Жақсыбаева Аружан Жасұланқызы

«Абай мұрасының маңыздылығы»

Қазақ әдебиетінің үлкен бір саласы қандай? Әрине, Абайтану. Еліміз тәуелсіздік алғалы кемеңгер ақынды танудың аясы кеңіп, ұлттық мұраттарға бағытталған жаңа бір бағдарламалар жүзеге асуда.

Абайды бүкіл әлем кім деп таниды? Абай Құнанбайұлы – қазақтың бас ақыны, ағартушы , қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер. Мен Абайды – қазақ руханиятын бірінші орынға қойған дана да, дара тұлға деп білемін. Бұл сөзіме қазақ елінің көзі ашық әрбір азаматы қосылатынына сенімдімін.

«Абай шығармаларының барлық қор нәрі үлкен үш арнадан құралады. Бұның біріншісі, ең молы-қазақтың халық әдебиетінің мұра-тумалары, екіншісі- шығыс әдебиетінен келген және ең аз сезілетін белгілер. Үшіншісі-Абайды мәдениетті, үлкен аңғарлы зор ақын етіп көрсететін батыс әдебиетінің үлгі-өрнектері»,- деген екен М.О.Әуезов.  М.О.Әуезовтің бұл құнды пікірін бүгінгі абайтанушылар темірқазық етіп келе жатыр. Осы пікірдің астарында ғұлама жазушының айта алмай, ішке бүккен сыры уақыт өткен сайын анықтала түскендей.

Бүгінгі мақаламда М.О.Әуезовтің ең молы деп көрсеткен дерегін зерттеп, ұсынбақпын. Ұлы Абайдың шығармашылық мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазынасы екені мәлім. Неліктен? Себебі, Абай мұрасында қазақ руханиятының орны тереңірек көрсетілген.

Абайдың өмірінің 17 жылы болыс болумен өткені белгілі. Бірақ, кейіннен бәрінен бас тартқан. Абайдың мынадай өлең жолдары осы тұста еске түседі:

Түбінде баянды еңбек егін салған,

Жасынан оқу оқып, білім алған.

Би болған, болыс болған өнер емес,

Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған.

«Түбінде баянды еңбек егін салған» деп Абай сол кездегі қазақты отырықшылыққа шақырған.  Егер ол сол 17 жылдан кейін болыстықтан бас тартпаса, Абайдан өлшеусіз мұра қалмас еді. Яғни, менің ойымша, Абайдың «би болған, болыс болған өнер емес» деген сөзі дұрыс.

Азаматтық позицияға тоқталатын болсақ, Абай:

«Мазлұмға жаның ашып, ішін күйсін,

Харекет қыл, пайдасы көпке тисін.

Көптің қамын әуелден Тәңірі ойлаған,

Мен сүйгенді сүйді деп иең сүйсін», – дейді. Мұндағы «Мазлұм» деген сөз «Зұлымдыққа ұшыраған адам» деген мағынаны білдіреді. «Харекет қыл» дегені, көпке пайдалы іс істе дегені.  Осыдан ақ, Абай мұрасындағы қазақ руханиятының орнын көре аламыз. Абай өзінің өмір жолында «Өзі болайын деп тұрған адамдарға» көмек қолын созған. Ол ондай адамдарға көмектессең, «Қоғам өседі» деп білген. Ал қазір бұл сөздер шындық па? Әрине, «Өзі болайын деп тұрған адамдар» өсетін болса, көпті жөнге салады, үйретеді, жол нұсқайды. Қазақ елі осылай биіктерге жетіп келе жатыр деп білемін.

Абай «Тобыр болсын, тобыр болмасын, көп ит болсын, көк ит болсын, қандай жағдайда да сен әділеттен ауытқымауың керек» дейді.  Абайдың азаматтық позициясы осындай. Абай адамдардың бойына рухани құндылықтарды сіңіруге тырысқан. Рухани құндылықтар өмірге мағына береді, болашаққа жол ашады. Осыны жеткізген.

Абайдың тұтас мұрасы-адамды жасампаздыққа шақырады. Абайдың «қара сөздерінің» ғақлия екені өз алдына, сонымен қоса ол тұтас ұлттың психологиясы екені өз алдына. Сол психология өзгермей, ұлт алға жылжымайтынын ұлы Абай білген. Осы тұста еліміздің тұңғыш президентінің сөзін еске алған жөн. «Абайдың әуелден-ақ әкенің баласы болмай, адамның баласы болуды армандағаны белгілі. Адамға адамның баласының бәрін дос санады. «Біріңді қазақ, бірің дос көрмесең, істің бәрі бос» деген сөздері – шын мәнінде ұлт болып ұюымыздың негізгі шарты». Президенттің бұл сөзінен Абайдың досшыл болуға шақырғанын көреміз. Достық, сыйластықпен ғана ұлт қалыптасатыны дәлелденген. Елімізде 130 дан астам ұлт өкілдері тұрса да, бірлігіміз мығым. Себебі, Абайдың сөздерін Елбасымыздың өзі насихат еткен.

1880 жылдары Абай Көкбай Жанатайұлын жазасынан кепіл болып алып шыққан екен. Содан бастап Абайдың жолдасы болған Көкбай Жанатайұлы былай деген: «Өтірік айтпай, шынын айтатын болса, мал ұрлайтын ұры болса да сүюші еді. Ұрыдан алатын парасы – шынын айтқаны».   Бұл сөздерден қандай ой түйеміз? Билікте әділдікпен қатар, Абайдың тағы бір мінезі бар екен. Ол ерекше мырзалығы, жомарттығы, дүниеқор еместігі. «Руханият» деген осы емес пе? Абай қазақ халқын осындай мінезді болуға шақырған.  Қазақ халқының руханилығының негізі – халқының адамгершілік қасиеттері. Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңі осыған дәлел.

«Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз», – деп келетін, адам бойындағы, мінез-құлқындағы қарама-қарсы ұғымдардың сырын 7-қара сөзінде айтылатын «жанның тармағы» дейтін пәлсапалық ұғыммен салыстырып, сырын ашқан.

Абай «Толық адам» мәселесін қарастырған. Абай айтқандай толық адам болу үшін, ең бастысы ізгі іс жасау керек. Оны 38-қара сөзінде өзі айтып кеткен. Абай: «ел танымай, үй танығандар болмайды»,-дейді. «Ата-анаңның ұлы болма, халықтың ұлы бол», – дейді. Кісілік дегенді айтқанда, онда да ізгіліктің көрінісі болуы керектігін ескертеді.  Өз басым, Абайдың 38-қара сөзінен жаны жомарт адам ғана толық адам болуға мүмкіндігі барын түсіндім.

«Абай сөзінің тұңғиығына бойламай, ішін аршып, түйсінбей, сыртқы қалыбымен қабылдай салу – салғырттықтың нышаны» екенін ұмытпаған жөн. Абай мұрасының, яғни өлеңдерінің, қара сөздерінің, әндерінің тұңғиығында біздің руханиятымызды биікке көтеретін мән-мағыналар бары анық. Өзінен кейінгі жастарға өнер – білімді үйретуді Абай «ең қызықты өмірім» деген екен.

Абайды танып, белсенді игере отырып, сол кездегі қазақ қоғамының экономикалық, саяси, құқықтық, отбасылық, мәдени-тарихи, моральдық хал-жайынан айқын да толық мағлұматтар алуға болады. Абай – тек өз заманының ғана емес, сонымен қатар жалпы қазақ ұлтының рухани өмірінің, ақыл-ойының бағыт сілтеушісі.

Абайдың «Әуелде бір суық мұз — ақыл зерек» деп басталатын өлеңінде: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек»,-деген жолдары адамды елжіретеді, жүрегіне ой салады. Абайды оқыған әр адам, өз бойына бір тамаша қасиет бітіреді. Бұған тек қазақ халқының емес, өзге халықтардың да көзі жеткен.

Абай шығармалары маңызын ешқашан жоймайды. Еліміз Абайдай ұлы ақынның өзін жоғалтқанмен, оның сөзін, мұрасын жоғалтпады. Бұл мұралар ғасырдан ғасырға көздің қарашығындай сақталып, келешек ұрпақ қанжығасына байлана бермек. Бұл мұралар ұлтымыздың руханиятын дамыта бермек.

Біздің міндетіміз – Абайды зерттеу, оқу, тану. «Студент» ретінде, «Болашақ маман» ретінде Абайдың мұраларын әрдайым оқып, жаттап жүремін. Алдыма келген шәкірттеріме Абай талап еткен мінездерді қалыптастырамын.  Бүгінгі, кешегі және болашақтағы көкейтесті мәселе – жас ұрпаққа білім беру, оқыту, ізгілікке тәрбиелеу — өз кезінде Абай шығармашылығынан орын алып, мәнімен маңыздылығы айқындалған мәселе.  Шәкірттерімді Абай шығармашылығымен таныстыра отырып, адамгершілікке, білімге жетелеймін. Бастауыш сыныпта Абай шығармаларына барлығы 13 сағат бөлінген. 1-сыныпта: «Әсемпаз болма әрнеге», «Сегіз аяқ», «Күз», «Адам болам десеңіз» атты өлеңдерінен үзінді берілген. Яғни, бұдан шығатын қорытынды, 1-сыныпта бала өзіне адами мінездер туралы мәліметті толық ала алады, өзіне ой түйе алады.

2-сыныпта: «Күз», «Адам болам десеңіз», «Ғылым таппай мақтанба», «Желсіз түнде жарық ай» шығармалары берілген. Балалар бұл шығармалармен таныса отырып, өздеріне тәрбие нәрін сіңіреді.

3-сыныпта: «Шегіртке мен құмырсқа» аудармасы, «Қыс», «Жазғытұры», «Жаз» шығармалары берілген. Яғни, бала бұл шығармалармен танысып эстетикалық көркемдікпен танысады.

4-сыныпта Абайдың «Отыз сегізінші қара сөзі» берілген. Яғни, бала өскен сайын шығармалар да күрделене бастайды. Әр сынып сайын бала өзіне Абай шығармаларынан тәрбиенің бір түрін ала алады. Оған ықпал ететін-ұстаз. Міне, осы шығармаларды шәкірттеріме жаттатамын, тереңірек оқытамын, түпкі мағынаны түсіндіремін.  Осы сабақтардан бөлек, балалармен түрлі қызықты іс-шаралар, тәрбие сағаттарын жүргізетін боламын.

«Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні-бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана»,- дейді Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев, өзінің     «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты мақаласында.  Осыны естен шығармайық! Абайдың 175-жылдық мерейтойы құтты болсын!

You May Also Like

Мектеп пен отбасы, қоғам ынтымақтастығы

МАЗМҰНЫ КІРІСПЕ………………………………………………………………………………………………………. І БӨЛІМ. МЕКТЕП ПЕН ОТБАСЫ, ҚОҒАМ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ НЕГІЗІНДЕ ОҚУШЫЛАРДЫ ЖАН-ЖАҚТЫ…

Бауырдан торт

Қажетті өнімдер: 500 г сиыр бауыры, 250 г майонез, 4 ас қасық…

Өзін – өзі дамытудың 8 маңызды бағыты

Өзін – өзі дамытудың 8 маңызды бағыты: Қаржылық сауаттылықты игер: Өмірде ақшамен…

Семей қаласын жылумен қамту, курстық жоба

КУРСТЫҚ ЖОБА Тақырыбы: Семей қаласын жылумен қамту № Жұмысты орындау сапасы Баға…