Мен әлемді  үнсіз қалпында  елестете алмаймын! 

Сіз өміріңізде тыныштықты сезіп көрдіңіз  бе? Біреулер оны күзгі жылы жел лебі арқылы сезсе, біреулер үшін жапырақтардың сыбдыры, ал біреулерге   шатырға тамған жауын тамшыларындай…

Әр адам үшін тыныштық – бұл физикалық құбылыс қана емес, сонымен бірге рухани ерекше тылсым. Мен үшін үнсіздік – бұл музыка. Бірақ әдеттегі музыка емес, менің жан дүниемдегі музыка.

Музыка – ұлты, нәсілі жоқ тіл. Музыканттың, әншінің басты міндеті – музыкалық өнердің қол жетімділігін, өзектілігін, маңыздылығын көрсету, оны көпшілікке жеткізу. Адамдардың өміріндегі музыкалық тәрбие – дәл қазіргі уақыттағыдай ешқашан қажет болған емес. Адамдар әлемді саңырау, жансыз техника арқылы біледі, бірақ адам – бұл дене емес, адам –  ең алдымен рух! Мұғалімдер мен психологтердің музыка саласы бойынша жүргізген көптеген зерттеулері, атап айтқанда, ерте жастан ән айтуды жүйелі түрде жүргізу балалардың  жалпы дамуында маңызды рөл атқаратындығын дәлелдеді.

Менің болашақ мамандығым – академиялық ән салу әртісі, балалар музыка мектебінің оқытушысы. Өзіме келер болсам, музыка қиялды баурап алып, адамның санасын өзгерте алатынын сезініп білемін. Егер адамдардың санасы тазалыққа қарай өзгерсе, онда олар өздері өмір сүретін әлемді жақсарта алады. Қазірдің өзінде балалармен музыка арқылы айналыса отырып, мен оларға айналасындағы әлемнің сұлулығын сезінуге мүмкіндік бергім келеді. Ән айту адамға эмпатияны, адамгершілікті, өзін – өзі танытуды үйретеді, дыбыстар арқылы көркем бейнені қабылдауға дайындайды. Адам ән айтуды неғұрлым ертерек бастаса, соғұрлым оның өзіне деген сенімділігі нығайып, әлемдегі маңыздылығын сезінеді.

Әнші болатынымды бала кезімнен түсінгендеймін. Мен өмірімді музыкасыз елестете алмаймын. Жылдар бойы табандылықпен еңбектенуім, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжіне алып келді. Күн сайын өз мамандығымның жаңа мүмкіндіктерін әр қырынан танып білудемін.

Тараз қаласындағы нашар көретін және зағип жандарға арналған мектеп  интернатында алты жастан бастап әнмен айналысуым маған көп мүмкіндіктерді ашып берді. Зағип жанның өмірі тым қиын, оған көп күш, шыдамдылық, батылдық пен табандылық қажет. Қаладағы осы мекеме мені білім жолына бастаған тұңғыш  баспалдақ болды.  Әнмен   кәсіби деңгейде айналысу үшін маған қалаға ауысуға тура келді. Алматыдағы нашар көретін және зағип жандарға арналған төртінші мектеп-интернатында Брайль жүйесі бойынша ноталық сауат ашып, бастапқы музыкалық машықтарды игере бастадым. Музыкалық білімімді ұштай түсу үшін Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжіне оқуға түстім. Мен оқытудың инклюзивті түрімен оқығаныммен, өз құрдастарымнан ерекшеленбеймін, кей жағдайларда олардан жетістіктеріммен асып түсіп жататын сәттерім де болады. Зағип адамдардың ешқандай артықшылықтары жоқ. Көзі көрмейтін адамның өмірі – әр секунд сайын күрес. Басымнан өткен қиындықтарға қарамастан өмір үшін арпалыс, өмірге деген құштарлық, менің мінезімдегі өжеттілікті қалыптастырды.

Колледж қабырғасындағы ұстаздарым менің шығармашылық бастамаларыма қолдау көрсетті. Олар өз жұмыстарын кәсіби шеберлікпен атқара біледі, сондықтан олар музыкаға деген сүйіспеншілікке тәрбиелей отырып, менің  кәсіби тұрғыда шыңдалуыма  көмектеседі. Қазір білім алып жатқан жүз жылдық тарихы бар білім ордасына оқуға түскенімде, қуанышымда шек болмады. Мен және менің отбасым үшін бұл мереке болды! Мұнда мен өзімді қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінемін, құрдастарыммен тең дәрежеде сөйлесемін, жаңа достар мен серіктестер бір сөзбен айтқанда музыка әлемі жайлы сыр бөлісетін өз ортамды таба алдым.

Әншілікті таңдап, музыканы арқау ету себебім, музыканы менің өз әлемім деп санаймын. Менің ойымдағы, жан дүниемдегі болып жатқан бар қиындықтар мен қайшылықтарды, қуаныштар мен шаттықтарды сондай-ақ, өмірімдегі өзгерістер мен жанымның саясын музыкадан табамын, жеткіземін. Пенде болғаннан кейін ойларым сан жаққа ыдырап, қиналатын кездерім де болады ол жағын жасырмаймын. Біреулер мұндай жағдайда тауға барып айқайлайды, біреулер ыдыс сындырады екен, ал мен сондай кезде жаныма арқау болған ән әлемінің есігін ашып, ән саламын. Бұл әлемде, яғни, ән әлемінде мен түсінетін және мені түсінетін жанымның шипасына айналған сан түрлі әуен бар.

Армансыз адам жоқ шығар сірә. Армандағанда да қиялға толы орындалмайтын армандарды армандамаймын, бұл менің ұстанымым. Бірақ  сол арманыма жету үшін нақты қадамдарымды нақтылауды жөн көремін.

Менің арманым – өз өңірімізде нашар көретін және зағип балаларға арналған музыка мектебін ашу, онда мен өз білімім мен дағдыларымды оқушылардың дүниетанымын өзгертуге және болашақта қоғамға пайда әкелетін азамат қалыптастыруға  жағдай жасар едім. Өйткені мұндай балалар оқыту мен тәрбиелеуде ерекше көзқарасты қажет етеді, олардың жандары өте нәзік, мен олардың болашақтан қорықпағанын,  өмірден өз орындарын тауып, сүйікті мамандықтарының иесі болғандарын қалаймын. Арманымды жүзеге асыру үшін музыкалық білімімді жалғастырғым келеді, кәсіби ән айтуда  әлемдік деңгейге жету үшін жоғары білім алғым келеді.

Мен өз шеберлігім арқылы қазақ ән өнерінің дамуына өз үлесімді қоссам деймін. Қазірдің өзінде қоғамдық іс-шаралардан тыс қалмаймын, колледждің, қаланың шығармашылық өміріне белсенді қатысамын. Колледжде оқып жүріп, халықаралық, республикалық, облыстық, қалалық деңгейлерде өткізілетін кәсіби шығармашылық конкурстарға жиі қатысамын. Атап айтқанда,  республикалық «Үздіктер әлемі» онлайн байқауында «Вокал» номинациясы бойынша Бас жүлде, халықаралық «Жасдарын «байқауында «Ән салу» номинациясы бойынша бірінші орын, «ХХІ ғасыр таланты» халықаралық байқауына қатысып, бірінші орын алдым. Мен мұнымен тоқтап қалмай, бар мүмкіндіктерімді, талантымды, күш-жігерімді жоғары білікті маман болу жолына арнаймын. Қазір мен колледжді табысты аяқтап, өз елімнің мәдениетін өркендетуге қызмет еткім келеді. Бүгінгі күннің жаңа толқыны – біз – талантты жастармыз. Елдің болашағы қандай болатыны бізге байланысты. Біз өзіміздің ғылыми идеяларымызды іске асыруға, тамаша білім алуға, шет тілдерін үйренуге, адами жағымды қасиеттерге ие болуға, салауатты өмір салтын ұстануға тиіспіз. Еліміздің болашағы бізге байланысты екенін біле отырып, біз, жастар, қоғамымыздың гүлденуі үшін күш-жігерімізді аямауға тиіспіз. Табанды еңбек етіп, жұмыс істеп, барлық жаңа технологияларды үйреніп, барлық білімімізді еліміздің одан әрі дамуы үшін пайдалануымыз керек. Осы мақсатта біздің өңірде жаңа оқу орындары, үйірмелер және жүздеген басқа білім ордалары ашылуда, сол білім ошақтарында  біз  уақытымызды тиімді пайдаланып, білімімізді шыңдап, ән айтамыз.

Конфуцийдің  «Сіздің қанша іс істегеніңіз маңызды емес. Маңыздысы –

қаншалықты пайдалы болғандығында», – деген сөзін үнемі жадымда ұстаймын. Менің өмірімнің мәні – адамдарға қуаныш сыйлау, оларға күйбең тірлікті сәл де болса ұмыттырып, күнделікті уайымнан алшақтатып, «ән» деп аталатын  керемет өнердің ләззатына бөлегім келеді.

Ариялар, романстар мен әндерді орындау өзіңмен өзің болуға  және өз сезімдерің мен эмоцияларыңды жеткізуге мүмкіндік береді. Мен қанша ән айтсам, Құдайға маған сыйлаған еркіндігі үшін сонша ризашылығымды білдіремін. Ән салып тұрған адам ішкі жан дүниесі алаулап, залға жарық сыйлайды. Бұл жарық-жылулық өзіне залдан сан есе болып қайтады. Менің ойымша, әлемде мұндай энергия көп болуы керек. Өйткені, адам ән айтқан кезде, жаман ештеңе ойлай алмайды. Ол шығармашылықпен айналысады, оның миы тек жарқын әлемге бағытталған.

Сахна бұл жай ғана рақат емес, бұл –  бүкіл әлем. Әр адам сахнаның қай жағында шынайы болу керектігін таңдайды, маған дейін не болды? Мен өз таңдауымды жасадым.

Мен жаңбырдың иісін алғашқы тамшылар түскенге  дейін сеземін, бірақ мен оларды көрмеймін (Сидни Уэлш).

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

You May Also Like

Екіншілік минералды ресурстар – косымша резерв, дәріс

Дәріс №9. Екіншілік минералды ресурстар – косымша резерв Сонымен өнеркәсіп пен түрмыс…

Ш.Мұртаза шығармашылығындағы соғыс тақырыбы

Ш.Мұртаза шығармашылығындағы соғыс тақырыбы. Шерхан Мұртаза 1932 жылы 28 қыркүйекте Жамбыл облысы,…

Өнімнің сапа көрсеткіштерінің жіктелуі, дәріс

Дәріс №4 Өнімнің сапа көрсеткіштерінің жіктелуі Мақсаты: Студенттерді өнімнің сапа көрсеткіштерінің жіктелуімен…

Жүктіліктен соң құрсақ терісі созылса

Сіз бұл бетке енді келіп тұрған болсаңыз, осыны басыңыз! 1 стакан суға…