тақырыбы: «Абайдың философиялық көзқарасы»

Мазмұны

Кіріспе. 2

АДАМ КІМ? ОНЫҢ ДҮНИЕДЕГІ ОРНЫ ҚАЛАЙ?. 3

ФИЛОСОФ КІМ, ОЙШЫЛ КІМ?. 6

АБАЙ ТРАГЕДИЯСЫНЫҢ ТҮП МӘНІ. 7

Қорытынды.. 9

Қолданылған әдебиеттер тізімі 10

Кіріспе

Абай – өз заманына дейінгі дала ғұламаларының даналық қазынасын толық меңгерген, бүкіл көшпенділер дүниетанымын, олардың болмысын, ақыл-ойын, парасатын дүниеге таратып, адамзат санасының дамуына үлкен үлес қосқан біртуар, дара ойшыл. Абай шығармашылығы көшпелілер мәдениетінің әлемдік рухани қазынаға қосқан үлкен үлесі десек қателеспейміз. Өйткені, Абайдың ғұмыры мен шығармашылығы көшпелі өмір мен отырықшы өмірдің арасындағы тіршіліктің, танымның, мәдениетін, салт-сананың, заң мен дәстүрдің, билік пен қоғамдық қайшылықтың, тұрмыстың, көзқарастың нағыз арбасқан, таразыға түсіп тайталасқан тұсының дәл және толық көрінісі болып табылады.

Шығармаларындағы зор тоғыс пен толғаныстарды сөз қылмағанның өзінде, оның жеке басының тарихы ірі-ірі рухани және күнделікті өмір трагедияларына толы болды.

Абай өзінің тіршілігіндегі арпалыстары аркылы еркін елінің шексіз қалаудан айырылып, қатты отарлық бұғауға түсіп, ежелгі дәстүрлі көшпелі өмірдің бодандықта булығатынына, тұншыға бастайтынына көзі жете бастады. Оған, әсіресе, өз ұлтының жан еркіндігінен айрылып тұншыққаны катты әсер етті.

АДАМ КІМ? ОНЫҢ ДҮНИЕДЕГІ ОРНЫ ҚАЛАЙ?

Абай ілімінде қазаққа, қазақ дәстүріне, діліне тән мазмұн да, сонымен бірге даналық жолымен дамыған, даналықты жүзеге асырған Батыс және Шығыс ойшылдарына, атап айтқанда, Сократ пен Платонға, Монтень мен Паскальға немесе Конфуций мен Буддаға ұқсас пайымдау да бар.

К.Маркс өзінің Фейербах туралы тезис­терінің бірінде «өзіне дейінгі фило­софтарға дүниені түсіндірумен шектелді» деген кінә тағады және «филосо­фия­ның міндеті – дүниені өзгерту» деп атап көрсетеді. Бұл арада ол философияны ғылым ретінде, ғылымдардың негізі ретінде қарастырып отыр.

Біздің ойымызша, философияның қызметін ғылыми таныммен шектеп қоюға болмайды. Әртүрлі жағдайларға байланысты кейбір философтар, айталық, Аристотель, Декарт, Фр.Бэкон, Кант, Гегель, Маркс т.б. философияны ғылым деп танып, ғылымға қатысты мәселелермен тиянақты айналысты. Соның өзінде И.Кант философияны адамға бұрып, философияның алдына даналықты, түсінікті қажет ететін: Мен не біле аламын? Мен не істеуім керек? Мен неге үміт арта аламын? Мен кіммін? – деген сияқты мәселелер қойды, соларды шешуге арналған іргелі шығармаларын жазды. Канттың түсінігінде, философияның негізгі міндеті – адамға адам болып өмір сүруді үйрету. Канттың пікірінше, философияның ғылым жолымен жүріп, дүниені танудағы мақсаты – дүниені өзгерту емес, адамның дүниедегі орнын анықтау.

«Мен кімге, неге үміт арта аламын?» деген сұрақ қояды да, Кант оған: «Бәріне де, тіпті Құдайға да үміт артуға болады, бірақ түбінде бәрі адамның өзіне келіп тіреледі», – деп жауап береді.

Осындай күрделі сұрақ төңірегінде Абай да ойланып, толғанады:

Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар

Еңбегің мен ақылың екі жақтап, –

Деп нақты жауап береді.

Бұл – барып тұрған философиялық ұстаным. Бірақ ол кәсіби философиялық тілде мәлім болып тұрған жоқ, қарапайым даналық тілінде, ойшылдың сөзімен бейне­леніп тұр.

Танымал орыс философы М.Бахтиннің афоризмге айналған сөзі бар: «Нағыз философтар, әрине, Германияда. Ресейде тек ойшылдар болған» деген. Бұл арада ол данагөй орыс ақындарын, жазушыларын – Пушкинді, Гогольді, Достоевскийді, Толстойды еске алып тұр. Қазақ даналарына да, би-шешендерге, ақын-жырауларға, соның ішінде Абайға да қаратып, Бахтинше айтуға болады. Бұлар да – нағыз ойшылдар.

Бірақ ойшылдар арқылы дамыған орыс философиясының, қазақ филосо­фиясының, Абай философиясының кәсі­би философияға қарағанда дәрежесі кем, деңгейі төмен деген пікір тумайды. Мәселе орыс философиясының, қазақ философиясының өзіндік ерекшелігінде, яғни адамға, өмірге жақындығында. Әрине, Абай, Бахтин айтқандай, немесе Кеңес кезінде айтылып жүргендей, «нағыз» философ емес, яғни, кәсіби философ емес. Ол философиялық мектептерден өткен жоқ. Бірақ мен – кәсіби философ, ғылым докторы – Абайды оқи отырып, Сократпен, Платонмен, Конфуциймен, Паскальмен, Кантпен сырласқандай күй кешемін. Өйткені Абай қай адамды да қинайтын, жоғарыда аталған философтар қарастырған сұрақтар төңірегінде көп ойланады.

Есті адам ерте ме, кеш пе, өзі жөнінде, басқаларға қатынасы жөнінде, өзінің не үшін өмір сүріп жүргені жөнінде ойланады. Сөйтіп, қаласа да, қаламаса да, философиялық сұрақтарға тап болады. Кез келген адам сонда жауап іздеп кәсіби философтардан – Гегельден, Кант пен Ницщеден гөрі, Бахтин «ойшылдар» деп атаған Конфуций, Монтень, Пушкин, Абай, Достоевский, Толстой, Шәкәрім сияқты даналарға жүгінеді.

Гегель, Маркс сияқты кәсіби философтар жалпылама құбылыстарды, ұғымдарды қарастырады: жалпы дүние, жалпы табиғат, жалпы қоғам, жалпы адам, материя, сана, болмыс, себеп-салдар, тағысын тағылар. Ал Достоевский, Толстой, Абай сияқты ойшылдар жеке, дара, қымбат, жұмбақ нәрселер туралы, белгілі бір қоғамда, белгілі бір уақытта өмір сүретін нақты адам, оның көңіл-күйі, тұрмыс-тіршілігі, іс-қимылы, арман-мұраты туралы сөз қозғайды. Солардың қамын ойлайды, мұңын жоқтайды.

ФИЛОСОФ КІМ, ОЙШЫЛ КІМ?

2015 жылы тамыз айында Абайдың туғанына 170 жыл толуына орай «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген «Ойшыл­дың мен де санды бірімін деп» деген мақаламда мен «философ» және «ойшыл» деген ұғымдардың мағынасын ашып көрсеттім.

Сол ойымды жалғастырғым келеді.

Философ пен ойшылдың арасына шек қоюға болмайды. Философия дегеннің өзі – ойлау өнері – логика. Абстракты немесе формальды логика емес, нақты жағдайды нақты талдайтын, әр нәрсенің жөнін, қисынын көздейтін өміршең логика. Ойшылдың да көздейтіні осы. Ойшылдың сөзінде, пікірінде қарапайым философиялық ойлар жүзеге асып жатады.

Айырмашылық кәсіби философия мен қай адамға да қатысы бар, көпшілікке арналған қарапайым философияның арасында орын алады. Гегельдің философиясы – кәсіби философия. Толстой мен Абайдың философиясы – қарапайым философия (популярная философия). Гегельдің философиясы арнайы топқа, элитаға бағытталған. Гегельдің пікірінше, философия кез келген адамның кәсібі емес. Ал Толстойдың немесе Абайдың философиясы кез келген адамға бағытталған.

Кәсіби философия ғылыммен астасып жатыр; ақылға сүйенеді, сыртқы дүниеге, жалпылама құбылыстарға көңіл бөледі. Гегельдің әйелі айтады екен: «Гегель нақты жемістерді білмейді, оның білетіні – жалпы жеміс» деп (плод вообще). Гегельдің, Маркстің философиясында нақты адам жоқ, белгілі бір ортада, белгілі бір уақытта өмір сүретін адам жоқ, жалпы адам бар (человек вообще).

Ойшылдарға тән қарапайым философия адаммен айналысады; адам тану үшін ғылымнан гөрі әдебиетке, өнерге, дінге сүйенеді, өмірге, адамдардың тұрмыс-тіршілігіне, қарым-қатынасына, көңіл-күйіне жақын болып келеді; ақылға да жүгінеді, сонымен бірге сезімге, эмоцияға да орын береді. Абайдың философиясы – тап осындай философия.

Абай сөзін, ойын халқына, қарапайым адамға арнады. Бірақ оның сөзі заттың, құбылыстың бетімен қалқитын жеңіл-желпі, жай сөз емес. Қарапайым сөз, қарапайым тіл. Бірақ мәні, мағынасы терең, сан қырлы. Сондықтан да Абай замандастарынан терең ойды, терең ойдың телміріп соңына еруді, түбіне бойлауды талап етті. «Қайран сөзім қор болды, Тобықтының езіне» деп ішкі сырын жайып салды. Сондықтан да надандықты «халықтың қас жауы» деп сынады, надандықпен аянбай күресті. «Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын? Халқым надан болған соң, қайда барып оңайын?» – деп өкінді.

Кәсіби философия да керек, оған сұраныс болады, болуы керек. Канттан, Гегельден, Хайдеггерден бас тарту ақылға сыймайды. Сонымен бірге сондай батыстық философияны нағыз философия деп, көпшіліктің көңілінен шығатын, нақты нәрселерге мән беретін қарапайым философияны, өмір философиясын, даналық философиясын елемеу, Сократ, Конфуций, Монтень, Достоевский, Л.Толстой, Абай, Шәкәрім, қазақтың билері мен шешендері сияқты даналардан бас тарту да ақылға сыймайды, олардан бас тарту – философияның түпкі мағынасын, негізгі қызметін түсінбеу, бұрмалау болып есептеледі.Философияның мағынасы да, қызметі де сан түрлі болып келеді. Кәсіби, ғылыми философия – Батыста кең тараған, бізге, бір кездегі Кеңес адамдарына сырттан таңылған философияның бір түрі. Философияны осы түрімен шектеп қоюға болмайды.

Философия ғылым ретінде, ілім ретінде, көзқарас ретінде біртұтас болса да, әркезде, әр елде әр қырынан көрініп, әртүрлі формаға ие болып, әр түрлі қызмет атқарып келген, бүгін де атқарып келеді. Философия осы жолмен дамыды, байыды, әмбебап күйге ие болды.

АБАЙ ТРАГЕДИЯСЫНЫҢ ТҮП МӘНІ

Абайдың ұстанымы – қалыптасқан жағдайды сырттан бақылап, ақылгөйсіп, кемшіліктерді тізіп тере беретін, немқұ­райлы төрешілердің ұстанымы емес, тағ­дырын туған халқымен бірдей көретін, халқы үшін қиналып, күйінетін жанашыр жанның ұстанымы. Ақын өлеңдеріндегі, қарасөздеріндегі ащы, ашынған жанның назын білдіретін: «Ішім толған у мен өрт, сыртым дүрдей», «жүрегім менің қырық жамау», «мен ішпеген у бар ма?», «Ішім өлген, сыртым сау», «Қаны қара бір жанмын, жаны жара», немесе: Қазақты «жөндеймін деуге, жөнделер, үйренер деген үмітім де жоқ», «Мен өзім тірі болсам да, анық тірі де емеспін. Әншейін осылардың ызасынан ба… еш білмеймін. Сыртым сау болса да, ішім өліп қалыпты… бір жүрген қуыс кеудемін» (Тоғызыншы сөз) деген сияқты жолдарды оқығанда Абайдың трагедиясы өзінің жеке басына да, сонымен бірге халқының қасіретіне де байланысты екен деп ойлайсың.

Батыста осы кезге дейін философияны ғылым деп, методология, логика, гносеология деп бағалайды. Сондай философия болғаны, болатыны, бар екені рас. Бірақ философияның төл қасиеті, негізгі міндеті (назначение) даналықты жүзеге асыру. Сократ үшін, Сократты пір тұтқан Абай үшін философия дегеніміз – ең алдымен даналық.

Қазақ философиясында, билердің, шешендердің, Асан Қайғының, Абайдың сөздерінде даналық бар ма, жоқ па? Оларды оқып білген адам үшін мұндай сұрақ қоюдың өзі артық. Қазақ философиясында, Абай сөздерінде таңғажайып даналық бар.

Қазақ ойлауындағы даналықтың кейбір үлгілерін келтірейін.

Майқы биде: «Естіге айтқан тура сөз, Шыңға тіккен тумен тең. Езге айтқан тура сөз, құмға сіңген сумен тең» деген тәмсіл бар. Тарқатып, талдап жатудың қажеті жоқ, өзінен өзі түсінікті. «Даналықты паш ететін ой қайдан шығады?» деген сұраққа ел аузындағы сөзге қарағанда қазақ данасы былай деп жауап беріпті:

«Аспанның астынан шығады.

Жердің үстінен шығады.

Өнерлінің ісінен шығады.

Ғалымның күшінен шығады.

Жақсының сөзінен шығады.

Тарихтың ізінен шығады.

Шешеннің тілінен шығады.

Әншінің үнінен шығады.

Жаманның көрген күнінен шығады.»

Осы сөздердің өзі даналықтың үлгісі болып табылады.

Даналықтың түйіні, нақты көрінісі – түсінік. Қазақ ойлауында мұндай құбылыс бар ма екен? Батысша ойласақ, ғылымы, ғылыми танымы болмаған көшпенді халықта түсінік болуы мүмкін емес, болса да тайыз болып шығады.

Классикалық философия, шынында да, түсінікті танымнан, ғылымнан шығады. Қазақ ойлауындағы, би-шешендер сөзіндегі, Абай сөздеріндегі таңқаларлық түсінік, жоғарыда айтқанымыздай, өмірден, тарихтан, адамдардың сөзінен, ісінен, қарым-қатынасынан пайда болған.

Атақты неміс философы М.Хайдеггердің айтқаны бар: «Ғылым ойламайды («Наука не мыслит»)», – деп. Ғылымда таным бар, бірақ түсінік жоқ. Түсініктің ғылымға қажеті де жоқ. Өйткені ғылымды қызықтыратын нәрсе – объект, әр алуан табиғат және қоғам құбылыстары. Бұларды танып-білудің өзі жеткілікті. Философияны қызықтыратын нәрсе – адам, ал адамды танып кою аз, түсіну керек.

Қорытынды

Абайдың Қазақстан тарихында алатын орны ерекше. Абайдың өз өлеңдері мен қара сөзбен жазылған ғибраттарында қазақ қоғамы өмірінің барлық жақтарын ашып көрсетті. Одан ақыл-кеңес сұраған дала тұрғындары ағылып келіп жатты. Атап айтқанда, оған Баянауыл өлкесіндегі белгілі шежіресі, әрі ақын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы келіп тұрды. Абаймен Семейге саяси жер аударылып келгендер де санасатын. Міне, мұның бәрі патша үкіметі шенеуніктері мен олардың жергілікті кейбір итаршыларының тарапынан қызғаныш пен көре алмаушылық, тіпті саяси күдік туғызды. Ақынның үстінен өсек айту мен жала жабу әрекеттерін күшейтті. Патша үкіметінің әкімшілігі Абайдың соңына шам алып түсіп, аңду орнатты. Тіпті 1903 жылы Семей полицмейстері ақынның және оның балаларының үйіне тінту жүргізді. Жақын туыстары мен балаларының бірінен соң бірінің қазаға ұшырауы, оның үстіне ізіне түсіп қудалауға душар болуы ақынның денсаулығына әсер етті. Абай 1891 жылы өзінің ең жақсы көретін інісі Оспаннан айырылды. 1895 жылы үлкен ұлы Әбдірахман қайтыс болды. 1904 жылғы көктемде оның тағы бір ұлы Мағауия дүниеден өтті. Бұл қайғылы оқиғалар Абайға аса ауыр тиді. Мағауияның өлімінен кейін 40 күн өткенде Абайдың өзі де қайтыс болды. Абай отандық тарихымыз бен әдебиетімізде аса көрнекті орын алады. Абай қазақтың ұлттық жазба әдебиетінің негізін қалады. Абай есімі дүние жүзі халықтары әдебиетінде Шекспир, Пушкин, Гетелермен қатар тұрады. Ақынның мол әдеби мұрасы тек бір халықтың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасы саналады. Қазақстанда ұлы Абайдың есімі көптеген елді мекендер мен көшелерге, Алматы Ұлттық университетіне, Алматы қаласындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрына берілген. Ұлы ақынның құрметіне Қазақстан мен Ресейде ескерткіштер орнатылған. Қазақстанның жоғары оқу орындарында Абай шығармашылығына арналған халықаралық және республикалық ғылыми конференциялар жыл сайын өткізіліп тұрады. Ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойы 1995 жылы дүниежүзілік ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті.

You May Also Like

Микропроцессордың дамуы, реферат

Микропроцессордың дамуы. Жоспар: І Кіріспе. Микропроцессорлар туралы жалпы түсінік және оның компоненттері.…

Медициналық ақпараттық жүйелердің классификациясы, реферат

Медициналық ақпараттық жүйелердің классификациясы Жоспар І. Кіріспе: 1)с; ІІ. Негізгі бөлім: 1)Базалық…

Бухгалтерлік есебін ұйымдастыруды жетілдіру жолдары, реферат

МАЗМҰНЫ Кіріспе……………………………………………………………………………………….. Еңбекақыны ұйымдастырудың теориялық негіздері 1.1 Еңбекақы түрі, жүйесі, нысаны………………………………………………. 1.2…

Ұлы Жібек жолы, реферат

Ұлы Жібек жолы Жоспар I.Кіріспе II.Негізгі бөлім 2.1. Ұлы Жібек жолының пайда…