дамуы, гүлденуі үшін ат салысамын, аянбай тер төгемін», – деп жүз қайтара айтқым келеді. Сүйікті Отаным, жасай бер мәңгі, жайнай бер! Көгімізде бейбітшілік белгісіндей боп көгершіндер, теңдік, бостандық, белгісіндей боп қыран құстар самғап ұша берсін!

You May Also Like

Шешендік өнердің қазақтарда дамуы

Тарихы ¨Шешендiк өнер көне Римде үлкен күшке ие болды. Цицеронның мәлiмдеуiнше, республикалық…

Сүтті және сүт өнімдерін сақтауға арналған үй

Сүтті және сүт өнімдерін сақтауға арналған үй-жайларда сүт өнімдерін өндіруге (дайындауға) қатысы…

Психики человека

Оглавление Введение…………… ГЛАВА 1. Формализация оценки потенциала психики человека…………. 1.1. Инфорационная модель…

Африка құрлығы деңгейлік тапсырмалар 7-сынып бойынша

АФРИКА құрлығы (деңгейлік тапсырмалар 7-сынып бойынша)                                                                     Бүгінгі таңда ұстаздар алдында тұрған…