Ұлы Жібек жолы

Жоспар

I.Кіріспе

II.Негізгі бөлім

2.1. Ұлы Жібек жолының пайда болуы  тарихы   және оның   дамуы

2.2. Қазақстан аумағындағы Ұлы Жібек  жолының бағыттары  және Ұлы   Жібек  жолы бойындағы  қалалар

2.3. Ұлы Жібек жолының әлеуметтік-экономикалық маңызы

III.Қорытынды

Кіріспе                                                                                                                                                                               

«Ұлы  Жібек  жолы» –  Қытайдың  Хуанхе  өзенінен басталып, Қиыр Шығыс  пен  Еуропа  елдеріне  беттеген  керуен  жолы. Бұл  жол  адамзат  өркениеті  жасаған  тарихи  ескерткіштердің  бірі. Біздің  дәуірімізден  бұрынғы  II  ғасырда  бастаған  бұл жол   Еуропа  мен  Азияның,  яғни   Батыс  пен  Шығыстың  арасын  жалғастырған  көпір  болған.  «Ұлы  Жібек  жолы»- Жерорта  теңізінен  Қытайға  дейінгі  Еуразияны  көктей  өтіп  жатқан  керуен  жолдарының  тоғысқан  торабы.  Ол сонау  ежелгі  дәуірдегі  орта  ғасырдағы  осы  аймақтардың  сауда  және  мәдени  байланыстарының  тұсауын  кескен  аса  маңызды  қатынас  жолы.  Жалпы  адамзат  тарихы  бойынша  Шығыс  пен  Батыс  халықтарының  арасында  қалыптасқан  бейбіт  қарым-қатынас  сырын  жан-жақты  зерттеп  білу  қазіргі  таңдағы  мәдениетті  өркендетуде  маңызы  зор.  Осы  тұрғыдан  алғанда  Жібек  жолын  көктей  өтетін  елдердің  ғылыми  және  мәдени  топтарының  арасында  мәлімеге  келу  байланыстарын  орнатуға  әсер  ететін  өзекті  мәселе.

«Ұлы  Жібек  жолы»  атауын   XIX   ғасырда (1877 жылы )  неміс   ғалымдары   Ф.Рихтофен  және  А.Херман  ұсынған.

Негізгі  бөлім      

 2.1. «Ұлы  Жібек  жолының»  пайда  болу  тарихы  және  оның  дамуы

«Ұлы  Жібек  жолының» пайда  болу  тарихы  осынау  тарихи  жолдың жібек  саудасына  байланысты  «Жібек  Жолы»  атанғанды.Жібек  мата  дайындау  үшін  табиғи  жібек  талшықтары  керек.  Табиғи  жібек  талшықтары  тұт  жібек  көбелегінен  алынады.  Ересек  көбелек  жапырақ  бетіне  жұмыртқалайды.  Ол  жұмыртқалар  жұлдыз  құртт болып  дамиды.  Оны  жұлдыз  құрт  немесе  тұт  жібек  құрты  деп  атайды.  Жұлдыз  құрт  тек  тұт  ағашының  жапырақтарымен  қоректенетін  болғандықтан   тұт  жібек  құрты  немесе  тұт  көбелек  деп  атаған.

Жібек  халықаралық  саудаға  шығарылғанымен ,  оны  өндіруді  Қытайлықтар  өте  құпия  сақтаған.  Соған  қарамастан ,  оны  өндірудің  тәсілін  Қытайдан  жасырын  түрде  алып  шыққандар  болған.  Жібек  құртын  қуыс  қурайдың   ішіне  тығып,  әйел  адамдардың  шашының   арасына  жасырып  алып  шыққан  екен.  Содан  жібек  өндіру  біздің  заманымыздың  алғашқы  кезіне  Византия , Соғды  сияқты  елдерде  де  жүзеге  асырыла  бастаған.Соғдылықтарда  жібек  өндірудің  дамығаны  сонша ,  олар  жібек  сатуда  Қытай  мемлекетімен  бәсекеге  түскен.  Жібек  жолының  соңғы  нүктесі- Жапонияның  ертедегі  астанасы  Нарга  қаласында жібек  сататын  арнайы  орындар  болған.   Оның  басты  бір  дәлелі- ондағы  ғибадатханада  осы  уақытқа  дейін  соғды  тілінде  жазылған  қолжазбаның  сақталып  тұруы.  Сол  сияқты  жібек  өндіру  жапон  елінде ,  Кавказ  жерінде  де  жандана  бастаған.  Сөйтіп ,  Ұлы  Жібек  жолының  бойындағы  сауданың  дамуыны  арқасында  бүкіл  дүниежүзінде  жібек  шаруашылығы  және  басқа  да  шаруашылықтың  түрлері  дами   бастады.

Ал  «Ұлы»  сөзінің  оған  қосылуы  жолдың  кең  байтақ  Шығыс  өлкелері  мен  Батыс  өлкелерін  қосып ,  байланыстырып  жатуынан ,  жол  бойындағы  елдердің  тіршілігін  жандандыруынан.  Сондықтан  бұл  жол  «Ұлы  Жібек  жолы»  деп аталды.

Жібек  матасы  қытай  жерінде  біздің  заманымызға  дейінгі  2750   жылы  жасалған.  Ал оның  сауда  жолына  шығарылып  ,  сатыла  бастаған  мерзімі  немесе  айырбас  саудаға  түскен  мерзімі  біздің  заманымызға  дейінгі  V-II ғасырлардың  аралығы.

Ұлы  Жібек  жолы  арқылы  тек  сауда  жүйесі  ғана  дамып  қоймай ,  Шығыс  пен  Батыс  өркениеті  тоғысып ,  мәдениет  және  дипломатиялық  қарым-қатына  орнады.  Жібек  жолының  бойында  орналасқан  көне  қалалар  бірталай  соғыс ,  өрт ,  аштық , апат-ойрандардың  куәсі  болды.

Ұлы  Жібек  жолының  басы  Қытай  жеріндегі  Хуанхэ  өзенінің  аңғарындағы   аудандардан  басталып ,  Ұлы  Қытай  қорғанының  батысынан  өтіп, Іле  өзенімен  Ыстықкөлге  жетті.  Жол  осы  арада  оңтүстік  және  солтүстік  бағыттарға  тармақталды.  Біздің  заманымыздан  бұрын   I  ғасырдың  ортасында  алғаш  рет  Қытайдан  Батыстағы  елдерге  қарай  жібек  артқан  керуендер  шыққан.  VI   ғасыр – жібектің  бүкіл  Еуразияға  әйгілі  болған  кезеңі.  Біздің  заманымыздан  бұрын  II  ғасырдың  ортасында  Жібек  жолы  халықаралық  қатынас  жағынан  жандана  бастады.

Біздің  заманымыздан  бұрын    I  ғасырдың  ортасында  қытай  елінен  жібек  артқан  керуендер  алғаш  рет  батысқа  жолға  шықты.  Қытай  императоры  жібектен  жасалған  әшекейлі  киімдерді  Иран  шахына  сыйлық  ретінде  жіберген.   Біздің  заманымыздан  бұрын  II-I  ғасырларда  Үйсін  мемлекеті  Қытай  мемлекетімен  сауда  байланысын  жасады.

Біздің  заманымыздан  бұрын  138  жылы  қытай  императоры  У-Ди-дің  Жібек  жолы  арқылы  Батыс  елдеріне   жіберген  елшілігі  13  жылдан  кейін  қайтып  оралған.  Ұлы  Жібек  жолындағы  сауда  жолында алғашқы  кезде  ақша ,  құнды  сыйлықтар  мен  алтынның  орнына  жібек  қолданылған.  Қытай  археологтары  жібек  матаның  жасын  біздің  заманымыздан  бұрын  I  мыңжылдыққа  жатқызады.  Қытай  елі  жібекті   V ғасырдан  бастап  Батысқа  қарай  экспорттай  бастады.  Жібек  мата  VI  ғасырда  бүкіл  Еуразияға  атақты  болды.  VI  ғасырда  Батыс  Түрік  қағандары  мен  нөкерлері  жібек  шапан  киген.

2.2. Қазақстан жеріндегі Ұлы Жібек жолының бағыттары және қалалары

Егер Жібек жолымен батыстан шығысқа қарай жүрсек, оның Қазақстандағы учаскесі Шаштан (Ташкент) шығып, Тұрбат асуы арқылы Исфиджабқа, Сайрам (Сарьямға) келеді. Ежелгі қаланың осы күнге дейін сақталған. Шымкент түбіндегі бір қыстақ тап осылай аталады, оның дәл кіндік тұсында Жібек жолындағы бір кездегі ең ірі орталықтардың бірі болған орта ғасырлық қала жұртының қалдығы сақталған. Исфиджабтан құлдарды, бөз маталарды, қару-жарақты, семсерлерді, мыс пен темірді әкетіп жатқан. Испиджабтан шыққан керуендер шығысқа қарай бет алып, Шараб және Будухкент қалалары арқылы Таразға барады екен.

Қазақстанның аса ірі қалаларының бірі Тараз VI ғ. бұрын белгілі болған. 568 ж. түрік қағаны Дизабұл Византия императоры ІІ Юстинианның стратгі Земарх бастап келген елшілігін тап осы қалада қабылдаған. Бастаухаттар оны көпестер қаласы деп атаған.Осымен қатар ол түргештердің, содан кейін қарлықтар мен қарахандардың тарихи орталығы болған. Таразбен қатар Жамухат деген шаһар тұрған, ол да VI ғ. хатқа енген. Жамухаттың жәдігерліктері Талас алқабында, Жамбылға таяу жерде, Талас өзенінің бойындағы Михайловка селосына қарама-қарсы бетте жатыр, оның үйінділерін қазір Қостөбе деп атайды. Алқаптың жазық жағында Атлах қаласы бар, 751 ж. оның бінде  осы араны ықпалында ұстау үшін арабтар қытай әскерімен шайқасқан болатын. Тараздан таяқ тастам жерде, Талас бойымен теріскейге қарай кететін сауда жолы үстінде Адақкет пен Нуджикес қаласы тұратын. Талас алқабының таулы бөлегінде сол сияқты Шелжі, Сұс, Күл және Текабкет деген қалалар болған. Бұлар күміс кендеріне жуық жерден қоныс тепкенді. Керуендер Талас алқабына Ферғана аймағынан Шатқал қыратындағы Шанаш асуы және Талас Алатауындағы Қарабура арқылы да өтіп келетін. Жолдың осы бөлігі Жібек жолының  және Жетісулық бағыттарын біріктіретін. Тараздан шыққан жол шығысқа, Құлан қаласына қарай асатын Тараз бен Құлан аралығындағы территория қарлұқтарга жататын. Құланға бара жатқанда жол Касрибас, Күлшөп, Жолшөп сияқты қалалардан өтетін. Құланнан әрірек шығыста бір-бірінен фарсақтай жерде Меркі мен Аспара қалалары барды. Сосын сауда керуендері Нұзкент, Харраджуан, Жол қалаларына соғып өтіп жолдан кейін ол Сарығ, «түрік қағанының қыстағына» Қырмырауға баратын. Қырмыраудан жол салдырып отырып, Жетісудың ең ірі қаланың бірі — Науакентке (Қытайша Синчен) апаратын. Бұл екі атау да Жаңа қала деп аударылады. Науакент түрік қағандарының сарайы және соғдылардың қаласы болған. Жол Науакенттен шыққасын Пенджикент (Бунджикет) арқылы Жетісудың аса үлкен қаласы, Батыс Түріктерінің астанасы (кей түргештер, қарлықтар астанасы) Суябқа келеді. Бұл қала туралы қытай, араб саяхатшылары X ғ. дейін жазып келген. Соңынан астана рөлі Баласағұнға көшеді, тегі оның ертеректегі аты Беклиг немесе Семекна болса керек. Баласағұн қарахандардың, сосын қарақытайлардың астанасы ретінде белгілі, оны кейін XIII ғ. бас кезінде қарақытайлар қиратады. Қала содан қайта салынады, бірақ XIV ғ. тағы да ойрандалып, үйінділері ғана қалады. Бұл қалалардың тұрған жері кәзіргі Тоқмақ қаласына жақын жерде және орта ғасырдың көпке белгілі екі ескерткішіне — Ақбешім мен Боран қала жұртына сәйкес келеді. Суяб қаласынан керуен жолдың не солтүстік, не оңтүстік тармақтарымен жүріп, Ыссық көлдің жағалауына шығады. Оңтүстік жақпен жүрген керуендер Жоғарғы Барысхан деген үлкен қаланы басып өтеді, ал жолдың солтүстік тармағында шағын керуен сарайлар орны кездеседі, олардың аттары бізге дейін жетпеген. Сосын осынау екі айрық жол Бедел асуында бір-бірімен қосылады да, не осы асу арқылы, не Ташрабат арқылы Жібек жолы Қашғар мен Ақсудан барып шығады. Ал керуен жолы Ыссық көл қазан шұңқырынан Санташ асуы арқылы Қарқара жайлауына барып, төмендеп Іле алқабына түседі де, өзеннің оң жағалауын бойлап отырып, Үсек пен Хоргос алқаптарынан өтіп, Алмалық қаласына барады, ал сосын Такла-Макан шөлінің солтүстік жиегін айналып, Хами мен Тұрфан көгал аймақтарын басып, Дунхуан мен Қытайға жететін болған. X—XII ғғ. Жібек жолының бір тармағы күллі Іле алқабын оңтүстік-батыс жағынан көктей өтіп, солтүстік шығысқа қарай кетеді екен. Бұл тармақ Науакенттен басталып, Бунджикен және Қастек асуы арқылы жүріп, Іле Алатауының теріскей жоталарына әкелген. Әлгі асуға тағы бір жол Баласағұннан келетін болған. Бұл арадағы танымал белгі қасиетті Ұрын-Арж тауы екен. Жол Іле Алатауының баурайындағы, кәзіргі Қастек, Қаскелең мен Алматы орындарындағы шағын қалашықтар арқылы Талғар қаласының теріскей шетіне орналасқан Тәлхиз (Тәлхира) қаласына жеткен. Осы арада Талғар өзенінің оң жағалауындағы тау баурайында орта ғасырдың аса ірі қала жұртының ойран болған орны жатыр. Тәлхиз транзитті сауданың үлкен орталығы болған. Іле алқабына басқа жолмен де келе береді екен: Құлан мен Аспа-радан немесе Нұзкенттен шығып, Шудың орта және төменгі ағысындағы қалаларға барған. Сосын Тасөткел қайраңынан өтіп, жол Щу — Іле тауларының теріскей жоталарын жағалап келіп, Іле Алатауының теріскей бетіндегі қалаларды қуалай жүрген. Тәлхизден Жібек жолы екіге айрылады: оңтүстік желісі Есік пен Түрген, Шелек үстімен жүріп, Іленің Борохудзир маңындағы өткелінен өтіп, оның оң жағалауын қуалап, Хорғос арқылы Алмалыққа жетеді де, осындағы Ыссық көл жақтан келген жол тармағымен қосылады. Жолдың осы бөлігінен археологтар Есік, Түрген, Лауар сияқты кішкене қалалардың, үлкен қала Шелектік төбешіктеніп қалған орындарын тапты, Іленің оң жағымен жол қазіргі заман қыстағы Көктал мен Жаркент арқылы өтеді. Көктал маңында Ілебалық қаласының орны бар. Тәлхизден басталатын теріскей жолы Талғар өзенін қуалай жүріп, Іленің Қапшағай шатқалы маңындағы өткеліне дейін жеткен. Одан әрі жол Шеңгелді үстімен Алтын Емел белесінен асып, Көксу алқабына түседі де, Екіоғыз қаласына жетеді. Ол кәзіргі Дунғановка селосының орнында болған. Вильгельм Рубрук бұл қаланы Эквиус деп атаған. Іле алқабының ең үлкен қала жұртының бірі тап осы жерден табылған. Онда 1253 ж. болған В. Рубрук осынау қалада «сарациндер» (иран көпестері) тұрушы еді— деп жазады. Жол Екіоғыздан шығып, қарлықтар жабғысының астанасы Қаялыққа (Қойлақ) барады екен. Бұл шаһардың хан базарларымен аты шыққан. Онда мұсылмандармен бірге, өздерінің шіркеуі бар христиандар да тұрған. Ол жөнінде моңғол ханы Мөңкеге бара жатып, осы қалаға соғып кеткен, Людовик IX— елшісі, монах-сопы В. Рубрук хабарлайды. Қаялық — қарлықтар орталығы болған, IX г. —XIII ғ. бас кезінде Іле алқабының солтүстік-шығыс бөлегі қарлықтар қоластына қараған. Қаялық Қаратал өзені алқабында көзіргі Антонов селосының шет жағында тұрған. Рубруктың жазбаларына қарағанда, Каялыққа жақын-жуық жерде христиандар селосы болған, Жібек жолы сол арқылы өткен. Содан әрі қарай жол Тентек алқабымен жүріл, Алакөлді айналып өтіп, Жоңғар қақпасын басып Шихо алқабына жетеді, сосын Бесбалықты басып, Дунхуанға барады да, Ішкі Қытай жаққа шығандап кетеді екен. Алакөлдің оңтүстік-батыс шетінде бір қала болған, оны XIII ғ. саяхатшылары «Облыстың астанасы» деп атаған. Испиджаб қаласынан шығатын керуен жолы Арыс бойындағы Арсубаникетке, содан Отрар-Фарабқа иек артып, Сырдария бойымен жүріп, Арал өңіріне барған. Сырдария бойын қуалай жүретін керуен жолы үстіндегі қалалардың ірісі Отырар-Фараб пен Шавғар екен. Бірінші қаланың аты Арыстың Сырдарияға барып құятын жеріне жақын орналасқан, аса үлкен қала жұртының атында сақталып, осы күнге дейін жеткен. Отырар тоғыз жолдың торабында тұрған. Одан шыққан жолдың бір тармағы Шавгарға, екінші тармағы Сырдария өткелінен өтіп, Васиджа қаласына баратын болған. Одан Сырдариямен жоғары өрлеп, оғыздар қаласы Сүткентті басып, Шашқа, ал төмен қарай — Жентке кеткен. Ал Женттен Қызылқұм арқылы Хорезм мен Ургенішке қаражол тартылып, одан әрі Еділ бойы мен Кавказға асып кететін болған. Жібек жолының осы бөлігі XIII ғ. өзгеше жанданып кетеді және Жент, Сарайшық, Сарай-Бату, Каффу сияқты шулы-дулы шаһарлар үстімен жүретін болады. Шавғар VIII ғ. деректерінен белгілі, оған, әсілі, Түркістан төңірегінде орналасқан Шүйтөбе қала жұрты сәйкес келетін секілді. Казіргі Түркістан тұрған жерде, Шавгармен қатар X—XIII ғғ. Яссы шаһары ірге тебеді, атақты ақын, сопы Ахмет Яссауи сол шаһарда тұрып, уағыз-насихатын жүргізеді. Шавгардан шыға жол оғыздар астанасы — Янгикентке қарай тартатын. Осы арадан Қызылқұмды басып, тағы бір жол Хорезмге баратын. Әуелі,  Шавгардан, кейінірек Яссыдан басталған жол Тұрлан асуы арқылы Қаратаудың солтүстік жоталарына шығып, Сырдарияны қуалап кететін жолмен жарыса (паралелль) жүретін. Ол жолда Созақ, Ұрысоған, Құмкент, Сүгүлкент қалалары бар еді. Бұл жол не Таластың төменгі жағынан шығып, содан жоғары өрлеп, Таразға баратын, не Билікөлдің батыс жағасымен жүріп, Берукет-Паркет, Хутукчин қалалары арқылы бұл да Таразға жететін. Жібек жолының Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу арқылы өтетін негізгі арқауынан жол тарамдалып, терістік пен шығысқа қарай, Орталық және Шығыс Қазақстан аудандарына, кейін Сарыарқа атымен мәлім болған Дешті-Қыпшаққа, Ертіс жағалауы мен Алтайға, Моңғолияға асып кетеді екен. Осы арамен атты көшпелілер тайпалары жүретін дала жолы өткен. Сөйтіп малға, жүн мен теріге, металға бай Орталық Қазақстан аймағы сауда-саттық байланыс жүйесіне, оның ішінде халықаралық жүйеге тартылып, көптеген керуен сүрлеулері арқылы Жібек жолы торабымен тоғысады. Жолдың Отырардан таралған бір желісі Арсубаникеттен өтіп, Арыстанды, Шаян алқаптарына, сосын Қаратаулық жатаған белесінен асып; ал Шавгар мен Яссыдан шыққан желісі Тұрлан асуынан асып, Сауран мен Сығанақ тармағы, Янгикент тармағы — бәр-бәрі тұс-тұстан Орталық Қазақстан жазығына шығып, Сарысу мен Кеңгір, Торғай мен Есіл бойларына баратын болған. Сол аймақтан орта ғасырдың: Болған-ата, Жаманқорған, Нөгербек-Дарасы, Домбауыл, Ормамбет сияқты қала жұрттарының қалдықтары табылған. Әсілі, орта ғасыр бастаухаттарында айтылатын. Жұбын, Конгликет, Ортау мен Кентау сияқты жайлауларды, Гарбиан мен Бақырлытау сияқты кен орындарын осы маңайдан іздеген жөн. Тараздан шыққан тағы бір сауда жолы Адахкес пен Дех-Нуджикес қалалары арқылы Ертіс жағасына, Қимақтар қағанының сарайына барып, одан әрі асып, Енисейдегі қырғыздар еліне тартатын болған. Іле алқабы Орталық Қазақстанмен Шу — Іле тауының теріскей жоталарымен жүріп Шуға шығады да, сосын оның бойын қуалап барып, Сарысу өзені жағалауына шыққан. Жолдың өзге бір желісі Теріскей-Іледегі Шеңгелді маңынан шығып, Көктал мен Бояулы керуен сарайлары арқылы Балқаш өңіріне, сосын Іледен тарайтын Ортасуды жиектеп, сол арадағы Ақтам қала жұртының орнын басып, көлдің түскейінен 8 шақырым бұғаз арқылы теріскейіне шығады. Керуендер бұғазды кешіп өтіп, Тоқырауын өзенінің құярлығына жуық жерден шығады екен дағы, оның бойын қуалап, әрі Ұлытау жоталарына қарай кетеді. Теріскей-Іле жолының бір желісі Алакөлді батыс жағынан айналып өтіп Тарбағатай арқылы Ертіске, қимақтар мемлекетінің жеріне жеткен. Тарбағатайда, Ертіс жағалауында Қимақтың Банджар, Ханауыш, Астұр, Сисан секілді қалалары және айналасы бекіністі қамалмен қоршалған, қақпалары темірмен құрсалған орасан зор қала — «қағандар астанасы» орналасқан еді. Қимақтың қалалары сауда жолдары арқылы Енисейдегі қырғыз, Моңғолиядағы ұйғыр қалаларымен, Шығыс Түркістанның көгалды аймақтарымен байланысып отырған.

Ұлы Жібек жолының әлеуметтік-экономикалық маңызы

Ұлы Жібек жолының бойындағы қалалар қазақ халқының құрамына кірген түркі тілдес ру-тайпалардың отырықшы ел болуына , тұрақты мекен-жайлар салып , қоныстануына зор пайдасын тигізді. Сауда кезіндегі қарым-қатынас , алыс-беріс,  экономикалық байланыс бір-бірінен шаруашылықтың ең қажетті , пайдалы түрлерін үйренуіне себеп болды. Егер түркі тілдес тайпалар отырықшылыққа бейімделіп , соғдыларша егін салып , саудамен айналысса, соғдылар түріктердің тілін , әдеп-ғұрыптарын үйреніп,  мал өсіруді меңгерген. Ертедегі орта ғасрдан басталған мұндай өзара әсер ету құбылыстары орта ғасырдың дамыған кезіне дейінгі аралықта жиі байқалады. Алайда моңғол шапқыншылығына байланысты сауданың қарқыны бәсеңдеп, жол бойындағы қалалар да әлеуметтік-экономикалық жағынан өзгеріске түсе бастаған. Кейбір қалалар қаңырап бос қалған. Екншіден , XVII ғасырдан бастап теңіз жолдарының ашылуына байланысты  Ұлы Жібек жолының қатынасы әлсірей бастады.

Сонымен Қазақстан арқылы Батысқа , Шығысқа бағыт алған саудагерлер қазақ жеріндегі қалаларға соқпай өте алмаған. Осылай жергілікті халықпен қарым-қатынас аясы кеңейе түсті. Сондай қарым-қатынастың арқасында ерте орта ғасырда пайда болып , орта ғасырдың соңғы кезеңіне дейін өмір сүрген Тараз , Сайрам , Талғар , Отырар , Йасы сияқты атақты қалалар өркендеп ,кеңейе түсті.

Қорытынды

Ұлы Жібек жолын қайта қалпына келтіру бүгінгі таңның ең өзекті мәселелерінің бірі және бұл ірі халықаралық жобаны, оның ішінде Ұлы Жібек жолы бойымен халықаралық туризмді дамытуға Қазақстан белсенді қатысып келеді. Туризм халықаралық қатынаста ұлттық масштаб шеңберінде қарастырылмайды. Орталық Азия мемлекеттері ғаламдық туристік жоба тізбегіне біріккен. «Ұлы Жібек жолы» Жапониядан Еуропаға дейінгі (шамамен 20 ел) елдер өз кезегінде 138 елдің мүшесі бар Әлемдік туристік ұйым жобасына кіреді. Археологиялық ескерткіштер өз кезегінде туризм нысанына айналып, туризмнің инфроқұрылымдық доминанты болып, оның дамуы Қазақстан экономикасының басымдықтарының бірі болды. 1998 жылы Еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаев «Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихи орталықтарды қайта өркендету, түркітілді мемлекеттердің мәдени дамуының сабақтастығын сақтау, туризм инфрақұрылымын құру» бағдарламасын бекіту жөніндегі Жарлыққа қол қойды. Жібек жолын қайта жандандыру – бұл ұқыпты стратегиялық жоспарлауды талап ететін күрделі көп жақты жоба. Жібек жолы – бұл ежелгі маршрут бойындағы жай ғана құрылыс жолы емес, бұл инфрақұрылымның дамуы, тиімді ынтымақтастық үшін ең жоғарғы деңгейдегі қолайлы жағдайда құруды толық жетілдіру заңнамасы, сонымен қатар елдер-қатысушылар арасындағы өзара түсіністік жетістіктері үшін шебер дипломатия. Жібек жолы жүйесін қайта жандандырып, қалпына келтіру тек Қытайдың батыс аудандары үшін ғана емес, Қазақстан және Орталық Азия мен Шығыс Еуропаның басқа да елдері үшін маңызды болып табылады. Бұл континент ішіндегі аймақтар үшін жаһандық ықпалдастықтағы бірден-бір, тіпті жалғыз ғана мүмкіндік болуы мүмкін. Жібек жолын қайта жаңғырту оның бойында орналасқан барлық елдердің экономикасына өзгеріс алып келетіні сөзсіз. Қытай Жібек жолының өз бөлігін қалпына келтіріп, Орталық Азия елдерінің аумағындағы автожол құрылысы мен инфрақұрылымдық жобаларға көлемді қаражат жұмсап келеді. Жобаның негізгі мақсаты ежелгі сауда жолының күретамырын қалпына келтіріп, Жаңа Жібек жолын Роттердамға (Нидерланд) дейін созу. 2008 жылы Женевада 19 елдің, оның ішінде Қазақстан, Қытай, Ресей, Түркия мен Иранның министрлері Жібек жолының бір бөлігін қалпына келтіру бойынша көлемді жоба қабылдады. Шамамен 7000 км созылған Жаңа Жібек жолының жаһандық перспективасы тек ежелгі маршруттар ғана емес, жаңа бағыттарды да қамтыған автокөлік және темір жолдардан тұрады. Келешекте Қытайдан Еуропаға дейінгі, Ресейден Онтүстік Азия мен Түркияға дейінгі негізгі континент аралық жолды ашу жоспарланып отыр. Жібек жолының басым бөлігінің бойын¬¬дағы континент іші көлік жүйесінің дамымағанына қарамастан, бұл ай¬мақтарды дамытудың келешегі өте жоғары. Мұнда бай табиғи ресурстар, пайдалы қазбалар және көп халық, мысалы еуразия континентінің барлық аумағының 3/5 бөлігін құрайтын Шанхай Ынтымақтастық ұйымына қатысушы (Қазақстан, Қытай, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстан) елдерінде әлемнің 1/4 тұрғыны шоғырланған. Еуразия елдерінің экономикалық күре тамырын қайта жандандыру тек мәдени-экономикалық айырбас пен өрбуге мүмкіндік туғызып қана қоймай, аймақтағы бейбітшілік пен бірлікті орнықтыруға септігін тигізеді. Жаңа Жібек жолын қалыптастыру Орталық Азия елдері үшін ерекше маңызға ие. Орталық Азия елдеріне географиялық тұрғыдан қарасақ, ол материктің ортасында орналасқан, мұхитқа дейінгі ең жақын қашықтығы 1700 км құрайды, бұл халықаралық сауда үшін табиғи негізгі тосқауыл болып табылады. Жаңа Жібек жолы материк ортасындағы елдерді біршама дамыған Қытай және Еуропамен жан-жақты ықпалдастыққа, сауданың дамуына мүмкіндік туғызып, аймақтағы кедейшілік, қауіпсіздік пен жұмыссыздық мәселелерін шешуге септігін тигізетіндігі сөзсіз. Бүгінде ежелгі алып мемлекеттер жоқ және географиялық шекаралары да өзгер¬ген, ал онда тұрып жатқан адамдар әйтсе де өмірлік маңызы бар экономикалық өзара әрекеттесуге мұқтаж әрі көрші халықтардың өмірі мен мәдениет танымын көксеп келеді. Тарихи, экономикалық және табиғи байланыс, сонымен қатар діни ортақтық халықтардың жақындасуында маңызды рөл атқарады. Елдер арасындағы жан-жақты байланыстарды орнату шеңберінде Жаңа Жібек жолын құруды күшейту, шын мәнінде, үйлесімді дамуға, бейбітшілікке жетуге және халықтардың жарасымды өмір сүруіне бағытталған.

You May Also Like

Мектеп жасындағы балалардың зат және энергия алмасуы, реферат

Мектеп жасындағы балалардың зат және энергия алмасуы. Жоспар: 1.Ағза мен сыртқы орта…

Жеке тұлға-әлеуметтік дамудың субъектісі және объектісі ретінде, реферат

 Жоспар Кіріспе 1 Тұлға ұғымының мәні мен түсінігі 2 Тұлға туралы теориялар…

Ақпараттық ақпарат көздері мен тұтынушылар арасындағы ақпараттар, реферат

Тақырыбы:Ақпараттық ақпарат көздері мен тұтынушылар арасындағы ақпараттар. Жоспар І.Кіріспе ІІ.Негізгі бөлім 1.Ақпарат,ақпараттық…

Реферат Мектеп жасына дейінгі балаға экологиялық тәрбие беру маңыздылығы, реферат

Реферат Мектеп жасына дейінгі балаға экологиялық тәрбие беру маңыздылығы 1, КІРІСПЕ  Зерттеудің…