Мазмұны

Кіріспе
1 АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНДІРІСІНІҢ НЕГІЗІ
1.1 Топырақ құрамының түзілуіне әсер ететін факторлар
1.2 Топырақтың тұздануы мен онымен күрес шаралары
2 МИНЕРАЛДЫҚ ТЫҢАЙТҚЫШТАР, ОЛАРДЫҢ ТОПЫРАҚ ҚҰНАРЛЫЛЫҒЫН АРТТЫРУДАҒЫ
2.1 Азот тыңайтқыштары олардың түрлері мен өсімдіктер үшін маңызы
2.2 Топырақ құрамындағы қарашірік мөлшерін анықтау
2.3 Топырақтағы қарашірік заттарын экстракциялау
2.4 Минералдық тыңайтқыштардың қарашіріктің сапалық құрамына әсері
3 ӘРТҮРЛІ МӨЛШЕРДЕГІ МИНЕРАЛДЫҚ ТЫҢАЙТҚЫШТАРДЫҢ ТОПЫРАҚТА ҚОРЕКТІК
3.1 Топырақтағы аммонийлі және жеңіл гидролизденетін азот мөлшеріне минералдық тыңайтқыштардың
Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

Кіріспе

Ауыл шаруашылығы практикасында егіншілікті химияландыру, оны жедел дамытудың куатты факторы екенін сенімді дәлелдеп берді. Мысалы, азотты тыңайтқыш астық дәніндегі белок мөлшерін арттырады, фосфорлы тыңайтқыш зығыр талшығының сапасын жақсартады, зығыр, күнбағыс тағы басқа дақылдар тұқымындағы май мөлшерін көбейтеді. Калий тыңайтқышы кант қызылшасы тамырының қант, картоптың крахмал мөлшерін арттырады.

Топырақтағы өсімдікке қоректік элементтердің көпшілігі өсімдік сіңіре алмайтын қосылыс түрінде, мәселен, 1 гектар күлгін және қара топырақта 3…100 тонна азот қоры бар, осының 1 проценттейі ғана өсімдікке сіңімді түрде болады. Еліміздің әр түрлі топырақтары өзінің физикалық, химиялық қасиеттері, құнарлығы және жалпы энергиясы жағынан үш класқа бөлінеді: бірінші, екінші класқа қара топырақтар, үшінші класқа сұр топырақтар жатады. Түрлі аймақтардағы климаттың, топырақ түзілген аналық тау жынысының, өсімдіктердің ерекшеліктеріне байланысты әрбір топырақтарда қарашірік мөлшері де түрліше болады. Бір гектар қара топырақтың 0-20 см қабатында қарашірік қоры 90…140 тонна, 0-100-см қабатында 250…550 тонна болса, сұр топырақтардың жоғарыда аталған қабаттарында қарашірік қоры 30…80 тоннадай болады.  Сұр топырақ құрамындағы қарашіріктің қоры жағынан қара топырақтарға қарағанда кедей болуына қарамастан, құрамындағы микроорганизмдердің саны жағынан қара топырақтағы микроорганизмдерден анағұрлым артық болады. Мәселен, 1 грамм сұр топырақтарда – 218,5 млн микроорганизм болса, қара топырақтарда тек қана 57,4 млн микроорганизмдер бар. Мұның өзі сұр топырақтардағы әртүрлі биологиялық, физикалық және химиялық жұмыстарының белсенділігінің артуына және дақылдардың өнімін молайтуға жағдай жасайды. Жүргізілген зерттеулердін нәтижесінде топырақтағы негізгі минералдық қоректік заттар — азот, фосфор, калий т. б. тыңайтқыштардың өсімдікке әсер етуі арасында белгілі бір байланыс бар екені анықталады. Егер топырақта өсімдікке сіңімді фосфор көп болса, фосфор тыңайтқыштарын енгізуден егіннің түсімі онша артпайды. Мәселен, күздік қара бидай мен күздік бидай көктемде қыстан әлсіреп шығады. Осы кезде өсімдікке қоректік элементтер өте қажет, бірақ топырақта өсімдікке сіңімді азот жетіспейді, өйткені күзде жаңбыр суы нитраттарды топырақтың терең қабатына жуып әкетеді, ал нитрлеуші бактериялар әрекеті ерте көктемдегі салқын әсерінен баяулайды. Жаздық дәнді дақылдарды себу кезінде және олардың өсуінің алғашқы кезеңінде де топырақта өсімдікке сіңімді азот мөлшері жеткіліксіз болады, сондықтан осы кезде тынайтқыш, әсіресе, азот тыңайтқыштарын енгізгенде (күздік дақылдарды көктемде үстеп қоректендіру, жаздық дақылдар тұқымын тыңайтқыш қосып себу) өсімдік тез және жақсы өседі. Егер топырақта қажетті элементтердің біреуі жетіспесе, өсімдікке екінші элементті тиімді пайдалануға мүмкіндік болмайды, соның салдарынан өсімдік нашар жетіледі және егін түсімі кемиді. Дақылдардың қоректік заттарды пайдалануы екі топқа бөлінеді. Олар: 1) минералдық тыңайтқыштарды аз мөлшерде кажет ететін масақты дәнді дақылдар – жаздық және күздік бидай, арпа, сұлы т. б. 2) минералдық тыңайтқыштарды көп кажет ететін техникалық дакылдар  мақта, қант қызылшасы, картоп, көкөніс және жоғары өнімді дәнді дақылдар  күріш, жүгері. Құрамына қарай тыңайтқыштар органикалық, минералдық, органикалық-минералдық және бактериялық тыңайтқыштар болып жіктеледі.

Шығу тегіне қарай органикалық және бейорганикалық тыңайтқыштар деп, ал агрегаттық күйіне қарай тыңайтқыштар қатты (селитра, фосфор тұздары) және сұйық (аммиак суы) болып бөлінеді.

Тыңайтқыштар – өсімдіктердің топырақтан қоректенуін жақсарту үшін қолданылатын органикалық және минералдық заттар. Тыңайтқыштарды дұрыс пайдаланғанда ауыл шаруашылық дақылдарының түсімі артады, өнім сапасы жақсарады.

Елімізде өсірілетін алуан түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарынан мол, тұрақты, әрі сапалы өнім алуда басқа да агротехникалық шаралармен қатар, тыңайтуды дұрыс ұйымдастырудың маңызы орасан зор.

Қазіргі уақытта Қазақстан бұрынғы Кеңес Одағының шығысындағы фосфор тыңайтқыштары өнеркәсібінің маңызды шикізат базасы болып табылады және маңызы жағынан Ресейдегі Қола түбегіндегі «Апатит» комбинатынан кейін екінші орын алады. Қоры бойынша Қаратау фосфорит бассейні Марокко, АҚШ және Тунис кен орындарымен бір қатарда тұр. Оның қоры 2,6 млрд тоннаға бағаланып отыр. Қаратау фосфориті сапасының жоғары болуы, біз үшін экономикалық жағынан тиімді. Онда 26%-ке дейін, ал кейбір кен орындарда 36%-ке дейін фосфор ангидриді болады. Егер 1979 жылы Қаратау фосфорит кендерін өндіру, негізінен, Жаңатас, Ақсай, Көкжой, Шолақтау, Түйесай кендерінің карьерлерінде жүргізсе, қазір Ақтөбе облысындағы фосфориттер екінші фосфатты шикізат базасы болып отыр. Оның жалпы қоры 1,5 млрд т-ға жетеді. Оларды ашық әдіспен өңдеуге болады. Қос суперфосфат, аммофос, т.б.сияқты концентрленген және күрделі тыңайтқыштар едәуір тиімді. Тараз суперфосфат зауытында республикамызда бірінші рет тыңайтқыштың күрделі түрі-құрамында азот(12-13 %) және фосфор(P2O5-47 %)бар тыңайтқыш алынды.

1 АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНДІРІСІНІҢ НЕГІЗІ

Ауыл шаруашылық дақылдарынан тұрақты, сапалы, мол өнім алу үшін жерді өңдеп баптау тәсілдерінің жүйесі. Ежелгі арийлердің (біздің заманымыздан бұрынғы 2 – 1 мыңжылдықтар), сақтардың (біздің заманымыздан бұрынғы 9 -2 ғасырлар), үйсін, қаңлы мемлекеттері тұрғындарының, ғұндардың,түркілердің малшаруашылығымен бірге өзен аңғарларында, тау бөктерлерінде суармалы егіншілік – диқаншылықпен де айналысқаны белгілі. 20 ғасырдың басында Қазақстандағы егіс көлемі күрт көбейіп, 4,1 миллион гектарға жетті. Егістіктің басым көпшілігі (96%) дәнді дақыл болатын. Оның жартысынан көбі Ақмола, Торғай аймақтарында, қалғаны Қостанай, Ақтөбе, Жайық, Павлодар, Семей өңірінде егілді. Сырдария өзенінің төменгі жағында күріш, Жетісуда мақта егілді. Қазақстанда егін шаруашылығын одан әрі дамыту жолында, әсіресе, соғыс жылдары, одан кейін де көптеген жұмыстар атқарылды. Машина-трактор стансалары құрылып, егістікті күтіп-баптау жұмыстарын барынша механикаландыруға мүмкіншілік туды. Егістіктің 96,5%-ы тұқым сепкішпен себіліп, 97%-ы комбайнмен жиналды. Үш дақыл бойынша Қазақстанда өнімділіктің дүниежүзілік рекорды тіркелді. Шығанақ Берсиев басқарған звено тарының әр гектарынан (тәжірибелік телімде) 125 ц өнім алды. Ыбырай Жақаевтың звеносында күріш өнімділігі бір гектарынан 174 ц-ге жетті. Ольга Гонаженко звеносы қызылшаның бір гектарынан 1515 ц-ден өнім алды. 1954 ж. тың және тыңайған жерлерді жаппай игеру басталды. Алғашқы бес – алты жыл ішінде-ақ республика бойынша 25 млн. гектар тың жер игерілді. Оның 17 млн. гектары еліміздің солтүстігінде (Қостанай, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан, Павлодар) орналасқан. Егіншіліктің экстенсивті және интенсивті түрлері бар. Экстенсивті түрінде егіншіліктен өнім алу үшін қосымша қаражат көп жұмсалмайды. Жалпы түсімнің артуы, көбінесе, топырақ құнарлылығына және егін егетін жер көлемінің жаңадан кеңейтілуіне байланысты. Өндірістік күштердің және ғылымның дамуына байланысты егіншілік экстенсивті түрден интенсивті түрге ауысты. Егіншіліктің интенсивті түрінде пайдаланылып жүрген жерге қосымша еңбек, қаржы (механикаландыру, суландыру, тыңайту, агротехникалық шаралар жүйесін көтеру, т.б.) жұмсап, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімін арттырады. Қазақстанда егіншіліктің құрғақ, суармалы, тәлімі және таудағы түрлері қалыптасқан. Құрғақ егіншілік жауыны аз, желді, құрғақ далалы аймақтарда орналасқан. Бұл жерлерде құрғақшылыққа төзімді дақылдар өсіріліп, топырақта ылғал сақтаудың агротехникалық шаралар жүйесі (қар тоқтату, топырақты аудармай жырту, егісті қысқа мерзімде себу, т.б.) қолданылады. Суармалы егіншілікте, көбінесе, мақта, қант қызылшасы, дәнді дақылдар, көп жылдық жемшөптер, күріш өсіріледі. Тәлімі егіншілікте астық, жемдік дақылдар өсіріліп, құрғақ егіншілікке тән агротехникалық шаралар қолданылады. Таудағы егіншілік тау баурайын, тау аралығындағы ойпаң жерлерді қамтиды. Мұндағы агротехникалық шаралар топырақты су эрозиясынан қорғау мақсатында жүргізіледі; 2) ауыл шаруашылық дақылдарын егіп-өсірудің және топырақ құнарлылығын жоғарылатудың жалпы тәсілдерін зерттейтін агрономия ғылымының саласы. Егіншілік ғылым ретінде топырақ құнарлығын арттыру, оны эрозиядан қорғау, топырақ пен өсімдіктің өзара әсерін, топыраққа механикалық, биологиялық және химиялық әдістермен әсер ете отырып жоғары әрі тұрақты өнім алу, егістікті зиянкестер мен арамшөптерден, қолайсыз жағдайлардан (құрғақшылық, аңызақ, үсік) қорғау мәселелерін зерттейді. Егіншілік агрономияның басқа салаларымен (агрохимия, агрофизика, селекция, т.б.) тығыз байланысты.

1.1Топырақ құрамының түзілуіне әсер ететін факторлар

Топырақ түзу процестеріне адам қоғамының тигізетін әсері. Адам өзінің саналы әрекеттерінің нәтижесінде жерді қолдан суарып немесе құрғатып, мелиорациялап, топырақтың табиғи даму құбылыстарына көп өзгерістер енгізді. Бұл өзгерістердің көбі – топырақтың пайдалы қасиеттерін жақсартуға, топырақ құнарлылығын арттыруға бағытталған шаралар. Жер жыртылып, топырақ өңделгеннен кейін табиғи өсімдіктер орнына мәдени дақылдар егіледі, ал олардың табиғи өсімдіктерге қарағанда топыраққа тигізетін әсері, әрине, өзгеше. Топырақтарды көп жыл бойы суарып, тыңайтқыштар енгізуден топырақтардың бұрынғы табиғи қасиеттері өзгеріске түсіп, жаңа «мәдениеттелгенң сапалы топырақтарға айналады. Бұған Орта Азиядағы көп жылдар бойы суарылып келе жатқан жазира алқаптардың топырақтары мысал болады. Адамның саналы әрекетінің арқасында, табиғи жағдайда құнарсыз жатқан топырақтардың (шөлді, батпақты, сорланған, сортаңданған) құнары артқан, сапалы топырақтарға айналды. Дегенмен осы әрекеттердің барлығы оң нәтиже беріп жүр деп айтуға болмайды. Суармалы алқаптардағы егістікті суарудағы және жерді мелиорациялаудағы жіберілген қателіктерден құрамында тұзы шамалы топырақтың екінші рет сорлану құбылыстары басталып немесе батпақтанып, топырақтары егістікке жарамай, істен шығып қалатын жағдайлар да болып тұрады. Ал кейде жыртуға жарамсыз, механикалық құрамы жеңіл немесе сортаң топырақтар жыртылып, одан кейін жел эрозиясына ұшырап, пайдаға аспай қалатын жерлер қаншама. Мәселен, Қазақстанда 1950 жылдарғы тың игеру кезінде мұндай жағдайлар кездесті. Павлодар облыстарында мыңдаған гектар жыртуға жарамсыз жеңіл топырақтар мен Ақтөбе, Қостанай, Көкшетау, Ақмола т.б. облыстарында сортаң топырақтар жыртылып көптеген зиян шектік. Осы сияқты халық топырақ түзу құбылысын, оның құнарын арттыру жолын бүтіндей өз қолына алып, жаңа бетбұрыс жасауға кірісті. Өндірістік күштерінің дамуымен көптеген қолдан бүлдірген жерлерді қайта құнарландыру (рекультивация) жұмысы жүргізілуде. Бұл жөнінде біз кейінірек сөз етеміз. Ертеректе адам қоғамының топыраққа әсерлері негізінен жергілікті мелиорацияланған жерлермен шектелетін. Ал қазір адамзат қоғамының топыраққа, жалпы табиғатқа тигізетін әсерлері өзгерді. Тек жыртылып, мелиорацияланған (суарылған, құрғатылған) жерлермен ғана шектелмей, тіпті жыртылмаған жерлерге де тіюде, яғни әлемдік деңгейде тарауда. Өйткені жыртылмаған жерлерде өндіргіш күштерінің нәтижесінде игерілген топырақтардың тек ылғал тәртіптері ғана емес, сонымен қатар әр түрлі тыңайтқыштар енгізіп, арам шөптермен күресу үшін улы химикаттар сепкендіктен, топырақ құрамы елеулі өзгерістерге ұшырайтыны белгілі. Осы кезде өндірістің дамуымен көптеген жылу электростанцияларынан, әр түрлі зауыттардың биік мұржаларынан шығатын түтін құрамдарында зиянды газ қоспалары жеткілікті. Ол газдар ауа тамшыларымен қосылып кең алқаптарға қышқыл жаңбыр болып жауып топырақ құрамына мол өзгерістер енгізеді. Сонымен қатар көптеген аймақтарда топыраққа атом жарылыстарының әсері де аз емес. Әрине, бұл зерттеуді қажет ететін мәселелер. Сонымен жоғарыда құрғақ жерлердің барлық аймақтарының топырақ түзілуіне әсер ететін негізгі факторлар сипатталды. Ал кейбір жерлерде топыраққа әсер ететінжергілікті (локальный) факторлар кездеседі. Мәселен, кейбір алқаптарда жерасты ыза суының топырақ бетіне жақын жатуы, ол жерлерде шалғынды топырақтың түзілуіне әкеп соғады. Өзен бойларындағы біраз алқаптар жыл сайынғы су тасқындарының әсеріне тап болады.

You May Also Like

Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттік бақылауды ұйымдастыру мен жүргізу туралы нұсқаулық

Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттік бақылауды ұйымдастыру мен жүргізу туралы …

Мектепке дейінгі заманауи білім беру жағдайында ата-аналар мен білім беру қоғамдастығын шоғырландыру, баяндама

БАЯНДАМА  Тақырыбы:  «Мектепке дейінгі заманауи білім беру жағдайында ата-аналар мен білім беру…

Баланың ақыл-ойын қалай дамытуға болады?

Баланың ақыл-ойын ерте жастан бастап түрлі жаттығулар жасау арқылы дамытады. Бірақ мұндай…

Проект ECOCLEAR

Истоки проекта Идея основывается на web-приложении, которое предназначено для пропаганды чистого образа…